«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Шыңғыс ханды қазақ деп . жүргендерге...
Шыңғыс ханды қазақ деп . жүргендерге...
Дайындаған: 3 ай бұрын

Есімі төрткіл дүниеге әйгілі Шыңғыс ханға (Темужин) арналған еңбектер көп. Кейбір деректерге қарағанда, ол туралы жазылған ғылыми шығармалар тізімі 800-ден асып жығылатын көрінеді. Осылай болуы керек те. Өйткені әлемді дүр сілкіндірген ұлы қолбасшының қызулы саяси оқиғаларға толы өмірі мен қызметін әр қырынан ашу үшін қаншама басылым жарық көрсе де артықтық етпейді. Алайда соңғы жылдары Шыңғыс ханның ұлты моңғол екендігіне күмән келтіретін жұмыстар жарияланып жүр.

Мамандықтары тарихшы емес бұл туындылардың авторлары оның сүйегі қазақ деген қағиданы ұстанып, сол ойларын ғылыми негізде дәлелдеп қалуға тырысып бағады. Сол әуесқой зерттеушілердің бірі: «...язык монголов Чингис-хана был современным им казах­ским языком. Думаю, что в этом вопросе надо поставить точку и принять как аксиому то, что Чингис-хан говорил на языке, на кото­ром говорили предки казахов ХІІІ века», – дей келе: «Чингис-­хан – великий сын казахского народа» деген секілді түйін жасай­ды. Оқырмандарды таңғалдырып, екіұдай күйге түсіретін мұндай кесімді тұжырым ғылыми ортада жаңа бір пікірталастың басын ба­стап отырғандай. Мәселенің даулы тақырыпқа айналып отырғанын ескеріп, біз осы мақалада аталмыш тарихи тұлғаның шығу төркінін объективті тұрғыда саралауды жөн санадық.

Этнограф-ғалымдар кез келген халық пен оны құрайтын адамдардың тілі олардың «басты этникалық белгісі» екендігін әлдеқашан дәлелдеп қойған. Демек, Шыңғыс ханның ана тілін айқындау арқылы оның моңғол мен қазақ халықтарының қайсысына жататындығын анықтауға әбден болады. Ол үшін Темужиннің ататек шежіресіне назар салған жөн. Себебі ондағы кісілердің атта­рында келтірілген сөздер проблеманы әділ шешуге мүмкіндік береді.

Бізге қажетті материалдар «Моңғолдың құпия шежіресінде» сақталған. 1240 жылы жазылып біткен бұл жылнамада Шыңғыс ханның ата-бабалары төмендегідей ретпен баяндалады: Тэмужин – Есүхей – Бартан батыр – Хабул - хаан – Түмбихай шешен – Байшинхор – Хайду - Хачи хүлүг – Мэнэн тудун – Хабич батыр – Бодончар мунхаг – Добу мэргэн – Торголжин – Боржигидай – Харчу – Шинсочи – Ихнүдэн – Сальхачау – Уужим – Хоричар мер­ген – Тамача – Батцагаан – Бөртэ Чино.

Шежіреден байқағанымыздай, Шыңғыс хан Бөрте Чиноның 23-ші ұрпағы. Енді осы кісі аттарындағы сөздердің мағынасын ашуға талпыныс жасайық. Ескерте кетерлік жайт, моңғол-қазақ сөздігімен жұмыс істеу барысында кейбір қиыншылыққа жолықтық. Мы­салы, көне және қазіргі моңғол тіліндегі бірсыпыра сөздердің құрылымында айырмашылықтар бар екен. Соған байланысты ондай сөздерді жуық мөлшермен болса да қазақшаға аудардық. Сондай-ақ қарастырылатын сөздердің көлемі шағын мақалада ұзақтау көрінуі мүмкін. Десек те, көтеріліп отырған тақырыптың маңыздылығы мен өзектілігін көңілге түйсек, өзімізге мұндай еркіндікке рұқсат бергенімізге түсіністікпен қарауға болатын шығар деп ойлаймыз. Сонымен:

1. Темужин : төмөр - темір; төмөр-чин – ұста.

2. Есүхэй < ес + үх + эй: ес- тоғыз; уг -1, тамыр, 2, ауыс. тегі; тоғыз текті.

3. Бартан батыр: бардан (бардам) – мақтаншақ, өркөкірек.

4. Хабул < хав + ул: хав – күш; ул – тірек ; күшті тірек.

5. Тумбихай: тумбий-х – томпию, дөңкию, домалану, дүрдию;

6. Байшинхор < байшин + хор: байшин – үй; хор – ыза, ашу; ашулы үй.

7. Хайду: хайдаг – өсекші.

8. Хачи хүлүг: хашин – тозған, ескірген; хүлэг – байлауыш; тозған байлауыш.

9. Мэнэн тудун: мэнэнцэр – 1, меңіреу, миғұла; 2, жарымес, нақұрыс, ақымақ.

10. Хабич: хавьчаа – мазасыз.

11. Бодончар мунхаг < бодон + чар: бодон – қабан; шар – ыза, ашу; мунхаг – надан, топас; ашулы қабан – топас.

12. Добу < доб + у: дов – томпақ; довь – көк түлкі.

13. Торголжин < торгол + жин: торго(н) – торғын, жібек; жин – керуен; жібек керуені.

14. Боржигидай < бор + жиги + дай: бор – боз, сұр; жигийнэ – х – алыс кету, алыстап кету, бұлдырап кету.

15. Харчу < харч + у: харш (харь) – жат, өзге, бөтен.

16. Шинсочи < шин + сочи: чин – шын; сочи (цочи) – шошу, үрейлену, қорқу, сескену; шын қорқу.

17. Ихнүдэн < их + нүд + эн: их – үлкен; нүд – көз; үлкен (бадырақ) көз.

18. Саль хачау: сал – әлсіздеу; хашаа – каша, қора, аула; әлсіз қаша.

19. Уужим – сабаз, маңғаз, байсалды, байыпты.

20. Хоричар < хори + чар: хор – ашу, зиян, кесір, зәр, зардап; шар – ыза, ашу; зәрлі ашу.

21. Тамача: тамшаа – 1, паң сияқты, сұсты сияқты; 2, тоқ, тоқмейіл, қанағатты.

22. Батцагаан < бат + цагаан: бат – берік; цагаан – адал; адалдыққа берік.

23. Бөртэ Чино: чоно – қасқыр; бөрте қасқыр (жас қасқыр).

Осы ретте, Шыңғыс ханның өзінің Бэгтэр, Белгүдэй, Зочи Хасар, Хачиун, Тэмүгэ-отчигин есімді аға-інілерінің, Жошы, Чахартай, Үгэдэй, Тулуй сияқты ұлдарының және Батый сынды немересінің де аттарының мағынасын аша кетсек айып етпес.

1. Бэгтэр – сауыт (темір киім).

2. Белгүтэй< белг + үтэй: бэлэг – белгі, таңба, ырым; үтэр – жедел, шапшаң, тез.

3. Зоши Хасар: зочир – ызақор, ашушаң, долы, шәлкес хацар – бет, жақ; хаца-х -қысу, қыспақтау.

4. Хачиун: хашин – сылбыр, селқос; немесе: хачир – тазқара.

5. Тэмүгэ-отчигин: төмөр (гэ) – темір; отчигин < от + чи­гин: от (гон) – кенже; шигчий – кішкентай.

6. Жошы: зочин – мейман, қонақ. «Моңғолдардың салтын­да, – деп жазады бұл жөнінде Әбілғазы, – бірінші келген қонақты өз тілдерінде жошы сөзімен атау дәстүрі болған. Осыған байланысты Темужиннің тұңғыш ұлына Жошы аты берілген».

7. Чахартай (Шағадай): Чадалтай – күшті, мықты, қайратты.

8. Угэдэй < үг + эдэй: үг – түбі, негізі; эедэ-х – әдепті, сы­пайы.

9.Тулуй: тула-х (тулаас) – тіреніш, сүйеніш; немесе, толь, толи – айна.

10. Батый, моңғолша: бат – берік, бекем, мықты.

Сонымен, жиыны 33 кісі атын жіпке тізіп шықтық. Олардың кейбіреулері қос сөзден тұратындығын есепке алсақ, барлығы 55 сөз болады. Осы сөздердің 45-і таза моңғол сөзі, қалған 10-ы (батыр, хан, шешен, темір, торғын, томпию, шын, шошу, белгі, бөрте) немесе 18 пайыздан астамы қазақ тіліне ұқсас келеді. Бұл түсінікті де. Бүкіл ғұмырын қазақ, моңғол тілдерін салыстыра зерттеуге арнаған ғалым Б.Базылханның тұжырымына қарағанда, алтай тектіге жата­тын тілдердің ішінде әсіресе «қазақ және моңғол тілдерінің шығу тегі біртөркіндес тілдер». Автор мұндай қорытындыға қазақ пен моңғолдың тілдік қорында сақталған барлық сөздердің 40 мыңдай мөлшердегі сөзін дыбыстық жүйесі мен морфологиялық жағынан егжей-тегжейлі талдай отырып келген. Оның есебінше, осы сөздердің 15 мыңнан астамы байырғы түбір – негіз сөздер; сондай-ақ сол түбір – негізден қосымша морфемалар арқылы жаңғырып өнетін сөздер 24 мыңнан асып жығылады немесе 40 мың сөздің 60 пайызы екі халыққа да ортақ желілес туынды сөздер. Ал З.Қинаятұлының пікірінше, қазіргі моңғол тілі қорында ежелгі түрік тілімен түбірі бір 3000-ға жуық сөз сақталған. Дәлел ретінде баяндалған цифрлардан көріп отырғанымыздай, екі халықтың тілдеріндегі ұқсас және сәйкес келетін сөздер өте көп. Солардың негізінде моңғолдардың ататегін қызықтап жүргендер (егер ескерту ретінде айтсақ) оларды қазақпен шатастырып алмаса болғаны.

Мақала Темужиннің шығу тегі жайында болып тұрған шақта оның екінші Шыңғыс хан атына да тоқталған орынды. Ғылыми әдебиеттерде «шыңғыс» сөзінің төркіні туралы ұсынылған бол­жамдар аз емес, нақтылай көрсетсек: «ең зор, құдіретті», «күшті, мықты», «патшалардың патшасы», «қайтпас», «теңіз-хан», «биік те нұр сәулелі», «жаhангир (әлемді алушы)», «күшті ұлы патша» т.б. Осыншама пікірге қарамастан,  А.И.Глебов-Богомо­лов «в науке и по сей день идет спор о происхождении, значении и этимологии этого слова (шыңғыс – М.А.), ставшего титулом, а позже и именем Темужина»] деп жазады.

Біздің ойымызша, бұл тақырыптың әлі күнге дейін даулы күйде қалу себебі: біріншіден, зерттеушілердің ол проблеманы Темужиннің Шыңғыс хан дәрежесін алған уақытын және соған орай, оның сол кезде ел ішіндегі даңқы қаншалықты деңгейде болғандығын бір-бірімен сабақтастыра талдамауында; екіншіден, «шыңғыс» сөзінің құпиясын түркі, парсы, қазақ тілдерінен іздеуінде. Жіберілген мұндай қателікті қайталамай, ұлы қолбасшының лауазымының астарын өзіміз ұстанған бағыттың аясында қарастыралық.

Темужинге 1206 жылғы Ұлы құрылтайда екінші мәрте бекітіліп берілген Шыңғыс хан атағы оған алғаш рет 1189 жылы Сэнгүр бұлағының Хар зүрх (қара жүрек) деген жеріндегі Хөк нуурдың (көк көл) қасында өткен жиналыста таңылған болатын. Ол уақыт Темужиннің есімі әлемді былай қойғанда, Моңғолияның қазіргі территориясының барлық өңіріне онша белгісіз кез еді. Сол өлкені мекендеген түркітілдес найман, меркіт, татар, жалай­ыр, қоңырат, онгут, керейлерді айтпағанның өзінде, оның билігі ол заманда тіпті өзімен қандас моңғол руларының бәріне жүрген жоқ-ты. Шығыс Моңғолиядағы ақсүйектер арасындағы сая­си қақтығыстардың салдарынан моңғол халқы үшке жарылады, олардың жеті тайпасы Жамұқа шешенді қолдаса, өзге он сегізі Темужиннің соңынан ереді, қалғандары бейтараптық танытады. Міне, осы екінші топтағылар Хөк нуурдағы жиылыста оны бірауыздан «Шыңғыс (Чингис) хаhан» деп жариялайды. Басқадай жазсақ, хандық таққа қолы жеткен шақта оның билігінің таралған аумағы «моңғолдардың аз бөлігімен», яғни өзін жақтаған ұлыстардың шеңберімен ғана шектелген. Енде­ше, тарихтың үлкен сахнасынан әлі көріне қоймаған, саяси ұпайды енді ғана жинап жатқан Темужинге тағылған құрметті лауазымдағы «шыңғыс» сөзін «патшалардың патшасы», «әлемді жаулаушы», «ең зор, ең үлкен» (величайший, могущественнейший), «ұлы патша» т.с.с. деп аударған ретсіздеу. Мұндай атақ пен абыройға ол алдағы келер жылдарда бөленеді. Олай болса, жұмбақ сөздің кілтін табу үшін, егер бейнелі түрде айтсақ, аспан әлемін шарламай, жерге түсіп қарастыруға әрекет жасап байқайық.

Түпнұсқадағы деректерге сәйкес, 1189 жылғы басқосуда Те­мужинге Шыңғыс хан мәртебесін беруді моңғолдардың Алтын, Кушар, Сача бек есімді көсемдері ұсынған. Тиісінше, «шыңғыс» сөзінің сырын өзге халықтардан гөрі сол атты қойған жұрттың өз тілінен іздеген абзал. Моңғолша «чингис» тұлғасында айтылатын лауазымды «чин» және «гис» деп екіге жіктесек: чин – 1, шын, адал, нақты; 2, берік, сенімді; 3, таймас (таймайтын), айнымас (айнымайтын), аумас (аумайтын); ал «гис»-ке өте жақын «гичий» сөзі: ұрғашы (қаншық) қасқыр, ит – сияқты түсінік береді. Шамасы, қос сөзден құралған «чингичий» термині «чин­гич» – «чингис»-ке дейін өзгерген. Сөйтіп, шыңғыс-тың мағынасы, біздіңше: таймас қасқыр немесе сенімді ит.

Лауазымға лайықты толып жатқан сөздердің ішінен Темужинге неліктен нақ «чин» және «гичий (гич-гис)» сөздері титул ретінде іріктеліп алынған? Қойылған заңды сұрақты жауапсыз қалдырмай, әңгіменің келесі желісін осы мәселеге бұрайық.

Ұлы қолбасшыға бұл аттың таңылуы оның болмысына байланы­сты болса керек.1221 жылы Шыңғыс ханның Яньцзиндегі наместнигі Мұқалиға қытайдың елшісі Чжао Хун келеді. Елші өзінің естелігінде Темужиннің мінезіне қатысты өте құнды мәліметті жа­зып қалдырған. «Шыңғыс хан, – деп айтады ол, – ер жүректі, ба­тыл да табанды, ұстамды, барлығына мейірімді, аспан мен жерді құрметтейді, сенімділік пен әділеттілікті бағалайды және күшті де жауынгер тұлға. Осынысымен ол басқалардан ерекшеленеді». Автордың берген мінездемесі моңғолдың «чин» сөзінің төркінінің үш нұсқасына да атқан оқтай дәл тиеді. Бұған қарап Чжао Хун сипаттаманы құтты сол сөзден алған ба деп қаласың. Қалай болғанда да, «чин» сөзі Шыңғыс ханның Құдай жаратқан табиғатының үстінен дөп түседі.

Енді «гичий»-ге (гис) ауысайық. Қасқыр ертеде Орталық Азиядағы көшпенділердің қасиетті (тотем) аңы болған. Қытай жылнамаларын­да бұл жөнінде мынандай аңыз-әңгіме сақталған. Баяғыда көрші халықтар ғұндарды түгел қырып салыпты, тек тоғыз жастағы бір ұл ғана аман қалады. Жаулар оның аяқ-қолын шауып, өзін батпаққа апарып тастайды. Сол жерде баладан қаншық қасқыр жүкті болады. Дұшпандар ұлды өлтіреді. Қасқыр Алтайға кетіп, он ұл табады. Со­лардан түркі халқы өсіп-өнеді. Бұл аңыз шығу тамыры ғұндармен астарлас моңғолдарға да қатысты деп санаймыз. Мұны «гичий» сөзінің мәні – ұрғашы қасқыр екендігі және шежіре бойын­ша Шыңғыс ханның аталары, жалпы, бүкіл моңғол халқының Бөрте Чинодан, яғни жас бөріден таралуы растайды. Халықтың осын­дай наным-сенімі біртіндеп көк бөріге табыну дәстүріне ұласқан. Бүгінде моңғол жігіттері қасқырдың асығын бойтұмар ретінде тағып жүреді. Бұл көк бөрі қауіп-қатерден сақтайды деген түсінікке келіп саяды.

Қасқырмен қатар, ит те Темужин әулетінің тотемі болғанға ұқсайды. Моңғолдың жазбаша құжаттарында осы құбылыс туралы қызықты деректер кездеседі. Темужинді жас кезінде әкесі Есүхэй қоңырат Дэй шешендікіне ертіп апарады. Оның қызы Бөртеге құда түскеннен кейін баласын қайын атасының үйіне қалдырып кетуге келіседі. Сонда Есүхэйдің айтқаны: «Менің ұлым иттен шошушы еді. Ал, құрметті құда, сіз менің ұлымды иттен шошыта көрмеңіз». Тағы бір мысал. Шыңғыс ханның оныншы атасы Добу мерген Алұн сұлуға үйленген соң, Белгінүтей, Бүгінүтей есімді екі  ұл туады. Добу мерген ерте өліп, артында қалған әйелі тағы Бұқа-Қатаған, Бұқашы-Салшы, Бодоншар деген үш баланы табады. Алұн сұлу соңғы үшеуін күйеусіз қалай дүниеге әкелгенін былай­ша түсіндіреді: «Түн сайын шаңырақтан түскен сәуле секілді әлдебір ақсары адам кіріп келіп, құрсағымды сипаушы еді, таң ата сары иттің кейпіне кіріп, үйден шығып кететін. Соған қарағанда бұл ба­лалар Көк Тәңірдің ұрпағы болар деймін». Келтірілген аңыз-әңгімелер Шыңғыс хан әулеті итті де киелі деп қастерлегенге меңзейді. Мұндай сенім осы күнге дейін жалғасын табуда. Бүгінгі моңғолдар иттің ішінде әсіресе екі көзінің үстінде таңбалары бар төрт көз иттерді қатты «сыйлайды», олар «моңғол банхар», яғни «моңғол төбеті» деп аталады.

Қасқыр мен иттің халық санасында тотемді хайуанға айналып кетудегі көптеген себептерінің бірі, біздіңше, олардың мінез-құлықтарының жоғарыда көрсетілген «чин» сөзінің мағынасымен (адал, берік, сенімді, таймас т.б) сәйкес келуінде болар. Ендеше, болмысы түз және үй тағыларының жаратылысына ұқсас Темужин­ге «таймас қасқыр» не «сенімді ит» ұғымын білдіретін Шыңғыс хан лауазымы өте сәтті таңылған деп есептейміз. Бәлкім, «ит» сөзі құлаққа дөрекі естілуі мүмкін. Қазіргі кезде солай болғанымен, жеті ырыстың бірі саналатын хайуанның аты өз заманында жағымды «кейіпкерлердің» келбетін бейнелеген тәрізді. Дегенмен де біздің көңіліміз «шыңғыс» сөзінің төркіні «таймас қасқыр» деген нұсқасына көбірек ауады.

Сонымен, жоғарыда баяндалған және мағынасы ашылған сөздердің бәрін шешуші аргумент ретінде қабылдасақ, онда шығу тегі мен ана тілі бойынша Шыңғыс ханның моңғол халқына жатқандығын мойындаған лазым. Бұл тұжырымды «Моңғолдың құпия шежіресіндегі» келесі бір дерек те растайды. Темужинді қолдаған моңғолдардың 1189 жылғы алғаш басқосуы қарсаңында ба­арин тайпасының көсемі Қарши ақсақал оған (Темужинге) өздерінің арғы тоғызыншы аталары Боданшардан таралатындығын есіне са­лып: «Біздің тіліміз бір, тілегіміз жалғыз адамбыз. Сондықтан да Жамұқадан іргені аулақ сала алмаймыз», – дейді. Қарияның сөз төркіні айқын: барлық моңғолдар, сонымен бірге Шыңғыс хан да өз халқының ана тілінде сөйлеген.

Р.S. Баяғы заманда Моңғолия жерін мекендеген түркітілдес керей, жалайыр, татар, меркіт, онгут, қоңырат, найман тайпала­ры өздерімен іргелес қоныстанған моңғолдармен аралас-құралас өмір сүрген, тіпті қыз алысып, қыз берісіп дегендей құдаласып, туыстасып кетіп те жатқан. Мұндай байланыс әсіресе Шыңғыс хан Моңғолиядағы халықтарды түгелдей өзіне бағындырған соң күшейе түседі. «1206 жылғы құрылтайдан кейін, – деп жазады Л.Н.Гумилев, – моңғол әскерлері 13 мың еріктілерден құрамы 110 мың адамға жеткен тұрақты армияға айналды. Ал оның қатары жеңіліске ұшыраған кереиттер мен наймандарды әскерге қосу есебінен толықтырылып отырғандығы анық». Бір қызығы, әр тілді халықтар арасында орнаған осындай тығыз қарым-қатынас ешқандай тілмәшсіз жүзеге асқан. Жалпы, олар бір-бірімен аудармашы­лар арқылы сөйлесіп жүргендігі туралы деректерді ешбір жазбаша құжаттардан таба алмайсың. Сонда көрші халықтар арасында қай тіл дәнекерлік рөл ойнаған деген сауал еріксіз ойға оралады. Сан жағынан он еседей басым Шыңғыс хан әскеріндегі наймандар мен керейлердің бәрі «ат төбеліндей» ғана моңғолдардың тілінде сөйлеп кеткен тәрізді десек, оған сену қиын. Көне түркі тілінің өз заманында Еуразия даласында халықаралық қатынас құралы қызметін атқарғанына, әсіресе моңғол ағайындардың өз ана тілімен қоса, түркі тілін де жетік білгеніне келіп тіреледі. Мәселені осы қырынан зерделеу, бізге керей, найман, жалайыр және т.б тайпалар ертеде моңғолтілділерге жатқан немесе керісінше, моңғолдар қазақтілдес болған секілді ғылымда уақ-уақ көтеріле беретін даулы проблеманың түйінін сәтті шешіп, аталмыш этностарды шығу тегіне қарай әрқайсысын өз орындарына қоя ала­тындай көрінеді. Тіпті моңғолдар Қазақстанды жаулап алып, билеп-төстеп тұрған дәуірде де олардың тілінің үстемдігі жергілікті халықтың тіліне жүрмеген. Ол жылдары да түркі тілінің бір тармағы саналатын «Қыпшақ-қазақ тілі Жошы ұлысы державасының ортақ тілі болды» деген шындық қағида біздің болжамға қайшы келмейді.

Әрине, қазақтың бір баласы болған соң, маған да Шыңғыс хандай асқар тау тұлғаның өз халқымның қатарынан көрінгені ұнайды. Алайда ақиқатты белінен баса аттап өту ғылымға қиянат. Осы тұста тарихшы ғалым Қинаятұлы Зардыхан ағамыздың ойын тыңдайық: «Қазақтың тегін тек қазақ топырағынан, моңғолдың тегін моңғолдың топырағынан іздегенде ғана біз шындыққа біртабан жақындаймыз». Ғылым жолындағы өмірін Шыңғыс хан мен оның ұрпақтарының тарихын шала-шарпы емес, түбіне жете қопаруға бағыштаған белгілі маманның өте орынды және дер кезінде айтқан осы әділ пікірін шығыстанушылардың әрдайым жа­дында сақтап жүргендері дұрыс.

 

Маратбек Ақанов, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың доценті, 

тарих ғылымының кандидаты, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері


Zhas alash.kz

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер