«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
ЖАСТАР РУХАНИ ЖҮДЕУ ЕМЕС ПЕ?
ЖАСТАР РУХАНИ ЖҮДЕУ ЕМЕС ПЕ?
Дайындаған: 3 жыл бұрын
Аға ұрпақ өзінен кейінгі буынға сын көзбен қарайды, бұл ретте балалары мен олардың қатарластарының күнделікті әрекеттерінен бастап бүкіл болмысын өздерінің жастық шағымен салыстырады. Келешекке үлкен үмітпен қараған Абайдың өзі «Қорқамын кейінгі жас балалардан» деген. Бұл жерде аға буынның Абай заманымен және кеңес кезеңімен салыстырғанда қоғамның қазіргі рухани жағынан құлдырауына алаңдаушылық танытып, бүгінгі күннен гөрі болашақтың жүгі ауыр болатынын сезіну, тіпті қорқыныш жатыр. Бұрын әдет-ғұрып, салт-дәстүр, тыйым, отбасы тәрбиесі басым болып, кеңестік кезеңде мемлекет тарапынан моральдық ұстанымға адал болуды қатты қадағалайтын болса, нарықпен қатар материалдық құндылық алға шығып, оның үстіне ақпараттық ағымға шектеу болмаған бүгінгі күні сырттан келетін мәліметтердің түрлері көбейді. Біздің ежелгі менталитетімізге тілі де, ділі де бөтен бұл ақпараттардың жастардың ұстанымына әсері мол. Ал оған қарсы қоярлық мемлекеттік, не ұлттық идеология жоқ. Бәрі жұрттың өз қалауына қалдырылды. 
Бүгінгі нарықтық қиындыққа шырматылған қоғамды әлеуметтік-экономикалық, рухани құлдыраудан инновациялық бағдарламалар, «нақты қадамдар», Жолдаулар, өзіміздің соған бейімделуіміз алып шықпайды, оны негізінде білім мен мәдениетті, салт-дәстүр мен ана тілін ту еткен рухани байлық алып шығады. Руханият - адамдарды түрлі азғындықтан, ішкі дүниенің жадау болуынан сақтаушы күш қана емес, әлемдік өркениетке бет бұрған қазақты өзінің ұлттық болмысымен халық ретінде басқа мәдениеттерге жұтылуынан сақтап қалатын қасиет. «Адамның ішкі әлемі қандай болуы керек?» дегенге келсек, оның бастысы жоғарғы деңгейдегі сана мен дүниетанымның кеңдігі, елжандылығы мен азаматтық белсенділігі, оған қайырымдылықты, нәзіктікті, ізгі ниетті қосуға болар еді.
Рухани байлық адамға көркемөнер, ұлттық салт-дәстүр мен халық даналығы, білім мен мәдениет және осы игіліктердің бастауы болып табылатын ана тілі арқылы беріледі. «Қазақ тілі» қоғамының айналасына топтасқан ұлт жанашырларының мемлекеттік тілдің қазіргі қолданысына көңілі толмай, шырылдап жүргені тегін емес. 
Компьютерден бастап, бүкіл электронды техниканы меңгеріп, шетелдік көлік пен техниканы тізгіндеген жастарымыз ұлттық менталитеттен алыстап бара жатқан жоқ па? Олардың рухани дүниесі жадау емес пе? Бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып табылатын осы жайдың елдің келешегіне әсер ететіні сөзсіз. Жалпы рухани жүдеулік жайлы айтқанда жастардың кітап оқымайтыны, театрға бармайтыны және қазіргі көркемөнер дүниелерінің құлдырап кеткені тілге тиек етіледі. Өз ойымызды көпшілікке таңбас үшін осы жай ойландырып жүрген адамдардың, оның ішінде жастардың пікіріне сүйене отырып, тақырыпты талдап көрейік.
Сайлаубай Жұбатырұлы, жазушы:
 -Шынында да қазіргі жастар кітапты аз оқиды. Өйткені, техникалық прогресс күшейіп кетті. Ақпарат көп, жан-жағымыздың бәрі экран, керек ақпаратты саусақпен түртіп алып отырмыз деген ақталу сөз, сылтау аргументтермен түсіндіріледі. Бұл — адам қорқатындай жағдай. Шынын айту керек, кеше біздер үлкен бір өтпелі кезеңді артқа тастадық. Әлде де өтіп келе жатырмыз. Ал өтпелі кезең деген ол төңкеріс болмаса да, эволюциялық құбылыс қана болғанымен, біздің сана-сезімімізге, дүниетанымымызға және әлеуметтік мәселелерге қатты әсер еткені рас. Ол — тарихи бетбұрыс. Тіпті бізде өзіміздің рухани, мәдени дамуымызда кейінгі онжылдықтарға шегініп қалмасақ екен деген қауіп те болған. Және сол қауіп бекер емес екен. Кесір-кесапатты көріністері қазір әдебиеттен, жалпы рухани жағдайлардың мешеулігінен, өнеріміздегі кемшіліктерден, сол кемшілікті Батысқа еліктеу арқылы толтырамыз деген әбігер әрекеттерімізден көзге бадырайып анық байқалып тұр. Осыдан жиырма жыл бұрын «Байтал түгіл, бас қайғы» деген заман болды. Біздің тұрмысымыз, жейтін нанымыз, киетін киім-кешегіміз, күнделікті пайдаланатын жарығымыз, балаларымыздың оқулығы, дәрі-дәрмегіміздің бәрі шешімін таппаған мәселе болғаны шындық. Сол жағдайда кітап оқу, жалпы руханият мәселесі өте қатты күйзеліске ұшырады. Ол — қоғамның өте нәзік әрі күшті құбылыстары. Ең алдымен, әдебиетіміз, өнеріміз өркениеттің нәзік тұстары соққыны бірінші қабылдайды және содан зардап шегеді. Қазір жағдайымыз ептеп жақсарды. Бірақ барлық салалар дамып жатқанымен, руханият мәселесінде осы кесел терең із қалдырды да біздің психологиямызға шөгірдей кіріп кетті. Біз осыдан құтыла алмай, өзіміздің мәдени руханияттағы ізденіп оқитындай менталитетімізден айырылып қалдық. Сондықтан да кешегі керемет интузиаст, романтик — Мұқағалидың өлеңдерін, Әбдіжәмілдің, Шыңғыс Айтматовтың кітаптарын іздеп оқитын жастардың бүгін «Менің ұрпағым кітап оқыса да, оқымаса да өзінің нанын тауып жесе болар, әйтеуір аман болса болды» деген керенау торға еніп кеткендігі осы. Бұл- үлкен тарихи құбылыс. Тарихи негізі бар мәселе. Бірақ саналы ел, өсеміз, өркендейміз деген ел бұл керенаулықтан, кезінде жіберіп алған қателіктен құтылу керек. Ол әдебиетті сүю, ұрпақты әдебиетке сусындату, әдебиетке келу.
Адам жанының жүдеулігіне апаратын тек қана көркем әдебиетті оқымау емес, теледидар, кино, музыка, бір сөзбен айтқанда көркемөнердің деңгейінің түсіп кетуі. Қазіргі шығармалардың классикалық туындылардың шаңына ілесе алмауы. Жалпы рухани дүние қыры мен сыры мол, жұмбағы мен ішкі иірімдері көп, тылсым дүние. Ол материалдық игіліктен өзгеше әлем, сондықтан да оны белгілі бір өлшемге сыйдыра алмайсың. 
Сара Бахтиярова, филология ғылымының кандидаты, доцент:
-Рухани байлық, рух кез келген адамның еңсесін тік ұстап тұруына ықпал ететін тылсым күш деп есептеймін. Ислам дәуіріндегі  әдебиеттің  ірі өкілдерінің бірі Жүсіп Баласағұни: «Рухы жоқ халық – жай ғана тобыр, малмен бірдей» деген екен. Бұдан артық не айтуға болады? Сондықтан  «ақша жоғалттың — аз жоғалттың, рухани байлығыңды жоғалттың – бәрін жоғалттың» деген пікірді қолдаймын. «Жастар кітап оқымайды» деген мәселеге келсек, біржақты қатаң айту дұрыс емес шығар, біраз аз оқитыны рас.
Біз білім мен дүниетанымды ғана емес, тәрбиені де кітаптан алдық. Ол ата-ана тәрбиесі, ұлттық талғаммен ұштасып отырды. Кітап беретін жан азығын ешбір ақпарат көздері бере алмайды. Өйткені, кітапты  оқығанда кейіпкермен бірге біте қайнасып, қоян-қолтық араласып кетесің де, соның мұңын мұңдап, сырын жырлап отырасың. Ең соңында  керемет  бір сезімге  бөленіп, рухани ләззат  аласың. Ал ақпарат көздері жаныңа, сезіміңе кітаптай, кинодай, спектакльдей әсер етпейді, олар қасаңдау, жұтаңдау тек мәліметтер легі болып келеді.
Айнұр Әли, Қорқыт ата атын-дағы Қызылорда мемлекеттік университеттің студенті:
-Рухани байлық дегеніміз-  менің ойымша, жеке адам басындағы сезім, ақыл, парасат, өнер, білім қабілеттері. Рухани байлық-материалдық байлықты қажет етпейтін, сана-сезім мен түйсіну қабілеті мол, адамның ішкі жан байлығы. Жастардың кітапханаға көп бармайтынын жалқаулық немесе әдебиетке қызықпаушылық деп біржақты айтуға болмайды. Қазіргі таңда кітаптарды ғаламтор желісінен тауып оқуға болады. Дегенмен шынайы сол кітапты өз қолыңмен ұстап, сезіну, парағының иісі мұрныңа барып оқу, ақпарат алудың орны ерекше екені рас.
Саида Сансызбай, студент: 
-Рухани байлық бұл адам баласының бойындағы қасиет екенін де, қатарластарымыздың жан дүниесінің жұтаңдап бара жатқанын да білеміз. Қоғамның өзі, біз үлгі алатын аға ұрпақ руханияттан гөрі материалдық құндылықты, тіршіліктің қамын жоғары қойып отырған жоқ па? Адамның ішкі жан дүниесінің рухани бай болуы, оның мінезі, сөйлеуі деп білемін. Сөздің, ауызекі әңгіменің бұзылып бара жатқаны көркем әдебиетті оқымаудан. Кітап, М.Горький айтқандай  – білім бұлағы. Кезең-кезеңімен әлеуметтік желі дамып жатса да, білім азығының қайнар көзін нақты деректерге сүйене отырып біз тек кітаптан ала аламыз.
Жастардың кітап оқымауының жоғарыда айтылғаннан басқа да себептері бар. Яғни ақпараттық технологияның дамуынан бөлек күнкөріс қамы, сондай-ақ жұртты баурап алатын кітаптарды жазатын халықтық ақын-жазушылардан гөрі, таптаурын тақырыптарды місе тұтатын, жалаң лирикаға әуес ақын-жазушылардың сүреңсіз кітаптарының көбейіп кетуін айтуға болады. Сондай-ақ кітап оқу мәдениеті мен кітап идеологиясы астасып жатқан жоқ. Кеңестік кезеңде «Білім» «Кітапқұмарлар қоғамы» бар, адамдар үйіне кітап жинайтын, қоғамдық орындарда, көше көлігінде кітап оқып отырған адамдарды көп көруші едік. Сол мәдениет мүлде жойылып барады. Әрине, өмір бар жерде бәрі де жаңарады, жаңғырады, бірақ жастардың қолындағы «айфон», «смартфон», «планшет» кітап берген рухани азықты, білімді, мәдениеттті бере алмайды.
Енді кезінде В.И.Ленин «Өнердің ең биігі - кино» деп бағалаған өнер түріне келейік. Фильмдер адамның дүниетанымына көп әсер етеді, сондай-ақ, ол мемлекеттің психологиялық-идеологиялық қаруы екені де, тәрбие құралы екені де рас.
Сара Бақтиярова:
-Бұл жерде мәселенің астары екі жайда: көркемдікте және ұлттық мүддені жоғары қоя білуде. Қазір жастар Голливудтың техникалық деңгейі жоғары болғанымен, моральдық жағынан жүдеу киноларына құмар, ондағы адам өлтіру, зорлық-зомбылыққа құрылған идеология біздің санасы енді қалыптасып келе жатқан балалар мен жастарымызға әсер етуі зор болғандықтан, олардың адами қалыптасуына өте зиянды.
Сайлаубай Жұбатырұлы:
-Қазіргі кинода «Қыз Жібек», «Көксерек», «Менің атым Қожа» сияқты ұлттық рух жоқ. Баланы армандатпайды, алдағы күнге жетелемейді. Тіпті «Көшпенділердің» өзі ұлттың жыртысын жыртпайды.
Айнұр Әли:
-Қазіргі үлкен кісілер түрік, үнді фильмдеріне құмар, ондағы оқиғаның ойдан шығарылғаны, жалғандық айқын сезіліп тұрады. Сериалдардың өзі көркем өнер емес деп білемін.
Иә, көркемөнердің қадірі кетіп барады, жастардың рухани жүдеулігінің бір себебі міне, осында. Қазіргі әндерді алып көріңізші, сөзінің мағынасы жоқ, у-шу. Жастарды жеңіл дүниеге еліктіруде теледидардың  кері әсері көп. Мысалы, «Қазақстан» телеарнасындағы «Түнгі студияның» жүргізушісі Нұрлан Қоянбаевты жастар тапқыр, көңілді деп біліп, соған еліктейді, шынына келгенде ол «әжека», «крутой», «прикол» деп сөйлейтін тілі шұбар, арзан әзілге құмар сайқымазақ. Жастарға көп әсер ететін «Әзіл әлемі» хабарын жүргізетін Тұрсынбек Қабатовтың әзіл айтудағы, аудиторияны үйіріп әкету қабылеті күшті болғанымен, оның тілі тіпті сорақы, «балдар», «пока», «молодец», «жатырған» деп қазақ тілінің қадірін кетіріп жүр. Қазіргі ең таңдаулы әзілкешіміз, бүкіл республика көрермендерін күлкіге қарық қылғандықтан, басқа хабар жүргізушілер де «өлә», «қасқа» деген сияқты сөздерді қолданып, әдеби тіліміздің ауылынан алшақ кетіп жатқанын байқамайды. Көптің алдына шығатын адамдардың ойы олақ, тілі қойыртпақ болуы өкінішті-ақ. Оның үстіне бүгінгі теледидар дегеніңіздің 50-60 пайызы ертеден қара кешке дейін жеңіл музыка, айқайлаған ән, мағынасы жоқ ойын-күлкіден тұрады. Жастардың, дүниетанымын, жалпы қоғамдық сананы ұлттық, мәдени бағытта қалыптастыратын теледидар өзінің негізгі мақсатына қарама-қарсы жұмыс істеуде. Жоғарыда айтылған хабар жүргізушілердің тілінің ала-құлалығы біз айтып отырған көркем әдебиетті оқымауында.
Қарап отырсаңыз, жастардың сырт келбеті сұлу, сымбатты көрінгенімен, жан дүниесі жұтаңдау. Қазір екінің бірінің         дипломы бар, бірақ маман емес екені былай тұрсын, сауаты төмен және олар жеке өміріне, жанұяға, қоғамға деген жауапкершілікті сезінбейді. Жастар жан-жақты емес, білім-танымға ұмтылысы аз. Жоғарыда айтқанымыздай, ұлттық салт-дәстүрді, тарихты, әдебиет пен өнерді терең білмейді. 
Сара Бахтиярова:
-Жалпы мен жастардың сыртқы сән-салтанатқа, сұлулыққа ұмтылуымен қоса жан-дүниесінің өте биік болғанын құптаймын. Материалдық құндылықтар белең алып тұрған кезеңде рухани жағынан ақсап жатырмыз. Мұның соңы үлкен өкініш бола ма деп қорқамын. Ашыққан қарын тойынар, ашылған етек жабылар, ал рухани ашығуды қалпына келтіру өте қиын және ол ұзаққа созылатын процесс, сондықтан жастарымыздың сымбатты, білімді, белсенді, елжанды, рухани жағынан бай болғанын қалаймын. Ей, тәкаппар дүние! Танимысың сен мені?! Маған да бір қарашы, Мен қазақтың баласы!-деп алшаң басып жүрсе екен деймін. 
Бұл жерде кемшілігін айтқанмен, бар кінәны өскелең ұрпаққа түгел аударма салған дұрыс болмас. Ең бірінші, жауапкершілік мемлекетте, оның идеологиясының жоқтығында. Екіншіден, қоғам биліктің ыңғайында кетті. Ел ағалары, зиялы қауым өкілдері іште қайнап жатқан ойы мен пікірі жоқ, бірінен-бірі аумайтын, бір пікірлі, бір ізбен жүретін, көп жайға көз жұма қарайтын, біреулерден сескенетіндей байқап сөйлейтін болып алды. Үшіншіден, отбасындағы тәрбие  төмендеп барады. Бұрын «қызым үйде, қылығы түзде» деуші еді, енді балаларының шалалығы үйде көрініп отыр, оған ата-ана мән бермейді. Айналып келгенде, бәріміз болып жастарға үлгі көрсетерлік іс-қимыл, әрекет жасап жүрген жоқпыз. 
Бұның өзі мемлекет басындағылардың қоғамға әсер етудің барлық тетіктері қолдарында тұрып «Суға кеткенді құтқару суға кетіп бара жатқандардың өз ісі» немесе орыстарша айтқанда «моя хата с краю» дегеніне саятындай.

 Жалғасбек АМАНОВ

 
 
 
 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер