«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Жұмабек Тәшеновтің баласына берген кеңесі…
Жұмабек Тәшеновтің баласына берген кеңесі…
Дайындаған: 2 ай бұрын

Мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың біртуар тұлғаларының бірі Жұмабек Тәшеновтің атамекеннің амандығы, қазақ жерінің тұтастығы жолында басын бәйгеге тігіп, мансап емес, жердің жатқа кетпеудің қамын ойлаған оның ісі кез келген адамның қолынан келетін оңай шаруа емес. Оның өмір сүрген уақыты жалаң қолмен от ұстағандай қанқұйлы кезең болатын. Бүкіл батыс Европа немесе бес Францияны сыйғыза алатын жеріміздің ұлан-ғайырлығымен мақтанатын біздің даламыздың етегі көршілес Ресейге де, Өзбекстанға да, Түрікменстанға да қырқылып берілген жоқ.                                         .
Елін ойлаған ер қазақ баспасөзіне де үлкен жанашыр бола білді. Тың игеру жылдары еліміздің солтүстігіндегі бес облыста облыстық газеттер жабылып, қазақ журналистерінің жұмыссыз қалуы да шындық еді. Қылышынан қан тамған сол тұста халықтың көзі мен құлағына баланған жауһарлары — “Қазақ әдебиеті”, “Егемен Қазақстан” және басқа да басылымдардың жабылу қаупінен аман сақтап қалды.                                 .
Ер есімін елі ешқашан ұмытпақ емес. Бүгінде елордамыз Астананың қақ төрінде ардақты тұлғаның есімімен аталатын ұзын да келбетті көше бар. Оңтүстік Қазақстан облысында да қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар қайраткердің қасқайған мүсіні орын алса, саналы еңбек жолының он бес жылға жуығын қызырлы Қызылжарда өткерген біртуар жанның Петропавлдағы №20 мектепке есімі берілгені де оған көрсетілген лайықты құрмет деп білеміз. Аталмыш білім ордасына ұлы тұлғаның есімінің салтанатты берілу рәсімінде оның өмірінің сан қырына куә болдық. Оның табиғи бітім-болмысынан, азаматтық-тұлғалық соны қырларынан сыр шерткен асылдың тұяғы, алтынның сынығы іспетті ұлы Саян Тәшеновпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

— Жұмабек Тәшеновтей бірегей тұлғаның ұрпағысыз. Кез келгеннің маңдайына жазыла бермейтін бұл атақты қалай көтеріп жүрсіз?

— Иә, өзіңіз айтқандай бұл атақты мен ешқашан қара басымның қамына пайдаланған емеспін. Айналамдағы аралас-құралас достарым, жақындарым менің кезінде орталықтың “Қазақстанды бөліп ал да билей бер” озбыр саясатына қара қылды қақ жарған әділдігімен қарсы тұрған Жұмабек Тәшеновтің ұлы екенімді білгенде үлкен құрметпен, ерекше ілтипатпен қарайтын. Ұлт тағдырын, халықтың көз жасын өз басынан үстем қойған жанды қадірлейтіндігін асыра жеткізетін. Тағы да қайталағым келеді, алайда мен бұларды өз қажетімді өтеу үшін жаратқан емеспін. Әкем билігінен түссе де, биігінен құламаған жан. Ол қызметтен кеткен жылдарда анам, бауырларым, оның жанындағы ет жақындары қатты қиналды. Ол өмірден өткен қысылтаяң сәттерде айналамдағы адамдардың көбі әкемнің адалдығын, ел үшін жасаған ерен еңбегін дүйім жұртқа тағы да паш етіп, іргелі істерін кеңінен жариялап, “Отаным” деп соққан жұмыр жүрегінің тыныштығы үшін ескерткіш қоюымды жиі айтатын. Алайда менің арым да, жүрегім де, жаным да оған дауаламады. Өйткені, ұлт үшін туған ұлын халқының ешқашан ұмытпай, қолдан келгенше ұлықтайтынын сездім. Және солай болды да.

— Мемлекет және қоғам қайраткері ретінде Жұмабек Тәшеновті өр мінезді, турашыл адам ретінде танимыз. Отбасында, балаларының, ардақты жарының ортасында қандай адам болды?

— Бұл сауалыңызға “Әкелердің ең төресі болды” деп бір сөйлеммен жауап беріп, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтуға болатын еді. Бала кезімде, (жасымның нешелер шамасында екені есімде жоқ) әкем, анам үшеуміз Шымкенттегі үйіміздің ауласында серуендем жүрген болатынбыз. Жазы қапырық болатын күнгей мекеннің сол кеші қоңыр салқындау, майда желді болды. Тіпті кеш қарайған сайын үстімізге киген күртеміздің сыртынан суық лептің ызғары өтіп, етімізді сәл тоңдырғандай еді. Кенет әкем алшаң басып, бізге ләм деместен үйге кіріп кетті. Аяқ астынан жұмыстары шығып қалған болуы керек деп топшыладық. Арада сүт пісірім уақыт өтпей әкем келді. Анам екеумізге қалың жиде алып келіпті. “Жаурап қаласыңдар, киініп алыңдар” деп дірдек қаққан күйде үстімізге жауып жатты. Әкемнің отты көздерінен мейірімнің ұшқынын байқадым.                                     .
Оның отбасындағы ең қамқор, мейірбан жан екенін айғақтайтын тағы бір мысал менен кейінгі кіші ініме қатысты оқиға болатын. Інім Болат кішкентайынан өте аурушаң, әлсіз болды. Тіпті ақ халатты абзал жандардың оның өмірі үшін күресіп, ем-домның түрлі тәсілдерін жасағандығы көз алдымда. Оның науқасы бәріміздің қабырғамызға тастай батты. Бірде әкемнің Болат жатқан бөлмеге бас сұғып, кереуетінің етек жағына жайғасқанын, кейін жанарына үйірілген жасты тия алмай, еріксіз ыршытып жібергеніне куә болдым. Қандай қиын жағдай орын алса да табандылығымен төтеп беретін қайсар әкемнің жан ұлының ауруына еріксіз қапалануы оның жігерінің жазуы емес, әкелік мейірімінің, махаббатының көркем көрінісі болатын.

— Сөзіңіз аузыңызда. Әкелік махаббат деп қалдыңыз. Сол махаббатпен өн бойларыңызға тараған тәлімнің, әке тәрбиесінің ұтымды тұстарын, әдіс-тәсілдерін, сіздердің биік мұраттарға қол жеткізулеріңізге әсер еткен жарқын істерін баяндасаңыз…

— Бала тәрбиесімен көбіне анам айналысты. Әкем бүкіл ғұмырын халқына арнады. Оның бос уақыты аса бола бермесе де, ара-тұра кездесіп қалатын кездерде бала-шағасының ортасында өткізуге тырысатын. Бірге газет-журналдар оқитынбыз, әңгіме-дүкен құратынбыз, табиғатқа шығып, серуендейтін едік. Әкем бізді өзін үлгі қыла отырып өсірді. Оның қандай жағдай болмасын жасаған жарқын істері, айтқан өнегелі сөздері бізге тәрбиенің таптырмас мектебіндей болды. Ол ешқашан қол қусырып отырмады. Теледидар қараған уақыттың өзінде де, ақпараты мол, адамға қажетті — ау дейтін жаңалықтарды, деректі фильмдерді таңдап, саралап көретін. Кітапты, әсіресе саяси-экономикалық әдебиетті көп оқитын. Ол өзінің тұтынатын жеке заттарын, сыртқы және аяқ киімдерін мұнтаздай, таза ұстайтын. Әрбір затының өз орнында әрі ұқыпты тұрғанын жіті қадағалайтын. Ол таңғы сағат алтыдан шырт ұйқысынан оянып, спортпен айналысуды, жүгіруді жаны сүйді. Міне, оның отбасындағы осындай қасиеттері біздің бойымыздан да көрініс тапқан.                                       .
Он бес жасымда әкемнен. “Мен неге бастықтың баласымын? Неге еркін, жұрт қатарлы керзі етікпен жүре алмаймын?” деп сұрадым. Сауалыма оның айтқан жауабы әлі күнге дейін менің есімде. “Егер сен өзгелерден өзгешеленгің келсе, тек ақылыңа жүгін, киіммен бөлектену ақылдының ісіне жатпайды” деген болатын.
Әкем көмекке мұқтаж, жәрдемге зәру адамдарға үнемі қол ұшын созып, өмірдің сынағынан сынбай өтулеріне көп қолғабыс етті. Әсіресе, жастардың болашағынан көп үміт күтіп, олардың бастамаларын қолдап, бағыт-бағдар беруді дағдыға айналдырды. Мұнан оның болашақтың тұтқасын ұстайтын жандарға артқан сенімінің ұшқынын байқауға болады.                                .
Біздің үйіміз оқу уақытында студенттер жатақханасы тәріздес ығы-жығы болатын. Тіпті туыстық қатынасы жоқ бола тұра білім алуға ұмтылған өрендердің бетін қайтармай, үйге қоныстандыруының өзі қаршадай жандарды қанатының астына алып, қатайтудың өшпес үлгісіндей. Әкемнің ай сайынғы алатын жалақысы үйге қажетті тұрмыстық заттарға, тамақ шығынына, өзге де қажеттіліктерге жұмсалатын. Салым ақша, немесе болашақта керек болып қалады-ау деген мақсатпен қосымша табыс көзі бізде атымен болған емес. Әкем жұмыстан босағанда көрпе-төсегімізден өзге бізде ешнәрсе қалмады, өлең төсегімізге балайтын өз пәтеріміз де, арқамызды кеңге салуға жарайтын дүние-мүлкіміз де болмады. Басымыздағы баспанамыз да әкемнің қызметімен бірге аттанды.                                     .
Әкем жарты жылдай жұмыссыз отырды. Осы уақыт аралығында кезінде дос болып көрінген кейбір адамдар сырт айналып, өздерінің ақын Сәкен Сейфуллин айтқандай, “Қолыңда жемің барда шырқ айналып, жем таусылса жалт беретін шіркін тауықтай” екендерін дәлелдеді. Сатқындықтың салқынына, әділетсіздіктің аранына тап болса де, елжандылық, отансүйгіштік сезімдерін жоғалтпаған ардақты ата-анамның бір-бірлеріне ашу үстінде айтқан сөздерін де, қабақ шытқандарын көрген емесміз. Міне біздің әкеміздің ұлы қасиеттері, өмірде қандай жағдай кездессе де адам болып қалуды ар тұтқандығы бізге мақтаныш.

— Әңгімеміздің ауанын текті тұлғаның тұяғы болып жүрген өзіңізге бұрсақ…

— Мен Алматыдағы Қазақ политехникалық институттың инженер электрші мамандығы бойынша бітіргенмін. Ұзақ жылдар бойы оңтүстік астанамыздағы Қазақ энергетикалық Ғылыми-зерттеу орталығында қызмет атқардым. Жұмыс істей жүріп техника ғылымдарының кандидаты атағын қорғап шықтым. “Екі ұлы бар кісінің өкпе-бауыр, жалы бар” дегендей, Арман мен Мирас есімді қос қолғанатым бар. Тұңғышым заңгерлік сала бойынша Американың беделді оқу орындарының бірінде оқыған. Сонда жұмыс істейді. Көңілімінің нұрындай Мирасым да Америка Құрама Штаттарында білім алды, бүгінде Алматы қаласында тұрады.                                          .
Әкеден қолдың бес саусағындай бесеуміз. Менен кейінгі інім Саят осыдан бірнеше жыл бұрын жанды меңдеген ауыр науқастан қаза тапты. Болат болса, зейнеткер, Шымкентте өмір сүруде. Ең кіші інім Мұрат тарих ғылымдарының кандидаты, Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жұмыс істеп келеді. Алла есімді әпкеміз Мәскеуде тұрады. Оның жан дегенде жалғыз ұлы және одан екі немересі бар.

— Жұмабек Тәшенов Н. Хрущевтің зымиян саясатына азаматтың тұлғасымен, болмысымен қарсы тұрып, жалаң қолмен от ұстады…

— Иә… Аққа Жаратқанның да жақ болатынын өмірдің өзі дәлелдеді емес пе? Еліміздің солтүстік аймағындағы облыстардың Ресейге, оңтүстігіндегі облыстардың Өзбекстанға өтіп кетуінен аман сақталуы қашанда әділеттің жеңіп шығатынын айғақтайды. Әкем Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы қызметінде болғанда, Дінмұхамет Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы екен. Әкем мен Дінмұхамет Қонаев сол кезеңде ауыл шаруашылығы мәселесі жөнінде Мәскеуде болатын жиналысқа бірге аттанады. Егер де аталмыш мәселеге өз билігін жүргізіп, түбегейлі шешуді өзге ұлт өкіліне міндеттейтін болса, бірауыздан қарсы тұратындығын айтып, сөз байласады. Әңгіменің төркіні де солай болып, Н. Хрущев бұл міндетті В. Мацкевичке сеніп тапсыратындығын айтады. Мұны естіген әкем, Н. Хрущевтың пікіріне қарсы шығып, бұл лауазымға лайықты, білімді, тәжірибелі тұлғалардың қазақтардың арасынан табылатынын отты ойларымен, ұтымды дәлелдерімен жеткізеді. Жүрек жұтқан жанның қарсы алдында қаймықпай, тіксінгеніне куә болған Н. Хрущев әкеме бас салып, оны ұлтшыл деп кіналай бастайды. Бір байламға келіп, әлгінде ғана уағдаласқан екеуі кабинеттен шыққанда әкем Дінмұхамед Қонаевқа: “Сен неге үндемедің? Тілің кесіліп қалды ма?” деп батыл сауалдар қояды. Әрине, мұның бәрі Н. Хрущевқа да, Д. Қонаевқа да ұнамағаны айдан анық.                                            .
Әкемнің қолында мансап болған кезде ол үнемі қазақ кадрларының өсуіне, қазақ арасынан шыққан талантты жандардың, өнерпаз өрендердің өрісін кеңге жайып, қанаттануына, танылуына, оларды лауазымды қызметтерге орналастыруға баса мән берді. Олардың табыстарға жетулеріне жол ашуға тырысты. Көбіне, жолдарын кес-кестеген баспана мәселесінің оңтайлы шешілуіне жәрдемдесе білді. “Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді” дегендей, бүгінгі күнге дейін кездесулерде, қонақта, басқосуларда отырғанда әкемнің қамқорлығын көріп, мейірімінің ұшқынын сезінген жандарды, олардың балалары мен немерелерін кездестіремін. Олар әкемнің көзі тірісінде, шенеуніктей шіренбей, мұхтаж жандарға қол ұшын соза білген іргелі әрекеттерін еске түсіріп, рахметін жаңбырша жаудырып жатады. Әкем өзінің туған ағасын үймен, жұмыспен жарылқамаған, олар қала шетіндегі жабайы үйде өмірлерін өткерген.                                       .
Әкем Екінші дүниежүзілік соғыста өлмес ерліктің үлгісін көрсетіп, Берлинде Рейхстагқа ту тіккен, алайда теріске шығып келген батыр Рахымжан Қошқарбаевтың ерлігінің шындық тұсын анықтауға тырысты. Ол кезде әкемі Қазақ ССР Жоғарғы Советі Президиумының төрағасы болып істейтін. Тиісті материалдармен қаруланған ол Мәскеудегі СССР Жоғарғы Советі Прези­диу­мы төрағасының орынбасары ретін­дегі бір айлық кезекшілік қызметінде Р. Қош­қарбаев жөнінде Бас штабтың архи­віндегі материалдарды көтертеді. Одан Рахымжанның кезінде Совет Одағының Батыры атағына ұсынылғанын біледі. Сөйтеді де, оның неліктен өтпегені жайлы маршал И. Коневті шақыртып сұрайды. Өйткені, бұл адам соғыстан кейін Бас штабтың бастығы болған. Әкемнің қатқылдау сұрағына маршал шамданып қалады. Екеуі қатты сөзге келеді. Бұл жайсыз хабар сол кездегі СССР Жоғарғы Советі Президиумының төрағасы К. Ворошиловқа жетеді. Климент Ефремович мәселені ушықтырмас үшін өзінің орынбасары мен әйгілі маршалды татуластыруға күш салады. Сөйтіп жүргенде даудың түйіні шешілмей, назардан тыс қалады.

— Жұмабек Тәшеновтің он бес жылға жуық өмірі Қызылжарда өткен. Оның жақсылығын көріп, шарапатын сезінген кейбір адамдардың бүгінде көзі тірі. Мысалы, соғыс ардагері, Петропавл қаласының тұрғыны Жасұлан Құдабаев ақсақал студент кезінде әкеңіздің үйінде тұрғандығын, оның отбасында өте қарапайым, турашыл әрі қызба мінезді жан болғанын айтады…

— Әкем Қызылжарда облыстық мал шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, атқару комитетінің төрағасы қызметінде жүргенде қиын жылдарға тұспа-тұс келді. Адамдар егіс алқаптарында күні-түні көз ілмей, дамылсыз тырбанып еңбек етті. Егін ору науқаны аяқталғанда әкем қажыр-қайратын жұмсаған барлық жұмысшыларға бір-бір қапшықтан бидай алуларына рұхсат етеді. Бұл адал еңбек еткен жандарды көтермелеудің бір жолы болатын. Әкемнің бұл әрекетін әшкерелуді көздеген бір пысықай “Ескендірдің мүйізін” сыбырлап айтқан желдей жүйткіп орталыққа жеткізеді. Жасаған жақсылығы үшін жазған түсініктемесі бүгінге дейін сақтаулы.

— Әке өмірінің қызық та беймәлім тұстарын айтып өтсеңіз?

— Әкемнің жасы ұлғайса да есте сақтау қабілеті өте жақсы болатын. Ол ел өмірінде маңызы бар айтулы оқиғалар мен сандарды үнемі ұмытпай, жадында сақтап жүрді. Оның артында көптеген қолжазбалары, әсіресе, саяси-экономикалық әдебиет турасында жазылған мұралары қалды. Оның біраз бөлігін Астана қаласындағы Ұлттық музейге тапсырдым. Ахталы құжаттар ардақты асқар тауымның әділ де турашыл, халық үшін етігімен су кешкен қайраткер болғандығын айтып, сайрап тұрғандай әсер береді.                        .                                    Әкем қызметтен босатылғанда да жай отырмай, ғылыммен айналысты. Экономика ғылымдарының кандидаты атағын абыроймен қорғап шықты.
Зейнетке шығып есіл еңбегінің рахатына енді кенеліп жүрген күндердің бірінде мен одан: “Әке, сіз неге Никита Хрущевқа қарсы шығып, қызметіңізден айырылдыңыз. Оның айтқанына көндігіп, мансабыңызды сақтап қалуға әбден болмас па еді?” деген сауалыма ол “Мұны күндердің бір күнінде түсінетін боласың, балам!” деп қысқа жауап берген болатын.

Сұхбаттасқан,

Нұргүл Оқашева,       Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

jetysunews.kz

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер