«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Ғұмырбаяндық эссе
Ғұмырбаяндық эссе
Дайындаған: 3 апта бұрын

Мергенбай Жаманкөзұлының                                                                                                      

туғанына 135 жыл толуына орай

Ұлы даланың ең биік нүктесі Хан-Тәңірі маңындағы Мұздауанның қойнауы толған адам сүйегі...

Қыста сол Мұздауанның қар-мұзы жүзін жасырған, жазда қасат қар жіпсігенде беті ашық қалатын көп қаңқа кімдікі?

Ол – менің бабаларым, ол – менің аналарым... Бабаларым мен аналарымды ғана емес, бесіктегі баланы да, қалт-құлт еткен шал-кемпірді де Мұздауан жұтқан.

Жоқ, қателесесіз! Ол сансыз халықты қынадай қырған Мұздауан емес – Кеңес үкіметі. Қызылкөз коммунистердің шеңгел-идеологиясынан қашқан қазақ Мұздауанның қолтығына тығылды. Қормалы жоқ қара халықты қызыл жендеттер қырып салды.

Осыдан бар болғаны 90 жыл бұрын кеңестік тоталитарлық ноқтаға басы сыймай, Қытайға қашқан мыңдаған қазақтың шашылған сол сүйегінің құнын сұраушы бар ма, бүгінде?!.

Әлқисса...

Қош! Өткеннің құнын даулаушы, кейінгі ұрпаққа кешегі қанқұйлы жылдардың тауқыметін ұқтырушы басқа емес, сол өлкенің ресми билігі һәм өз азаматтары болуға тиіс-ті. Шекара өтінде мыңдап қырылған қазақты зауалдан арашалап алмақ болған батырлар туралы үздіксіз ізденіс жасап, тасқа қашау да алдымен Нарынқолдан басталуы керек еді.

Бірақ... Бірақ ескі сең әлі бұзылмапты. 2018 жылдың 17 қарашасында Алматы облысы Райымбек ауданының «Хан-Тәңірі» газетінде қазақтың басына әңгіртаяқ ойнатып, қынадай қырған А.К.Волосевич, В.И.Петров, В.В.Саенколарды – ержүрек батыр, оларға тойтарыс берген Мергенбай Жаманкөзұлын қарақшы атандырған мақала жария болып кете жаздады.

https://abai.kz/content/uploads/2019/01/2-1-300x252.jpg

«Хан-Тәңірі» газетінің Facebook парақшасында жарияланған мәтін

Алтай мен Атыраудың арасындағы қазақтың ұланғайыр Ұлы даласы Президент мақаласының мәнін ұғып, «Рухани жаңғырып» жатқанда рухани тұрғыда түлей алмай отырған газетке де, оны жазған авторларға да дер кезінде қарсылық көрсеттік. Баспада басылғалы тұрған газет түзетілді. Басылым халықтан кешірім сұрады.

Осы бір ұятты оқиғадан кейін санаға сіңген кеңестік идеологиядан әлі де азат бола алмай отырғанымызды аңғарып, жұртты сәл де болса «рухани жаңғырту»  үшін Мұздауанда шейіт кеткен мыңдаған қазақ, сол қазақты құтқару жолында шыбын жанын шүберекке түйіп, қанмайданға кірген батыр Мергенбай хақында өзім білетін біраз жайды жазбасам болмайтынын ұқтым.

Обелиск-мазар хақында...

«Хан-Тәңірі» газетінде жазылған Волосевичтің мазарын бала кезден көріп өстім. Шағын ғана ескерткіштің топырағын қопсытып, ай сайын қоршауын сылап-бояу шекара бекеті әскерлерінің міндеті іспетті еді. Тас белгінің басында бес жұлдызды темір тұратын. Азаттық алғанға дейін ол бес жұлдыз қызыл түске боялатын. Тәуелсіздіктен кейін ол көк түсті бес жұлдызға айналды (соңғы жылдары қайтадан қызылға боялып жүр). Бар өзгеріс – осы. Біздің елдегі Ұлттық қауіпсіздік комитетіне бағынышты Шекара қызметі саласы рухани тұрғыда түсті өзгертіп қана түледі.

Тіпті, осы бір мазарды қастерлеп, құрмет көрсету әлі де тоқтаған жоқ.

Мен бұрын әкемнен:

– Бұл кімнің мазары?  –  деп сұраушы едім.

– Баяғыда Қытайға қашқан елді аяусыз қырған заставаның басшысы болыпты. Соны Мергенбай батыр ебін тауып жер жастандырған екен, – дейтін ол (Волосевичтің қаза табуы туралы тарихты кейінірек жазатын боламыз).

Мен содан бері Мергенбай батыр жайында айтылған әр аңызға құлағымды түре жүретін болдым. Кейіннен классик жазушы Бердібек Соқпақбаевтың Мергенбай туралы роман жазу үшін ел-аузындағы аңыз әңгімелерді жиғанын естіп, батыр тұлғасына деген қызығушылығым тіпті артты. Кеңестік жүйе болмағанда Бердібек ол романын сөзсіз жазар еді. Ол роман қағазға түссе, бүгін арамтер болып бұл жазбаны шимайламас едім. Қош!

Мергенбайдың есімінің қойылу тарихы

Бердібектің роман арнағысы келген қай Мергенбай? Тарихтан аз-кем хабары бар адам осы сұрақты төте қояры анық.

Хан-Тәңірі өңірінде Алашқа аты мәлім екі Мергенбай өмір сүрді. Бірі болыс, күйші – Мергенбай Ерденеұлы. Ол – тоғыз әйел алып, ұрпағы рулы елге айналған, қалмақпен де, қырғызбен де шайқасып, батырлығымен артынан қилы аңыз ерткен тұлға.

Екіншісі – біз сөз етіп отырған Мергенбай Жаманкөзұлы. Бердібектің таңдауы Мергенбай Жаманкөзұлына түскені анық. Өйткені, жазушы ағамыз Жаманкөзұлы Мергенбайдың ерліктерін көзбен көрген қаншама ағайынмен таныс-біліс болды.

Елдің айтуына қарағанда Мергенбай батыр дүниеге келерде (1884 жыл)Жаманкөздің әйелін бірнеше күн толғақ қысып, қатты қиналса керек. Сол күндері жолаушылап Жаманкөз ауылына Мергенбай Ерденеұлы келіпті. Ежелгінің салтымен батыр толғақ қысқан әйел жатқан үйдің сыртынан қамшымен «шық, шықтап» аластағанда шекесі торсықтай ұл туыпты-мыс.

Ел «батырдың қасиетінің арқасында аман-есен дүниеге келді» деп қызыл-шақа сәбиге ырымдап Мергенбай деген ат қойған. Жұрттың тілеуін Құдай беріп, Мергенбайдың аты бала кезінен-ақ ел аузына ілігеді.

Осташкиннің марапаты

«Бала кезден аты шықты» дегенді дәлелдеу үшін мына бір деректі алға тартамыз. Ел аузында Сарыжаз әскери комендатурасының басшысы Шалдинмен Мергенбайдың қалай танысқаны жөнінде аңыз сақталған.

Мергенбай бағып жүрген жылқысын суғару үшін таудан Қақпақ өзеніне түседі-міс. Өзенге келсе, қос ат жеккен арба су ішінде қайраңдап тұр екен.  4-5 қызыл әскер атты арбаны судан шығара алмай, әбігерленіп жатады. Мергенбай өзенге түседі де, белуардан суға батқан арбаны итеріп жағаға шығарады. Қызыл әскердің командирі дала қазағының жойқын күшіне тамсанып: «Мынау нағыз батыр екен» деп арқасынан қағады.

Шалдин мен Мергенбай осы оқиғадан кейін төс қағыстырып, дос болыпты. Шалдин Мергенбайды отряд командирі етіп, шекара қорғау қызметіне алыпты.

Аңыз түбі – ақиқат. «Халық айтса, қалт айтпайды»... Бірақ, сол «ақиқаттың» нақ сипаты қандай?

Мергенбайдың Владимир лентасы һәм күміс медальмен марапатталғаны туралы құжат (44-қор. 1 тізбе, 1735-іс, 17 парақ. Дерек тарихшы Р. Оразовтың жеке қорынан алынды).

Біздің білуімізше суға кеткен арбаны құтқару ерлігін Мергенбай Жаманкөзұлы 19 жасында, яғни 1903 жылы Ақ Патша тақтан таймай тұрып жасаған. Патша әскері болыстықтардың құжатын арбаға тиеп, Жаркентке апара жатқан кезде Қақпақ өзенінің суы тасып, өткел бермейді. «Судан арбаны өткіземіз» деп жүріп, әскерилер қаза табады. Патша әскеріне Дүйше Сұлтанов (қырғыз) пен Мергенбай Жаманкөзов көмектесіп, мемлекеттік маңызы бар құжаттарды өзеннен аман-есен өткізіп береді.

Осы ерлігі үшін Жетісу облысы әскери вице-губернаторының жарлығымен Мергенбай Жаманкөзұлы марапатқа ұсынылады.

Мергенбайды марапатқа ұсынған вице-губернатор Павел Петрович Осташкин

Осташкиннің қолы қойылған осы марапат Мергенбайға тиген соң (Мергенбайға марапатпен қоса аты-жөні жазылған бесатар мылтық тарту етілген), ел оны «батыр» атап кеткен.

Бұл оқиғаны ел аңызға айналдырып, Кеңестік кезеңде болғандай етіп өзгертіп жіберген. Кеңес үкіметі Нарынқолға орнаған 1918-1920 жылдарда Мергенбай батырдың атағы алты қырдан ары асып, есімі естілсе, қалмақтың жылаған баласы (бұл тұста түрлі барымта шайқастары болып тұрғаны белгілі) уанатын уақыт еді. Шалдиннің арқадан қағуына батыр ол кезде мұқтаж емес болатын. Кеңес Үкіметі Нарынқолға туын тіккен тұста Мергенбай Хан-Тәңірдің көкжалына айналып, елді уысында ұстап тұрды.

Бірақ, аңыздың жалпы сұлбасы мен деректік құжат арасы тым алшақ емес. Екеуінде де арба суға кеткен, екеуінде де батыр атанғаны айтылады. Біз архивтік дерекке сүйеніп, аңызды ақиқатқа айналдырып отырмыз.

Шіркеудегі мазақ

Қайтадан Патша уағына оралайық... Жанболат Ауыпбаев ағамыздың «Тянь-Шанның ковбойы» атты әйгілі мақаласы бар. Сол мақалада айтылған жайдың сұлбасы мынау (біздің нұсқа бойынша)...

1872 жылдан бастап Ресейден қазақ жерін отарлау үшін келген қарашекпен орыстар құйқалы жер Нарынқолға «Охотничий» атты бекініс салып, орнығады. 1904-1906 жылдарға таман қарулы орыстар күшейіп, бекініс маңына жақындаған, өзеннен су алмақ болған қазақтарды атып тастайтын оқиғалар болған. Отарлаушылардың зорлық-зомбылығына шыдамаған қазақтар Ұзақ (Саурықұлы)батырға шағымдана бастайды.

Ұзақ батыр ақсақалдармен ақылдасып, орыстарды жөнге салуды Мергенбайға тапсырады. Көп болып күш көрсетсе, Верный (Алматы) мен Пржевальскіден (Қарақол) жазалаушы отряд шығып, ел қырылуы мүмкін. Сондықтан да, «ел ішіндегі бір тентектің сотқарлығы» деп ақталу үшін де өте маңызды операцияны Мергенбай жалғыз өзі жасауға бекиді.

Мергенбай батыр Пасха мейрамы күні (орыстардың бәрі шіркеуге жиналған болатын) екі оқ шығарып шіркеудің ағаш-кресінің быт-шытын шығарады да, тоғайға кіріп, көзден ғайып болады. Қайдағы бір «басурманның» осыншалық басынғанына орыстар намыстанып, ертесі қазақтарды жазалау үшін жорыққа аттанбақ болады.

«Жорық алдында құлшылық етеміз» деп отыз шақты әскер шіркеуге кіргенде жақын маңда аңдып жүрген Мергенбай мамағашта байлаулы тұрған аттардың шылбырын кездікпен қиып, қалың жылқыны өткелге қарай дүркірете айдай жөнеледі.

Шіркеу төбесіндегі кресті атып түсіру… Жорыққа мінетін аттарды ер-тұрманымен айдап әкету… Осының бәрін істеп жүрген бір ғана «дикарь»… Ал олардың мұнда 10-ы немесе 20-сы келсе не болмақ? Осыны ойлаған орыстар қазаққа жөнсіз соқтығуды қойған екен. 

Сібе-қалмақтармен шайқас

Мергенбай текшесі

Мергенбай Жаманкөзұлы туралы хикаяға бергісіз әңгімелер өте көп. Соның бір-екеуін ғана тілге тиек етсек...

Біріншісі. Батырдың аюды үңгіріне аяғын тығып ашуландырып, сыртқа шықпақ болған жыртқышты бір оқпен жайратып салғаны айтылады. Осы оқиғадан кейін батырдың аюға атқан оқ дәрісі шашырап, беті шыбарланып қалған екен-міс.

Екіншісі. Бір күні Ұзақ батырдың 600 жылқысын барымтаға келген сібе-қалмақ айдап кетеді. Барымташылар отыз шақты адам екен. Бәрі мұздай қаруланған. Ұзақ батыр жылқыны қалмақтар әкеткенін Мергенбайға хабарлайды. Мергенбай қасына бар болғаны екі жігіт ертіп, қалмақ барымташыларын Асутөрден күтіп алады.

«Байынқолдан өрлеп қашқан қалмақты жайратасың» деп тау шатқалына Асаубекті, «еңіс жағалағанды тосып аласың» деп Тойғұлыны тауға бекіндіріп, өзі сібелерді қақ алдынан тосып алады.

Барымташылар Мергенбайдың тосқауылын бұза алмай қызыл-ала қанға боялады. Отыз барымташыдан бірнешеуі ғана құтылып кетсе керек...

Қашқарға қашқан қазақты түгендеу оқиғасы

Мергенбай мемлекеттік құжаттарды судан аман өткізіп аты бір шықты. Артынша шіркеудегі ойраны арқылы зорлық-зомбылық көрсеткен отарлаушыларды райынан қайтарып ел ішіндегі абыройы тіпті аспандап кетті. Бұған аюды атқаны мен қалмақтың қалың әскерін жайратып салған оқиғасын қосыңыз...

Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, Мергенбай Жаманкөзұлы 1916 жылға дейін Қарқарадағы жәрмеңкеде сауда-саттық істеген қазақтың құқығын қорғаған. Апиын, қару секілді тиым салынған сауданы өз бақылауында ұстаған. Қалмақ, қырғыз, қазақ арасындағы барымта шайқастарына қатысып, әбжілдігімен көзге түсіп даңқы алысқа жайылған.

Бірақ, 1916 жылғы Қарқара көтерілісіне қатысқаны туралы деректер әлі ашылған жоқ. Оған Мергенбайдың «банды» атанып, 70 жыл есімінің айтылуына тиым салынғаны себеп болса керек. Мұның сыртында Мергенбай әлі күнге қуғын-сүргін құрбаны ретінде толық ақталмады.

1916 жылғы көтерілістен кейін Хан-Тәңірі баурайындағы ел үркіп, түп қотарыла Қытай асты. Сол Үркінде елді арғы бетке Мергенбай бастаған қазақ батырлары алып өтті. 1918-1919 жылдарда Ораз Жандосов пен Тұрар Рысқұловтардың бастамасымен Қытай мемлекетіне сұрау салынып, көшкен елді Кеңес үкіметі қайта қайтарып алды.

Мергенбай осы көш кезінде тағы көзге түседі. «Қаш-қашта» (Үркінді ел осылай да атаған) Шыңжаңды былай қойып, Қашқар асып кеткен ағайынды көшіріп әкелу үшін аянбай тер төкті.

Тағы да аңызға кезек берейік.

1916 жылдағы көтерілістен кейін біраз ел үркіп, Қашқарға бір-ақ асқан екен. Ол жұртты түгендеп кері қайтару Мергенбай бастаған батырларға тапсырылады. Осы сапарында Мергенбай айналдырған екі-үш жылдың ішінде Қашқардағы қандастардың сарт болып кеткеніне таң қалады.  Елге қайтар кезде қазақтар қойындарына аппақ нанды тығып жатса керек. Батыр «Оны не істейсіңдер?» деп сұраса: «Елде мынандай аппақ нан бар ма?» деп өзіне қайыра сұрақ қояды екен. «Қара талқан жесең де, өлмейсің» депті сонда Мергенбай.

Мергенбай Қашқарға Кеңес үкіметінің тапсырмасымен барды. Содан бастап, батырдың кеңестік жүйеге қызмет ете бастағанын аңғаруға болады.

 

Мергенбай тұрған үйдің қысқаша тарихы

1919 жылы «Ақгвардияшылар» Нарынқолда Кеңес өкіметін құлатады. 1920 жылдың жазында жергілікті халықтан құралған Мергенбай жасағы Байынқол аңғарындағы Талдысайдың аузында 300-дей ақтардың «атты эскадронын» қоршауға алып, жойып жібереді. Осы шайқаста Қожеке Жарылқасынұлы, Оразымбет Қазыбеков, Құдайберсін Жауғашев, Жазылбек Серібаев, т.б батырлар ерлік көрсетеді.

Батырдың туыстарының айтуынша, Мергенбай өз қолымен ақтар құлатқан қызылдар үкіметін қайта орнатты. Бәйбішесі Жәмилә Қоржынбайқызын Алматыға аудан атынан депутат етіп, делегаттыққа жіберіп (әйел теңдігі саясаты белең алған кезең), артынша ОГПУ-ға қызметке алынды. Сөйтіп, Сарыжаз әскери комендатурасында отряд командирі қызметін атқарды. Сол тұста әскери комендатураның кеңсесі болған тарихи ғимаратта отбасымен бірге бір жыл тұрған.

(Мергенбайдай батырдың ізі қалған бұл үйдің кейінгі тарихынан аз-кем ақпарат бере кетсек. 1990 жылдарға дейін бұл ғимарат психологиялық ауытқуы бар адамдарды емдейтін орталық (жындыхана) болды. Тарихшы Бекмаханов қуғынға түсіп, Нарынқолға жіберілу себебі бар. Егер тарихшы мінез көрсетіп, бағынбауды бастаса, ғалымды осы жындыханаға өткізу жоспары болған. Яғни, бұл ғимаратта тоталитарлық жүйеге қарсы қазақтың қаншама өзгеше ойлайтын азаматтары жатқан болуы мүмкін).

(жалғасы бар)

Автордың бүркеншік есімі:    Бандының баласы

10 қаңтар, 2019 жыл

 

Қанат Әбілқайыр

Abai.kz

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер