«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Дулат Иcабеков: «Зиянды қауымды ежелден мемлекет өзі жасайды»
Дулат Иcабеков: «Зиянды қауымды ежелден мемлекет өзі жасайды»
Дайындаған: 3 ай бұрын

      – Жазушы қауымды таза шығармашылықпен ғана айналысушылар және әрі жазушы, әрі қоғам қайраткері деп екі топқа бөлсек, Сіз әрқашан екінші топтан табылып жүрген белсенді жазушысыз. Дәл қазіргі уақытта өзіңізді еркіңізден тыс қандай мәселе толғандырып жүр?

      – Жазушы саясатқа араласпау керек дегенге үзілді-кесілді қарсымын. Әсіресе, соңғы екі жылда. Саясатқа араласқанда, мемлекет қайраткері атанып, шенді қызмет алу үшін, болмаса партияға серкелік ету үшін емес. Жазушының ойлау жүйесі мүлдем басқа. Мәселен, бүгінгінің бәрі саясат. Сіріңке мен ұлтарақ шығарудан бастап, сыртқы саясатқа дейін. Осының бәрінен тыспын, мен тек жазушымын деу – білместік. Үйіңде отырып толғанғаннан гөрі сыртқа шықсаң, бұл жазуыңа көмектеседі.

      Қазақстанда 700 жазушы бар деп мақтанып жүрміз. Соның көбісін танымаймын. Танымағанда оларды оқымағандығымнан, не болмаса елемегендіктен емес, олардың өзі әуелгі кезде жазушы ретінде көрінбегендіктен. Соңғы 15 жылда жер-жерде кітап шығарушылар көбейді. Жеке баспалардан үш-төрт кітабын бастырып, Жазушылар Одағына мүше болып алады. Оларды ешкім білмейді. Қалам сілтеген тақырыптары жергілікті мәні бар тұлғалар ғана туралы. 700 болып қара көбейткеніміз болмаса, олардың ойлау шеңбері тым тар, қарабайыр. Жазушылардың қоғамда белсенді болмауы осыдан шығады.

      Байқайсыз ба, қоғам қазір зиялы қауымды көбірек іздей бастады. Президенттен бастап оппозицияға дейін. Дәл бүгінгі сын сағатта олар: «Зиялы қауым қайда? Неге осындай сәттерде пікір білдірмейді?» дейді. Зиялыларды оппозиция өзіне, үкіметтік жүйе өзіне тартады. Бейнелеп айтсақ, зиялы қауым өзеннің арғы бетіне де, бергі бетіне де керек болып тұр. Енді қараңыз, қаламгерлер өзінің функциясынан айрылып бара жатыр. Қазақ ортасында Ресейдегідей интеллигенция әлі қалыптаса алмай келеді. Баяғыда Ресей қоғамында Сенат алаңындағы декабристер көтерілісін дайындаған да, одан кейінгі 1917 жылғы Қазан төңкерісін ұйымдастырып берген де осы аристократиялық зиялы қауым өкілдері еді.

      Осылай бол тұра, яғни қоғамдық дүмпу жасап, мемлекеттік құрылымға тұтастай төңкеріс әкеле тұра тарихта зиялы қауым ешуақытта мемлекет басындағы билікке барған емес. Ылғи да пысықайлар, авантюристер, алаяқтар мемлекет тізгінін ұстап кете берген.

      Бұл туралы Лениннің де сөзі бар емес пе: «Революцию готовят мудрецы, совершают фанаты, а плодами пользуются проходимцы» деген?

      – Иә, соның дәл өзі. Ал, содан соң жаңа мемлекетке зиялы қауым қажетсіз болып қалған кездері де бар. Қазір БАҚ өкілдері «біздегі зиялы қауым ба, зиянды қауым ба?» деп жаңа термин ойлап тапқандай дабыра айтып жүр. Шындығында зиянды қауым деген бұрыннан бар түсінік. Өздері қолдан жасаған зиянды қауым сол кездері мемлекет үшін өте керек болды. Ал, өткір ойлы, биліктің құрылымына өзгеріс енгіземін деген зиялы қауымды есебін тауып бірте-бірте көзін жойып отырды.

      Енді қазіргі ахуалға келейік, Жазушылардың көбісі қоғамдық құбылыстарға белсене араласқысы келмейді. Араласпау себебі бізде тиянақты оппозиция жоқ. Қазіргі оппозицияда жүрген жігіттердің барлығын жақсы білемін. Құрған бағдарламаларын іске асырудың жолында басы бірікпей жүр. Жеме-жемге келгенде мини-мемлекет құрған сияқты, сол мемлекеттің ішінде билікке таласу басталып, араларынан Президенттікке кандидатура ұсына алмай, өзара әуре-сарсаң болып келеді. Оларды зиялы қауым қостай алмай басы қатты. Алдында олар бір кісідей «Ақжолға» сенді. «Ақжол» сол сенімнің тас-талқанын шығарды. Бәйменов өз алдына онда кетті, қалған жігіттер мұнда қалды. Олардың сөздеріне зер салсақ, билікке таласудың құлағы қылтияды. Сөздерінде бүгінгі қоғамның басшыларын анайы түрде ашықтан ашық беттен алу бар. Оппозиция ешуақытта мемлекет басшысын, үкімет мүшелерін көшедегі бұзақы сияқты жағасынан алмау керек, керісінше, ұстанған тұжырымдамасын жіліктеп ортаға салу керек. Сол кезде ғана халық оппозицияға сенеді және сыйлайды. Мен Алтынбек Сәрсенбаевпен қызметтес болдым, Нұрқаділовті етене білемін. Қазір бұлардың алған бетінде (Жармахан Тұяқбайға дейін) ашу-ыза көп. Меніңше, ызалы буырқаныс белгілі бір революциялық дүмпудің үстінде болуы мүмкін, ал, бейбіт кезде ашумен істі қолға алу жеңіс әкелмейді. Оппозиция халықтан іргесін аулақ салып барады. Бұл - өкінішті.

      Оппозиция біздің өмірімізге керек. Мейлі, ол Назарбаевтың кезінде бола ма, Тоқаевтың тұсында бола ма, немесе Тұяқбайдың дәуірінде бола ма, бәрібір қоғам оппозициясыз өмір сүре алмайды. Бірақ, оппозициялық бағытты байқасаңыз, мұндағы жігіттердің өзі демократ бола тұрып, өздеріне сын айтқандарды шеттетеді. Партиядан шығарады, одан қалды басшылықтан алады. Олар болашақ тоталитарлық режимнің негізін қалаудың үстінде сияқты. Бұл менің көңіліме тіпті қонбайды. Жарайды, қазіргі оппозиция мемлекет басына келе қойғанның өзінде ертең оларға қарсы – келесі оппозиция пайда болады ғой. Сондықтан, бүгін жеңіске қол жете қоймады деп асығып-аптыққан жөн емес, есесіне өз жұмысын байсалды түрде жүргізгені жөн деп білемін.

      – «Шығармашылық топ өкілдері билікке міндетті түрде оппозиция болуы керек» деген қағида бұрыннан бар. Қазіргі шығармашылық иелері билікке оппозиция бола алып жүр ме, бола алмай жүрсе оған не себеп? Зиялы қауымды Елбасыдан бастап іздей бастады дедіңіз. Мемлекет басшысының зиялы қауыммен кейінгі кездесуінен соң қазақ басылымдары сіздерді сынға алды. Тіпті «Жас Алаш» екіжүзділік деп жазды. Қанша дегенмен, ащы шындықты жеткізе алмай қалған жоқсыздар ма?

      – «Жас Алаштың» жазғаны барлығына берген баға емес. Сыналсақ, бұл сөзге менің берген жауабымды көпшілік оқыған болар. Ең батыл сөйлеген мен болдым деп ойлаймын. Жеті пункттен тұратын мақалам газетте жарық көрді. Бір жағы «Жас Алашқа» жауап бердім. Егер осы сөйлеген сөзімнен кейін де екіжүзділік деп табалап, Медеу жаққа қарай қаша беретін болса, ешуақытта мен ол журналиске тоқта деп айтпаймын. Менің сөзім осы.

      Елбасы өзімен жолыққанда менің кейбір құрдастарым сияқты жөнді-жөнсіз алабұртып сөйлейтін пікірді қажет етпейді. Ешқандай елдің Президенті зиялы қауыммен кездескен жоқ. Путин өз зиялысын шақырып алып, хал сұрап жатқан жоқ. Ақаев кездескен жоқ. Ал, енді біз болсақ, Елбасымен дидарласқанда болмашы әңгімеге кетіп қаламыз. Жазушылар Одағын басқарып отырған жігіттердің өзі «жиһаз алып берсеңіз» деген секілді тұрмыстық тақырыптан артыла алмады. Осы да мемлекеттік мәселе ме?.. Бұл Президенттің ренішін тудырмай ма? Осыдан кейін оның көңіл-күйі түсіп кетті.

      Сосын тағы да тіл мәселесі қозғалды. Смағұл Елубай, Мұхтар Шаханов, басқалары айтты. Бір адам айтса жетеді ғой. Мен тіл қамын сол жігіттерден кем жемеймін. Оны тек мәселе етіп айта білудің, жеткізе білудің формасын табуымыз керек. Орыс интеллигенциясында баяғы Тургенев кезінен қалыптасқан дәстүр бар: біреуге сіз дей отырып, сөккеннен бетер батырып айту. Ал, біз бірден боқтаудан бастағымыз келеді. Онда бәрін бүлдіресің, ойыңды ешкім қабылдай алмайды. Мен «ойың өткір болған сайын, үнің жұмсақ болсын» дегенмін. Және жағымпаздану мағынасында айтқаным жоқ. Мұхтар кейінгі бір мақаласында «үнім жұмсақ болмай-ақ қойсын» депті.

                    Бір мүшемізге емес, бар өмірімізге қатер төніп тұр

      Мен тілден де сұмдық трагедияны көріп отырмын. Тіліміз де, дәстүріміз де, ұлтымыз да «үп» деп бір леп тартқанда аждаһанның аузына қойып кететіндей қауіпте тұрмыз. Көжекті арыстан жатқан тордың алдына апарып қойсаң, арыстан тек аузын ашады екен де, қоян байғұс шырылдап барып өзі кіріп кетеді екен. Бұл - тіл туралы мәселені тоқтатсақ дегендік емес. Бүкіл біздің зиялы қауымымыз болып, мектептің баласындай шу-шу еткенімізбен, Президент тап ертең тіл туралы жарлыққа қол қойғалы отырған жоқ. Осыны неге зиялы қауым түсінбейді?! Мен Елбасын қорғап отырған жоқпын. Президентке қарсы шыққан адам мендей-ақ болсын, кезінде оппозицияның көкесі болдым. Мемлекет басшысы өзі қол қойып бекіткен «Бірінші Президент» туралы заңға түгелдей қарсылық білдірдім. «Бұл не деген сұмдық?» дедім. Қазақ газеттері баспаған соң, орыс тілді басылымға шыққан «Аул уходит в небо» деген мақалам үшін жұмыстан қуылып та кеттім. Үш жыл жұмыссыз жүрдім. Мен керемет ерлік жасадым демеймін, керек болса сондай да кездерім болған дегенді ғана айтпақпын.

      Президенттің қаламгерлермен кездесуі алғашқыдағыдай телеарналардан кең түрде көрсетілген жоқ. «Бірінші кездесуде елді дүрліктіріп алдық» деген қорытынды жасалды ма, соңғы кездесуіміз БАҚ-тан түгел көрініс таппады. Кездесуде Елбасыға расында қолпаштау көбірек айтылды. Алайда, оған ол селт еткен де жоқ. «Мен сіздерден мемлекеттік мәселені тыңдағалы келдім» деді. Көңілі толмағанын қатқыл айтуымен, ренішті ескертпелерімен білдірді.

      Кездесуден шыққаннан кейін Иманғали маған телефон соқты. «Келіп кетесіз бе?» деді. Сол күні жолға жүргелі отырғанмын, билетімді қайта өткіздім. Тасмағамбетов: «Бағанағы кездесу жайлы Президентпен түстік кезінде пікірлестік. Ұнағаны – сіздің сөзіңіз болыпты. «ащы айтты, нақты айтты» деді». Ондағы сөзімді бүгін қайталаудың керегі жоқ шығар. Бірақ еліміздегі жағдайларға байланысты қайталамаса тағы болмайды. Біздің бүкіл экономикамыз, ұлттық идеологиямыз, керек десеңіз ұлттың болашағы шетелдіктердің қолына өтіп бара жатыр. Тіліміз, дініміз мұның қасында... Арыстанның аузына түсіп бара жатқан қоян бір мүшемді сақтап қалайыншы деп әрекет ету керек пе, жоқ әлде өзінің өмірін түгел сақтап қалуға тырысу керек пе? Қазақстандағы шетелдік компаниялардың бізді басынғаны соншалықты, салық төлеуден бас тартып отыр. олар біздің мемлекеттің қойған талабына пысқырып та қарамайды. «Атасу-Алашанькоу» мұнай құбырына 300 мың қытайлық келмекші. Ешқандай жирену, ұшыну дегенді білмейтін бұл халықтың өкілдері аузында бір тісі жоқ кемпірге үйленіп жатыр. Не үшін? Бүгін азаматтықты, ертең қазақ жерін алу үшін. Қазір-ақ басталды. Қытай неге шекара маңына он шақты қала салу жобасын бастады?

      – Он сегіз қала және олардың әрқайсысында миллионнан кем тұрғын болмайды.

      – Әне! Біз осыны көрмеуіміз, айтпауымыз керек пе? Тағдырымыз осындай қыл үстіне жақындаған уақытта тек қана тіл дей бергеніміз дұрыс па? Рас, тіл туралы айта береміз, айта беруіміз керек, оны ешуақытта тоқтатпаймыз. Ал, мен одан мың есе үлкен қатерді көріп тұрмын. Трагедияны көріп тұрмын! Қазақстан үш күштің ортасында қалғалы тұр. Ресей, Америка, Қытай! Енді олардың арасында Қазақстан үшін талас басталады. Халқымыздың саны бары-жоғы 10 миллион, басқа халық өкілдерімен қосқанда 15 миллион.

      Қытайдың кейбір баспасөз беттерінде: «Осынша жерді осындай қазақ сияқты аз халықтың иеленіп отыруының құық бар ма, жоқ па?» деген мәселе көтеруі жиіледі. Тіпті, оқулықтарында «Балқашқа дейін біздің жеріміз» деген сөздер кездесіп жатқанда біз Президентпен кездескенде «осы мәселеге ие болмасаңыз сіз ертең Президент те бола алмайсыз, өйткені сіз кімнің Президентісіз – Қазақстанның Президентісіз!» дегенді айтуымыз керек пе, жоқ жалғызтілді ғана айтуымыз керек пе? Мен осы жанды жеген сауалдарды «Нұреке, 300 мың қытай деген не бұл?» деп Президенттің алдына тартқанымда ол кісі «Мен әрбір адамды есеппен алып отырмын» деді. «Сенейін бе? Осыған менің қабырғам қайысып жүр» дедім. Президент «Қабырғаң қайыспай-ақ қойсын» деді. «Демек, сіздің сөзіңізді шындыққа балап, үйімде тыныш жата беруіме болады ғой?» , «Болады!».

Ал, көрейік, қалай болады екен. Демографтардың есебі бойынша 300 мың қытай алдағы 10 жылда 3 миллионға жетіп қалмақ. Қытай біз сияқты арифметикалық жолмен емес, геометриялық прогрессиямен өседі. Енді олар бала тудырады! Бұрын Қытайда бір баладан артық туғызбайтын, соңғы жылдары екі бала болды. Бұл не? Жер бетіндегі 1 миллиард 350 миллион қытай енді екі бала туғаннан кейін не болады? Бұл мемлекет ешкіммен соғыспайды, ешкімді жаулап алмайды. Қазіргі жағдайда бір елді жаулап алып сол елде қалу мүмкін емес. Өйткені, бұған бүкіләлемдік қауымдастық жол бермейді. Ал, Қытай қандай әрекет жасап отыр? Адам ресурсы арқылы білдірмей жаулап алады. Бір жағы сауда жолы арқылы. Халықаралық интеграцияны ең ұтымды пайдаланып келе жатқан ел – Қытай, халқының саны осыған жетеді. АҚШ-та 350 миллион халық бар, Ресейде 145 миллион. Расын айтса, Қытайдан Америка да қорқады. Қытай әлемде ең арзан тауар шығару арқылы дүниежүзілік рынокты әзір-ақ жаулап алды. Бұдан бес жыл бұрын Америка мен Қытайдың арасында экономикалық қақтығыс болды. Америка Қытайға эмбарго жариялаймыз деді. Бір қызығы, Қытай бұған қарсы болған жоқ. Екі жақтың экономистері жұмыс істеді... Ақыры кім ұтылатын болды? Америка! Бір жарым миллиард халықпен санаспай тұра алмайсың.  Ол өте үлкен рынок. Мұны жоғалту Америка үшін бюджеттің жартысын жоғалту деген сөз.

      Сөйтіп Қытай арзан тауармен алға басты. Астарына үңілсек, бұл саясат па, саясат емес пе?

      – Ең үлкен саясат!

      – Енді ойланып қараңыз, қоғамның мұндай жағдайына жазушы араласпау керек пе? «Жазуымды ғана білейін» деп отырған жазушының қазір көк тиынға да қажеті жоқ. Оны сен де оқымайсың, мен де оқымаймын. Біреудің біреуден жүкті болғанын жазу, әйел мен баланың көз жасын жазу... Ол әдебиеттің дәурені өтіп кетті. Толстойды да бүгін ешкім оқымайды.

      Бұл дәуірде әлемдік деңгейдегі белгілілік деген не? Ол әртүрлі. Әлемге танымалмын деген Пауло Коэльо жүр. Кім ол? Жазушы ма? Жазушы емес! Оның әлемді шуылдатқан «Алхимигін», «Он бір минутын» оқыдым. «Алхимикті» қолжазба күйінде әкеліп, «мынау сіздікі, қол қойыңызшы» десе, шын мәнінде, қол қоймаған болар едім. Бұл – болтология! Бос мистика! Бізге осындай арзан әдебиет келе жатыр. Сол Пауло Коэльо Қазақстанға бір-ақ рет келді де, «Заһир» атты роман жазып тастады. Басты кейіпкері қазақ баласының есімін Михаил деп қойып, қазақ даласын Шыңғысханның заманындағыдай суреттейді. Осының арғы жағына үңілсеңіз, баяғы стеоротип. Азиаттықтар ешқашан Еуропа дәрежесіне көтеріле алмайды деген ой тұр. Бұл идеология ма? Идеология. Саясат па? Саясат. Біз болсақ «Заһирды» көктен құран түскендей қабылдадық. Ал, әлгіндегідей ойды неге байқамаймыз? Біздің қазаққа бәрібір, бәріне қой сияқты маңырап, қол соға береміз. Мен соған таң қаламын.

      Ресейдің ортаң қол әншілері біздің Республика Сарайына келетін болса, қанша десе сонша ақшаға билет сатып аламыз. Қазақстандық өнер жұлдыздарының концертіне 300 теңгеден билет өткізе алмайсың. Алдымен өзімізді сыйлай алмай тұрып, басқаның өнеріне табыну – бұл да ұлт ретінде қалыптаса алмағандығымыз деп ойлаймын. Міне, әдебиетшінің саясатпен араласатын тұсы осы. Мен неге баяғыда бастаған романымды бітіре алмай жүрмін? Тәмамдауға сөз таппай жүрген жоқпын. Жазу техникасын меңгерген адамға жазу түк емес. Мен уақытты күтіп жүрмін.

                                                                                                      (Жалғасы бар)

Сұхбаттасқан Өмірзақ Ақжігіт,

«ЕВРАЗИЯ-KZ»                                                                                                

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны