«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Ғұмырбаяндық эссе
Ғұмырбаяндық эссе
Дайындаған: 2 ай бұрын

(жалғасы)

«Хан-Тәңірі» операциясы

1931 жылдың 26 шілдесіндегі «Хан-Тәңірі» операциясын іске асыру Нарынқол әскери комендатурасының басшысы Шалдинге үлкен сын болды. Ол осы жолы Мергенбайды өз қолымен ажал құштыратынын айтып, қызыл әскер алдында серт береді.

«Хан-Тәңірі» операциясы барысында Шалдин бастаған Нарынқол заставасы мен Нарынқол Партия комитетінің хатшысы (Олег Мухин әсірелеп жіберген. Дұрысы Черненко әскери комендатураның саяси жетекші (политрук) болған) Константин Черненконың қолы – оңтүстіктен,  Сүмбе заставасының басшысы Волосевич бастаған отряд – солтүстіктен соққы беру ұйғарылады.

Әскери комендатураның саяси жетекші Константин Черненко телефон арқылы Мергенбай жасағымен соғысудың шебері саналатын Жаркент шекара отряды оқу-жаттығу эскадронының командирі Головинмен ақылдасады. Головин әскер санының көп-аздығы ештеңе шешпейтінін, мүмкіндігінше қызыл әскерді оңтайлы позицияда, яғни Мергенбай жасағынан биік жерге бекіндіру қажеттілігін айтады.

300 үйлі қазақты көшірген Мергенбай жасағы Қақпақ аңғарын бойлай жоғары өрлегенде бұлардың соңына мұздай қаруланған 30 шекарашы түседі.

Енді Жанболат Ауыпбаев ағамыздың осы оқиға туралы жазған дерегін қысқартып, өз нұсқамызда назарларыңызға ұсынайық.

Мергенбай бастаған қол қызылдармен атысып, қырғыз жеріне өтіп кетеді. Арғы жақтан қырғыз әскерімен шайқасу қаупі төнген соң, қайта қазақ жеріне қайтуға мәжбүр болады.

Мергенбай бастаған көш Қақпақ аңғарына түсіп, Сары­қолатқа жетіп, одан Бозымбай сайына келеді. Артынан қалмай келе жатқан Шалдин мен Волосевичтің қолы екі жақтан тысқырып, Мергенбайдың көшін Тұйықашаға тірейді. Басқа барар жері қалмаған көш Тұйықашамен өрлеп отырып, Асутөрге келеді де қос қап­талы қалың қар, қарсы беткейі көк мұз Мұздауанның шатқалына барып тығылады. Шатқалға кіретін жалғыз жол бар, ал мұзды асудан ары өтіп кету мүмкін емес.

Мергенбай алдымен қолында қаруы бар 18 адамды көштен екі шақы­рымдай жердегі шоңғал тасты мүйіске тосқауылға қояды. Содан соң епті, қимылы ширақ деген 30-40 жігітті тағы да іріктеп алып, қолдарына балта, шот береді де дереу асу­дың мұзды қапталынан адамның аяқ ұшы тұратындай кертпеш-кертпеш ойық жасауға жұмылдырады. Ал қалған қатын-қалаш, бала-шағаға комотряд келіп қалмай тұрғанда сай табанына барып, мол ғып отын жинап әкелуге әмір береді. Қашқындар көші қу жандары үшін осылай арпалысып жатады.

Бұл кезде шатқал аузына жақындаған Шалдин әскерін мергендер тобы алыстан жасқай атып, сай аузына маңайлатпай қояды.

«Қаш­қын­дардың осынша адам, осынша малмен ақ қар, көк мұз жапқан мына тұйық сайда жата беруі мүмкін емес. Екі-үш күннен кейін олар жағарға отыны, мал жаяр өрісі һәм ішерге тамағы жоқ (Мергенбай көшкен елге алдын ала «түймеш»  дайындататын болған. Яғни, малдың етін шала пісіріп, қарынға салып алады. Осындай қиын сәтте сол түймешті бір қайнатып жіберіп, әскер де, ел де жүрек жалғайтын болған)  жерден өздері де безіп шығып, бізге келіп беріледі. Сондықтан сол сәтті асықпай күтейік», – деп қызыл әскер шатқал аузына бекініс жасап күтеді.

Мергенбай жасағы қарлы асуға алдымен екі қатар етіп адам аяғы тұрарлық ойықтар жасап шығады. Содан соң сол баспалдақтардың орта­сындағы ашық жердің ұзына бойына көштегі киіз үйлердің туырлығын кесіп-кесіп, мұзға сырғы­май­тын­дай етіп жабулайды.  Сол «киіз соқпақпен» мал да, адамдар да арғы бетке аман-есен өтіп кетеді.

Ел аузында Мұздауан Мергенбайға өткел бергенде бір ақсақал мен қомы төмен болып қалған бір түйе ғана шығын болғаны айтылады.

Ал, қызылдар А.К.Волосевич (Сүмбе завтавасының жанындағы мазары туралы жоғарыда жаздық), В.В.Саенко атты екі әскерінен айрылып, В.И.Петров ауыр жараланады. Осы қаза тапқан екі солдаттың бірінің шала-жансар жаны шықпай жатқан екен. Оның мылтығын алуға барған Өмірбай деген батырды сол әскер атып жіберіп, шейіт кетеді.

Шалдиннің қызыл әскер алдында берген сертін орындай алмаған бұл жеңілісі коммунистерге ауыр соққы болды. Кеңес үкіметі сол күндері Қытай мемлекетіне нота жолдап, Мергенбай алып өткен 300 үйді қайтарып беруін талап етті.

 

Шалдиннің шәшкесі

Мергенбай қолы Қытайға көшті аман жеткізе салып, елу шақты сарбазымен қайтадан шекарадан бері өтеді. Көште қалған бірер сарбаз бір апта демалғаннан кейін ғана ішкері көшуге дайындала бастайды. Бұл кезде Кеңес үкіметінің Қытайға жолдаған нотасында айтылған тапсырманы орындау үшін шекара күзетіндегі қалмақ-сібе әскері көшке тұтқиылдан шабуыл жасайды. Елді тонап, бірнеше адамды өлтіріп, көшті Нарынқолға бір-ақ айдап әкеледі.

Айдап әкелген елді Шалдин атқораға қамап, тергей бастайды. Мұны естіген Мергенбай түн ішінде Нарынқолға астыртын кіріп, Шалдинмен бетпе-бет кездеседі. «Тұтқындары дереу босатпасаң, Нарынқолдағы бекіністеріңнің күлін көкке ұшырамын» дейді де шай ішіп отырған шәшкесін атып түсіреді.

Мергенбай бұл оқиға туралы: «Бұрын дәмдес болған адам еді, өлімге қимадым» деген екен (Бұл оқиғаның «Мергенбай өзеннің арғы жағында тұрып, Шалдиннің су ішіп тұрған шәшкесін атып түсірген» деген нұсқасы да бар).

Мергенбайдан қорыққан Шалдин тұтқындарды тізімдеп, бір-бірден босата бастайды. Осы кезде ел арасынан бір сатқын шығып, Мергенбай жасағындағы сарбаздардың өте аз қалғанын, Нарынқолдағы заставаны қиратуға шамасы жетпейтінін хабарлайды. Мұны естіген Шалдин тұтқынға түскен Мергенбай сарбаздарын Жаркентке айдатып жібереді. Өмірбайдың кегін алған сарбазды Жаркентегілер айуандықпен азаптап өлтіреді.

«Хан-Тәңірі» операциясындағы сәтсіздіктен кейін Шалдин қатаң сөгіс алып, тағы қызметінде қалды. Бірақ, мұнан кейінгі шайқастарда да Мергенбай жасағына қауқар таныта алмаған соң, оның орнына Калоев деген ұлты осетин азамат тағайындалды.

 

Калоев қырғыны

Әйгілі Константин Черненконың (Мергенбай жасағын талқандай алмаған Константин Черненко кейін Қорғаста Бекмұратов жасағын жойып, қызметі жедел өскенОл 1984 жылы КСРО Жоғарғы Кеңес Призидумының төрағасы болып, Кеңестер Одағын басқарды) Калоев туралы айтқан әңгімесіне кезек берсек.  Константин Черненко - 1984-1985 жылдары КПСС ОК Бас xатшысы және КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төрағасы болды.

Біздің білуімізше, Калоев келе сала Қытайға қашқан елді аямай қырып, аты шыққан еді. Ол туралы үзеңгілес досы Черненко: «Бір күні Калоев Мергенбай жасағы шекараны бұзып өткенін хабарлап, дабыл қақты. Біз оған жер жағдайын жақсы білмейсіз. Бұл шайқасқа бармай-ақ қойыңыз» дедік. Ол біздің айтқанымызға көнбеді. «Менің қасымда жер жағдайын білетін қызыл әскерлер болады. Мұндай сәтте қол қусырып отыра алмаймын» деп отрядты өзі басқарды.

Калоев бұрынғы Шалдин секілді атыс болып жатқан жерге төте барған жоқ. Мен бастапқыда командирдің бар болғаны үш шекарашы атысып жатқан жерге бірден көмекке бармағанын түсіне алмадым.

Сөйтсем, ол Теріскей Алатауға төте тартып, Мергенбай жасағының алдын орауды ойлапты (алда көш кетіп бара жатқан). Біз Мергенбай жасағының ту сыртынан келіп соққы бердік. Бұл шайқас бір тәулікке созылды. Мергенбай әскері сытылып кететін жол таба алмай қиналды.

Екі жақ та оқты көп шығындамай атысты. Оқ дәрі таусылып, шайқас аяқталған соң, біз өлгендердің сүйегін санадық. 30 банды тіл тартпай кетіпті. Мергенбайдың жаралы жеті әскерін қолға түсірдік. Бізден бірде бір адамның шығыны болған жоқ» дейді.

30 банды дегені қызылдардың озбыр саясатынан қашқан қарапайым халық болатын. Бүгінгі тілмен айтқанда, босқындар еді.

 

«Қаңғыған оқ»

Мергенбайды Калоевтің қырғыны да тоқтата алған жоқ. ОГПУ чекистері Мергенбайға қазақтың өз ішінен шыққан адам болмаса, қызыл әскердің шамасы жетпейтінін анық аңғарды. Қызылдар 2-3 жыл бойы «Мергенбайды қолға түсіремін» деп қаншама әскерінен айрылды. Елдің тең жарымынан астамы Мергенбай сынды батырлардың күшімен Қытай асып кетті. Сондықтан да, қызылдар Мергенбайдың көзін жою үшін арнайы жансыздарды жіберуді жиілетті.

Батырдың айналасындағы адамдардың ешқайсысы да Мергенбайдың атын атамайтын. Мергенбай өзіне астыртын қатер төнуі мүмкін екенін біліп, жұртқа «Мені Аманжол деп атаңдар» дейді екен.

1932 жылдың күзінде Мергенбай батыр Ойқарағай тауымен тағы бір көшті бастап, Қытайға аман алып өтеді. Көшке Жабыр қырқасынан аса бергенде арып-ашқан екі жігіт келіп қосылады. Әңгіме төркініне қарағанда олардың да ойы шекара асып кету екен. Жұрт бұл екеуінен күдіктенбейді, қайта мүсіркеп қатарларына қосып алады.

Көш таң ата Хасан қиясынан өтіп Қытай жеріне аяқ басады да, Текес өзені маңына келгенде қалмақтардың  тосқауылына тап болып, атыс басталады. Шайқаста Жүкебайдың ұлы (Керімбала апаның ұлы) Нұр оққа ұшады. Мұны көрген Мергенбай: «Қап, мына ит қалмақтың қапыда біреудің жалғызын жайратқанын-ай... Атыңдар, аямаңдар кәпірлерді! Қырыңдар» деп жауға қарсы бес оқ шығарып, көшті бір айналып, қорамсаға қол салғанда, ту сыртынан екі рет оқ атылады. Оқ жотадан тиіп, қарнын жарып шыққан. Батыр тілге келмеген күйі жүріп кетеді.

Сұмдығы сол, ажал оғының алдынан емес, артынан орағытып келгені еді.  Ту сырты деген сөз – көш, көштің іші емес пе? Жұрт осы күнге дейін бұл қазаны, елден үдіре ауып бара жатқан көшке Жабыр қырқасынан  кездейсоқ қосылған екі жігіттен көреді. Бұлар «ОГПУ-дің әдейі дайындаған жансыздары еді» деседі.

«Қазақты коммунистердің озбыр саясатынан арашалап қалам» деген асыл ердің ақтық демі 49 жасында Текес өзенінің бойындағы Құрманжан көпірі маңында мәңгілікке үзілді.

Үлкендер қандас, рулас ағайынның арасы бүлінбесін деген ниетпен «Мергенбайға Текес бойындағы шайқаста қаңғыған оқ тиіп, шейіт кетіпті» деседі. Содан болар, қаңғыған оқтың қазақты қандай оғланынан айырғанын біз әлі де бағамдай алғай келеміз.

Құдайберген Мергенбайұлы Жаманкөзов

 

Сөз соңы

Мен осы мақаланы жазар алдында Райымбек ауданы Текес ауылында тұратын қазақтың Мұздауанына айналған батырдың ұлы Құдайберген ақсақалдың шаңырағына соқтым. Батырдың туыстары жиналып, маған өздері білетін біраз әңгімені айтып берді.

Құдайберген ақсақалға әкесі Мергенбайдың оқ тесіп өткен бешпетінің жұрнағынан ырым жасап киім тігіп берген екен.  Сол бешпетті киген 2-3 жастағы сәби қазір тоқсаннан асыпты. Ақсақалдың маған әңгіме айтуға күйі болмады. Бірақ, Мергенбай батырдың жүріп өткен соқтықпалы-соқпақсыз жолын Құдайберген ақсақалдың жанарынан көргендей әсерде болдым.

 

Түйін

Ұлы даланың ең биік нүктесі Хан-Тәңірі маңындағы Мұздауанның қойнауы толған адам сүйегі... Егер Мергенбайлар тірі болса, ол асуда мұнша халық қырылар ма еді? Мені осы сұрақ мазалайды...

Мергенбайдың рухы Хан-Тәңірідей асқақ еді. Ол – коммунистік-тоталитарлық жүйеге Мұздауан секілді өткел бермес асу болды.

Ол Асу қазақ деген халық барда күн санап асқақтай береді....

(Соңы)

 Автордың бүркеншік есімі:    Бандының баласы

10 қаңтар, 2019 жыл

 

Қанат Әбілқайыр

Abai.kz

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер