«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Ұрпақты рухани . тәрбиелеудің көзі
Ұрпақты рухани . тәрбиелеудің көзі
Дайындаған: 4 апта бұрын

        Біздерге бабаларымыздың қалтырып кеткен даналықтарының бірі: «Бұлақтың көзін ашсаң – ел ырысы  өседі, ұрпақтың көзін ашсаң ел қорғайтын ер өседі» – деген өсиеті. Бұл, көшпелі  елдің дәулеті су мен жайылымға байланысты болуымен қатар, елінің аман, тәуелсіз болуы ұрпағының өз ата жұртының намысын қадірлейтін қорғаны болуына да байланысты екенін көрсетеді. Біз, осы өмір шындығының мәңгілік заңдылығына көңіл бөлуден қалып барамыз.

        Қазіргі еліміздің өтпелі кезеңді басынан кешіп отырған заманында осы даналық жолын ұққан ұрпақ қана, халқымыздың бай ұлттық құндылықтарын бойына сіңіріп, білім мен ғылымға ұмтылуымен өз елі мен жерінің намысын қорғайтын, ары таза азамат деңгейіне көтеріле алатынын ұғуымыз қажет. Қазір бұқаралық ақпараттар мен жиын, мәжілістерде қазақстандық патриотизм негізінде тәрбиелеу дегенді жарыса айтудан бір жалықпайды. Іс жоқ, сөз көп, бірақ сол көпірме сөздер кешегі кеңес дәуіріндегі сарынынан айрыла алмай, сыңар жақ, бір күндік мақсаттан аса алмай жарамсақтықпен, «күштінің» көңлін аулайтын күн көрістің көзіне айналған сияқты. Біз, басқа жұрт силайтын ел боламыз десек, онда сөзден іске көшуіміз керек. Өз елінің намысын қорғайтын патриот болу өз отбасы мен туып өскен мекенін қадір тұтудан басталатыны белгілі. Яғни тәрбиенің басы бала есін біле бастағаннан ата бабадан қалған адамгершілік тәрбиені біртіндеп жүйелі түрде санасына құя беруіміз  қажет. Баланы есін білмей жатып бөтен жұрт тілі мен ділінде тәрбиелеу ұлттың тамырына балта шабу. Рух пен сана, тек ана сүті мен әке тәрбиесінің күшімен шыңдалады. Халқымыздың: «Әкең барда ел таны еріп жүріп, атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда силаса біл беріп жүріп», – дегеннің тамырына үңілуіміз қажет. Әкенің баласына беретін тәрбиесі өскен жеріне, туған еліне деген сүйіспеншілік пен құрметті жастай санаға құю. Әр бала жастай өз туған жұртының , өскен жерінің тарихын, құнды жәдігерлерін біліп, өнегесімен халқына тәлім болар із қалдырған адамдарды қадірлеп, ісінен ғибрат алуды үйренуі абзал.  Сонда ғана ол өз отанына адал қызмет ететін болады. Біз ұрпақтың мемлекетшіл, халқының мүддесін өзінің мүддесінен артық көретін намысшыл, бауырмал, әділетті, ар тазалығына берік, жігерлі болуын қаласақ, оларды ең алдымен өз мекенін, айналасындағы парасатты б ерер тәлімі барадамдарды қадірлейтіндей тәрбие беріп өсіруіміз қажет. Өскен жұртының құндылықтары мен тіршіліктегі бейнетін көрген адам ешқашан өзінің қамы үшін маңайына нұқсан әкелетін қадамға бармайды. Ұрпағымыздың бақытты болуы тек байлық, дүниенің қызығын көру ғана емес, ол өз халқының бұл дүниеде ешкімге тәуелді болмай, еркін, дәулетті өмір сүруі екенін санамен ұғып, сол үшін қызмет етуінде.

         Осы мәселенің шешілуін қашан жоғарыдан нұсқау келеді деп күтпей – ақ,  әр облыста, қалада, ауданда, ауылда жүрген, қолдарында билік пен басқадай мүмкіншілігі бар азаматтар ойланып өздері көңіл бөліп, өздері қолға алуына болатын шаруа. Өйткені адамды қоғам тәрбиелейді. Ол үшін тек ынта мен жігер керек. Тек, сонда ғана ел намысын қорғайтын қоғамдық сана қалыптасады.

        Мысалы, әрбіреуіміздің туып өскен жерімізде бабалардан қалған, ешкім оған көңіл қоймағандықтан ұмытылған тарихи құнды жәдігерлер мен кезінде еліне істерімен өшпес із қалтырған адамдар болған. Біз соларды ыждаһаттықпен іздеп, тауып ұрпақ тәрбиесіне неге пайдаланбаймыз. Бұл жай сөз емес, ол осы өңірде тұрып жатқан адамдардың беделі мен қуатына жаңа бояу беретін іс емес пе. Біз, шет елге барып бір нәрсені көрсек соны айтып тамсанудан шаршамаймыз. Ал, өз жеріміздегі тозаңға көміліп жатқан құндылықты көзге ілмейміз. Бұл жай енжарлық, бойкүйез, жалқаулық емес, бұл надандық.

        Өскен жерін қадірлей білмеген отанын қадірлей білмейді. Біздің отанымыз ата – бабамыздың қаны мен тері тамған кең байтақ қазақ жері. Басқа ел қанша дәулетті, дамыған өркениетті болсада, біз үшін қазақ жерінің бір уыс топырағы қымбат. Бұл бабалардан қанымызға сіңген мәңгілік өшпес сезім. Сол сезімнің шоғын өшірмейік.

       Қазіргі билік пен ұрпақ тәрбиесіне қатысы бар және кәсіппен айналысатын азаматардың есіне, өзім өскен киелі, тарихы бай Аягөз өңірінің бір пұшпағы Ақшәулі өніріндегі ескерілмей отырған тарихи жәдігерлер туралы хабардар ете отырып, жерлестерімнің ішіндегі елім дейтін, көкірегі ояу азаматтары болса осы мәселеге терең ойлы санамен көңіл бөледі ғой деген үмітпен іштегі жұртыма деген арызымды жолдап отырмын.

        Ақшәулі тауының ерекшелігі, оның аңызға арқау болғаны ғана емес, ол бүкіл қазақ жерін айтпағанда  барша еуроазия аймағында қайталанбас табиғи құбылыс ретінде де қымбат екендігі. Тарбағатай тауының күнгей бетінде орналасқан кілең қара түсті тастар көмкерген аймақта бұл ерекше алыстан көрінетін ақшағыл тастан жаралған биік тау. Алматы – Өскемен жолымен Жоңғар алатауының бауырынан  кең далаға шығып, Алакөл тобына жататын «Сасық көл» көлі жағасын айналып  өткенде алыс күншығыстан ақ дулыға киген батырдың басына ұқсайтын тау мұнартып көрініп тұрады. Бірақ, осы таудың ерекше сымбатын алыста  келе жатқан кездейсоқ жолаушылар бағаламауы да мүмкін. Осы тауды ерекшелендіріп тұрған  «Бала шәулі» мен солтүстік батыс жағында  Қайыңды деп аталатын сай жақта орналасқан «Кіші шәулі» дейтін  үшкір төбелі екі ақ таулар. Ақшәулі баурайындғы балалары іспетті осы екі тау алыстан керінбейді. Біржарым мың жылдан астам тарихы бар Қозыкөрпеш пен Баянсұлу махабатын жырлайтын аңызда Айбек батырдың осы Ақшәулі тауының басында болғаны туралы айтылады. Және, осы таудың басында өткен ғасырларда болған саяхатшылардың қолтаңбалары да сақталған. Ақшәуліге байланысты ұрпақтардың есіне салатын дүние көп, соның бірі, тарихпен  шұғылданып жүрген азаматтардың әлі көңіл бөле қоймаған мәселе, ол кешегі жоңғарлардан елді азат еткен кездегі соғыстағы «Ақшәулі шайқасы». Тағы бірі Ақшәулі тауынан басталатын «Шошқа соққан сайы» Қарақол өзеніне тірелетін жағадағы «Қос қонған» деген жерде Абылай хан қос тіккен. Ертедегі қариялардың айтып кеткендерінен, осы шайқасқа және жоңғарлардан қазақ елінің шығыс өңірі Тарбағатай, Сауыр мен Алтай тауларын азат етудегі дайындық жасау кезінде Абылай ханның қосы, осы Ақшәулі баурайында екі – үш ай тұрғаны белгілі. Бұл, Қарақол өзені ағысының сол жағындағы «Қос қонған» деп, ел аузында аңыз болып таралған, жергілікті қазақтар қасиетті деп санайтын жер. Ол, он жетінші ғасырдың ортасында болған, қазақ жерінің шығысын азат ету кезінде Абылай хан өзінің хан шатырын тігіп, жоңғарлармен болатын «Шорға» соғысына қатты дайындық жасаған екен. Қабанбай, Бөгенбай, Ақтанберді, Жанақ, Бостан батыр бастаған қазақ елінің басқа да көптеген батырларының бұл жерде аяқтарының ізі, топырағында қаны мен ащы терлері сіңіп қалған, содан да артындағы ұрпақтары үшін қасиетті жер болып саналады. Кезіндегі әскерді үйрету мен ұрыс жүргізудің құпия сырларын меңгерудегі Абылайхан, Қабанбай, Бөгенбайлар басқарып ұйымдастырған жеріде осы таудың баурайында жатыр. Ол биікте жатқан Қызылбұлақ деген қоңыржай жасыл жазық (Альпиский луга). Өкініштісі, осы күнге дейін «Қос қонғанда» осы бабалар ерлігін еске түсіретін белгі қойылмаған. Ең болмаса не аудан орталығында, не Ақшәулі ауылында Аблай хан мен бірге қазақтың жерін жаудан азат еткен барша жұртқа аттары аян қас батырларды еске алатын бірде – бір  тақта да кездеспейді.   Осы ауылдан бір шақырымға жетер жетпес жерде Бостан батыр ерлік көрсеткен дейтін соның атымен аталатын жота бар, ал  Ақшәулі ауылынан бұрынғы Жаманегін ауылына баратын жолдың ортасында Жанақ батырдың сайы жатыр.  Қазақ жер атын тегін қоймаған.  Олар ел қорғаған ерлеріне ескерткіш қалтырған. Өкініштісі,  қазіргі ұрпақ бабалары сияқты аруақ силау, халықтың рұхын кетеру екеніне мән бермейді.

          Ақшәулінің баурайында қазақ жерінде көп кездесетін сақ, ғұн оданда ары өмір сүрген бабаларымыздан қалған тас пен топырақ, басқа да заттарды пайдаланып салынған патша, ханзада, ханышайым мен ақсүйектерге арналып салынған, қазақтар оны «мықтың үйі» деп атайтын қорымдар (қорғандар) бар.  Соның ішінде жұрт «тау» деп атап кеткен «Төрткүл» төбешігі. Бұл, бұрынғы Жаманегін ауылының оқтүстік жағындағы, Қараүңгір құзының теріскейінде ерте заманда қолдан тұрғызылған ғажайып, құпиялы сыры әзірше беймәлім көне дәуірден қалған қазақ жерінің пирамидасы іспеттес биік мықтың үйі.  Ол алдынан қарағанда төрт текше, оңтүстік батыс жағынан қараса кен қазғанда пайда болатын карьер отвалына ұқсайтын, шамамен  ұзындығы 800 метрдей, ені 350 метр, биіктігі 14 – 16 қабатты үйге тең келетіндей, төбесі тегістелген жасанды кішігірім тауға ұқсайды. Қарсы алдынан қараса түзу сызықпен жасалған трапеция ұсқыны көрінеді. Оның төбесіне Қараүңгір құзы жағынан атпен, арбамен, автокөлікпен шығуға болады. Төрткүлдің үстінде екі жерде тас қорымдар жатыр.  Бала кезімізде қариялар, бұл қасиетті «Төрткүлдің басында» бағзы заманнан қалған «Әулиелер қорымы» деп отыратын. Әлде, бұл жерде аттары ұмытылған Ақшәулі шайқасында мерт болған батырлар жатыр ма, оны ешкім білмейді. Осы «Төрткүлдің» жақын маңайында  бірде – бір жай адамдар жерленбейді екен, тек жиырмасыншы ғасырдың басында жерленген ел силаған Түркенің ғана зираты бар.

        Осы Төрткүлден солтүстік батысқа қарай  он бес - жиырма шақырымдықтай қашықтыққа созылған бір сызықтың бойына орналасқан бес мықтың үйі жатыр. Олардың екеуі  Төрткүлден үш – төрт шақырымдай жерде жатқан қос дөңгеленген мықтың үйлері. Оның біреуін ел ішінде «Ханшайым» қорымы деп атайды. Біздің бала кезімізде осы мық үйлері тастан  қалаған дөңгеленген шеңбер қоршаулардың ішінде жатушы еді, қазір тек әр – бір жерде бірлі – екілі тастардың беті қылтиып жер астынан көрінеді. Келесі, үшінші мық үйі («Көктөбе» қорымы) Ақшәулі ауылының батысында бес жүз метрдей орналасқан және ол арық сияқты қазылған шеңбермен қоршалған.  Төртінші, бесінші мық үйлерінің орны батыс солтүстікке қарай Қызылжал тауының етегіндегі атығай, Қарасу жақта жатыр.  Ал, Ақшәулі ауылын жарып өтетін Көктөбе өзенінің төменгі ағысының оң жағасындағы  жотаның теріскей бетінде жерге сіңіп кеткен шоғырланған тас зираттар бар. Олардың қай уақытта пайда болғаны және кімдікі екені белгісіз. Мүмкін Ақшәулі шайқасында шейт болғандар жерленген бе, оны ешкім білмейді.

         Тағы бір көнеден қалған ескерткіштер, ол Қарақол өзенінің бойындағы Қараүңгір шатқалының күңгейіндегі тастардың бетіндегі суреттер галлериясы және осы өзеннің төменгі ағысының бойында жатқан «Таңбалы тас» деген жерде тасқа қашалып салынған тарихи бағалы суреттер. Өкініштісі Қараүңгірдегі сурет салынған тастардың көбін біреулер бөлшектеп тасып әкеткен. Қараүңгір шатқалында Қарқаралы тауындағы көне заманда адамдар тұрған үңгірге ұқсас, үңгір бар. Оның ерекшелігі, ол үңгірді білмейтін адамға табуы өте қиын.  Жергілікті адамдардан оған баратын жолды білетіндер өте сирек кездеседі және оны «Далидың үңгірі» деп атайды (Далидың штабы орналасқан дейді). Олай аталуының себебі жиырмасыншы ғасырдың қырқыншы жылдары, екінші дүниежүзі соғысы кезінде кеңес өкіметіне бағынбай, жасақ құрған Дали, Көбентай деген ағаларымыз бастаған біраз азаматтар  кеңес үкіметін қолдаудан бас тартып, тау арасында жасырынып жасақ құрған көрінеді. Билік оларға «бандит» деген атау беріп, қуғындыққа ұшыратып, абақтыға қамап ұзақ жылға сібірге жер аударып жіберген.

        Мен біраз ғана нәрсенің басын ашып отырмын. Берісі Ақшәулі, арысы бүкіл Аягөз ауданының түкпірлерінде әліде ашылмаған тарихи құнды жәдігерлер мен елі мен жерінің намысын қорғап, кезінде халқының құрметіне бөленген қаншама тұлғалардың аты ұмыт болғанын білмейміз. Өз тарихын ұмытқан елдің өмірі қысқа болады. Біз осы кешірілмес кемшіліктен арылуымыз қажет. Бұл тірілердің азаматтық борышы. Осыны ұмытпайық.

          Ақшәулі тауы мен сай саласының ерекшелігін айтатын болсақ, аю, қабан, архар, еліктен бастап қазақ жеріндегі аңдар мен құстардың көпшілігі бар. Осы тауда жабайы алманың үш түрі мен сай – саласындағы тоғайларда, өзен мен бұлақ бойларында долана, мойыл, итмұрын, қарабұрген, шәңкіш, тұшала, тау шиесі, жабайы малина, өзен мен тауда жабайы қара және қызыл қарақаттар, таудың қарақаты, сиыр бүлдірген (ежевика), қой бүлдірген (жидек), жауқазын, тау сарымсағы (жабайы пияз), у сарымсақ (черемша), құлмақ, қалақай, қымыздық тағы басқа тағамдық және дәрілік қасиеті бар шөптердің жүзге таяу түрлері өседі. Қарақол өзенінде таулық қара және сары асман (форель), сазан, маринка (жасыл балық) басқада ұсақ балықтардың түрлері бар.  Осыларды тәптіштеп айтуымның мақсаты Ақшәулідей қасиетті жердің ерекшелігін жергілікті халықтың игілігіне пайдалануды қолға алған жағдайда қажеті болады ғой деген ой. Өйткені, келешекте Аягөз өңірінде Қозы Көрпеш – Баян сұлу, жоғарыда атап өткен жоңғарлар басқыншылығына қарсы азаттық шайқастар мен көне тарих орындары және ауданның басқа да аймағындағы тарихи жәдігерлерді бір жүйеге келтіріп туризм кәсібін қолға алса аудан халқының экономикалық, әлеуметтік, мәдени - рухани дамуына жол ашар еді. Сонымен қатар, тарихы бай киелі Аягөз өңірін барша қазақ елімен қоса шет елдіктер де таныр еді. Бұл бағыт келешектегі ауданның экономикалық дамуына әкелетін бірден – бір жол. Елдің дәулеті мен мәдениетінің деңгейі, оның экономикасының дамуына тікелей байланысты. Ауқатты елддің ұрпағының саулығы зор, рухани азығы мол болады. Қадірлі жерлестер! Ойланайық, талпынып жігермен келешекке ұмтылайық! Егер, Аягөздіктер үлгі көрсетсе қазақ елінің барлық аймақтары өздері тұрып жатқан өлкелерінің келешегіне басқа көзбен қарайтынына үміттемін.

      Айналайын, қазағым! Бұл қадам, тек ұлтымыздың тәбиғи және тарихи байлығын көрсету емес, бұл әлемде дамыған кәсіп, оны игеру жер байлығын сақтауға ықпал ететін бағыт.

Болат Дүйсембі

 

Aqsaqaldar.kz                                                                                                                                                    

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер