«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Біртұтас Қазақстан және Тәшенов
Біртұтас Қазақстан және Тәшенов
Дайындаған: 2 ай бұрын

 «Егер, қазақ біреудің алдында борыштар болса, ол алдымен                                   Ж.А.Тәшеневтің алдында борыштар»
Қазақ КСР КПОК-нің бұрынғы 
1-ші хатшысы И.Юсупов

Бүгінгі еліміздің ұн экспорттаудан бірінші, ал астық экспорттаудан алдыңғы бестіктің қатарына кіруіне негіз болған, жарты ғасырдан артық тарихы бар «Тың және тыңайған жерлерді игеру» жобасының 1954-ші жылы басталғаны белгілі. Қазақ жерінің құнарлы топырағынан астық өндіру патша өқіметінің кезінде-ақ жоспарланған. Осы мәселеге қызыл үкіметті құрушы В.И.Ленин де қатты қызығушылық танытқандықтан, біздің жерімізден тың игеру II дүние жүзілік соғыстан бұрын да күн тәртібіне қойылды. Астық өндірумен бірге, Қазақстанды одан сайын отарлау үшін, мұжықтарды жаппай қоныстандырудың төте жолы да болғандықтан, КСРО-ның стратег басшылары осы жобаға қаржыны аямай салды. Осынау өте үлкен, ауқымды жобаны іске асыру үшін «антипартиялық топтың» қарсылығына қарамай өкімет басшысы Н.С.Хрущев «халықты азық-түлік тапшылығынан құтқарамыз» деген желеумен, КСРО-ның соғыстан кейінгі жинаған бар байлығын тың өлкесіне (6 облысқа) үсті-үстіне төкті. Бұған дейін ауыл-шаруашылық техникалары жетіспегендіктен, егіске мал күшін пайдаланып келген қазақ жеріне, оның ішінде жаңадан құрылған мыңдаған совхоздардың әрқайсысына элеваторлар, МТМ-дар, т.б салынып, жүздеген мың жүк және жеңіл машиналар, тракторлар мен комбайндар, миллиондаған қаншама қосалқы техника құралдары әкелінді. Бұдан басқа шығындары өз алдына бір төбе. Тың игеру барысында көптеген қалалар бой көтерді. Өнеркәсіп орындары көптеп салынды. Бүкіл ауыл-аудандарды байланыстырған тас жолдардың ұзындығы 14 еседен асты, темір жолдардың ұзындығы 2,5 мың шақырымға өсті. Тың игеру Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағдайының артуына ықпал жасады. Игілігімен қатар тың және тыңайған жерлерді игерудің зардаптары мен көлеңкелі жақтарының да аз болмағаны шындық. Тың игеру жылдары бүкіл КСРО-да 42 млн. га тың жер жыртылса, оның ішінде Қазақстанда 27 млн. га жер жыртылды. 1954 жылы ақпандағы съезде тың игеруге қарсы болған Ж.Шаяхметовты орнынан алу үшін орынсыз сынаған КПСС ОК-нің өкілдеріне жалғыз қарсы шыққан Ақтөбе облысының партия комитетінің жас бірінші хатшысы экономист Жұмабек Тәшенев 1953 жылы күзде Мәскеуде өткен Одақтық партиялық кеңесте тың игерудің әлеуметтік-экономикалық жағынан маңыздылығына ерекше тоқталып, қуаттаған еді.
Сондықтан да Н.Хрущев 1954 жылы күзде тың игерушілердің тұңғыш жиынында: «ТЖТЖ-дің (Тың және тыңайған жерлерді игеру) көш басшысы, инициаторы – Ж.А.Тәшенев» деп құрметтеп, араға біраз ай салып, басқа да үздік жетістіктерін бағалап, ҚР Жоғарғы Кеңесінің Төралқа Төрағалығына Тәшеневті ұсынып, сайлатты. «Күн көсемдер» бұл ретте айтқандарынан шықпайтын, қолшоқпар әрі іскер кадрлар тәрбиелегісі келді.
Бірақ та, қазақ жеріне осыншама Атымтай жомарттық танытқан Н.С.Хрущевтің саясатының зымияндығы да күннен-күнге айқындала берді. Астықты аймақты Ресейге біржолата қосып алу үшін орталық-теріскей алты облыспен (Торғай, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Ақмола, Павлодар) бірге Қарағандының солтүстік бөлігін біріктіріп, Қазақ КСР-інің ішіндегі «Мемлекет» – Тың өлкесін құрды. Астанасы – Ақмола қаласы болған Тың өлкесінің өз алдына партия комитеті мен атқару комитеті, тікелей Мәскеу тағайындаған I-ші, II-ші хатшылары, төрағалары және өз алдына бюджеті болды. КОКП Орталық Комитетінің жанынан тікелей Н.Хрущевтің өзі басқаратын «Тың және тыңайған жерлерді игеру жөніндегі Орталық Комитеттің Бюросы» аталатын құзырлы орган осы өлкедегі облыстар мен аудандардың басшыларын, бүкіл аппаратына дейін өз қолайларына жағатын кадрлармен қайта алмастырды. Қазақтарды басшы органдарға жоғарылатпай, олар тың игеруге кедергі келтіреді деп есептелді. Тың өлкесіндегі осы облыстарда қазақ тіліндегі барлық облыстық, аудандық газеттер жабылып, олардың орнына бір ғана «Тың өлкесі» газеті пайда болды (Ақиқат №8, 2010).
Қазақ КСР-індегі қазақ мектептерінің көптеп жабыла бастағанын айтпағанда, орыс мектептеріндегі қазақ тілі пәні керексіз деп қысқартылды. Ең сұрқиясы – республика басшыларына бағынбауы үшін жергілікті билікті уысына ұстаған совхоз директорларын да тікелей Кремль таңдап, жасақтап жіберіп отырды. Олардың көбі – азулы генералдар мен полковниктер, зауыттар мен фабрикалар басшылары еді. КСРО-ның ауыл шаруашылық министрі В.В.Мацкевичті Тың өлкесінің атқару комитетінің төрағасы қылып тағайындады. Өкімет басшысы Никита Сергейұлының: «Мен, патшалық Ресей 200 жылда істей алмағанды екі-ақ жылда істей алдым» деуі тегін емес. Көкшетау облысындағы М.Горъкий атындағы совхоздың директоры Н.Ф.Козинец совхоз құрылғаны жөніндегі актіге «Мен, Көкшетау облысындағы №5 совхоз директоры Козинец, СССР совхоздар министрлігінің №260-шы бұйрығына сәйкес жерді және ондағы бір шоқ қайыңды қабылдап алдым» деп жер тәңірісі сияқтанса, Хрущев та екі сөзінің бірінде «Бұл ұлан-ғайыр – диқан қолы тимеген жер. Адам баласы баспаған ұшы-қиыры жоқ дала» деп астамсыды.
Алтай тауы мен Сарыарқаны ата қонысым деп ықылым заманнан еркін жайлаған қазақтың бұл жерлері ежелден-ақ өнер-мәдениеті дамыған, бай тарихы бар өлке болатын. Ол туралы ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан еңбегінде: «Есіл, Нұраның арасындағы үлкен айдын – Тоғаныстың тоқсан екі көлі ноғайлы, қазақтардың жойқын егін салған жерлері. Қызылмола, Ақмола, Сұлутам, Сырлытам, Хан сүйегі – солардың жәдігерлері. Қорғалжын өзені территориясына келгенде ежелгі және орта замандық суару каналдарына көңіл аудардық. Бұл аудан жер игерушілердің орталығы болды» – деп тарихи деректермен түйіндеген. Сәулетті қалаларымен, өнер – мәдениетімен, жерінің асты-үсті байлығымен және мыс т.б. металдарды өңдеген, әлемдегі тұңғыш металлургияның отаны болумен бірге қол өнерімен, саудасымен аты шыққан Арқа жеріне XIII ғасырдан-ақ орыстар тұрмақ, еуропа елдері сұғанақ көздерін қадай бастаған. Сондықтан олар стратегиялық маңызды аймақтарымызға қатты қызығып, саяхатшы – зерттеуші, тыңшыларын жіберіп отырды. V-VII ғасырларда Ақмола аймағы түркілердің көп жылқысымен даңқы шықса, қазіргі археологтар Қызылжар мен Көкшетау өңірінде қоныстанғандар осыдан 5 мың жыл бұрын жылқының сүйегінен коньки де жасап, алғаш жылқыны қолға үйретіп, үзеңгі мен ауыздықты, тұңғыш механика – арбаның дөңгелегін ойлап тауып, өркениетке үлкен үлес қосқанын дәлелдеді. Ал, бұларды Шығыс Түркістаннан Каспий теңізіне дейінгі аралықта шеңбердей дөңгелек молалары қаптап жатқан бұрынғы өткен Мықтар ма деп айтуға толық негіз бар. Тың игерушілердің алғашқы жиынындағы Ж.Тәшеневтің баяндамасында «Мықты» сөзі бірнеше рет қолданылса, ел мен жердің тұтастығын қорғау мақсатында шыққан Ән ұранымызда да «мықты ғой!» сөзі қайта-қайта қайталанады. Осыларды сөз сабақтастығы, ұрпақ жалғастығы демей не дейміз?!
Әулие Мәшһүр Жүсіп «Ертеде Арқада Мық деген жұрт өмір сүргенін айтып, зерттеу еңбектерінде жазып кеткен. Тың игеру науқанына өз еліміздің жастары мен жас механизаторлары да ерекше серпін берді. Алматы қаласының өзінен ғана 2,5 мың жас тың игеруге аттанды. Совхоз директоры болған Н.Козинецтің бағанағы сөзінен қазақ өкіметінің бұйрығы да, үкімі де жоқ екені көрініп тұр. Бір жылда 1954-55 жылдары Тың өлкесінде 337 жаңа астық совхозы құрылса, келесі жылы Қостанай облысында ғана 200-ге жуық осындай совхоздар құрылды. Тың игеруді желеу етіп, 1954-1960 жылдары 2,5 млн. славян тектілер қазақ жеріне көшіріп әкелінді.                          .
Олардың көбі сотталғандар мен шовинистер еді. Барлығына материалдық көмек көрсетілді. Тыңға келгендер көп ақша алып күйленіп, үйленгісі келгенде Хрущев ВЛКСМ-ға тапсырма беріп, оларға 25 мың қыз жіберген. Осы келімсектердің кесірінен қазақтардың өз жерінде үлесі 30 пайызға да жетпей қалса, солтүстіктегі осы облыстарда өз ұлтымыз 10 пайыз шамасында ғана болса, кей аудандардағы қазақтар 1 пайызға да жетпейтін еді. «Тың өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Соколов 1960 жылы Ақмоланың атын Хрущевград деп өзгертіп, Тың өлкесін Қазақстаннан бөліп алып, тікелей Одаққа қарайтын өлке ету туралы ұсыныс жасады. Ж.А.Тәшенев республиканың саяси-экономикалық дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақтық тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Манғыстауды Түркіменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс берді. Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты», деп «Қазақстан энциклопедиясы» (8-том, Алматы 2006 ж.) сол кездегі шындықтан қысқа ғана дерек берсе, осы оқиғалардың бел ортасында жүрген Әди Шәріпов: «Тың өлке билеушілері Т.Соколов, В.Мацкевич тікелей Мәскеуге, не РКФСР-ға бағынуды арман етіп, СОКП Орталық Комитетіне бірнеше рет мәселе қойды. Хрущев те Тың өлкесін Ресейге бағындырудың амалын іздеп, Саяси Бюроға қайта-қайта ұсыныс жасады. Республика басшылары бәрі дерлік тың өлкесін Ресейге беруге де, Орталыққа бағындыруға да қарсы болмады. Қарсы болған жалғыз адам – Жұмабек Ахметұлы Тәшенев. Халқымыздың тамаша, шұрайлы жерін Қабанбай, Бөгенбайлардай бір қатерден аман сақтап қалғанының куәсі болғанбыз» дейді естелігінде.
Белгілі дипломат, профессор Сәлім Құрман-ғожин және тағы басқа да замандастары «Жұмабек Тәшеневтің жер үшін күрескен сол кездегі ерліктері сансыз жауға қарсы жалғыз шапқан бұрынғының батырларын еске түсіруші еді» дегені бар жазбаларында. Ал, Қазақ КСР КПОК-нің сол уақыттағы I хатшысы Д.А.Қонаев: «Әрбір нақты жағдайға әмір Мәскеуден түсетін. Онда қандай да бір аумақты басқа аймаққа қосу жөнінде үзілді-кесілді айтылып, ол өңірлерді ауылдардан, деревнялардан жылан жалағандай тазартудың мерзімі көрсетілетін. Бұл әмірлер сөзге келместен атқарылатын. Ол кезде Мәскеуге қарсы шығу мүмкін емес еді. Күйіп кететінсің. Өспейтін едің» деп заман шындығын жасырмай айтқан.
Мұхтар Шаханов ширек ғасыр Қазақ КСР-ін басқарған Д.Қонаевтан: «Тың өлкесін Ресейге қосудан аман алып қалған Ж.А.Тәшенев», дейді. Сол рас па?» деп сұрағанда Димекең: Ия. Ол кезде Ж.А.Тәшенев Қазақ КСР Үкіметінің Төрағасы болатын» деп (Жалын. 2008ж. №2) қысқа ғана жауап береді. Бұл кісінің сараң жауап берген себебі – Республика басшысы Д.Қонаевқа Тың өлкесінің билеушілері сол жылдарда бағынбай кеткенін академик – бұрынғы сенатор Ғ.Есімов («Жалын» №11. 2009ж.) толық айтқан.
Алмағайып сол тұста Тың өлкесіндегі совхоз директорлары тұрмақ, өлке билеушілері Т.Соколов, В.В.Мацкевич, Козловтарды, тіпті Кремльдіктерді де Тәшенев үнемі айтқанына көндіріп, дегенін істетіп, мемлекет иесі, жер иесі қазақтар екенін сөзімен де, ісімен де ұқтырып, аяқтарын қия бастырмады. Бұған қарап бұл кісіні орыс халқына қарсы болды деуге болмайды. Тың игерушілерге қолынан келген бар көмегін беріп, қайрат-күшін аямай жұмсады. Теміртауда болса да, тың игерілген ауылдарда жүрсе де сол жерлерден телефон арқылы Одақтас Республика басшыларының да осы істерге назарын аударып, сөзін өткізіп, қажетті кұрал-жабдықтарды алдырып отырды. Ворошиловты демалысы кездерінде ауыстырып, үш рет КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқа Төрағасының міндетін атқарған Тәшеневтің таңғажайып қабілетін Одақ тұрмақ, шет ел де мойындаған шақ еді.
1959 жылы Қытайға КСРО делегациясымен бірге барғанында миллиард халқын жусатып, өргізіп, жеке басына табындырып отырған Мао И.В.Сталинді айыптаған шешімдері үшін, құйтырқы, зілді сұрақтар қойғанда Н.Хрущев, Ю.Андроповтар жауап бере алмай, тығырыққа тірелгенде адуын да, айбатты Жұмабек: «Біз сендерге емтихан тапсыруға келген жоқпыз. Саяси келіссөз жүргізуге келдік!» деп ханьзу басшылығының арынын бір-ақ басқан. Ханьзуларды 200 жыл билеп, басқарып мемлекетік атауын (қидан, қытан – қытай болып аталып кеткені әлемге мәлім) қалыптастырған қазақ халқының алғашқы құрамасының бірі – түрік текті қидандардың (Алтын орда империясын құрған Шыңғыс қағанның немересі Батый ханнан неше ғасыр бұрын Хангай – Алтай тауларының аралығында қидандарда «Алтын Орда» атты иелік құрған) тарихын жақсы білген Ж.Тәшеневтің ханьзуларға өктем сөйлейтін тарихи құқы бар еді. Жұмекең даланың үстірт жоталарын жөнсіз жыртқызбай, мал шаруашылығын да тиісінше дамытты.
Еліміздегі барлық өндірістерді, сан салалы шаруашылықтарды барынша өркендетіп, түскен табысты ел игілігіне аямай жұмсап отырды. «Қазақстан магниткасының» іске қосылуына өлшеусіз үлес қосты. 1959 жылғы осы Теміртау көтерілісін басуда «шабан – жай қимылдады» деп Кремль көсемдері тарапынан айыпталып, жазаға ұшырағалы тұрған қазақтан шыққан тұңғыш ішкі істер министрі Шырақбек Қабылбаевты өз үйінен Мәскеуге бір қоңырау соғып қорғап қалған да, «Жазалаудың тағылық түрін қолданды» деп жұмысшыларға жан тартып, отаршыл өкіметтің бет пердесін ашып берген де – Жұмекең еді!                                      .
1960 жылы 26-шы қаңтарда Үкімет басшысы болған бетте бір жетінің ішінде он екі қазақ жігітін үкіметтің жоғарғы жауапты қызметтеріне тағайындады. Елімізді басқарып, одан КСРО-ның жоғарғы басшылығына қол жеткізген Л.И.Брежнев Қазақ ҚСР-інің КП ОК-іне бұрынғы өз орнына І және ІІ хатшылыққа екі орысты Мәскеуден алып келгенін айтқанда, басқалар үнсіз қалғанда, тағы да Ж.Тәшенев: Республикамыздың І-ІІ хатшылығына қазақтарды жолатпау заңдылыққа айналды, бұл қазақтарды көзге ілмегендік, сенімсіздік таныту» деп Орталықтың кадр саясатына наразылығын ашық айтып, Брежневтің өз сөзімен айтқанда оның «жүрегін жарып жібере жаздайды». Тәшеневтің бұл сөзі кейін өз басына оқ болып тисе де, осыдан кейін көп ұзамай Орталық кадр саясатын өзгертіп аудан, облыстардың, тіпті Республика тізгінін өз ұлтымызға бере бастады. Үкімет қызметкерлеріне арнап Алматының қақ ортасынан жаңа технологиямен салынған үлкен, жаңа 121 пәтерлік үйді түгелімен тоталитарлық тар заманда ұлттық партияның рөлін атқарған қазақтың ақын-жазушыларына Алаш Орда үкіметінің бар міндетін қайыспас қара нардай жалғыз көтерген Жұмекең таратып берді.                                       .
Мемлекеттік Қауіпсіздік Комитетінің қызмет-
кері, полковник Уәлихан Мұханов естелігінде: «Жұмабек Тәшенев Үкімет басқарып тұрғанда ешкімнен қорықпай да, қаймықпай «халық жауы» жаласынан арылмаған Мағжан Жұмабаевтың зайыбы Зылихаға Алматыдан салынған үйден баспана берді» деп сүйсіне жазды. Зиялы қауымға барынша қамқор боп өткен Тәшенев қай уақытта да қаулылар қабылдап, шешімдер шығарғанда ұлт мүддесін осылай бірінші кезекке қойған! «Хрущев жылымығында да» өзі басқарған комиссияны саяси зұлмат құрбандарын жылдамдатып түрме-лерден шығартып, атылып кеткен Сәкен, Ілияс, Бейімбеттер т.б. шығармаларын мол данамен бастырып халықтың рухани шөлін басты.
«Жеке басымның амандығы үшін, ұлтымның тарихын бұрмалай алмаймын» деп Кенесары көтерілісін әділ зерттегені үшін 25 жылға сотталып, осы науқанда ақталған Ермұхан Бекмахановқа да Алматыдан үй беріп, жағдайын жасаған – Тәшенев еді! Алыстан ойлайтын осы тау тұлға қай қызметте отырса да халқымыздың ұлттық саяси сана-сезімін жоғарылатуға барынша ат салысты. «Алаш Ордашыларды – Смағұл Сәдуақасовтарды насихаттайды, газет сарынынан 1913 жылы Ахмет Байтұрсынов шығарған «Қазақ» газетінің лебі аңқып тұр» деп «Қазақ әдебиеті» газетін жабамыз, «Социалистік Қазақстан» газетін «Казправданың» аудармасы қыламыз деп Мәскеуден келген өкілдерге де, сол кездегі Республика басшылары Д.И.Яковлев пен Н.И.Журиндерге де Жұмабек Тәшенев арыстандай айбат шегіп, «Тайсақтамай, батыл сөйлеңдер!» деп ұлтшыл азаматтарды қолдап, сатқындарды жер қылып газеттерді қорғап, жаптырмай қалғанына сол кездегі ел-жұрт куә. Бауыржан Момышұлының «Москва үшін шайқас» кітабын ұлтшылдық сарында деп баспай қойғанда да осы Тәшенев: «Қайткенде де басыңдар!» деп тізеге салып тұрып мол данамен шығартқан. Жазғандарын шығара алмай жүрген басқа да қаламгерлердің кітаптарын осылай шығартып, қалталарын қалам ақы – гонорорға толтырып, қарық қылған. Кең қолтық қазекеңдер «Құр-аға» атаған Хрущевтің ақылға қонымсыз, «өзім білермендік» теріс әрекеттері өте көп болған ғой. Сол кезде әскери-экономикалық ерекше маңызы бар байырғы түрік текті халықтың жері бүкіл Қырымды Хрущев Украинаға қосқанда «ұлы орыстардың» шендісі де, шекпендісі де үн шығара алмаған. Тек, Қырым облыстық ПК-нің І-ші хатшысы Д.Поленскийдің Қырымды Украинаға берудің дұрыстығына күмән келтіргенін естіген Хрущев оны бірден жұмыстан босатқан.
«Сталиннің түбіне жеткен Хрущев коммунист деген сөздің мән-мағынасын толық түсінбейтін адам болатын. Ол – «партияға берілген», соның арқасында атақ-дәрежеге қол жеткізген мансапқор және нағыз тоғышар болатын. Бірақ, ешнәрседен қорықпайтын көзсіз ерлігі мен батылдығы да бар еді» деп Ю.Мухин оны сипаттап берді. («Жалын» №5 2008 ж.) 1950-ші жылдардың ортасында Арал теңізінің құрғап, тартылуының басы болған әрі мақта егістіктерін сорға айналдырған, мақтаны «шаршылап ұялау әдісімен» өсіріп, жаңбырлатып суаруға қарсы болғаны үшін кезіндегі КСРО министрі болған Осман Юсупов өзбек КПОК-нің I хатшылығынан Хрущевтің пәрменімен алыс аймақтағы жаңадан ұйымдастырылған совхозға директор болып құлдилап – қудаланғанын, оны қолдағандардың көпшілігін құраған қазақтың ғалым агрономдарының тоз-тозын шығарғанын («Жас Қазақ», 01.04.2011. Абай Тұрсынұлы, «Арал апаты») Тәшенев көріп-біліп отырды.
Қазақ жерін бөлшектеуді жүйелі жүргізген Хрущев бастаған КСРО Саяси Бюросындағылар ұлтымыздың тілін, салт-дәстүрін аяқ асты етіп, қазақтардың ұлттық рухын жаншып, орыстың озбырлығын мойындатып барып, халықтың келісімін алмай-ақ, тың өлкесін 1960 жылы Ресейге «Алтай өлкесі» дәрежесінде қосып алмақшы болды. Кремльдің осы жымысқы саясатын қалт жібермей, қадағалап отырған ержүрек Тәшенев 1960 жылдың аяғында Ақмолада болатын жиналысқа Хрущевтан бұрын ұшып келді.
«Тың өлкесінің» басшыларынан: «Келер жылдың бюджетін неге өткізбей отырсыңдар?» деп сұраса «Тың өлкесінің» бюджеті енді Қазақ КСР-ы үкіметіне емес, РКФСР үкіметіне жолданады» деген Соколовқа Тәшенев: «Егер, Қазақ үкіметіне бағынғың келмесе, 24 сағаттың ішінде табаныңды жалтырат, құры! Тың өлкесі Ресейге берілмейді. Айтар жеріңе айта бар» деп бірден қатты тиып тастайды. Тың өлкесі үшін Хрущевпен айқасқанда: «Солтүстік облыстарды Ресейге қоса салу қазақты қорлау! Намысын жер ету. Қалыптасқан шаруашылық-экономикалық қарым-қатынастарды біржолата құрту деген сөз. Халықтың тамырына балта шабумен бірдей. Мен, Тың өлкесін Ресейге бермек тұрмақ, бұл мәселенің күн тәртібіне қойылуына үзілді-кесілді қарсымын!» деп қаhарлы сөздермен бет қаратпағанда Хрущевтің беті қызарып, көзі аларып, тілі тұтығып жолбарыс киесі бар Жұмабекке жалтақ-жалтақ қарап тұрып қалыпты.
Алты облыстың жері үшін болған осындай көп айқастардың бірінде, екеуара қалғанда Д.А.Қонаев: «Жұмеке-ай, жүрек жұтқан, көзсіз батырсың-ау!» депті. Сонда Тәшенев: «Елімнің мүддесі үшін қияметке де дайынмын!» деп, кейінгілерге ерліктің асқан үлгісі болатын, қанатты сөзін қалдырды.
Отаны үшін отқа түскен Тәшеневтің осы жан қиярлық ерлігін басқа ұлт өкілдері де жоғары бағалап, қолдап отырды. Айлалы Кремль басшы-
лары Тәшеневке көп сый-құрметтер көрсетеді, ақыры жер шарының жартысын алып жатқан «Кеңестер Одағының Жоғарғы Кеңесінің Төрал-
қасының алтын Тағына отыр» деп те шырғалайды. Мансаптан да елі мен жерінің ертеңін ойлаған есіл ер бас айналдырар билікке де, байлыққа да рухын жықпай, саяси саудаға бармай: «Мен елімнің жерін таққа айырбастамаймын!» деп жер дауына біржолата нүкте қойды және қойғызды! Хрущьевтің осы әумесер қылығын, яғни, Қазақ КСР-ының солтүстік аймағын Ресейге қосып алмақшы болғанын Ресейдің қазіргі тарихшы хәм жорналшысы Николай Сванидзе де өзінің зерттеу еңбектерінде айтқан.


Солтүстік алты облыстың жері уыстан шығып бара жатқан осы 1954-60 жылдары түрлі репрес-сиялар мен қуғын-сүргіндерден қорқып қалған үлкендерден үміт аз екендігін білген Жұмекең Қаз Му-дің студенттерімен ресми кездесуінде жер мәселесі де көтеріліп, жастар қызу қанды-лық танытқанда, бұндайды аңдып жүретін Мем-лекеттік Қауіпсіздік Комитетінің тыңшылары жиналысты тоқтату үшін студенттерге «Үкімет басшысы шаршады, сұрақты тоқтатыңдар!» дегенде Жұмабек Ахметұлы: «Мен халықтың қызметшісімін, сұрақтарын толық қойсын» деп жастармен асықпай, ашық әңгімелескен. Отаршылдардың Ж.А.Тәшеневпен санасқан себебі – еліміздегі бүкіл халық, әсіресе өз ұлты Жұмекеңе бір кісідей толық сеніп, қолдайтын. Халықтың шынайы сенімінен артық күш-қуат та, бақыт та жоқ емес пе?! Ж.Тәшеневтің қоғамдық-мемлекеттік қызметтері, КСРО-ның осындай оспадар саясаттарына ашық қарсы шығуы Одақ элитасындағы ерекше тосын құбылыс, тіпті аңыз еді. Осыған мысалдар келтіре кетейік.
1958 жылы өз бастамасымен дайындап апарып Мәскеуде өткізген ұлтымыздың әдебиеті мен мәдениетінің күндерінде КСРО-ның қаһарлы басшылары Н.Хрущев пен К.Ворошиловтардың алдында Жұмекең Қазақ делегациясымен өз ана тілінде қаймықпай сөйлескенін композитор әрі дирижер Ш.Қажығалиев өз көзімен көрген. «Ж.Тәшенев әрқашан және әркезде өз ойын айтудан тайсалмайтын. Қолында билігі бар қайраткерлермен қарым-қатынасымды бұзып аламын деп уайымдамайтын. Ең бастысы – ұлт пен мемлекет қамын жеп, қазақ елі үшін жанкештілікке баратын» деп Мемлекет қайраткері Сұлтан Жиенбаев және тағы басқалар Жұмекеңнің сол заманның шеңберіне сыймайын феномен тұлға болғанын айтса, Жарасбай Нұрқанов т.б. ақындар:
«Сары-Арқа сағым ойнап құба белі,


Тағдыры қыл үстінде тұрған еді.


Бір өзі кеудесімен қорғап қалған,


Қазақтың жүрек жұтқан Жұмабегі!


Жігіттер, өлеңмен айт, әуезбен айт,


Алайда есте болсын мына бір жайт.


Қазақтың ең бір өжет батыры деп,


Әспеттеп айтар болсаң Тәшеневті айт!» десе,

 1941 жылы жасырын құрылған «ЕСЕП» (Елін сүйен ерлер партиясы) партиясының басшысының орынбасары Мехмет Теміров:


«Төнгенде қара бұлт көкті торлап,


Шешкен жан шиелі істі оймен толғап.


Аузынан аждаhаның жұтам деген,


Жан салып, ел мен жерін қалған қорғап.


Жаралған алып батыр, ердің ері,


Қазақтың асып туған кемеңгері.


Жұмабек «жан пида!», деп кіріспесе,


Қалар еді қазақ елі соры қайнап» – деп

 қоғамдық санада көкке көтеріп жіберген еді.


1960 жылғы қыстың қаттылығынан жем-шөп жетіспей, елімізде малдар қырыла бастайды. 

Үкімет тізгінін енді қолына алған Тәшенев бар жауапкершілікті өз мойнына алып, мемлекеттік бөлінбес қордағы астықты аудан, облыстарға таратып берген. Жұттың беті қайтып, көктем шыға осы ісі үшін жауапқа тартпақ болып Қазақ КСР-інің Үкімет Басшысын Кремль көсемдері шақыртады. Ленинград тұрғындары аштан қырылып жатқанда С.М.Киров «мемлекеттік бөлінбес қорды» жұмысшыларға карточкамен таратқаны үшін басы кеткен. КСРО тарихында «Мемлекеттік бөлінбес қорды» таратқан осы екеуі ғана. Сов Мин-нің Президиум залына кірген бетте Хрущевтің қасында отырған оның І орынбасары Р.Ф.Козлов: «Одақтық қордағы астықты неге таратасың, Тәшенев? Рұқсатты кім берді саған?!» деп үстелді тоқпақтап, дүрсе қоя береді. Қызба мінезді Тәшенев те қайтпай, мінберге жетіп барып, Қазақ КСР-ы Одақтың ішіндегі өз құқығы бар ел екендігін, өз байлығын қалай жұмсауды сол елдің Үкіметі шешетіндігін айтып, ауыздарын жабады. Осы оқиғаның куәсі болған Белоруссияның Поспреді Қазақ КСР-інің Поспреді И.Шәріповтың қолын алып тұрып: «Бұрын-соңды мынандай отты премьерді көрмеп едім. Өзі жас екен. Бұл жігіт не аспанға шығады, не көп ұзамай орнынан түсіреді» десе, дәл осы күні Мәскеу қонақ үйіндегі Одақтас елдердің осындай қызметкерлері арасында осы жиынға қатысқан тағы біреуі: «Кеңес өкіметі құрылғалы мынандай үлкен жиында бірінші рет өз елінің дербестігін айтқан сөз естілді. Енді көп ұзамай Одақ та тарайды!» деп басқалардан сүйінші сұрағандай айтыпты.


Бұлар айтса айтқандай еді. Себебі, Жұмекең үкімет басқарып тұрған жылы ұлтымыздың терең тарихын, әдебиеті мен мәдениетін басқа ұлттарға таныстыру үшін «Қазақстан КСРО халықтарының отбасында» атты 20 мың таралыммен әдейі орыс тілінде жазған зерттеу кітабының басқа тарауларын айтпағанда, «бүкіл КСРО бір елміз. Ұлттар арасындағы шекара жойылады» деген сол заманда, осы кітаптың соңғы тарауын «Республиканың егемендігін нығайту» деп атауының өзі-ақ КСРО-ны талқандағандай әсер береді.
Кейін Тәшеневтің өзі де: «Мен ешқашан Қазақстанның байлығын игеруге қарсы болған емеспін. Тек, елімнің дербестігі үшін Орталықпен қатты айқастарға барып жүрдім» депті. Академик Манаш Қозыбев «Дерек – тарихи дәлел» еңбегінде: «М.Ә.Сужиков пен Ж.А.Тәшенев Қазақстан аумағындағы ядролық жарылыстарға қарсы шығып, озбырлықтың құрбаны болды» дейді.                                      .
Қисапсыз қаржы жұмсап, Тың өлкесін Ресейге қоса алмағанына іші удай ашыған Хрущев Қонаевтың қолымен от көсеп, 1961жылғы 3 қаңтарда Тәшеневті Үкімет басшысы қызметінен алып, бар игілігінен айырып, жарты жыл жұмыссыз ұстап, Шымкент облыстық атқару комитетінің қатардағы орынбасарлығына шегелеп тұрып төмендетіп жіберді.
Тарихтың кереғарлығы сонда – 1955 жылы Д.А.Қонаевты үкімет басшысына тағайындаған қаулы Ж.А.Тәшеневтің қол қоюымен бекісе, ал Қонаевтың қол қоюымен Тәшенев үкімет басшысы қызметінен кетірілді.
Осы жоғарғы қызметінен түскенде мәрт Жұмабек: «Маған керегі – лауазым емес, Қазақ халқының бірлігі мен жерінің тұтастығы. Ол арманыма жеттім! Елім, жерім орнында» деп еш өкінбеген. Озбыр өкіметтің бар істей алғаны – 1961 ж. 24 сәуірде Тың өлкесінің орталығы болған облыс пен қаланың атын Ақмоладан Целиноградқа ауыстырды. Қызметі кетсе де қадірі кетпеген есіл ердің еңсесі түспейді.
Киелі оңтүстіктің текті елі Жұмекеңді өмірінің соңына дейін әулиедей ардақтап, пайғамбардай құрметтеді. Бұл қызметінде де бұрынғы жоғарғы қызметтерін еш көксеместен, қарқынынан танбай елі мен жеріне қызмет ете берді. Мұқтаж болғандар мен шаруаларын шеше алмай жүрген қалың елдің мәселелерін қолма-қол шешіп бергенін оңтүстік елі әлі аңыз қылып айтады. Астанаға барғанымда жазушы Табыл Құлияс ағамыз: «Ж.Тәшенев көмекшілері мен хатшыларына «Шаруасы болып маған келген адамдарды менің үстімде патша отырса да кіргізіңдер. Мүмкін, ол маған соңғы рет келіп тұрған шығар» деп ерекше тапсырыпты деп естелік айтып еді.

(жалғасы бар)

 

Ертіс Нұрқасым,  Республикалұрқасымық «Жұмабек жолы» журналының редакторы

Адырна  ұлттық порталы

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер