«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
ЕСЕП» партиясын құрған...
ЕСЕП» партиясын құрған...
Дайындаған: 3 ай бұрын

Ұлтжанды азамат, күрескер ақын       .                 .          Бүркіт Ысқақовты білесіз бе?

 

 

Қатаң тәртіп, қасаң идеологияға құрылған кешегі тоталитарлық қоғам -Кеңес одағының тұсында да қазақ халқының бостандығын мен азаттығын аңсап, партия құрып, астыртын күрес жүргізген батыл да отаншыл азаматтардың болғанын бүгінгі жастар біле бермеуі мүмкін. Дегенмен олардың ерлікке пара-пар істері, жанкешті әрекеттері туралы өскелең ұрпаққа жария етіп, айтып отыру, көз көргендер мен білетіндердің, яғни аға буынның парызы мен қарызы. Біз солай еткенде ғана ұлттық болмысымызды, салт-санамыз бен ар-намысымызды, елдік тұтастығымыз бен бірлігімізді сақтап қала аламыз.

Міне, сондайлардың бірі және бірегейі қайсар ақын, әдебиетші ғалым Бүркіт Ысқақов еді. Ол кісі жайында біз әркімдерден «айналасындағы өзі сияқты жастардың басын қосып, «ЕСЕП» (Елін сүйер ерлер партиясын) құрған, сөйтіп, ел арасында Қазақстанның дербес мемлекет болуын насихаттаған, сол үшін ұсталып, жиырма бес жылға сотталған» дегенді еміс-еміс естуші едік. Оның өзін жұрт жан-жағына барлай қарап, сыбырлап қана айтатын. Өйткені, кім-кім де әркімнің аузын аңдып, жүріс-тұрысын бақылап отыратын, құрығы ұзын «үш әріптен» (КГБ-дан) қорқатын.

Кейіннен оқып білген деректеріміз бойынша Бүркіт Ибрагимұлы 1924 жылы 4 қарашада Қарағанды облысының, Нұра ауданындағы "Көкмөлдір" дейтін ауылда туған. Ол жастайынан зерек және арманшыл болып, ел аузындағы қисса дастандарды зейін қоя тыңдап, жаттап өскен. Соның әсерінен өзі де өлең жаза бастаған. Ең алғашқы "Ана туралы жыр", "Көкмөлдір" деп аталатын тырнақалды туындылары газеттерде жарық көрген.
Оның жастық шағы туралы бірге оқыған замандасы Махмет Теміров былай деп жазады: «... 1940-1941 жылдарында бір топ оқушы Қарағандыдағы екі жылдық мұғалімдер институтына оқуға түстік. Олар ауылдағы әдебиет үйірмесінің мүшелері: Елеш Бимағанбетов, Бүркіт ЬІсқақов, Дәкен Шалабеков, Әшім Сүлейменов, Жанайдар Әубәкіров, Аманжол Дүйсенбаев, Махмет Теміровтер еді. Сөйтіп білім қуалап, дүниені кеңірек тануға құштарланған студенттік өмірдің ішіне кірдік те кеттік. Мұнда келгеннен кейін Бүркіттің таланты бұрыңғыдан да ашыла түсіп, оған таныс емес жат ортаның өзі оны құшақ жайып қарсы алғандай болды. Ол - жалындаған жас ақын ретінде танылды. Ойлы да отты өлеңдерімен оқытушыларды да, студенттерді де өзіне баурап алды. Көпшілік арасында оның абырой-беделі арта түсті.

Бірде тарих сабағы жүріп жатқан. Кезекпен карта алдында тұрып жауап беріп жатырмыз. Сабақ өткізіп отырған мұғалім Қабзәкір Байтасов еді. Ол өзінің лекциясын өте тартымды етіп оқитын. Сол себепті оның сабағына біріміз қалмай қатысып, оқыған лекциясын ынтыға тыңдап, өзін ерекшеқұрметтейтінбіз. Бір кезде жауап беру кезегі Бүркітке келді. Оқытушы оған жылы шыраймен, мейірленеқарап тұрып: «Сен, шын ақын болсаң, осы картаға қарап тұрып, еш ойланбастан бір ауыз өлең шығаршы» - деді. Сонда Бүркіт қызылға шүйліккен бүркітше қомданып тұрып,көп ойланбай-ақ:

Уа, Азия, ұлысың,

Ұлылығың құрысын.

Құрысын демей не дейін?

Еуропаның құлысы!- деген бір шумақ өлеңді төгіп-төгіп жіберді.

Мұны тыңдап отырған оқытушы да, біз де демімізді ішімізге тартып отырып қалдық. Бірақ қай-қайсысымыз да Бүркіттің аяқ астынан шығарған өткір ойды қозғап тұрған, өлеңіне, ақындық талантына тәнті едік. Сондықтан болар, отырған студенттер ду қол шапалақтап жіберді».

Айтса айтқандай-ақ, осы бір төрт жол өлең жолдарының өзі оның ақындық таланты ғана емес, саяси көзқарасының да бүршік атып, қалыптаса бастағанын аңғартқандай болатын. Сондықтан да ол әдеби көркем шығармаларға қоса, тарих пен қоғам туралы, әлемдегі көптеген елдердің азаттық пен тәуелсіздік жолындағы күресі жайындағы кітаптар мен мақалаларды көбірек оқып, өзінің білім мен танымы көкжиегін байыта түсті. Сондай еңбектердің әсері болар, оны енді: «Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы сыртқы жаулардан қасық қаны қалғанша қорғап, кейінгі ұрпағына мұра етіп қалдырған, қойнауы байлыққа толы, мынадай ұлан-ғайыр территорияда біз - қазақ халқы қалайша кеңестік империялық биліктің қас-қабағына қарап, өмір сүреміз? Неге біз өз алдымызға дербес, тәуелсіз мемлекет болмаймыз?» деген тәрізді сұрақтар жиі мазалайтын болды. Азаттық жолындағы осындай ойларымен айналасындағы достары, жолдастарымен бөлісті. Өзіне жақтас, көзқарасы ұқсас адамдардың табылатынына көз жеткізген соң, олардың басын қосып, бірігіп партия құру идеясын тастады.

Бұл жөнінде жоғарыда айтылған Махмет Теміровтың естелігінде мындай жолдар бар:» «1941 жылғы ақпан айының бас кезі. Әдеттегідей, Бүркіттің әңгімесін тыңдап отырмыз. Бүгін ол ерекше шабыттана сөйлеп тұр. Жан-жақты дамыған АҚШ, Англия, Франция сияқты капиталистік елдерде бірнеше партиялардың қатар өмір сүретіндігін, мемлекет басқаруға сайлауда жеңіп шыққан партияның басшылары тағайындалатынын айтып берді де: “Ал біз халық қамын ойлайтын, халық үшін ғана қызмет ететін жаңа партия құруымыз керек”, – деді. Бұл пікірі біздерді қызықтыра түсті. Мұндай әңгіме өмірімізге зор қауіп төндіретіні ойымызға кіріп те шыққан жоқ. “Жаңа партиямыз тек ел үшін еңбек етуі керек. Ал ойлаңдаршы, сонда оны қалай деп атаймыз?” – деді Бүркіт бәрімізге қарап. Енді бәріміз жаңа партияның атын қоюға таласа бастадық. Әрқайсымыз өзімізге ұнаған әртүрлі аттарды атап жатырмыз. Тіпті өз ойымызды бұрынырақ өткізіп жіберуге тырысамыз. Талқылай келгенде олардың бірде-бірі ұнамады. Ақыры Бүркіт өзі бұрыннан көп ойланып осы дұрыс болады-ау деп есептеп жүрген жаңа партияның атын біздерге сенімді түрде жария етті. “Жолдастар, – деді ол, – біздің партиямыз “Елін сүйген ерлер партиясы”, қысқартып айтқанда “ЕСЕП” деп аталады. Осы отырған бәріміз бүгіннен бастап осы жаңа партияның мүшесіміз. Елдің қамын ойлайтын, елі үшін адал қызмет ететін партия болса, халық еш уақытта күйзеліске ұшырамас еді”, – деді ол шабыттана сөйлеп.

Сөйтіп, өзіміз бір жаңа саяси партия құрып алдық деп қуаныстық. Алдағы уақытта оның бағдарламасын да, жарғысын да тездетіп қабылдауға ұмтылдық. Студент, оқушылар ара­сын­да үгіт жүргізіп, пікірлестеріміз­дің санын көбейтпек болдық. “ЕСЕП” пар­тиясының қазіргі мүшелері деп мыналарды ұйғардық: Бүркіт Ысқақов (көсемі), Ма­хмет Те­міров (орынбасары), Елеш Бимағанбетов, Дәкен Шалабеков, Аманжол Дүйсенбаев, Әшім Сүлейменов, Жанайдар Әубәкіров. Бұлар институтта оқып жүрген студенттер. Бұлардан басқа ауылда тұратын пікірлес достарымыз да партия мүшелері деп есептелді. Олар: Рақыш Бұйрабеков, Кәмәли Рахметов, Қажыкен Тінтаев, Ақ­қошқар Мұқанов, Байдалы Боқаев, Ақаш Мұқанов, Балапан Сәкібаев, Орынбай Сауқанов, Сайдали Кенже­баев (кейіннен Мақуов) Дәулетбек Әкімбеков, Қыздарбек Әкімбеков еді. Құпия түрде болса да біздің тілектестеріміз біртіндеп өсе берді. Бүркіт бірге оқып жүрген студенттерге ғана емес, сол кездегі бүкіл Қарағанды қаласының Жамбыл атындағы жалғыз қазақ мектебіне барып, өз пікірін оқушыларға да айтып, олардың ұлтық намысын оятуға бар күшін салып жүрді. Сөйтіп пікірлестер шоғыры мектеп оқушыларының ішінен де шыға бастады. Біздермен пікірлес деп тарих факультетінің студенттері Нүркенов, Сейітов Қайлеш, Аманбаев Мұқаш, Әубәкіров Хайридденді атайтын. Институтта Бүркітпен жақсы дос, пікірлес болғандардың бірі Жаппар Өмірбеков болатын».

Әрине партия құрғанда бұлар шет елдердегідей ұйымдасып, көшеге шығып, шеру өткізіп, үкіметке өздерінің саяси-экономикалық талаптырын білдіріп, қанадай да бір іс-әрекетер жасай қойған жоқ. Тек бар болғаны кеңестік қоғамдағы халқымыздың басынан кешіп отырған қиындығы мен әділетсіздігі, тіліміз бен ұлттық салт-дәстүріміздің жоғалып бара жатқандығы сол үшін тәуелсіздік пен бостандық алу жолында күресу керектігі туралы айналасындағы адамдар айтып, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Құрсауланған қоғамда осының өзі батылдық әрі ерлік еді.

Аталған мұғалімдер семинариясын бітірген соң ақындық таланты және шығармалшылық қабілетіне қарай Б. Ысқақов «Советтік Қарағанды» газетіне қызметке алынады. Бірақ көп өтпей Ұлы Отан соғысы басталып кетеді де өзі құралыптас жастармен бірге майданға аттанады.

Қиян-кескі соғыстың ауыртпалығын бір кісідей бастан өткізген майдангер ақын 1946 жылы елге жеңіспен оралып еңбек жолын бұрынғы өзі істеген газетте жалғастырады. Алайда көп ұзамай, Алматыға ауысып, жұмысын: "Пионер", "Білім және еңбек" журналдарында, "Лениншіл жас" газетінде жалғастырып, тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы сияқты қызметтер атқарады.

1948 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп, Қазақстан Ғылым академиясына аспирантураға қабылданады.

Бейбіт күнде Бүркіт ағамыздың басшылығындағы баяғы «ЕСЕП» партиясы өзінің жұмысын қайта жандандырады. Ел арасындағы «қоғамға жат» саналатын, мұндай «антисоветтік» әрекеттер бүкіл жұртты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап отырған КГБ (Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің) саққұлақ, қырағы көз жансыздарының назарынан тыс қалмайтыны анық. Олар «ЕСЕП» партиясы мүшелерінің әрбір қадамын аңдып басып, ақыры 1951 жылдың 18 қаңтарында Бүркіт Ысқақов пен Махмет Теміровты тұтқындайды. Бұл кезде соның алдында ғана, яғни 1950 жылдың желтоқсанында «Правда» газетінде Шойынбаев, Айдаров және Якуниннің тарихшы ғалым Ермұхан Бекмахановтың «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты кітабын қатты айыптап, сынаған «Қазақ­стан тарихы мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан бағамдайық» деген мақаласы жарияланып, ел көлемінде «буржуазиялық ұлтшылықтың сарқыншағы және космополитизммен күрес» науқаны басталған болатын.

Не керек, бұларды бес айдай түрмеде ұстап, жан-жақты тергеуге алып, неше түрлі қорқыту мен үркіту, азаптау амалдарын қолданып, «мойындатып», ақырында қолдан жасалған, негізсіз айыптау қорытындысымен 1951 жылдың 14-15 маусымында әрқайсысын ұзақ мерзімдік жазамен соттайды. Бұлардың ісін анау-мынау емес, республика Жоғарғы сотының өзі қарап, РСФСР Қылмыстық істер кодексі 58-бабының 19-11-тармақтары бойынша Бүркіт Ысқақов, Махмет Теміров, Айтбай Нәрешевті 25 жылға кесіп, қосымша 5 жыл азаматтық құқықтан айыру туралы үкім шығарады. Ал, Рамазан Нәрешевті, Мұстахым Азанбаевты, Жекен Қалиевті 10 жылға, Адырбек Аманқұловты 8 жылға бас бостандығынан айырады.

Бүгінгі күннің деңгейінен қарағанда бұларға таққан айыптарының өзі қисынсыз әрі күлкілі. Мәселен, Бүркіт Ысқақовты ертеректе "Жас қалам" үйірмесін кейіннен "ЕСЕП" партиясын құрып, үкіметке қарсы насихат жүргізгесін деумен қатар, "Үндістан" деген өлеңді «халық жаулары» С.Сейфуллиннің "Азия", І.Жансүгіровтың "Гималай" өлеңдеріне еліктеп жазғансың деп айыптаған. Тіпті 1940-1942 жылдары инсти­тутта өздеріне қазақ әдебиетінен сабақ берген Нәрешев Айтбайдың үйіндегі кітапханасынан оның інісі Рамазан Нәрешев арқылы алаш ақындарының кітаптарын алып оқығандары да кінә болып тағылған. Осының бәрі жинақтала келгенде «қоғамға қарсы қылмыстық әрекеттер» деп танылған.

Осылайша алды әлі отызға тола қоймаған жеті-сегіз азамат жалған жаламен бас бостандықтарынан айырылып, абақтыға айдалып кете барды. Бұл жағдай олардың жас өмірлерін тұмшалап, өксітіп қана қоймай ата-анасына, от басына, ет жақын туыстарына қаншама қайғы-қасірет әкелді. «Саяси сенімсіз» тұтқындар жазаларын лагерьде өтеп, бірталай қиындық пен ауыр азаптарды бастан кешірді. Кеңес өкіметіне қарсы, «жат элементтер» ретінде талай түрткі мен қорлауды көрді.

Жазықсыз жапа шеккен Бүркіт ақынның сол кездегі ахуалы мен көңіл-күйін мына бір өлең жолдары аңғартқандай еді:

Душар боп бейнет сорыма,

Кәріне кез боп тағдырдың.

Тұтқынның түсіп торына,

Басыма бұғау салдырдым.

Қайғының қара қанжары,

Қадалып ғазиз жүрекке.

Жараланып жас жаным,

Отырмын оймен түнекте.

Жақыным, жарым, жолдасым,

Жаныма бірі келмейді.

Ойлай ма, әлде өз басын,

Білмеймін әлде сенбейді!

Темір қоршау, тар қапастың ішінде жүрсе де оның қаламынан: "Тұтқын жыры", "Лагерьдегі өлеңдер", Тас өзеннің ызғары" деп аталатын өлеңдер топтамасы туды. Басына түскен ауыртпалық пен қиындықты жасымай, қайсарлықпен көтеретінін сездіріп:

Батса да ызғар денеме,

Соқса да боран долдана,

Ойламаймын дәнеңе,

Жасымаймын сонда да!

Кірмейді суық ойыма,

Соқса да боран қайталап,

Жылылық берер бойыма

Жұртыма деген махаббат!- деп жырлады.

Осы жөнінде кейіннен сыншы ғалым, академик Мұхамеджан Қаратаев: «Бүркіт Ысқақов сияқты бірен-саран ғана болмаса абақтыда болған көптеген талантты ақындардың өлең-жырлары бізге жете қойған жоқ. Ал, Бүркіттің жырларынан Сәкеннің сыры, Бейімбеттің мұңы, Ілиястың үні естілгендей болады" деп жазды.

Үкіметке қарсы шыққан «саяси сенімсіз» адамдар ретінде бұлар жазасын аяғына дейін өтеп шығар ма еді, кім білсін? 1953 жылы «халықтар көсемі» И.В. Сталин дүниеден озған соң оның «жеке басқа табынушылық» саясаты сынға алынып, «жылымық» заман орнағандай болды.

«Степлагта» лагерінде бес жыл қасірет шеккен Б. Ысқақов өзі сияқты саяси айыппен сотталғандармен бірге КСРО Жоғарғы сотының 1956 жылы 20 қарашадағы қаулысы бойынша толық ақталып, еркін өмірге оралды.

Дегенмен, ұлтжанды азамат, өршіл ақынның жазықсыз сотталғаны өміріне қара дақ салып, отбасын да орны толмас қайғы мен қасіретке душар етті. Күйеуі тұтқындалып, сотталған соң бірнеше айдан кейін әділетсіздікке шыдамай қан жұтқан әйелі Мармар көз жұмды. Әлі кәмелетке толмаған, қараусыз қалғанын қос бүлдіршінін елдегі ағайын-туыстары алып кетті.

Қамаудан босатылып, «толықтай ақталталды» делінгенімен сәл нәрседен секем алып, сақтанған ол заманда Бүркіт ақынның жұмысқа орналасуы да оңай болған жоқ. Әйгілі қаламгерлер Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповтың араласуымен ғана «Лениншіл жас» газетіне қызметке алынып, сүйікті кәсібін қайта жалғастырды. Бойына біткен талант, қабілетінің арқасында журналистика, әдебиет, ғылым саласына елеулі еңбек сіңірді. Өмірінің соңына дейін Қазақ КСР Ғылым Академиясының М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып, жемісті қызмет атқарды.

Тағы бір айта кетерлігі, 60-шы жылдары Қарағандыда Кәмел Жүнісов бастаған бір топ жастар Бүркіт Ысқақовтың үлгісімен «ЕСЕП» партиясын құрып, жұртшылық арасында азаттық, бостандық туралы үнпарақтар таратып, халықтың санасын ояту бағытында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді. Бұлар да КГБ-ның қанды шеңгеліне ілігіп, әйгілі 58-ші баппен сотталып, Сібірге айдалады. «Ұшқыннан – жалын лаулайды» демекші, бұдан біз Бүркіт Ысқақов құрған «ЕСЕП» партиясының ел ішінде елеулі қозғалыс тудырғанын аңғарамыз.

Мен өзім Бүркіт ағамен «Білім және еңбек» журналында жұмыс істеп жүргенде таныстым. Бұрын өзі қызмет істеген редакциясы болғандықтан жиі бізге келіп араласып жүрді. Ара-арасында мақалалар жазып әкеліп тұрады. Жазғандарынан ұлтжандылығы, отаншылдығы сезіледі. Бос нәрселерді емес, «қазаққа пайдасы бар-ау» деген мәселелерді жазады. Кейде шәй ішіп отырып, әр тақырып төңірегінде шүйіркелесе әңгімелесеміз. Өмірден көргені мен көңілге түйгені көп. Бастан кешкен өткен оқиғаларын, қалай «ЕСЕП» партиясын құрғанын сыр тарта сұраймыз.

Бір жолы Бүкеңнің шешіліп, өздерінің сотталған сәттерін еске алып, мынадай бір әңгіменің шетін шығарып айтқаны бар. «Әйтеуір негізсіз құрылған айыптармен бәрімізді соттап жатты,- деп бастады ол кісі әңгімесін.- Ішіміздегі әлі жиырмаға тола қоймаған жас жігітіміз қолын көтеріп, орнынан тұрып:

- Жолдас, судья! Сізге бір сұрақ қоюға бола ма?- деді. Судья жақтырмай:

- Сен сотталушысың. Сондықтан «азамат судья» деп айт,- деді.

- Ия, азамат судья, сізге бір сұрақ қоюға бола ма?

- Е-е, не айтайын, не сұрайын деп едің? – деді судья зілдене.

- Сіз пролетариат жазушысы Максим Горькийдің «Ана» романын оқып па едіңіз?

- Оның бұл іске қандай қатысы бар?

- Оқысаңыз, сонда қолына қызыл ту ұстап, жұмысшыларды көтеріліске бастап, патша өкіметіне қарсы шыққан Павел Власовты патшалық Ресейдің соты бес жылға ғана соттаған ғой. Сіз неге маған 10 жыл беріп отырсыз?

- Отыр орныңа! – деді судья жекіріп, - Біз әлде де сенің жастығыңды ескеріп, он жыл беріп отырмыз. Әйтпесе жасаған қылмысыңа сай 20-25 жылға кесер едік.

Мұны естіген кейбіреулер мырс етіп күліп жіберді. Өйткені, әлгі жігіттің сөзінің жаны бар еді. Судья әй-шәйға қараған жоқ. Әрқайсысымызға тиісті баптар бойынша ұзақ мерзімдік жазаға үкімдер шығарды...Ол кездің судьялары: «антисоветчикті» аяған жоқпын, «полная катушка» бердім» деп мақтанып отыратын.

Бүркіт ағамыз бізге бұдан басқа да тағылым-сабақ боларлық талай ғибратты әңгімелер айтты. Айтқан әңгімелерінен оның асқан білімдарлығы, әдебиеттен де, тарихтан да хабарының мол екені байқалып тұратын.

Мысалы мен халқымыздың біртуар азаматтары Мұхамеджан Тынышбаев пен Қаныш Сәтбаевтың «шыққан тектерің бай екен» деп күдік келтірмеу үшін фамилияларын «Тынышпаев», «Сәтпаев» етіп жазғандарын, ұлт-азаттық көтерілісінің батыры Амангелдінің өз әкесінің аты Үдербай бола тұра, кедей табының өкілі етіп көрсету мақсатымен арғы бір атасы Иманның атымен жаздырғаны туралы Бүркіт ағамыздан есітіп білдім.

Сонау 1967 жылдың жазғытұрымында осы «Білім және еңбек» журналының редакциясында кезінде «Алаш» үкіметінің белсенді мүшесі болған, Кеңес өкіметінің негізін қалаушы, пролетариат көсемі В.И. Ленинге барып жолығып, Қазақстанның осы күнгі территориясын белгілеп қайтқан атақты математик ғалым, профессор Әлімхан Әбеуұлы Ермековпен кездесу өтеді. Кездесуге көршілес газет-журналдардан біраз журналист-жазушылар жиналады. Жиналған жұрт сонау бір аласапыранды жылдарда талай «тар жол, тайғақ кешулерден»тарихи тұлға, білікті ғалым Әлімхан Әбеуұлының әңгімесінен небір қызықты жәйттерге қанығады. Сонда сөз арасында Бүкең:

- Әлеке, кәзір енді қуғын-сүргін, асыра сілтеу басылған бейбіт заман ғой. Айып етпесеңіз, Сізден бірдеңені сұрайын деп ем, - дейді әдейі отырғандардың назарын аударып. Ана кісіден:

- Сұрай ғой,- деген ишара болған соң:

- Осы сіздің «Алаш» үкіметінің атынан генерал Колчакқа барып, келіссөз жүргізіп қайтқаныңыз рас па?- деп сұрайды. Бұған Әлімхан Ермеков аса тереңдемей:

- Қазақтың, елдің мүддесі үшін ондай әрекеттердің талайына бардық қой!- деп жауап береді.

Таптық, саяси сүзгіден өте қоймайтын мұндай батыл сұрақтар қамтылмағанымен «Білім және еңбектің» 1967 жылғы 6-санында «Редакцияда қонақта – Әлімхан Ермеков» деген мақала жарияланған.

Әсіресақ, өсекқұмар жандайшаптар жайымен қарап жүрген бе? Сондай жағымпаздардың бірі жоғары жаққа: «Ойбай, мына «Білім және еңбек» журналының редакциясы «Алаш» өкіметінің көсемдерінің бірі болған Әлімхан Ермековпен кездесу өткізді. Бұлар ұлтшылдықты қоздырып, баяғы заманды көксеп жүр» деп хабаралаған көрінеді. Сөйтіп, аяқ астынан журналдың басшысының басына қара бұлт үйіріледі.

Рас, өтірігін қайдам? Осы оқиғаға байланысты Әлімхан Ермеков тікелей Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаевтың өзіне кіріп: «Мен үшін мына бала босқа күйіп кетпесін» деп аратүсіп, журналдың Бас редакторы Талап Сұлтанбековты аман алып қалған деседі.

1984 жылы да «Білім және еңбекте» Бүркіт Ысқақовқа қатысты тағы бір оқиға орын алды. Журналдың 12-нөмірінде ол кісінің «Қазақ совет генералдары» деген мақаласы жарияланып, онда кеңес өкіметінің тұсында генерал шеніне қол жеткізген қазақ азаматтары жайында жазылды. Олардың өмірбаяны беріліп, әскер қатарындағы жауынгерлік өмір жолдары баяндалды. Былай қарағанда ешбір сөкеттігі, саяси жағынан қателігі жоқ, керісінше кейінгі толқын жастар үшін Отанға адал қызмет етудің үлгісін көрсеткен, тағылымдық-тәрбиелік мәні зор дүние сияқты еді. Бірақ та Сағдат Нұрмағанбетов туралы жазылғанда оның әскери шені «генерал-полковник» деп жазылып кетіпті. Мұны байқап қалған «лито» деген ұйым (Баспасөзде мемлекеттік құпияны сақтау қызметі) журналды дереу тоқтатып, тараттырмай қойды. Соған байланысты бүкіл редакция тайлы-таяғымызбен журналдың сол бетін жыртып, орнына түзетілген бетті қайта желімдеп, әуре-сарсаңға түстік. Жаңылмасам ол кезде «Білім және еңбектің» таралымы жетпіс мыңнан астатын. Өзіміз үлгере алмағандықтан бұл іске жақын маңдағы мектеп оқушыларын тартып, көмек сұрауға мәжбүр болдық.

Қызығы артынан болды. Екі-үш күн өткеннен кейін КГБ (Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің) адамдары келіп, шетімізден тергеп: «Сағадат Нұрмағанбетовты генерал-полковник деп жазған кім? Бұл біреудің тапсырмасы ма? Біреу сендерге солай жазыңдар деп айтты ма? » деген сияқты сұрақтардың астына алды. Ал, мақала авторы Бүркіт Ысқақовтың бізден де гөрі қатты қысым мен тергеуге алынғаны бесенеден белгілі. Сондай тергеудің барысында Бүкеңнің аузынан кездейсоқ журналдың фототілшісі Жүнісбек Пайызовтың аты-жөні шығып кетіпті. Ізін суытпай оны дереу бір подполковник келіп, сұрай бастайды. «Осылай да, осылай сіз Сағадат Нұрмағанбетовты генерал-полковник деп айтқан көрінесіз?» дейді түсін суытып. Кейде Жүкеңнің ондайда тауып кететіні бар-тын. Сол әдетіне салып: «Жоқ, мен генерал-полковник емес, маршалл деп айтып едім ғой!» депті. Мұны естіген әлгі подполковник ұялғанынан қолын бір сілтеп кетіп қалыпты.

Осындайда еске түседі. Әлі есімде 1988 жылы біраз жас журналистер әйгілі 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін пайда болған Алматы қалалық студенттік «Өркен» газетін шығара бастадық. Қайта құру, жариялылық заманының қарлығашы сияқты болған ол газеттің тарихтың бұрын-соңды айтылмаған «ақтаңдақтары» айтылып, өткір-өткір мақалалар жарық көріп жатты. Соның ізімен бір нөмірге («Өркен»,1988 жылғы 30 сәуір) Бүркіт Ысқақов туралы «Басқа түскен бақ пен сор» деп аталатын мақала дайындадық. Авторы Армиял Тасымбеков. Мақаланың қатесі, кем-кетігі түзеліп, газеттің бетіне түсіп, түнгі он екіде нөмірге қол қойғалы жатқанбыз. Кенет кезекшілік бөлмедегі қара телефон шыр ете қалды. Көтерсем ар жағынан Бүркіт ағамның құмыққан әрі дірілдеген даусы естіледі.

- Қарағым, пәлесінен аулақ. Сол мақаланы алып тастаңдаршы?- дейді жалынышты үнмен.

- Ой, аға! Өйте алмаймыз. Нөмірге қол қойып, жіберіп қойдық,- дейміз біз. Расында да шегінерге жол жоқ еді. Жоғарыдан нұсқау болмаса ол кезде шығып бара жатқан газетті тоқтату үлкен дау, қиын мәселе болатын. Оның шығын өз алдына. Басылымның басшысы партиялық жазалаусыз қалмайтын. Басында жалынып бастаған Бүркіт ағамыз ақырында қатаң талап ете бастады. Не істерімізді білмей біз де састық. Редакциядағылар жан-жақты ақылдаса келіп қулыққа көштік. «Жарайды аға, амал жоқ алып тастаймыз!» деп сендірдік. Бірақ газет солай шығып кетті. Алайда, түнімен ойымыз он саққа жүгіріп, ұйықтай алмай шықтық.

Ертеңіне сағат он бірлерде Бүркіт аға телефон соғып тұр. Өзі көңілді.

- Әй қу балалар! Мені алдып шығарып жіберіпсіңдер ғой?! – дейді. – Жан-жақтан жұрт телефон шалып жатыр. Үстімнен үлкен жүк түскендей болды. Сұрап білдім, жоғары жақтың да пікірі жаман емес секілді. Біз де:

- Өзіңіз ғой, жоқ жерден секем алып, сақтық танытқан,- деп ақталып жатырмыз.

- Ей, қарақтарым-ай, менің жағдайымды жиырма бес жылға сотталып, бес жыл түрменің ауыр азабын шеккен адам біледі,- деді де бірауық үнсіз қалды. - Телефон тұтқаның ар жағынан оның солқылдап жылап тұрғаны білініп тұрды. Мұны естіген біздің де көңіліміз босады.

Өзі көпке дейін: «Сендер мені шын мәнісінде толық ақтадыңдар. Енді елдің алдында жүзім жарық бола бастады» дегенді айтып жүрді.

Сөйткен күрескер азамат, туған елінің өзі аңсап, армандаған тәуелсіздігін көре алмай 1991 жылдың 22 қаңтарында мәңлігік сапарға аттанды.

Бұл өмірде бәрі салыстырамалы ғой. Әйтсе де сирек болса да қарақам басының қамын ойламай, өз мүддесінен халқының мүддесін жоғары қоятын осындай ұлтжанды азаматардың болатынына шүкіршілік етіп, тәуба дейсің.

Келешекке деген үмітің үзілмейді...

 

Әшірбек Амангелді

 

Жолымбет Мәкіш,  ғаламтордағы жазба

 

Aqsaqaldar.kz

 

 

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер