«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Ғұлама туралы қысқа . қайырма
Ғұлама туралы қысқа . қайырма
Дайындаған: 1 ай бұрын

 

2020 жылы әлемдік деңгейдегі ұлы тұлға, біздің бабамыз – Әбунасыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толмақшы. Бұл мерейтой өзінің биік деңгейінде аталып өтуі керектігін ойластыра отырып, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаев арнайы Жарлық та шығарды. Осы орайда даңқты бабамыз туралы аз-кем ойларымызбен бөліскенді жөн санадық.

 

 

                                         Бірінші сөз

Бұл қазақ расымен-ақ, кіммен және немен мақтануды әлі күнге білмей келе жатқаны ма? Егер, дейміз-ау, тап осы Әбунасыр әл-Фараби деңгейлес бір түйір ғұламасы бар болса, өзге халықтар әлемнің төбесін ойып жібере ме еді, қайтер еді! «Шығыстың Аристотелі» деген абыройлы атағының өзі неге тұрады? Ал, біз жайбарақатпыз баяғы! Соңғы уақыттарда мен осы теңдессіз ой иесінің еңбектеріне көбірек шұқшия бастағам. Телегей теңіз білім адамы десем, ол да аздық ете ме, қалай? Философия алыбы десем, тағы да олқы соғар ма? Ойды көп шашырата бермейін. Бір ғана мысал. Әбунасыр сонау 9-ғасырларда-ақ «Қайырымды қала» (Ақылды қала десек те болар) идеясын ұсыныпты. Және сол ойларын ғылыми тұжырымдармен дәлелдеп-шегелеген. Ақылды қалада кімдер тұруы керектігі, оларға қойылатын талап-тілектер жайынан терең қозғап, сөз еткен. Жазып қалдырған ойлары осы күнге дейін маңызын жоймай келе жатыр. Бұл енді ұзақ әңгіме. Тереңге бастайтын пәлсапа! Әзірге осымен тоқтала тұрайын.

                                        Екінші сөз

Ол өз жазбаларында Қайырымдылық пен Өшпенділіктің ара-жігін толық ажырата білуге үгіттеді. Өшпенділік етек алған жерде береке де, бірлік те бола алмайды, қоғам ыдырайды. Ал, Қайырым – жинақтаушы күш! Сол себепті де Әбунасыр «Қайырымды қаланың тұрғындары» жайлы трактат жазуға аса ықыласты болған. Бұл еңбекте ең алдымен Білімділік, Қайырымдылық және Әдемілік бірлігін сақтауға шақырды. Осы үш қасиет адамды биік етіп көрсетпек. Осындай бірлік қана қайырымды қалаға негіз қаламақшы. Сол себепті де, Әбунасыр жазды: «Егер, адамдар бақытқа жету жолында бір-біріне қол созып, көмектесетін болса, жер бетінде қайырымдылық сезімі қанат жаяды!» Бұл жолда ол кез-келген адамның білімі мен білігіне табан тіреп, соны барынша көтермелеп-бағалауға үндеді. Сосын да, «барлық нәрсені адамның ақыл-ойы ғана шеше алатынын» баса айтумен болған. Қандай да бір іс болмасын, ол «адамның жаратылыс-болмысынан, тәлім-тәрбиесінен» бастау алып жататынын шегелей айтумен болды. Қысқасы, Әбунасыр қайырымды да ақылды қалада өмір сүруге қол жеткізу – барлық адамдардың мінез-құлқы мен ақыл-парасатына келіп тірелетінін жан-жақты түсіндіріп бақты.

                                     Үшінші сөз

Көне қала Отырарда 870 жылы туып, 950 жылы Шамда (Дамаск) көз жұмған ғұлама бабамыз 160-тан астам трактат жазып, әлемнің 70-ке жуық тілін меңгерсе де, өте қарапайым болып өмір кешіпті. Ешқашан «мен» деген сөзді айтпаған деседі. Өз кезінде замандастарының бірі үлкен ғұлама-философтан сұрапты: «Дүниедегі ең ұлы адам Аристотель ме, болмаса сізді айтамыз ба?» дейді. Сонда Әбунасыр былай деп жауап берген екен: «Егер, мен Аристотель заманында дүниеге келсем, онда оның көп шәкірттерінің бірі болып қалар едім!». Байқайсыз ба, не деген қарапайымдылық! Қандай ұстамдылық! Ешқашан кеуде қағып, өзін алға оздыруға тырыспаушылық кісіні онан бетер абыройлы да беделді ете түсетін шығар! Міне, керек болса, Әбунасыр баба бізге осы жағымен де үлгі!

                                        Төртінші сөз

Ұлы бабамыздан мұра боп қалған «Мемлекет қызметшісінің нақыл сөздері» деген трактаты да бар. Ол осы еңбегінде ғылым мен билікті бірлікте қарастыруға тырысады. Көне философ Аристотельдің «Билікті сатып алғандар – одан пайда табуды әдетке айналдырады» деген тұжырым-ойын одан әрі дамыта түседі. Сол себепті де, жоғарыдағы еңбекте қалаларды қалай басқару керектігін, оны кім басқарғаны дұрыс екенін тізбелеп, өзгеше ой түйген. Әрі білімді, ірі ақылды, әрі таза ниетті адам ғана шаһар тұрғындары тұрмысын жақсартып, бақытқа жетуге ықпал етпек дейді. Қысқасы, философ ғалым ғылым жетістіктері мен билік әдістерін неғұрлым бір-біріне жақындата түссек, соғұрлым өмір де алға басады, тіршілік те жайнай бермек деп түйін жасаған. Былай қарасақ, бабамыздың он ғасыр бұрын айтып-жазып кеткендері әлі де маңызды болып көрінеді. Ойланғанға ой берерлік қауқары бар сияқты!..

                                         Бесінші сөз

Кейбір жазба деректерде Бағдадта тұрып жатқан Әбунасыр бабамыз бір кезеңде (дәл уақытын айта алмаймыз) Самарқанд билеушісінің өтініш-тілегі бойынша туған қаласы – Отырарға оралып, біршама уақыт тұрақтап, жұмыс істеген делінеді. Міне, сол шақта «Ат-Талим ас-сани» (Второе учение) деген еңбегін жазып, аяқтаған деген тұжырым да бар. Мұнда Ортаазиядағы ғылым мен білімнің даму сатылары жайынан ой қозғап, осы кезеңдегі көптеген оқымыстылар мен ғалымдардың еңбегін талдап, жақсы жақтары мен кемшіліктерін таразылап, ой елегінен өткізе отырып, өзінше салмақтап баға берсе керек. Осыдан соң, көптеген оқымысты-ғұламалар Әбунасырды «Екінші ұстаз» деп атай бастапты. Тіпті, медицинаның атасы болып есептелінетін Ибн-Сина (Авицена) да Әбунасырдың тағылымды еңбегін оқып болған соң, енді ғана ұлы философ Аристотельдің түпкі ой-пайымдарын толық түсінгенін мойындаған. Сөйтіп, өзінің «Книга исцеления» деген туындысын (тіпті оны Әбунасыр еңбегінің конспектісі деп те атаған) жарыққа шығарған деседі. Егер, бұл еңбекті расымен конспекті деңгейінде қабылдайтын болсақ, онда бабамыздың жазбасы қандай деңгейде болғаны? Әттең, Әбунасырдың сол ойлы жазба-еңбегі әлі күнге табыла қойған жоқ, қолға түспей келеді. Бірақ көптеген әлемдік ғалымдардың ғылыми-философиялық талдау еңбектерінде аты жиі-жиі аталып жатады. Біз іздеп жатырмыз ба? Тапқымыз келе ме? Сол ой аракідік кеудеге кептеліп келіп қалады да, өзекті өртей бастайтыны бар!..

                                         Алтыншы сөз

Қазіргі заманда адамдар ұғымында қисықтау пікір қалыптасқан: әкесі атақты-белгілі кісі болса, баласы шалағай, ой-өрісі тар ұрпақ болып өседі деп айтып та, жазып та жатады. Осы сөз, асылы, шындыққа сәйкес емес, даулы пікір. Бұған дәлел – ұлы ойшыл Әбунасырдың өмірі деуге болатындай. Тарихи деректерге сүйенсек, Әбунасырдың әкесі Махмет (Мұхаммед) Отырарда әскер басы (кей жазбаларда – сол маңдағы Бесік-қорғанда) болған делінеді. Ол заман – жаугершілік заман, екі күннің бірінде тұтқиылдан жау лап қойып, жеріңді де, еліңді де тып-типыл қылуы бек ықтимал. Демек, әскербасы еңбегі бұл кезде өлшеусіз де ұшан-теңіз, оған халық тағдыры мен жер тағдыры сеніп тапсырылған десе де болғандай. Міне, осындай өте беделді әрі ықпалды отбасында Әбунасыр дүние есігін ашқан. Олай болса, оған жоқшылық-таршылық деген мүлде жат екені өзінен-өзі белгілі. Не ішем, не кием демеген. Әке абыройының көлеңкесінде ештеңеге бас қатырмастан, өте бақытты ғұмыр кешсе де болатын ба еді! Бірақ, зерек ұл ол жолды таңдамады, өзі жанымен қалаған өзгеше сүрлеуін іздеді. Қыпшақ даласынан шығандап шығып, әлемдік ақыл-ойдың қызу майдан-ошағына мидай араласты. Сөйтіп, жарқырай көрініп, ең биік шыңға көтерілді, ерекше талант қырларымен айналасындағыларды таң-тамаша етті. «Шығыстың Аристотелі» атанды.
Артында өлместей мол рухани мұра қалдырып, тарихқа атын мәңгіге жазды. Әбунасыр әл-Фараби біз үшін сосын да аса қымбат, мейлінше құрметті!

 

                                             Жетінші сөз

Түркі халқының ең үлкен мәдени-ағарту орталығы ретінде сол замандарда-ақ танылған Фараб (Отырар) шаһары Әбунасыр дүниеге келмей тұрып, бір ғасыр бұрын бейбіт жолмен Ислам дінін қабылдағаны айтылады тарихи жазбаларда. Сол шақта әрбір сауаты мол мұсылман ислам діні қағидаттарымен шұғылдануы тиіс болатын-ды. Әбунасыр да сөйтті, әу бастан түркі-араб тілді ғалым болып танылды. Отырарда өте бай кітап қоры сақталған кітапхана болғанын тарихи құжаттар дәлелдейді, сол мол мұрадан қажетінше сусындаған. Содан соң, Араб халифаты берік орын теуіп, өркендей түскен Бағдад қаласына сапар шеккен. Әбунасырдың бұл елде жүрген кездегі ең үлкен орнықты ісі – араб, парсы және түркілер көзқарасы арасындағы алауыздық пен түсініспеушіліктерді, кейбір кертартпа әрекеттерді түбегейлі жоюға күш салуы. Оның мұндай ізгі ойына барша зиялы қауым аса құрметпен қарады, қолдау көрсетті, ісінің ілгері басуына барынша мүдделілік байқатты. Кешегі кеңестік кезеңде Әбунасыр бабамызды дінге қарсы болған, оны мансұқ ету бағытында жұмыс істеген деп көрсетуге тырысып баққан. Бұл – үлкен жүректі ғалымның ұстанған бағытын бұрмалап, оған жасалған көпе-көрінеу қиянат демеске амал жоқ! Араб-парсы-түркі үштігінің бірлігі жолындағы жасаған қадамы мен еңбегі өз алдына талданып, жеке әңгімеге тақырып болып сұранып тұрғандай. Ал, одан соң, дін мен философия бірлігі, олардың аралық байланысы жайына ауысқанда да Әбунасыр тосын да тың ойларға соқпақ сала білген. Бұл сала өзінше соны сүрлеу болып қала бермек!

                                            Түйінсөз

Қайта-қайта оралып, тілге тиек ете беретін тақырып бұл! Әбунасыр баба жайы сөз болса, бұл қазақтың расымен-ақ селқос, марғау, мимырт, аңғал екені қайталап көзге ұрады! Бағымызға орай, өткен ғасырдың 60-жылдарында осы мәселеге ғұлама ғалымымыз Ақжан Машан мырза бел шеше кіріспесе, «жабулы қазан жабулы күйінде» қала бермекші екен-ау! Тарих былай дейді: 1962 жылдың басында, яғни «Білім және еңбек» журналының бірінші нөмірінде ғалым Ақжан Машанның Әбунасыр туралы алғашқы мақаласы басылды. Мақаласы емес, Әбунасырдың «Ғылым үйрену туралы» деген еңбегі тұңғыш рет қазақшаға аударылып, қалың қазаққа жария болды. Ал, Ақжан ағамыз мақалаға алғысөз жазып, Әбунасыр біздің бабамыз екенін, көне Отырар қаласы маңында дүние есігін ашқанын, содан ғылым қуып, алыс сапарға аттанғанын дәлелдеп көрсеткен. Арты талас-тартыс, жоққа шығаруға ұмтылыс, кері мақалалар – қысқасы, бұл қазақ өзінің атышулы бабасын да тосырқап қарсы алған. Бөтенсініп кекжиген! Бергі жағындағы қилы-қилы қазаққа тән кертартпалық пен кесір оқиғаларды тізбектемей-ақ қоялық, айтайын дегеніміз мүлде басқа нәрсе! Сонда дейміз-ау, бұл қазақ өзінің шыққан тегіне, өзінің ұлы перзенттеріне неге тым суық, неге тым салқын? 60-жылдарға дейін «екінші Аристотель» атанған Әбунасырдай ұлы перзенті болғанын білмей келу, білуге ұмтылмау – қалай айтсақ та сүйекке сын! Бұл бір жағы! Екінші мәселе – біз неге Әбунасыр деген өз ныспысы бола тұра барлық жазбаларда әл-Фараби дей саламыз? (Айталық, әл-Фараби атындағы ұлттық университет, т.б.). Тіпті, кей жазбаларда Фараби деп те қоя салатын болып жүрміз! (Мысалы, Д. Досжанның бір повесі – «Фараби» деп аталады!) Осының бәрі де біздің әлі күнге көп нәрсеге аса ыждағаттықпен мән бермейтінімізді, ал, солай айта салуды мін санамайтынымызды қайталап әйгілесе керек! Біздікі – ой ғой! Ал, сен – Қазағым, бұған қалай қарайсың? Әйтеуір, бос елең-селеңмен жүрмей, ойлана жүрсек деген ізгі ниет қой біздікі…

***

Ғылымның ең биік шыңына көтеріле алған ойшыл баба – Әбунасыр әл-Фараби турасында соңғы 10-15 жыл төңірегінде біршама ойланып, ой қозғап жүрген жайымыз бар. Ғылыми еңбек жазуға талпынбадық, бірақ әдеби-көркем дүниелер тудырсақ деп қайта-қайта ұмтылыс жасағанымыз рас.
Әуелі «Отырардың жусаны» деген философиялық әңгіме өмірге келген. Содан соң «Шамда сөнген шырақ» («Ғұлама-ғұмыр») деген драма жазып, ол туындымыз Мәдениет министрлігі жариялаған жабық бәйгеде «драматургия» номинациясы бойынша 2015 жылы жүлдеге ие болды.
Енді, міне, «Әбунасыр әл-Фараби» атты философиялық кинороман жазып, аяқтау үстіндеміз. Аманшылық болса, аз уақыттарда баспа арқылы жарыққа шығып та қалар. Ал, кино тіліне айналу жағы… Бір өкінерлігі – министрліктің беделді байқауында ерекше аталып өтсе де, төрт жыл өтіп барады, әлі күнге «Шамда сөнген шырақ» атты пьесамызды сахналауға ұсыныс түспей жатқандығы.
Селқостық па? Білмедім. Әбунасырды қадірлеп-сыйламау ма? Тағы да білмедім.
Сөздің тоқ етер түйіні – әлем таныған Әбунасыр бабаны өз биігінде қадір тұтып, барынша құрмет көрсету, бүгінгі жас ұрпаққа мейлінше мол қырынан танытуға құштарлық байқату – біз үшін перзенттік міндет!

 

         Қайырымды қала – ізгі жандармен қымбат

 

Әлемдік деңгейдегі ғалым-энциклопедист, ойшыл, философ Әбунасыр әл-Фараби туралы келелі әңгіме қозғағанда, ең алдымен оның жазба еңбектеріне баса назар аудару қажет. Өйткені, оның есімін әлемге жайған, жер жүзіне танымал еткен – артында қалған мол рухани мұрасы. Оның асыл мұраларын саралап қарағанда, нені байқауға болады?                                .
Ең алдымен – Әбунасыр сан-салалы ғылымды молынан меңгерген жан-жақты адам. Оны философ, математик, психолог, астроном, социолог, т.б. саланың білгірі десек, артық айтқандық емес. Демек, Әбунасыр – ғалым. Оның ғалымдық қарымы мен таланты қанша айтып-жазсақ та, таусылмас тақырып. Екіншіден – ол әдебиеттанушы, тіл білімінің хас жүйрігі. Бұл бағытта да көптеген ғылыми еңбектер жазып, тұжырымды ой айта білген. Үшіншіден – Әбунасырдың өзі де ақын, әнші әрі күйші болған екен. Мұны да жеке-дара сала етіп қарастыруға мүмкіндік мол.                               .
Ең ерекше бөліп айтарлығы – Отырарлық ғұлама ғалым қайырымды қала мен оның тұрғындары һәм қала билеушілері қандай болуы керектігі және қандай жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажеттігі турасында бірнеше еңбек жазып қалдырыпты.
Біз бұл жолы оның осы бағыттағы философиялық екі-үш трактаты төңірегінде аз-кем ой қозғамақпыз.

***

Әбунасыр әл-Фараби өз кезінде қала туралы, қала басшысы мен оның тұрғындарының тұрмыстық һәм адами қалпына баға бере отырып, қазіргі кезде де мәнін жоймай келе жатқан – ойлы да оралымды трактаттар жазып қалдырғанын тарих растап отыр.                                                                    .
Оның біріншісі – «Қайырымды қала тұрғындары туралы трактат» болса, екіншісі – «Мемлекеттік қызметшілердің нақыл сөздері», содан соңғы және бір еңбегі – «Азаматтық саясат» деп аталған. Неге бұларды қатар атап, қосақтай тіркеп, тілге тиек етіп сөйлеп отырмыз? Өйткені, мұндағы айтылар ой мен пайымдаулар өте ұқсас, тіпті жақын деуге болады?
Ойшыл баба бұл еңбектерді жазбас бұрын философияға мұқият көңіл аударып, сол бағытта көптеген трактаттар түзген екен. Оның ойынша, философия барлық білімдердің ішіндегі ең ұлысы, ең тереңі әрі ең қажеттісі. Міне, осы тұрғыдан қарап, ең алғашқы жазбаларының өзінде-ақ көне кезеңдегі философ-ойшылдарға көбірек тоқталған. Әсіресе, Платон мен Аристотельге баса назар салып, қайта-қайта айналып соғып отырған. «Қос философ – қасиетті Платон мен Аристотель көзқарастарындағы ортақтық туралы трактаты» осы сөзіміздің дәлелі бола алады.                                          .
Әлбетте, Әбунасыр «Қайырымды қала тұрғындары туралы трактатын» жазар кезде де өзіне дейінгі философтар еңбегіне иек артып, таяныш-тірек іздегені өзінен-өзі белгілі. Бір қызығы – бұл тақырып әу баста Платон мен Аристотельдің еңбектерінде де біршама көрініс тауыпты. Айталық, Платон өзінің «Мемлекет» деген туындысында мінсіз де таза қаланың құрылымы жайынан сөз өрбіткен. Оның «мінсіз қаласы» сол кездегі бар мемлекеттерді сынау арқылы, сол негіз жолымен жазылған утопиялық тұжырым. Платон түзген ой бойынша – мінсіз мемлекеттің негізгі һәм басты қағидасы әділдік болып қала бермек. Бірақ, Әбунасыр бұл еңбекті оқып, негізгі ойларын басшылыққа алып отырса да, өзінше қайырым жасай білгенін де атап көрсетуге тиіспіз. Мысалы, Отырарлық ғалым ұсынған қала «адамдардың шынайы болуымен байланысты, оның өмір сүруі және оның өмірін сақтауы, тамаша заттарға қол жеткізуде адамдар бір-біріне көмектесуі» қажеттігін айта отырып, осыны «қайырымды қала» деген. Мұндай қалада тұратын тұрғындар мүмкіндігінше таза ниетті, адал, түзу, ұқыпты болуы талап етіледі. Тіпті мұндағы адамдардың өмірлік ұстанымы мен қажеттіліктері де табысып-ұйқасып жатса құба-құп. Сонда ғана олар бір-біріне көмек қолын созуға әзір болмақ.
Қайырымды қала басшысының сипатын бере алатын белгілер деп мынаны атаған:
«…Біріншіден, дана болу.                                        .
Екіншіден, бірінші басшы тағайындаған заңдарды, ережелер мен салттарды біліп, жадында сақтап және өзі де осы ережелерді ұстану.
Үшіншіден, өзінен бұрын басшылық еткендер қандай да бір ереже туралы айтпаса, ереже жасауда тапқырлық таныту, бірақ бірінші имамдардың үлгісімен жүру.                                       .
Төртіншіден, сол уақыттағы жағдайды да, бірінші имамдар болжай алмаған болашақ оқиғаларды да кез келген уақытта танып-білуге мүмкіндік беретін қырағылық пен аңғарымпаздық қасиетіне ие болу; қаланың әл-ауқатын жақсартуды өзінің мақсаты етіп қою.                                .
Бесіншіден, бірінші имамдар жасап кеткен және олардың үлгісімен өзі жасаған заңдарды халық мүлтіксіз орындауы үшін өз сөзіне халықты ұйыта білу.
Алтыншыдан, әскери істерді жүргізуге қажетті дене күшіне ие болу, сонымен қатар, әскери өнерді – қызмет өнері және басқару өнері ретінде білу.
Бір өзінің бойында осы қасиеттердің бәрін біріктірген адам табылмаса, бірақ біреуі дана, ал, екіншісі басқа шарттарға сай болса, онда екі адам да қала басшылары бола алар еді. Осы қасиеттер адамдардың тұтас тобының өкілдерінің арасында: біреу – даналыққа ие, басқасы – тағы бір қасиетке, үшіншісі – тағы біреуіне, төртінші, бесінші, алтыншысы – тағы біреуіне ие болса, онда олар бір-бірімен келіскен жағдайда, бәрі бірдей ізгілікті басшы бола алады. Күндердің күнінде басшылықтан даналық тайса, онда ол басқа шарттарға сай болса да, ізгілік қаласы билеушісіз қалсын. Себебі, мұндай жағдайда ізгі қаланы даналықтан айрылған басшы билей алмайды, ал, қаланың өзіне күйреу қаупі төнеді. Мұндай басшының қасына ақылшы болатын дана адам табылмаса, қала біраз уақыттан соң міндетті түрде күйрейді». Қысқасы, ғұлама ғалым «Қайырымды қала…» трактаты арқылы кең ауқымды, жан-жақты философиялық ой өрбіткен. Оның жазып отырған «қайырымды қаласы» біздіңше, кең мағынада алып қарасақ – мемлекет деуге әбден қисынды. Расында да, барлық жақсылықтар мен жетістіктер, ілгерілеу мен ізденістер тек бірлігі жарасқан, тату-тәтті елде ғана етек алмас па! Ал, енді, осындай қайырымды да мейірімді қалаға қарама-қарсы қалалар да болады. Ондағы тұрғындардың ниет-ықыласына орай, «қажеттілік қаласы» немесе «ауыс-түйіс қаласы», «билікқұмар қала», «адасқан қала», т.б. болып түзіледі. Әбунасыр мұндай ықпалдардың да бар екенін, ондағы билік құрушылар да, тұрғындар да өте қателесіп, жаңылыс қадам жасап жүргенін еске салады. Қалалардың қателіктері, айналып келгенде, ондағы тұрғындарға да кері ықпалын тигізбек.                                            .
Жалпы, шын мәніндегі қала деген атаққа ие болу үшін көп нәрсені есте ұстап, үнемі жетілдіріп, мейлінше жақсылық жолына ұмтылу маңызды. Бұл ретте, философтың талдап-таратып айтқан ойлары әлі күнге маңызды, әлі күнге өз ұрпағына ой саларлық мәнге ие.

 

                                            ***

Тап осындай терең де тұңғиық ойлар оның «Әлеуметтік саясат» атты трактатында да қозғалады. Бұл жазбаларында Отырарлық ойшыл адамның ақыл-ойына, сана-сезіміне көп нәрсе тәуелді екенін баса айтқан. Айталық, бұл еңбекте адамның ақыл-күшін екі топқа бөліп қарастырады: теориялық және практикалық деп көрсеткен.                                   .
Теориялық күш – кісінің кәсіби және ойшылдық қарым-қабілетіне иек артады. Бірақ, адам тек қана теориялық күшімен артық жағдайларға қол жеткізе алмақ емес, бұл арада практикалық күш арқылы көп нәрсеге жетуге мүмкіндік алады. Демек, адам өмірінде теориялық және практикалық күш қатар дамып отырғаны дұрыс. Осының бірлікте болғанына баса назар аударған ғалым әрі қарай тереңдете жазады. Ойшыл ғалым осы ойын жетілдіре келе, мұнан соң, адамзат қоғамы туралы тұжырымға ауысады. Қоғамды құраушы – адамдар. Сосын да қоғам – адамзат қоғамы болып аталады. Ал, ондай қоғам іштей ұлы, орта және кіші болып бөлінетінін атап көрсетеді.                              .
Ұлы – бұл көптеген халықтардың басын біріктірмекші.                            .
Орта – бұл бір ғана халықты топтас-тырады.                             .
Кіші – бұл бір ғана қаланы қамтиды.               .
Бұдан әрі қарай Әбунасыр осы қалаларды жіктеп-талдап жазып, қала мен адамдар арасындағы қарым-қатынас, өмір сүру ережелері мен жалпыға ортақ тәртіпті жіпке тізгендей етіп түзіп шығады. Тіпті, трактатта қала тұрғындарының бет-бейнесін барынша жарқын етіп көрсете түсіп, екі түрлі құбылысты – қайырым мен өшпенділік туралы да сөз қозғап, оларға анықтама береді. Одан әрі қалалардың (мемлекеттердің) түрлеріне тоқталып, оны жіктеп жазып, әрқайсысына анықтама беруге талпыныс жасаған. Тап осы тұста тағы да қайырымы мол қала туралы ізгі ойын жинақтап, өзгеше өрнек ұсынады. Оған анықтама бере отырып, түсінік келтіреді. Кейбір қалалардағы өшпенділік, жеккөрушілік пен қайырым белгілерінің аздығын атап көрсетіп, ондай жиіркенішті мінездерден аулақ болуға үндеген. Қысқасы, бабаның «Әлеуметтік саясат» атты трактатының түпкі ой-түйіні жоғарыда талдап көрсеткен «Қайырымды қала…» трактатымен іштей үндесіп жатыр. Одан да анықтаңқырап айтсақ, бір-бірін толықтыра түседі десек те, қателесе қоймаспыз. Осы орайда ой келеді: біздің жаңа елордамыз – Астанада тек Әбунасыр бабамыз жазып кеткендей, ізгілік пен мейірім молая түссе, адамдар арасында түсіністік пен сыйластық салтанат құрса, онда болашақта бұл шаһар шын мәніндегі «қайырымды қала» деген атқа лайық болып, өркен жая түсер еді.

 

                                        ***

Ғұлама ғалымның үшінші бір ойлы еңбегі – жоғарыда атап өткендей, «Мемлекет қызметшісінің нақыл сөздері» деген трактаты болып табылады. Бұл шығармасында да Әбунасыр адамгершілік пен мейірім, ізгілік пен қайырымдылықты алдыңғы орынға қоя сөз сабақтаған. Оның осындағы азаматтық саяси, адам, қоғам жөніндегі ойлары өте тұщымды, санаңа түрліше нұр құя түсетіндей. Бұл туынды да ғалымның алдыңғы еңбегі «қайырымды қала тұрғындары туралы трактатымен» және «Әлеуметтік саясат» еңбегімен сабақтас, қанаттас болып табылатыны сөзсіз ақиқат. Өйткені, бұлардың айтпақ ойы – біртұтас, білдірмегі – өзінше өрнектеле жалғасып жатыр.
Қайырымды да мейірімді, ізгі де ізгілікті қала болып қалыптасуы үшін ондағы мемлекеттік қызметшілер де өзгеге үлгі болатындай мінез байқатуы тиіс. Яғни, мемлекетті тек қана ізгі жүректі, сөзі мен ісі бірлікте болатын, халқына жақын адам ғана басқарса игі. Бұл аса маңызды мәнге ие.
Қайырымды адамды ғұлама екі түрге бөліп қарастырады: этикалық және интел-лектуалдық.
Интеллектуалды кісі – ол ақылды, ойлы, талғампаз, тапқыр, т.б. қасиеттер иесі.
Этикалық кісі – ол батырлыққа, әділет-тілікке, жомарттыққа ұмтылушы адам.
Әбунасыр бұл екі топқа жататын кісілерге де тоқталып, жан-жақты бағалап, өз жазбасында әрқайсысына жеке-жеке тоқтала, бағасын беруге тырысады.
Міне, осындай кісілер арасынан мемлекеттік қызметшілер шығуы тиіс екенін сездіреді. Болашақта тек қана сондай даярлығы бар адамдар басшылықта болуы ләзім.
Тағы бір тұсы – мемлекет қызмет-шісінің сөздері әр жүрекке жетімді, жұғымды әрі әсерлі болып жатса құба-құп. Олай болмаған жағдайда билік пен халық арасында алшақтық кезігеді, ортаға сына түседі. Ал, оның аяғы жалпы мемлекеттік құрылымның шайқалуына, сәтсіздіктер орын алып, құлдилауына жол ашпақшы.
Бабамыз біз жоғарыда сөз еткен үш трактаты арқылы келер ұрпақты қайырымдылық пен ізгілікке үгіттеп кеткендей. Ол болашақтан үміт күткен, кейінгі ұрпаққа аса зор сеніммен қараған. Сосын да өзінің бүкіл саналы ғұмырын ғылымға, білу мен үйренуге, сол білгенін түйіндеп жазып қалдыруға арнаса керек. Оның дәлелі – артында қалған мол мұрасы.
Біздің заман – Әбунасыр арман еткен нағыз нұрлы заман. Бұл күнде бәрі де өз қолымызда, өз еркімізде. Тек жақсылық жолына қадам басуға деген ынта керек. Қайырымды да ізгі болуға деген ұмтылыс қана қажет…
Ал, бұл қасиет – қай кезде де керек зат. Өте керек нәрсе…
Жаңа заманның жаңа қаласында тұрып жатырмыз, мұнда да ізгілік пен мейірімділік молынан орын ала береріне сеніміміз мол біздің де…

(Жалғасы бар)

Жолтай Жұмат - Әлмашұлы, жазушы-драматург

 

Ақиқат жұрналы

 

               

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер