«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Ұлтты алға сүрейтін – ұлттық элита, ұлт зиялылары
Ұлтты алға сүрейтін – ұлттық элита, ұлт зиялылары
Дайындаған: 1 ай бұрын

Дандай Ысқақұлы,

Сүлеймен Демирел атындағы университет ректорының кеңесшісі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Айтматов академиясының және ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі.

Әзірбайжандар өздерін «қайғысы көп, бағы ашылмаған ұлттардың бірі – біз-біз» деп санайды. Өйткені әзірбайжан төртке бөлініп кеткен.

      – Дандай Ысқақұлы, әңгімеңізді биылғы шетелдерде болған сапарларыңыздан бастасаңыз?

      – Мен үстіміздегі жылдың қазан-қараша айларында ғылыми жұмыстарға байланысты Әзірбайжанда және Қытай елінде болып қайттым. Әзірбайжанда болғанда олардың көптеген ғалымдары мен ақын-жазушыларымен кездесіп, әзірбайжан халқының ұлттық тұрмыс-тіршілігі, тілінің жағдайымен және ғылымы, мәдениеті, тарихымен таныстым. Әзірбайжан Ғылым академиясының Тіл білімі, Әдебиет және Тарих институтарында болып, ғалымдармен пікірлесіп, біраз мәлелелерге қаныққандай болдық. Олар, ұлттың тарихын, әдебиетін, мәдениетін, тілін зерттеуде біраз жетістіктерге қол жеткізген. Ғылыми еңбектерінің жалпы деңгейінде, зерттеу әдістерінде ілгерлеушілік байқалды. Ғалымдарының көпшілігі ағылшын тілін игеріпті, кейінгі жастардың бәрі ағылшын тіліне жүйрік. Біздің Қазақстанда орыс тілінсіз күн көре алмаймыз ғой. Ал ол жақтағы жастар орыс тілін онша біле бермейді екен.

      – Әзірбайжанның мемлекет тілі – әзербайжан тілі емес пе?

      – Мемлекеттік тіл ретінде – әзірбайжан тілі, ал халықаралық тіл және ғылым тілі ретінде – ағылшын тілі қолданыла бастапты. Барлық халық әзірбайжан тілінде сөйлейді, барлық белгілемелер мен жиындар әзербайжан тілінде өтеді. Әзірбайжан ғалымдары өздерін түрік әлеміндегі үлкен халықтың бірі санайды. Олардың ресми емес мәліметімен әлемде әзербайжан ұлты – 60 миллон. 60 миллион болмаса да, 45-50 миллондай әзірбайжан бар екені рас. Олар өздерін «қайғысы көп, бағы ашылмаған ұлттардың бірі – біз-біз» деп санайды. Өйткені әзірбайжан төртке бөлініп кеткен. Солардың ішінде жеке отау тігіп отырғаны – қазіргі Бакудің төңірегіндегі әзірбайжандар. Ал енді әзірбайжандардың 25-30 миллондайы қазіргі Иранда өмір сүріп жатыр. Олардың не мектебі жоқ, не газет-журналы жоқ. Барлығы әзірбайжан тілін тұрмыста, отбасында қолданады да қоғамдық өмірде – парсы тілі. Ресейдің құрамындғы Дағыстанда да әзірбайжандықтар тұрады. Кезінде Кеңес үкіметі шекараны бөлгенде әділетсіздікпен әзербайжандар тұтас тұратын Дербентті Дағыстанның құрамына қосқан. Үшінші бір бөлегі – Нахичеванда. Бұл Түркиямен шектесетін Әзірбайжанның облысы болған. Сонда ені 10-50 шақырымға созылатын әзербайжандар тұратын аңғарды Әрменияға беріп жіберген. Сөйтіп, бүкіл түрік әлемін, яғни дербес ел Түркияны Кеңестер Одағының құрамында қалған түрік тектес республикалардан  осылайша бөліп тастаған-ды. Түркілер бірікпесін, күшеймесін деген зұлымдық мақсатпен. Бұл – кезіндегі Кеңестік империяның қолдан жасаған кедергілері.

      – Қарабақ оқиғасы да осындай әділетсізіктің жемісі емес пе екен?  

      – Дұрыс айтып отырсың. Қазір әрбір әзірбайжандықтың жанына қатты бататын нәрсе – Қарабах мәселесі. Әзірбайжан ғалымдарының айтуынша, Қарабақ әзірбайжан халқы пайда болғанан бастап, әзірбайжанның жері болған. Әрмендер басып алған Қарабақ қазір Әзірбайжан халқының жарылмай тұрған, жарылуға тиісті жарасының бірі сияқты. «Соғысып тартып алуға күшіміз жетеді. Бірақ, әрмендерді орыстар өлердей қорғайды» дейді. Ұстараның жүзіндей қылпылдаған қазіргі заманның саятатын түсінудің өзі қиын, күрделі нәрсе болып кетті ғой. Өйкені Ресей әскерін Грузиядан шығарған кезде, соны Қарабаққа апарып жайғастырыпты. Әзірбайжан Қарабақ үшін соғысатын болса, әрменмен емес, Ресей әскерімен  соғысатын болып тұр. Қарабақ мәселесі Әзірбайжан мемлекетінің саясатының бір үлкен темірқазығы деуге болады. Сол себептен де әзірбайжандықтар орыстар мен әрмендерді онша жақтыра бермейді.

Әзербайжан ғалымдардың айтуынша, «Авеста» кезінде түрік тілінде жазылған, кейін парсы тіліне аударылған. Түп нұсқа жоғалып кетіп, парсылардың қолындағы аудармасы сақталып қалған» деген пікірлер айтады.

      – Жаңа «әзірбайжандар өздерін түрік әлеміндегі ірі халықтардың бірі санайды» деп қалдыңыз. Сол туралы кеңірек тоқтала кетсеңіз?

      – Біздің ғалымдардың тұжырымы бойынша, «түрік халықтары бұрын Алтайда өмір сүріп, кейін Еуразияға кеңінен тараған. Кавказға, Атлант мұқитына дейін барған» дейміз ғой. Ал әзірбайжандық тарихшы ғалымдар: «Жоқ, біз атамзаманнан бері Кавказда тұрамыз» дейді. Керісінше, әрмендер басқа жақтан, Ирақтан келген, олардың тұрып жатқан жері – түркілердің жері. Біздің бабаларымыздың туып-өскен жері». Бұл көзқарастар біздің ғалымдардың пікіріне қарағанда – өзгешелеу. Міне, осындай нәрселерді ашық айтып отыр.

      Біз азаматтық тарихымызды, әдеби тарихымызды енді-енді тереңдеп зерттей бастадық қой. Ал олар біздің жыл санауымыздан бұрынғы үш мың жылдық азаматтық тарихы мен әдебиет тарихын біліп отыр. Үш мың жыл деген оңай нәрсе емес. Археологиялық зерттеулер мен жазба деректері бойынша, біз атам заманннан Кавказдың тұрғылықты халқымыз деген мазмұндағы зерттеулер жазып, том-том кітаптар шығарған.

      Парсы әдебиетінің классикалық шығармасы аталып келген «Авеста» жыры бар ғой. Сол «Авестаны» қазақ әдебиеті мен түрік халықтарының, соның ішінде қазақ әдебиетіне қатысы жайлы 1990 жылдары Тоқболат Еңсегенов деген жігіт зерттеп докторлық диссертатция қорғаған болатын. Сонда біздің ғалымдар: «Бұл пікір дұрыс емес, бұл бүкіл әлем таныған парсы әдебиетінің классикалық шығармасы, соны бізге тартқанымыз, түрік халықтарына қатысы бар дегеніміз, сыпайлап айтқанда, ол – білместік, ғылыми негізі жоқ» деп жаңағы диссертацияны бекітпей тастатқан болатын. Т.Еңсегеновтың пікірі бойынша, «Авестадағы» негізгі оқиғалар қазіргі Амудария мен Сырдарияның маңында өтеді. Жер-су аттары мен түркілік атаулар бар. Бірақ енді, шығарма парсы тілінде сақталған. Ал әзербайжан ғалымдардың айтуынша, «Авеста» кезінде түрік тілінде жазылған, кейін парсы тіліне аударылған. Түп нұсқа жоғалып кетіп, парсылардың қолындағы аудармасы сақталып қалған» деген пікірлер айтады. Енді біздің ғалымдар күні бүгінге дейін осы даумен келеді. Ал Әзірбайжан ғалымдары «ол біздікі» деп әдебиетінің тарихына әлдеқашан кіргізіп қойған.

      – Сіздің осы әңгімеңізден кейін біздің ғалымдар ойланатын шығар?

      – Біртіндеп, біртіндеп мұны мойындай бастадық. Біздің әдебиетіміздің тарихын кешегі  1960 жылға дейін ХVІІІ ғасырдан бастап келдік қой, Б.Кенжебаевтың бастауымен Мұхтар Мағауин қазақ әдебиетінің тарихын арғы қазақ хандығынан бастаса, ал Мырзатай Жолдасбеков VI-VII ғасырдағы Орхон-Енисей жазбаларына дейін апарды ғой. Ал қазір қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу тереңдеп бара жатыр. «Авеста» тек парсылардікі ғана емес, оған түрік халықтарының да қатысы бар» деген сипаттағы пікірлер жоғары оқу орындарының бағдарламасына кіре бастады.

      Ең ежелгі мәдениеттің өкілдеріне шумерлер, ал «шумер жазулары» алғашқы тарихи ескерткіш деп саналып келген болатын. Ал шумерлер кім дегенде, «ол – еврейлердің арғы аталары» деген пікір айтылатын. Ал Әзірбайжан ғалымдары «шумерлер» түркілердің арғы аталары деп отыр. Қазіргі түріктің ғалымдары да осындай пікірде. Ал бізде – басқаша. Сондықтан бізде қазақ халқының, оның әдебиетінің тарихын зерттегенде тереңінен ойланатын мәселелер баршылық. Әзірбайжан ғалымдарының зертеулерімен танысып, олармен пікір алмасқанымыз пайдалы болмақ. Олардың ғалымдары бізге келіп, конфренцияларға қатысып, біздің ғалымдар оларға барып, аралас-құралас болу өзімізді-өзіміз тануға, түрік тілдес халықтардың тамыры, түбірі бір екендігіне, рухани бірлігіне, бұл түрік тілдес халықтардың Еуразияда есте жоқ ескі замандардан келе жатқанына көзімізді жеткізе түсер еді.

Біздің рухани құндылықтарға толық ие бола алмай отыруымыздың басты себебі – өзіміздің әліпбиіміздің тұрақты болмауынан дер едім.

      – Жақында түрік тілдес халықтардың ортақ әліпбиін бірліккке келтіру туралы әңгіме болды. Мұның бізге қаншалықты пайдасы бар?

      – Біздің рухани құндылықтарға толық ие бола алмай отыруымыздың басты себебі – өзіміздің әліпбиіміздің тұрақты болмауынан дер едім. Бір кезе араб әліпбиінде, содан соң латын әліпбиінде қолдандық. Қазір түрік тілдес халықтар түрлі әліпби қолданып жүр. Қытайдағы қандастарымыз Ахмет Байтұрсынұлы жасаған әліпбиді қолданып келеді. Біздер орыс әліпбиіндеміз. Ал бізден басқа елдер латын әліпбиіне көшіп кетті. Бүгінгі күннің талабымен ертеңгі күнді ойлайтын болсақ, бізге әліпбидің бірлігі – өте қажет. Бұл мәселе бүгін ғана көтеріліп отырған жоқ. Өткен ғасырдың бас шенінде көтерілген болатын. Мысалы, 1926 жылы түрік тілдес халықтардың өкілдері Бакуде бас қосып ортақ әліпбиге көшу туралы шешімге келген-тұғын. Сол шешімнен кейін, түрік халықтары түгелге жуық латын әліпбиін қолданысқа ендірді. Бірақ Кеңес үкіметі бір күнде оны өзгертіп, орыс графикасына көшіріп жіберді. Ал сол бұрынғы шешім бойынша Түркия латын әліпбиінде қалып қойды. 1991 жылы түркітілдес халықтар тәуелсіздік алған кезде, осы мәселе қайтадан көтерілді. Сөйтіп, ғалымдардың көпшілігі түрік тілдес халықтардың бірлігін сақтау үшін, басқа ұлттарға сіңіп кетпеу үшін, жаһандануға жұтылып кетпеу үшін, ортақ әліпби жасауды ұсынған болатын. Түбінде біз латын әліпбиіне көшуіміз керек. Мұның бірнеше себептері бар:

      Біріншіден, түрік халықтарының бірлігі үшін. Түрік халықтары бүгінге дейін жасанды түрде бөлшектенген. Күні кешеге дейін Ташкент қазақтың қаласындай  болып келді. Менің ауылым сол маңда болды да той-томалақ, ас беретін болса біздің елдің қазақтары керек-жарақтарын Ташкенттің базарынан әкелетін.  Керек болса, қазақтың ұлт зиялыларының біразы сол жерден шыққан. Шекара деген болмаған. Қырғыз, өзбек деген қазақтың рулары секілді еді. Ал мына тәуелсіздік алғаннан кейін тіпті бізді жасанды түрде бөліп тастады. Бөлшектенген мықтылық емес. Бұл әлемдік жаһанданудың аузына бөлшектеп-бөлшектеп салып беруге дайындағанмен бірдей. Шекараның болғаны дұрыс болсын. Бірақ, түрік тектес халықтардың рухани құндылықтары бірге болуы керек. Оған жеткізетін бірден бір құрал – тіл, әдебиет, мәдениет. Жаңа әліпби міне, осыған қызмет етеді.

      Осы жерде тағы бір мысалды айта кеткен жөн. Араб тілінде жиырма шақты елде тұратын екі жүз миллиондай халық сөйлейді. Тілі бір болғанмен, араб әлемінің шығысындағы ирақтық пен батысындағы морокколық бір-бірімен сөйлескенде, еркін кете алмайды. Ал арабтың әдеби тілімен сөлескенде, жақсы түсініседі. Сонда екі жүз миллиондай халықты араб қылып отырған – әдеби араб тілі. Араб елінің барлығында  бүкіл білім, ғылым, саясат осы әдеби араб тілінде, яғни Құранның тілінде жүреді. Шетелдерде араб тілін оқығанда, осы жалпы араб елдеріне ортақ әдеби араб тілін үйренеді. Сөйтіп, арабтың әдеби тілі екі жүз миллионнан астам халықты тегі жағынан да, рухы жағынан да туыстырып, үлкен бір ұлттың шаңырағы астында ұстап отыр. Ортақ тілдің құдіреті деген міна осы жерден айқын көрінеді. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде, латын графикасына негізделген түрік халықтарының әліпбилері түптің түбінде туыстас халықтарды жақындата түсуге қызмет етуге тиіс.

      Екіншіден, қазақ әліпбиінде қазір 42 әріп бар. Соның он шақтысы – қазақ тілінде жоқ артық таңбалар. Бұл харіптер орыс тілінен енген сөздерді түбірін сақтап жазу үшін керек болған. Орыс тілінен енген сөздерді түбірін сақтап жазу – қазақ тілінің негізгі заңы – үндестік заңына тіпті қайшы. Латын әліпбиіне көшу тілімізді, сөзімізді басқа тілдерден жөнсіз енген қоқыстардан тазарту үшін де керек. Тіліміздің өзіндік заңдылықтарын қалпына келтіріп, жат әріптердің көзін жоғалтуға таптырмайтын бірден бір амал.

      Үшіншіден, қазіргі заманның талаптарына сәйкес. Бүкіл әлемдегі білім-ғылымның 80 пайызы латын графикасындағы ағылшын тілінде. Жақында мен Қытайға бір халықаралық конференцияға барып келдім. Бір жарым миллиард халқы бар ұлт тек ханзу тілінде сөйлейтін шығар десем, олай емес екен. Ол жақта да білім-ғылым ағылшындана бастаған. Конфренция бастан-аяқ ағылшын тілінде өтті. Сондықтан біздің жастарымыз мына өркениеттен өзінің орнын алу үшін, әлемдік, қоғамдық дамудан қалмауы үшін білім-ғылыммен қарулануы керек. Ол білім-ғылымның негізі, әдебиеттегі көзі осы латын әліпбиінде жатыр. Оның үстіне компьютер, интернеттің бәрі осы ағылшын тілінде ғой, сол үшін де латын әліпбиі қажет.

Қытайдың ғалымдары ағылшын тіліне жүйрік. Әдебиет танушы ғалымдардың бәрі ағылшын тілінде сайрап тұр. Ал біз бүгінге дейін орыстың тілі дүниенің кілті, орысша білсек, дүниенің барлық жерінде бізге жол ашық деп жүре беріппіз.

      – Қытайға барғаныңызды айтып қалдыңыз. Бұл сапар да сіздің ғылыми жұмысыңызға қатысты ма, әлде…

      – Қараша айында Қытай Қоғамдық Ғылымдар  академиясында өткен халықаралық симпозиумға қатысып,  Бейжіңде болып қайттым. Қарашаның 15-17 күндері эпос тануға арналып өткен дүние жүзілік әдебиет танушылардың халықаралық симпозиумына әлемнің 37 елінен 120-ға жуық ғалым қатысты. Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжаннан бір адамнан барса, Түркиядан екі адам, Қазақстанан академик Сейіт Қасқабасов екеуіміз қатыстық. Конференция бастан-аяқ ағылшын тілінде жүрді. Менің бір байқағаным – Қытайдың ғалымдары ағылшын тіліне жүйрік. Әдебиет танушы ғалымдардың бәрі ағылшын тілінде сайрап тұр. Ал біз бүгінге дейін орыстың тілі дүниенің кілті, орысша білсек, дүниенің барлық жерінде бізге жол ашық деп жүре беріппіз. Сөйтсек, Қытай тұрмақ мына Өзбекстан, Әзірбайжандарда да аға ұрпақ болмаса, кейінгі ұрпақтары орысша жөн сұрауды да онша біле бермейді. Сол секілді Қытайда да орыс тілі ғылым тілінен қалып, орнын ағылшын тіліне бере бастағандай көрінді.

      – Сіз баяндамаңызды қай тілде жасадыңыз?

      – Қазақ тілінде жасадым.

      – Қазақ тілін түсінгендер болды ма?

      – Бейжіңдегі Ұлттар университетінің прафессоры өзіміздің қандасымыз ағылшын тіліне аударып отырды. Менің баяндамамның тақырыбы «Қазақ эпосының зерттелуі» болды. Эпостық шығармалар нағыз ұлттық шығармалар ғой. Кеңес үкіметінің кезінде бұл шығармаларды зерттеуге, халық арасына таратуға, насихаттауға шектеу қойылған болатын. Өйткені ол – ұлттық сана-сезімді, ұлттық дәстүрді жаңғыртатын нәрселер.  Бұл шектеу 1991 жылдарға дейін жалғасты.

      – Бейжіңдегі конференция қандай қаулы қабылдады?

      – Қытайда ұлттық әдебиетті зерттеуге мемлекеттік тұрғыдан мән беріледі екен. Сол ұлттық әдебиеттің ішінде қазақ әдебиеті де бар. Екі күнге созыған конференция соңында ғалымдар халықаралық қарым-қатнасты нығайта берумен бірге, әдебиеттанушылардың халықаралық қауымдастығын құрып, бір ауыздан қаулы қабылданды. Сол комитететке мүше болдық. Қоғам Гоньконгта тіркелмекші. Сонымен әдебиеттанушы ғалымдар жыл сайын ба, екі жылда ма бір рет бас қосып отыратын болды. Әдебиеттанушылардың халықаралық қауымдастығының төрағасы болып, Қытай Ғылым академиясы Ұлттар институтының директоры Сигинменге (ұлты моңғол), орынбасарлығының біріне америкалық Гарвард университетінің профессоры, екіншісіне Ресей Ғылым академиясы Этнология және антропология институтының бөлім меңгерушісі Д. А. Функ, жауапты ғалым хатшысы болып, осындағы Ұлттар институтының бөлім меңгерушісі ғылым докторы, профессор  Әділ Жұматырды (ұлты қырғыз) сайланды. Қазір әдебиеттанушылар қауымдастығының ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр.

      – Бұл қоғамды кім қаржыландырады екен?

      – Қоғам жетекшілері: «Ең бірінші Қытай үкіметінің мемлекеттік есебіне кіргіземіз, екіншіден демеушілер табамыз» деп отыр.

      – Аталған конференцияда ғылыми баяндама жасаумен ғана шектелді ме?

      – Конференцияға Ресейдегі түркі тілдес халықтардың біразының өкілдері  қатысты. Хақас, тұба, саха деген секілді. Ал Қытайдағы қырғыздардан шыққан екі жыршы «Манас» эпостық жырын жатқа орындаса, Ресейлік алтайлықтар, моңғолдар мен қалмақтар «Жангр» деген секілді жырларын орындап, өнерлерін көрсетті. Еуропадан, Африкадан, Америкадан келген ғалымдармен таныстық. Бір таңғаларлық нәрсе неғұрлым атақты ғалым болса, ол солғұрлым қарапайым.

      – Қытайда түркі мәдениеті мен әдебиетін зерттеу жұмыстары қалай жүріп жатыр екен?

Қырғыздың «Манас» эпосы ЮНЕСКО ұйымына Қырғызстан арқылы емес, Қытай арқылы тіркелген. «Манас» жырының бағы Қытай арқылы ашылған.

      – Институттың түрік халықтарының әдебиетін зерттейтін бөлімінің бастығы Әділ Жұматұрдының басшылығымен біраз жұмыстар атқарылыпты. Мектепті ханзу тілінде оқып, жоғары оқу орнын ағылшынша бітірген Әділ үш тілде еркін сөйлеп, еркін жазады. Қырғыздың «Манас» эпосы ЮНЕСКО ұйымына Қырғызстан арқылы емес, Қытай арқылы тіркелген. «Манас» жырының бағы Қытай арқылы ашылған. Манасқа Қытайда үш жерден ескерткіш қойылыпты. Соның бәріне жаңағы Әділ Жұматұрды деген қырғыз жігіт ықпал етіп отыр. Көрдіңіз бе, бір адам осындай игі істерді істеген.

      Қазақ әдебиетін зерттеп жүрген Ғылым докторы, профессор Хуаң Жуңшияң деген ханзу азаматы. Ол қазақтың салт-санасы, тұрмыс-әдеті мен тіліне жүйрік. Құлжа төңірегінде өмірге келіп, қазақтардың арасында өскен, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша жоғары білім алған Хуаң қытай, қазақ тілдеріне қоса, түркі тілдерінің көпшілігінде, ағылшын, орыс тілдерінде еркін сөйлейді. Қазақ халқының ауыз әдебиетін, оның ішінде эпостық жырларын зерттеп, қытай, қазақ тілдерінде монографиялар жазған, жүздеген ғылыми-көпшілік мақалалары жарық көрген танымал ғалым екен. Қытайда болғанымызда, қазақ тілін жақсы меңгерген қытай ғалымдарымен жүздесіп, дидарластық. Олардың қатарында қазақтың тілін, әдебиетін зерттеп жүрген Бейжіңдегі Ұлттар университеті әдебиет факультетінің деканы Жаң Діңжің мен Құлжадағы Іле педагогикалық институты филология факультеттерінің деканы У Жинфың және әйгілі ғалым, профессор Би Хун бар.

                                                                                                     (Жалғасы бар)

Сұхбатты жүргізген Әлімжан Әшімұлы 

Abai.kz

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны