(Жалғасы) .
Елшінің ішімдіктен, ашкөздіктен, нәпсіқұмарлықтан алыс, таза жүректі, қанағатшыл, сабырлы болуы басты міндет ретінде қойылады. Білімі жағынан көп кітап оқыған, есепке жүйрік, бірнеше тіл білетін, медицина, астрономия және геометрия ғылымдарын меңгерген болу керек. Мемлекетаралық мәселені шешу барысында сөз астарын түсінетін, тапқыр, шешен тілді болуы маңызды. Елшілермен сұхбаттасу үшін шахмат пен нард ойнай білуі қажет. Сапарда көп жүретін болғасын найзагер, садақшы мерген әрі құсбегі болу керек. Бұл қабілеттері жолаушылап шыққанда қауіп-қатерден қорғануға және аң аулап жеуге пайдасын тигізеді. .
Елші зерек, білімді және ықтиятты болса, барлық жерде жақсы қарсы алады және мемлекет басшысы үшін пайдалы болады. Елші жауыз, ешкімге бағынбай босқа жүрген болса, күмәнсіз мемлекет басшысының қадірін кетіреді (2638-2639 бәйіттер, ауд. Б.Н.). .
Елшінің ішімдікке әуес болмау керектігі ерекше айтылады. Арақ ішкен кісі ханның сырын ашып, мемлекеттің құпиясын жайып салуы мүмкін дейді.
Хатшы. Ертеде көптеген мемлекет басшылары жанына хатшы, жылнамашылар ұстаған. «Құтадғу білікте» олардың лауазымы «бітікші», «ылымға» деп аталады. Хатшы, жылнамашы ретінде сырға берік, шыншыл, ханға адал, жанашыр кісіні таңдау керек дейді. Өйткені ол – мемлекеттің, ханның сырын білетін адам. .
Бұл сырды сақтау үшін ол шыншыл болуы керек; дінге берік, иманы кәміл болуы керек (2676-бәйіт, ауд. Б.Н.). .
Сырды сақтай алмай, өзгелерге айтса, әсіресе өзге елдің билеушілеріне айтса, оның жазасы ауыр. Кітапта сол туралы айта келе, ежелгі түрік қағанаттары кезіндегі Өтүкен бегінің сөзін мысалға алады. .
Әй, бектердің сеніміне кірген адам, сырды (мемлекеттік құпияны) берік сақта; сырды сақтамасаң, дереу басың кетеді (2683-бәйіт, ауд. Б.Н.).
Хатшы болған адам ділмар, шешен, сөзге жүйрік болуы керек. Өйткені ол мемлекеттің жылнамасын, хандардың өмірбаянын және халықтың тарихын жазады.
Қазынашы. Хатшыдан кейін «Құтадғу білікте» қазынашы туралы бөлім келеді. Оны қазіргі экономика және қаржы министрліктерінің қызметін атқарған лауазым деуге болады. Жүсіптің айтуынша, «қазынашы ақылды, әділ, ізгі, ханға, мемлекетке адал, жанашыр, ұяты бар, ісіне жауапты, тиянақты, мемлекет қаржысына ұқыпты, тіпті аздап сараңдау адам болуы керек». Қаржыны басқару үшін жастайынан молшылықта өскен, ақшаға құнықпайтын, құдайдан қорқатын, сауданың қыр-сырын меңгерген, тауарлардың арзан-қымбатын, құнды-құнсызын айыра білетін, кісімен жақсы тіл табысатын және қаржы саласының білгір маманы болуын талап етеді. .
Есепші барлық кіріс пен шығысты жазуы керек және барлық мәлімет жазылып сақталуы керек. Жыл, ай және күні жазылып, уақыты белгілі болсын; саны, айырмасы ашық әрі белгілі болады (2774-2775 бәйіттер, ауд. Б.Н.).
Қазынашы мемлекет басшысына жақын сарайда жүреді. Ол сарайда өзін дұрыс ұстай білу керек дейді. .
Аспаз бен ыдысшы. Сарайда билеушінің тамағы мен ыдысына жауапты аспаз бен ыдысшылар бар. Олардың ақылды, білімді, сыпайы, ұятты, қанағатшыл, өтірік айтпайтын, әділ болу керектігі айтылады. Билеушіге, мемлекетке адал қызмет етуі, мемлекет басшысының қауіпсіздігіне мұқият болуы керек. Сарайға кірген әрбір тағамды мұқият тексеріп, күмәнді және жарамсыздарын құртуға міндетті. Көптеген билеушілердің ажалы уланған астан келгенін айта келе, аспаз бен ыдысшының жауапкершілігі жоғары екеніне тоқталады.
Билеуші мен Бас уәзір арасында бұдан кейін мемлекет басшысының мойнындағы қызметкерлерінің хақысы қандай болатыны сөз етіледі. Олардың бірінші кезекте ішіп-жейтін асын беріп, жағдайы жақсаруына мүмкіндік жасалуы керек. Олар ыстық-суыққа шыдап, жан-тәнімен қызмет етіп, мемлекет үшін өзін пида қылады. Оның хақысын беру – билеушінің міндеті.
Қайырымдылық пен тамағын қызметіне қарай әділ бер; жалаңаш болса киіндір, аш болса тойдыр (2982-бәйіт, ауд. Б.Н.). .
«Күлтегін жазба ескерткішінде» Қағанның: «аз халықты көп қылдым, аш халықты тойдырдым» деген сөзі бар. Ал «Қорқыт ата» жырында ханның «ашты тойдырып, жалаңашты киіндіріп, қарызға батқанды қарызынан құтқарғаны» жазылған. Бұл ортақ идея ертеден түрік халықтарының ел басқарудағы негізгі ұстанымы екені даусыз. Сондықтан «Құтадғу білікте» елді қылышпен емес, біліммен, парасатпен басқаруды көрсетеді. Халықтың жүрегін мол қазына таратып, қайырымдылықпен, ізгілікпен жаулауды айтады. Бұған дәлел ретінде «Құтадғу білікте» мемлекет басшысының мынадай сөзі бар:
Енді тілегім мынау: маған келген адам байыса, менің саямда беделі артса, Бектердің қуанышы – ертеңінің пайдасы; нәтижесінде, жақсы атым қалып, маған дұға жасағаны жеткілікті (3019-3020 бәйіттер, ауд. Б.Н.).
Осындай сұхбаттардан кейін елге әділ заң орнатылып, халыққа мал-дүние таратылғаны айтылады. Билеуші одан соң Бас уәзіріне елді аралатып, халықтың жағдайы қандай екенін біліп отырады. Әсіресе, билік лауазымына ие болған қызметкерлер өз ісіне лайықты ма, лайықсыз ба, соны қадағалатады. Нәтижесінде, ел билеуде мемлекет басшысына көмекшілердің пайдасы көптігі айтылады.
Мемлекет басшысы жалғыз өзі қанша күш жұмсағанмен, көмекші болмаса, ұзақ уақыт билік жүргізе алмас (3123-бәйіт, ауд. Б.Н.). .
Халықтың жағдайы жақсарған соң мемлекет басшысы ел үшін еңбек ететін адал, кәсіби білікті қызметкерлердің көп болғанын қалайды. Бас уәзірге тапсырма беріп, ақылды, білімді, қабілетті, мінезі дұрыс және адал қызметкерлер іздетеді. Одан кейінгі бәйіттерде мемлекет қызметкерінің этикасы, мемлекетке қызмет етудің қыр-сыры және билік өкілі ретінде халықпен дұрыс байланыс орнатудың маңызы айтылады. .
Мемлекет қызметкерінің этикасы. Орта ғасырдың өзінде бабаларымыз құрған Қағанатта мемлекет қызметкерінің этикасы қалыптасқанын көреміз. Шығармада әртүрлі дәрежедегі лауазым иелерінің бір-бірімен қарым-қатынасы және мемлекет басшысының алдына кірген кездегі әдеп секілді қағидалары түгел баяндалады. .
Егер сен мемлекет басшысының алдына барсаң, көзің жерде, құлағың төрде болсын. Қолыңды қусырып ұста, аяғың түзу тұрсын; оң қолың сол қолыңның үстінде тұрсын. Есіктен кірерде әуелі оң аяғыңмен атта; саған бұйрық бергенде мұқият тыңда (4055-4057 бәйіттер, ауд. Б.Н.). .
Өзінен жоғары лауазым иесінің алдында аяғыңды айқастырып отырма, тырнақ алма, дауысыңды қатты шығарма, оған қарсы келме, құрмет көрсет деген секілді мемлекет қызметкеріне тән этикалық қағидалар айтылады. Сонымен қатар қызметкер мемлекеттің заң, ереже, қағидаларын жетік біліп, әрбір ісін заңға сәйкес орындауы тиіс. Осындай әдеп-қағиданы бойына сіңірген, билеушіге деген адалдығымен танылған, ақылды, білімді, қабілетті және мінезі жақсы кісілердің лауазымын жоғарылатып отырған.
Кім ақылды болса, оны шақырды; кім білімді болса, оны жоғарылатты (416-бәйіт, ауд. Б.Н.). .
Көшпелі өмір сүрген көне түрік халқында тапқа бөліну үрдісі болмаған. Қол бастаған батыр да, төрелік айтқан би де, елге ақыл айтқан данышпан мен ханның кеңесшілері, сарай қызметкерлері де қарапайым халық арасынан шығып отырған. Рулық қауымның нәтижесінде әр рудың бетке ұстар беделді тұлғалары ханның жанынан орын алған. Яғни, халық пен оны басқарушы билік өкілдерінің арасында таптық бөлінушілік емес, адамгершілікке, ізгілікке, бауырмалдыққа, ынтымақ, бірлікке негізделген қарым-қатынас бар. Айталық, төмендегі бәйітте ел арасынан шыққан лайықты кісілерге берілген лауазымдар туралы айтылады. .
Қайбірі Иабғу, Иүгрүш, Ел Бегі; қайбірі лауазымы теңдессіз Ер Өгі болады (4069-бәйіт, ауд. Б.Н.). .
Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» атты сөздігінде бұл лауазымдардың әрбіріне жеке-жеке анықтама берілген. Олардың ішіндегі ең үлкен лауазым «иүгрүш» деп аталады. .
«Түріктерде қара халықтан шығып, уәзірлік дәрежеге көтерілген кісі. Парсы және басқа да қауымдар қанша үлкен, қанша көп әрі қанша күшті болса да бұл мәртебені ала алмайды. Бұл лауазым Қағаннан бір дәреже төмен. Оған жібектен бір отау беріледі. Ол жаңбыр, қар және ыстықта құрылады». Сөздікте бұдан басқа Қағаннан үш дәреже төмен «түгсин» деген лауазым бар. Халық арасындағы көпті көрген, дана қариялар билік өкілдері үшін ықпалды, қадірлі болған. Оларға «өге», «өге тігіт» деген лауазымдар берілген. Олар Қағанның ел билеуші ұлдарынан бір дәреже төмен. .
«Құтадғу білікте» мемлекет ісіне, сарай қызметіне кейбір кісілер жас кезінде, енді бірі жасы ұлғайғанда араласады деп, екеуінің айырмашылығын айтады. Олардың ішіндегі жастардың мемлекет қызметіне келуіне ерекше мән береді.
Мемлекеттік қызмет қақпасын ашқысы келген адам, жас кезінен бастап, мемлекетке қызмет қылсын (4037-бәйіт, ауд. Б.Н.). .
Мемлекет қызметіне араласып, әртүрлі дәрежедегі лауазымға қол жеткізген кісілерге ел бірлігі үшін қызмет етуді міндеттейді. Билікке таласып, елді бүлікке бастауға немесе билікке қарсы бүлікті іске араласуына қатаң тиым салады.
Сен, мемлекет басшысына қарсы келіп өштеспе… (4086-бәйіт, ауд. Б.Н.).
Жүсіптің жырлауынша, мемлекеттің тұтастығы, тыныштығы, дамуы және болашағы ынтымақ-бірлікке байланысты. Билікке талас болған жерде халық жапа шегеді, мемлекет әлсірейді, тіпті жойылуы мүмкін дейді.
Билік өкілінің халықпен қарым-қатынасы. Билеуші әулеттен немесе халық арасынан шықса да, мемлекет ісі тапсырылып, қолына билік берілген әрбір тұлғаға халықпен, оның ішіндегі әртүрлі саланың адамдарымен қалай қарым-қатынас жасау керектігі «Құтадғу білікте» егжей-тегжейлі баяндалады. Сондай-ақ мемлекет басшысы мен халықтың ұстанымдарды көрсетіледі. Бұдан мемлекеттік басқарудың жетілгенін көруге болады. Әуелі қарапайым халық ішіндегі мінезі тұрпайы, білімсіз, төбелеске бейім адамдармен қарым-қатынас сөз етіледі. Ол «қара», «ғам» деп аталады. Қанша жерден мәдениеті төмен болса да, оларға жылы қара, ішіп-жеуіне тамақ бер. Алайда ашылып сөйлеспе дейді. Сонымен қатар қоғамның ең маңызды адамдарының бірі деп білімді ғалымдарды атайды. Олар халықтың сауатын ашып, білім береді.
Әлемде бұл ғалымдар мен білімділер жоқ болса, егілген нәрселер болса да, жерден жейтін ештеңе өнбейді (4048-бәйіт, ауд. Б.Н.).
Бәйітте сондықтан білімділер мен ғалымдарды құрметте, қажетін өте, оларға ізгілік жаса деп кеңес береді. Өйткені білімділер мен ғалымдар елді адастырмай тура жолға салатын, елдің шамшырағы дейді. Ғалымдардан соң дәрігерлер туралы баяндалады. Олар халықты түрлі аурудан арнайы шөптен жасалған дәрілермен емдейді, олардың қоғамдағы құқығын қорғауды міндеттейді. Онымен қоса, ауруларды дұғамен дем салып емдеушілермен де дұрыс байланыста болуды сөз етеді. Мұнан соң түс жорушылар және астрономдармен де көркем мәміледе болуды тапсырады. Жүсіп Баласағұн билік өкілдеріне ақындармен қарым-қатынасқа ерекше мән бер дейді. Өйткені олардың ауызынан шыққан бір ауыз сөз лезде бүкіл елге жайылады. Олардың сын сөзіне ұшырамауды ескертеді. Сонымен қатар қоғамның еңбекші топтары: егіншілер, саудагерлер, малшылар және қолөнер шеберлерімен қарым-қатынасқа айрықша көңіл бөлуді айтады. Олардың ақ адал еңбегімен дайындаған тамақ өнімдерінің арқасында қаншама халық өмір сүріп жатыр. Олармен жақсы қарым-қатынаста болуды айтады. .
Жүсіп Балағасұн «Құтадғу білік» еңбегінде «құт-берекеге кенелген билік қандай болады?» деген сұраққа жауап береді. Оны зерттеген әлемдік ғалымдар билікке қатысты кітап деп түсіндірген. Сондай-ақ түрколог ғалым В.Радловтың жасаған сөздігінде «білік» сөзінің білім және билік (царство, правительство) деген екі мағынасы берілуі де көп жайды аңғартады. Анығында «Құтадғу білік» бүгінгі тұрғыдан бағаланып, зерделеніп «Құтты билік» деп аударылуы тиіс. .
Осыдан он ғасыр бұрын жазылған Жүсіп Баласағұнның еңбегі елімізде жеке тұлғаны дамытуда, мемлекеттік басқаруды жетілдіруде, кадр дайындауда және идеология жұмыстарында таптырмас дереккөз. Ол әдеби көркем шығарма ғана емес, мәңгілік ел болу үшін мемлекеттік басқару тақырыбын көтерген құнды жәдігер. Ең маңыздысы, Елбасымыз жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мәселесі аясында халқымыздың рухын оятып, санасын жаңғыртуда маңызы зор. Сонымен қатар тәуелсіз мемлекетіміздің тамыры тереңде жатқанын көрсететін тарихи факт, баға жетпес байлық. (Соңы)
Сейіт Қасқабасов, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор
Бекарыс Нұриманов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың
PhD докторанты
Айқын газеті