«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Қасым Қайсенов…
Қасым Қайсенов…
Дайындаған: 2 апта бұрын

 

       «...Желтоқсан оқиғасынан кейiн бiр күнi маған Қасым ағамыз телефон соғып:

– Сенiмен жолыққым келедi, – дедi.

Ол менi Жазушылар одағында күтетiн болды.

Сол уәделi жерде кездестiк. Оңаша бөлмелердiң бiрiнде отырып сөйлестiк. Әңгiме басталар-басталмастан ағамыздың еңкiлдеп тұрып жыламасы бар ма! Неге? Не үшiн? Не болып қалды? Түсiнсем бұйырмасын!

–Қасеке! Қасеке!–дей бердiм.–Сабыр! Сабыр! Не болып қалды?–дедiм не iстерiмдi бiлмей.

–Аямады ғой, аямады. Шырқыратып сабады ғой жастарды! Көрдiм! Өз көзiммен көрдiм! Бәрiн де! Бiрақ дәрмен жоқ. Түк iстей алмадым. Өйткен партизандығым құрысын! Фашистердiң өзi олай қорлай алмап едi. Қорлатпап едiк! Бұлар қорлады!

–Бiз бере алмасақ та, жазасын Құдай берер! Сабыр етiңiз, Қасеке!–деп жұбаттым.

–Бұлар баяғыда бiр рет өсiткен. Шаяхметов орнынан түскенде «Бiраз тайраңдап едiңдер, бостандықтарың бiттi осымен! Бiттi осылай, калбиттер!»–деп сабаған шетiмiзден. –Қасекең өксiп-өксiп алды да кiлт тоқтады. Содан кейiн: –Осыны айтайын деп келдiм. Ал қош бол, бауырым!–деп шығып кеттi».

Қадыр Мырза Әлидің "Иірім" атты кітабынан

 

                                             ***

 

        Бауыржан да, Рақымжан да о дүниеге арманда кетті. Одан кейін маған «Халық қаһарманы» атағын берді. Мен сол атақты алғанда қуанды деп ойламаңдар. Халық қаһарманы белгісін кеудеме таққанда сыр бермей, шыдадым. Үйге келдім. Келдім-дағы есікті бекітіп, оңаша отырдым да, бір бокал коньякты ішіп алып, жыладым. Қатты күйзелдім. Ана екеуін о дүниеге жіберіп, өзім тірі қалып, осы награданы әдейі күткендей болдым. Өзімді солай сезіндім. Шынын айтқанда, бұл жұлдыздың маған керегі жоқ еді. Маған «Партизан Қасым Қайсенов» деген атақтың өзі жетеді. Кейін Рақымжанға Халық қаһарманы атағын берген күні тағы да жыладым. Өйткені аз да болса оның аруағы алдында арым тазарғандай болды.

 

                                        ***

 

       Біздің елге фашистер шабуыл жасап, жаугершілікке ұшырадық. Бәріміз де Отан қорғауға аттандық. Біреудің қолынан аз келді, біреудің қолынан көп келді. Айтайық, біздің қолымыздан көп келген екен. Соны халқымызға, Отанымызға сатуымыз керек пе?! Бізге не только Алтын Жұлдыз, не только орден-медаль беру, тіпті рахмет айтудың да керегі жоқ. Біз өзіміздің азаматтық борышымызды атқардық.

 

                                    ***

 

       Айталық, баяғы бір кезде Бауыржан Момышұлына да, Рақымжан Қошқарбаевқа да Батыр атағын беру керек деп жұрт айқайлап жүрді. Бірақ мен сонда көпшіліктің көзінше де, жиналыстарда да мына сөзді қайталап айтумен болдым. «Баукеңе Батыр атағының керегі жоқ. Оны табиғаттың өзі Батыр етіп жаратқан, халық солай деп қабылдаған. Мен де қартайып қалдым. Маған да ол атақтың керегі жоқ. Арамызда мына Рақымжанға берсе, әлі жас қой, жасаған ерлігінің қызығын көріп, тағып жүрсе, сол жарасар еді», – дейтінмін.

Бауыржан тастай берік, қара ағаштай қайыспайтын ерекше адам еді. Ол Батырлығын да, генералдығын да ала алмады. Сол күйінде іштен тынып, үндемей кетті. Ол еш уақытта, еш жерде өкпе-назын айтпайтын. Ал ішіп алған кезде, ашуланған кезде Рақымжан шыдамай, айтатын. Ол екеуміз өмірде бір-бірімізге жақын боп, жақсы араластық. Мені жақсы көргенде «Қасым аға» дейтін. Ал көңілінен шықпасам, «қара аю» дейді.

 

                                  ***

 

       Мен тумысымда қатал емес едім. Жұртты аяғыш едім. Бала кезімде далада жас шыбық жатса, «түнде қорқады ғой» деп, ұйықтағанда қойныма алып жататынмын. Кісі өлтіретіндей қатыгездік менің бойымда жоқ секілді еді. Соғыс бізді қатыгездікке үйретті, кекті оятты. Атыста аяушылық болмайды екен. Соғыс заңы – қатал. Жас кезде жасаған кейбір тентектігімді есіме аламын да, ойланамын. Осы мен партизан болуға ыңғайланып туған адам сияқтымын.

 

                                    ***

 

       Кім біледі, менің өмірімнің ақыры ауыр болуы да мүмкін. Өйткені, қолы қан адам оның сазайын тартуы керек шығар. Бір кезде мен өзімнің бір кітабымда неміс халқына үндеу жарияладым. «Еңбекқор, талантты неміс халқы! Егер де менің қолымнан қанішер фашистерің қаза тапса, маған рахмет айтыңдар. Ал егер менің қолымнан байқаусызда, амалсыздан Гитлердің заңынан қорқып келген адал ұлдарың мерт болса, онда кешіріңдер мені. Мен оған кінәлі де емеспін. Кінәлі – Гитлер, фашизм», – дегенім бар. Сол айтқаным – айтқан.

 

                                       ***

 

         Мені біреулер роман, повесть жазды деп жүр. Оның бәрі – өтірік сөз. Мен роман да, повесть те, көркем әңгіме де жазған адам емеспін. Мен басымнан не кештім, өз қолыммен не істедім, өз ойымнан не өткіздім – соның бәрін фотоға түсіргендей еске түскендерін жазып жүрген адаммын. Сондықтан менің жазғандарымның бәрін бұрынғы партизан отряды командирінің басынан кешкендері деп түсіну керек. Ұлы Отан соғысы кезінде партизандардың фашистерге қарсы қолданған әдіс-айласы деп ұғыну керек. Басымнан кешкен оқиғаларымның 70-80 пайызы енді жазылмайды, менімен бірге о дүниеге кетеді. Оны жазбады деп оқырман қауым маған өкпелей қоймас. Фашисі бар, Отанына опасыздық жасаған сатқыны бар, полицайлары бар, өз қолыммен қаншама адам өлтірдім. Демек, мен – қолы қанға боялған адаммын.

 

                                          ***

 

         Адамды өлтірудің 100 түрлі әдісі болады. Адам – табиғатынан жауыз. Оның үстіне небір жағдайларды көрген соң, амалсыздан өзің де жауыздыққа барасың.

 

Халық қаһарманы Қасым Қайсеновтің естеліктерінен.

 

Жолдығазы Додаұлы,  ғаламтордағы жазба

 

Aqsaqaldar.kz

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер