«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Қабанбай батырдың өмірі мен ерлігі, әскери өнері мен шеберлігі,соғыс тәсілі мен . әдісі.
Қабанбай батырдың өмірі мен ерлігі, әскери өнері мен шеберлігі,соғыс тәсілі мен . әдісі.
Дайындаған: 2 апта бұрын

                                                                                                           (жалғасы)

 

Қазақ халқының елі мен жерінің тұтастығы, бүтін ел, мемлекет болу арманы Қабанбайды Абылайға жақындастырады. Ол Абылай сұлтанға ең бірінші болып достық ықыласын білдірген. Тағдыр оған Қабанбай сияқты хас батырларды тұстас келтірді. Олар бір-біріне сүйеніш бола білді. Қабанбай батыр Абылай ханның саясатын қолдап, әуелі қалың Найманның бас сардары болып, Абылай ханға бағындырып, ел бірлігін сақтау саясатын жүргізген. Абылай хан кейін оған үш жүздің бас қолбасшысы тізгінін ұстатқан. Соғыс даласында бас сардар үнемі Абылаймен ақылдасып, билер кеңесі арқылы шешім қабылдап отырған.                                                  

      Қабанбай батыр бастаған қазақ әскерлері соғыс жүргізген жерлер жер атаулары арқылы да дәлелдене түседі. « Қабанбай жырында: Алакөл, Ақсу, Сарысу, Қызыл су-Шар, Еміл, Есіл, Нұра, Ертіс, Бұқтырма, Аягөз, Көкпекті, Тарбағатай, Үржар, Қатынсу, Мақаншы, Абралы, Шынғыстау, Алатау ,Қаратау, Қарқаралы, Көкшетау, Талас, Бөген, Арыс, Шаян, Түркістан, Сайрам, Шымкент, Қарғалы, Бақанас, Іле, Арқарлы, Қаратал, Лепсі, Басқан, Кеген, Шарын, Текес, Нарынқол, Шонжы, Жаркент, Қарақол, Базар, Ақсуат, Қалба, Зайсан, Маңырақ, Алтай, Сәуір, Марқакөл т.б. және ірі шайқастар Аягөз шайқасы, «Ақтабанды шұбырынды» кезеңі, Түркістан қорғаныс шайқасы, Бұланты өзенің бойындағы шайқас, Сыр бойындағы шайқас, Шұбартеңіз шайқасы, Аңырақай шайқасы, Шаған-Толағай шайқасы, Шорға өзенің бойындағы шайқас, Зайсан көлі бойындағы шайқас,Баспан-базар шайқасы, Ертіс өзенің бойындағы шайқас т.б. шайқастар.

      Ежелден келе жатқан үрдіс бойынша, қазақта әскер құрамы ру-тайпаға қарай жасақталатын, ру-тайпалық жасақтар керек кезінде тез жиналып отырды, әрбір әскери жасақтың өз таңбасы мен ұраны болды.

      Русыз өріс-қонысты бөлісу, әскер жинау мүмкін емес, әр рудың ағасы әскер басы болған. Соғыс бола қалған жағдайда әрбір ер-азамат қолына қару алып, ұрысқа, майдан даласына аттанған. Бүкіл қазақ жұртына танылған, ерлігі мен аты шыққан Қабанбайдың жауынгерлері, шәкірттері және ұстаздары, үзенгілес атойшы батырлары олар: арғын руынан Қаракесек Қарабек, Жидебай, Жанатай, Қаз дауысты Қазыбек, Шақшақ Жәнібек, Бәсентиін Малайсары, Жасыбай, Сырымбет батырлар, Темеш Нұра, Атығайдан Ағындық, Құлеке батырлар, Тобықты Көкенай, Мамай, Тоқтамыс, Қуандық Бөрібай, Алдияр, Сүйіндік Олжабай, Сенгірбай, Тайжан, Жанұзақ батырлары, Керейден Мерген, Балтакерей Байтұрсын, Бақсары, Жабай, Тұрсынбай, Жантай, Шақантай батырлар, Уақтан Бажан, Сары, Сағымбай, Баян, Күшікбай батырлар, Тарақты Айшуақ, Тоғай, Байғазы батырлар, Қыпшақ Дербісәлі, Ерназар, Маңдай батырлар, Ошақтыдан Саңырық, Сарымерген, Қалет батырлар, Қаңлы Тлеуке батыр, Албаннан Әлмерек би, Әжібай, Бәйсеит, Қанкелді Сырымбет ұлы, Райымбек батырлар, Шапыраштыдан Науырызбай, Жәпек, Жауғаш, Қаумен, Қасқары, Қасқары ұлы Молдабай, Әйтей, Сатай, Бөлек, Шыбыл Мәмбет, Екей Ыстыбай, Айқым Жапар батырлар, Шанышқылы Бердіқожа батыр, Дулаттан Жаныс Айтбай Төлеұлы, Ақпан, Қыбырай, Өтеген батыр, Шымыр Қойкелді, Ботбай Жауғаш, Сәмен, Бөкей, Бармақ батырлар, Жалайырдан Ескелді би, Бақай, Жайнақ, Жолбарыс, Тәттібай, Балпық би, Шекті Тайман, Бақтыбай, Сенкібай, Байрақ, Қайрақ, Балдан батырлар, Жаппас Баймұрат, Тама Есет батыр, Саурық, Тайлақ батырлар, Табын Бөкенбай, Алтай батырлар, Найман руынан Қөкжал Барақ, Ханбаба, Қаптағай қара Шоқай батыр, Садыр Тасболат, Шонқа, Тауасар, Алдияр, Бағаналы Баянбай, Оразымбет батырлар, Сарыжомарт Танаш, Терістаңбалыдан Айтқұл, Қожакелді, Қарақ батырлар, Матай Шәкәрім, Тентек, Шөнкей, Майлыбай, Қонақбай батырлар, Қызай Есенкелді батыр, Ақнайманнан Жаман батыр, Төртуыл Досымбек батыр, Байғана Шөрек батыр, Жұмық Тама, Дәулетбай, Кетеш батырлар, Мұрын Қалқаман ұлы Боранбай би, Назар, Орақбай, Нарбота, Жолымбет, Қазымбет батырлар, Қыржы Арап, Кешу батырлар, Сыбан Қу дауысты Құттыбай, Ақтанберді, Ботақара, Еспенбет,Жанай, Марқа, Алтыбай, Кедей, Алақұс ұлы Түкі, Төлен, Аққожа би, Жәдігер, Сатыпалды, Құлманбет батырлар, Бурадан Ақбантай, Досан, Қонақай, Елшібек, Байқошқар, Төлеке батырлар, Ақымбеттен Майемер, Сарман, Анай, Тұрсын батырлар, Болатшыдан Кенже, Байсиық (Семізнайман) табынан Төбет би, Қазанбай (Қазығұл), Жанғұлы, Барлыбай, Шағырай, Байшуақ, Байбарақ, Құлшаман, Есенғара, Алшын Тайлақ батыр, Суан Бағай, Аралбай батырлар, Сіргелі Қаратлек батыр тағы басқалар. Бұлардың өмірі елдің тұтастығын үшін, халықты жаудан қорғау жолындағы жорықтарда өткен, бұлардың шайқас үстіндегі ерліктерінің жеңістері, халық арасында мойындалған.

Кәрібай ақынның толғауында :

Билеген орта жүзді хан Абылай

Еш бірін жат көрмеген дара Абылай

Ерлердің ел бастаған соңына еріп,

Ұйыған сары уыздай қазағым-ай.

Сайыста қажымаған серіктері,

Ұрқына мұра болған ер істері.

Жонғардың шапқыншылық алаңында,

Шайқасы Азияда өрістеді.

Қолбасы ер Қабанбай ту ұстаған

Қайраты каһарланса құрыштаған.

Үш жүздің бар батырын ұйыстырып,

Маңына қас дұшпанын жуытпаған.

Жауға қатал, досыңа мейірлі боп,

Кейітіп халық көңілін суытпаған.

Қасына ер Бөгенбай, Барақты алып,

Болғаны елге қорған алашқа анық.

Бердіқожа, Қасабай, Жантай батыр,

Қосылған ер Жәнібек талаптанып.

Ер Қасым, Баймұрат пен Райымбек,

Болғаны оған серік қазаққа анық.

Қосай, Тама, ер Шөрек, Малайсары,

Атын тізіп айтайын санаққа алып.

Уәлиі болар бұл істі абайлайтын,

Ерекше атап өтем Бармақты алып.

Еспенбет, батыр Жаман, Орақбай ер,

Шын құрыш қайтпайтұғын болаттай ер.

Ақбантай, Еспенбет пен батыр Тентек,

Атойлап жауға шапқан құлаштап ер.

Шағалақ, ақын Сұртай, Бұқар жырау,

Тайсалмай хан алдында берген сынау.

Айламенен қамалды шыққан бұзып,

Майсара – Гауһар батыр көрнеу тұр-ау.

Ұраны болған екен алты алаштың,

Жүлде алған бәйгесінде сан таластың.

Боранбай, Есенгелді, Қазыбек би,

Жүйесін тауып айтқан сан сарап

Сондықтан елі сүйген, халық қалап,

Қолданған досына ақыл, жауға жарақ,

Даңқпен хан ұраны Қабанбай деп,

Айбынды ұран қылды барлық қазақ,

Хан, қара ақылынан асқан емес,

Салмағы жаттың жеңіл басқан емес.

Орта жүз сүттей ұйып дегеніне,

Беріп ең ақылменен жасқа кеңес.

Тағдыры бар жасақтын қолында боп,

Болыпты абыройы ханмен теңдес,

Хандығын ханның жасақ сақтайды екен.

Білгенді сүйіп жақтайды екен.

Қабанбай орта жүздің ұйтқысы деп,

Бар қазақ пір тұтып мақтайды екен.

Қамалды талай бұздың дара шығып,

Өлтірдің жекпе-жекте Арқауылды,

Сүйсінді ерлігіңді алаш ұғып.

Келгенде қоймаймын деп аласұрып.

Қазақтың артына ертіп бар батырын,

Қарадың досқа күле, жауға қырын.

Дарабоз қолбасылық атақ алып,

Қорғадың жауды жеңіп ел өмірін.

Айқастың Доржыменен Алакөлде,

Шығардың жауды қуып Сарыбелге,

Ханды өлтіріп, жеңісті қолыңа алдың,

Қандыжап қолға түсіп, болды пенде,

Қазаққа баянды боп осы жеңіс,

Қуанды алақайлап қазақ тегіс.

Сүзімнің артық-кемді жері болса,

Сүлеймен разымын берсе сөгіс.

      Бұқар жыраудың «Қабанбай батыр» жырына сүйене, мыңдықтан әскер құраған жиырма тоғыз мыңбасының рулары мен есімдері түгел толық айтылған. Олар: 1.Қаракерей Қабанбай., 2.Қанжығалы Бөгенбай, 3.Көкжарлы көкжал Барақ., 4.Керей Жәнібек., 5.Шанышқылы Бердіқожа., 6.Керей Жанатай ер., 7.Тоғас Қосай., 8.Тума Шағалақ., 9.Мұрын Боранбай., 10.Үйсін Сарышуаш., 11.Қыпшақ Есімхан., 12.Қыржы Бостан.,13.Төртуыл Баймұрат., 14.Тоқпақ Қасабай.,15.Матай батыр.,16.Шынқожа батыр., 17.Шойбек Сенкібай.,18.Қаңлы Құлан.,19.Сіргелі Елшібек., 20.Қаратай., 21.Ысты Төлек., 22.Сиқымнан Шінет, Рысбек.,23.Ботбай Сәмен.,24.Шымыр Қойкелді., 25.Қоңырат Толебай,Болат.,26.Жаныс Өтеген.,27. Шапырашты Науырызбай.,28.Рамадан Алшынбай.,29. Қарақалпақ Құлашбек. Қазақ мыңдықтарын басқарған басшыларының есімдері рулық, жүздік деңгейден асып, жалпы ұлттық межеге көтерілген.

      Аттаныста,не жау шабуылын күткен қорғаныста сақтық үшін көш қалқаны ретінде ертауыл жасағы құрылған. Ертауыл- барлаушылар тобы. Барлауға керемет көңіл бөлінген, одан үлкен үміт күткен, жергілікті жер туралы мәліметтерді жинау, дұшпанның күштерінің орналасуын барлап білу, өте қажет болған. Барлаушылар – жеңіл атты әскерлер, негізгі күштен екі күншілік жерде жүріп отырған.

      Ал Үлкен аттаныста жорық кезінде: оң қол, сол қол, тұтқауыл, тосқауыл,бақауыл құрылған. Тосқауыл тобы торуылға тап болғанда жауға бөгет жасаған, ал тұтқауыл тобына ұрыс даласына үнемі қосымша күш жіберіліп тұрған . Арнайы мерген тобы айрықша тапсырма орындаған: олар шапшаң түрде қолма-қол тікелей басшылық жұмысын атқарған. Бақауыл тобы шаруашылық жұмыстарын жүргізген: аспаздарды бақылау, қоймаларды сақтау – осы міндеттерді орындау Шағалақ батырға жүктелген.

      Әскер ондыққа, жүздікке, мыңдыққа, он мыңдыққа (түмен) бөлінді. Мысалы : Ақымбет, Сыбан, Мұрыннан құралған жасақтын мың басын Еспенбет батыр басқарған. Мыңбасылар арнайы қосымша қару-жарақ, жылқы қорын ұстады. Ол уақытта Шынғыс ханның соғыс тәсілі әлі ұмытылмаған. Әскер оң қанат, сол қанат, орта болып үшке бөлінген. Әрбір бөлімнің өз алдына шебі болды. Мұнымен қоса, жалпы алдыңғы шеп және резерв болды. Әрбір жорық алдында байқау өткізілетін, онда әрбір сарбаздың киім-кешегі, қару-жарағы қоржынымен торсығына дейін тексерілді.

Қазақта ірі батыр атану соңынан ерткен қолының санына байланысты есептелетін. Ол кезде әскер рулық жүйемен жиналады. Найман, арғындардан бір-бір түменнен қол шығатын, қалған кіші рулардан бес мың, үш мың болып қазақ әскері құралған, ал кіші тайпалардан мың қол шығатын. Оның батыры мыңбасы аталатын.

      Қабанбай батырдың жеке жасағы негізінен еліміздің шығыс, терістік – шығыс жағындағы төрт арыс Найман, Арғын, Уақ, Керей тайпаларынан шыққан жасақтар болғаны да белгілі. Ал кейбір ұрыстарда Қабанбай батырдың қол астында біраз қазақ тайпалардың өкілдері де соғысқан.

Қазақ сардарының сауыт-сайманы және қару-жарағы ұрыста шешуші рөл атқарған. Жауынгер сауыт киіп, қылыш ұстаған қоян – қолтық айқаста қанжарлар, семсерлер, айбалталар пайдаланылды. Қарулардың сабы көбіне қайыңнан жасалды.

      Бастарында болат дұлыға, үстерінде ақ берен сауыт, белдерінде қайқы қылыш, бұған қосымша ұшында темір ілмегі бар ұзын найзалар болды. Онымен жауды аттан құлататын. Әрбір жауынгер иығына садақ пен қайың оқты жебе салынған қорамсақ іліп жүрген. Білекте қалқан,тақымында ұзын сапты көк сүңгі де болды. Атты әскердің қанжығасында азық-түлігі болды: торсығында қымыз не су, қоржынында кептірілген ет, құрт, айран болды.

Негізгі қазақ жасағы - атты әскер. Ал Қабанбай атты әскер соғысының тактикасы мен стратегиясын жасады. Осы әскер жаудың негізгі күшімен шайқасты, және оған қажет қосымша көп жылқы ұсталды, мұның өзі олардың ұзақ қашықтыққа тез жетуіне көмектесті. Әр салтатты дойыр қамшы, сойылдар, ат құрықтайтын немесе дұшпан мойнына салатын құрықтар мен шалмалар ұстады. Шалма лақтырып, садақ ату үлкен шеберлікті қажет етті. Бұл қарулармен жауды алыста тұрып-ақ жарақаттауға болады. Жебелерді атқанда 200-400 метрге дейін жететін.

Екі жақ та мылтықты қолданды. Дәрі мен атылатын және пілте мылтық пайдаланылды. Түйенің үстіне қойылатын зеңбірек қаһарлы қаруы болды. Бұл қарудың жарақаттау қашықтығы әрине , әлдеқайда жоғары болды.

      Қабанбай батыр тек алып күштің ғана иесі болмаған, ол әскери өнердің білгірі болған, ол соғыс ісінің тәжірибесін жинап, әскери өнерді дамытып, соғыс тәсілін шебер пайдалана білген.

      Соғыс болмайтын уақытта, тыныштық кезеңде Қабанбай батыр жасақ жинап, тұрақты түрде соғыс тәсілдеріне үйрете бастаған, соғысудың әдіс-тәсілдеріне машықтандырған. Себебі ұрыс тактикасына, соғыс тәсіліне, шайқас әдісіне ерекше мәнді көңіл бөлген. Қабанбай жасағын өзі қоныстанған жердің жағдайына қарай таңдап жаттықтырған. Соның бірі - Тарбағатай тауының үстіндегі Мыңбұлақ бастауларының жанындағы Ақбет биігінің төбесіндегі кең жазықта. Мақсаты – тұрақты әскер жасақтау болған белгілі.

Аты аңызға айналған, батырымыз Қаракерей Қабанбайдың қазақ халқының басына күн туғанда жасаған ерліктері мен Отанына сіңірген еңбегіі ұшан-теңіз. Оны өз заманының кемеңгер тұлғалары – Бұқар, Ақтанберді, Үмбетей , Тәтіқара, Сарышуаш, кейіннен Дулат, Ш.Уәлиханов, Құрбанғали Халид, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, С.Торайғыров, Б. Садықан, М.Әуезов, Е.Ысмайылов, Қ. Мұхамедханов, С. Ғаббасов, З. Қинаятұлы, т.б. ғалымдар, талай ақындар Қабанбайдың ерлігіне өлең-жырларын жолдарын арнаған.

Халық жазушысы Қ. Жұмаділов «Дарабоз» тарихи романында Қабанбайдың ержүрек тұлғасын бейнелеген. З.Сәнік, көп еңбек сіңіріп «Хан батыр Қабанбай» кітабын жарыққа шығарған. А.Ғабдуллина «Қабанбай батыр туралы тарихи жырлар мен аңыздар» деген тақырыпқа диссертациялық жұмыс қорғаған.

      Орыс тарихшысы Кузнецовтің жазбаларында: «Қазақ қолының солтүстік шығыс бөлігін Қабанбай батыр, оңтүстік шығыс бөлігін Абылай бастап жонғарларды шығысқа қарай тықсырып барады...» деп жазса, тағы бір орыс тарихшысы Вельяминов-Зернов Еділ қалмақтары Жонғарияға қоныс аудармақ болған кезде іргелес отырған қарақалпақ елін өздерімен бірге зорлап көшіріп әкетіп, жолазық ретінде пайдаланбақ болғанда, сол елді қалын қолмен құтқарып қалған адам Қабанбай батыры екендігін жазып қалдырған. Ал қаншама Қытай мұрағаттарында ашылмаған, зерттелмеген құжаттар жатыр.

      Қазақ батырларының соғыс әдістері айрықша болған, әр-түрлі соғыс тактикасын, соғыс тәсілін пайдалана білген : «Үш тоғыс соғысы», «Қаша ұрыс салу», «Екі аша соғысы», «Жүре соғыс», «Жекпе-жек соғыс», «Үлкәр жәрік соғысы», «Ошақ соғысы», «Қоян-қолтық соғыс», «Ай қораланды соғыс», «Қоян қашты жасау», «Шұбыртпалы соғыс», «Аламан соғыс, «Хилар соғысы», «Дода соғыс», «Құйрық жеу соғысы», «Ұры соғыс».

      Қабанбай батыр өз жасағына соғыстың тәсілін үнемі үйретіп отырған және басты әдісі ретінде тұтқиылдан шабуылға шығуға баса көңіл бөлген. Жекелеген жүздіктер мен мыңдық жасақтардың қимылдары бір мақсатқа бағындырылған.

      Әрбір ірі әскери бірлестіктің өз туы, яғни жауынгерлік белгісі болды. Ту- әскердің басты белгісі болды. Ол соғыс кезінде кем дегенде екі қызметті орындады : бірінші, ол қасиетті белгі, екінші, соғыс кезі мен сапта әскерге түрлі белгі беру үшін пайдаланған. Және Ту әскер қолбасшысының тек сыртқы белгісі емес, сонымен бірге әскери атақ пен данқтың белгісі болатын.

      Қабанбай батыр соғыс ісінің тәжірибесін жинап, әскери өнерді жүйелі түрде дамытып пайдаланған. Бас сардар әр ұрыстың, әр шайқастың әдісін үнемі қадағалап, бақылап отырған. Мысалы, «Құйрық жеу» тәсілінің мәнісі- кетіп бара жатқан жаудың ең артқы қосының артынан, екі бүйірінен тию. Жаудың алдыңғы қолының беті алда, сондықтан тығыштықпен өткен жерден арттан жау күтпейді. Ал арттағылардың алдыңғы қолға белгі беруіне мұршасы болмайды.

      «Айқораланды» ұрысы – жауды айландыра сыртынан қоршап алып, сонан соң біртіндеп қыса түсу. «Айқораланды» ұрысын салу үшін әскер саны аз дегенде жаудың қолынан бір жарым есе артық болуы керек. Саны басым әскер сыртқа қарай беттеген жаумен ұрыс сала отырып оларды қоршап алады. Қалмақтар білмеу үшін, кім сыртқа ұмтылса, сонымен соғыс салу. Садақ оғы қардай боратылады. «Қоян қолтық» қамадық, «Қаша ұрыс» салмақ жасалады. Артын «Қоян қашты» қылады. Оның мәнісі: атыс кезінде тірі қалған қалмақтар жанталасып, қырылғанына қарамай сытылып кетуге тырысады. Оларға ондай мүмкіндік оңайшылықпен берілмейді. Қырылып жатып, олардың біразы қашып шығады. Қашқан жауда береке бола ма,олар да бір қашқан қоян да бір. Олардың артына алдын ала дайындалған мерген сарбаздар жүйрік атпен түсіп, қашқандардың көбін жайратып салады.

      Бөлек қолы «құйрық жеу» соғысын салып, қалмақты көп шығынға ұшыратты. Өздеріде біраз адамды қара жер қойнына берді. «Ай-қораланды» соғысында жауды қоршап алады да, сыртқа кең тұрғандарға оқтың біреуі тисе де, үшеуі тимейді, ал ортадағы жиын топқа не қалмаққа,не атқа тиді...солай да болды. Ойбай, жылқы кісінесе, қарнынан тиген оқтан тулаған ат, ат бауырына тығылған жаяу қалмақ... Оларға айналып тоғануға мүмкүндік болмады. «Қоян қашты» жасадық. Нақ осындай соғысты Қабанбай қолы да салды – деп жазды Қазыбек бек Тауасарұлы.

      «Үлкәр жәрік» соғысы. Мұның мәнісі: бір майданға шауып жүз адам кіреді, ол өзінің алғашқыларымен соғысын бітіріп, ілгері өтіп, қайта майданнан шығып кетеді. Оның артынан шауып екінші жүз, оның артынан үшінші, төртінші келе береді. Осылай мың адам он рет бірінен соң бірі ұрысқа кіре береді, жау қанша мықты болса да, бұл тәсілге шыдай алмайды, быт-шыты шығады.

      Шорға өңірінде болған шайқаста қалың тал ішіне 2000 қолды жасырып қойып, біздің қосын әлсіреп бара жатқанда тұтқиылдан жаудың сырт жағынан қосымша күш қосып жеңген.

      Не болмаса түнде із тастап жауды адастыру, жау күтпеген жерден кенеттен пайда болу, апақ-сапақ уақытта Толағай тауын айналдырып түйе айдап, түйенің екі өркешін екі сарбаз етіп жауға елестетіп, құтын қашыру, тас қараңғы түнде жау арасына кіріп, оларды бір-бірімен соғыстырып қою сияқты әдістерді шебер пайдаланған. Күтпеген жерден тосқауыл қою, шабуыл жасау, жауды шегінген боп алдап, кенеттен шабуылға шығу – олардың негізгі соғыс тәсілдері болды. Олар дыбыс және әр түрлі қол қимыл арқылы бұйрық беруді менгерді.

      Шыңғыстың сыртындағы Шаған өзенінің бойындағы бір шайқаста барлық ақылшы билермен және батырлармен кеңескенде Қабанбай мынадай соғыс тактикасын ұсынады: «Өте қалың қолмен соғыспай, адам атты тынықтыра отырып, Орта жүздің әрбір батыры қол астындағы жасақтармен алма-кезек соғыс жасасын. Сонда адам тың, ат әлді, шығын аз болады. Ал жау жақ үрдіс соққыдан әлсірей береді. Әрбір майданға кезекпен жауапты болған батырлар соғыс өнерін көрсетіп тапжылмай соғысып, егер, әлі жетпестей болса сездірмей басқа жасақ басыларына хабарлап, майданды шеттеп босатып беріп еппен шегініп шықсын, майдандағы батырлардың барлығы біртұтас қолбасшылыққа бой ұсынсын, үш майданға ханның өзі қолбасшылық етсін. Өйткені батырлар да қажып шалдығу немесе өлім-жітім болып жаралану сияқты жәйттері кезіге қалса өзара сәйкесіп отыруға тура келеді».

      Бас қосуға қатынасқан батырлар мен ақылшылар бұл жобаны бір ауыздан қабылдайды. Сонымен бүкіл шеп мынадай орналастырылады:

1) Барлық жасаққа Қабанбай қолбасшы, Қазыбек ақылшы болсын. Бұқар барлық майданды бақыласын.

2) Жәнібек батыр екі жүз жасақ алып, Ескелді батыр ақылшы болсын.

3) Ақбантай батыр екі жүз жасақ алып, Боранбай батыр ақылшы болсын.

4) Бармақ батыр екі жүз жасақ алып, Сүбебай батыр ақылшы болсын.

5) Баймұрат батыр екі жүз жасақ алып, Байқазы батыр ақылшы болсын.

Бұлар төрт жаққа бөлініп, шағын топ болып іріктелген азаматтармен жаудың орайын күтсін. Ал Жәнібек пен Барақ жаудың ту сыртына жасырын өтіп, жау қашса, алдына орап соққыласын әрі жау жолындағы халықты қорғасын. Ақбантай мен Баймұрат жасырын түрде жаудың екі бүйіріне орналасып, жаудың қарсыласу күші басымырақ болса, бүйірден тұтқиыл шошындырып, қазақтардың жасағы мол екен деген сезімге келтіріп, үрейін алсын. Қабанбай, Жантай, Бөгенбай, Қасай тағы басқа батырлар қалған қолмен күшті шоғырландырып жау майданына қарсы шеп құрсын. Сөйтіп жауға тасқындай лап беріп атойлап аттансын. Белгіленген бір түннің ішінде жоғары төрт жасақ өзінің тиісті орнына келіп сақадай сай тұрсын.

      Біз енді жауға қарсы ашық қимыл жасаймыз, жау да бізді үздіксіз бақылайды, - дейді Қабанбай. Сондықтан Қоңыр таудың қыран жеріне шоғырланып, көрініс беріп тура қамалға қарсы жүреміз. Қараны молайту үшін Шаған бойының әр тұсынан шығамыз, біз қазір небары екі мың шамалы ғана адамбыз. Бұл жауға өте қораш көрінеді. Сондықтан әр жүз адам бір жасақ болып, әр бір жүзден түйені орталарына екіден жетектеп, жан-жағын қоршап, қараны көбейте отырып Қоңыртаудың шығыс жақ белеңіне асқанда түйені қалдырып қоялық. Сонан соң бірнеше адам түйені жауға көрсетпей жылғамен айдап қайтсын, мұны сездірмеу үшін әр жасақтан бес адам алдан шолғыншы жүріп, жаумен аралықта кім бар, кім жоғын білсін».

Дәл қимыл жасайтын мезгіл жеткенде, Қабанбай туды көтеріп алға сілтейді. Сақадай-сай тұрған қалын жасақ рет-ретімен өздерінің шеру жырын айтып, салтанатпен жау шебіне қарсы жорық жасайды. Мұның өзі, үнгірдегі жауды жазыққа шығарудың тәсілі еді.

      Қабанбай батыр ұрыс кездерінде ауа райының қолайлығын пайдаланған. Жаңбырлы күні білтелі мылтықтың істен шығатынын біліп, жасақтарын, жау бекінген биікке шабуылға жібереді. Сол уақытта әр тұстан күркілдеген, бірнеше мылтық атылды да, біраздан сон оның үні өшті, себебі дым тартқан мылтық от алып жарытпады. Осылай , Баспан-Базардағы шайқас қазақ әскерінің үлкен жеңісімен аяқталды.

      Өзінің Отаны мен Елін қорғаған бұл соғыс қазақтар үшін Ұлы Отан соғысы еді. Себебі Жонғар шапқыншылығында қазақ халқының ары таза, ол өзінің Жері мен Елін қорғады. Ал Қабанбай сұрапыл шайқастарда тапқыр қолбасшы ретінде танылды. Ол - асқан ұлтжанды, елін, халқын сүйген патриот.

Қабанбай батырдың қолбасшылық еңбегін, орыс халқы үшін сіңірген Кутузовтың еңбегімен парапар. Қабанбайдың қолбасшылық қабілеті, әскерді жігерлендіре білу қасиеті деп білеміз. Француздар Наполеонын қалай ұлықтаса, біз Қабанбайды солай ұлықтауымыз керек. Батырды тани түсу үшін, ол туралы жазылған еңбектерін жырларды, арнауларды, толғауларды зерттеп, оқу қажет.

      Қабанбай батыр – әскери өнер жолын қуған жастарды қайсарлыққа, отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелейді. Болашақ ұрпақ Қабанбай батырдың қасиетіне, ерен ерлігіне айрықша бас июі тиіс.

                                                                                                                                                                                                                                         (соңы)     

Қайрат Қарамаңдаев,

Құрлық әскерлері әскери институты, әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы, бауыржантанушы, тарихшы –зерттеуші, Б.Момышұлы, С.Нұрмағанбетов, М.Тынышбаев атындағы медалдарының иегері.

               

Aqsaqaldar.kz

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны