«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Кентавриада
Кентавриада
Дайындаған: 1 ай бұрын

Қай дәуір, қай ғасыр, қай күн, кім білсін, Адам тағы тарпаңға құрық салып, бас үйретіп қарғып мініп еді, өзі көшпеліге, тарпаңы атқа айналды. Көшпелің кейін қатты еліріп, ХХ ғасырға дейін планета бетін ат тұяғымен шимайлап, адамзат төбесіне қылыш жылтылдатып ойнатты.

     Ол өз тарихын жаза алмады; жаңа жерлерді “игеруден” қолы тимеді. Көшпелілердің тарихын отырықшылар жазды. Тарих жалған емес, жалған жазатын – тарихшылар. Көшпелілерге отырықшылардың дегенімен “қалаларды қиратушы” деген жала жабылды.

    Ал, олар бар болғаны мал жайылымын кеңітіп еді. Тек ХХ ғасыр ғана француз Рене Генонның аузымен: “Көшпелілер – ойшыл қаңбақ” деген қортындыға келді. Рекеңше, халықтар – жайқалған сарғалдақ, қызғалдақтар алқабы, көшпелілер – оларды тоңқаңдап тозаңдандыратын қаңғыбас та еңбекқор бал аралары. Яғни, ата-бабаларымыз аттың арқасында жебедей зуылдап, жаһан кезіп, Румды Қырымға, Орхон-Енесайды Еуропаға, орысты парсыға, мұсылманды кәпірге мидай араластырып қосып, әлемдік өркениетті байытты.
    Ерте және орта ғасырлардың шаңын әлсін-әлі қағып, құлақтарынан тік тұрғызған көшпелілер әлденеше трансформацияға ұшырап, қазір тарихтан жоғалуға жақын. Жоқ-жұқанасы Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Қалмақияда таздың төбесіндей ойдым-ойдым. 20-25 жылда ол қалған-құтқан да – “капут!” Арақтан аман қалғандары жансыз музейлерде жанды экспонаттарға айналады. Жер-жиханға күмбездік архитектураны сыйлаған, жалаң бұт Жер шарына шалбар, штан кигізіп, әбүйірін жапқан, ат әбзелдерін ойлап тапқан, Табиғат пен Адамның есепсіз сыйластығы мен гармониясына негізделген Тәңір дінін дүниеге келтірген (келер ХХІ ғасыр – экология ғасыры. Тәңір дінінің негізгі қағидалары бізге сонда бумерангтей қайта оралуы – авт.) “көшпелілер мәдениеті” уақыт мұхитына Атлантидадай қарқ бола ма? Әрине, жоқ. Көшпелілер жез жүзіліқ ой ағымына “Кентавр” деп аталатын өз автопортретін б.д.д.-ақ салып кеткен. Адам басты, жылқы денелі ол перғауын қалай ғана номадтардың бодауында жүреді?                .
Тарих баба былай дейді…                   .
 

… Иран мен Тұран жеңісе алмай, бір-біріне шаптан тіреп жатып алған, ертегілер әлі айтылмаған, әлмисақтан да арғы бір заман екен. Сәл қулау, пәл пұлдылау Иран әманда ержүрек гректерді жалдап, шептің қақ ортасына, ең сойқан қырғынға соларды сайлап салады. Екі жақ та атты әскер дегенді білмейді, жаяу соғысады. Тұран да тоқалдан туған жоқ, сақ, скиф секілді туыстарын соғысқа тартады.                                  .
Күндердің күні екі армия бетпе-бет келіп, армансыз шайқасады. Грек – алда, парсы – соңда, Тұранды таптап барады… Кенет, қайдан шыққаны белгісіз, төрт тұяқты, қыл құйрықты, ат денелі, адам басты бір құбыжықтар құйғыта шауып келіп, парсы, гректерге жебені жаңбырша жаудырады да, жалт беріп кейін ысырылады. Шетінен шапса семсер, найза дарытпайтын, ұшқыр да әбжіл пәлекеттер. Ес жиғанша қайта оралып, сіресіп тұрған гректерге бұғалық тастап, тулақтайтын дырылдатып сүйретіп әкете барады. Мұндай ат, әрі адам тажалды көрмеген гректер тым-тырақай қашады. Парсы жер болып жеңіледі.


Ертеңіне әскери сот болады.
– Уа, ержүрек гректер! – деп ышқынады парсы трибунал. – Біз сендерді дорба-дорба динарға жалдап ек. Кешегілерің не масқара?! Не қара басты сендерді, Зевс құдайдың қаһарман перзенттері?! Енді, міне, сендерді өлім жазасына кесейік деп тұрмыз…
Үсті-басы салтақ-салтақ қан мен шаң грек қолбасы алға шығады.
– Тірі пендеден шегініп көрмеппіз. Кеше де Тұранмен қылыш жүзінде қатқыл сөйлесетін ек. Бірақ бізге адам емес, жарты құдайлар шапты. Ал, гректер  құдайлармен соғыспайды, – деп гөзелің кеудесін керіп тұр.
Парсылар да у да шу.
– Мынау не деп көкіп тұр ей, өзі?!
– Қайдағы құдай?
– Кеше құдайды көрсек көзіміз шықсын!
Гректерде берілмейді.
– Адам басты, ат денелілер құдай емей немене?
– Бүтін болмаса да, жарты құдай!
    Сөйтсе, гректер салт атты номадтарды бұрын көрмеген екен де. Көрмегенге  көсеу таң. Гректер кешіліреді. Адам басты, ат денелілерді олар бұдан былай “кентавр” деп атапты. Кентаврлар жойқын күш иесі, әрі адуын, аңғалдау кейіпте ерте дүние жадысы – грек мифологиясына қайтып шықпастай болып кіреді. Кейде грек тойларының топалаңын шығарып, қалыңдықтарын көтере-мөтере қашатын қотиын да осылар (Қазіргі кейбір ауыл тойларына қалай-қалай ұқсайды, ә? Ләухилық деген қай заманда да бірдей екен ғой!).

 

    Әйтсе де бір нәрсе хақ; ежелгі гректер кентаврларды тік тұрып, қатты қадірлеген. Грек мифологиясында, мәселен, Хирон сынды кентавр бүкіл Грекия батырларын Геракльден бастап тәрбиелеп, Прометей қаһарманға өз өмірін қиып сыйлап, керемет мәрттік жасайды. Гректер қыза-қыза келе Хирекеңді де өз құдайлары мен қаһармандарынан да жоғары қойып жіберетіні тағы бар. Әлде скиф Анахарсис данышпанның аурасы ма бұл, түбектегі сыпа, ақылды елдің ми, ой, әфсанасына себезгілеп түскен?                                              .
     Кентавр кейін мифологияны осылайша қадірлі көпір етіп, Батыс Еуропаның орта ғасырдағы Ренесансына арсалақтап шауып кіреді. Каравджо, Тициан, Рубенс… Зәу-заты белгісіз, асқақ та өр, әрі тентектеу бұл химераны Қайта Өрлеу қыл қаламшысының бәрі дерлік бейнеледі. Кентавр олар үшін тас миларын қозғап жіберетін, тылсым да таң-тамаша, әрі қамқор, әрі қатал, жанды табиғаттың өз бейнесі!

    Енді ше! адами басы – ақыл, ат денесі -тұла бойымыздағы жануарлық дүлей инстинкттер. Осы екеуі ықылымнан бері бір пенденің қаратұяғынан құйқасына дейін молекулалық дәрежеде алысып, шарпысып жеңісе алмай келе жатыр. Адами бас қаншалықты көк зеңгірді ойша кезіп, есепсіз бостандыққа ұмтылса да, боққарын жылқы дене бәрібір кеңірдегінен қылқындырып, еркіне жібермейтін диктатор, зорлықшыл. Бір денеде – әрі мәңгілік майдан, әрі мәңгілік бірігу! Барлық тіршіліктің құйтақанадай микроүлгісі!
     ХҮІІІ ғасырдан бастап, түрлі-түрлі жүз, отыз жылдық соғыстардан ес жиып, тойына бастаған Батыстың бойына желік бітеді. Ренесансты гуманизмімен қоса ұрып қойып, “Батысқа табын, Жер енді” деген әлекелікке басты. Атышулы еуроцентристік ағым қау берді. Шәкірт Батыс ұстаз Шығысты басып озып, құйрықтан тепті.                                           .
     Өгей, дүрегей, шата, будан, кентавр жас сұлу Еуропаның рухани алаңынан біртін-біртін аластатылды. Шынтуайына келгенде, Батыс пен Шығыстың өзі өзінше рухани кентварлық қой. Тепе-теңдікті Батыс бастап бұзды. Қымызға қызып ап, ат бауырына кезек ауған көшпелілер кезінде сына жазуын замана күресіне тастап, тарихқа тіркелінбеп еді. Тарих өстіп өш алды.
     Батыс қазір қайтадан гуманизмге бет бұрды – жер үсті тар! Оның эгоистігін енді ешкім көтере алмайды. Тарихтың жалған беттері қайта қаралады. Ата-бабамыздың қаңқаларын қорғандарымыздан қазып ап, Алтын адамды Тәуелсіздік тұғырына көтердік. Дана ғалым, қаншама қанның қосындысы, өзі бір жатқан еуроазиялық кентавр Л.Н.Гумилев көне түркілер түнегіне қолына шам алып кірді. Бүгінде көзі ашық әр түркінің көкірегінде қанағаттарды жоқтап, көк бөрі ұлыса, кентавр ХХ ғасырдың голографиялық компьютерлі есігін қос аяқтап тебеді. Американ Дж. Апдаик атышулы “Кентавр” романын жазды. Суретшілер полотноларында кентаврлар тайраңадап жүр.
Бұл сонда неткен махаббат, зор сүйініш?                                       .
     Келесі ғасыр -экология ғасыры. Еш талассыз! соған қоса кентаврлар ғасыры! Экология – адам мен оның өмір сүретін ортасы -табиғатты қорғау ғылымы. Кентаврымыз да адам, сонсоң табиғаттың бір өкілі – аттан жаратылған. Екеуінің арғы түбі, төркіні бір.                                .
    Жалпы, жер бетіндегі әр зат, құбылыс кентаврдың бойындағы қарама-қарсылығында (адам- жануар) және тап осы екеуінің бірлігінен (адам+жануар) түзіледі. әлем кентавризмге “буаз”. Ең ұсақ микробөлшек атомның өзі “+”, ” – ” сияқты қарсы зарядтардың қорасы. Ал, атом – микрокентавр, бұл дүниенің алтын кірпіші. Кентаврдың адам басы ми. Логос болса, ат денесі -қомағай қарын. Ол – барлық тіршіліктің әзір үлгісі, пішімі, пошымы. Еуразияның өзі кентаврлық континенттер. Кентавр – адам бойындағы барлық жақсылық, жамандықтардың, рационалдық пен иррационалдықтың, үнем мен шаппалықтың, даналық пен есуастықтың жиынтығы. Екеуі бір-бірінсіз, жеке өмір сүре алмайтын Сиам егіздер. Күн мен Ай, Түнек пен Жарық, Еркек пен Әйел секілді…

Түстік, Солтүстік Корея, Қытай, Тайвань, екі Иемен, француз, ағылшын Канада да кентаврлық мемлекеттер. Ресей – қырық ұлттан құралған химера мемлекет. Оның бастары екі жаққа қараған самұрық құс гербісі де тіршілік заңына қайшы құбыжық. Дат физигі, Нобель сыйлығының иегері Нильс Бор: “Қарама-қарсылықтар бір-бірін жоққа шығармайды, қайта толықтыра түседі” десе, ол кісі де осы жер бетіндегі, астындағы, ғарыштағы миллиардтық кентаврлық құбылыстарды меңзеген.                                           .
     Қазақстан да өзінше кентаврлық ел. Өкімет бас болса, халық – дене. Бас бір, дене екінші жаққа дай-дай тартса, Қазақстан – кентавр өледі.
Отырықшы өзбек пен номад қазақ бір түркі денесіндегі кентаврлық қитұрқылықтар.
    Тоқ етері, Адам атты ерттеп мінгелі тарих тұлпарға қонды, тегершігі тезірек айналып, таттан тазарды. Адам Жердің жұмыр екенін Ат үстінде алғаш рет аңдады. Ат, тұлпар адамзатқа аңшылықтай кәсіпті, саятшылықтай спорт түрін сыйлады. Аттың арқасында төрт түлікті қайырып бағатын, аң қағатын халге жетіп, осылардың төңірегінде ірі-ірі шаруашылықтар, бізше “министерстволар” пайда болды. Адамның аяғы ұзарды, көңілі өсті, көзі өткірленді. Шығыс пен Батыс, Түстік пен Солтүстік салт аттылар – кентаврлық дәуірінен бастап, қытықсыз араласа бастады. Ат құлағында серілер, перілер, өкірештер ойнап, ат үстінде не ғаламат жыр, қисса, күй, ән толғау төкпектеді.

     Кроманьон пенде атқа бас үйреткесін соның биіктігіндей рухани, сана, материалдық, тарихи танымға көтеріліп, Адамға айнала бастады. Дереу тарихтың екі сорабына: ат үстіндегі – көшпелі, ат соңындағы – отырықшылыққа түсті. Көрдей құжыра үңгірлерде петроглиф салған алғашқы қауымдық құрылыстың сақау суретшісі феодализмнің атына мінуі мұң екен, аңқылдаған ақынға айналды. Ат, соқа соңындағы отырықшы биіктігі қырық кез сарайларды сәндеп соқса да, қырық құлаштық қисса тудыра алмады, ал, итарқа күркесін “кең сарайдай боз үйім” деп бөсетін салт атты қазақ 150 томдық фольклорды, көрші қырғыз қалыңдығы кісі өлтіретін “Манасты”, бір уыс қалмақ “Гэсерді” ғасырлардың аңызақ ыстық желінің өтінде көздері қан мен жасқа тола қарлығып тұрып жырлады. Жай адам анасынан үш қайтара туса да, аттылы Қазтуған Сүйіншіұлындай “бұлт болған айды, мұнар болған күнді, мұсылман мен кәпірдің арасын” найза үшымен түртіп аша алмас еді…
     Номадтар өстіп аузымен құс тістеп, шалқып тұрған заматта бүкіл Еуропа, Ресей ат бауырында жаншылып жатты. Тегін жатпай, кентаврлар – түркілер мен арабтар, одан арғы Қытай және үнді мәдени мирастарын зерттеп, саралап, өңдеп, керектеріне жаратып, келешекке қарғитын трамплиндерін бапталап жасап жатты.


Нәтиже?
      Номад осы ғасырда аттан омақаса құлады. Тұлпардың тұяғы шытынады. Аттар қасапханаға кетті. Отырықшы “Боингке” мінді. Иә, заман кезек. Еуразияны ерте, орта заманда қан сасытқан әрі “ойшыл қаңбақ” (тағы да парадокс!) Дешті Қыпшақ тарының қауызына сиып кетті. Ауған жүгімізді енді ХХІ ғасырда түзейміз.                           .
     Жер шары жаппай кентавризмнен тұрады. Ең, ең қарама-қарсы түсініктердің өзі замана лабораториясының тигеліне түскенде еріп, бір организмге айналуда. Қазақ та солай. Қанымыз – қазақ, түсінігіміз – түркі, орыс. Еуропа. Рухани биоөрісімізде феодализм, тоталитаризм, коммунистік, капиталистік элементтер бытысып жүр. Бір отбасында феодализм үңгірінен осы жаңа еңбектеп шыққандар да, ХХ ғасырдың алдыңғы қатарлы зиялысы да, қаржасып қатар өмір сүруде, ал, неғыл дейсіз! Өйткені қандас! Ал, ой, пікір, таным бөлек. Отбасылық кентавризм бұл. Қазақи трагикомедия да осы. Өзге ұлттар мен аралас-құраластан туған бала, немерелеріміз – ағылшын, орыс, қазақ тілінде сөйлейтін түрлі-түсті кішкене ғана сүйкімді кентаврлар. Қазақша тіпті білмеуі де ықтимал – бұл бізден басқа бірде бір ұлт білмейтін бейшаралық әрі көр кеуде надандық!

     Кентаврдың үлкені – қырық сідік АҚШ! Ол өміршеңдігін әбден танытты. Әлем шұғыл түрде американизацияланып жатыр.                                          .
    Алматыдағы Тәуелсіздік тұғырында тағы бір сәл коррекцияланған кентавр – Алтын адам мен барыс тұр. Нағыз, шынайы кентавр келешекте Астана төрінен Еуразия төбесінен үңіліп тұруға тиіс.                                     .
    Кейде Тарих тақтасына тышқанның суретін салсаң, ол кейін арыстан болып тіріліп кетеді.

Кентавр қазақ “мың өлді”.

1986 жылы жан бітті.

1991 жылы дүр сілкінді.

Енді тік түрегелуі керек.

 

Марат Қабанбай

 

Aqsaqaldar.kz


 

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны