«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Қабанбай батырдың өмірі мен ерлігі, әскери өнері мен шеберлігі,соғыс тәсілі мен . әдісі.
Қабанбай батырдың өмірі мен ерлігі, әскери өнері мен шеберлігі,соғыс тәсілі мен . әдісі.
Дайындаған: 3 апта бұрын

Кім жетер Қабанбайға дуа қонған,

Үзілмей тұқымына қуа қонған.

Қожақұл, Әлі, Жақаш, ер Әділбек,

Сүлеймен оның ұлы шықты соңынан

Сара Тастанбекқызы

айтыскер ақын

Қабанбай – орта жүздің арыстаны,

Жау сасқан атын естіп алыстағы.

Қабанбай, ер Бөгенбай заманында

Кетпеген дұшпанына намыстары

«Қабанбай мінген Құбас ат» дастанынан

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Шақшақұлы Жәнібек,

Қаз дауысты Қазыбек,

Ормандай көп Орта жүз,

Содан шыққан төрт тірек.

Бұқар жырау

Қаракерей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Сары Баян мен Сағынбай,

Қумап па еді жауыңды,

Қуантпап па еді қауымды?!

Үмбетей жырау

О, Қабанбай көзелім!

Абылай сынды төреңіз,

Қасыңа әкеп тақ құрған.

Көтеріліп, күллі Алаш,

Өзіңді артық тұтынған!

Сарышуаш жырау

Жолдас еді Байжігіт ер Қабанбай,

Тағы да Қанжығалы қарт Бөгенбай.

Біреуі Бәсентидің Малайсары,

Төртінші Қаракерей би Боранбай.

                Көкбай ақын. «Сабалақ» дастанынан.

 

Бетіне дұшпан келмеген, келсе де теңдік бермеген

Хан батыр Қабанбай

Ойламай өз құлқынын, үстінде өткен жылқының,

Қорғаны еді Қабанбай, барлық қазақ жұртының

                                    Қаныбек Сарыбаев

Табиғатынан ерекше туылған, жаратылысы бөлек Қабанбайдың азан шақырып қойылған аты – Ерасыл. «Қабанбайдың сипаты» деген жырда Ерасылдың дене бітімінің ірілігі туған күнінен бастап-ақ байқалғандығы айтылады. Жырда былай дейді:

Қаңтарда туған екен шешесінен,

Ерліктің үлес ала есесінен.

Денесі бір жастағы баладай боп,

Байқалған ғаламаты мүшесінен

Оның дүниеге келуі, өсуі, ержетуі кәдімгі адамдардың туу, өсу табиғатынан ешқандай өзгеше емес.

«Болар бала оңынан» дегендейін, оның батыр болары сәби күнінен белгілі болыпты деседі. Тезек теріп, үйге кірген анасы талпынып отырған Ерасылдың жыланды мойнына қысып, өлтіріп жібергенін көріп, «Құдайға тәубе, әкесіне тартып батыр болады екен», - деп ырымдапты.

1692 жылы қаңтар айында қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Барлық тауының бөктерінде дүниеге келген.

Тоғыз таңбалы Найман тайпасы ішіндегі Төлегетайдың төрт баласының ең молы, қалың Қаракерей руынан тарайтын Байыстың Байжігіт тармағынан. Ал Қабанбай батырдың бабасы Байжігіттің әкесі – Тоқтарқожа. Тоқтарқожа шаруаға өте бейім, тіршілігі мол жігіт болса, шешесі Байыс бидің қызы Мақта өте дарынды, қара сөзге дес бермейтін ақын жанды екен. Тоқтарқожаның тегі қожалардың Шайбани тобына тіреледі. Қазақтар Шайбан ханды Сәйбек хан атаған. Сондықтан «Қабанбайдың жаралмашы» деген қиссада мынадай жыр жолдары бар.

Атамыз Тоқтарқожа Сәйбек ханнан

Уағында озған екен мың мен саннан

Опасыз бұл дүние қандай қайыр,

Кезекпен қалып жатыр талай жаннан

Аңыз бойынша Байжігіт би Тоқтарқожаұлы он төрт жасында билікке араласқан. Бұған нағашы атасы Байыс бидің ықпалы мен тәрбиесі зор болған. Әсіресе туған анасы Мақта әжей өз дәуірінің айтулы ақыны әрі шешені болған. Осындай көпжақты тәрбие және тамаша қоғамдық орта Байжігітің билікке ертерек араласуына мүмкүндік жасаған. Өзінің әділдігімен, ділмарлығымен, ақыл-парасатымен «әділетті ұлыс би» атанған Байжігіт биден Тоғас, Мәмбет, Жұмық аталары тарайды.

Мағұлым Байжігіттен үш ұл туған,

Жұмық, Тоғас һәм Мәмбет күнде думан.

Бұлардан неше түрлі жақсы шығып,

Батырлық, жомарттықпен белін буған.

Мәмбеттен Өмір, Дәулен, ер Қожақұл,

Ел болып қызық көрген бір талай жыл.

Өмір , Дәулен – өзі бай, өзі батыр,

Бұларды мақтауыма жетпейді тіл.

 

      Мәмбеттен Өмір, Күшік, Қожақұл, Қарақұрсақ (Арыс) тарайды. Қарақұрсақтың шын аты Ақтайынша екен. Бір жаугершілікте шешелері кішкентай ұлды төнкерілген тайқазанның астына жасырыпты да, кейін әлгі баланы ауыл-аймақ еркелетіп Қарақұрсақ атандырып жіберіпті. Қожақұлдан Қабанбай батыр туады. Әкесінің ағасы Күшік те – Қожақұл сияқты батыр болған кісі, ел азаттығы жолында күрескен, халық мойындаған өз заманының ержүрек батыры болған. Артында Есір, Дәулен атты екі ұл қалған. Солардың ішінде мал мен басы бірдей қаулап өсіп кеткені – Дәулен ұрпағы. Дәуленнен: Тұматай, Тоғалақ, Сұлу, Малбике, (Сұлумалбике), Тотия, Шүңет, Байкісі, Бесбай, Жамбол (Жалбол) атты тоғыз ұл туған.

Қабанбайдың денесінің ірілігіне қарап жеңгелері Нарбала деп атапты. Өйткені, он үш жасар кездерінде үйретіп мінген тайлары мөңкімек түгіл, қайқаң қағып, қайысқан күйі тәлтіректей теңселіп, оның әзер көтеретін көрінеді. Ерасылдың аяқтары мініп келе жатқан тайының еңселілігіне қарамай, жер сызып отырады екен.

Әкесі Қожақұлдың үш ұлы болған, Есенбай, Есенаман және кенжесі Ерасыл. Ағалары жылқы бағады. Жасөспіріім Ерасыл да жылқы бағуға көмектеседі. Әкесі батыр болыпты. Қалмақ басқыншылармен соғыста қаза тапқан. Есенбай деген ағасын жылқы бағып жүрген жерінен қалмақтар өлтіріп кеткен. «Қабанбайдың жаралмышы» деген жырдың кіріспесінде мынандай жолдар бар:

Қожақұлдан Есенбай, Есенаман,

Ерасыл дейтін туды және бір ұл.

Алды он бесте, кішісі жеті жаста

Әкесі өліп, шешесі қалыпты тұл.

Жасөспірім Ерасылдың жүрегінде шапқыншы жауға қарсы өшпенділік оты тұтанады. Ол әкесі мен ағасын өлтірген дұшпаннан кек алуға бел буады. Әкесімен аталас ағайындары ішінде атақты батырлар бар екен. Олар Ерасылға Қуат береді, сөйтіп Ерасыл ел қорғайтын батырлардың жолына түседі. Ата-бабаларының батырлық дәстүрі, өскен ортасынан көрген ерлік өнеге, дұшпанға деген ыза - кек оны осы жолға түсірген.

      Ерасыл 15-16 жасында жау арасына жасырын барып, ағасын өлтірген, жылқысын тонаған жонғар батырын өлтіріп, кек алған. Кейін әкесін өлтірген жонғардың батырын жекпе-жекте өлтірген. Жаудан әкесінің кегін алған соң, соғыс тактикасымен, ерлігімен, шеберлігімен, Ізбасар атанған кезі де болған.

Міне, бұл Қабанбай батырдың ең алғашқы ерлігі еді.

Осыдан кейін Ерасыл Алтайдағы Керей ішіне кетіп, апайы мен жездесінің қолында болады. Алтай жақта жүргенде Ерасылды күндеушілер де шығады. Бір байдың үш жігіті бір күні Ерасылдың ұстаған түлкісін далада тартып алмақ болып, оған жабылады. Бірақ үшеуіді Ерасылдан таяқ жейді. Мұны бір жылқышы көріп, үш жігітті мазақтапты:

Ізбасар бейне Қабан,

Ашуланса жаман.

Үшеуің бірдей жабылып,

Келе алмады шамаң.

Бір тышқан үшін таяқ жеп,

Ұят болды саған, -

деп өлең шығарыпты. Осыны естіген жездесі Ерасылды әзілдеп «Қабан» деп атапты.

      Арада бірер жыл өтеді. Ол өседі, отбасын құрайды, үйленеді. Малы да болады, шамалы көбейеді. Бір жолы қалмақтардан кек алуға аттанған жорыққа «Қабан» атанған Ерасыл да бірге барады. Осы жорықта қазақ батырлары жаудан көп олжа түсіріп, көп жылқы айдап қайтады. Олжадан жас батырға да едәуір үлес тиеді. Ол осыдан тез байып кетеді.

      Оның «Қабан» деген атының «Қабанбай» болып өзгеруі осы жағдайға байланысты делінеді аңызда.

Бір аңыз былай баяндайды: жасөспірім Ерасыл жездесінің елінде жүрген кезінде бірде жайлауға көшіп келе жатқан көш бір көлдің сағасынан өтерде, қаптаған қабан шошқалар жолды бөгеп, жүргізбей қояды. Сонда Ерасыл бір атты таңдап мінеді де, қолына еменнен жасалған қара шоқпарды алып, қабандарға қарсы шабады. Шоқпарымен бір-бір ұрып сұлатып, қабандарды жапырып тастайды. Сөйтіп, көштің сағадан өтуіне жол ашады. Осы оқиғаға байланысты Ерасылдың есімі, сол күннен бастап Қабанбай атанып кетіпті.

      Қабанбай батыр туралы жырдың бірінде (Ержан Ахметұлының нұсқасы) Ерасылдың «Қабанбай» болып аталуы оның қалмақтармен алғашқы шайқастарда көрсеткен батырлығына байланыстырылады. Оның ерлігін өз көздерімен көргендер: «бұл жігіт нағыз батыр екен. Соғысқа кіргенде жаудан жасқанбай, еш жағына жалтарап бұрылмай, қабанша тура жапырып өтеді екен, қимылы қабан сияқты екен», - деп сипаттайды да, осыдан кейін жас батырдың есімі «Қабанбай» атанып кетіпті.

      Ол кезде Жонғар хандығының қазаққа қайта-қайта шабуылдап тұрған шағы еді. Жонғар қонтайшыларын, әсіресе, Жетісу төңірегінің жайылымдық жерлері мен оңтүстік Қазақстанның сауда-қолөнер орталықтары қызықтырған. Олар өздерінің мал өрестерін кеңейту үшін қазақтың кең байтақ даласына басқыншылық ниетпен жыл өткен сайын тие шауып көз аларта бастайды.

      Жонғар билеушілерінің қазақ даласына терең енуді ұйымдастыруы, мал айдап әкетуі, ауылдарды шабудағы мақсаты сол болды. Көптеген жайылымдардан айырылып, әр түрлі рулар мен қауымдардың жаңа жерлерге орын ауыстыруы қазақ қоғамының түрлі топтарын ащы шындықпен санасуға мәжбүр етті.

      Жонғар басқыншылығы ұшыратқан бүкілхылықтық қасірет қазақ халқын ашу-ызаға булығуға ғана емес, сонымен бірге болып жатқан оқиғалардың бәрін ой елегінен өткізуге жетеледі.

      Қазақ және жонғар хандықтары арасындағы күрес барған сайын кескілескен және қан төгісті сипат ала берді. Жауға тойтарыс беруді ұйымдастыру үшін әр түрлі аймақтарды біріктіру қажет болды. Елді бір басшылықта ұстаған Әз-Тәукенің хандық құрған уақыты еді.

Жонғарлар – қазақ елінің оңтүстік шығысынан төнген ең қауіпті жау болды. Көшпелі жонғар қалмақтары қазақтардың оты, суы мол, құнарлы жайылымы көп, кең байтақ жеріне қызықты. Қазақ жерін жаулап алу үшін тынымсыз соғыстар жүргізген. Сыбан-Рабтанның тұсында жонғар қалмақтары 1699, 1704, 1711, 1712, 1714, 1717, 1721, 1723 жылдары Қазақ еліне ширек ғасырдың ішінде 8 ірі шабуыл жасаған. Қазақ халқы тарихында қайғы-қасіретке ұшыраған ең ауыр жылдар «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», « Ақ қайың сауған, тышқан жыл»(1723-1727) деп аталады.

Сол жылы Қабанбай 32 жасқа шыққан жылы болатын, Түркістан қаласын қорғайдың алдынғы шебінен шыққан: - Уа, халайық! Келе жатқан жау осал емес, елімізді, жерімізді сақтап қалу үшін, тек бізден бірлік керек. Түркістанды жауға бермеңдер, қазақ елінің шаңырағы жерге құлап түспесін деп, Түркістан қорғанысына қазақ біріккен қолын халықпен бірге ұйымдастырып қорғаған. Қазақ елінің басынан өткен бұл қайғылы кезең «Қаратаудың басынан көш келеді» деген халық өлеңінде терең бейнеледі.

      Жапон тарихшысы Зокота «Ресей мен Орта Азия» деген кітабында қазақтардың осы күресі туралы былай деп жазады: «сол кезде жонғарлар Орта Азиядағы ірі сахара патшалығы болды. Оған ұйғырлар қарсылықсыз бағынды. Қырғыздар бір мезет қарсылық көрсеткенімен, сұрапыл тегеурінге төтеп бере алмады. Ал ұзақ жылдар бойында жонғарлармен табан тірескен тек қазақтар болды».

      Қабанбай тек ерлігімен, батырлығымен ғана емес, басқа жағымды қасиеттерімен де танылыпты. Қызай руынан Есенкелді деген батырдың әйелі ұл тауып, жарық дүниеге нәресте келіп, ат шаптырып той жасайды, оған Қабанбайды құрметтеп шақырады:

Бұл тойға ер Қабанбай батыр келді,

Әдейілеп ол кісіні шақырды енді.

Жауына арыстандай айбат шеккен,

Найманның алтын туы Асыл келді.

Үйіне батыр келіп қонған күні,

Бабамның ұл туыпты қатыны енді.

Баланың атын өзім қоямын деп,

Қабанбай «Қабанбай» деп атын қойды, - дейді.

Ешкімге атын қойғызбайтын батыр осы балаға көңіл тартып, атын бергенде, баланың әкесі Есенкелді батыр: «Батыр сіздің атыңызды көтере алама» ? – деп сұрайды. Сонда Қабанбай:

Көтере алса Қабанбай болар,

Көтере алмаса Жаманбай болар, - деген екен.

Ол бала кейіннен Қабанбайдай ержүрек мінезді батыр болып өсіпті. Осының өзі – көрегендігі, болжампаздығы, сөз таба білетін шешендігі де бар аруақты батыр болғандығының дәлелдігі.

      Қазақ – жонғар соғысында аты әйгілі қазақ батырлары көп болған, бірақ солардың ішінде аты да, заты да бір бөлек, барлық батырға басшылыққа лайықты үздік қара болып көзге түскені Қаракерей Қабанбай еді.

Сондықтан Қабанбай – қырық жылдай қазақтың біріккен қолының қолбасшысы болған, данқты батыр. Ол – жонғарларға қарсы шайқаста жеке ерлігімен ғана көзге түскен жоқ, қазақ халқын басқыншылардан азат ету жолындағы күресті ұйымдастырушылардың бірі болып, күші басым жауға тұтқиылдан соққы берудің, бетпе-бет шайқаста айла асырудың, жекпе-жектің шебері ретінде танылған әмбебап батыр.

      Бір аңыз бойынша : «Шынғыс тауындағы Шаған өзінінің бойындағы ұрыста Абылайдың қолы Арқаны бойлап, қалмақпен қуа соғысып келе жатқанда, бір уақытта қалмақтар тәсіл жасапты. Бір жартастың үңгірінен кіріп, бекініп жатып, садақтан оқ жаудырады екен».Қамалды алу шынында, қиынға соғады. Абылайдың көп адамы қырылып, ашынған хан : Кімде кім осы қамалды бұзса, сол батырға «хан» атағын беремін, - депті. Ақырында Қабанбай мен Еспенбет батыр таңдаулы жасақтарымен жау қамалын тас-талқан етіп бұзып, жеңіске жеткен.

Қайрат қып қайсы батыр қамал бұзса,

Ел даңқына көтереді туды дейді.

Сөзіне Абылайдың қарап тұрып,

Қабанбай, Ер Еспенбет күлді дейді.

Абылай екі ерге жарыс депті,

Қорғаны берік жаудың алыс депті.

Қабанбай қасиетің бар еді ғой,

Талқандап тасташы бір жарып депті.

Ал енді барам десең, кешікпей бар,

Бойыңа қалың қайрат толсын депті.

...Бұзбақшы болды бұлар қамалды енді,

Сайлады ақыл, қайрат амалды енді.

Киініп сауыт-сайман әзірленіп,

Екеуі жан пидаға жүрді дейді.

Жабдығын жауға керек тізді дейді,

Анамыз ұл деп тапқан бізді дейді.

Қайраттанып ызасы бойға түсіп,

Қызарып екі көзі, қызды дейді.

Жай сабылып, қарсылық істесе де,

Қамалды талқан етіп бұзды дейді.

Бұзатын бір әдісті тапты батыр,

Бұзғанда айғайлады қатты батыр.

Неше мың болса-дағы кейінгі әскер,

Қаптады «Қабанбайлап» артқы батыр.

Ішіне қамалының кіргеннен соң,

Қалмақты қылышпенен шапты батыр.

Қырғынның бұл жердегі бейнесі сол,

Қамалдан қан дариясы ағып жатыр.

      Бар батырдан сен оздың, айтқаным айтқан, қайратың ұшін бұдан былай үнемі, жорықта қолбасы сен боласың және сенің атың «Дарабоз болсын, Қабанбай атың ұранға айналсын», - депті. Сонымен Абылай Қабанбайға «хан» атағын беріп, ал Еспенбетке зерлі тон жауыпты.

Қысқасы, қазақ жеңіп қалмақты алды,

Қабанбай хандай болып ардақталды.

Абылай Қабанбайды «хан» деп қақты,

Қымбатты Еспенбетке тонын жапты ...

      Өзге батырлар сияқты ол да қалыптасу сатысының барлығынан өтіп, әбден шыңдалған.

      Қабанбай - ержүрек, әрі айлакер батыр, талай ауыр сынға төтеп берген, оның бүкіл өмірі халықты жаудан қорғай жолындағы жорықтарда өткен. Жасырақ кезінде қауіп-қатерден сескенбей, жекпе-жектің шебері ретінде көбірек көзге түссе, егде тартқанда жас батырларды жекпе-жекке баули білуімен жау батырының осал тұсын қапысыз көре білуімен танылған, әрі жараланса да ұрыс даласын тастамаған қараберен баһадүр.

      Ол 18 – ші ғасырдың ең мықты, елеулі батырлардың бірі болған. «Түп тұқианнан өзіме шейіннің» 331-ші бетінде былай жазылады: «Осы Қарағайлыдағы он жеті күн болған соғыста Ерасыл бір күні кешке дейін майдан алаңында жалғыз тұрып, алты қалмақтың басын алған. Содан Жанбын дұшпан: «Мынау алған беттен қайтпайтын нағыз қабан екен», - депті.

Сонда 17-бетте : «Бұл қазақтың бар күшін салар майдан еді. Сондықтан да әзірлік ерекше болды. Егер қалмақтар жекпе-жек сұраса, кім барады, соғыстың арты қалай болады, қай мыңбасының қолы қай жерде, қай жақтан, қай мезгілде ұрысқа кіру керек, осының бәрі шешілді».

Осы жерде Қабанбай қолы қайда деген сұрақ туады. Ол бұл кезде Қарқаралы маңында ұрыс салып жатыр еді. Егер осы Жетісудағы майданға келе жатқан қалмақ қолына Қабанбай тосқауыл салмағанда, жау тым көбейіп кетіп, онда жеңіске жету екіталай болар еді. Сондықтан да Қабанбай қаптаған қалмақ қолын Қарқаралыда бөгеген-ді және оны ешкімнің ақылынсыз өзі ойлап білген.

      Қазақ елін жонғар шапқыншыларынан құтқару барысында Қабанбай өзінің туыстарының барлығын ұйымдастыра білген. Өйткені олар әулетімен батыр болған. Туған-туысқандарымен бірге жаумен шайқасқан.

      «Жақсыда жаттық жоқ» - дейді атамыз қазақ. Қабекең де бар қазақты жатсынбаған. Алайда ет бауыр жақынның орны бөлек қой. Қабанбайдың сондай ет жақын інілерінің бірі жыр-дастандарда айтылатын «Ту алып, тұлпар мінген ер Дәулетбай»дейді. Жұмық Саты баласы Дәулетбай Қабанбаймен бірге қалмақтарға қарсы шайқастың алғы шебінде жүріп ерлік пен көзге түскен батырдың бірі болған. Қабанбай Алтайдағы керей жерінде жүргенде Қарақұрсақ, Болат, Тама, Жаныс сынды он екі жігітпен бірге батырды елге қайтарып алып келгеннің бірі осы Дәулетбай.

      Қабанбай өзі қайтыс болар алдында ақ туын тек Дәулетбайға ғана тапсырып, «Елге ие бол, Қабанбай өлді дегізбе» деп аманат беруі жайдан жай емес. Қабанбай өзінің ерлік туын, елінің намыс туын жықпай биік ұстайтын бір сенімді мұрагері болса, «ол тек қана Дәулетбай батыр» деген сенімі жатыр.

Сол Дәулетбай батырдың жеті ұлы болған. Олар – Кетеш, Жәменке, Жантүгел, Марқа, Байтілес, Байтүгел, Қыстаубай. Ал Дәулетбайдың Кетеші әкесімен бірге Әмірсананы қуып, Құлыстайдан асырған жорықтарға қатысқан батыр. Тарбағатайдың Күнгейіндегі Кетеш сайы соның есімімен аталады. Кетештің кейнгі ұрпақтары Бақтиярдан 40 бұтағын қиыстырған Жанұзақ, Әрімжан ақындар. Әрімжан ақын Қабанбай мен Дәулетбай аталарының ерлігін шабыттана жырлаған.

      Батыр өмірін зерттеуші қос жазушы Қабдеш Жұмаділов пен Зейнолла Сәніктің айтуынша, Қабанбайдың жеті ұлы, бес қызы болыпты. Үмбетей, Сырымбет, Байтоқ, Едіге, Кішкентай, Мойнақ, Әлі атты жеті ұл өз заманында «Жеті Қабанбай атанған». Олардың бәрі де әкесімен бірге жауға қарсы соғысқан. Тіпті әйелі Гауһар да жасырақ кезінде жауға шауып «Гауһар батыр» атанған. Ал кенже ұлы Әлі билігімен, әулиелігімен көзге түсіпті. Жұрттың:

Сұрасаң арғы атамыз Әлі батыр,

Әрі би, әрі әулие, әрі батыр, - деуі осыдан.

Ал Әлінің ұлы Әділбек – бүкіл Қаракерейге тұтқа болып, елін жауға бермеген жойқын күш иесі. Ол Шыңжандағы қытайлармен, қалмақтармен соғыста көзге түскен батыр.

      Жасында Нарбала атанған қаһарман тұлға өз өмірінде талай-талай жекпе-жекке түсіп, сол жекпе-жектердің бәрінде жеңіс бермеген жойқын күш пен шебер айла-тәсілдің иесі болған, сөйтіп талай қалмақты жер жастандырған сайыпқыран сайыскер, нағыз қас батырдың өзі болған. Ол заманда батырдың батырлығы тек жекпе-жекте көзге түсіп, Қабекеңнің сайыстағы ерен ерлігі қазақтардың көп жағдайда жеңіске жетуіне басты себептің бірі болып отырған.

Және көшпенділер салтында батыр атану үшін кемінде жаудың бір батырын жекпе-жекте жеңу керек болған. Ал қолбасы, сардар атану үшін асқан ерлік, батырлықтың, соғыстың айла-тәсілін шебер меңгерген сұңғылалықтың сыртында артында тіреп тұрған елің, қолдаушы серіктерің болуы шарт. Осы шарттың бәрін ол орындаған.

      Қаракерей Қабанбай қатыспаған бірде-бір ірі шайқас болмаған. Қабанбай батыр осындай сұрапыл шайқастарға қатынасып, сол жекпе-жекке 103 рет шығып, барлығында жеңіске жеткен. Қалмақтың Арсалаң, Өлдежырғыл, Доланқара, Бадынжа, Церен-Доржи секілді талай нояндарын өз қолымен о дүниеге аттандырған. 67 –ті жасына келгенде Қабанбай қалмақтың жас, ірі денелі, қаракүш иесі Арқауыл деген батырын жекпе-жекте жеңгенін халық аңызға айналдырған. Қазақ батырларына бас, ерлік істерге ұйытқы болған ұлы қолбасшы өз кезеңінде атты әскер соғысының мықты стратегі, жекпе-жектің тендесі жоқ шебері болған. Осылайша есімі елге танылған Қабанбай қазақ жерін жаудан азат етуде алпыс жыл ат үстінен түспеген.

      Қабанбай жүз басыдан мыңбасы, мыңбасыдан түменбасына, одан Бас қолбасшыға дейін көтерілген. Ол елін қамын ойлаған ерен батыр, қазақ елінің қай бұрышынан жау тисе, ол солай қарай шауып, жауға қарсы соғысқан. Жонғарлар Абақ-керей елін қоршауға алып қырғынға ұшыратады, осындай қиын жағдайда Жәнібек батыр Қабанбайдан көмек сұраған. «Абақ шежіресі» деген жырында былай суреттелген.

Алтайға келген елдің Керей алды,

Жәнібек елге тірек бола қалды.

Керейді қалмақ шауып қырыпты деп,

Жәнібек Қабанбайға кісі салды.

Қабекең хабарды естіп келген екен,

Керейдің аққан қанын көрген екен.

Бірігіп екі батыр тізе қосып,

Сазайын қалмақтардың берген екен.

Моңғолмен екі батыр соғыс салған,

Түтігіп қара қалмақ найзаны алған.

Бере алмай бұған төтеп қалмақ жауы

Қобдаға қаша көшіп кетіп қалған...

Міне, осылай Қабанбайдың қалын қолы келіп, Абақ елін құтқарып, жауын женген.

      Ұлтымыздың белгілі ақыны, ағартушысы Мәшһүр Жүсіп Көпей (1858-1931) дана : «Қазақта Қаракерей Қабанбайдан асқан батыр болған емес» - десе, әйгілі ғалымы Құрбанғали Халид (1829-1913) «Шығыстың бес тарихы» деген еңбегінде : «Абылай ханның дәуірінде батыр және әскербасы болып келген адамдар – Қаракерей Қабанбай батыр, Алтыбай батыр, Ақтанберді батыр, Еспенбет батыр, Матай Шөнкей батыр, Керей Жәнібек батыр, Бура Ақбантай батыр, Қанжығалы Бөгенбай батыр, Бәсентиын Малайсары батыр және басқалар. Бұлардың әрқайсысы батырлықтарымен асқақ атақ, абырой алған болса да,олардың батырлығынан өресі биігі Қабанбай батыр еді» - деп жазған.

                                                                                                          (Жалғасы бар)

 

Қайрат Қарамаңдаев,

Құрлық әскерлері әскери институты, әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы, бауыржантанушы, тарихшы –зерттеуші, Б.Момышұлы, С.Нұрмағанбетов, М.Тынышбаев атындағы медалдарының иегері.

 

Aqsaqaldar.kz

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны