«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Біз күткен бақыт
Біз күткен бақыт
Дайындаған: 3 ай бұрын

Президент және психотерппевт 

       Түріктің көсемі Ататүрік бір күні психиатриялық аурухананың жұмысымен танысады. Қасына ертіп жүрген белгілі психотерапевт Мазхар Османнан:

– Осман Бей, осы ақыл-естен айы­рыл­ғанды қалай түсінуге болады? – деп сұрайды.

– Шындығын айтқанда, Пашам, бұл ауру әр адамда кездеседі ғой, – деп ­жауап қатады дәрігер бірдеңені жасырып тұрғандай.

– Оны қалай түсінеміз? – деп Ататүрік аң-таң болады. – Сонда менде де есуастық бар деп ойлайсыз ба?

Осман Бей іркілмей:

– О, Пашам! Басқа біреуге қарағанда, сізде ол мың есе артығымен бар ғой, – дейді жиналған жұртты есінен тандыра жаздап.

– Сонда қалай?

– Елдің ішінде де, сыртында да жыл он екі ай шайқас жүргізу ақылды адамның ісіне ұқсай ма, айтыңызшы, – депті сонда Осман Бей әзілдеп.

Сол кезде Ататүрік дәрігердің сөз тапқанына риза болып, ішек-сілесі қатқанша күлген екен.

Ит тірлік

      Абай атамыздың бірлік пен тірлік туралы толғап жазған алтыншы «Қара сөзіндегі» «Ырыс алды – тірлік» дейді, ол қай тірлік? Ол осы жан кеудеден шық­пағандық па? Жоқ, ондай тірлік итте де бар. Ондай тірлікті қымбат көріп бұлдаған адам өлімді жау көріп, ақыретке дұшпан ­болады» деген жолдарды оқып отырғанымда, есіме бір оқиға сап ете түскені.

Бір кісі шығыстағы бір ойшылға жолығып:

– Маған ақыл-кеңес берсеңіз? – дейді.

– Қалай күн көріп жүрсің? – деп сұрапты сонда әлгі ойшыл.

– Еңбек етіп күн көремін. Табыс тапсам, шүкіршілік етемін, таппасам сабыр қыламын.

– Дұрыс-ақ. Бірақ көше жағалап жүрген иттер де солай тіршілік етеді емес пе? Олар да тапқанына шүкіршілік қылып, ештеңе таппаған күні шыдап бағады.

– Онда айтыңызшы, адамның тірлігі қандай болу керек?

– Адам баласы табыс тапса – береді, таппаса – шүкіршілік етеді. Берсең – табысың молаяды, кемелдене түсесің. Түсіне білсең, «беру» дегенің – тілеудің ең мәдениетті жолы. Ит пен адамның айырмашылығы осы!

Абай атамыз айтқандай, «көкірегі, көңілі тірі болса» адамның ит секілді тіршілік етуі мүмкін емес.

Ұлылар мен ұрылар

     Ежелгі Неокесария – қазіргі Никсар. Түркі жұртының бір топ зиялы­лары бас қосқан қала. Сол жерде олардың халықаралық қоры марапаттау рәсімін өткізді. Біздің елімізден ар­дақты ақыны­мыз Рафаэль Ниязбек халық­аралық сыйлықтың лауреаты атанды.

     Анкарадан ат арытып, біз де бардық. Сыйлықты қордың басшысы, белгілі ақын, драматург Яхия Акенгин тапсырды. Ақын ағамыз өлең оқып, сөз сөйледі.

Кешкісін қала әкімінің кең дастар­қанында қонақтармен дәмдес болдық.

Қала басшысы ақын ағамыздың қолын алып, құттықтады.

– Рафаэль Бей, сіздің түрік тіліне аударылған өлеңдеріңізді оқып риза болдым. Өлеңдеріңіз рухты екен. Елдің қамын ойлайтын, болашағын толғайтын зор ақынсыз, – деді әкім ағаны әңгімеге тартып. Содан кейін: – Шешендер де сізді жоғары бағалаған екен ғой, – деп астарлы ойын жасырмай айтты.

– Шешендер туралы жаздым ғой, – деді Рафаэль аға. – Бізде аталы сөз бар: «Бағалай білгенге бақ, қуана білгенге құт қонады» деген.

– Иә, оныңыз рас! Сіздей ақынды қадірлеген Яхия Бейге ризамыз. Менің айтпағым, бөтен ел бізді ­мойындамайынша біз де мойындай қоймаймыз. Осы қасиет түркі халықтарына ортақ сияқты емес пе.

– Е, қанымыз бір емес пе, ­бауырым. Сіздерде де ештен кеш жақсы деп, тіршілікке қанағат ету бар шығар, – деді ақын ағамыз езу тартып.

Қонақтар «дұрыс айтасыз» дегендей бас изесіп, ағаның жауабына тәнті болды.

Сол кезде әкімге қарама-қарсы отырған бір әйел:

– Естуімше, сіздерде тәуіп көп екен. Ал біздің Анкарада тәуіп қалмаған сияқты, – деді әңгімені басқа арнаға бұрып.

– Тәуіп бар ғой. Бірақ көп емес, – деп әкім оның сөзін түзеткен болды.

Сол-ақ екен, әңгімеге қордың ­басшысы Яхия Бей араласа кетті де:

– Қазір тәуіптің емі жүретін уақыт па екен, Нилюфер ханым? Сіз онсыз да елге емі қонатын, Тәңірге сөзі өтетін орталықтан келіп отырсыз ғой, – деді келіншекке әзілдеп. Содан кейін кейбір кісілердің өз сөзін онша ұға алмағанын аңғарып:

– Е, сіздер әлгі әңгімені білмейді екенсіздер ғой, – деп қалды.

Сөйтті де, оның мәнісін түсіндіру үшін мынадай бір әңгіме айтып берді.

– Баяғыда бір байдың жалғыз ­баласы ауырып, өлім аузында төсек тартып жатқан екен. Байдың ем-дом іздеп бармаған елі, баспаған жері жоқ. Әбден күдер үзген шағында ауылдағы бір ақсақалға жолығады. Әлгі ақсақал: «Амал нешік, сумен ұшықтап, дұға етіп көрейік» дейді.

Ел-жұрт жиналады. Құрбан ­шалынады. Садақа таратылады. Ақсақал алақанын жайып: «О, Жаратқан! О дүниеге көшіп кеткен кешегі ұлылардың емес, сөзі өтетін бүгінгі ұрылардың құрметіне ем бере гөр!» деп тілейді.

Бәрі аң-таң. Мұндай да бата бола ма екен. «Болмағанда ше? Кімнің сөзі өтімді болса соның құрметіне тілеу керек қой» дейді әлгі шал. Әйтеуір, Құдайдың құдыретімен байдың баласы өлім аузынан аман қалады. Сол сияқты бүгінде ұлылардың емес, ұрылардың сөзі өтеді.

Яхия Бейдің әзіл-шыны аралас әңгімесіне жұрт ду күлісті.

– Ағамыз не айтса да жарасады ғой, – деп әкім де күлді.

Рафаэль аға ақынның да, әкімнің де сөзіне риза болды.

 

Сәулелі сөз

     Өмірден торығатын кездер ­болады. Небір сұмдықты көріп, жаның түршігеді, не күнделікті жаңалықтарды естіп, тыныштықтан айырыласың. Жағаң жайлау, төбең қыстау болатындай хал кешу қайда? Ақынның аза бойы қаза ­болса, әкімің де беймаза. Бай-бағланың да қалтасына ақша толған кедей сияқты. Қысқасы, апалаң-топалаң тіршілік.

Осындай күй кешіп отырғанымда, қолыма Кітап алдым. Тілін түсінбесем де аудармасын, аудармасын ұқпасам да түсіндірмесін оқыдым. Көңілге сәуле түсірер сырлы сөз іздедім. Рухыма қанат бітірер насихат, күмәнімді сейілтер жауап сұрадым.

– Өзімді жалғыз сезініп жүрмін, қайтемін? – дедім.

– Сен жалғыз емессің, жалғыздық Оған ғана жарасады, – деді кітап.

– Бірақ мен Одан едәуір алыстап кеттім емес пе?

– Алыс болсаң да, Ол саған тым-тым жақын.

– Ендеше, менің күнәм көп. Оған қай бетіммен қараймын?

– Кінәлі екеніңді сезінсең, тәубеге келесің. Ол сені кешіреді.

– Қамқор болған әкем де, шешем де жоқ, онда кімім бар?

– Оның қамқорлығы шексіз, саған да, жақыныңа да жетеді.

– Ендеше, бұдан кейін қайтемін, қалай күн көремін?

– Оның шексіз рақымынан еш уақытта күдер үзбе!

– Ал қиындықты ше, оны қалай еңсеремін?

– Әрбір қиындықтан кейін міндетті түрде жеңілдік бар.

– Төзімім таусылса қайтемін?

– Ол сабырлық танытатындармен әманда бірге болады!

 

Эгология

Қайбір жылы Лондонда әлемнің түкпір-түкпірінен келген зиялылардың басқосуына қатысып едім. Адамзаттың тағдыры туралы толғанған жиын еді. Әр саланың өкілдері биік мінбеден әлемдік проблемаларды қозғап, одан шығар жолдарды ұсынып жатты. Қасымда отырған бір ғалым:

– Біздің негізгі мәселеміз не екенін білесіз бе? – деп сұрады менен.

Мен саясатты, экономиканы, экологияны айттым. Ол сөзімді мұқият тыңдады да:

– Оныңыз рас, әрине, – деді келіскендей сыңай танытып. – Бірақ сіздің айтып отырғаныңыз бергі әңгіме. Экономика дегеніңіз, қалай болғанда да түзелер, экологияңыз қалпына ­келер, бірақ осы күнге дейін жөнге келмей жатқан негізгі бір-ақ мәселе бар, ол – «эгология». Әдетте біз «Эгоизм» дейміз ғой, менмендіктің дәл өзі. Тәкаппарлық та осыдан ­тарайды. Бәріне кедергі болып отырған осы. Қараңызшы, соның кесірінен адамзат қан жылап отыр, әділдіктен, адамгершіліктен айырылдық, азғындап, азып-тозып бара жатырмыз. Әдебиетіңіз, философияңыз жайына қалды. Түбі бір бәлекетке ұрынамыз деп қорқамын…

 

Түпкі мәселе

Елімізден жұмыс таба алмай, Канадаға көшіп кеткен досым өмірде болған бір оқиғаны айтып берді.

…Қалалық сотқа орналастым. Біз сияқты төрт тіл білетін маман жоқ екен ол жерде. Шетелден келгендердің істерін қарап, құжаттарын әзірлеп, сотқа тапсырамын. Кейде сот процесіне қатысамын. Әйтеуір, қызу жұмысқа кірісіп кеттім.

Бір күні ұрлықпен ұсталған қария кісінің соты жүріп жатты. Бар кінәсі – нан ұрлаған. Қария қайтсін, кінәсін мойын­дады. Соттың: «Неге ұрладыңыз?» деген сұрағына: «Аш едім. Қалтамда бір тиын қалмады. Амалсыз ұрладым» деді. Сон­дағы соттың әділдігін қарашы. Былай деді:

– Сіз ұрлық жасадым деп ­мойындап отырсыз. Мен сізге бес доллар көлемінде ақшалай өтемақы төлеуге үкім шығарамын. Ал бұл ақшаны қалай төлейсіз? Шамаңыз жоқ, оны білемін. Сол үшін сіздің орныңыз­ға мен төлеймін.

Біз аң-таңбыз. Сот қалтасынан ақшасын шығарып берді. Уәдесінде тұрды. Содан кейін орнынан түрегеліп:

– Шындығында, бұған сіздер кінәлі­сіздер! Мына қарияға ақша жинап ­бе­ріңіздер. Өйткені сіздер аштықтың кесірінен ұрлық жасауға мәжбүр болған қоғамда өмір сүріп отырсыздар. Бұған бәріміз жауаптымыз! – деді залдағыларға қарап.

Отырған жұрт әлгі шалға лезде ақша жинап берді. Бұрын-соңды болмаған жағдай екен. Сөйтіп, сот:

– Егер мәдениетті адамдар тұратын қалада осындай кедей кісілер кездесетін болса, онда сол қаланың басшылары елдің ақшасын талан-таражға салып отыр деген сөз. Бұны естен шығармаңыздар! – деп әділ сөзін айтты.

                                           ***

Неге екенін білмеймін, сот туралы әңгімені тыңдай отырып, еліміздің сол кездегі әскери сотының төрағасы Сәкен Абдолланың телефоныма жазып жіберген хатын есіме алдым.

Әншейінде лауазымды тұлғалардан хат келгені былай тұрсын, жылы сөз естімейтініміз жасырын емес. Көкіректе сәулесі, көңілде сенімі болмаса, қайтсін енді. Кітап оқуды былай қойғанда, кітапты жау санайтын әкім-қараны да көрдік қой.

Ал бұл хаттың жөні бөлек еді. Сот төрағасының кітапқұмарлығына тәнті болдым. Әйтпесе, бұрын көрмеген адамым. Сот саласына қатысым да жоқ.

Ол хатта былай деп жазылған:

Құрметті Мәлік бауырым!

Сіздің «Бір қайыры бар дүние» атты кітабыңыз жарық көріпті. Құтты болсын! Кітапқа енген кейбір дүниелеріңізді бұрын да қызыға оқығанмын. Ұлттық кітапханаға телефон соғып, кітапты ­сатып алайын десем, ондағылар архивте сақталатын нұсқалары ғана бар дейді. Кітап дүкенінде, өзіңіз білесіз, табу қиын. Шетелде жүрсеңіз де, өзіңізден сұрайын деп едім. Кітапты қайдан алуға болады? Сатып алайын. Жауабыңызды күтемін.

Ізгі тілекпен,

С.Абдолла.

Сот төрағасынан келген хат осы. Кейін тағы хат жазыстық. Кітапты поштасына салып жібердім. Оқып, пікірін айтты. «Тағылымы мол екен. Бас алмай бір демде оқып шықтым» деді.

Сіздей кітапқұмар азаматтар көп болсын. Бар болыңыз, сот мырза!

Оқырман кітабыңды осылай іздеп, оқып, пікір айтып отырса, автор үшін бұдан асқан қуаныш бар ма? Әсіресе, ешкімнен қолдау көрмеген, кітабын шығара алмай жүрген қаламгерлер үшін қандай бақыт!

 

Таксиші

Қыс мезгілі. Лондон. Түнгі уақыт. Таксиші әуежайдан күтіп алған жолаушыны отырғызып, қонақүйге қарай келе жатты. Артқы орындыққа жайғасқан ­жолаушы сөзге сараң еді. Тіс жарып, үн қатпады. Таксиші де оның мазасын ­алмайын деп, үндеген жоқ.

Қалаға кіреберісте кенет ­жолаушы бірдеңе сұрамақ болып, таксишінің иығынан ақырын қағып қалып еді, терең ойға батып, көлігін баяу жүргізіп келе жатқан таксишінің есі шығып, рөлді оңды-солды бұрып, әрең дегенде өз ­жолына қайта түсті. Бекер түрткен екенмін деп өкінді жолаушы.

– Кешірерсіз, бірдеңе сұрайын деп едім. Сіздің бүйтіп шошып қалатыныңызды білмеппін.

– Қайта, сіз мені кешіріңіз, – деді такси­ші тез есін жиып. – Кінә менен. Бүгін бірінші рет таксиші болып, жұмысқа шық­тым. Бұдан бұрын отыз жыл бойы табыт тасып, катафалк жүргізгенмін. Енді, міне, зейнетке шығып, жан бағып отырмыз…

Таксишінің сөзінен кейін жолаушы өзінің не сұрағысы келгенін ұмытып та қалды.

 

Ешкімге айтпа!

Шөл далада түйеге жүк артып, ұзақ сапарға шыққан бір кісі жол ­бойында «Су… Су беріңдер…» деп ыңырсып жатқан жас жігітті көреді де, түйесінен түсіп, торсығынан су ішкізеді. Шөлін қандырған жігіт қулық жасап, әлгі кісіні итеріп құлатады да, түйесіне мініп алып, қаша жөнеледі.

Түйенің иесі: «Сақ бол, бауырым! Бұл жағдайды ешкімге айтпа!» деп айғайлайды соңынан.

Жігіт ойланып қалады. «Не үшін олай деді екен? Үлкен кісі ғой, бекер айтпаған болар-ау?». Сөйтіп, әлгі кісінің сөзі жігітке маза бермейді. Сонсоң түйенің басын кері бұрып, иесіне қайта оралады.

– Сен мені балағаттап, боқтаудың орнына, «Ешкімге айтпа!» деп, бірдеңені білгендей болдың ғой. Неге олай дедің? Біреуге айтсам не болады екен? – деп сұрайды әлгі кісіден.

– Егер біреуге айтсаң, – дейді ­жолаушы кісі, – бұдан былай ешкім де шөлдеген кісіге су бермейді. «Мені тонап кетсе, қайтемін» деп, айналып өтеді. Осылайша, сен талай жақсылықтың жолын бекітіп, жамандық пен өлімге жол ашасың.

Бұл сөздің мәнін ұққан жас жігіт жолау­шыдан кешірім сұрап, түйесін қайтарады.

«Бірдеңеге себепші болу оны жасаған­мен бірдей» деп бекер айтпаған ғой.

                                                                                                                                                                                                                                           (Жалғасы бар)                                                                                                                                                                                                                   

Мәлік Отарбаев

 

Ana tili.кz

 

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер