«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Су астындағы ағыс
Су астындағы ағыс
Дайындаған: 3 ай бұрын

                                                                                                                       БАҚ-тарды колхоздастыру жыры"

                                                                                                                       "Жас Алаш" газеті.

                                                                                                                     24.11. - 26.11.2020 ж.

 

      Иә, дәл солай! «Жас Алашта» сөз болған мәселедегі БАҚ саласына қатысты «су астындағы ағысты» түсіну – баспасөзден алыстау жүрген сырттағы ағайындарға қиындау тиері анық.

      Сондықтан, ұзақтау әңгімемізді оқу-оқымау өздеріңіздің еріктеріңізде.

Осы мақала жарық көрісімен қазақстандық журналистиканың көрнекті өкілдері, кезінде республикалық газеттерде Бас редактор, ақпарат министрінің орынбасары болып қызмет атқарған белгілі жазушы Уәлихан Қалижанов, ҚазМУ-дың профессоры, ұстазымыз, ф.ғ.д., әдебиетші-ғалым Дандай Ысқақов, жазу әлеміндегі танымал әріптестерім Талғат Айтбайұлы, Толымбек Әбдірайым, Иса Тасқұлов сынды т.б. баспасөздегі азулы тұлғалар өздерінің қолдау пікірлерін білдірді.

      Әрине, сөздерімізді бұрмалап «орыс тіліндегі газеттерді жабу керек деп айтыпсыз» дегендей, арандата бұра тартқандар да болды. Оларға айтарым – мақаланы қайталап оқыңыздар. Бірдеңені түсіну үшін де өре керек!

Ал, енді «Жас Алашты» алып үлгермеген оқырмандарымның өтініші бойынша, "БАҚ-тарды колхоздастыру жыры" атты мақаламыздың толық мәтінін 4 бөлімге бөліп, әлеуметтік желіде ұсынып отырмын. Бағасын өздеріңіз бағамдарсыздар.

 

                                                      ***

 

«Бәрін айт та, бірін айт,

коллективтің жырын айт!..».

Б.Майлин

 

                         БАҚ-тарды «Колхоздастыру» жыры

 

І. Жақсы адам – қандай адам?

 

      Оң мен солыңа мойын бұрғызбайтын қайнаған тіршілікте бір-ақ рет қойылатын мына бір сауалды молдалардың аузынан арагідік естіген боларсыздар. «Қандай адам еді?..».

Сол кезде қаздай тізіліп, сапта үймелесіп тұрған үлкенді-кішілі жамағат қайтпас сапарға бет алған пендені таныса да, танымаса да жамырай жөнелетін. «Жақсы адам!.. Жақсы адам!..».

      Әттең, досы бар, дұшпаны бар барлығы шуылдасып, ерін ұшынан айта салған осы бағаны бұ дүние мен о дүниенің жолайырығына жеткен жанның тірі кезінде естімейтіні өкінішті-ақ. Бір жағынан «Е, пәленшекең хас талант еді-ау жарықтық, елі үшін еңіреп өткен ер еді-ау» деген өтірік мадақтауды естімегені де дұрыс шығар.

      Салмағы ауыр бұл сұрақты имамдар еңбек ұжымдарына арнайы барып, әкім-қаралардың есепті жиынында, үкімет кеңесінде, парламент отырысында қойса жөн болар еді. Қызықтың көкесін сонда көрер едік-ау!..Айталық, ойдағы-қырдағы қыбырлаған елдің өз аузынан жырып берген қыруар қаржысын қымсынбастан жемсауына салып жіберген Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Ысқақовты арыстықтардың алдына шығарып: «Қандай адам еді?..» деп айқайлаңызшы. Не болар екен? Бұрынғы ғылым және білім министрі Сағадиевті мұғалімдердің, денсаулық министрі Біртановты пандемиядан зар илегендердің алдына апарып көріңізші. «Жақсы адам!..» деп жамырай ма, әлде, түтіп жей ме?

      Дегенмен, менің айтайын дегенім басқа еді. Жақсы адам болғаның өзің үшін жақсы, әрине. Бірақ, жақсы адам – жақсы маман деген сөз емес. Мынау тамыр-таныстық жайлаған, ақша мен ашкөздік билеген заманда өмірдегі өз орныңды табу үшін қатардағы «жақсы адам» болу аздық етеді. Абай атамыз айтқандай, байлық пен барлыққа, атақ пен мансапқа мойынұсынбаған «толық адам» сатысына көтерілгенде ғана кемелдікке жетесің. Ол үшін, әрине әжептәуір тер төгуіңе тура келеді.

      Бұл тұрғыдан алып қарағанда, әйел затынан тұңғыш Ақпарат және қоғамдық даму министрі атанған Аида Балаева өзге әріптестерінен оқ бойы озық тұр. Пейілі дұрыс, қолы таза, «толық адамдар» санатына көтерілуге жақын қалған тұлға. Біреулерден естігенім емес, көзбен көргенімді айтам. Алматы қалалық әкімдігінің ішкі саясат департаментінде бірге қызмет атқарған жылдардан бері бірсыдырғы біліп қалдық. Еңбекқор. Сырттай нәзік көрінгенімен мінезді. Бұл жағынан Маргарет Тэтчерге еліктейді. Мемлекеттік қызметтегі ұйымдастырушылық, басшылық тәжірибесі жеткілікті, өзін әруақытта бірқалыпты ұстайтын лауазым иесі. Оның үстіне, спичрайтерлік таланты бар. Көп адамның қолынан келе бермейтін шығармашылық өнер. Әлеуметтік-саяси тақырыпта жазылған өтімді сөздері, мазмұнды баяндамасы талай рет басшыларды кездейсоқ сын-сынақтардан аман алып шыққан. Алматыдан астанаға ауысарда Иманғали Тасмағамбетов өзімен бірге шақырғанда, сірә, осы ерекшеліктеріне баса назар аударған болар.

      Расын айту керек, бойында харизмасы мол Аида Балаева еліміздегі тұралап қалған бұқаралық ақпарат саласының деңгейін әлемдік деңгейге көтеруге ұмтылуда. Министрліктің тізгінін ұстаған бетте ең алдымен, үкіметке «Ақпарат саласын дамытудың ұлттық жоспарын» қабылдатуға күш салды. Отандық БАҚ-тың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, адами капиталды дамыту, ақпарат саласын құқықтық реттеуді жетілдіруді көздейтін бұл құжат еліміздегі журналист ағайындарға өте қажет екені даусыз. 2023 жылға қарай тұтынушылардың отандық ақпараттық өнімге деген сұранысы деңгейін кемінде 70 %-ға жеткізу мақсаты үлкен серпіліс туғызады деп ойлаймыз. Алғашқы нәтижелері де сезіле бастады. Еліміздің ақпараттық кеңістігіне қауіп тудыратын, қазақ мемлекетінің ұстанымдарын теріс түсіндіретін телебағдарламалар мен ойын-сауық сипатындағы шетелдік контентті тарататын телеарналардың жұмыстарына шектеу қою механизмдері қарастырылуда. Әсіресе, Қазақстан медиа кеңістігіндегі аса ықпалды ресейлік медиа ақпараттық әріптестердің қазақ және орыс тілдеріндегі контентке қатысты 50 де 50 талабы қатаң қадағалауға алынды.

      Бұдан басқа салалық кәсіби журналистерді дайындау, БАҚ қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, тілшілердің ақпараттық сауат­тылығын көтеру сияқты бірқатар жаңашылдықтар байқалады. Оқырманмен кері байланыс орнатуда нақты талпыныстар бар. Республикалық «Жас Алаш», «Замана» газеттерінде жарияланған біздің «Қоғамның өгей баласы...» атты мақаламызда айтылған медиа-индустрияны өркендету, газет-журнал тарататын шағын нысандарды (киоскілерді) қалпына келтіру туралы ұсынысымыздың да министр назарына жеткенін көріп отырмыз. Белгіленген іс-шаралардың ауқымы өте кең болғандықтан, ұлттық жоспардың ойдағыдай жүйелі жүзеге асырылуына Балаева бар күш-жігерін жұмсары анық.

Алайда, ақпарат саласына тікелей жауапты министр ханымның бойында былайғы жұрт біле бермейтін бір кілтипан бар екенін елемеуге болмайды. Ол – баспасөз бен теледидарда бір күн де жұмыс істемегені. Әлеуметтік желілерде өте белсенді көрінгенімен, Балаева кәсіби журналист емес. Заңгерлік дипломын есепке алмасақ, қарапайым орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Бүгінгі көкжиегі кең ақпарат кеңістігінің қыр-сырын зерделеп зерттеуге, үлкен жетістіктерге жетуге бұл мамандықтың көмегі тие қоюы неғайбыл. Сондықтан министрге барынша сақ болуға, интеллектуалды мүмкіндігін сарқа жұмсап, табандылықпен еңбек етуіне тура келеді.

      Соңғы кезеңдері ақпарат әлемі байыды, түрленді. Ежелден келе жатқан дәстүрлі журналистиканың (публицистикалық, әлеуметтік, саяси, мәдени, халықаралық, құқықтық, әскери, экологиялық) салалары қатарына бизнес-журналистика, SMM және PR, цифрлы журналистика қосылды. Бүкіл интернет жүйесін өз уысында ұстайтын «Google», «Facebook» сияқты IT алыптарының ықпалымен «блогерлер» қызметі атойлап шықты. Хабар мен мақаланы, корреспонденция мен репортаж жанрларын айыра алмаса да бұлар өздерін керемет тілші, репортер санайды. Мойындау керек, кейбір әлеуметтік желілердегі белсенділігі жоғары танымал блогерлер қоғамдық пікірге айтарлықтай әсер ете алады. Оперативтілігі жағынан да жазба басылымдардан озық тұр. Сол себептен, болашақта отандық блогерлер де толықтай ақпарат таратушылар санатына қосылып, құқықтық мәртебеге ие болуы ықтимал. Осыншалықты тарамданып, күрделеніп кеткен ақпарат әлемін басқарудың жауапкершілігі де оңай емес. Ізденесің. Әрекеттенесің. Адасасың.

      Жуырда Балаева мемлекеттік медиаресурстарды оңтайландыру мақсатында екі ірі басылым «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерін бір серіктестікке біріктіру мәселесін көтерді. Мақсат – бюджетті үнемдеу. Оған дау жоқ. Қазіргі күні елімізде ақпарат саласына бюджеттен жыл сайын 50 млрд теңгеден аса қаражат бөлінуде. Бұл орасан көп шығын. Оның ішінде өткен жылы "Егемен Қазақстан" 889 миллион, "Казахстанская правда" 721 миллион,"Хабар" агенттігі 15 млрд.,"Қазақстан" теле-радио корпорациясы 21 млрд. теңге жұмсаған. Мемлекеттік заказ аясында бөлінген есепсіз қаржыны әйтеуір игеру үшін ішкі саясат, білім, мәдениет, тілдерді дамыту т.б. басқармалар ұзын-сонар есептік материалдар дайындайтыны белгілі. Мысалы, Денсаулық министрлігі МӘМС-ті жарнамалауға 600 млн теңге бөлгені өткенде мәлім болды. Оны шетелден алған қарыз есебінен төлеген.

      Министрліктің басы артық шығындарды, желге ұшқан миллиардтарды қысқарту жөніндегі қадамы құптарлық. Бірақ, қалай қысқартқан жөн? Кәсіби журналистің көзімен кеңірек үңілсек, түрлі сұрақтар туындайды.

      Сәбет өкіметі оранғаннан бері бірге келе жатқан, одан кейінгі нұрлы кезеңде де кіндігі ажырамаған «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» мейлі, бір құжыраға қосылсын дейік. Сайрап үйренген әдемі тотықұстай қай биліктің болса да сөзін сөйлеп жүре беретін газеттердің мазмұны одан өзгермейді. Бірақ, тәбеті шексіз бұл екі басылымның айналасына келешекте аты да, заты да бөлек салалық газет-журналдарды топтастыру көңілге қонбай отыр. «Холдингте әрбір БАҚ өзінің тақырыптық бағытын нақты ұстанатын болады, осылайша мемлекеттік басылымдар арасындағы негізсіз бәсекелестік жойылатын болады» деген министрліктің тұжырымы қаншалықты сенімді?

      Біріншіден, «Қазақ газеттері» атанатын бірыңғай холдинг құрамына енуге өзге тілді басылымдар мойын ұсына қоя ма? Неғайбыл? Енгізудің қажеттілігін де көрмей тұрмыз. Біздіңше, "Казахстанская правдадан" бастап, 15 облыстағы, 3 республикалық қаладағы орыс тіліндегі басылымдарды бюджеттен қаржыландыруды тоқтату керек. Бізден басқа бірде бір мемлекет өзге тілде шығатын газет-журналдарға бюджет қаржысын жұмсамайды. Егер, олар шыға береміз десе, нарық заңына байланысты өздері қаржы тауып әрекет жасай берсін. Қарсылық жоқ. Қаржы үнемдеудің ең үлкен көзі осы. Есесіне, қазақ басылымдарының қуаттылығын арттырамыз.

      Екіншіден, бұл біріктіру тәуелсіз, еркін хабар тарату құқығын шектемей ме? Онсыз да жалаң ұранның көлеңкесінде қалып қойған шығармашылық сапасы одан әрі құлдырамай ма? Тағы бір күдігіміз бар. Көз тұндыратын миллиардтаған қаржыға күмп ете түскен акционерлер бір кездегі "Арна Медиа" АҚ-ның жымысқы әрекетін қайталамайды деп, кім кепілдік береді? Көріп отырсыздар, қазбалай берсек, сауалдар көбейе түспек.

      Шын мәнісінде, бұл «колхоздастырудың» астарында бір ғана мақсат – өз бетінше бейтарап күн көріп жатқан мемлекеттік түрлі басылымдарды бір орталықтан қадағалауды күшейту амалы тұрған секілді. Еліміздегі сөз бостандығына оның қандай кері әсері болатынын біз әлі толық білмейміз. Тек шамалаймыз. Кезінде талантты журналист, қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбаев бұқаралық ақпарат құралдарын биліктің жаппай монополизациялауына жол беруге болмайтынын қатаң ескерткен еді. Оны да ұмытқан сияқтымыз. Еркін баспасөз жоғалған жерде демократия әлсірейді, биліктің халықпен санасуы тоқтайды. Басшыларды жаппай жарыса мадақтау басталып, қоғамдағы жемқорлық күшейеді, оқырмандар теріс айналады.

      Оған мәжіліс депутаты Ирина Унжакованың мына мойындауы дәлел. «...Қарапайым халықтың назарына көп жағдайда мемлекеттік қызметкерлердің монологтары мен лекциялары, жиналыста отырған суреттері, әкімдердің нысан аралаған репортаждары ұсынылады...». Ып-рас. Тек, өңірлерде ғана емес, орталықта да солай. «Мемлекеттік қызметкерлер» дегеннің орнына «Президент пен Елбасы» деп қоя салсаңыз жеткілікті.

Яғни, отандық масс-медиа президент айтып жүрген "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" құрудың пәрменді, шыншыл насихат құралына айнала алмай отыр. Оның салдары халықтың мемлекеттік басылымдарға деген сенімінің жоғалуына, түрлі онлайн-порталдар, оның ішінде оппозициялық бағыттағы ресурстарды іздеуіне итермелейді.

      «Мемлекеттік заказ» деген желеумен бөлінген есепсіз қаржыны әйтеуір игеру үшін түрлі министрліктер, ішкі саясат, білім, мәдениет, тілдерді дамыту т.б. басқармалары ұзын-сонар есептік материалдар дайындайтыны белгілі. Мысалы, Денсаулық министрлігі МӘМС-ті жарнамалауға 600 млн теңге бөлгені мәлім болды. Оны шетелден алған қарыз есебінен төлеген.

      Ал, осы есеп-қисап негізінде әзірлегнен сүреңсіз материалдарды жариялаған басылымның бәсекеге қабілеттілігі төмендейтінін бұған дейін де айтқанбыз. Оның салдарын алыстан іздемей-ақ қояйық. Республикалық "Жұлдыз" әдеби журналының басындағы келеңсіз жағдай сол амалсыздықтың бір көрінісі. Ұшы-қиыры беймәлім «Рухани жаңғыру» дейтін бағдарлама негізінде әзірленген педагогикалық қан-сөлсіз жазбалар (шын мәнісінде көшірмелер) журналдың бет-беделін түсіруде. Бұл бюджеттен қаржыландырылатын барлық басылымға тән көрініс. Біртұтас медиа-холдинг құру осы тығырықтан шығудың жолы ретінде ұсынылуда.

      Ал, БАҚ-тарды медиа-холдингке біріктіру идеясының өзі қайдан шықты? Байқасақ, бұған АҚШ-тың әйгілі «Ассошиэйтед пресс»агенттігінің жұмысы ықпал еткен сияқты. Ірге тасы сонау 1846 жылы құрылған агенттіктің құрамында бүгінде 1700-ге жуық газет-журнал, 5000-дай радио және телевизиялық арналар біріккен. Нью-Йорктегі орталық офисі мен әлемнің әр түпкірінде жұмыс істейтін 250-ге жуық филиалында жүз мыңнан аса қызметкері бар.

      Дұрыс. «Болмасаң да, ұқсап бақ» дейді Абай атамыз тағы да. Медиа-холдинг жүйесі ұйымдық басқару қызметін орталықтандыру, қаржы-экономикалық жоспарлау, түрлі шығындарды, оның ішінде әкімшілік-техникалық персоналды ұстау қаражатын азайту сияқты мәселелерді жедел шешетін артықшылықтары бар екені рас.

      Бірақ, ауыздықпен алысып, азуын айға білеген американдықтар қайда, далада шөмшек теріп жүрген қазақтар қайда? «Ассошиэйтед пресс»агенттігінің шығармашылық өнімдерін бір миллиардтан астам адам тұтынады екен. Әр секунд сайын табыс дегеніңіз тамшылап емес, сарылдап құйылып жатыр. Ал, пайданың көзі соншама оқырманды біз қайдан табамыз? Бюджеттік қызметкерлерді, мұғалімдер мен дәрігерлерді шырылдатып жаздыртқанның өзінде басылым таралымын 300 мыңға жеткізуіміз неғайбыл. Іргедегі Ресей мен Қытайдың, алыстағы Еуропаның тамырын басып көрсек ше? Көрейік. «Құласаң – нардан құла». Онда «Қазақ газеттері» қазақ тілін ысырып қойып, бүкіл жазбаларын орыс, қытай, ағылшын тілдерінде таратуы тиіс. Солай етсек қана «Ассошиэйтед пресс» сияқты алпауытпен иық тірестірмесек те, ұртымыз майланып қалуы бек мүмкін. Тек, бағы ашылмаған қазақ журналистеріне обал демесек! Оларға өзге тілді әріптестерінің кофесін тасып, қолдарына су құйып бергеннен басқа жұмыс қалмайды.

      Мұның қызығы мен шыжығы әлі алда. Жаңа жобаны ұсынушылар ескермеген тағы бір дүние қалып барады. Ақыры бастадық, оны да айта кетейін. Әлгі «Ассошиэйтед пресс» империясы таза жекеменшік ұйымдардың бірлестігі. Құйылып жатқан қыруар қаржының да иесі таза өздері. Мемлекеттікі емес. Тиісті салығын төлейді де, өз шаруасын дөңгелетіп отыра береді. Кімге не сатып, кімнен не сатып алу сияқты мәселелерді тек өздері шешеді. Бірыңғай биліктің ығында кету, Трамп пен Байденнің біреуінің ғана сөзін сөйлеу деген сияқты жат әдет жоқ оларда. Тізгінді тең ұстайды. Қалың оқырман не қалайды, соны жазады, соны көрсетеді.

      Ал, біздің болашақ «Қазақ газеттері» АҚ-ның құрылтайшысы тек мемлекет болмақ сияқты. Хош делік. Сонда не өзгермек? Билікпен кіндігі ажырамастай байланған, Қазақстандағы бояуы қалың өмірді тамсана, таласа жазып келе жатқан тотықұстарымыз қыранға айнала ма? Айналса, нұрлы әлемнің биігінен со-онау төменде тұрмыс тауқыметінде малтығып жатқан халықтың аянышты күйін көре алар ма? Қайдам...

                                                                                                         (Жалғасы бар).

 

Қайым-Мұнар Табеев, журналист-жазушы, Қазақстанның құрметті

журналисі            

(Ғаламтордағы жазба)

 

Aqsaqaldar.kz

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны