«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Сұлубай батыр біздің үйге . қонақ болған
Сұлубай батыр біздің үйге . қонақ болған
Дайындаған: 4 ай бұрын

Апам жарықтықтың біздің әулетке келін болып түсуі бір ұшы-қыйыры жоқ қиялға жетелейтін әңгіме. Менің атам Халел сегіз қыздан кейінгі жалғыз ұл екен. Ұлы атамыз яғни Халелдің әкесі Жуақан деген кісі өз ортасында беделді, үлкен бір әулеттің қара шаңырағын ұстаған, жұртқа сыйлы адам екен. Сегіз қызды ұзатып болғанда, ұлы әжеміз яки Жуақанның кемпірі тұтқиыл қайтыс болады. Сонымен үлкен шаңырақта сопайып, жеті жастағы жалғыз ұлы Халел екеуі ғана қалады. Ағайын-туыс жәрдемдесе жүріп, ақсақал-көксақалдар Жуақанға ақыл салады. Сақалың жерге тиіп мәлкілдеп отырған жоқсың, қайтадан төсек жаңғыртып, мына ұлы шаңыраққа ие болатын бір адам (әйел) табайық дейді. Дарқан көңіл, көпті көрген Жуекең көнбейді де, осы жалғыз ұлдың қызығын көрсем болды дейді. Сонымен, не керек, жеті жаста жерден таяқ жеп жүрген ұлына қалыңдық іздейді. Ол кезде біздің ел қыста Алтайдың күнгейінде қыстап, жазда Алтай тауына мал бағады. Қуғыншы, жүргінші, барымта-сырымтадан аман болса ұлы Алтайдың теріскейіндегі Қалқа жеріне дейін (бүгінгі Монғолия қазақтарының жайлауы) өтіп кете береді екен. Есімде қалуынша, төрт би төре дәуіріндегі бір ғасырлық қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған заманнан бастап, мал мен бастың саны өсіп, Алтай беті тар көрініп, елде оңтүстүкте Еренқабырға жаққа, Терістікте Монғол жақ теріскей Алтайға қарай жыла қонып, жылжи көшіп мал бағу басталады. Бір жағынан Чин империясының салық қысымы ен даладағы еркін елдің шамына тие бастайды. Жәке бидің тұсында Шерушінің ақсақалы Көбеш бастап, қасқа мен жайсаңдар елші жіберіп Монғолдардан жайлымға жер сұрайды. Ежелден ауылы аралас, малы қоралас, киіз туырлықты ағайын жер береді. Сонымен, алғашында тек мал отарлатып көшіп барып, қыста күнгейге өтіп келіп жүрген неше мыңдаған отбасы бара-бара сол Қалқа жерінде тұрақтап қоныстанып қалады. 
    Ұлы атам Жуақан кішкене ұлдың басын құрап оң жақты қызарту үшін, Қалқаға қарай, Алтайдың теріскей бетіне аттанады. Шолғыншы, жортуылшы, жоқшы, жылқышылар болмаса, шекара деген болмайды екен Қазақ-Монғол арасында (басқаша сөзбен айтқанда, керей мен ұраңқай арасында шекара жоқ кез екен (автор). Жуақан бұл сапарда сол жақта тұратын, бала кезден бірге өсіп, біте қайнасқан руы шерушінің бақат атасынан тарайтын Бақанбайды іздеп барады. Бақанбайға жата-жастана мұң-шерін айтысып, Халеліме қызыңды бер дейді. Ұлы жосын, ірі жолдан аттамайтын көргені көп Бақанбай, сол кезде он үшке енді келген қызы Қазинені, менің апамды Жуақанның Халеліне қосуға мақұлдық береді.                         . 
Осылайша, ел болып дүркіретіп той жасалады. Менің атам Халел жеті жасында он үш жастағы қызбен шаңырақ көтереді. Өзі келіншек алғалы жатқанын қайдан білсін. Жаурыны мығым торы тайға ашамайды ерттеп мінгізіп, күйеу баланы алып, салтанатты шеру жора-жосынымен Қалқадағы Бақанбай ауылына барып, келінді алып келеді. Бұл мөлшері 1914-жылы болса керек. 
       Қазине апам жас болса да, үлкен шаңырақта өскен, инабатты, білімді, ізгі жанды, іске икемді, ажарлы да ақылды келін болып, қоңылтақсыр қалған шаңырақтың отын жағып, ошағын маздатып, Атасының алғыс батасын алады. Жұртқа жағымды, төңірегіне берекелі ақжайсаң келін атанады. Күйеуі ойын баласы. Кейде тай мініп, тайынша қуып, су бөгеп, батпақ кешіп жүріп, шаршап ұйықтап қалады. Зерделі әжеміз оны да сылап-сыйпап өсіреді. Сонымен, жас өседі, жарлы байыйды. Шамамен 1921 жылдары атам мен апамның тұңғыш қызы Тамаша дүниеге келеді. Тамаша апамызды Тамай атап кеткен ел-жұрт. Осы күнде әлі көзі тірі. Енді екі жыл ғұмыр кешсе, 100ге толады. Мүмкін анасының жасына жетер немесе асып та кетер, оны бір Жаратушы біледі. Тамай апайымыз әкесінің 14 жаста, шешесінің 21 жасында көрген тұңғыштары еді. Бүгінгілер бұған сене де қоймас. Дегенмен бұл шын. Ұлы Абайдың да бәйбішесі өзінен жасы үлкен, Абай да 15 жасында алғаш әке атанған.
Тамай апайымыз Халелдің емес, Жуақанның қызымын дейді, әрине, тұңғыш немерені ата баурына салып алады ғой. Атасының аузынан түсіп қалған осы қыз әке-шешесін күні кешеге дейін сен деп сөйлеп, аға-жеңгесіндей көретін. Бірақ, өзі анасынан (апамнан) аумайды. Біз Тамай апайымызды "бесік аға" деп атаймыз. Себебі, апайымыз өзі ерке-шолжың, өзі атаның "тұңғышы" болған соң, кейінгі балалары яғни менің әкем және басқа да іні-сіңілілері әпекелерін аға деп атайтын көрінеді. Кейін сол "ағалары" тұрмысқа шығады. Балалы болады. Бір жолы тұңғыш балалрын, яғни біздің үлкен шаңырақтың жиенін бесігімен алып келе жатады. Бауырлары үй маңында ойнап жүріп, келе жатқан қонақтарға қарап үдірейісіп тұра қалады. Сонда ауылдағы бір келіншек: әне, бесік алған "ағаларың" келе жатыр дейді. Балалар содан бастап Тамаша апайымызды "бесік аға" деп атап кетеді. Әлі, бесік аға дейтініміз содан. Ол кісінің шалы Әбілқақ деген кісі меркіт еді. Бес-алты жыл бұрын қайтыс болды. Олардың да шаңырағы береке, жақсылық ұялаған үлкен қара шаңырақ болды. Әбілқақ жездемізді Әптікей (Әбдікей) аға деуші едік. Менің ойымша, екеуі көне жосын бойынша, атастыру арқылы үйленген. Жиырма жастарында (1941жылдар) үйленгелі жүргенде Алтайда соғыс, үркін-қорқын басталады. Әбілқақ біздің үйде жүруіне тура келеді. Әбілқақтың атын яғни күйеу баласының атыр Әбдікей деп атаған тағы да өзімнің апам сияқты. Мүмкін біздің әулетте немесе аталарымыздың ішінде Әбіл атты, Әбілқақ атты бір кісі бар болар. Сол үшін де күллі әулетіміз Әбдікей аға атап кеттік. Біздің әкелеріміз де ол кісіні жездесініп әзіл-қалжың айтқанын көрмедік. Үнемі "ағалап" өтті. Той-төкіндерде әуелі сол Әбдікей ағам күйеумін демейді, ағаларымыз қатарында бата беріп отыратын. "Иттің сыйласатын атасы жоқ, жігіттің қайын жұртқа батасы жоқ" дейтін мақалдың біздің Әбекеңе жүрмейтін себебі, ол кісі өзін Халелдің емес, ұлы атамыздың күйеу баласымын, осы ауылға күйеуден гөрі, соғыс пен ауыр жылдарда туған баладай сіңдім дегені деп қараймын өзім. Әбдікей ағамыз бен Бесік ағамыздың оншақты баласы бар. Бүгінде бәрі жоғары білім алып, Алтайдың әр жерінде үлкен қызметтерде. Бір қызығы, сол көп балаларың төрт-бесеуін асырап алған балалары екен. Текті әулеттердің ұлы мен қызы болан осы шаңырақ иелері осындай мәрттік пен ірілліктерінің арқасында талай рет, қытай мемлекеті жағынан "қамқор отбасы", "бақытты жанұя" сыйлықтарымен марапатталды. Сыйлығын қойшы, бүгінде Бурылтоғайдың Көкағаш деген жерінде күллі қазақтың құрметіне бөленген бір сыйлы жанұя болып отыр. Құдай сол қаймағы бұзылмаған берекелерін баянды еткей! бізбен өте жақсы араласады. Әсіресе әкемді өте жақсы көреді балалраы.   

                                                 . 
Әңгімемізге оралайық.

                                                    . 
Біздің үй мен ес білгелі қонақтың аяғы үзілмейтін. Алыс-жуықтан ат терлетіп келіп апама сәлемдесіп қайтатын кісілерден үй босамаушы еді. Қысқасы, қонақ бар күннен, қонақ жоқ күн аз болатын.                                      . 
Кім келіп кім кетпеген мынау дүние дегендей, біздің сол бір үзігін күн сүйген ақбоз үйімізге кім келіп, кім кетпеді. Талай-талай ұлылар дәм татқан киелі үй еді ғой. Сондай құрметті қонақтардың бірі атақты батыр, ақын, әнші, сері Сұлубай еді. Абақ керейдің Жәнтекей атасынан, Тасбике руынан шыққан осы Қайран ер 1907 жылы Алтайдың Шірікши деген жерінде туған екен. Біреулер Алақақ, біреулер Буыршын дейді туған жерін. Әйтеу төменгі алтайда туып өскен заманының батыр, жыр бұлбұлы Сұлубай Сапыұлы Айғай-сүрен басталған алғашқы жылдарда-ақ Өр Алтайға қоныс аударады. Тұрмысы жұтаң, жоқшылыққа толы болған сияқты. Әкелері ерте қайтыс болған соң, жиырма жастағы Сұлукей (жорық серіктерінің құрметтеп атағаны) шешесін алып, Өр Алтайдағы (Шіңгілдегі) нағашы жұртына тартады. Сұлубайдың өмірі мен ел үшін еткен ерлігі туралы әңгімелер көп. Кітаптар да жетерлік. 
Алғаш рет өр Алтайға көшіп бара жатып, Ертіс бойында отырған біздің қараша үйге қоныпты. Арқасы есік пен төрдей жуан қызыл өгізге керек-жарақ жүгін артып, шешесін жүктің үстіне отырғызып, өзі жетелеп, ақшам уақытында біздің ауылға келіп, біздің үйге түседі. Соғыстың алдындағы баршылық пен таршылыштың, тоқшылық пен жоқшылықтың тайталаса бастаған тұсы. Атамыз қара қазанға барын салғызып, барынша жақсы күтіп аттандырса керек. Ән салып, өлең айтты деген дерек жоқ. Елін тастап жер ауып бара жатқан алыс жолда өгіз аяңмен шаршап-шалдығып келе жатқан қонақтардан ән де дәметпеген шығар үлкендер. Атамның айтуынша, Сұлубай сол жолы бізден аттанып Өр Алтайдағы нағашы жұртына бара сала, көп өтпей, ақындық, әншілік қыры таныла бастады дейді. Мүмкін нағашы жұрты, мүмкін ежелден өр келетін өр Алтайдың өр керейлері Астына жылқының жақсысын мінгізіп, киімнің жақсысын кигізіп, замана бұлбұлын бір мезет сал-серідей құрметтеп, төбесіне көтерген болар. Той-томалақ, топты жыйын Сұлубайсыз өтпейді. Жылымық заман өз орнында тұрмай Алтай бетін ат тұяғымен дүбірлеткен сұм соғыс басталады да кетеді. Сұлубай денесі ірі, еті тірі, жаны сірі, өңі ажарлы да айбатты, сұлу жігіт екен. Жеті-сегіз жыл бойы Ырысқан, Есімқан, Ақтеке, Оспан, Мыса мерген, Сүлеймендер бастаған ұлы қосынға ілесіп жауларын жайратады. Алтайды азат еткен соғыста еңбегі ерекше бағаланып, он батырдың бірі ретінде марапатталады. Балуан денелі, батыр тұлғалы Қайран баһадүр өз кезінде соғыстың ұраншысына, жыршысына айналады. Айтысып, талай таңды таңға жалғаған торқалы тойдың сәнін келтіріп, атақты өнерпаз да атанған екен. Оның бүгінге жеткен Күллі қазақ даласына кең таралған "Сұлубайдың әні" атты атақты әні бар. Естіген жанның есін алатын, ет жүрегін елжірететін әнді тыңдап та сол бір қиямет қайым жылдырды елестетуге болады. Ерлік пен ұлылық ұялаған Алтай тарихына да көз жүгіртесіз сол ән арқылы. Сұлубай 37 дасында жанталасқан бір шайқаста маңдайынан оқ тиіп мерт болады. Сұлубайдың оққа ұшқан сол шоқысы бүгінде Сұлубай шоқысы деп аталады. Сұлубай шоқысы Үліңгір өзенінің бойында Ұлы Жоңғар даласынң шығысы мен Өр Алтайдың асқақ тауларының етегінде созылып жатқан сары жазықта Тәңірі сыйға тартқан ескерткіштей зеңгір аспанға бой созып тұр.

Әділет Ахметұлы

 

Елдес Орда,  ғаламтордағы жазба

 

Aqsaqaldar.kz

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер