«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Тұран және көне түркілер
Тұран және көне түркілер
Дайындаған: 2 ай бұрын

 

Шежіремді ұрлапты, зулапты күн,

Ғасырлардан бір ызың тыңдап тұрмын.

Алтын адам шынымен қазақ болса,

Білген екен құнының қымбаттығын.

М. Мақатаев

 

      “Тұран”, “Түркістан”, “Қазақстан” - бұл түркі халықтарының, оның ішінде қазақ тарихының әр кезеңінде оларды біріктіру үшін пайда болған концепция, ұғым немесе идея. Қазақ - түркі халықтарының құрамдас бөлігі немесе тұрандықтар мен түркілердің тікелей ұрпағы.

      Тарихи дәуірге дейінгі кезеңде көне түркілер Тұран тайпалар одағында болды. “Тұран” нәсіліне түркілер, угро-финдер және палеоазиат тайпалары жатады.

      Ол туралы академик Н.С.Трубецкой: “Басында шығысславян тайпалары қазіргі Ресей территориясының Балтық пен Қара теңізді қосатын өзендердің бассейніндегі шағын ғана бөлігін алып жатты. Қазіргі Ресейдің басқа үлкен территориясын “тұран” немесе “орал-алтай” тайпалары мекендеген. Осы географиялық облыста алғашында тұран тайпалары шығысславян, орыс тайпаларынан гөрі маңызға ие” дейді. Сол кездегі тұрандықтардың жері – Еуразияның үштен біріне жуық аумағын алып жатқан Ұлы дала. Бұл тайпалардың барлығын біріктірген ортақ тіл – “орал-алтай” тілі болды.

      Белгілі тарихшы Әбілғазының деректерінде ғұн, мажар, бұлғар, аулақ, авар, монғұл, татар, манчжур, фин, жоңғар деп аталатын халықтардың барлығы Түркілердің ұрпақтары.

      Ал Н.М.Карамзин болса “... көпшілігі Болгарларды славяндар дегенімен олар бұрын ерекше тілде сөйлескен. Ертеде олардың есімдері мен дәстүрлері тіптен славян емес, Түркілердікіне ұқсас... Византияның тарихшылары Угрлер мен Болгарларды Ғұндар деп атайды” дейді.

      Көне түркілердің Еуразия тарихынан алар орнын академик А.П.Окладников былай деп түйіндейді: “Сібірдегі көне түркілер Шығыстан гөрі Батыспен тығыз байланыста болды. Оның мәдениеті бұрын ойлағаннан да әлдеқайда бай әрі жарқын еді. Ертедегі Шығыс пен Батыстың мәдениеттері Байкалдың жағасы, Ангара мен Ленада сол кездегі өзіндік төл мәдениеттің орталығы бірде қосылып, бірде ажырасып тұрды. Оны білмей тұрып Еуразияның тарихын толық түсіну мүмкін емес. Археологиялық қазбалардан көргеніміздей Байкал өңіріндегі түркі қорғандарындағы қазба байлықтардың жолы Дон мен Дунайға дейін жетіп жатты”. Яғни көне түркілердің жері мен оның шегарасы біздің дәуірге дейін анықталып болған.

      Түркілер өздерін Алтайдан шықтық дейді. Ол туралы көптеген аңыздар да бар. Түркілер туралы орта ғасырдағы көрнекті ғалым Махмұд Қашқаридың “Түркі тілдерінің лұғатында” былай деген: “Ұлы Тәңір (Тенгри) айтады: Менің бір тайпа қосыным бар. Оларды түркі деп атап, күншығысқа қоныстандырдым. Кейбір тайпаларға ренжісем, түркілерімді қарсы аттандырамын!”

      Сондықтан түркілерге Тәңірдің өзі арнайы ат қойған. Жер жүзінің ең биік, ауасы таза бөлігіне қоныстандырып, “Өз қосыным” деп атаған. Оған қоса, “түркілер көрікті, өңі сүйкімді, жүзі мейірімді, әдепті, үлкендерін құрметтей білетін кішіпейіл, уәдеге берік, мәрт және сол сияқты көптеген жақсы қасиеттерге ие болған ашық-жарқын жандар” деген. Түркілердің тарихына зер салар болсақ, оның бізге белгілі соңғы үш мыңжылдығының әр кезінде Қытайды, Үндістанды, Таяу Шығыста Египетке дейін және Еуропаны басып алған елдерде жүргізген саясаты жаңа айтып кеткен Махмуд Қашқари анықтамасының дәлелі. Себебі, түркілер жаулап алған жерлерінде қоғамдық қатынастарды өзгертіп, жаңа прогрессивтік формация қалыптастыруға септігін тигізді. Сонымен қатар шет жерліктерді мойындай бермейтін еуропалықтардың Цезарь мен Македонскийді емес, ғұн патшасы Аттиланы “Құдайдың қамшысы” деп атауы, оларға ренжіген Тәңір жіберген түркілердің қосыны деп қарау керек. Белгілі жазушы Е.Зарубин де өзінің Атиллаға арнаған романында осындай қорытындыға келеді.

 

       Поппе т.б. дәлелдеуі бойынша қарапайым түркі, монғұл, тұнғыс тілдері қарапайым алтай тілінен шыққан Түркілердің тағы бір ерекшелігі – олар ағылшындар мен голландтықтар және испан конкистадорлары сияқты өздері жаулап алған жердегі халықтарды жаппай қырып-жойып, геноцид жасаған жоқ. Себебі, түркілер алдымен үлкенді сыйлап, аруаққа тағзым еткен және зұлымдық дегенді білмейтін табиғат діні Тәңірге табынса, соңынан адамды ұлты мен нәсіліне бөлмей, барлығын ағайын деп қарайтын мұсылман дінін ұстанды.

      Тұран тайпалары мен батырлары туралы алғашқы деректер зороастризмнің қасиетті кітабы “Авестада” кездеседі. Онда б.д.д. II – I мыңжылдықтар арасында, яғни қола дәуірінде арийлер (ирандықтар) мен тұран және хьон (хион) тайпаларымен болған соғыстарын суреттейді. Тұран мен Иранның сол кездегі шегарасы Әмудария өзені арқылы өткен. Тұрандықтар осы өзеннің төменгі ағысы мен Арал теңізі маңында болса, хьондар солтүстік-шығысын, арийлер оңтүстік-батысын мекендеген. “Воркушаның жағасы тек ғана арийлердікі емес еді. Ол жерде арийлердің жаулары - турлар да Ардви Суре құдайына табынып, құрбандық шалатын еді”. “Тайпааралық соғыстардың қайнап тұрған кезінде ертедегі бір құдайға сыйынып, одан жауларын жеңуге көмекті бір тілде сұраған арий, тур, хьондар Арианам Вайджаның шекарасы, Әмудария мен Сырдарияның жағасында, Каспий мен Аралда, Еділ мен Кама маңында мекендеген. Яштада сақталған соғыстардың жаңғырығы б.д.д. ІІ мыңжылдықтың екінші жартысы – б.д.д. І мыңжылдықтың басында, Заратуштрадан әлдеқайда бұрын болғанға ұқсайды” дейді проф. С.Г.Кляшторный.

      Аталған тайпалардың Ұлы далада бір уақытта мекендегені тарихта дәлелденгенімен, олар бір дінге сенді дегенге келісуге болмайды. Себебі, ертедегі тұрандардың (түркілер, хиондар) Тәңір немесе табиғат діні б.д.д. VIII - V мыңжылдықтар арасында аңшылық дәуірде пайда болды. Ол қазіргі белгілі діндердің ішіндегі ең көнелерінің бірі болып саналады. Тәңір діні пайда болған кезде адам зұлымдық пен қайырымдылықты ажыратып бөлген жоқ, тіпті зұлымдықты білмеуі де мүмкін. Ол кезде адамның барлық дүниетанымы олардың арасындағы қарым-қатынастарға емес, табиғатқа бағынышты болғандықтан ол табиғат діні. Бұл дінді ұстанған түркілер аспанға, күнге, жұлдыздарға – яғни Тәңірге, сонымен бірге жер мен суға немесе Ұмайға табынды.

      Бұл дін соңынан эволюцияға ұшырап дүниетанымдық ұғымдар бір жүйеге келгеннен кейін б.д.д. III - I мыңжылдықтар арасында мүшел күнтізбесі пайда болды.

      Бұл дінде адамдарды қасиеттеріне қарай бөліп тұратын қайырымдылық және зұлымдық деген атымен жоқ. Яғни, бұл діннің негізгі мақсаты соңынан пайда болған зороастризм дініндегі немесе одан кейінгі жалпы философияның негізгі мақсатына айналған «зұлымдықпен күресу» кездеспейді. Көшпенділік дәуірде яғни б.д.д. I мыңжылдықтың бірінші жартысында пайда болған зороастризм діні, оның пайғамбары Заратуштраның (санскриттан ауд. – “Түйесі кәрі”) атынан шыққан. Сол заманда тұрандықтар Тәңір дініне сенсе, үндіирандықтар және олардың ішіндегі көшпенді арийлер (ауд. – малдың иесі, малшы) зороастризм дініне сенді. Оларды күнге табынушылар деп атайды. Зороастризмге дейін осы тайпалардың барлығы Тәңірге сенуі мүмкін. Себебі Ұлы далаға б.д.д. IV-III ғғ. үндіеуропалықтар келгенге дейін оны мекендеген байырғы тұрғындар – тұран тайпалары, оның ішінде ғұндар күнге табынғаны тарихтан мәлім. “Ғұндар өздерін Күннің ұлдарымыз деп санаған” дейді Сымь-Цянь. Басқа тарихшылар да осыны айтады. Ғұндар өздерінің хандарын шаньюй, сосын тяньжу деп атаған. Олар қытайдың басшыларына жазған хаттарына: “Ғұндардың тағына Аспан, Күн және Айдың ұлықсатымен отырған Ұлы тяньжу” деп қол қойған.

      Көне түркілердің атамекені Алтай мен Орта Азия. Осы аймаққа үндіеуропалықтар келгенге дейінгі петроглифтерден Күн бейнеленген әртүрлі суреттердің табылуына және үндіеуропалықтардың осы аймаққа келгенге дейінгі тұрған жерінен күнге табынудың іздерінің кездеспеуіне қарап Күнге алғашында ғұндар табынған деуге болады. Демек, Күннің мәңгі қозғалысын білдіретін “свастика” мен “крестің” пайда болу бастауы сол көне дәуірде жатыр.

      Сондықтан, проф. С.Г.Кляшторныйдың осы тайпалар бір дінге сенді деген пікірін қабылдауға болмайды.

      Көне замандағы хьон, немесе хиониттер, соңынан тарихта “Ұлы иозылар”, кидариттер немесе ақ ғұндар (ғұнэфталиттер) – олардың ұрпақтары қазіргі қазақ пен қарақалпақ құрамындағы кердері және мойтұн рулары. Жалпы, сол кездегі адамдардың ұғымында екі дүние (немесе екі әлем) болған. Ол - Тұран мен Иран. Қалғандарының барлығы маңызы төмен шеткері аймақтар немесе кейбір тарихшылар анықтағандай “жабайылар” болған. Осы уақытқа дейінгі тарихи деректерде Иранды үндіеуропалық отырықшы, ал Тұранды үндіеуропалық көшпенді тайпалар немесе арийлер деп шатастырып келді. Дұрысы Ирандықтар - ол үндіеуропалық тайпалар және олардың көшпенді бөлігі - арийлер, ал Тұрандықтар Авестада және басқа да деректерде кездесетін хьон (хион) және турлар, яғни көне түркілер.

      Сол замандағы ирандықтармен соғысқан түркілердің ұлы қолбасшысы Алып Ер Тоңға туралы б.д.д. VII ғасырда шыққан сол аттас дастанда:

Алып Ер Тоңға келеді,

Жүз мың әскер ереді,

Жүз мың жебе кереді,

Жер қайысқан қол еді.

Тәңір сүйіп жаратқан,

Әлемді өзіне қаратқан,

Қаһарын жауға таратқан,

Көк Тәңірінің ұлы еді, –

деп Алып Ер Тоңғаның түркі екенін атап көрсетеді Әбілқасым Фирдоусидің “Шахнаме“ дастанының негізгі кейіпкері Афрасиаб түркінің батыры Алып Ер Тоңға екені белгілі. Фирдоуси өз шығармасында Алып Ер Тоңғаның түркі дастанындағы барлық келбетін көп өзгертпей, сол күйінде сомдап берген. “Шахнаме” дастанының мазмұны мен сюжетіне және стиліне тереңірек үңілсек, онда ұлы шайыр Ә.Фирдоуси түркінің батырлық эпостарын “терісін кері айналдырып” өңдегені көрініп тұрады. Ол әдебиетте кеңінен қолданылатын әдіс және ол дастанның батырлық желісін күшейтіп, көркемдік мәнін тереңдете түседі.

      Көлемі Гомердің “Одиссеиінен” бірнеше есе үлкен ұлы дастан – “Шахнаменің” шоқтығының биіктігі - онда көне түркінің ерлік дастандарын жақсы өңдеп келістіре жырлай білуінде болса керек.

      Түркілердің соғыс өнерін сиқырлыққа теңеген Фирдоуси, “Сиқыршылар парсыларға садақ оғын жаудыратын жел мен қара дауылды шақырды” дейді.

      Жүсіп Баласағұн атақты Алып Ер Тоңғаның есімін кезінде тәжіктер \парсылар\ өзгертіп, оны Афрасиаб деп атап кеткенін оқырманға ескертеді:

Тәжіктер оны Афрасиаб атаған,

Елдерге ол көп ізгілік жасаған.

Қажет білсең білім, ақыл, даналық,

Қолға алуға дүниені қаратып.

Тәжіктер де хатқа мұны түсірген,

Кітапта жоқ болса кімдер түсінген!

      “Алып Ер Тоңға“ дастанының негізгі идеясы - Тұран елін сыртқы жаудан қорғау, түркі жұртын ішкі ынтымақ-бірлікке үндеу, туған жердің абырой-даңқын арттыра түсу.

      Өзінің идеялық мазмұны мен көркемдік дәрежесі жағынан біздің дәуірімізге дейінгі көне түркі дастандарының ішінде “Алып Ер Тоңғадан“ кейінгі аса маңызды туынды “Шу батыр“ дастаны. Махмұд Қашқари “Диуани лұғат ат-түрікте“ Шу батыр біздің заманымыздан бұрынғы V-IV ғасырларда өмір сүрген сақ билеушілерінің бірі екенін айтады. Дастанда ерте замандағы Шу өзені өңіріндегі мемлекеттің тарихы мен жер аттары туралы көптеген мағлұматтармен қатар Ескендір Зұлқарнайынның (Александр Македонский) түркі еліне жасаған әскери жорығы кезінде оның қырық әскері Шу батырдың таңдаулы қырық нөкерінен жеңілгеннен кейін бейбіт келісім жасағаны туралы баяндалады.

      “Авестада” арийлер өздерінің батырлары мен әскерлерін қанша мақтағанымен олар тұрандықтарды жеңді дегенді кездестірмейміз. Керісінше ирандықтар аттары жүйрік тұрандықтардан жеңілгені туралы бірнеше рет жазады. Осы қасиетті кітаптан тұрандықтар мен хиондықтардың ержүрек, жаугер тайпалар болғанын көреміз.

      Алып Ер Тоңға бастаған көне түркілердің ирандықтармен соғыстары негізінен Арал теңізі мен Сырдарияның бойында, яғни Орта Азия аймағында болғаны белгілі. Біз одан көне түркі тайпаларының бір бөлігінің б.д.д. VIII-VII ғасырларда және сол уақытқа дейін осы аймақта тұрғанын көреміз.

Тұрандықтар мен ирандықтардың қайта-қайта соғысуына Ұлы даладағы адам мен мал санының өсіп, жайылымның тарылуы негізгі себеп болды. Тұрандықтардан жеңілген ирандықтар (арий тайпалары) Иранға, Үндістанға және Еуропаға көшуге мәжбүрленді.

      Барлық түркі халықтары мен угро-финдерді, жапон мен корей, манчжурлар мен т.б. палеоазиат халықтарын тұрандықтардың бүгінгі ұрпақтары деуге болады.

      Ертедегі гректердің жазбаларында турлар немесе тұрандар мен массагеттер бір ұғымды білдірген. Сол кездегі парсы жазбаларында оларды сақтар (ауд. “ит” немесе “бөрі”, “көк бөрі”) деген. Ол иран, грек-латын және қытай жазбаларында да дәлелденген. Ертедегі аңыздарға жүгінсек, түркілер өздерін бөріден тарағанбыз дейді. Түркілердің Алтай өңірінен шыққаны туралы жырланған “Көк бөрі“ дастанындағы көне аңыздың қысқаша мазмұны мынандай: Көне заманда “Со” елінің көсемі Қапан-пу аса қайырымды әрі асқан батыр болыпты. Оның өзіне жақын он алты бауырының біреуінің анасы бөрі екен. Анасы бөрі бала ер жетіп үйленеді. Оның екі әйелі болады. Сол екі әйелдің біреуі – қыс Тәңірісінің қызы, ал екіншісі жаз Тәңірісінің қызы екен. Екі әйелдің әрқайсысы екі-екіден ұл табады. Тұңғыш ұл аса күшті, қайсар, болып өседі. Оған бұл елде ешкім тең келмейді. Сол үшін оған халық “Түркі”, яғни күшті, мықты, ержүрек деп ат қойыпты. Бүкіл түркі халқы сол “Түркінің” ұрпағы екен.

      “Көк бөрі” дастанындағы бұлардан басқа да аңыз-хикаялардың негізгі айтары – ежелгі түркілердің ата-тегі бөрі дегенге келіп саяды.

      Әр кездегі түркі мемлекеттерінің туларында көк бөрі бейнеленген. “Көк Тәңірі”, “Көк аспан”, “Көк бөрі” - осының бәрі түркілер үшін қасиетті ұғымдар. Сондықтан олар бөріні өздерінің пірі санайды. Ол туралы Сүйінбай Аронұлының:

Бөрі басы – ұраным,

Бөрілі менің байрағым,

Бөрілі байрақ көтерсе,

Қозып кетер қайдағым, –

деген жыр жолдарынан түркі халықтары үшін қасиетті “бөрінің” генетикалық ес деңгейіндегі ұғым екенін көреміз.

      Көптеген тарихи деректерде сақтарды иран тілділер, яғни парсылар деп жүр. Бұл мәселенің жауабын көне түркінің “Татсыз түрік болмас, бассыз бөрік болмас” деген мақалы береді. Мұның мағынасы – бассыз бөрік болмайтыны сияқты, парсыларсыз түркі де болмайды. Мыңдаған жылдар көрші тұрып, қоян-қолтық араласқан екі халықты ажырату өте қиын. Сондықтан да болар, Геродоттан бастап көптеген тарихшылар сақ атаулының барлығын скифтерге жатқызған.

      Көне түркілердің көрші елдермен мәдени және экономикалық тығыз байланыста болғаны тарихтан белгілі. Ол туралы Альфред Вебер: “Орта Азиядан шыққан көшпелі халықтар Қытай, Үнді және Батыс елдеріне баса көктеп еніп (жылқымен) жоғарыдағы үш атырапқа да ықпал етті. Ат үстіндегі көшпелі халықтар дүниенің кеңдігін таныды. Қиын-қыстау тіршілікпен қауіп-қатерлі мол жорықтар арқылы дүниенің жалғандығын түсінді. Ол үстем нәсіл ретінде дүниеге ерлік пен трагедиялық сананы орнықтырып, оны эпос түрінде паш етті” дейді.

      Орта Азия мәдениеті мен Үндістанды байланыстырған ертедегі жол туралы ғалым Т.Алмас: “... 8 мың жыл бұрын Тарим оазисінен «Ладак жолымен» көшкен ертедегі түркілер Солтүстік Үндістанға келіп, дравидий мәдениеті тұрғындарымен қарым-қатынасқа түсті” дейді. Оның дәлелі ретінде XX ғасырдың 20-жылдары Пакистанның Пенджаб және Синди штаттарында археологиялық қазба жүргізгенде табылған басындағы шашын лентамен байлаған ортаазиялық түркі типінің мүсінін келтіреді.

      Ертедегі Орта Азия мен Үнді мәдениеті арасындағы байланысқа жататын құшанның синкретикалық мәдениеті туралы Б.А.Литвинский былай дейді: “...көне тохар миграциясының характері мен бағытының түпкілікті қорытындысы әртүрлі ғылымдар саласындағы деректерге сүйеніп шешілетін болғандықтан, оның шешімін айтпай тұрып, көнетохар-фин-угор және жалпытохар-көнетүркі байланыстары Орта Азияның солтүстігі және оған іргелес жатқан солтүстік және шығыс облыстары арқылы жүргенін көреміз. Бұл аймақтарда б.д.д. I мыңжылдықтағы “скиф-еуропа” байланыстарына – оның ішінде “жануарлар стиліне” таралу жолдарына анықтама беретін “скифтердің” көптеген археологиялық іздерін көреміз. Ол көнетүркі тайпалары мәдениетінің таралу ареалының айғағы. Көне түркі тайпалары мен Солтүстік Үндістан тайпаларының арасындағы мәдени байланыстарды Пакистанның Қарақорым аймағынан табылған жартастағы суреттерден байқауға болады. Қарақорым жартастарындағы суреттер цивилизациялар мәдениеті және діни дәстүрлермен қатар, Азияның ұлан байтақ аймағындағы саяси және тарихи өзгерістердің айналымына (калейдоскопичность) дәлел. Ондағы Күнге табынуға арналған көптеген петроглифтер Тамғалыдағы, Жетісудағы, Ферғана даласындағы, Шығыс Түркістандағы жартастағы суреттерге ұқсас.

      Еуразия даласы б.д.д. II мыңжылдықта “дала қоласы мәдениетінің” дәуірі болды. Қарғалы рудниктерін зерттеген археолог Е.Черных: “Қола дәуірі Қарғалыдан басталады” дейді. Онда екі мың жыл бойы үздіксіз мыс өндірілген. Жезқазған аймағында 100 мың тоннадай мыс өндірілген. Орталық Қазақстанда 15 мың тонна таза қола өндіруге жететін 130 тонна қалайы өндіріліп, Орталық Қазақстан тау-кен металлургиясының орталығына айналды. “Б.д.д. ІІ мыңжылдығында Қазақстан Еуразиядағы дала қоласының негізгі мәдениеті орталықтарының біріне айналып, онда өндірістегі құрал ретінде қола алуға қажетті, құрамында мыс, қорғасын, қалайы бар полиметалдық рудаларды пайдаланды”. Ол кездегі малшаруашылығы мен жер өңдеу мәдениетінің арақатынасы әр жерде әртүрлі, кейбір жерлерде аралас болды. Бірақ, жалпы көшпенділік болған жоқ. Сонымен қатар, көптеген дала мәдениеттерінде малшаруашылығы экстенсивтік формаға ерте ауысты. Қола, тіпті энеолит дәуірінің кезінде дала тұрғындары әртүрлі жайылымдарды меңгеріп қана қойған жоқ, сонымен қатар, далаға тереңдеп кірді. Жайық пен Еділдің арасында, өзендерден 15-90 шақырымға дейінгі қашықтықта сол кездегі табылған молаларда ерлермен бірге әйелдер, балалар да жерленген.   Өгізге немесе атқа жегетін арбаның пайда болуы қола дәуіріндегі малшылардың даланы меңгеруіне себеп болып, осы көліктер б.д.д. IV-III мыңжылдықтарда олардың көшіп-қонуын жеңілдетті.

      Көшпенділік дәуірдің алғашқы кезінде аттың жүгенін, соңынан қылышты ойлап тапқан да Ұлы даладағы тайпалар немесе тұрандықтар. Екі аяқты соғыс арбасының да Ұлы далада пайда болғаны белгілі. Енисейдегі, Қаратаудағы, Таңбалы шатқалындағы, Алтайдағы петроглифтер екі аяқты соғыс арбасы мен садақтың алғаш рет сол жерде тұрған тайпаларда пайда болғанын дәлелдейді.

      Шығыс Еуропада малшаруашылығының іздері б. д. д. III мыңжылдықта тек кельтиминар мәдениетінің жоғарғы қабатында ғана көрінеді. Орта Азияның солтүстігіндегі далада өндіретін шаруашылық б.д.д. III мыңжылдықтың екінші жартысында пайда болды. Одан шығысқа қарай, Оңтүстік Сібірде өндіретін шаруашылық б.д.д. III мыңжылдықтың екінші жартысында афанасьев мәдениеті кезінде пайда болды. Өндіріс шаруашылығының әртүрлі нұсқалары (варианттары) Еуразия даласында тек қола дәуірінде, яғни б.д.д. III мыңжылдықтың екінші жартысы мен II мыңжылдықта түгел қалыптасып болды.

      Б.д.д. V-IV мыңжылдықтарда Шығыс еуропаның оңтүстігінде мүйізді ірі қара, қой-ешкі мен жылқы қолға үйретілген.

      Еуропа даласының кейбір аймақтары, Жайық пен Еділдің арасында б.д.д. IV-III мыңжылдықтарда малшаруашылығының үлесі жер өңдеуден басым болды. Неолит пен қола дәуірінде малшаруашылығы Орталық және Батыс Еуропаның әртүрлі облыстарына тарады, бірақ олар әлі нағыз көшпенділер емес еді. Остеологиялық материалдар бойынша неолит, энеолит және қола дәуірінде Еуразия даласындағы мал түрі құрамының өзгерісі және соңынан осы аймақта көшпенділерге тән болған әр түрдің процестік арақатынасындағы өзгеру бағыты байқалмайды.

      Археологиялық қазбаларда табылған, ұзақ уақыт тұрақ болған мекендер де сол кезде көшпенді малшаруашылығы болмағанының дәлелі. Сонымен қатар, салт атсыз еуразияның көшпенділерін елестету мүмкін емес.

      Үй жылқысы Қара теңіз бен Донның аралығында б.д.д. IV мыңжылдықта пайда болды. Орманды даладағы Дереивка мекені мен Төменгі Дон даласындағы үй жануарларының остеологиялық қалдықтарының ішіндегі жылқы сүйегінің үлесі 80 пайызға жетеді. Ол туралы академик В.И.Цалкин, “мал тарихындағы, ең алғашқы жылқылар” деп жазды. Ең алғаш жылқыны жегуге, содан кейін ғана салт мінуге үйреткен болуы керек. Бірақ көптеген ғалымдар оған қарсы пікір айтады. Шығыс еуропа даласында жылқыны арбаға жегуді б.д.д. III мыңжылдықтан бұрын білмесе де, оған салт мінуді білген. Ол кезде жылқының ер-тұрман әбзелі болған жоқ, болса да өте қарапайым, өте жұпыны болар. Таяу Азияда б.д.д. III мыңжылдықта аттың үстінде адам жүген мен ерсіз, жайдақ отырған суреттер бар. Қалай болғанда да ол кездегі салтаттының мүмкіндігі мал бағудан аспады. Қазіргі деректерге сүйенсек, атқа салт мінудің кеңінен тарауы б.д.д. III мыңж. екінші жартысы мен II мыңж. басы болды.  

      Бұл кезеңде үндіирандықтар угро-финдердің тарихи отаны Орал тауының оңтүстік даласында болғаны белгілі. Оған Аркаим, Синташта т.б. қорымдардағы археологиялық деректер дәлел. Б.д.д. II-I мыңжылдықтар арасында Ұлы далада қуаңшылық басталғанда, олардың көшпенді өмір сүруге бейімделген шығыстағы бөлігі – арийлер мал бағумен айналысты. Олардың б.д.д. II мыңжылдықтың аяғы мен I мыңжылдықта Кіндік Азия, Иран және Үндістанға баруын осы көшпенді малшылардың көшіп-қонуымен түсіндіре аламыз. Ол жазба деректерде сақталмағанымен, археологиялық қазбалардан жақсы көрінеді. Ондай көшіп-қонудың себептері әртүрлі: халықтың өсуі, тұрақты көшу арқылы алмастырылып тұрмағандықтан жайылымның тарылуы (линвистикалық материалдар үндіеуропалықтардың о дүние туралы көзқарасын жайылым – жайлау мағынасына реконструкциялай алады) немесе құнарлы жерлер алуға ұмтылу.                                                       (Жалғасы бар)

 

Совет Хан Ғаббасов, жазушы – ғалым,  дәрігер, фантаст, Медицина

                                                 және педагогика ғылымдарының докторы,

 

Aqsaqaldar.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны