«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Ұлттық идея – тәуелсіздік . . кепілі
Ұлттық идея – тәуелсіздік . . кепілі
Дайындаған: 1 ай бұрын

    Жұмыр жердегі адамзат тарихын тереңірек ғылымға жүгіне саралайтын болсақ, онда біз осы үдерістің табиғи заңдылыққа сүйене отырып дамитынына шек келтіре алмаймыз. Адамзаттың әрбір даму дәуіріндегі қоғамдық формацияны құру, адамдардың физиоло гиялық қасиетіне тікелей байланысты бола отырып, қоғамдық сананың даму деңгейіне тәуелді.  Әрбір қоғамдық формациядағы өндіріс  күшінің  пайда болып, дамып, сапасының өзгеріп отыруы адамдардың табиғи, қоғамдық саналарының дамуымен тікелей байланысты. Бастапқыда адамдардың бірігіп әрекет жасауынан басталған қарапайым ара қатынастар келе – келе күрделі қауымдастықтар мен қоғамдық жүйе қалыптастырып, мемлекеттердің пайда болуына алып келді. Алғашқы қауымдастықтар мен мемлекет қаңқасын құруға мұрындық болған жеке тайпалар мен халықтар болса, қазіргі кезеңде мемлекеттердің негізін қалаушы бір халықтың, сол аймақта тұрып жатқан этностар өкілдерін өз маңайына біріктіріп тек бір ұлт құрайтыны белгілі. Бұл үрдіс адамзат дамуындағы табиғи заңдылық. Оны әлемдегі дамыған және дамып келе жатқан мемлекеттердің тәжірибесінен көреміз. Сондықтан, егер біз қазақ елінің дербес, тәуелсіз мемлекет болуына мүдделі болсақ, онда  біз болашақ тәуелсіз мемлекетіміздің темірқазығы – ұлттық идеяны анықтап, заңдастырып бекітуіміз қажет. Әлемдегі мемлекеттердің саяси ұстанымының, яғни ұлттық идеяларының  өзегі барлық мемлекеттерге тән бір ортақ заңдылыққа бағынады. Ол заңдылық (ұлттық идея) – әр мемлекеттің, өз ұлтының (мемлекетқұрышы)  экономикалық, саяси, рухани тәуелсіздігінің, ел мен жер біртұтастығының мәңгі сақталуына және ұлттық байлығы тек  халқының игілігіне жұмсалып,  жұртының кедейлік көрмей әлеуметтік жағдайының үнемі жақсарып отыруы мен өз ұлтына тән рухани дамуына арналған бағытты қатаң ұстанатын Ұлттық мемлекет құруы.  Осы заңдылық барлық мемлекеттердің даму үрдісінің  ұлттық идеясының негізгі өзегі ретінде барлығына ортақ. Өйткені тек осы құндылықтар ғана әр елде барша халықты ортақ  мүдде ретінде топтастыра алады. Сондықтан, қазақ халқы құрып отырған мемлекетінің ұлттық идеясының темір қазығы осы құндылықтар болуы заңдылық.  Біз оны дамыған ірі мемлекеттер Ұлыбритания, Франция, Қытай, Германия, Ресей, Жапония, Индия, Түркия, Италия т. б – ның саяси ұстанымынан анық көріп отырмыз.  Осы заңдылық дүниежүзілік экономикалық дағдарыс кезінде өте айқын көрініс тапты.  Осы бағытта дамуды бекіту,  «жаһандану және әлемдік демократиялық стандартқа сай боламыз» деген ұғыммен алпауыт елдердің қитұрқы экономикалық экспансиясының ықпалдық шеңберіне кіріп кетуден сақтайды. Қазіргі біздің биліктің демократиялық «ашық қоғам»  құрамыз деген желеумен ұлттық идеясы бекімеген, мемлекеттің мүддесін, қандай құндылықты қорғап  және осы қоғамды кім үшін құрып отырғанын айқындай алмай жатып, тәй – тәй басып келе жатқан елімізді алпауыт  елдердің мүддесіне қызмет ететін халықаралық ұйымдардың ұстанмының құшағына «біз дамыған ел боламыз» деп ойсыз, ғылыми негізсіз, еліктеумен кіргізуі ұлт келешегіне қауіп әкеледі. Тәуелсіз ұлттық мемлекет болғымыз келсе, экономикалық және саяси кіріптарлық шеңберіне түсіп қалмау үшін жаһандануға тән халықаралық интеграцияға  кіру саясаты өте сақ, өз тәуелсіздігіне нұқсан келтірмейтіндей, ұтымдылықпен жүргізілуі тиіс. Осы қатерлерден сақтанудың жолы, ең алдымен ұлттық идея негізінде мемлекет құрудың жолын заңдастырып бекіту және осы ұстанымды орындауда жігерлі болуды қажет етеді. Ұлттық идея негізінде мемлекет құруға тән заңдылық оның экономикасының, ішкі және сыртқы саясатының, ғылымының, заң жүйесін құруының, экологиялық қауіпсіздігінің, білім беру жүйесінің, мәдениетінің, ақпарат тарату, ұрпақ тәрбиелеу, қоғамдық сана қалыптастыру мен рухани дамуының идеологиясы мемлекет құрушы халықтың (ұлттың) мүддесін қалтқысыз қорғап, оның ұлттық ерекшелігін сақтауға бағытталады. Қандай да мемлекет болмасын, өзінің тәуелсіздігін сақтау үшін ең алдымен экономикалық тәуелсіздігін қорғайды. Бұл қоғамдық даму заңдылығы.  

 

Экономикасы тәуелсіз ел ғана өзінің тәуелсіздігін қорғай алады. Сондықтан мемлекет, экономикалық даму мен ел басқару жүйесінің қандай түрін таңдаса да оның экономикалық саясатының идеологиясы ұлттық идея заңдылығына қатаң бағынуы ең басты шарт болуы қажет. Яғни бұл идеология, экономикалық даму үрдісі мен ел басқаруда – ұлттық байлықты талан – таражға салмай өз халқының игілігіне (әлеуметтік жағдайын жақсартуға) пайдалана отырып, ұлттық мүддені мүлтіксіз қорғауға қатаң бағытталады. Ұлттың негізгі байлығы жер мен жер қойнауының қазынасы мемлекеттік емес, халықтың ортақ байлығы екенін заңдастырып бекіту қажет. Жер – табиғи байлық, оны өндіруге ешқандай капитал мен өндіруші күш пайдаланбағандықтан тауар ретінде оның ғылыми негізделген құнын анықтауға болмайды. Бұл үрдіс экономика  заңына қайшы, ол әлемдегі алпауыттардың пайда табу мен өктемдік жүргізу жолында жердің құнын волютаризмдік жолымен сатуды алаяқтықпенен жүргізіп келе жатқандары адамзатты рұхсыздандыру саясаты болғандықтан, келешекте адамзатты табиғи дамудан  айырып, дағдарысқа тірейтін жол.  Жер адамзаттың ортақ үйі, ол тарихи, табиғи  адамзат қауымының дамуына байланысты және әр халық өздерінің қалыптасу ерекшелігіне байланысты орналасқан. Сондықтан, әр халық тарихи қалыптасып, өзі тұрып жатқан жерінің иегері болуы заңдылық. Мемлекет тек осы халықтардың қауымдастық құрып мүддесін қорғауға пайдаланатын құрал күші (орудие) болуына тікелей байланысты оның құқығы да шектеулі болуы қажет. Құқығы шектелмеген мемлекетте (билік жүргізуші кұш – саяси элита билеген) ешқашанда қоғамда әділеттілік болмайды. Сондықтан, жер халық меншігінде болып, мемлекет тек оның пайдалануын реттеп отыруына ғана құқылы болуы қажет. Жер әр азаматтың минималды өмір сүру қажеттілігін өтеуге арналған (тұрғын үй, қоражай, бақша) заңды түрде бекітілген мөлшерде тегін берілуі тиіс. Кәсіптік бағытта пайдалануға мемлекет өз азаматтарына жалға беруге құқылы болуы тиіс. Шет ел компаниялары мен азаматтарына жер сату тоқталмаса келешекте мемлекеттің тәуелсіздігіне қауіп әкеледі. Жер мен жер байлығы ел экономикасының өзегі болғандықтан, ұлттық мүддені қорғайтын заңмен реттелуі қажет. Индустриялық даму бағыты – жер қойнауының байлығы мен табиғи басқа байлықтар ресурсын шикізат күйінде шетке шығаруды тежеп, елімізге жаңа технологияларды әкеліп, сұранысқа сай, сапасы мен дизайны жоғары, халықаралық деңгейдегі өндірістік өнімдерді шығарып сатуды жолға қою болуы қажет. Осы шығарылатын өндірістік өнімдер ең алдымен еліміздің ішкі қажеттігін қамтамасыз етуі тиіс. Экономика заңдылығы бойынша әр елдегі шығарылатын өнімнің елдің ішкі қажеттілігінде неғұрлым сұранысы жоғары болса, сонда ғана шет елдерде сұранысқа ие болып, бәсекелестікке төтеп бере алады.  Ал экономикалық заңдылықпен санаспай тапсырмамен бәсекелестікке сай өнім шығарумен шұғылдану әсірелік (валюнтаризм),  ол тек экономикада туындайтын дағдарыстарды тудыруға ықпал етеді. Жер қойнауынан шығатын шикізат өнімін өңдеу  кәсіпорындарынан басқа өндіріс кәсіпорындарын жобалаған да олардың өте ірі болуы жанама шығындарының өсуіне әкеліп,  қажеттілік туған жағдайда технологияны тез алмастырып,  жаңа өнімдерді қысқа мерзімде игеруді тежейді. Сонымен қатар, өндіріс орнының тез, аз шығынмен жаңалыққа бейімделу үдерісін әлсіретіп, әлемдік бәсекелестік сайысында ұтылысқа әкеледі және экономикалық дағдарыс кезінде көп зиян шектіреді. Экономиканың тиімді болуы, шығарылатын өнімдердің өз құнын төмендетіп, сапасын көтеретін жаңа технологияны уақ – уақ жедел өзгеруге бейімделген орташа және шағын кәсіпорындардың көп болуына байланысты. Сонда жұмыссыздық мәселесі де шешіледі. Жаңа технологияны пайдаланып ірі кәсіпорындарды салу бағыты экономикалық сауатсыздық, өйткені оны салып, барлық қуатын толық пайдалану мерзімінің ұзақтығынан, ол технология ескіріп, өніміне сұраныс азаятындықтан және технологиясын жаңарту мүмкіншілігінің шектеулігіне байланысты өндіріс тиімділігі күрт төмендейді. Осының бәрі экономика саясаты идеологиясың ұлттық мүддені ойламауынан туындайды.                                                                                                  

  Жеңіл өнеркәсіптің  экономикалық тиімділік қасиетін пайдалана отырып және өнімдерінің

 

елдің ішкі қажеттілікте зор сұранысқа ие болатынын ескеріп, осы бағыттағы орта және шағын кәсіпорындарды жаңа, жетік технология негізінде барлық аймақтарда (бір жерде шоғырландырмай) дамыту еңбек ресурсын тиімді пайдалануға да, өнімнің бағасының қолжетімді болуына да ықпал етеді. Және де осы кәсіпорындардың тауар өнімдері ұлттық брендтің пайда болуына және жергілікті шикізат қорын тиімді пайдалануға қажет. Сонымен қатар Малайзия, Сингапур елдерінің тәжірибесінде бар, ұлттық ғылымның, жеке ғалымдардың, өнертапқыштардың жетістіктерін ұлттық интелектуалды кадрлерді пайдалана отырып, қалаларда шағын электроника, жаңа өнімдерді шығаратын шағын кәсіп орындардың пайда болуына жағдай жасауды жолға қою қажет. Ауылшаруашылығының дамуын ұлттық менталитетке тығыз байланыстыра жүргізудің негізі ауылдық жердегі шикізатты қалдықсыз өңдеуді әр аймақтағы елді мекендерде жаңа өңдеу технологиясына негізделген шағын кәсіпорындарды ашу. Соны қолдау жұмысын жүйелі түрде жүргізу. Олар, сапалы, жоғары дизайнды безендірілген өнім шығаруды іске асырып, ішкі сұранысты қамтамасыз етумен бірге  елімізді азық – түлік  өніміне деген тәуелділіктен арылтып, қайта көрші елдерге дайын өнімдерді шығаруға жол ашады. Ұлттық бренд бұйрықпен жасалынбайды.  Яғни, ұлттық ерекшелігімізге бағытталған экономикамыздың өзіне тән брендтері пайда болып, әлемдік бәсекелестік додасына түсе алады. Осы бағытта  дамыған ауыл экономикасы тұрғындарының әлеуметтік даму деңгейін,  мәдениетін қалалық өмір деңгейіне жақындатады. Қазір озық техника мен технология пайдалануына қолайлы деген желеумен белең алған латифундистік бағыттың ұлттық мүддеге қайшы келетінін ескере отырып, келешекте орта және шағын шаруашылықтардың кооперация  одақтарын құрып, ауылшаруашылық өнімдерін өндірістен тұтынушыларға дейінгі жолын қысқартатын, тиімділігі жоғары, алыпсатарлықпен өнім бағасының өсуін тежейтін саланың негізін салу қажет.

    Қазіргі экономикалық даму кезеңіндегі орын алып отырған жемқорлық үрдісі біздің ұлтымыздың тарихи қалыптасқан менталитетіне тән құбылыс емес. Бұл құбылыстың тамыры капитализмдік бағыттағы шаруашылық құру негізіндегі пайда (прибыль) өндіру заңдылығының табиғатына тән екенін кезінде К. Маркс көрсеткен. Бұны жоққа шығаратын ғылыми тұжырым жоқ. Осы келеңсіз үрдіс бүкіл әлемдегі нарықтық бағытты туғызып  және бақылауда ұстап пайда табудың жолында адами қасиеті бар құндылықтардан айрылып, рухани азғындық жолына түскен елдердің бәрінде етек жайған. Қазақ еліне жемқорлық пен парақорлық отарландыру саясатымен бірге келген. Еліміздегі жемқорлықты тоқтату тек рухсыздандыруды тежегенде ғана іске асады. 

   Еліміздің келешекте тәуелсіздігінің мәңгі сақталуына ықпал ететін өте маңызды ұстаным, ол экономиканы көтереміз деп әлемдегі ортақ қаржы нарқындағы интеграцияға енуді басшылыққа алып, инвестиция тартудағы жіберіліп отырған қателерді тұзету.  Әлемдегі ұлттық мемлекеттер өз елінің стратегиялық маңызы бар салаларының үлесін шет елдердің азаматтары мен компаниялар меншігіне сатқанда өздерінің бақылауында акцияның 51 пайыздан кем болмауын қатал сақтайды. Мысалы, АҚШ, Ресей шет ел азаматтары мен компаниясына сатылатын меншіктік ұлестің  25 – 30 пайыздан аспауын заңдастырған. Еліміздің келешектегі экономикасының тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін ойласақ, салалар мен кәсіп орындардың шет ел азаматтары мен компаниясына сатылатын үлес мөлшерінің ең жоғары деңгейі 49 пайыздан аспайтын болып және әрбәр шет елдік азаматтар мен компанияның меншігіне 15 пайыздан артық үлес сатуға шек қою қажет. Бұл жерде «нарықтық заңдылық», демократиялық халықаралық «стандарт»  деген ұғымдарды ұлттық қауіпсіздік мүддесінен жоғары қоюға болмайды. Бұл тәжірибе әлемдегі барлық ұлттық мемлекеттердің берік ұстанымы. Осы заңдылық қазіргі әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде өте айқын көрініс тауып отыр.  Мемлекет тәуелсіздігінің мәңгі болуы оның ұтымды, ұлттық мүддені көзінің қарашығындай қорғайтын сыртқы саясатының идеологиясына байланысты. Сыртқы саясат жүргізу дипломатиясы өте қиын да, күрделі де екенін және әлемде қалыптасып қалған стеоретиптің ықпалыммен сансудың

 

қажеттілігін ұға отырып, ұлттың мүддесін  қорғау үшін дипломатиялық саланың ой – қырын  білумен қатар тазалықты, батылдықты, көрегендікті көрсетумен бірге өз халқының беделін сақтаудағы беріктік пен адалдыққа мықты болу қажет. Егерде, сыртқы саясат идеологиясы ұлттық идея шеңберінен қандай да бір сылтаумен, не болмаса тар шеңберлік саясат жетегіне еріп мадақ, жасанды бедел жинау мақсатымен ауытқыса – ұлттың тәуелсіздігіне қауіп төндіреді. Ешқашанда саяси көрегендікті, қазіргі халықаралық қатынастарда туындап отыратын кейбір жағдайға саяси бейімделумен шатастыруға болмайды. Әлемдегі болып жатқан жағдайлардың сол мезгілде ғана пайда әкелетін шараларын, ұлттық мүддеге келешекте зияны бар жоғына көз жеткізбей қолдау мен әрекет ету – саяси бейімделу.

Саяси бейімделу пайда берумен қатар келешекте ұлттық мүддеге зиян әкелуі де мүмкін. Саяси көрегендік –  бүгінгі және жақын арадағы мақсатқа ғана жету емес, ол өз

ұлтының тарихын ескеріп және ертеңгісін ойлап, халқының ар, намысына кір жуытпай, ел келешегіне нұқсан келтіретін жағдайларды болжай біліп, шешім қабылдау. Сондықтанда, ұлттық мемлекеттің қабырғасын қатайтпай жатып, әлемдік алпауыт елдердің экономикалық және саяси экспансия жүргізудегі өз мүдделерін жүзеге асыруға бағытталған, бөліп алып билік жүргізу саяси додасына еніп, әскери одаққа кіруді, шекара ашып кедендік одақ құруды қолдау – ұлттық тәуелсіздігіміздің келешегіне үлкен қауіп әкелетінін болжай алмау мен ұлттық мүдде мен намысқа нұқсан келтіретінін ұғынбаудың салдары. Қазіргі ел экономикасы тәуелсіздігіне орасан ықпал етіп отырған Ресейдің экономикалық экспансиясы. Мысалы, басқасын айтпағанда «Лукойл», «Ростнефть», «Газпром», тіпті Алматы қаласының энергожүйесі мен азақ – түлік саласындағы «Ақсай нан» сияқты компанияның даму үрдісінде өздерінің аржақтағы қожаларының ішкі мақсаттарын жүзеге асыру ықпалынан көптеген қазақ кәсіпкерлерінің дағдарысқа ұшырап отырғанын  көру қиын емес. Осы компанияның басқару саласында қазақ мүддесін қорғайтын мамандар мен қатардағы қызметкерлер  бар ма деген сұрақ туындайды.

     Тағы бір мәселе, ол көрші ұлы державалық мемлекеттің еліміздің ақпарат кеңістігіндегі жасап отырған ақпараттық экспансиясын ұмытпау қажет. Отарлық саясаттың қалдық ықпалынан тазара алмай отырып, өзінің ұлыдержавиялық көзқараста, бұрынғы империялық ұстанымында саясат жүргізіп отырған алпауыт елдің саясаттық ықпалына кіруді, өз елінің мәңгі тәуелсіздігін мақсат ететін қазақ халқы ешқашанда ұқпайтынын да, қолдамайтынын да естен шығармау керек. Ұлттық идея негізінде мемлекет құру үшін Ата заңға өзгерту енгізіп, мемлекеттің атынан «Қазақстан» сөзін алып тастап «Қазақ Республикасы» деген атау беріп, ал қазіргі Ата заңдағы «Біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы....» (бұл келешекте сепаратизмге жол ашуы мүмкін) деген жалпылама қазақ халқының тарихы мен мүддесін мойындамайтын космополиттік ұғымды алып тастау қажет. Қазақ халқының осы мемлекетті құрушы ұлт екенін нақтылайтын және мемлекет ұлтық идея негізінде дамитыны туралы тұжырым енгізілсе ғана қазақ елінің келешектегі тәуелсіздігіне күмәнсіз қарауға болады.                                            .                                                                       

      Қазіргі зиялылырдың да, ұлт болашағын ойлаған барша азаматтардың да, билікте жүрген ұлтына жаны ашитындардың да, мемлекет тілінің  деңгейін көтереміз деп жүргендердің де істерінің тиімділігі, тек осы қазақ тілінің өмір сүріп дамуына орта туғызуға байланысты. Яғни, экономиканың, саясаттың, ғылымның, технологияның, білім беру мен рухани тәрбие жүйесінің, ақпарат кеңістігінің қазақ тілінде сөйлеуін іске асыру қажет. Өзінің мемлекеттік тілін бекіте алмаған ел ешқашанда тәуелсіз мемлекет бола алмайды. Мемлекет құруда тіл мен рухани тәрбие мәселесінің маңызы адамзаттың даму үрдісінде алатын орны ерекше екенін, осыдан екі мың бес жүз жылдай бұрын өмір сүрген әйгілі Дарий патша былай деп айтып кеткен – «Баянды мемлекет болу үшін халықтың бір тілде, бір дінде болуын қамтамасыз ету керек» деп. Осы қағида тарихтағы және қазіргі кездегі мықты мемлекеттердің тәжірибесімен өзінің өміршең заңдылық екенін көрсетіп отырғанын ешкім жоққа шығара алмайды. 

     Біздің азаматтық борышымыз өз ұлтымыздың дамуын ғылыми жетістіктерді пайдалана отырып, табиғи заңдылықтардан ауытқымай, волюнтаризмге жол бермей іске асыру. Оны іске асыруға және орта қалыптастыруға үлкен әсер ететін, отаршылдықтың қалдығынан арылтатын ономастика мәселесіне ерекше көңіл бөлу керек. Қоғамның келешегі ұлттық  идея негізінде қоғамдық сана қалыптастыруға байланысты. 

 

Болат Дүйсембі,  экономист – саясаткер, қоғам қайраткері

02. 01. 2011ж.

 

Aqsaqaldar.kz

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер