«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Ғұлама туралы қысқа . қайырма
Ғұлама туралы қысқа . қайырма
Дайындаған: 6 ай бұрын

(Жалғасы)

                    Әлемдік деңгейдегі әдебиетші

 

Елімізде кең етек жайған «Рухани жаңғыру» бастамасы – өткеніміз бен кеткенімізді, жоғалтқанымыз бен тапқаны-мызды салмақтауға берік негіз қалап отыр. Әрине, біз бұл орайдағы әңгімені кеңірек, кең ауқымда қамтысақ, мейлінше сара бағытқа жол салмақпыз. Қазақ деген елдің ірі-ірі зиялылары мен парасатты ұлдары қай заман, қай ғасырда да болған, сөйтіп есімдерін тарихқа алтын әріппен жазып қалдырған. Сондай ірі ғұлама, энциклопедист-ғалым, философияның хас жүйрігі Әбунасыр әл-Фараби бабамыз туралы қанша жазып, қаншама ой толғасақ та көптік етпейді.
Әбунасыр әл-Фараби (870-950) баба-ның туғанына 2020 жылы 1150 жыл толмақшы екен. Бұл, сөз жоқ, айтулы дата! Ескерусіз қалдыруға әсте де болмайтын, мәні мен маңызы зор шара десек, артық айтқандық бола қоймас. Біз соңғы жылдар бедерінде, әрине, даңқты бабамыз, ұлы ойшыл ғұламаны жан-жақты біліп, тану бағытында бірқатар жұмыстар жүргізе алдық. Белгілі-белгілі ғалымдарымыз көптеген зерттеу-зерделеу еңбектерін жазды, Әбунасыр оқулары кезек-кезегімен өткізіліп келеді. Алайда, оның барлығы да толығымен көңілге тоқтам, ойға тірек бола алмай жататыны өзінен-өзі белгілі. Әділіне көшсек, оның соңында қалған рухани мұраларын түп-түгел тауысып, өз дәрежесінде бағасын бере алмай келе жатқанымыз жасырын ба? Қайсыбір ғалым-зерттеушіні алсақ та, баба еңбектерінің бергі жағын қамтып, барынша тереңге бойлап кете алмай жататыны өтірік пе? Бірақ, бұның бәрінің астарында объективті себептері бар екені тағы шындық. Әлі күнге дейін ойшыл бабаның артында қалған мол рухани мұралары түгел жинақталып, өз зерттеушісіне де, өз оқырманына да жете алмай келеді. Себеп көп. Айталық, оның мол рухани мұраларының аты бар да, заты қолға түспей отыр. Ал, табылған еңбектерінің де біразы өз тілімізге асқан сауаттылықпен аударылып болған жоқ. Тағы бір себеп – біз Әбунасыр жазбаларын егжей-тегжейлі зерделеуге келгенде, кібіртіктеп қалып жатамыз, өйткені, көп еңбектерін түпнұсқада оқи алмай келе жатқанымыз тағы рас. Осы орайда көптен ойда жүрген кейбір мәселелер турасында ой бөліссек деп шешкен едік. Бұл мақалада, бірақ, біртуар бабаның тек әдебиет пен өнерге қатысты еңбектері мен ақындық-күйшілігі жайынан аз-кем сөз қозғауды мұрат тұттық.

 

                                             ***

Отырарлық ғұлама-ғалым ғылымның барлық салаларында еңбек еткенін зерделі оқырман бек біледі. Ол медицина, астрономия, химия, математика, психология, философия, логика, т.б. салаларды жетік меңгерумен қабат, әдебиет пен өнер бағытында да толымды еңбектер жазып, тұщымды ой айта білді. Жазба еңбектерінің арасында «Әдебиеттегі пікірталас туралы трактат», «Риторика туралы трактат», «Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат», «Логика туралы трактат», т.б. ерекше орын алады. Өзінің ойлылығымен, батыл пікірлерімен ерекшеленеді. Мұнда өзіне дейінгі ғалымдар айта қоймаған, айтса да жеріне жеткізе зерделеп болмаған мәселелерге талдау жасаған. Айталық, «Логика туралы трактат» атты еңбегінде поэтика жайынан да ой қозғайды. Жалпы, Әбунасыр жазбаларында «поэтика» тақырыбы ерекше мәнге ие. Поэтика – ауқымы кең, шеңбері үлкен сала екені өзінен-өзі белгілі. Олай болса, поэтика мәселесі Әбунасыр үшін үлкен де маңызды болды.
Поэтика жөнінде әңгімелей отырып, поэтикалық зерделеу мен пайымдау ұғымын да айналысқа қосты. Әсіресе, поэтикалық пайымдау туралы жаза отырып, бір тұсында былай деп түйін жасаған: «Сөздің мағынаны жеткізе алуы да, жеткізе алмауы да мүмкін. Мағыналы сөз жай немесе күрделі болады. Күрделі сөздерді «пайымдаулар» немесе «пайымдауға жатпайтындар» деп бөлуге болады. Пайымдаулардың біразы – айқын, біразы – бұлыңғыр. Айқын пайымдаулардың кейбірі – шынайы, кейбірі жалған болады. Жалған пайымдаулардың бір бөлігі қарастырылып отырған затты тыңдаушы санасында айқын бейнелесе, екінші бір бөлігі олардың ойында затқа еліктеу туғызады, осы соңғысы поэтикалық пайымдаулар болып табылады. Мұндай еліктеулердің кейбірі – кемел, кейбірі толыспаған болып көрінеді. Олардың толысу-толыспауының табиғатын зерттеп-зерделеу – ақындардың немесе түрлі тілдер мен диалектілердегі поэзияларды зерттеп, солар туралы еңбек жазып жүргендердің үлесіне тиетін болып қала бермек». Осылайша, ол өз ойын терең таңбалап, қаза баяндап, топтап түйіндеп отырған. Жеріне жеткізе шегелеген. Ол әдебиет жайындағы өз ойларын образ, суреттілік, ойлылық бағытында желілеп отырып, ең аяғында поэзия саласына ауысады. Оның ойынша, поэзия – барлық көркем шығармалардың негізгі тұрағы, бастау бұлағы. Өзінің өлең, әдебиет һәм логика туралы трактаттарында бірқатар халықтардың поэзиясында мазмұн мен өлшем арасына шек қойылмай, аралас қолданылатынын, бұл жағдай тек көне гректер ғана сақтағанын қадап айтқан. Неге көне гректік өлең қағидаларын айтып, соларды үздік үлгі ретінде ұсынды? Бұның, біздіңше, бірнеше себептері бар. Біріншіден, алғашқы ұстазы Әбу Митта Грекиядан келген аса терең оқымысты еді. Екіншіден, грек философы Аристотельдің асыл ой-тұжырымдары өзіне мейлінше жақын болды. Ал, үшіншіден, грек тіліне жүйрік-тін (Тіпті, көне грек тілін де меңгеріп алғаны айтылды). Өз жазбасында көне грек поэзиясын бірнеше түрге бөлген, мағыналық тұрғыда жіктеген. Енді соған тоқталалық.
Ең алдымен, ең елеулі түр ретінде Трагедияны тілге тиектеген.
Трагедия – өзіндік өлшем-танымы бар, тыңдаушыға да, айтушыға да ләззат беретін өлең түрі.                                       .
Сосынғы кезекте, Дифирамб болса, оған трагедияға қарағанда, екі есе артық өлшемі бар өлең түрі деп баға берген. Дифирамбта жекелеген адамдарға емес, жалпы адам баласына ортақ мінездер, сондай-ақ күллі адамзатқа қайырлы істер жасаған дара тұлғаларды дәріптеуді мақсат етеді.            .
Комедия – өзіндік өзгеше өлшемі бар өлең түрі. Мұнда келеңсіз, оғаш жайттар суреттеліп, адамдардың мінез-құлық, іс-әрекетіндегі артық істері сыналып-келемежделеді.
Ямб – бұл да арнаулы өлең өлшемі, жақсылы-жаманды істерді сипаттайтын нақыл сөздер түзіліп отырады.                                      .
Драма – алдыңғы түр тәрізді поэзия жанры. Ерекшелігі сол – мұнда белгілі бір адамдарға, жеке тұлғаларға арналған ой түйіндері, нақыл сөздер жиірек келтіріліп отырады.                                              .
Айнос – барынша шеберлікпен жазыл-ған, көркем де келісті пайымдауларды негіз еткен өлең түріне жатады.                             .
Диаграмма – тәртіпке бағына бермейтін адамдардың жанын кісі түршігерлік азаптар күтіп тұрғанын сипаттайтын өлең түрі (Бұны заң шығарушылар көбірек қолданады).                       .
Эпос және риторика – өткен дәуірлердегі саяси және құқықтық тәртіп-мінездер суреттелетін поззия жанрлары. Мұнда сонымен қатар, билеушілердің өмір-салты мен іс-әрекеттері, сол тұстағы айтулы-айтулы оқиғалар негіз болады.
Сатира – белгілі өлшемі бар, музы-канттар ойлап тапқан өлең түрі. Әртүрлі әуен мен әндер арқылы аң кейпінде киінген адамдарды әдеттен тыс қимыл-қозғалыстар жасауға жетелеп отырады.                                .
Поэма – жақсылық пен жамандықты, дұрыс пен бұрысты сол қалпында бейнелейтін өлең түрі.                                      .
Амфигенезис – жаратылыстанушы-ғалымдар ойлап тапқан өлең түрі, алайда, осы ұғым поэзиядан кішкене алшақтау екені де сезіледі.
Ең соңында Акустика деп бөліп атаған түрге тоқталып, оның таланты бар жастарды музыка өнеріне баулу үшін қолданылатын өлең түрі екенін, тек осы бағытта қолданатынын еске салады.                                       .
Ғалым-ойшыл, әрине, поэзияны жалаң түрде талдау жасап қана қоймайды, оларға қатысты өз пікірін де ашық білдіріп отырады. Және дәлелді түрде тілге тиек етеді. Айталық, ол белгілі бір ақындар шығармаларының ішкі жан-сезімдерінен туындайтын табиғи шабытпен ғана емес, сыртқы себептердің салдарынан еріксіз, мәжбүрлі түрде де жазылуы мүмкін болатынын да нақтылап айтып өтеді. Өз жазбасына кезек берелік. Былай дейді:
«Табиғатынан мадақ жазуға бейім ақынды сатираға немесе мүлде басқа бір жанрға қалам тартуға мәжбүр ететін жағдайлар болуы мүмкін. Немесе белгілі бір поэтикалық жанрды зерттеп-зерделеп, жетік меңгерген адамның өзі игермеген өзге жанрда қалам тартуға мәжбүр болуы ықтимал. Дегенмен, ақынның табиғи дарынына сай ерікті түрде жазылған поэзия ғана нағыз поэзия бола алады» деп өз ойын нақтылай түседі. Шығармашылық жұмыстағы көбіне назар аударыла бермейтін нәзік тұстарға тоқталып, ақындардың белгілі бір жанрға барынша бейім болатынын атап өтуі – Әбунасырдың бұл саланы мейлінше терең түйсіне білетінін көрсетсе керек.                               .
Философ-ғалымның қай еңбегіне көз салсақ та, әдебиет пен өнерден, шығармашылық пен шеберліктен, ойлылық пен тереңдіктен ой өрбітетінін байқау еш қиын емес. Әсіресе, осы сөзімізге дәлел ретінде «Әдебиеттегі пікірталас туралы трактат», «Риторика туралы трактат», «Логика туралы трактат», т.б. еңбектері ерекше атауға тұрарлық. Әлбетте, бұлардың бәріне де жеке-жеке тоқталып отыруға осы мақала шеңберінде мүмкін емес екені белгілі. Сөйте тұрсақ та, ғалымның бір еңбегіне ерекше назар аудара кетуді жөн көріп отырмыз. Оның жазба еңбектерінің арасында ерекше орын алатын елеулі трактаты бар. Ол – «Өлең өнері туралы трактат» (Әрине, осы тақырыптас тағы да бірнеше еңбегі бар, олардың да мән-мағынасы салмақты). Мұнда ырғақ пен үйлесім, образдылық, саздылық пен сыршылдық мәселесі тілге тиек болған. Әсіресе, әуен мен өлеңді бірлікте қарастырады. Соны талдай отырып, «өлеңді әуенмен айтушылар әуеннің ырғағын бұзып алудан қалай сақтанса, өлең өлшеміне нұқсан келтіруден де солай сақ болуы қажет» деп, жазады. «Әуен өлеңмен үйлескенде әлдеқайда әсерлі естіледі, мұндайда (өлең) сөз де мәнерлірек бола түседі» деп, тағы шегелейді. Өлеңге қойылатын екі түрлі талап – өлшем және еліктеу (образдылық) – Әбунасыр ұғымында үлкен мәнге ие. Осы екі ұғымның бірі кем болса, өлең өлең емес. Еліктеу (образ) тудырудың іспен және сөзбен орындалатын екі түрі бар дейді де, ал, соңғысын екіге бөледі: 1. Заттардың өзі арқылы елестету. 2. Заттарды өзге бір зат арқылы елестету. Алғашқы елестету түрі ғылыми анықтамаларға тән болса, екіншісі ғылыми дәлелдемелерге тән. Осы тұста ол әдебиеттегі образ жасау әрекеті туралы қайта айналып соғып, оның табиғатын аша түсуге сөз арнайды. Дәлел-дәйек келтіреді.                                           .
Ғалымның қай еңбегіне үңілсеңіз де, поэтика мәселесі алдыңғы кезекке шығып отырады. Айталық, «Ғылымдардың жіктелуі туралы трактаты» және «Мемлекет қызметшісінің нақыл сөздері» трактаттарының жазылу нысаны мен жалпы бағыты басқа бола тұра, поэтикалық шығармалардың түрлеріне ара-тұра тоқталып отыруды ұмытпаған. «Барлық поэтикалық туындылар кез келген бір затты (немесе құбылысты) санада айқын елестету үшін жазылады» деп, поэтикалық шығармадағы образдылық мәселесін бірінші кезекке шығарған. Поэтикалық туындылардың алты түрі бар екенін, олардың үшеуін – мақтауға тұрарлық, қалған үшеуін құптауға жатпайтын түр» деп безбендейді.
Мақтауға тұрарлық түр деп – санада биік идеялар қалыптастыру, кісінің рухани саналық қасиеттерін жетілдіру һәм парасат күшін дамыта түсу секілді ізгі мақсатқа жетелейтін бағытты айтады. Сонымен бірге, құптауға жатпайды деп мақтау түріне қарама-қарсы, үйлесім мен тепе-теңдікті бұзуға негізделген кері бағытты жатқызған.                                     .
Отырарлық ғұламаның жазуынша, барлық түрлердің де ішкі әуені болады, бұл әуендерді жоғарыда аталған поэтикалық шығармалардың түрлері тәрізді арнайы сөз етуге болатын мәселе ретінде көтерген.                 .
Жалпы алғанда, бабаның әдебиет-мәдениет һәм өнер саласына қатысты жазған зерттеу еңбектері – әзірге түрен тимеген тақырып десе де болғандай. Мұның өзі алдымен кейінгі дәуірлердегі шығармашылық иелерінің Әбунасыр еңбектерімен қалай және қай дәрежеде таныс болғанын жіктеп-анықтап алуға жетелейтін жол.

***

Әбунасыр құлашын кеңге жайған, жан-жақты бесаспап ғалым болумен қабат, тағы бір өрнекті сала – күйшілік, ақындық және орындаушылық өнерді де қатар меңгерген. Оның осы бір қыры – осындай айтулы өнері жайында терең талдау жазылмай отыр. Бұл, әрине, өз алдына сөз етілетін, үлкен де дара сала. Сосын да бұған тереңдеп бойлап бара алмаспыз. Тек екі-үш ауыз сөз арнай кетелік.
Алдымен, сөз етеріміз – өнерлі бабаның күйшілік қырлары туралы.
Бұл жайынан қазақтың белгілі-белгілі ғалым-зерттеушілері дәлел-дәйек етіп, көптеген мақалалар жазып қалдырған. Айталық, ғалым-филолог
Р. Бердібай Ә. Әлімжановтың «Ұстаздың оралуы» романына пікір жаза отырып, былай деп түйіндейді: «Ол өзі жасаған музыкалық аспап – «қыпшағиға» қосылып ән де айтатын, күй де тартатын, қаламды ғана емес, қаруды да ұстай білетін, досқа мейірімді, шапағатшыл, әділдік үшін басын қатерге тіге алатын тұтас тұлға ретінде елестеткенін» атап көрсетіпті. Сөз ретіне қарай айта кетелік, ғалым-ойшыл туралы жазылған көркем дүниелердің әзірге ең татымдысы – осы Ә. Әлімжановтың романы.
Көптеген тарихи деректерде Әбунасыр бабамыздың өз қолымен музыка аспабын жасағаны және онда өзі ойнай білгені көрсетіледі. Сол музыка аспабы – «қыпшағи» деліне ме, ол болмаса, бүгінгіше айтсақ, домбыраға ұқсас па – бұны да тереңірек анықтап-зерделеу керек-ақ. Қалай десек те, Әбунасыр баба Бағдадта болсын, Шам мен Алеппода болсын – өзімен бірге осы музыкалық аспабын ала жүріп, елін сағынғанда, ән салып, көңіл сағынышын басқаны даусыз ақиқат.
Қазақтың аса талантты ақыны М. Жұмабаев бір жазбасында ғұлама баба туралы айта келіп, оның «тоғыз ішекті музыка аспабымен жан тебірентерлік сыр шерте білетінін» айтып өтеді. Бұл дерек те ойға жетелей ме? Әрине, жетелейді. Өзі музыкант, әрі әнші-күйші болған соң, ғұлама баба тағы бір шоғыр еңбектерін осы бағытта түзіп, татымды ойларға ерік берген. Әуен жайынан сөз қозғаған бірқатар жұмыстарының арасындағы іргелі еңбегі – «Музыканың ұлы кітабы» болып табылады. Бұл еңбек турасында ертелі-кеш толымдысы бар, шағыны бар – бірқатар зерттеу мақалалары жазылып келе жатыр, талданып та жатыр. Осы ретте ғалым Ә. Марғұланның мына пікірі көңіл аударарлық. «Музыканың ұлы кітабын» жазған ғалымның әуен әлеміне алғашқы қадамы да туған топырағынан басталғаны күмәнсіз. «VІІ-Х ғасырларда оғыз-қыпшақ дәуірі әдебиет, музыка (күй), философия, өнершіліктің өркендеген бір сәулетті кезі болса, Қорқыт, әл-Фараби сияқты генийлер – соларды жасаушылардың ұлы басы» деп жазады ғұлама ғалым. «Қобызымен ескі дүниені күңіренткен Әбу Насыр әл-Фараби Қорқыттың ізін ала шыққан, соның шәкірттерінің бірі болуға тиісті. Арун-Рашид заманында әл-Фараби күйшіні Жанкенттен Бағдатқа алдырып, Бағдат халқы Фарабидің сұлу күйін тыңдайды».
Біздің пайымдауымызша, «Музыканың ұлы кітабы» – шығыс елінде (бәлкім, әлемдік деңгейде) музыка саласына арналған ең алғашқы салмақты да толымды еңбек. Бұны барынша зерделеп, жан-жақты талдап, өз бағасын беру – алдағы кезек күттірмес шаруа болмақ. Мұнымен қабат, Әбунасыр әл-Фараби поэзияны жан-тәнімен сүйіп, өзі де өлең-поэмалар жазыпты. Бұған мысал етер деректер баршылық. Мысалы, ғалым А. Көбесов былай деп жазған: «…Сайд-ад-Дауль сарайында өмір сүрген арабтың сері, әрі жауынгер ақыны Әбу Фирас Фарабиге мынадай баға береді. «Поэзия – дөңгеленген алтын түйе, оның басы – Әбунасыр Мұхаммедке, өркеші – Әбу Нуасқа, иығы – Омар ибн Рабиаға, кеудесі – Әбу Таммамға тиді, қалғаны – ішек-қарын – оны екеуміз (сарайдың жарапазаншы жыршысы) бөлісіп отырмыз». Міне, осы берілген бағаның өзі-ақ Әбунасырдың қандай ақын болғанын әйгілей алмақ. Ал, кейінгі кезде Әбунасырдың асыл мұраларының біраз бөлігін тауып, алғаш рет дәлелдеп жазған ғалым Ш. Қалиева болатын. Ол Шам қаласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу кезінде бабамыздың бірнеше поэмалары мен өлеңдерін тапқан.
Көп жырларының арасында:
– Ғаклия көзбен қарасаң,
Дүние – ғажап, сен – есік!
Жаһлы көзбен қарасаң,
Дүние – қоқыс, сен – меншік! – деген жолдар да кездесіп қалады.
Сосын да болар, өз заманында Әбунасырды қатты құрметтеп, оны «ақындар падишасы» деп атапты. Ақын А. Нысаналин 1979 жылы тұңғыш рет қазақ тілінде «Трактаттар мен өлеңдер» жинағын шығарды, сол аударма кітабының ішіне Әбунасырдың өлеңдерінің мәтінін алған екен.
Әбунасыр баба ақын ағамыз Аян Нысаналин аударған бір өлеңінде:
…Қашықтасың туған жер – қалың елім,
Не бір жүйрік болдырып жарау деген,
Шаршадым мен, қанатым талды менің,
Шаңыт жолға сарылып қарауменен!.. – деп жазған.
Байқайсыз ба, қандай сағынышқа толы лирика! Неткен әсем төгіліс!..
Әлбетте, ғұлама бабаның терең де ойлы жазбалары – ғылыми еңбектері, ақындық мұрасы мен күйшілік өнері жинақтала, бірлікте зерттеліп жатса, ол баға жетпес рухани байлық болар еді.

 

                                                ***

Осындай әлемдік деңгейдегі ұлы ғұлама бабамыздың көркем бейнесін туған әдебиетте сомдай алдық па? Жазылды ма әдеби шығармалар? Әрине, бұл жағынан да ауызды қу шөппен сүртуден аулақпыз. Үлкен де қыруар жұмыстарды атқарып тастаған елміз дей алмағанмен, тілге тиек етуге тұрарлық жұмыстар бар. Олар саусақпен санап шығарлық еңбектер. Оның көркем бейнесі қазақ әдебиетіндегі туындыларда да аз-кем көрінісін тапты. Айталық, ақындар Ө.Тұрманжанов, М.Әлімбаев, Қ.Мырза Әли туындыларында, жазушы Д.Досжанның «Фараби» повесінде, драматург Ш.Құсайыновтың «Әбу Насыр әл-Фараби» пьесасы, Ж.Қыдыровтың «Фараби тригонометриясы» (1972 ж) мен І.Есенберлиннің «Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби» атты поэмаларында образы бар.                               .
А. Машанидің «Әбунасыр әл-Фараби» атты шағын романының да алар орны ерекше деуіміз керек. Сөз ретіне қарай айта кетелік, осы жолдар авторы Әбунасыр баба мұраларын зерттеп-зерделеп, соңғы 10-15 жыл көлемінде бірқатар еңбектер жазды. Оның ішінде әңгіме, драма, тіпті кинороманы да бар. «Шамда сөнген шырақ» («Ғұлама ғұмыр») тарихи драмасы 2015 жылы Мәдениет министрлігі ұйымдастырған «Тәуелсіздік толғауы» байқауында жүлде алғанын да атап айтуға болады.                      .
Қорыта айтқанда – Әбунасыр бабамыз көптеген ғылым салаларын меңгерумен қабат, әдебиет пен өнер мәселелерінде де аса алғырлық пен жүйріктік танытқаны даусыз. Оның артында қалған мол рухани мұралары соны айғақтайды. Ал, өз кезегінде бұл тақырып – кейінгі жас ғалымдар үшін арнаулы зерттеу объектісіне айналып, ғылыми жұмыстар көптеп жазыларына сенім мол.

 

                   Аристотельмен «достасқан» ғұлама

 

Сан-салалы ғылымдардың ішінде философияның орны да, маңызы да ерекше екенін ертелі-кеш ғұлама ғалымдар айтып та, жазып та келеді. Бұл ретте шығыстан шыққан үздік ғалым-философтар еңбегі бір шоғыр болып жарқырап көрінеді. Өз еңбектерін негізінен араб, парсы және түркі тілінде кестелеген нешелеген ғұламалар туралы, ашығын айту ләзім, әлі күнге жеріне жеткізе жаза алмай келе жатқанымыз ақиқат. Осы орайда, бүкіл шығыс елдерінің ғалымдары үшін аса қымбат, мейлінше құдіретті, тіпті, өз заманында «Шығыстың Аристотелі» немесе «Екінші ұстаз» деген атқа ие болған Әбунасыр әл-Фарабидің орны мейлінше зор да үлкен.
Атағы жер-жаһанға мәшһүр болған ғұлама баба, ірі философ Әбунасыр баба өзінің сексен жылдық ғұмырында ғылымның барлық салаларына барынша атсалысып, артына өлместей ұлы мұра қалдыра алды. Біз осы күні даңқты жерлесімізді математиканың, химияның, астрономияның, медицинаның, т.б. ғылымдардың негізін қалаушы адам ретінде құрметтейміз. Бұл – заңды да.
Өз ғұмырында 200-ге таяу трактаттар жазып қалдырған ғалымның рухани мұраларын мұқият талдап-таразылаған кісі, әсіресе, ұлы философ Аристотельге ерекше баға беріп, еңбектеріне аса құрметпен қарағанын аңғара алады. Алайда, біздің көптеген зерттеуші-ғалымдарымыз осы бағытты терең қаузап, мейлінше жеріне жеткізе жаза алды ма? Әбунасыр мен Аристотель арасындағы тылсым күш – тығыз байланыстылықты дөп басып, көрсете алды ма?
Кесіп айтып, кесімді пікір білдіруге батылдық жетпей жатады.
Неге?..

 

                                             ***

Тұңғиық ойлы бабамыз қай кезде өмір сүрді? Ол заман – қандай заман еді? Қай жағымен ерекшеленіп, қай қырынан дараланып, мен мұндалай алады?
Тарих былай дейді: ақыл таразысына салып, салмақтап көрсек, ғұлама ғалымның өмір сүріп, тіршілік еткен кезеңі түркі даласына ислам дінінің барынша еніп, түркі, араб және парсы мәдениетінің тоғысуы, мен тұспа-тұс келеді екен. Ғылым мен мәдениеттің сол кезеңдегі аса танымал орталықтары – Бағдат, Шам, Мысыр, Алеппо елдеріне сапар шеккен жас ғалым араб, парсы, грек, латын, санскрит, т.б. тілдерді жетік меңгеріп, ғылымның қиын соқпағына батыл жол салған. Психология, философия, логика, математика, этика, эстетика, біріктіріп, астрономия, тіл білімі, социология, т.б. салаларына арналған өте бағалы трактаттар жазыпты. Осыншама көп саланың басын біріктіріп, өз еңбектеріне өзек ету – әрине, үлкен ойлылық пен парасаттылықты талап етері хақ. Ал, салалап сөйлер болсақ, трактаттарының басым бөлігі сол замандарда есімдері барынша танымал болған Платон, Птоломей, Әл-Кинди, Аристотель, т.б. еңбектерін талдауға, байыптап-бағалауға, сөйтіп кейінгі білімпаздар мен оқымыстыларға жіктеп-түсіндіруге арнапты. Осылардың арасында, әсіресе, Аристотельге неліктен көбірек тоқталған? Өйткені, оның есімі барынша аспандап, қол жетпес биікке шығандап тұрған-ды. Бұл заңды да еді. Аристотель өзіне дейінгі философиялық- психологиялық жазба еңбектердің бәріне де сын көзбен қарап, өз бетінше дамытып, жаңаша жазба түзген-ді. Қалай десек те, сол кезең ішінде Аристотельді шетке ығыстырып, көлеңкеде қалдырып қоятын философ болды ма екен? Одан да тереңдетіп айтар болсақ – Аристотель еңбектерін айналып өтіп, басқа білім салалары жайлы толғамды ой қозғау еш мүмкін емес-ті. Мұны Әбунасыр әп дегеннен-ақ түсінген, сосын да ең алдымен осы атақты ғұламаның асыл мұрасымен толық сусындап алуды мұрат еткен. Былайша айтқанда, Аристотель және философия мәселелерін тығыз бірлікте қарастыру мақсатын алға тартты. Бұл, әрине, өз кезегінде өте дұрыс әрі батыл қадам еді. Ендігі міндет – сол ұлы философтың рухани мұраларын араб-парсы-түркітілді білімпаздарға өз қалпында жеткізіп, асыл қазынаға айналдыру болатын-ды. Жасыратын жоқ, бұған дейінгі аударма еңбектерінде көптеген кемшіліктер байқалып қалып отырған. Тіпті бірқатар аударма жұмыстарында айтулы философтың тұнық ойлары бұрмаланып та кететін. Бұл жайында ертелі-кеш зерттеушілер мен ғалымдар айтып та, жазып та қалдырған, бүгінгі күні де сөз жалғасын табуда.                                   .
Көрнекті шығыстанушы Е.Э.Бертельс өз жазбаларының бірінде былай деп көрсетеді. «Аристотельдің араб тіліндегі алғашқы аудармалары мінсіз деуге келіңкіремейтін. Ғылыми терминологияның қалыптаспағандығы аудармашылар жұмысына едәуір бөгет жасады. Мәтінді игере алмағандықтан, олар көбіне грек тіліндегі түпнұсқаның синтаксистік құрылымын сақтауға тырысып, аударманы араб оқырманы мүлде түсінбейтін жағдайға жеткізді. Тек Әбунасыр әл-Фараби еңбектері ғана көне дәуір дүниелерін дұрыс түсінуге мүмкіндік берді. Ғалым Аристотельдің «Категориялар», «Герменевтика», «Бірінші және екінші Аналитика», «Топика», «Риторика», «Софистика», «Поэтика» секілді еңбектеріне түсіндірме жасады. Осы еңбектері әл-Фарабиді «Екінші ұстазы» атандырды» деп атап өткен.                             .
Міне, өзіне дейінгі осындай елеулі кемшіліктер мен міндерді түзеу бағытында жұмыс істеген Отырарлық ғалым, әсіресе, философия мен логиканы зерделеп-зерттеуде Аристотель ұстанған жолды жалғастырып, әр текті ой-тұжырымдарды реттеп-жүйелеп беруге күш жұмсап бақты. Білімдар ғалым-азамат, алайда, осы жылдарда тек философияны зерделеп, соның ықпалында қалып қойған жоқ. Ол әдебиет мәселелеріне де, тіл жайына да араластырып, көптеген елеулі ғылыми еңбектер жазды. Міне, осы тұрғыдан алғанда, айталық, «Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат», «Аристотель «Риторикасына» түсіндірменің үлкен кітабы», т.б. еңбектер ерекше маңызға ие. Тек бұл ғана емес, сонымен бірге, «Ғалымдардың шығуы туралы трактат», «Ғылымдардың жіктелуі туралы трактат» секілді еңбектері де әдебиет пен поэзияға қатысты, тіпті, тосын пікірлерге толы дүние еді.

 

                                               ***

Әбунасырдың ғылым атты алып теңіздегі негізгі тірек еткен ұстаздары – Аристотель мен Платон болғаны ешқандай дау тудырмайды. Өйткені, ол қайсыбір трактаттарында болмасын, осы екі ғұламаға айналып соғып отырған.
Отырардан шыққан ғұлама алғашқы кезде «Екі дана құдіретті Платон мен Аристотель көзқарастарының бірлігі» деген трактат жазды. Бұл еңбегінде ең алдымен екі философ арасындағы айырмашылық жайынан сөз түзген. Сол замандарда екі ұлы философ екі бағыт ұстаныпты, бір-біріне кереғар пікірлер айтыпты деген сөз ушығып тұрған-ды. Міне, осы теріс сөздің түп-төркініне үңіле отырып, ақиқатқа көз жеткізуге ұмтылған. Оның жазуынша, қос философтың бір-біріне ұқсамайтын өмір сүру салттары екендігін қадап айтады, сосын да тілдің әртүрлі қолданылуы мен ой түю орын алған. Сөйте тұрса да, екі ойшылдың философиялық көзқарастары мен ой-түйіндері, жалпы алғанда, мәні жағынан ұқсас, әрі бірдей болып келетін еді. Бұл түсініспеушіліктің түп-тарихы әріден бастау алатын-ды. Бұның, сөз жоқ, әртүрлі себептері бар, әрине. Қалай десек те, ғалымдар арасында бірінші кезекте қос ойшылдың еңбектерін түпнұсқадан оқып, толық түсіну жағы ақсап жататын-ды. Екіншіден, ол замандарда да қызғаныш пен көреалмаушылық болмады деуге негіз жоқ. Үшіншіден, расында да, Платон мен Аристотель философиясында, бір қарағанда, тез түсіне қоймайтын кейбір пікір алшақтықтары мен өзгеше трактовкалар аз кездеспейтін, әркімнің өз жазу машығы мен ойлау деңгейі болуы әрине заңды құбылыс.
Міне, осындай қадау-қадау объективті және субъективті себептердің болуынан екі ғұлама-философ турасында көптеген тартыстар мен алыпқашпа әңгімелер болып жатқан-ды. Бір замандарда атағы жер жарған екі ғалымды бір-біріне қарсы қою идеясы етек алып, осы мәселе келе-келе үлкен әңгімеге жол салды. Алайда, тап осы екі ойшылдың жазба еңбектерінде көзге ұрып тұрған кереғар алшақтық байқалмайтын еді. Сонда да айтыс-тартыс басылған жоқ, ұдай түскен болатын-ды. Тарихқа үңіліп қарасақ, тап Платон мен Аристотель арасындағы «түсініспеушілікті» өз уақытында, яғни, ІІІ-ғасырда, александриялық философия мектебін негіздеуші Аммоний мен Порфирий де түсіндіріп байқап, «татуластыруға» күш салса керек. Бұл да өз кезінде елеулі шаруа һәм үлкен жұмыс болып есте қалды. Тарихқа енді. Ал, біздің қандас бабамыз болса, осы ойды әрі қарай дамытып, ақиқат ауылына біршама жақындата түсті.                                     .
Жасыратыны жоқ, Аристотель философиясында ислам дініне, оның дүниетанымына аздап болса да «қарсылық» сезіліп қалатын. Әбунасыр осы тұсын қазбалай отырып, мұны Платон философиясының қайырымдарымен «жұмсартуға» күш салды. Және ол ойы өте сәтті іске асты да.
Құдай ұғымына қарсы тұрмайтын философияны негіздей отырып, Платон мен Аристотель еңбектеріне ашық та даңғыл жол ашты десе де болады. Былай қарағанда, Әбунасыр бабамыз тап осы тұста асқан байқампаз ғалым-философ болумен қабат, өте білгір дипломат-мәмілегер қызметін де қоса атқарып отыр.

 

                                                    ***

Ғұлама бабамыз бұдан басқа да көптеген философиялық трактаттарында Платон мен Аристотельді айналып өткен емес.                     .
Ол, әсіресе, әдебиет, өнер, музыка туралы жазба еңбектерінде үнемі Аристотель ойларына сүйеніп, одан дәйексөз алып отырған. Содан да болар, Әбунасыр ойлары мен тұжырымдары көп ретте грек философымен үндес шығып отырады. Солай бола тұра, Отырарлық ойшыл әлемдік философияда өз жолын, өз даңғылын сала білді. Оның терең де мазмұнды жазба еңбектерін оқыған кейінгі оқымысты-ғалымдар Әбунасырды өздеріне ұстаз санады. Олардың арасында, айталық, Әбу али Ибн Сина, Әбу Райхан әл-Бируни, т.б. бар.
Сөз түйіні – Әбунасыр әл-Фараби өз заманында Аристотель секілді философияның алыбымен рухани достасып, өмір бойы оның құнды мұраларымен сусындады. Тіпті, көне грек тілін үйреніп, түпнұсқадан оқып-танысқаны жайлы да деректер бізге дейін жеткен. Олай болса, «Әбунасыр және Аристотель» тақырыбы алдағы уақытта да толымды еңбектердің тақырыбы бола береріне сенгіміз келеді.

 

(Соңы)

 

Жолтай Жұмат - Әлмашұлы, жазушы-драматург

 

Ақиқат жұрналы

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер