«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Өлім камерасындағы екеу
Өлім камерасындағы екеу
Дайындаған: 1 ай бұрын

                                   (деректі әңгіме)

 

«БҰЛ ӨЗІ КЕРЕК ПЕ ЕКЕН?» деп ойладым жазардың алдында. Әй, қайдам!  

 

      Қазір ешкімге ештеңе керек емес сияқты. Жоқ, дәмді тамақ қажет, жақсы киім қажет. Тағы не? Машина, коттедж, яхта... Бай-бағыландарға қызық-думан, кедей-кепшікке бір үзім нан... Бірақ, дәл осы жазу-сызуың ешкімге қажет емес.

     

Қысқаша қайырсам, мәселенің мәнісі былай.

      Биыл туғанына 55 жыл толып отырған желтоқсандық бауырымыз, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың өмір жолы туралы кітапты жазып қойып, жан-жаққа қоңыраулатқаныма екі жылдың жүзі болып қалды. Құзіреті күшті Мәдениет министрлігі де, Қайрат туған Жамбыл облыстық әкімдігі де «қаржы жоқ» деген бір сылтаудан танбайды.

      Мен де қоймаймын. «Қаржы жоқ болса, анау ұсталып жатқан министрлер, вице-министрлер мен әкімдер, орынбасарлары (басқарма басшылары, соттар, прокурорлар) қалтасына басып жатқан миллиардтарды қайдан алып жатыр? Әкесінің қалдырып кеткен қазынасы емес шығар?» деймін қызыл кеңірдек болып.

Сол өзім жазып, өзім ғана оқып жүрген жарияланбаған кітабымның бас кейіпкері туралы бір үзік үзінді ұсынайын. Оқымасаңыздар да өкпе жоқ.

 

                          *

      ...Қайрат сәл демін басып, кенеп дорбасынан мәшіңкеге басылған бірнеше парақты алып шықты. – Міне қараңызшы. Қиыннан қиыстырып әкеліп: “Рыскулбеков, Ташенов и лицо не установленное следствием с целью умышленного убийства народного дружинника Савицкого подбежали к нему и стали наносить ему удары в жизненно важные органы” деп үкімге шаптай салды ғой. Телевидениенің подвалында тұрып, қырғын топтың ішінен «менің ұрғанымды» есіне сақтап қалған Дарюхина, Рыжкова, Валяева дегендердің қырағылығына қайран қалдым! Бәрінен бұрын өзіммен бірге оқыған Ертай, Бауыржан деген доссымақтардың сатқындығы жаныма қатты батты.

      – Қапаланба, бауырым! - деді Мырзағұл қызбаланған оны жұбатып. – Бәрі де жақсы болады деп ойлаймын. Менің де басымдағы жағдай дәл сенікіндей. Жоғарғы соттың судьясы Ихсанов деген тоңмойын мойныма бес түрлі статьяны іліп тастап, ең соңында «Атылсын!» деген үкімді бірақ шығарды. Төбемізден Құдай көріп тұр ғой. Жазықсыз екенімізді біледі ол. Нақақ жылатпас!

      ...Аса қауіпті қылмыскер Мырзағұл Әбдіқұлов 1988 жылдың 31 наурызында Новосибирск арқылы Сібірдің Ивдель қаласындағы қатаң режимдегі түрмеге этаппен жөнелтілді. Одақтың әр жерінен жиналған кілең баскесерлер отыратын абақтыдан тірі қайту үміті жоқ еді. Бірақ, қазақта «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» дейтін сөз бар. Оның ату жазасы Громыконың пәрменімен 20 жылға ауыстырылып, қауiптi “зонадан” алдымен Өскеменге, сосын Қапшағай маңындағы колонияға жеткiзiлдi. Әрине, бұл арада Халықаралық Сауға (амнистия) ұйымының бас хатшысы Ян Мартин мырзаның жазған хатының ықпалы зор болғанын айта кеткен орынды.

      1992 жылдың сәуірінде осы жолдар авторының “№ 99 тұтқын” атты көлемді мақаласы республикалық газетте жарық көріп, Қазақстан жазушылар Одағы жанындағы праволық қоғамдық комиссия ел президентiнiң атына Мырзағұл Әбдіқұловқа кешірім беруді сұрау туралы Үндеу қабылдады. (“Қазақ әдебиеті”, 24.04.92). Сол жылдың маусым айында президенттің шешімімен Мырзағұл бостандыққа шығып, отбасымен аман-есен қауышты...

      ...Қайрат Рысқұлбеков те 1988 жылдың мамырында Ивдельге этаппен жіберілген болатын. Оның да ату жазасы Громыконың пәрменімен 20 жылға ауыстырылған еді. Қайраттың бұл жаңалықты естігені, көкірегінде үміт оты оянғаны ата-анасына жолдаған соңғы хатында баяндалған. Алайда, көзге көрінбейтін әлдебір құдіретті күштің пәрменімен тұтқынның маршруты шұғыл өзгертіліп, Семей қаласындағы №21-ші түрмеден бірақ шығады.  

Сөйтіп, 21 мамырда 21-ші камерада жұмбақ жағдайда қастандық құрбаны болады. Бұған камераға бірінші болып кірген дәрігер-сарапшы Болат Шалағановтың куәлігі дәлел. «Қайрат аяғын бауырына алып, бүк түсіп жатыр екен, тамағында болар-болмас із қалыпты. Ұйқыда жатқанда әлдекімнің буындырғаны көрініп тұрды» дейді ол.

 

      ТАҢДАУ НЕГЕ ҚАЙРАТҚА ТҮСТІ? Өйткені, ұлы Желтоқсан – Совет Одағындағы бодан елдердің бұғауын үзуге себепші болған демократиялық қозғалыстың көшбасында тұрған айбынды көтеріліс еді. Билік басындағылар «көтеріліс деуге ұйымдастыру штабы болған жоқ, анау еді, мынау еді» деп мән-маңызын төмендеткісі келсе де, онысынан ештеңе шықпады. Тарих көші Желтоқсанды – көтеріліс деп таныды! Жұрт арасында Желтоқсанды тек бір ғана алаңмен байланыстыра қарайтын жаңсақ түсінік бар, ол дұрыс емес. Алматыда басталған ереуіл бүкіл Қазақстанды шарпып, облыстар, аудан орталықтары мен шағын ауылдар жастарды қолдағаны белгілі. Тек, ол жайында Мәскеу дер кезінде айтқызбады.

      Осындай сынақты кезеңде тарих сахнасына аққан жұлдыздай жарқырап Қайрат шықты.

      «СӨЙЛЕСЕМ ДАУСЫМ ЖЕТПЕЙТІН, КЕЗ БОЛДЫҚ МЫНАУ ЗАМАНҒА! ШОВИНИЗМ ЕДІ ҒОЙ, БАСТЫ СЕБЕП ЖАНЖАЛҒА!» деп, қырандай саңқылдаған дауысы ұлыорыстық шовинизмнің бүркемеленген бет-пердесін жұлып алды. Қара күшке байланған, қырық құрау Кеңестер елінде ешқандай да ұлттар достығы болмағанын төрткүл әлемге жайып салды!

      Тәуелсіздіктің тұғыры шайқалып тұрған қазіргідей сындарлы уақытта да бұл айтқандары маңыздылығын жоғалтқан емес. Осы қайсарлығы үшін Мәскеу 21 жастағы Қайратты кешірмеді, өзінің ғасырлар бойғы болмысына сіңген қанқұйлы әдетіне басып, түн қараңғысында көзін жоюдан басқа амалы қалмады.

      Алайда, қызыл империя қолшоқпарлары қазақ халқының айдарлы перзентін қанша қорқытып-үркіткісі келгенімен, оның оттай лапылдаған дауылды үнін өшіре алмады. Уақыт өткен сайын Қайраттың өр тұлғасы биіктеп келеді...

 

       (Толық нұсқасын «Жас алаш» газетінен немесе оның сайтынан оқи аласыздар, 12.03.2021 ж).

 

 Қайым-Мұнар Табеев,  Желтоқсан көтерілісін зерттеуші

                                          журналист-жазушы. Ғаламтордағы жазба

 

Aqsaqaldar.kz

 

 

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны