«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Әл-Фараби әлемі және . . қазіргі Қазақстан
Әл-Фараби әлемі және . . қазіргі Қазақстан
Дайындаған: 2 апта бұрын

                                                Ұлылық ұлағаты

     Биыл дала данышпаны, адамзаттың «екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толды. Бұл – тарихымыздағы тағылымды белестің бірі. Жыл басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтулы датаны еліміз және әлемдік деңгейде атап өту жөнінде арнайы шешімін шығарды. Бұл орайда  Ұлы даланың ұлағатты ойшылдары Абай мен Әл-Фараби мерейтойларының тұспа-тұс келуін рухани сабақтастық деп бағалауымыз керек.

     Әл-Фараби мен Абай – Шығыс пен Батыс әлемінің үздік жетістіктерін үйлестірген, өркениеттер тоғысында озық ой айтқан ғибратты ғұламалар. Қазақ үшін Абайдың данышпандық тұжырымдары – адастырмас темірқазық. Сондай-ақ әлемдік деңгейдегі ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің ғылыми және шығармашылық мұрасы да – мәңгілік қуат алатын асыл қазынамыз. Әйгілі ғалымның еңбектері аса мазмұнды әрі ауқымды. Ол математика, филология, химия, астрономия, философия, медицина, логика, әлеуметтану, саясаттану, юриспруденция, этика және тағы басқа көптеген ғылым саласын дамытуға орасан зор үлес қосты.

     Әл-Фараби феномені – теңдесі жоқ құбылыс. Оның баға жетпес ғылыми мұрасының жалпыадамзаттық маңызы бар. Ұлы ойшыл – орта ғасырларда ірі сауда орталығы, ғылым-білім және мәдениет ошағы болған Отырардың тумасы. Ол – әлемдік деңгейдегі тұғырлы тұлға, біздің мақтанышымыз.  

     Әл-Фараби – Батыс және Шығыс мәдениеті арасындағы алтын көпір. Ұлы ұстаз ғылымның басты мұраты адамзат игілігіне қызмет ету деп білді. Оның пікірінше, ғылым өркениетті дамыту жолында нақты пайда әкелуі керек. Ғылымның дамуын философия, мораль және діни нормалармен үндестік арқылы қарастыру – ойшыл дүниетанымының басты ерекшелігі.

     Әл-Фараби еңбектерін аударып, жариялау XII ғасырларда басталды. Ғұлама ғалымның интеллектуалды капи­талы – көне грек философиялық мәтін­дерінен аударылған еңбектер, түсінік­те­мелер, сондай-ақ гуманитарлық және жара­ты­лыстану ғылымдарын синтездеген жеке шығармалар. Оның ең танымал туындылары – «Қайырымды қала тұр­ғындарының көзқарастары», 1«Даналық негіздері», «Музыканың үлкен кітабы», «Ғылымдар жіктемесі» және тағы басқа. 

     Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруге, яғни одан бұрын жаңғырып отыруға тиіс. Бұл сая­си және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», деп атап өтті. Ен­де­ше, Әл-Фарабидің рухани әлемін терең және жан-жақты зерттеу – уақыт талабы.

     Халқымыздың парасатты перзенттері әл-Фарабидің есімі мен шығармаларын халқына қайтару үшін аянбай тер төкті. Солардың ішінде даңқты ғалым Ақжан Машанидің орны бөлек. Фарабитанушы өз зерттеулерінде ұлы ғұламаны Абай арқылы танығанын мәлімдейді. Ол, сондай-ақ қос ғұламаның идеяларынан үйлесімділік тауып, «Әл-Фараби мен Абай сынды данышпан ұлдары бар ел жарық сәуле жолынан адаспас. Әл-Фараби мен Абай жолы – тура жол», деп  жазды.

     Ұлы ойшылдың елімізге қайта оралған рухани мұрасы – біздің сарқыл­мас қазынамыз. Ол өзінің шығар­ма­ларына әділетті қоғам қалыптастыру, ізгі адам тәрбиелеу идеяларын арқау етті. Осы игі бастама Абайдың туындыларында жалғасын тапты.

     Ғибратты ғұламаларымыздың ой-тұжырымдары бүгінге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Біз Тәуелсіздікке қолымыз жеткен соң Әл-Фараби мен Абай армандаған асыл мұраттарды жүзеге асыруға мүмкіндік алдық. Енді Ұлы даланың дара тұлғаларының туындыларын елімізде ғана емес, сондай-ақ жаһандық ауқымда дәріптеуіміз керек.

     Әлемдік өркениеттің құрамдас бөлігі саналатын Ежелгі Тұран өңірі Азия мен Еуропаны географиялық жағынан ғана емес, сонымен қатар рухани және мәдени жағынан да байланыстырып келеді. Осы қасиетті топырақта туған Әбу Насыр әл-Фараби, Ибн Сина, әл-Хорезми, Әбу Райхан әл-Бируни, Мах­муд Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Ясауи, Ахмет Иүгінеки және басқа тарихи тұлғалар өз заманында орта­ғасырлық түркі өркениетінің өркен­деуіне зор үлес қосты.

     Аталған ұлы ойшылдардың арасында Әл-Фарабидің орны бөлек. Ол ислам мәдениетінің ошағы болған Бағдад, Каир, Дамаск, Халеб қалаларында бүкіл саналы ғұмырын өткізді. Ғұлама ғалым ақыл-ойдың алыптары – Аристотель мен Платонның шығармаларын өз заманына сай талдап-түсіндірді. Әл-Фараби өзінің ғылыми еңбектері арқылы жаңаша ойлау жүйесін қалыптастырып, ғылыми дүниетанымның интеллектуалдық деңгейін жаңа биікке көтерді.

 Әл-Фараби әлемі және қазіргі Қазақстан

    Әл-Фараби ислам өркениетінің «алтын ғасырын» дамытуға үлкен үлес қосты. «Қайта өрлеу» дәуірінің алғашқы кезеңінде Фараби еңбектері латын Әл-Фараби әлемі және қазіргі Қазақстан

тіліне аударылып, Еуропа жұртшылығына танылды. Сол арқылы бүкіл адамзаттың рухани қазынасына айналды.

     Ілгергі дәуірде Әл-Фарабиді туған елі­мен байланыстыру, жан-жақты зерт­­теп-зерделеуге мүмкіндік болмады. Ұлы ұстаздың есімі қазақ жұрты­на бел­гілі болған кезден бас­тап, оның мұ­расы ұлттық сананың оянуы­на және ны­ғаюына ықпал етті. Фара­би мұрасын ұлықтауға белгілі мемле­кет және қоғам қайраткерлері, ғалым­дар мен зерт­теушілер көп еңбек сіңірді. Кеңестік дәуірде Ғылым академия­сында құрылған Әл-Фараби еңбек­терін зерттейтін шығар­машылық топқа көрнекті философ-ғалым Ағын Қасым­жанов жетекшілік етті. Осы бастама­лар­дың нәтижесінде Алматы қаласы Әл-Фараби мұрасын зерттеуді үйлесті­ретін ғылыми орталыққа айналды. Ат­қарылған жұмыстар шетел ғалымдары арасында да кеңінен танымал болды.

     XX ғасырдың 60-70 жылдарында қазақ оқымыстыларының табанды зерт­теулерінің арқасында ұлы ойшылдың еңбектері Қазақ еліне оралды. Осылайша «екінші ұстаз» туған топырағымен қайта қауышты. Әрине, бұл айтуға ғана оңай. Өйткені сол тұс­та көптеген елдерде әл-Фараби секілді әлемдік деңгейдегі ірі тұлғаны өздеріне қарай икемдеу үрдісі жүріп жатты. Ғалымдарымыз қажырлы еңбегі мен ғы­лыми дәлелдемелері арқы­лы Әл-Фарабидің қазақ жерінің тумасы екенін әлемдік қауымдастыққа мойындатты.

     Еліміз тәуелсіздік алған соң ұлы ұстаз тұлғасының ой-санамызда және күн­де­лік­ті өмірімізде берік орны­­ғуына кеңінен жол ашылды. Мемлекеттігіміздің символына айнал­ған ұлттық валютамызда Әл-Фараби бейнесі көрініс тапты. Арнайы ғылыми-зерттеу орталықтары құрылып, ғалымның шығармаларын зерттеу ісі жүйелі түрде жүргізіле бастады. Мектеп бағдарламасына әл-Фараби және оның мұрасы жөнінде мәліметтер енгізілді.

     Әбу Насыр әл-Фараби есімін иеленген Қазақ ұлттық университеті ғұламаны дүние жүзіне танытуға барынша үлес қосуда. Халықаралық әл-Фараби ғылыми орталығы құрылды. Мұндай орталықтар әлемнің бірқатар елінде ашылды.  Қазақ елі ұстаз алдындағы борышы мен парызын өтеу мақсатында оның сүйегі жатқан Дамаск қаласында мәдени кешен тұрғызды. Сондай-ақ Фарабидің адамзат өркениетінің даму тарихындағы өзіндік орнын айқындау үшін жүйелі жұмыстар жүргізілуде.

     Биыл Әл-Фарабидің 1150 жылдығы ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуде. Ұлы ғұламаның мол мұрасын мұқият зерделеп, оның терең философиялық ой-тұжырымдарын өскелең ұрпақ тәрбиелеу, ізгілік қағидаттарын дәріптеу ісіне тиімді пайдаланған жөн. Бұл – бас­ты міндетіміздің бірі.     

Тәрбие тағылымы

     Әлемнің ұлы ойшыл-философтары әр дәуірде бақытты өмір, бақуатты тұрмыс мәселелері жөнінде ой толғаған. Солардың ішінде Әбу Насыр әл-Фара­бидің осы тақырыпқа арналған «Бақыт жолын сілтеу», «Бақытқа жету жайында» атты еңбектерінің орны бөлек. Ол өз шығармаларында адамзат өміріндегі ең өзекті мәселе – бақыт идеясын ұсы­нады. Ғұлама ғалым адам бақытын басты орынға қояды. Бақыт дегеніміз – өмірден ләззат алу емес, әрекетшіл ақыл-парасат арқылы мақсатқа жету екенін айтады. Фараби бақытқа кенелу формуласын «Адамның өзін өзі жетілдіре отырып, кемелдікке жету жолы» деп көрсетеді.

     «Тәрбие – тал бесіктен» деген халық даналығына орай,  ұрпақ санасына ата-бабадан мирас болып келе жатқан адами қасиеттерді, рухани құндылықтарды шым-шымдап сіңіре беру керек. Бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қара­ған жөн. Өйткені әр перзент – еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің болашағы.

     Әл-Фараби адамның өзін өзі жетіл­діріп, кемелдікке келу жолында  отба­сының ерекше рөл атқаратынын айтқан. Үлгілі отбасында тәрбиеленген азамат сол ізгі қоғамның, қайырымды қаланың қадірлі тұрғыны болмақ. Отбасындағы күнделікті жақсы әдет тұрақты қасиетке айналса, бақытқа жетудің алғашқы қадамы жасалмақ.

     Әр отбасының береке-бірлігін, әл-ау­қатын нығайту – аса маңызды міндет. Отбасы институтын әлеуметтік қорғау және қолдау арқылы азаматтарымыздың жақ­сылыққа жетуіне жол ашатынымыз анық.

     Қазіргі таңда дамыған мемлекеттер, ең алдымен, азаматтардың табысын арт­тырып, тұрмыс сапасын жақсартуға баса мән береді. Бүкіл мемлекеттік аппараттың тиімділігі осы көрсеткіш бойынша бағаланады. Біз бақытты отбасын құруға, денсаулығы зор және саналы ұрпақ тәрбиелеуге жағдай жасауымыз керек. Сол себепті, бүгінде отбасы институты мемлекеттердің жаһан­дық бәсекеге қабілеттілігін қалыптас­тыратын негізгі мәселеге айналды. Ұлтымыздың басты капиталы – озық ойлы әрі рухани тұрғыда кемелденген азаматтарды тәрбиелеп өсіру осыдан бастау алады.

     Егемен елімізді одан әрі өркендету үшін отбасы институтын әлеуметтік саясатымыздың өзегіне айналдыруы­мыз керек. Азаматтарға әлеуметтік кө­мек көрсету жүйесі отбасын құру, оны ны­ғайту және оған жан-жақты қолдау көрсетуге негізделуге тиіс.

     Жыл сайын адами құндылықтарды жаңғыртуға, үлгілі отбасыларды дә­ріп­теуге және оның мәртебесін арт­­ты­­руға бағытталған «Мерейлі от­ба­сы» ұлттық байқауы өткізіліп ке­ле­ді. Мұн­дай байқаулар отбасы инсти­тутын нығайтуға, ата-ананың бала тәр­бие­сіндегі жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді. Әйелдер істері және отба­сы­лық-демографиялық саясат жөніндегі ұлт­тық комиссия Фараби ілімінің бақыт­ты отбасы моделін ұзақмерзімді стра­тегияға айналдырғаны дұрыс болар еді.

Ұлы ойшылдың пікірінше, адамның кемелденуіне ең басты ықпал етуші күш – білім. Ұлы бабамыздың білім мен тәрбиені ұштастыра жүргізу хақындағы ой-тұжырымдары ғасырлар бойы өмір шындығынан туған қағидаға айналды. Сондықтан жас ұрпаққа білім мен ғылымды ғана үйретіп қоймай, жан-жақты тәрбие  беріп, адами қасиеттерді сіңіру аса маңызды. Мұндай ізгі ұмты­лысқа, ең алдымен, мемлекет мүдделі әрі жауапты болуға тиіс. Бұл орайда Білім және ғылым министрлігі білім мен тәрбиені қатар өрістету ісін жандандыра түскені абзал деп ойлаймыз.

     Тәлім-тәрбиенің кілті ақыл-пара­саты мол ата-ананың ғана емес, білімі терең, тағылымы тамырлы ұстаз­дың да қолында болады. Адам баласы жақ­сы­лыққа жету жолында, Әл-Фараби тілімен айтқанда, «ақылгөй ұстазға зәру». Бұл зәруліктің орнын білікті педагогтер, ұлағатты ұстаздар даярлау арқылы толтыруға болады. Осы тұрғыдан алғанда, біз қоғамда қажетті реформаны жүзеге асыра бастадық. Парламент «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылдады. Бұл заң көптеген жаңа қадамдарға жол ашады. Сондықтан барша мұғалім еңбегін бағалап, педагог мәртебесін арттырып, «ұстаз» деген ұлағатты ұғымды қадірлеуіміз керек.

     Әл-Фараби нұсқағандай, бақытқа кенелудің кепілі – орнықты мінез-құлық пен ақыл-парасат. Сонымен қатар ұлы кемеңгер адамның жетілуі оның денсаулығына тікелей байланыс­ты екенін айтады. Халқымыз «Тәні саудың – жаны сау» дейді. Ендеше, біз әр азаматтың дені сау болуына жете назар аударуға тиіспіз. Данышпан ойшыл ержүректілік пен қайсарлықты да жоғары бағалайды. Әр адам қауіпті сәттерде айналасын, елін  қорғап қалуға дайын тұруы қажет. Бұл қасиет адам бойына бала күнінен даруы керек. Демек, біз патриоттық тәрбиеге де баса мән бергеніміз жөн.

     Әл-Фараби жақсылыққа жету жол­дарын көрсеткенде үнемшілдік пен ысырапшылықты назардан тыс қалдырмайды. Ол сондай-ақ шектен тыс рахатқа бөлену тойымсыздыққа, қома­ғайлыққа соқтыратынын ескертеді. Ал қомағайлық жемқорлыққа әкеледі. Бұл да – ел дамуын тежейтін аса қатерлі індет. Мемлекетіміз мұндай кеселмен толассыз күрес жүргізуі керек. Қоғамның әр саласындағы жемқорлыққа жол бермеу –  бүгінгі күннің өзекті мәселесі.

     Дала данышпаны адам бойындағы теріс мінез-құлықтың рухани кесел екенін атап көрсетті. Оның осыдан мың жылдан астам уақыт бұрын айтқан сөзі әлі де мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Өкі­ніш­тісі, біздің қоғамда әлі күнге дейін ұлт дамуына кері әсер ететін іштарлық, аяқтан шалу әрекеттері етек алуда. Осындай қасиеттерден арылу үшін Әл-Фараби ілімін білім бағдарламаларына енгізіп, қоғамда кеңінен насихаттау ісін қолға алу қажет.

     Кемеңгер ойшыл бақытқа жету жолын саралаған кезде мәрттік туралы ойын ортаға салады. Бұл үрдіс те бізге үлгі-өнеге болуға тиіс. Жетімін жылатпаған, жесірін жерге қаратпаған қазақ еліндегі жомарт жандардың дәс­түрлі қайырымдылық қызметінің жаңа деңгейде жалғасуына өріс ашу керек.

     Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың пікірінше, «қайы­рым­дылық пен волонтерлік қызмет – патриотизмнің жарқын көрінісі және озық үлгісі». Биылғы Волонтер жылында еріктілердің игі бастамаларына баршамыз куә болдық. Отандастарымыздың қайырымдылық шараларына және волонтерлік жобаларға белсене атсалысуы – соның айқын дәлелі. Еріктілер мен жомарт жандар пандемия кезінде мұқтаж адамдарға айтарлықтай қолдау көрсетті. Біз қайырымдылықпен және волонтерлік қызметпен айналысуды барынша қолдап, оны кеңінен дәріптеуіміз керек. Бұл да мемлекеттің күн тәртібінде тұрған негізгі міндеттің бірі.      

     Әл-Фараби адамдар арасындағы достық қарым-қатынасты да жақсы­лыққа жетудің жолы деп санайды. Қазақ халқы ешқашан достық пейілі­нен жаңылған емес. Бұл –  отандастары­мыздың ұлтына, нәсіліне қарамай, тату-тәтті өмір сүруінің кепілі. Осыған орай, біз достық қатынастарды одан әрі ны­ғайтатын іс-шараларды  тұрақты түрде жүргізе береміз. Жалпы, мемлекетіміз елдің тұрмысына жайлы, лайықты орта қалыптастыруға ерекше мән береді.

     Біріккен Ұлттар Ұйымы жыл сайын әлем елдерінің бақыттылық деңгейінің рейтингін әзірлейді. Бақыт индексінің басты мақсаты – халықтың  рухани даму сапасын, тұрмыс ахуалын айқындау. Осы өлшемдер жиынтығы бойынша Қазақстан былтырғы халықаралық рей­тин­г­те 60-орынды иеленді. Бұл ұлы ғұла­маның атажұрты саналатын біздің елі­міз үшін, әрине, жеткіліксіз. Демек, Үкі­мет бұл бағытта нақты жұмыстарды одан әрі қолға алса нұр үстіне нұр болар еді.

     Сондықтан Қазақстанның әрбір азаматының жақсылыққа жету жолында өзін өзі жетілдіріп, ел дамуына үлес қосу үшін әл-Фараби идеяларымен қарулануы аса өзекті мәселе болып қала бермек.

     Ғұламаның бақыт философиясы аза­маттық қоғамды өркениетке жете­лей­тін ақыл-парасат бағдары болуға тиіс.

Қайырымдылық қағидаты

     Адамзат өзінің даму тарихында кемел қоғам құруды ғасырлар бойы армандап келеді. Батыс және шығыс ойшылдары әр дәуірде адамгершілік, білімділік, әділеттілік, гуманизм мәселелері туралы ой толғады. Мінсіз қоғам туралы ең­бектер жазылды. Мемлекеттік басқа­рудың тиімді формаларын іздеу барысында әртүрлі модельдер ұсынылды.

     Соның ішінде Әбу Насыр әл-Фа­ра­бидің  қайырымды қала – қайырымды қоғам туралы ілімі аса құнды. Біз қазір коронавирус індетіне қарсы бүкіл адамзаттың күш біріктіруі аса маңыз­ды екенін көріп отырмыз. Бұл ахуал жал­пыадамзаттық «қайырымды әлем» ұғы­мы қаншалықты өзекті екенін аңғар­тады. Осы орайда Әл-Фарабидің бүкіл адамзатқа арнаған «Адамдар бақытқа тек біріге отырып қол жеткізе алады» деген сөзі баршамыз үшін нақты бағдар бола алады.

     Әл-Фарабидің пікірінше, «адамдарды бір-біріне көмектесу үшін біріктіретін қала – қайырымды қала, ал бақытқа жету жолында бір-біріне қол ұшын беретін қоғам – қайырымды қоғам». Мемлекетке қарағанда алдымен қоғам қалыптасқаны тарихтан бел­гілі. Ойшыл атап өткендей, қоғам мемле­кет­сіз бола алса да, мемлекет қоғамсыз бола алмайды. Осы орайда, еліміздегі азаматтық қоғамды дамыту үшін Әбу Насыр әл-Фарабидің қайырымды қоғам туралы идеяларын басшылыққа алуға болады.

     Әл-Фарабидің әлеуметтік көзқа­рас­тары азаматтық қоғамның және әді­летті жүйенің қағидаттары мен құнды­лықтарын қалыптастыру үшін аса маңызды. Философ «Қайырымды адам және азаматтық қоғам қандай болуы керек?», «Мемлекеттік басқарудың әділетті жолы қандай?» деген сауалдарға нақты жауап береді. Ұлы ойшыл адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасын және адамгершілік қасиеттерін жетілдіру арқылы жоғары парасаттылыққа жете­тінін айтқан. Сондықтан да ұлы кемең­гердің көзқарастары жаңа ХХІ ғасырда да өте өзекті деп санаймыз.

     Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Президент лауазымын атқаруға кіріскен кезде әділеттілікті үш ұстанымның бірі ретінде ерекше атап көрсеткені белгілі. Әділеттілік – дамыған қоғамның және мықты мемлекеттің өзегін құрайтын қастерлі қағида. Бұл ұстаным, әсіресе, мемлекеттік деңгейде және қоғамдық өмірдің барлық саласында берік орнығуға тиіс.

     Биліктің беделі әділдік арқылы ғана арта түседі. Халық мемлекеттік орган­дар мен лауазымды тұлғалар қабыл­дай­тын шешімдердің әділ және ойға қо­нымды болуын талап етеді. Бұл – заңды әрі орынды талап. Осыны биліктің атқарушы, заң шығарушы органдарында және сот саласында қызмет ететін бар­лық қызметкерлер жете түсініп, бұлжыт­пай орындауы керек. Әр нәрсеге әділет­тілік тұрғысынан қараған кезде ғана береке-бірлігіміз нығайып, мемлекетіміз өсіп-өркендейді. Әл-Фараби аманат еткен ой-тұжырымның бірі – осы.            

     Әл-Фараби еңбектерінен адамдардың бір қоғамда бірге өмір сүруі үшін қажетті адамгершілік қасиеттерге негізделген қағидаларды таба аламыз. Ол адам мен қоғамның біртұтастығы қоғамдық өмір мен жеке өмірдің үйлесімді да­муына байланысты деп түсінеді. Ғұлама ғалымның «қайырымды қоғамы» – қоғам мүшелері армандайтын әлеуметтік құрылым. Адамдар тек бір-біріне қолдау көрсету арқылы қайырымды қоғам құра алады. Мұндай қоғамда адам­гершілік, әділеттілік, ақиқатқа құштар­лық, ар-намыс, еңбекқорлық дәріптел­мек. Адамдардың бір-бірімен және сыртқы ортамен байланысы, қоғам мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасы осы құндылықтар негізінде қалыптасады.

     Бүгінде Әл-Фарабидің «қайырымды қоғам» ұстанымындағы әділеттілік, қоғам мүшелеріне тең мүмкіндік беру жөніндегі қағидаттары біз үшін аса маңызды. Оның ілімі бойынша, кез кел­ген жетілген қоғамның мақсаты – елін надандық, жемқорлық, дұшпандық сияқ­ты жағымсыз әрекеттен қорғау. Ой­шыл­дың пікірінше, мемлекеттік басқару­дың әділеттілігі азаматтардың еркін же­тілуіне жол ашады. Осы идеяны бас­шылыққа алсақ, құқықтық мемлекет құру жолында әрбір азаматтың қоғам­дағы орны мен елдің дамуына қосқан үлесі ескерілуге тиіс. Өйткені мерито­кра­тия қағидаттарын сақтау арқылы аза­маттық қоғам қалыптасатынын дамыған елдердің тәжірибесі көрсетіп отыр.

     Әл-Фарабидің әлеуметтік-саяси ұстанымының бүгінгі қоғам дамуымен үндесетін тағы бір тұсы – көшбасшы тұлғасы. Ол көшбасшының он екі қасиетін анықтап берген. Қазіргі заман­да Әл-Фарабидің бұл көзқарасы да аса бағалы. Біз мемлекеттік шешімдердің әр азаматқа игілік әкелуі үшін түрлі деңгейдегі басшыларға үлкен жауап­кер­шілік жүктелетінін білеміз. Ұжымның үлкен-кішілігіне қарамастан, жалпы қоғамдағы жағдайдың өзгерісі басшыға және оның көшбасшылық қасиетіне тікелей байланысты болады.

     Көшбасшы өзінің қабілет-қары­мы­мен және іс-әрекетімен қоғамның басқа мүшелеріне үлгі болуға тиіс. Сол себепті мемлекеттік қызметке кадр­лар іріктеу барысында Әл-Фараби атап көр­сеткен «мінсіз көшбасшы» идеалын бас­шылыққа алған жөн. Елімізде прези­денттік кадрлық резерв жасақтау үшін өткізілген үздік жас мамандар байқауы осы мүддеден туындаған еді. Әртүрлі деңгейдегі басшының, мемлекеттік қызметшінің «фарабилік тұжырыммен» үндес заманауи  моделін қалыптастыру – ғұлама ұстаздың аманатын орындаудың бір көрінісі. Сондықтан ең үздік мамандарды кәсіби біліктілігімен қатар адамгершілік қасиеттеріне қарап іріктеп алуымыз қажет. Дәл осы ұстаным Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың биылғы Жолдауында айтыл­ған мемлекеттік басқарудың жаңа үлгі­сінің өзегін құрауға тиіс. 

     Ойшылдың үйлесімді қоғам теория­сы, саясат пен мораль сабақтастығы тура­лы ойлары ел Президентінің  «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жы­рымдамасымен үндеседі. Сон­дай-ақ Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігіндегі Парасаттылық департаменті қоғамдағы әдеп норма­лары­ның сақталуын қамтамасыз ету үшін құрылды. Бұл – өркениетті ел болу, де­мократиялық үрдістерге көшу жолын­дағы маңызды қадам.

     Қайырымды қоғамда азаматтардың және ұжымның таңдауы мен қалауына қолайлы жағдай жасалады. Әл-Фара­бидің осыған саятын бұл пікірі мемлекет, азаматтық сектор және үкіметтік емес ұйымдар арасындағы қарым-қатынас логикасын өзгерту, сондай-ақ азаматтық қоғаммен әріптестік орнату міндеттері қойылған қазіргі кезеңде ерек­ше маңызды болып отыр. Қазақстан осын­дай өзара серіктестік арқылы қоғам­ның сұранысына жауап беріп, алға ілгері­лейді.

     Президент жанынан құрылған Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесінің негізгі мақ­саты – мемлекет пен қоғам арасындағы кедергіні жою және түйткілді мәселе­лерді мәміле арқылы шешу. Бұл құры­­лым­ның мақсаты да ойшылдың идея­лары­мен өзектес. Әл-Фараби фило­софия­сынан мәдениетаралық сұхбат­тың саяси моделін табуға болады. Та­­ту­­лық­тың тиімді алаңына айнал­ған Қазақ­стан халқы Ассамблеясы әлеу­­мет­тік-саяси үдерістерге ұлттық, діни және мә­дени ерекшеліктерге қара­мастан, тең дәрежеде қатысу мүм­кін­дігін қамта­масыз етіп отыр. Бұл бағыт­та қабылданған заңдар қоғамдық бірлестік­тердің рөлін арттыра түседі.

     Азаматтық қоғам мен мемлекет қарым-қатынасының барлық формасы әлеуметтік жүйенің өзін-өзі басқаруына, реттелуіне жол ашуға тиіс.

     Әл-Фарабидің қайырымды қоғам идеясы – өркениет өнегесі, елдіктің өзегі, мемлекеттіліктің тұғыры. Қайы­рым­ды қоғам әділетті басқаруға негіз­делсе, әрбір қоғам мүшесінің жағдайы түзеледі. Осыған орай біз де әділдікті басты назарда ұстап, бірлігі жарасқан халқымыздың ынтымағын арттыра беруіміз керек.

                                                                                                                                                                                                           (Жал5асы бар)

Қырымбек Көшербаев,  Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы,  Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның төрағасы

 

Aqsaqaldar.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны