«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Әл-Фараби әлемі және қазіргі Қазақстан
Әл-Фараби әлемі және қазіргі Қазақстан
Дайындаған: 2 ай бұрын

 

Өркениет өнегесі

     Адамзат өркениеті қайда беттеп барады? Бізді алдымызда не күтіп тұр? Бұл – көптеген ойшылдар мен саясаткерлерді толғандыратын сауалдар. Дәл қазіргі сәтте ұлы ғұламаның адамзатқа қарата айтқан ізгі қоғам туралы ілімінің өзектілігі артып келеді. Әл-Фараби – өркениет философы, әлем кеңістігіне асқар биіктен көз салған ұлы тұлға. Оның рухани құндылықтар мен игі мұраттарға негізделген идеялары мемлекетті әділ басқаруға және қоғамды кемелдендірудің өркениетті парадигмасын қалыптастыруға негіз бола алады. Бұл идеялар заманауи адамзат өркениетінің басты ұстынына, әлемдік қоғамдастықтың қауіпсіздігі мен қалыпты өмірін қамтамасыз ететін қағидаға айналуға тиіс. Тек осылайша ғана адамзат дамуына аса қолайлы бейбіт кезеңге жетуге болады. Ұлы өркениет философының үніне барлық адамзат баласы құлақ түруге тиіс!

     Қазақстан тәуелсіздік алған кезден бастап, әлемдік деңгейдегі бірқатар басқосуларға мұрындық болып келеді. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі, Елбасының ядролық қарусыз әлем жөніндегі бастамасы – соның айқын дәлелі. Қазақстанда Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйымы мен Ислам ынтымақтастығы ұйымы­ның саммиттері, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі жоғары деңгейде өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Еуразиялық экономикалық одақ ауқымын кеңейтіп, халықаралық аренадағы беделін арттырды. Қазақстан әлемдегі қақтығыстар мен шиеленісті мәселелерді шешу жолында Әл-Фараби ұсынған ізгілік пен ынтымақтастық қағидаларына сай маңызды қадам жасап, күш жұмыл­дырып келеді.

     Ғылым мен мәдениет саласындағы айтулы жетістіктер өркениет дамуының қозғаушы күші екені белгілі. Кез келген халықтың тарихтағы орны ғылыми-технологиялық, инновациялық және мәдени даму үрдісіне қосқан үлесі бойынша айқындалады. Осы орайда, біз ата-бабамыздың жылқыны қолға үйрету мәдениетін қалыптастырып, металл өңдеуді дамытқанын зор мақтанышпен айта аламыз. Орталық Азия аймағының әлемдік өркениеттің дамуына қосқан үлесі бүгінде отандық қана емес, шетелдік зерттеушілердің де қызығушылығын тудырып отыр. Әл-Фараби әлемді тануға және адамзат өркениетінің дамуына зор еңбек сіңірді. Ұлы философтың ілімі этика ілімдерінің негізіне айналды.

     Бүгінде әлем экономикасы тех­но­логиялық бағытта дамып келеді. Төртінші өнеркәсіптік революция­ның негізін құрайтын үлкен дерек­тің, заттар интернетінің, киберфи­зика­лық жүйелердің, блокчейн техноло­гия­ларының маңызы арта түсті. Дәлірек айтқанда, жаңа ғылыми технологиялар арқасында барлық дамыған елдер зияткерлік ресурстарға бейімделді. Өр­кениетті мемлекеттер ауқымды ақпа­рат­тық технологияларға негізделген «білім экономикасына» бағыт алып, инно­вациялық серпіліс жасауда. Бұл – жалпы әлемдік үрдіс, уақыттың тарихи сынағы және басты талабы. Тек инновациялық даму ғана еліміздің тұрақты өркендеуін және ұлттық экономиканың әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін қам­тамасыз ете алады.

     Мемлекет басшысы былтырғы және биылғы Жолдауында еліміздің ғылым саласын дамыту мәселесіне баса назар аударды. Біз экономиканы жаңа ғы­лы­ми әзірлемелер арқылы ғана өркендете аламыз. Дамыған мемлекеттер білім мен ғылымның арқасында көш бас­тап келеді. Сондықтан осы салаға жағ­дай жасау – кезек күттірмейтін маңыз­ды міндет. Осы орайда Үкіметке жыл са­йын әлемнің жетекші ғылыми орталық­тарында 500 ғалымның тағылым­дама­дан өтуін қамтамасыз ету және «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлу жөнін­дегі мәселе жоғары деңгейде қарасты­рылуда. Ғылым қаржыдан таршылық көрмеуі керек. Өйткені елді мұратқа жеткізетін саланың бірі – осы. Ұрпақ­та­рымыздың ғылым-білімнен ешқашан алыстамағаны жөн. Әл-Фарабидің сан ғасырлық тағылымы бізге осындай аманат жүктейді.           

     Инновациялық экономиканы дамы­тудың негізгі факторы – адам капиталы. Бұл ретте ғылым мен білім беру жүйесінің рөлі зор. Осы жаңа техноло­гия­­ларды дамытатын жоғары оқу орын­дарына ерекше мән бергеніміз жөн. Қазақ­станның университеттері әлемдік рей­тинг­терде алдыңғы қатарға шығып, дүниежүзілік кеңістікте беделді орындарды иеленуі керек. Осыған орай, алғашқы жоба ретінде Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Әл-Фараби» ғылыми-зерттеу алқабы іске асырылатынын атап өтуіміз керек.

     Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, зерттеу университеттері негізінде қалып­тасқан жоғары технологиялық ареалдар (алқаптар, технополистер, өндіріс клас­терлері және т.б.) кез келген елдің ин­новациялық жүйесінің негізгі элементі екенін көреміз. Сонымен қатар олар өз мемлекеттерінің тұрақты дамуына тың серпін бере алады.

     Экономикасы дамыған елдер мем­ле­кеттің, университеттің, бизнес өкілдері мен қоғамның күш-жігерін біріктіру арқылы жаңа білім жүйесі мен озық технологияларға қол жеткізіп отыр. Елі­міздің білім саласында көрсететін қыз­меттерінің экспортын ұлғайту және отандық ғалымдардың ғылыми-инно­вациялық әзірлемелерін жүзеге асыру мақсатында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби тарихи-мәдени орталығының филиалын Сирияның Дамаск қаласынан ашу көзделуде. Шетелде ашылған осындай он екі филиал Қазақстанның тарихи және мәдени байланыстарын нығай­туға үлес қосуда. Келешекте осындай орта­лықтарды көбейтуіміз керек.

     Әбу Насыр әл-Фараби – соңына баға жетпес мол мұра қалдырған ғалым. Соның біразы дүние жүзінің түрлі кітап­ханалары мен қолжазба қорларында жатыр. Бұл ғаламат жәдігерліктерді барынша түгелдеп, өз тілімізге аударып, жан-жақты зерттеп-зерделеу қажет.

     Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев «...Дүние жүзіне бел­гілі тұлғалар бүгінде «өз мем­ле­кет­терінің» баға жетпес символдық капиталы саналады əрі сол елдердің халық­аралық аренада тиімді ілгерілеуіне сеп­тігін тигізіп отыр» деген болатын. Сон­дық­тан Әл-Фараби есімі Қазақ елі үшін қа­шанда әлемдік бренд болып саналады.

     Осылайша, Әл-Фараби ілі­мін жоғары технологияны дамыту, адами капиталымыз бен бәсекеге қабілеттілігімізді арттыру және адамзат өркениетінде лайықты орын алу үшін тиімді пайдалануымыз керек. Бұл – бәріміз үшін маңызды міндет.

 * * *

     Мінеки, тағылымы мол тарихи жыл да аяқталып келеді. Түгел істің түйінін жасайтын, мерейтойлық жылдың қорытындысын шығаратын да уақыт  таяды. Бұл орайда Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейто­­­­йын өткізудің басты мақсаты – ұлы ойшылдың мұрасын, оның әлемдік өркениет тарихындағы рөлін айқындау, Әл-Фарабиді ұлттық бренд ретінде ілгерілету болғанын атап өтуіміз керек. Жыл бойы Әл-Фарабидің ғылымның рөлі, ізгілік, этикалық кемелдік туралы идеяларына негізделе отырып  халық­аралық, республикалық және өңірлік деңгейлерде қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, салалық, кәсіби кешенді іс-шаралар жүзеге асырылды.

     Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Дана бабамыздың еңбектерінің факсимелерін әлем кітапханаларынан жатпай-тұрмай іздеу, табу, қазақ ойының, қазақ ғылымының басты міндеті саналуы тиіс... Жаңа Қазақ­станның жаңа ұрпағы қастерлі бабамыз­дың еңбектеріне адал, әм берік ниетпен қарайтынына сенім мол. Әл-Фара­бидің теңдессіз еңбектері Дешті-Қып­шақ руханиятының қайнар көзі бол­ғанын қашанда жадымызда ұстайық» деген міндеттері басшылыққа алынды.

     Атап өтер жайт,  Фараби бабамыздың парасатты ғұмыры бүгінгідей жаһандану заманында жас ұрпақты бәсекеге қабі­летті етіп өсіру жолында үлкен үлгі-өнеге. Ұлы философ бала кезінен сол за­мандағы өркениеттің іргелі орталық­тары Бұқара, Самархан, Мерф, Бағдат, Харран, Рей, Каир, Алеппа және басқа да ірі шаһарларда ұдайы білімін жетілдіріп отырды. Ғылым, білім іздеп, жаһанды шарлаған ойшыл түркі, араб, парсы тілдерімен қатар грек, қытай, латын, санкскрит және басқа да ғылым дамыған тілдерді меңгереді.

     Қазіргі уақытта Әл-Фараби ойлары мен тұжырымдарының өзектілігі қайтадан арта түсуде. Сондықтан да биылғы барша мерейтойлық іс-шаралар ұлы ойшылдың рухани мұрасын насихаттауға, зерделеуге, оның ғылыми және әлеуметтік-мәдени маңызы бар инфрақұрылымдық объектілерін құруға, сондай-ақ Әл-Фарабиді мәңгі есте қалдыруға бағытталды.

     Ойшылдың еңбектерін тәржімалау жұмыстары қолға алынды, Әл-Фараби туралы жаңа кітаптар жарыққа шықты, ұлы ғалым туралы деректі фильмдер жасалды. Бұқаралық ақпарат құралдарында Әл-Фарабиге арналған хабарлар циклі, тақырыптық айдарлар мен бөлімдер ұйымдастырылды.

     Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасын және оның қазіргі әлемдегі өзек­тілігін талқылау түрлі елдердің ғалым­дары мен әлемнің жетекші фарабита­ну­шыларының ірі халықаралық конференцияларда талқыланатын тақырыпқа айналды. Әл-Фарабидің шетелде жаңа орталықтары ашылды.

     Біз ұлы бабамыздың ғылыми жаңа­лықтарын жаңа ғасырдың сұранысына сай зерделеуге де бас мән беріп келеміз. Әл-Фараби мұрасының аясында жасан­ды интеллект, этика және рухани дамумен байланысты проблемаларды зер­делеу бойынша пәнаралық жобаларды қолдауға қаржы бөлінді. Жоға­рыда айтыл­ғандай, Қазақ ұлттық универ­ситетінде Әл-Фарабидің ғылыми-тех­но­­­логиялық алқабын құру жөніндегі жобаға бастама жасалды, ол инвестиция­лар тартуға, технологиялардың дамуына қуатты серпін беруге және отандық ғылым мен білім деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

     Түркістан облысындағы Әл-Фараби мұрасын жаңғырту және Отырар қала­шығын ірі туристік кластер ретінде қал­пына келтіру бойынша бірқатар іс-шара­лар кешені өткізілді. Ізгі қоғам туралы Әл-Фарабидің идеясын креативті және өзгеше түрде насихаттауға бағытталған жастар бастамалары қолдау тапты.

     Таяуда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде біз осы үлкен жұмыстың қорытындысын шығардық, соның арқасында Әл-Фарабидің бейнесі мен мұрасын қоғамдық қабылдау едәуір алға жылжыды.

     ҚазҰУ мен қазақстандық ғылыми қо­ғамдастықтың бірегей мықты командасының арқасында Әл-Фараби жылы аясындағы ғылыми миссионерлік қағидаттарға негізделген көптеген іс-шаралар жүзеге асырылды.

     Ел Президенті халыққа жасаған биылғы Жолдауында  «ұлттың жаңа болмысын» қалыптастыру бойынша баршамыздың алдымызға аса маңызды міндет қойды. Бұл орайда, кез келген бәсекелестікке төтеп беретін әрі ұл­ты­мыздың ұлы қасиеттерін бойына сіңір­ген ұрпақ қалыптастыруда Әл-Фа­раби баба­мыздың мұраларын жастар­дың бо­йы­на барынша сіңірудің мәні ерекше зор!

     Сонымен қатар ұлы ойшыл дүниеге келген Ұлы Дала төсінде отандық ғылымды өркендету де өте өзекті мә­селе. Өздеріңіз білесіздер, Әл-Фараби баба­мыз осыдан мың жылдан астам бұрын дүниенің мәңгілігін,  танымның болмысқа тәуелдігін айқындап парасат туралы ілімді сараптап, саралады. Сол замандардың өзінде дала кемеңгері «Ғылымдар тізбегі», «Бесінші трактат», «Медицина каноны», «Қайырымды қала», «Риторика», «Бақытқа жол сілтеу», «Вакуум туралы» және басқа да он­даған іргелі еңбектер жазғанын ескер­сек, ұлы баба ұрпақтары қазіргі таңда тарихи әрі табиғи сабақтастықты қамта­масыз етуге міндетті деп есептейміз!

     Осыған орай Әл-Фарабидің мерей­тойлық жылында өткізілген барлық іс-шаралар қазіргі заманғы білім беру, ғылым, инновация және халықаралық ынты­мақтастық жүйесінің дамуына қуатты серпін беріп отырғанын айрық­ша атап өтуіміз керек. Әл-Фараби шығармашылығын пәнаралық зерттеу жандандырылды, соның арқасында әлемдік философия мен ғылым контекстінде Әл-Фарабидің әлеуметтік-философиялық көзқарастарының басты идеялары мен принциптерінің қазіргі мазмұнын анықтау бойынша жұмыс жалғасуда.

     Сонымен бірге Әл-Фараби мұра­сы­ның негізінде адамның рухани-зият­керлік жетілуі парадигмасы мен ізгілік­ті қоғамды қалыптастыру стратегия­сы аясында мемлекеттің жаңа түрін тео­риялық негіздеу міндеттері өзектен­ді­рілді.

     Сонымен қатар 19 қазан күні Нұр-Сұлтан қаласында Әл-Фарабидің мерейтойына арналған қисынды аяқталу шарасы – халықаралық форум онлайн тәртібінде өтті. Оған Біріккен Ұлт­тар Ұйымының, ЮНЕСКО-ның өкіл­дері, Иран, Түркия, Әзербайжан, Ұлы­британия, Мысыр, Израиль және т.б. елдер­дің билік өкілдері, министрлер, дипломаттар, жоғары оқу орындарының ректорлары, белгілі ғалымдар қатысты. 

     Қорыта айтқанда, мерейтойлық жыл Қазақстан және дүние жүзінде адам­заттың дамуы үшін Әл-Фараби мұра­сының маңызын қайта ашып, жаңа қырынан тануға мүмкіндік берді. Осы жылы ұлы ойшылдың мұрасын насихат­таудағы қол жеткізілген жетістіктер мін­детті түрде жаңа да жасампаз ғылыми жобаларға жол ашатыны анық. Әл-Фарабиді зерттеу, және мәңгі есте қалды­ру жөніндегі баршамыздың алдағы ортақ жұмысымыз арқылы біз ғұлама ғалымның қазыналы мұрасын әлем­дік мәдениетте жаңа Қазақстанның жарқын бренді ретінде лайықты көрсете аламыз.

 * * *

     Әбу Насыр әл-Фараби – бір ұлттың шеңберінен шығып, бүкіл адамзат биігіне көтерілген қайталанбас тарихи тұлға! Оның рухани әлемін тану – адамзаттың мың жыл бұрынғы парасат-пайымын тану ғана емес. Бұл дегеніміз – бүгінгі болмысымыздың қай деңгейде екеніне көз жеткізу, сол туралы ой толғау, осыған орай жаңа заманның сын-қатерлеріне лайықты жауап іздеу. 

     Әл-Фараби ілімі бізді әлемдік өркениет жолындағы «Бақытты адам – қайырымды қоғам – қуатты мемлекет» жүйесін құруға жетелейді.

     Біздің алдымызда тұрған зор міндет – ғұламаның әлем мойындаған өмірлік қағидаларын қазіргі заманға сай қолданып, ақыл-ой биігіне көтерілу, елімізді дамыған озық елдердің қатарына қосу. Сондықтан Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы рухани өміріміздің қарқынды дамуына зор серпіліс беретін, сондай-ақ жалпыұлттық жаңғыруға жол ашатын игі бастама болатынына сенімдіміз!

Әл-Фарабиді таныту – Қазақстанды әлемге таныту! 

Қырымбек Көшербаев,  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы,  Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы

 

Aqsaqaldar.kz

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны