«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Ұлытау - ежелгі қоныс, ескі жұрт.
Ұлытау - ежелгі қоныс, ескі жұрт.
Дайындаған: 3 ай бұрын

      Мемлекет – саяси-әлеуметтік құрылым, ал этнос болса, одан көп бұрын дүниеге келді. Сақ, сармат, скиф, массагет, ғұн, қыпшақ, оғыз деп атайық, бірақ арғы бабаларымыздың этногенетикалық жағынан өсіп, дамудың мыңдаған жылдарға созылған, ұзақ жолынан өтіп, жекедара қазақ хандығының шаңырағын көтеріп, уығын шанышқанға дейінгі заманда Ұлытау – этностың кіндігі, Ұлы Ордасы болған. Тарихтың атасы атанған грек шежірешісі Геродоттың б.д.д. 431-424 жылдар аралығында жазған 9 кітаптан тұратын “Тарих” атты түбегейлі еңбегінде бұдан 2600 жылдай бұрын Алтайдан Атырауға дейінгі байтақ даланы жайлаған алып ел – массагеттердің (сақтардың) падишасы Тұмар (Томирис) ханымның Вавилон мен Месопотамияны жайлап өтіп, массагеттерге қарай жорық жолына шыққан Азия әміршісі атанған Кирді Сырдарияның Арал теңізіне құяр сағасынан өткізіп алып, сол тұстан үш күншілік жердегі алқапта жер жастандырғаны баяндалады.                           .
       Оқиға былай болған: Қайтыс болған күйеуінің орнына оның Тұмар атты әйелі массагеттерге патша болады. Кир жесір қалған әйелге құдаларды аттандырып, өзінің оған үйленгісі келгенін білдіреді. Алайда Кирге өзі емес массагеттердің тағы мен байлығы, жері мен жауынгер елі керек екенін сезген Тұмар оның ниетін қабыл алмай, құдаларды кері қайтарып жібереді. Пасық қулығы іске аспай қалған Кир массагеттерге қарсы ашық жорыққа аттанады. Сырдарияның жағасына жетіп, көпір салып өзеннен өтіп, Тұмар ханымның әскерімен соғысуға алдын-ала келісілген майдан алаңына тоқтайды.                                                .
Сол жерде көптеген мал сойылады, ет пісіріледі. Басқа неше түрлі жеңіс астардың түрлері және көл-көсір жүзім шарабы жеткізіледі. Кир содан соң әскерінің ішіндегі ең нашар дегендерін осы жерде қалдырып, өзі негізгі күштерімен кері қарай кетіп, бірнеше қырдың астында бой тасалап күтіп тұрады.

Массагеттер жасағының үштен біріндейі Кир қалдырған топқа шабуыл жасап, парсылардың тас-талқанын шығарып, қырып салады. Басқыншылардың шатырында дайын тұрған асты көрген олар жеңістерін тойлауға кіріседі. Шарап буындарына түсіп масайып, жаппай ұйқыға кеткен массагеттерді қайта оралған Кир әскері қырып-жойып, қалғандарын тұтқынға алады. Тұтқынға түскендердің ішінде Тұмар ханымның ұлы массагет жасағының қолбасшысы Спаргапис те болады.                                                                             .
Қанды оқиғаның хабары жеткен Тұмар ханым Кирге елші аттандырып, оған: “Аман-есен тұрғаныңда ұлымды босатып, келген жолыңмен кері қайт” деген талап қояды. Егер қанқұмарлығына салып, соғыспақ райынан қайтпаса, онда қызыл қанға тойғызатынын ант етіп айтады. Кир құлақ аспайды. Екі арада Тұмардың мастығы тараған ұлы Спаргапис масқара болғанына намыстанып өзін-өзі өлтіреді.                                                           .
          Массагеттер қолын мәні мен маңызы мол шешуші шайқасқа Тұмар ханымның өзі бастап шығады. Жан алып, жан беріскен ұзаққа созылған ұрыста парсы әскерінің тоз-тозы шығып, жеңіліске ұшырайды. Еліне 29 жыл патша болған Кирдің өзі де ажал құшады. Үлкен сабаны адам қанына толтырған Тұмар ханым Кирдің басын соған батырып тұрып: “Сенің қан ішкің келіп еді ғой, парсыларды патшасы! Мен саған беибітшілік пен еліңе қайт, әйтпесе қанға тойғызамын дегенмін, енді сол антымды орындап, қан мен шөліңід қандырып жатырмын”, - деген екен.                                                                                           .
         Француздың аса көрнекті тарихшысы А.Тьери: “Аттила (Еділ) – есімі адамзат тарихындағы ұлы қолбасшылар Александр Македонский мен Ю. Цезарьлардың қатарынан ойып орын алады”, - деп бағалаған ғұн патшасы Еділдің бүгінгі Италия, Алмания, Греция, Румыния, Венгрия халықтары мекендейтін батыс бағытқа жасаған жойқын жеңімпаз жорықтары V ғасырдағы осы түркі тектілердің ұлт болып ұйыған өлкесі, киелі кіндігі – Ұлытау төңірегінен басталған.
         Ұлы қолбасшы Шыңғысханның бүгінгі қазақ даласындағы түңғыш күрделі шайқасы Ұлытаумен жапсарлас жатқан аймақта өтті. “1216 жылы Ырғыз өзенінің бойында меркіттердің тас-талқанын шығарған монғолдар Хорезмшахтың жасағының күтпеген шабуылына ұшырады”,- деп жазады ғұлама ғалым Л.Н. Гумилев.                                                        .
         Хорезм патшасының әскерін талқандаған Шыңғыс 1223 жылы үлкен ұлы Жошыны жаулап алған қыпшақ даласын басқару үшін 4000 әскермен Ұлытауда қалдырды. Міне, сол кезден бастап Ұлытау – ұлан-байтақ Жошы ұлысының саяси-әлеуметтік, сауда-экономикалық орталығы болды. Жошы қайтыс болғаннан кейін жаулап алынған шалқар кеңістік – Ақ Орда, Көк Орда және Шағатай ұлыстарына бөлінген кезде, оның үлкен ұлы Орда Ежен Сырдариядан Саян тауларына дейінгі аймақты қамтитын Көк Орданы осы Ұлытаудан басқарды.
Ұлытаудың бір шоқысының басында фәниде бір-бірімен алысып, арпалысып өткен Едіге мен Тоқтамыс қатар жатыр. Халқымыздың қабырғалы қайраткері Асанқайғының да қабірі осы Ұлытауда.
         Тұмар, Еділ, Едіге, Тоқтамыс тарих теңізінің толқынын сан теңселткен осынау Ұлы Даланың кіндігі – Ұлытауда Азияның арыстаны атанған Ақсақ Темір де ат шалдырған. “Темір Ұлытауға келгенде алдымен сол тауға көтеріліп, ұшы-қиыры жоқ көк-жасыл жалпақ даланы рахаттана көзімен сүзіп, ұзақ тұрды. Содан соң әскеріне тас жинатып, бір тәуліктің ішінде ғаламат зор шоқы үйдірді. Бармағынан бал тамған шеберлер осындай салтанатты оқиғаның өткен күнін тас бетіне қашап жазып, ғасырлар бойы өшпейтін белгі қалдырды”, - деп жазады ұлы қолбасшының сарай тарихшысы Шарафадин Әли Йезди “ Темірдің жеңістері туралы жылнама” атты еңбегінде.                                                                             .
         XX ғасырдағы қазақ ғұламасы Қаныш Сәтбаев Ұлытаудағы Алтыншоқының басынан тапқан бұл тас сол заманның аса құнды жәдігері ретінде қазір Санкт-Петербургтегі Эрмитажда сақтаулы тұр. Онда Тұранның сұлтаны Темірдің жүз мың әскермен Тоқтамыс ханмен соғысуға бара жатып, Ұлытауға аялдағаны жайлы жазылған. Міне, осылайша Шарафадин Әли Йезди жазбаларындағы дерекке Сәтбаев тапқан тас бұлтартпас дәлел болды.
        Ұлытау “Ұлытау” деген мәртебелі атты қашан алған? Талайларды ойландырып-толғандырған осы сұрақтын нақты жауабын табу бүгінгі уақытқа дейін күн тәртібінен түскен жоқ. Жорамал да, болжам да көп. XII-XIII ғасырларда оның бұрынғы аты мен бүгінгі атауы араб-парсы жылнамашы-тарихшы ғалымдарының еңбектерінде қатар қолданылуына қарағанда таудың атының өзгеруі осы мұғдарына сай келетін секілді.                           .
Атақты парсы Әбу Саид Гардизидің XI ғасырда жазған “Зайн - әл-ахбар” (“Баяндау көркі”) атты бүгінгі тарихшылар үшін аса маңызды еңбегінде Ертіс жағалауынан Сібір даласы мен Алтай тауларына дейінгі кеңістікті жайлаған түркі тайпаларының бірі – қимақтарға апаратын жол жағдайы өте тиянақты баяндалған. Ұлытау жайлы бізге белгілі ең көне дерек осы еңбекте келтірілген. Ол былай деп жазыпты: “Қимақтарға шығатын жол жайлы айтсақ, әуелі Фарабтан Жаңа қонысқа барасың; сол жаңа қоныстан қимақ еліне қарай жүргенде, жолда өзен кездеседі, одан өткен соң алдыңнан бұйра-бұйра құм шығады; түркілер оны Уюкман деп атайды. Әрі қарай Сокук өзеніне жетесің; одан өткеннен кейін тұзды сорларды басып өтесің. Әрі қарай Кендіртағы тауы басталады. Жолаушылар өзенді жағалай өскен қалың шөп, жайқалған ну тоғайдың ішімен жүріп отырып, биік тауға, өзеннің бастауына жетеді. Осылай тар шатқалдағы жолмен тауға көтеріледі. Сол Кендіртағы тауына шығып, Асус өзеніне тіреледі. Осы Асус өзеніне дейінгі бес күндік жолда қалың ағаштың көлеңкелері адамдарға күн түсірмейді. Өзеннің суы қап-қара; оның шығыстан басталған арнасы Табарыстанның қақпасына дейін барады. Жолаушылар бұдан әрі қарай қимақтар елінің шекарасы Ертіс өзеніне жетеді”.                                                    .
Гардизидің еңбектеріндегі кейбір географиялық атауларға түсінік бергеніміз жөн. Ондағы Фараб – сол кезеңдегі Отырар қаласының аты, Жаңа қоныс – Отырарға жақын маңдағы Кедер деп аталған сауда орталығы. Уюкман – Мойынқұм құмы; Сокук – Сарысу өзені; Асус – Есіл өзені және Кендіртағы – қазіргі Ұлытау тауы. Қорыта айтқанда, бұл жол – “Ұлы Жібек жолының” жиһанкез-саяхатшыларға “Сарысу жолы” деген атпен бағзы замандардан мәлім Ұлытау-Жезқазған өңірі арқылы өтетін тармағына сәйкес келеді.
Ұлытау өңіріне қатысты аса құнды деректерді 1100-1165 жылдар арасында өмір сүрген арабтың белгілі географ-ғалымы, саяхатшысы Әл-Идрисидің “Нусхат Әл-Муштақ фи Ихтарах әл-Афак” (“Жаһангерліктен торыққан адамның көңіл көтеруі”) атты шығармасынан табамыз. Ол бүгінгі Ұлытау тауының айналасын жайлаған тайпаларды Гуздар деген жалпы атпен атап, олардың мал шаруашылығымен бірге кен қазып, алтын, күміс, мыс сияқты түсті металлдарды да аса орасан көп мөлшерде өндіретіндігін және сауда-саттықпен айналысатындығын жазған.
Әл-Идриси бұл өңірде қалалардың көп екендігін, ол қалалардың барлығы өзен-көлдердің жағасында, тау шатқалдарындағы құнарлы жерлерде, кен көздеріне таянта салынғанын атап көрсеткен. Хиам атты қала Гуздардың аса маңызды сауда орталығы және астанасы болған. Бұл қала Ертағы мен Кертағы таулары сілемдерінің біріне жататын биік төбенің қасына салынған екен.
        Әл-Идриси осы өңірдегі металл өндірісі жайлы: “Онда күміс өндіретін кеніштер ашылған. Олардан шығатын күмісте есеп жоқ. Шаштың саудагерлері ол жаққа артынып-тартынып тауар апарады, оларын күміске алмастырады да, сол жерден тағы да түйелер сатып алып, мол күмісті жан-жақтағы елдерге таратып әкетеді”,- деп жазыпты.                                                                                   .                                                               
        Академик Ә.Х. Марғұлан Хиам қаласын Қиян деп аталған болуы тиіс дейді. Шынында да осы таудың төркін-түбіріне үңілсек, қазақтың “Ит арқасы Қиянда” деген, яғни алыста, ауыр жол жүріп баратын жерде деген ұғымды білдіретін, халық ішіне кеңінен тараған тұрақты сөз тіркесінің пайда болуы себебін басқа бір қырынан түсінгендей боламыз.
Әл-Идриси еңбегінде көрсетілген Ертағы мен Кертағы тауларына келетін болсақ, бұл атауларға қатысты тиянақты мәліметті Қиуа ханы, тарихшы-шежіреші Әбілғазының өзінің нақтылығы жағынан дүниежүзі ғалымдары тарапынан аса жоғары бағаға ие болған “Түрік шежіресі” атты еңбегінен табамыз. Онда: “Қазіргі Ұлытау мен Кішітау дегендерді ол кезде Ертағы және Кертағы деп атайтын”, - деген тұжырымды сөйлем бар.                                          .
Осы және осындай басқа да тарихи деректерге қарағанда Ұлытау мен Кішітау атаулары осы өңірді ұлан-байтақ Жошы ұлысы өз орталығына айналдырған кезеңде (1223 ж) пайда болған секілді.
        Әр адамның санасында өз қара шаңырағы, Отаны, Атамекені жарық дүниенің кіндігіндей сезіледі. Ұлттық мәдениет, туған халықтың әдет-ғұрпы содан бастау алады. Қазақтар үшін сондай ата-баба мекені –Ұлытау. «Ұлы», «тау» деген - қазақтың төл ұғымы. Оның ұлылығы тек атының халық арасында әйгілі болуында ғана емес, ұлт тарихындағы қазақ руларын біріктірген аса ұлы оқиғалар туғызған тарихи мәнділігінде.                                                                                 .
«Кіндік жұрт» аталып кеткен, ұлттық сананы қайта өркендеткен соңғы жылдары терең тарихымен ғалымдарды, журналистер мен туристерді тамсандырған Ұлытау небір мақтау сөзге де лайық . Ұлытау - «қазақ халқының бесігі» , «көшпелі халық мәдениетінің, дала өркениетінің алтын кіндігі».                                            .
Ұлытау - ежелгі заманның көне сырларын ішіне бүккен шежірелі өлке. Ол ежелгі де әр алуан әдемі ескерткіштерінің көптігімен кім - кімді де тәнті етеді.Өзінің ғажайып сұлулығымен, құнарлығымен бабаларымызды ынтықтырған қасиетті жерден палеолит,неолит дәуірлерінің туындысы - алғашқы адамдардың мыңдаған еңбек құралдарын әр бұлақтың маңынан,көгалды жазықтардан кездестіресіз.                                                        .
        Қаракенгір өзені жағасындағы Дүзен мазарына жақын орналасқан палеолит дәуірінен қалған көнекөз шеберхана Қазақстандағы ең ірі де әйгілі ескерткіш санатында. Тас ғасырының мылқау куәлігі Жетіқоңыр археологтердің көп жылдардан бері назарында. Қола дәуірінің ескерткіштері - елді мекендер, мазарлар мен Беғазы – Дәндібай мәдениетінің асқақ кесенелері кез - келген өзен алқаптарынан кездеседі. Ежелгі патша әулеттері жерленген Айбас дарасы,Үйтас-Айдос, Ақоба, Талдысай обалары көптеген ғалымдар мен зерттеушілердің ынта-ықыласын ұдайы өзіне аударып отырса, Қорғасын елді мекеніне жақын орналасқан обалар мен Терісақкан өзені жанындағы Қараоба екі жарым мың жылдан аса уақыт бойы жолаушылар үшін қиыр далада қағылган қазықтай нақты нысана болып келеді.                                             .
«Мұртты» қорғандар - Ұлытаудағы таңдай қақтырар көрікті нысандар.Олардың кұпиясы әлі күнге беймәлім. Бұларды мазар үстіндегі ескерткіш дейміз бе,әлде ежелгі расытхана дейміз бе, тіпті, осылардың бәрінің басын құрайтын тұлғалы ескерткіш дейміз бе-әйтеуір бұлардың қай-қайсысы да таңғажайып дүниелер. Классикалық үлгідегі осындай ескерткіштердің «мұрты» үнемі шығысқа қарап тұрады.Ұлытауда сақталған олардың сан алуан бағдарымен, пішінімен , санының көптігімен таңғалдырады.                                                  .
Жазық жерлерде орналасқан ғұндар дәуіріндегі әдемі шатқалды қорғандар өзінің асқақтығымен,сұлулығымен көзге түседі. Ежелгі түркі,оғыз-қыпшақтар мәдениетінің ізін де осы жерлерден ұшыратамыз. Арғанаты, Кішітау тауларындағы Тілеуқабыл аңғары мен Қорғантас шатқалындағы түркінің айшықты тастарымен өрнектелген оба қоршаулары бәз қалпында сақталған. «Балбал» деп аталатын кейбір сомтастар өрнегінің қатары кей жерлерде 250 метрге жетеді.                                             .
       Ұлытаудың ежелгі түрғындарының таудан металл пештер қалдығы, пішінді металл құю тәсілі-бұдан үш мың жыл бұрын жергілікті тайпалардың мыс, қалайы, күміс, алтынды қазып алып, өңдеп, Иран, Үнді, Грекия, т.б. елдерге шығарғандарына бірден-бір дәлел. Мұны «тарих атасы» деп жүрген Геродот өз еңбектерінде растап отыр. Қола дәуірінде өмір сүрген Елуқұдық, Сорқұдық секілді металл өндіру орталықтары кейінгі орта ғасырларға дейін өндірісін тоқтатпаған.
       Ежелгі шеберлер қолымен тасқа қашалып салынган суреттердің тұтастай галереясы Ұлытаудың өзіндік мәдениетінің көрікті беттерін құрайды.Тіршілік ету,аң аулау бейнелері, ғажайып жануарлар әлемі,ежелгі адамдардьң дүниетанымын танытатын суреттер Теректі әулие, Зыңғыртас, Арғанаты таулары жартасында, Байқоңыр, Тамды, Жаңғабыл, Жетіқыз өзендерінің бойларында тұр. Бүл өлке орта ғасырларда «Дешті қьпшақ» (араб тілінен аударғанда - қыпшақтар елі) аталған. Оның аумағы кейіннен қыпшақтардың, қимақтардың, ұлы оғыздардың ірі рулық бірлестіктері арасында бөліске түскен. Ұлытау ешқашан бір ғана тайпаның, не бір ғана рудың иелігінде болмаған. Бұл берекелі жер көшпелі тайпа көсемдерінің сүйікті мекені еді, ол қашанда қасиетті, әрі киелі қоныс саналған.                                                                  .
        Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошының бұл жерде тұрақты қоныс еткені тегін емес. Шығыс Еуропаны тізе бүктірген Бату өз жорығын осы жерден бастаған. Ұлытау жерінде Шыңғыс ұрпақтарымен байланысты сәулеттік ескерткіштер жетерлік. Бұлар-Жошы, Құтлық-Темір, Болған ана, Келін-там мазарлары. Осы далада, аңызда айтылатындай, Шыңғыс ханға ұлы Жошының өлімін жеткізген атақты «Ақсақ құлан» (ХШ ғ) күйі дүниеге келеді.
XIV ғасырда, шамамен VII-VIII ғасырларда өмір сүрген түркі руларының негізін қалаушылардың бірі Алаша хан қабіріне мазар тұрғызылды. Ұлытау тауы биігінің бірінде ұлы қолбасшы, саясаткер және шешен, Алтын Орда әмірі Едіге жатыр. Оның аты Алтай, Орал, Солтүстік Кавказ, Қырым және Өзбекстан халықтарының батырлық әңгімелері мен эпостарында сақталған. Алтын Орданың жігерлі ханы Тоқтамысқа да Ұлытаудан топырақ бұйырған. Халық аңызы өмірінің соңғы кезеңінде қарапайым пенде болып, Египеттің ұлы билеушісі, қыпшақ Бейбарыс осы далаға оралғанын бүгінгі күнге жеткізеді. Ұлытау тарихының білгірі, академик Әлкей Марғүланның жазуынша, Тұранның кұдіретті ханы Афрасиаб өмірінің соңғы кезін Ұлытауда өткізген.                                                 .
        Құдіретті Ақсак Темір өзінің Ұлытауда болғаны туралы Алтыншоқы тауында тасқа қашап белгі қалдырған. Ұлытаудың ғажайып гранит шыңдары Бұқар ханы Абдоллахты және Құдияр ханның қоқандық жауынгерлерін ұмытқан жоқ. Монголдардың тұрақты қонысы-Қарақорымға беттеген ортағасырлық көптеген еуропалық және орыс елшілері Ұлытау бұлағының суын ішіп, шөлін басты. Кетбұғы, Керей, Жәнібек, Қасым, Тәуке, Барақ, Көшім, Абылай, Әбілқайыр, Ақжол би, Қазыбек би және т.б. тарихи тұлғалардың өмірбаяны Ұлытау атымен байланысты.
Ұлытау-Қазақстанның географиялық орталығы. Картадан оның Қазақстанның солтүстігі мен оңтүстігі, сондай-ақ шығысы мен батысы аралығында бірдей қашықтықта орналасқанын көресіз. Оның әскер шоғырландыруға және жасақты Ұлытаудың айналасындағы бұлақтары мол жайылымға орналастыруға қолайлы орын болғаны сондықтан болар.                                         .
        «Ақтабан шұбырынды» жылдарында Ұлытаудың даңқы оңтүстік - шығысында қазақ руларының біріккен күші алғаш рет жоңғарларға тойтарыс беруімен шықты. Содан бері осы шатқал Қалмаққырған аталады. Ұлытаудьң тұғырлы таулары патшалық-отаршылдық саясат жылдары қарсыласу мен тәуелсіздік ошағы болып қала берді. Бұған XIX ғасырдың ортасындағы Кенесары Қасымұлы, 1916-1917 жылдардағы Амангелді Иманов бастаған ұлт-азаттық көтерілістер куә.                                                                              .
        Ұлытау географиялық жағынан қолайлы жерге орналасқан. Ұлытау арқылы Ұлы Жібек жолының «Сарысу» немесе «мыс жол» аталған негізгі тармақтарының бірі өткен. Оның дәлелі-керуен жолы бойында орналасқан ондаған керуен-сарайлар, бекініс-қоныстар,феодалдық қорғандар, қарауыл мұнаралар. Бұл қоныстарда қалалық мәдениет, қол өнері, сауда-саттық дамыганын Басқамыр, Жошы-орда, Аяққамыр, Орда-базар қалашықтарына жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесі дәлелдеді. Ғалымдар болжауынша, бұл сауда жолы Ұлы Жібек жолына дейін пайда болып, біздің ғасырдың отызыншы жылдарына дейін сақталды, осы өлкенің мәдениетінің дамуына үлес қосты. Табиғаттың өзі бұл жерге қисапсыз қазына сыйлаған. Фирдауси өз поэма-эпосы «Шахнамада» Ұлытау өңірін әдемі суреттеген. Ұлытаудың ғажайып көріністерін VI ғасырда араб саяхатшысы Әл-Идриси өзінің қолжазбаларында суреттеген. Ұлытау жөнінде қазақ халқының ертегісі «Ер Төстікте» де айтылады. Әйгілі Асанқайғы Сарыарқаның көптеген түкпірін аралап, елге құт жерұйық іздегенде, көзіне Ұлытау түскен. Академик Қаныш Сәтбаев Ұлытау даласын Қазақстанның қазынасы атаған. Өйткені, Менделеев кестесі элементтерінің көбі Ұлытау аймағының қойнауынан табылған. Ғасырдың заманалық мәні бар оқиғасы - адамның ғарышқа ұшуы да Ұлытаумен-ғарыш аймағы Байқоңырмен байланысты.
        Ұлытау өзінің жер бедерімен, терек - қайыңымен Көкшетау, Баянауыл, Қарқаралының шипажай орындарын еске салады. Бұл өңір Қазақстанның тарихи орталығы десек те болады. Қазақтардың бүкілдүниежүзілік құрылтайында форумға қатысушылар ең әуелі казақ халқының осы қасиетті орнына баруды қалағаны да тегін емес. Сол күндері Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаев осында қазақ мемлекетінің калыптасуындағы Ұлытаудың тарихи рөлін құрметтеп, ескерткіш-белгі орнатуға қатысты.

Әнуарбек Ералы, ғаламтордағы жазба

 

Aqsaqaldar.kz

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер