«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Құт дарыған қазыналы Қостанай
Құт дарыған қазыналы Қостанай
Дайындаған: 3 ай бұрын

                                                                                    (Жалғасы)

Қостанай қаласының бұрынғы орнын, Тобыл жағасын қыпшақ рулары қоңыс қылған. Олай болса қаланың атауы да қыпшақтың ару қыздарының аттарымен аталған деуге негіз бар.   

      Журналист Қуаныш Орманов «Алтын дала» (Казинпресс, 2006 ж.66 бет) кітабында тағы бір нұсқаны мысалға келтіріп: «Ежелден Тобыл жағасында ұзын қыпшақ тайпасы Алтыбас руының ұрпақтары тұрған. Оның басшыларының бірі – Алтыбастың үшінші ұлы Тіней болған. (Алтыбастың бес ұлы болған: Табын, Тазша, Тіней, Қармыс және Хафизолла). Ал Тінейден Сатай, Санай және Құндыз атты үш ұл тарайды. Құндыз – Ыбырай Алтынсариннің арғы атасы. (Тіней-Құндыз-Көбек-Тастемір-Жаңбыршы- Балқожа-Алтынсары-Ыбырай). Ал Тінейдің ұлдары Сатай мен Санай туған өлкені жаулардан қорғаған, бүкіл өлкеге даңқы шыққан батырлар болған. Аңыз бойынша, бұл жерлер сол батырларға тиісті болса керек. Сол кезден бері халық бұл өңірді екі батыр, екі ағайынды Тінейлер жері деп атап кеткен. Яғни, Қостіней жері. Уақыт өте келе, қос Тіней өзгеріп, Қостанайға айналған. Бұл да шындыққа ұқсайды емес пе?» – деп жазады. Бұл жерде автор Көбек пен Тастемірдің арасындағы аталарды ұмыт қалдырған. Бірақ, Қостанай өңірі ежелден қыпшақтар қоңысы болғаны дау туғызбайды.

      Қазақстанның халық жазушысы Мәриям Хакімжанова Қостанайға келген сапарларының бірінде қазіргі Қостанай қаласы орталығындағы Ұлттық банк ғимараты орналасқан үйді нұсқап, осы арада ертеде бейіт болған, онда қыпшақтың өмірден ерте кеткен екі қызы да жатыр. Қалаға алғаш қоңыстанған мұжықтар бүйірін таянып, жоқтау айтқан әжені көріп, одан «бұл жердің аты қандай?» – деп сұраса, ол «қос танам-ай! – деп жылай берген екен, содан қала Қостанай атанған деген әңгімені айтқаны да есімде қалыпты. Кейінірек сол бейіттің жанына  Ақ мешіт салынғаны белгілі.

Халық ақыны Омар Шипиннің:

«Қостанай Тобыл өзен жағасында,

Аты еді бір моланың о басында.

Бір мыңда осы жерге қала түсті,

Сегіз жүз сексен жылдың шамасында» – деген өлеңі бар.

Бұл жерде қазақтың өз балаларын ботам, қозым, құлыным, танам  деп атайтынын та есте ұстаған абзал.                                                                    

          Тана – көз тимес үшін  көбінесе қыз балалардың қамзолына тағып қоятын әшекей. Әжелері балаларын танам деп сүйгенде, осы тана ойында болуы мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды.

Бірақ, ел аузында жиі айтылатын егіз қыз туралы аңыз шындыққа бір табан жақын секілді.

      Бұқаралық ақпарат құралдары бетінде кейінгі кезде жер-су атауларына байланысты  «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей неше түрлі қисынсыз болжамдар жазылып жүр.

Қостанай аумағындағы көптеген жер атаулары орысшаға «жетік» біреулердің  жер аттарын қазақшалауынан қате айтылып келгені рас. Әулиекөл деген жер аты орыс босқындарының қоңыстануынан кейін сол арада жеті көлдің болуына байланысты Семиозер болып аталған болатын. Оны сол жердің кейбір тұрғындары қазақ тіліне сөзбе-сөз аударып алып, біраз уақыт Жетікөл деп те атап жүрді. Сол секілді Жітіқара қаласының аты біраз уақыт Жетіқара деп жазылып келді.  Жітіқара орыс тілінен қазақшаға көшкен атау емес, керісіңше, алдына «Д» әрпін қойып, бұрмаланып жазылған атау болды. Содан орысша Джетыгара болып айтылған сөз қайтадан «шала қазақшаланып», Жетіқара болып бұрмаланған болатын. Қазіргі уақытта тарихи әділет қалпына келтірілді.

      Жетісуды Семиречье, Көкшетауды Синегорье деп аударып алған орыс тілдестер Жітіқараның екінші бунағындағы «қара» деген сөзді де өздерінше өңдеп, Джетыгора деп те жазғанын білеміз. Сондай жазулар қалааралық автобустардың бүйірінде «мен мұндалап» тұратын.

      Қазақ топономиясындағы сын есімдерге келсек, қазақ ұғымында қасиетті болып есептелетін «үш», «жеті», «тоғыз» сандарына байланысты қойылған атаулар да жеткілікті. Мәселен, Тоғызақ. Оны кейбір басылымдар Тоғұзақ деп жазып жүр. Шын мәнісінде, ел аузындағы әңгімеге қарағанда,  атаудың түбірі тоғыз. Бір шайқаста тоғыз ұлы бірдей қаза тапқан қыпшақ жұртының  ақылман қариясы: «тоғыз-ақ» деп бармағын шайнап жібергеннен кейін туған  атауда тарих шындығы жатыр.

       «Ғылым» баспасынан 1989 жылы жарық көрген «Орталық Қазақстанның жер-су аттары» деген кітапта берілген тізімде Жітіқара атауы  сан есімдік топономиялық атаулар қатарына жаңсақ жатқызылған. Қазақ Совет Энциклопедиясының 4-ші томында қаланың аты Жетіқара деп көрсетілген.

      Осы қателердің салдарынан кейін қалпына келтірілген қала атауы көбінесе, әсіресе, орыс тілінде қате айтылады. Теледидар дикторлары Житикараны ысырып қойып, баяғыша Джетигора деп саңқылдайды.

      Қазақстанның оңтүстік-шығысында Доланқара деп аталатын тау бар. Бұл атаудың алғашқы бунағы Долан моңғол тілінде долоон, яғни жеті деген сөз. Белгілі ғалым Э.Мурзаев өз зерттеуінде осы атаудың екінші бунағындағы «қара» сөзін славян тіліндегі  гора (тау), ауған тіліндегі гор (тау), албан тіліндегі гур(тау), армян тіліндегі қар (тас), көне үнді тіліндегі гирис( тау), хинди тіліндегі гар (қамал), грузин тіліндегі гора (тау) сөздерімен салыстырады. Әрине, ана тіліміздегі «қара» сөзі тау деген ұғымды білдіруі мүмкін. Бірақ, біз білетін Жітіқарада жеті тау жоқ, жалғыз-ақ тау бар. Қазақы ұғымға салсақ, Жалғызтөбе. «Қараймын қарайғанға мал ма екен деп» басталатын халық әнінде айтылғандай, бұл сөздің басқа мағынасы да жеткілікті. Осы сөздерге зер салсақ, «жыты», «жіті» деген сөздер бажайлап қара, анықтап қара дегенді,  ал екінші бунақтағы сөз кәдімгі көру, қарау дегенді білдіреді емес пе?! Яғни, Жітіқара атауын сан есімнен емес, сын есімнен іздеген абзал.

      Шоқан Уәлихановтың бес томдық шығармалар жинағының 1-ші томының 152 бетінде «Жыты» сөзіне түсінік берілген. Онда: «Жыты-тез, шапшаң, қолма-қол. Жыты қара – тез хабар алатын қарауыл орны (см. киргизско-русский словарь. Издание второе. Оренбург, 1903, стр 89)» – деп атап жазылған.

«Қозы Көрпеш –Баян сұлу» жырындағы:

«Алыс болып Баян қыз бара алмайды,

Жыты хабар жарына бере алмайды.

Жұртын жиып, Қарабай ойлатса да,

Сан кісіден бір кісі таба алмайды» – деген шумақтағы «жыты» сөзі осы мағынаны білдіреді. Яғни, Жітіқараның алғашқы  атауы Жытықара болуы да ықтимал.

      Орыс патшасының өкілі Тевкелевтің 1748 жылы жазылған құжаттарында: « Абулгаир-хан кочует ныне от Орска на вершине Камышлак-реки на двуденную езду, а Джанебек-тархан – по реке Тоболу у называемой горы Джитыкара езды на три дня» («История Казахстана в русских источниках ХҮІ-ХХ веков», том 3,152 бет)» – деген деректер бар. Осы орыс тіліндегі тау атының жазылуынан да, оның атауы Жетіқара емес, Жітіқара болғаны  көрініп тұр.

       Қостанай өңіріндегі атақты Әйет өзенін орысың да, қазағың да Аят деп жазып жүр. Аят – қасиетті сөз, құранның аяты. Ал өзен аты қазақ тілінде Әйет, орыс тілінде Айет болып жазылуы керек. Әйет осы өңірді қоңыс қылған қыпшақ тайпасының бір бұтағы, кісі есіміне байланысты қойылған атау. Сондықтан да Олжасты Алжас дегендей алжасуымызға болмайды. Нұрхан Ахметбековтың «Жасауыл қырғыны» дастаны «Сазды Әйет, Сарыарқада Түйемойнақ» – деген жолдармен басталады. Жырдағы жер атулары Әйет өзені мен Түйемойнақ – қазіргі Таран және Денисов аудандары орталықтарының  түп атауы.

      Жақында тарихи әділет орнады. Таран ауданы Бейімбет Майлин атындағы аудан болып аталатын болды. Ал аудан орталығы Әйет деген бұрынғы тарихи атауына ие болды.

      Тобыл өңірінен табылған тарихи жәдігерлер де аз емес. Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің археологиялық тобының жұмысы нәтижесінде Қазақстанның археологиялық картасында қола дәуірінің тағы бір ескерткіші – Қаратомар қорғаны немесе қорымы пайда болды. Қостанай облысындағы Қаратомар су қоймасының суы шайып кете жаздаған қорғанның 4 мың жылдық тарихы бар. Қостанай мемлекеттік университеті археологиялық зертханасының қызметкерлері бас болып тарихшы студенттер оқу тәжірибесі ретінде 2009 жылы кіріскен жұмыс нәтижелі болды. Енді оны түбегейлі зерттеу жобасы қарастырылуда. Қорғанның биіктігі - 3,5, диаметрі 34 метр. Зертхананың ғылыми қызметкері Ирина Шевнинаның сөзіне қарағанда, біздің дәуірімізге дейін 2000 жыл бұрын

орнатылған қорғаннан жас баланы жерлеген орын табылған. Ал әрқайсысы 16 шаршы метрді алып жатқан төрт шұңқыр қорғанның астында жатқан көрінеді. Сонымен бірге көптеген ыдыс, қола бұйымдар, қару-жарақ, жебе ұштары табылыпты. Жер астында жатқан қайың және қарағай ағаштарының осы уақытқа дейін бүлінбей сақталғаны мамандарды қайран қалдырды.

      Аталмыш қорым Ресейдің Челябинск облысындағы әйгілі Арқайыммен жасты болып отыр. «Қостанай облысының мәдени мұрасы» деп аталған 2007-2009 жылдарға арналған аймақтық бағдарлама үш жыл бойы жүзеге асырылды. Осы бағдарлама аясында көне ескерткіштерді сақтап қалу жолындағы жұмысқа қаржы бөлінді. Аталған бағдарламаны орындау үшін облыстық бюджеттен 6 миллион 537 мың теңге қаржы беріліпті. Бірақ, қыруар жұмысқа бұл аздық етті. Қостанай облысы аумағында орналасқан мұндай қазыналы орындар аз емес. Әулиекөл ауданындағы Бестамақ қойнауынан табылған Сынтасты-Арқайым дәуіріне жататын жауынгер бейіті, сол арада көмілген жылқы сүйегі, қола балта мен қыш құмыралар, қайтқан кісінің қолындағы қола пышақ кезінде археологтарды қатты қызықтырған болатын.

      Арқайым – 1987 жылы Қостанай облысына таяу маңда, Ресейдің Челябинск облысына қарасты  аумақтан табылған көне қала. Оның жасы 4800 жылдан асады.  Арқайымның маңайынан археологтар 22 қала тауып отыр. Арқайымда болған кезімде мынандай жыр шумақтары туған болатын:

Бабамыз Балқан тауын жайлағанда,

Шылбырын Ұрымға әкеп байлағанда,

Шыққанын Арқайымнан білді ме екен,

Сауал көп ойға терең бойлағанға.

 

Жер бар ма Арқайымға жететіндей,

Шағын бір Сарыарқаның бекетіндей,

Асханасы –  қазақтың дастарханы,

         Баспанасы –  киіз үй макетіндей.

 

         Қаласы – шақырайған күн көзіндей,

Шатыры – мешіттердің күмбезіндей.

Бойы мен тұлғасына қарап тұрсам,

Адамы сықылды ғой құдды өзімдей.

 

Отырар, Сауран менен Сығанақтың

Жүргенде қорғанынан сығалап  күн,

Сол нұрдан қуат алған батырлардың

Тегінің кім екенін сұрамаппын.

 

Ғұндар ма Мағжан айтқан Күннен туған,

Дунайда қыпшақтар ма бетін жуған?!

Жетіпті ерліктері осы күнге,

Өтіпті аттан түспей ағын судан.

 

Бүгінде үміт, күдік арбасуда,

Күніңді босқа өткізсең, арға сын ба?!

Арқаның даласында тамыр жайған

Сол өмір мыңжылдықта жалғасуда.

      Қаржы тапшылығынан археологиялық аса құнды мекендер әлі күнге дейін мемлекет қорғауына алынбаған. Денисов ауданындағы (Түйемойнақ) тарихи орын – Первомай мекенін жергілікті тұрғындар бау-бақша өсіретін орынға айналдырған. Рудный қаласы (Сарыбай) маңайындағы Андронов мәдениетінің Сарыарқадағы эталоны болып есептелген Алексеев мекені де мәдени ескерткіштер тізіміне енгенімен қорғауға алынбаған, оның үстіне жағажайда орналасқаннан кейін көненің көздері күннен күнге шайылып, бағалы жәдігерлер жойылып бара жатыр. Тобыл өзенінің оң жақ жағасынан табылған, «Тобыл ойшылы» есебінде белгілі болған аспанға телміріп отырған адам бейнесі мүсіні Қостанайдағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы тұр. Оны 1977 жы­лы Қостанай қаласы маңы­­нан, Тобыл өзенінің оң жақ жағалауынан В.М.Ели­сеев  деген механизатор жер жыр­тып жүргенде кездейсоқ тауып алған. 1978 жылы облыстық өлке­тану мұражайы қызметкерлері ресейлік ар­хеолог Геннадий Бори­со­вич Здановичты арнайы шақыртып, оған осы мүсінді көрсетеді. Ғалым мүсінге «қола дәуіріндегі мүсіншінің қолынан шыққан, әлемдік өнердің үздік туын­ды­сы» деген сипат­та­м­а береді. Мүсіннің жасалу мезгілі біздің дәуірі­мізге дейінгі ІІ мың­жыл­дықтың ортасы деген болжам айтылады. Енді дәл осы мүсіннің айнытпай жасалған көшірмесін көрші Ресей ғалымдары Арқайымның символы есебінде насихаттап жүр. Бір ғажабы, олар бұл мүсіннің қайдан және қай жылы табылғанын да айтпайды, бірақ, Арқайым туралы буклеттер мен фотоальбомдарда, тағы басқа құжаттарда оны кеңінен пайдаланады.
Қазақ жерінен табылған және қазақ елінде сақталған түпнұсқа көрші мемлекеттің бұйымы есебінде жан-жақты насихатталуда. Ресейлік ғалымдар «Тобыл ойшылы» деп мүсінді өз атымен де атамайды, Тобыл жағасынан табылғанын да мойындамайды, оған «аспанға телміріп отырған адам» деген ат қойып алған және оны Арқайымнан табылған жәдігер деп есептейді.

      Британ мұражайында бұдан 2000 жыл бұрын жасалған коньки сақтаулы тұрғанын білеміз. Ал 1948 жылы Қостанай қаласының маңайында біздің дәуірімізге дейінгі қола ғасырда жасалған алты жұп коньки табылған. Олар жылқы сүйегінен, анықтап айтсақ, жылқының сирағынан жасалған екен. Ал оны аяққа байлайтын кәдімгі қайыс жылқы терісінен жасалған. Тарих ғылымының кандидаты А.Хазанов мұндай  конькилердi жасауға жылқының  тiлерсек сүйегi алынған деген пiкiр айтыпты. ХIII ғасырда  Сарыарқа даласында болған саяхатшы Гильом Рубрук: «Олар аяқтарына егелген сүйектердi байлап алып, қатып қалған қардың үстiмен сырғиды да, тiптi құстар мен аңдарды қуып жетiп ұстай алады»деп жазған.

      Тарих қойнауына үңілсек, қарақан басын қору үшін киілетін дулыға кейін тәжге айналды. Корона деген сөздің түрік тіліндегі төркіні – қору екені белгілі. Тас қамалға қамалғандарда қорған болған қорған деген сөздің де түбірі

қорғану. Орыстың конь сөзінің мағынасы атқа қону, яғни салт атпен жүру дегенді білдіреді. Яғни, коньки (қон, ки) – атқа мінгендей қон және аяғына ки деп тұрған жоқ па? Ақынның бейнелі сөзімен айтсақ:

Асқанда талай кезеңнен,

Жасырам оны несіне?!

Сырғанақ көрсем өзеннен,

Сырғытпа түсер есіме.

 

Сырғанап жүрген балалар

Көлдегі қаздай қалқиды.

Ертеде біздің бабалар

Сырғытпа деген конькиді.

 

Адамдар осы құрылықта

Жер қазып жүріп күрекпен,

Алыпты тауып сырғытпа,

Жасалған мықты сүйектен.

 

Танытып шебер білігін,

Қалыпқа өлшеп кіргізген.

Жылқының қашап жілігін,

Қайыстан таспа тілгізген.

 

Сырғытпа бізді жел күні

Шығарған талай белеске.

Орыстың сөзі белгілі,

Конь деген – жылқы емес пе?

 

Бір бірін өрге сүйреген,

Қылмаған қажет шегені,

Қазақтың сөзі – ки деген,

Аяққа байла дегені.

 

Дәуірлер өткен сан қилы,

Есіне сақтар көптен ел.

Тапқан ғой ойлап конькиді

       Шана мен шаңғы тепкен ел.

   Қазақ  конькиінің тағы бір түрі сойшаңғы деп аталған. Оны көбінесе аңшылар пайдаланған. Сойшаңғы жылқының жіліншігін екі бөліп, екі басын қайқайтып егеу арқылы жасалған.

   Яғни, қазақтар көк мұзда сырғанайтын сырғытпа немесе сойшаңғы деп атаған конькидің өзі қазақ даласында,  Тобыл жағасында табылып отыр. Бұл кездейсоқтық емес. Тобыл ойшылы түп негізін көне заманнан алған, тарихы Қыпшақ дәуірінен бастау алатын жәдігер.

      «Жас Алаш» газетінде ( № 79, 3 қазан, 2013 жыл) мынандай бір хабар жарық көрді: «Осыдан он мың жыл бұрын Алтай тауын мекен еткен қазақтың арғы тайпасының аяғында ағаштан жонылып, жылқының терiсiмен қапталған қар шаңғысы болған. Демек, қазақ ойлап тапқан соң ғана шаңғыны өзге ұлт кәдесiне жаратқан.

       Тарихшы ғалымдардың сүбелi зерттеуiнен кейiн 2007 жылы Гиннес рекордының бас штабы «Адамзат тарихында қар шаңғысы алғаш рет Алтай тауының сiлемiнде пайда болған» деген куәлiктi Қытайдың Алтай қаласына табыстады. Алтай сол заманда қазақтың арғы бабасының құтты қоныс, атамекенi болғаны және анық».

Көп болған-ау бұрын да

Қазағымның амалы,

Шаңғы деген, шынында,

Шананың бір табаны.

 

Шаңғы ағаштан жонылған,

Теріменен қапталған.

Қиыннан жол салынған,

Шаңы жоқ деп ат қалған.

 

Үйір болсаң жасыңнан,

Жүреді өзі жетекке.

Сырғанап тау басынан

Әкеледі  етекке.

 

Қыста мұндай көлікті

Білмейтін жан таппайды,

Жауса-дағы қалың қар,

Шаңғы қарға батпайды.

 

Бөгет болмас қар мына,

Сүйен жеңіл таяққа.

Жүрем десең омбыда,

Шаңғы байла аяққа.

      Шана және шаңғы сөздерінің (орыстар сани дегенді де осы сөздерден алған) түбірінде «шаң» деген сөз жатуы мүмкін. Яғни, қарда жүретін аяққа сеп болатын көлік шаң қалдырмайды.

 Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, шана да, шаңғы да, сойшаңғы және сырғытпа деп аталған коньки де қазақ даласына көктен түспеген, басқа елден келмеген, ата-бабаларымыз оларды ойлап тауып, кәдеге жаратқан.

                                                                                                            (Соңы)

Ақылбек Шаяхмет

 

Aqsaqaldar/.kz

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны