«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Кеңестік жүйені сынаған Қалшабеков
Кеңестік жүйені сынаған Қалшабеков
Дайындаған: 3 ай бұрын

Ақырында өз көзқарасының құрбаны болды.

 

Қазақта бұдан басқа «диссидент» болды ма?

 

Бүгінде кешегі кеңес өкіметін мақтайтындар да даттайтындар да табылады. Мақтайтындардың айтуынша оның тұсында оқу-білім, медициналық қызмет, емделу тегін болды. «Балаң бар ма? Баратын бақшасы - әне! Оқитын мектебі – міне!. Оқу бітірдің бе? Жұмыс орының дайын. Жұмыссыздық атымен болмады. Керісінше жұмыссыз жүрсең, арамтамақтығың үшін жауапқа тартатын. Бір сөзбен айтқанда, қоғамның әрбір мүшесі әлеуметтік тұрғыдан қамқорлыққа алынып, мықты қорғалды. Бүгінгідей ешкім және ешқашан «мен аш, не жалаңаш қаламын-ау?» деп ертеңгі күніне алаңдамайтын еді, дейді.

Ал, даттайтындар қоғамда жаппай теңгермешілік орын алды. Жеке адамның белсенді іс-әрекетіне, басқалардан оза шабуына жол берілмеді. Сәл дүние-мүлік жинап, қоңдана бастағанға жұрт «мынау бай, капиталист, буржуй!» ала көзбен ата қарады. Кез келген адамға ол кезде жеңіл көлік міну арман болды. Міне, сондықтан да кеңестік социалистік қоғам тоқырап, капиталистік дүниеден көп жағынан қалып қойды, дегенді айтады.

Салмақтап, таразылап қарасаң екі жақтың да айтып отырғандары рас. Келтіріп отырған дәлелдері қисынды. Ақиқаттан аттап кете алмайсың. Әйтсе де, мақтайық не болмаса даттайық, қалай дегенмен де бұл біздің тарихымыз, жүріп өткен жолымыз. Тарихты кері айналдыру екіталай.

Дей тұрғанмен, кеңес өкіметін неліктен жамандайсыңдар, соны неге кезінде айтпадыңдар? Бәлкім, кемшілігін, қателігін сол тұста айтқандарыңда оны түзеп, жөндеп, жүйені құлатпай аман алып қалар ма едік, дейтіндердің де табылуы ықтимал.

Көзі ашық, көкірегі ояу оқырман біледі. 20-30 жылдары большевиктік партияның саяси бағыт-бағдарына түзету енгізіп, өздерінің пікірлерін білдірген: Троцкий, Зиновьев, Каменев, Бухарин, Рыков, Томскийлердің қандай күйге ұшырағаны, бірінің – «солшыл ағым», екіншісінің - «оңшыл ағым» деп айыпталып, биліктен аластатылғаны тарихтан белгілі. Талай-талай талантты қайраткерлер мен тұлғаларды жалмаған «отыз жетінің» қанды қырғыны да әлі естен шыға қойған жоқ. Бірен-саран болса да оның тірі куәгелері арамызда жүр. Кеңес өкіметіне немесе «ұлттар көсемі» Сталиннің атына қарсы бір ауыз сөз, әжуа аннекдот айтып әйгілі «56-58-ші баптың тармақтарымен» түрмелерге тоғытылып, жер түбіне айдалып жазықсыз жапа шеккендер де аз емес.

Дей тұрғанмен, бергі 60-шы, 70-ші жылдары да ресми саясаттан өзгеше «ойлайтындар», кеңестік тәртіпке сын айтатындар болмай қалған жоқ. Ондайларды «ақыл-есінен адасқандар» деп жындыханаларға жапты, қысым, қуғын көрсетіп, тіпті көнбегендерін «диссиденттер» деген айдар тағып, шекара асырды. «Диссидент» деген сөздің өзі осы алпысыншы жылдары пайда болып, айтыла бастады. Бұл атау латынның dissidends – «келіспейтін» адам ұғымынан шыққан.

КСРО-да саяси көзқарасы мен ой-пікірі қоғамда, мемлекетте қалыптасқан коммунистік идеология мен тәжірибеден алшақ кеткендердің бәріне «диссидент» деген қаракүйе жағылды. Ондайлардан жұрт шошып, іргелерін аулақ салуға тырысты. Әдетте көпшіліктен басқаша пікір айтқандарды кейбіреулер әзілдеп болса да «диссидент» атайтын болды. Ал,ақиқатында олай диссидент атанғандар кеңес елінде адам құқығының қағаз жүзінде емес, іс жүзінде сақталуын талап етті. Олардың ішінде әлеуметтік тегі, білімі, мамандығы әр қилы кісілер кездесетін. Оларды тек бір ғана мақсат-мүдде, яғни КСРО-да адамның өз бостандығының, ар-намыс, сөз бостандығының сақталуы, шет елге шығуға еркіндіктің болуы сияқты мәселелер біріктірді. Сондықтан да кейбір зерттеушілер «диссидент» атауына шошып не үрке қарамау керек, ол бар болғаны өмір ағымының, тыныс-тіршіліктің билік басындағылардың қалағанындай емес, диалектика заңдылығына сай, қоғамда қабылданған конституция негізінде басқарылуын талап ететіндер дегенді айтады.

Мәселен, 65-ші жылдары сондай «оқшау» көзқарастары үшін Даниэль мен Синявский деген жазушылар баспасөз беттерінде қатты айыпталып, сынға ұшырады. Бұл екеуінің ісі Брежнев заманындағы «диссиденттік сипаттағы» ең бір атышулы оқиғалардың бірінен саналады. Олардың «жазықты болғаны» шет елде жасырын түрде Абрам Терц және Николай Аржак деген бүркеншік аттармен өздерінің беллетристикалық кітаптарын шығарып таратқан. Оны өздеріне ғана білетін айла-амал, жолдар арқылы КГБ (Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті) анықтап біліп, қос жазушы 1965 жылы қыркүйек айында тұтқынға алынған. Көп ұзамай-ақ, екеуіне РСФСР Қылмыстық кодексінің 70 бабына сәйкес «антисоветтік үгіт пен насихат жүргізді» деген айып тағылып, баспасөзде оларды әшкерелеу науқаны белең алды. Алайда, бұл «науқанды» жұрттың бәрі қолдай қоймады. Сол кездегі билік орындарына түрлі қоғамдық ұйымдардан, бірқатар жазушылар мен өнер қайраткерлерінен Даниэль мен Синявскийді негізсіз айыптауды тоқтатып, тұтқыннан бостауды талап еткен хаттар келіп түскен. Соған қарамастан РСФСР Жоғарғы соты Андрей Синявскийді жеті жылға, Юлий Даниэлді бес жылға соттап жіберді. (Осыған байланысты бүгінгі күнге де тағылым боларлық мына бір жәйтті айта кетуге болады. Әлгі екеуін қорғап Мәскеуде орыстың аттары белгілі 63 жазушысы мен өнер қайраткері СОКП ОК-не хат жазған көрінеді. Сонда біреулер жанашырлық танытып, « жақында бір сыйлық алғалы жүр еді, зиянымыз тиіп кетері», деп ақын Андрей Вознесенскийді тізімге қоспапты. Мұны біліп қойған Вознесенский «сыйлық алмасам алмайын, бірақ жазықсыз жандарға ара түсу парыз», деп дереу барып, хатқа қолын қойыпты деседі).

Бұдан сәл берірек 70-шы жылдары Владимир Буковский деген жазушының төңірегінде көбірек айқай-шу шықты. (Білетіндердің айтуынша бұл баяғы 1965 жылғы желтоқсанда Мәскеуде Синявский мен Даниэлді қорғап Пушкин алаңына митингіге шыққандардың бірі. Ол сол кезде небәрі 23 жаста ғана екен). Ол өзінің «антисоветтік пиғылы» үшін бас-аяғы 12 жылдай абақтыда отырып шықса да, өз көзқарасынан бас тартпаған діні қатты, жаны сірі «диссиденттердің» қатарына жатады. Оның шет елдерде, әсіресе, батыста танымал болып, аты шыққаны соншалықты Кеңес өкіметі оны 1976 жылдың желтоқсанында атақты саяси тұтқын, Чили Компартиясының көсемі, әйгілі коммунист Луис Корваланға ауыстырып алу қадамына барды.

Өзгеше ойлайтындардың, яғни «диссиденттердің» тағы бір тобы өздерін нағыз марксшіл-лениншіл бағыттағы коммунистерміз деп есептеп, КСРО-дағы социалистік құрылысты «өңі айналған, қателікке жол берген» қоғам ретінде қатты сынға алып отырды. (Бұған мәселен, тарихшы Рой Медведевтің Халықтық СОКП-сын қосуға болады).

Сонау орта ғасырдың өзінде жұрттан «оқшау көзқарасы» үшін инкивизация сотына, отқа өртеуге алып бара жатқанда Галилео Галилейдің «менің ойымша бәрібір Жер айналады!» деп айқайлатыны бар емес пе? Сол айтқандай, қай кезде де, қандай қоғамда да ашық пікір, еркін ойды түгелдей тұмшалап, бұғаулап ұстау мүмкін болмаған. Өйткені, ақиқат пен шындық ашық Күн тәрізді оны қолмен көлегейлеп, жабу екіталай.

Билік тарапынан, әсіресе, оның КГБ секілді қуатты органы тарапынан қатаң бақылау, қысым мен қудалау болғанына қарамастан КСРО-да бәрібір диссидентік қозғалыс мүлде тыйылған жоқ, өзінің шама-шарқынша өріс алды. Кәзіргідей жетілген ксерокс, компьютер мен принтер тәрізді көбейткіш құралдар болмағанымен олар өздерінің көзқарастар мен пікірлері жазылған кітапша, журнал, жинақтарды машинкалармен-ақ басып, шығарып қолдан-қолға таратып отырды.

Міне, осындай ойлар тізбегінен кейін «біздің Қазақстанда да сондай өзгеше пиғылдағы адамдар, коммунистік тәртіп пен саясатқа көңілі толмайтындар, «диссиденттер» болды ма?» деген сұрақтың туатыны заңды. Әрине, Ресейдегідей аса көп бола қоймағанымен, бізде де ондай ойдағы адамдар болған. Бір қызығы, бұл тақырыпты күні кешеге дейін арнайы зерттегендер кездеспеген. Тек беріде ғана Андрей және Галина Свиридовтар: «Современый Казахстан: двадцать лет общественной жизни» деген кітап жазып, сонда бірен-саран диссиденттерді ауызға алып, соның ішінде Махмет Құлмағамбетовке тоқталып өткен.

Біздің қазақстандық оқырмандарға бұл есім журналист-профессор С. Қозыбаевтың сексенінші жылдардың аяғында жарық көрген орысша «Ядовытие стрелы», қазақша «Улы жебе» деген кітаптары арқылы таныс болса керек. Автор сол кездегі саясаттың тұрғысынан «Азаттық» радиосында қызмет істейтін Махмет Құлмағамбетовты «айтқандарының бәрі өтірік, жала!» деп сыбап сынап, әшкерелей жазған.

Еліміз егемендік алар кездің алдында, яғни 1991 жылдың қыркүйек айында кішкене еркіндік белең алған, қайта құру заманының екпінімен менің Махмет Құлмағамбетовке қатысты сұрау салып Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік Комитетіне хат жазғаным бар. Сонда олардан төмендегідей жауап алдым:

«Сіздің осы жылғы қыркүйек айының 12-де Қазақ КСР мемлекет хауіпсіздігі Комитетіне жазған хатыңызға орай Махмет Құлмағанбетов жөнінде іздестіру кезінде анықталған төмендегі мәліметтерді хабарлаймыз.

Құлмағанбетов Махмет 1954 жылы ҚазМУ-дың философия факультетін бітірген, кейін Фрунзе, Чарджоу, Москва қалаларында жұмыс істеген көрінеді. Құлмағанбетов 1963 жылы Рудный қаласында Қазақ КСР қылмысты істер кодексінің 56 бабы, 1 бөлімі (Кеңес үкіметіне қарсы үгіт-насихат жүргізу) Қостанай облыстық сот коллегиясының үкімімен 7 жылға бас бостандығынан және қосымша 3 жыл жер аударылуға сотталған. Қамау жазасын Мордова және Якут облыстарында өткізген.

Түрмеден шыққан соң біраз жыл Құлмағанбетов Харьков қаласында тұрған. 1977 жылдары Харковьте шет елге шығуға мүмкіндігі бар әйелге үйленіп, Австрияға кеткен көрінеді.

Республикалық Комитеттің архивінде Құлмағанбетов жөнінде деректі құжаттар жоқ. Қазіргі кезде Құлмағанбетовтың тағдыры бізге белгісіз».

Қазақ КСР МХК Бұхарамен байланыс жасау бөлім».

Бұған қосарымыз М. Құлмағамбетов 1930 жылы Қостанай облысының Меңдіқара ауданында дүниеге келген. Расында да 1949 жылы орта мектептен кейін ҚазМУ-дің философия факультетіне оқуға түскен. Жоғарыда айтылғандай Түрікместандағы Шаржау педогогикалық институтында, Бишкек (Фрунзедегі) медициналық және политехникалық институттарда маркстік-лениндік философия пәнінен дәріс беріп, ұстаздық еткеннен кейін елуінші жылдардың аяғында аз уақыт Қазақстан Ғылым академиясы Философия және құқық институтында ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген.

1980 жылдан 1995 жылға дейін Мюнхендегі Американың «Азаттық» радиосында қызмет істеп, зейнеттік демалысқа шыққан. Осыдан үш жыл бұрын сонда 79 қарағанда шағында дүниеден өтті. Ең өкініштісі сол, басқадай бір ауыр қылмыс не кешірілместей күнәсі үшін емес, саяси көзқарасы кеңестік режимді сынғаны үшін қазақтың бір азаматы түрмеге жабылып, қуғын көріп, ел асып, жер асып, ақырында сүйегі жат жұртта қалды.

Өзгені қайдам, өзім білетін, қазақ арасынан шыққан Кеңес одағының тұсында қоғамдық құрылыстың даму барысына ғылыми тұрғыдан пікір білдіріп, сын айтып, басы құтылмас дауға қалып, қуғын-сүргін көрген адамдардың бірі -тарихшы ғалым Әбдіжаппар Қалшабеков. Ол кісі басқа диссиденттер сияқты түрмеге қамалып, жер аударылмағанымен өзге азаптың бәрін бастан кешті. Күштеп жындыханаға жатқызылды. Қызмет орнында тұрақтатылмай бірнеше рет қудаланды. Тарих ғылымдарының кандидаты бола тұра жұмыс таба алмай сенделіп, ақырында (оның өзінде біреулердің көмегімен) жұмысшылар жатақханасына вахтер болып орналасуға мәжбүр болды. Әбдіжаппар Қалшабеков те ұрлық жасап немесе біреудің басын жарып, көзін шығарғандай қылмыс жасаған жоқ. Оның бар айыбы - еңестік жүйеге білдірген көзқарасы. (Бұл кісі туралы мен кезінде «Өркен» газетінің 1989 жылғы 29 шілдедегі санында «Ағысқа қарсы жүзу» деген көлемді материал жариялағанмын. Оның алдында журналист Қайырғали Медетовтың 1989 жылғы №1 «Білім және еңбек» журналында «Ғалым қалай вахтер болды?» деп аталатын мақаласы шыққан).

Бүгінгі күннің деңгейінен алып қарағанда бұл жәйт ақылға сыймайтын, тіпті күлкілі тәрізді. Әйтсе де кешегі КСРО-ның тұсында аты дардай тарихшы ғалым Ә. Қалшабековтың кеңестік социалистік жүйеге Маркстің теориясы, яғни квитанциялық жүйе тұрғысынан баға беріп, түзету енгіземін деп басының бәлеге қалып, тағдырының тәлкекке ұшырап, сергелдеңге түскені, от басын құрып, жар құшып, бала сүйе алмай ақыр соңында өз көзқарасының құрбаны болғаны ащы шындық.

Бәлкім, бұл да басқалар сияқты жоғары оқу орнында оқытушылық қызметін атқарып, «бетегеден биік, жусаннан аласа болып», тып-тыныш 300-400 сом айлығын алып, «сен тимесең мен тимемен» күн кешкенде өмір жолы басқаша өрілер ме еді?

Бірақ, адам баласы өзінің болашағын болжап, алдында қандай қиындықтар мен кедергілердің тұрғанын біле ала ма? Білсе, әр қадамын абайлап басып, қателік бой алдырып, жол бермейді ғой!

Ия, мұның тағдырындағы ойламаған бұралаң ҚазМУ-дің тарих факультетінің аспирантурасын бітіріп, кандидаттық диссертациясын (Калшабеков А. Ратные и трудовые подвиги интеллигенции Казахстана в годы Великой Отечественной войны(1941–1945 гг.): Автореф. дис. … канд. ист. наук. – Алма-Ата, 1965), қорғаннан кейін жолдамамен жіберілген Жамбыл су шаруашылығы институтында ұстаздық ете бастаған кезінен басталды.

«Құланның қасуына мылтықтың басуы» демекші, сол жылдары жоғары оқу орындарында ғылыми коммунизм пәнін оқыту ісі қолға алына бастаған еді. Сондықтан да мұны институт басшылығы осы пәнге икемдеп және «жас жігітсің болашағың алда!» деп үлкен сенім артып, Мәскеуге бес айлық білім көтеру және қайта даярлау курсына оқуға жіберді. Мұндағы уақыт жас ғалым,болашақ ғылыми коммунизм пәнінің оқытушысы үшін босқа өткен жоқ. Коммунистік қоғам жайындағы маркстік-лениндік теорияға тереңірек үңіліп, семинарлар мен пікірталастарға белсене қатысты. Тіпті «Ауыл шаруашылығын ғылыми басқару» деген тақырыпта баяндама жасап, онысы профессорлар мен оқытушылар тарапынан жоғары бағаланып, мақтау естіді. Аты дардай айтулы ғалымдар атынан естіген мұндай бағалау мен жылы пікір Ә.Қалшабековты жаңа ізденістерге жетеледі.

Әлгі бес айлық курстан келгеннен кейін ол Маркс пен Энгельстің коммунистік қоғам, оның алғашқы сатысы социализм туралы теориялық еңбектерді тапжылмай оқып, танысты. Олардан түйген ой-тұжырымдарды біздегі өмір шындығымен, социалистік құрылыстың даму барысымен салыстыра қарады.

Мәселен, К. Маркс «Гота программасына сын» деген еңбегінде социализмде тауар-ақша қатынасы болмайтынын айтады. Дәлдік үшін орысшасын келтіретін болсақ былай дейді: «При общественном производстве денежный капитал отпадает. Общество распределяет рабочую силу и средства производства между различными отраслями прозводства. Производители могут, пожалуй, получать бумажные удостоверение, по которым они извлекают из общественных запасов предметов потребления то количество продуктов, которые соответствует времени их труда. Эти удостверения не деньги. Они не совершают обращения». (К.Маркс и Ф.Энгельс соч., т. 24, стр. 402). Ал, біз өмір сүріп отырған, «социализм» деп аталатын қоғамда тауар қатынасы да, ақша айналымы да болып жатыр. Бұл неліктен?

Тағы да Маркс пен Энгельтің іліміне сүйенсек, социализмде таптар, таптық айырмашылықтар болмауы тиіс. Ал, бізде бір-біріне қырғиқабақ (антогонистік) таптар- жұмысшы мен буржуазия болмағанымен жұмысшылар мен колхозшылар бар. Сондай-ақ, таптық айырмашылықтар да жойыла қойған жоқ. Неге бұлай?

Осы сияқты ғылыми социализмде ақшалақ жалақы төлем квитанциясымен алмастырылады. Қоғамның барлық мүшелері қоғамдық өнімдерден өздеріне қажетті нәрселерді осы квитанция арқылы алып отырады. Ол квитанцияның негізінде әр затты, әр операцияны орындауға шығындалатын қоғамдық қажетті еңбек уақыты жатады. Ал, біз құрған социалистік қоғамда ақша жойылған жоқ. Бәріміз де қоғамдық өнімге қосқан өз үлесімізді ақшамен өлшеп, ақша арқылы өзімізге қажетті заттарды алып отырамыз. Не себепті бұлай болып отыр?

Тарихшы ғалым Қалшабеков осыған байланысты Маркс пен Энгельстің ғылыми коммунизм теориясынан туындайтын және В.И.Лениннің НЭП (Жаңа экономикалық саясат) тұсындағы тұжырымдарынан толыққанды социалистік қоғам туралы өзінің ой-пікірлерін қағазға түсіріп жүрді. Тек теориялық мұраларға ғана сүйеніп қоймай, осы бағыттағы мерзімдік басылымдарға да зер сала қарап отырды.

Жоғарыда келтірілген, Маркс айтқан қағаз куәлік – квитанциялық жүйенің жүзеге асуы үшін жай еңбек пен күрделі еңбектің мәнін ашып зерттеді. Социализм үшін аса маңызды әрбір затты жасауға ,өндіруге немес әрбір жұмысты, процесті орындауға жұмсалатын қоғамдық қажетті еңбектің орташа мөлшері дегенді айқындап берді. Квитанциялық жүйенің социализм тұсында қалай жүзеге асырылатынын нақты мысалдармен дәлелдеп көрсетті.

Бұл төңіректегі ой-тұжырымдары мен зерттеулері жинақтала келе (шартты түрде): «Социализмнің проблемалық мәселелері. Социализмнен коммунизмге өтудің заңдылықтары. Маркстің квитанциялық жүйесінің мәні» ғылыми еңбек болып шықты.

Міне, осы зерттеу еңбегі ғалым Ә.Қалшабековтің басына бәле болып жабысып, оны «қоғамға жат элемент» атандырып, тағдырын шырғалаңға салып қойды. Алдымен ол жап-жақсы жұмыс істеп жүрген Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс инститтутынан сонан соң Целиноградтағы инженерлік құрылыс институтынан қуылды. Әрі қарай, Рудный индустриалдық институтында және Арқалық пединститутында да қуғындалып, байыз тауып жұмыс істей алмады. Партия қатарынан шығарылып, үйсіз-күйсіз қалды. Жазушы ғана емес, ірі қоғам қайраткері ғой, бір көмегі тиер деп, Шыңғыс Айтматовты әуелі Фрунзеге, онан кейін Мәскеуге іздеп барған жерінен күдікті адам ретінде ұсталып, дереу Жамбылға жөнелтіліп, сондағы жүйке аурулары ауруханасына күштеп жатқызылды. Ол жерден біреулердің кепілдігімен әупірімдеп әрең құтылды.

Енді оған жоғары оқу орны түгіл жәй жұмысқа орналасу мұң болып қалды. Сөйтіп жүргенде Қалшабеков бір жолы (дәлірек айтқанда 1986 жылдың желтоқсанында) «Правда» газетінен әйгілі жазушы, Лениндік сыйлықтың лауреаты Иван Васильевтің «Дефицит общности» деген мақаласын оқып, Ресейдің Псков облысы Великие Луки ауданындағы Боркино деревнясында тұратын қаламгерді іздеп барды. Сол кісінің көмегімен Алматыдағы жұмысшы жатақханаларының біріне вахтер болып әрең орналасты. Бұл кезде Әбдіжаппар Қалшабековтың жасы алпысты алқымдап қалған еді.

Осы арада әлдекімнің «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі жақ» демекші, «жазған еңбегін жұрттың бәрі түсінбейтіндей бұл қандай адам, ол неғылған зерттеу? Тым болмаса оны түсініп, қолдаған бір пенденің табылмағаны ма?» деуі ықтимал.

Әрине, ондайлар табылды. Және бірлі-жарым емес, бірнешеу!

Мысалы, Ә.Қалшабековтың жұмысымен танысып шыққан әйгілі жаңашыл ғалым, Украина Ғылым академиясының академигі, Кибернетика институтының директоры В.М. Глушков КСРО ҒА Экономика институтына «мұнда социализмнің саяси экономиясы шеңберінде үлкен маңызға ие өнім айырбасы теориясы және бірқатар принципті мәселелер көтерілген деп есептейміз. Автор проблеманы өткір де таласты қойып отыр, сондықтан мұны білікті ғалымдар мен мамандарды қатыстырып, пікірталас ұйымдастыру ғылымға үлкен пайда берер еді» деген мазмұнда қатынас хат (23.01.1975, № 53/20-13) жолдады.

Осы сияқты Мәскеу мемлекеттік университеті экономика факультетінің профессоры, экономика ғылымдарының докторы М.П. Осадько және украиналық экономист ғалым, профессор Г.М. Добров Қалшабековтың еңбегінде қауызын аршып көретіндей «дән» бар, оны ашық талқылау өткізіп, лайықты бағасы беру керек дегенді айтты.

Сондай-ақ, қазақстандық ғалымдар А. Юсупбаев пен П. Г. Ольхов та «бұл теориялық негізі бар, жаңаша пайымдауға шақырып тұрған зерттеу» деген пікірлер білдірді. Алайда, сіресіп қалған, сыңар жақты саясат белең алған қоғамда бұлардың үні естілмеді, пікірлерін ешкім тыңдамады. Кезінде жоғары қызметтер атқарған белгілі қоғам, мемлекет қайраткері Санжар Оразұлы Жандосов Әбдіжаппарды жақсы түсініп, барынша қолдан келер көмегін жасап отырды. Өзі республиканың Еңбек және әлеуметтік мәселелер жөніндегі комитеттің төрағасы болып жүргенінде оны Алматыдағы бір ғылыми-зерттеу мекемесіне экономиканың теориясымен айналысатын қызметкер етіп орналастырды. Алайда ондағылар Ә. Қалшабековтың жаңашыл көзқарасы мен іс-әрекеттерінен секем алып, көп ұзатпай шығарып жіберді. Сөйтіп, вахтерліктен кейін тағы да жұмыссыз сенделіп қалды.

Бір таңданарлығы, Әбдіжаппар ағамыз өзі солай үйсіз-күйсіз, қызметсіз, қуғын-сүргін көріп жүрсе де кермет оптимист болатын. Келешектен үмітін үзбейтін. Кешегі 90-шы жылдардың басында ол кісі бізге «Зерде» журналының редакциясына жиі келіп жүрді. Бізді кәдімгідей қара көреді. Қолдан келер көмегімізді аянбайтынымызды біледі. Әр түрлі тақырыптарда, негізінен қоғамдық құрылыстың даму барысы туралы пікірлесеміз, ой бөлісеміз. Жанашыр ақыл-кеңесімізді айтамыз, тілегімізді білдіреміз. «Жасыңыз болса біразға келді. Ендігі жерде ғылымды қоя тұрып, үй-күй жағын, тіршілік қамын ойлаңыз қайтеді?» десек. «Енді шегінер жер жоқ. Осы кеткенім кеткен. Қара да тұрыңдар! Әлі-ақ менің ғылыми жұмысымды мойындайтын болады. Қоғамның ағысы, аяқ алысы осыған келе жатыр. Біздің кәзір өмір сүріп отырғанымыз социализм емес, бұл «мемлекеттік капитализм» деп отыратын.

Айтқандай-ақ, екі-үш жылдың көлемінде қайта құру белең алып, қоғамдық өмірде біз күтпеген өзгерістер орын алды. Кеңес Одағының көбесі сөгіліп, ыдырап, тарауға келе жатты. Әбекең айтқандай, Мәскеуде шығатын кейбір басылымдарда бірқатар ғалымдардың «біз өмір сүрген қоғамды «мемлекеттік капитализм» деп бағалау керек» деген пікірлер бой көрсете бастады. Осы тақырыпқа кейбіреулер кәдімгідей үлкен мақалалар арнады. Артынан оларды сынап, тірске шығарушылар да табылды. Керек десеңіз бұл тақырып қоғамтанушы ғалымдар арасында әлі күнге таласты мәселе. Ортақ пікірге келген ешкім жоқ.

Менің білетінім, 90-шы жылдары, яғни еліміз тәуелсіздік алар кездің қарсаңында Ә.Қалшабеков бар жазған-сызған ғылыми еңбегін қорытып, жинақтап, біреулерге стилдік жағынан түзетіп, жөндетіп, «Қазақстан» баспасынан кітап етіп шығаруға әрекеттеніп жүрді. Сол кездің өзінде оның өңінен кішкене ауырыңқырап, жүдеңкіреп жүргені байқалатын. Кітаптың атын: «Социализм без корней» / «Түп-тамырсыз социализм»/деп мен қойып бердім. Оған ол кәдімгідей балаша қуанды. Кітаптың бүкіл шығынын көтеруді жаны жайсаң да жомарт азамат, жамбылдық халықтық емші, Болат Қабылбеков өз мойнына алды. Ұмытпасам баспаға 16 мың сом ақша төледі. Бұл сол кездің өлшемімен алғанда мол қаражат саналатын. Бір көргенімде Әбекең «мына Целиноградта інім тұрады, Қаражал жақта бір туыстарым бар, соларға барып, бой жазып оңалып келмекпін», деп кетіп бара жатқанын айтты. Содан қайтып оны көре алмадым. Хабар-ошар да болмады. Обалдарына не керек, «Қазақстан» баспасындағылар маған бір-екі рет телефон шалып, «Қалшабековтың кітабы дайын болып қалып еді, ол кісіні қайдан табуға болады?» деген сұрау салды. Өкінішке қарай, мен оларға авторды тауып бере алмадым. Қолымнан бар келгені қандай бір дерек табылып қала ма, деген үмітпен республикалық ғылыми-көпшілік «Зерде» журналының 2001 жылғы 6-шы нөміріне «Қалшабеков қайда екен?» деген мақала жаздым.

Осылай кеңестік жүйенің кемшілігін өз кезінде батыл сынап, сол үшін қуған көрген қазақтың бір зерделі азаматы, қоғамтанушы-тарихшы ғалым Әбдіжаппар Қалшабеков ұмыт болып қала берді.

Біздің ойымызша, кез-келген қоғамның кем-кетігін өткен шақпен емес, келер шақтың мүддесі үшін (ғалым Қалшабеков секілді) осы шақта сынап, әрекет ету керек. Сонда ғана ол оңалып, ілгерілейтін, өркендейтін болады.

Кемеңгер Абай: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос!» дегенде терең ойды меңзеген. Жау алмайтын ұйысқан ұлт боламыз десек, әр қазақтың артында жоқтаушысы, іздеушісі болуы керек. Онсыз біздің ынтымағы мен бірілігі жарасқан, келешегі кемел ел болуымыз екіталай.

 

Әшірбек Амангелді

 

Жолымбет Мәкіштің  ғаламтордағы жазба бетінен

 

Aqsaqaldar.kz

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер