«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Бейбіт Қойшыбаев: АЗАТТЫҚ ҚҰРБАНДАРЫ
Бейбіт Қойшыбаев: АЗАТТЫҚ ҚҰРБАНДАРЫ
Дайындаған: 2 ай бұрын

(Саяси репрессияға ұшыраған азаматтар туралы кітап)           

 

                                        ҒАЗЫМБЕК БІРІМЖАНОВ

 

Азаттық қозғалысына қатысушы, қоғам қайраткері, журналист, ауыл шаруашылығы маманы Ғазымбек Қорғанбекұлы  Бірімжанов 1896 жылы бұрынғы Қостанай округі, Торғай үйезі, Тосын болысының  № 1 ауылында атақты әулет отбасында дүниеге келген. Ахмет Бірімжановтың туған інісі.  Жеткіншек шағында Бузулук қаласында ағасының қолында тұрып, тәрбиесін көрген. Бузулук, Орынбор қалаларында оқыған, Орынбор реальды училищесін бітірген. 

1917 жылы Орынборда өткен жалпықазақ съездеріне қатысқан. Алаш-Орданың Башқұрт үкіметіндегі өкілі болған. Алаш милициясына Комучтен қару-жарақ алу шаруаларына атсалысқан. Совет өкіметі алашордашыларға кешірім жасағаннан соң,  1921–1922 жылдары Ташкенттегі  «Ақжол» газетінде істеген.

Түркістан республикасының үкіметі 1922 жылғы күзде Ғазымбек Бірімжановты бір топ Орталық Азия жастарымен бірге Германияға оқуға жібереді. Ғазымбек Берлиннің ауыл шаруашылығы университетіне түсіп, оны 1928 жылы бітіреді.

Сол жылы «Алаш ісі» бойынша тұтқындалған, 1931 жылы 10 жылға кесіліп, Карелиядағы Медвежья Гора  қаласына жер аударылған. Беломорканал колонизациялық бюросының агрономы болып істеген. 1937 жылғы 9 қазанда Беломор-Балтық қалашығында қамауға алынып, контрреволюциялық-террорлық ұйымға қатысты деген айыппен 1938 жылғы 18 наурызда Мәскеуде атылды. «Коммунарка» зиратына жергенген. 1988 жылдың 4 қарашасында «Алаш ісі» бойынша репрессияланғандардың алғашқы тобымен Қазақ КСР Жоғарғы соты ақтаған. Қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, 1991 жылы 11 маусымда КСРО Прокуратурасы да ақтаған.

 

 

                                               1939

САДЫҚ НҰРПЕЙІСОВ

Қаршадайынан азамат соғысының от-жалынына түскен, туып-өскен өңірінде алғашқы комсомол ұяларын ашып, республика комсомолының бірінші жетекшісі мәртебесіне дейін өскен, билеуші партияның республикадағы басшыларының бірі болған КСРО-ның және Қазақстанның партия және мемлекет қайраткері Садық Нұрпейісұлы Нұрпейісов 1904 жылғы 24 ақпанда бұрынғы Ресей империясының Торғай облысы, Қостанай үйезі (қазіргі Қостанай облысының  Денисов ауданында) Әйет болысындағы екінші ауылда қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді.

Садық Нұрпейісов әуелі ауыл мектебінде, одан екі кластық орыс-қазақ бастауыш училищесінде оқыды. Жасөспірім шағында орын алған елдегі революциялық өзгерістер толқыны оны иіріміне тез үйіріп әкетті. 1918 жылғы көктемде өзіндей жас жігіттермен бірге Қостанайдағы ақтарға қарсы күреске жұмылған жасаққа қосылды. Аймақта коммунистік жастар ұяларын ашуға атсалысты. Осылай оның жаңа құрылысқа белсене қатысуы басталды. 1919 жылы Садық Қызыл армия қатарына кірді. 1920 жылы ауылына оралып,  ауылдық кеңестің хатшысы болды. Бұл кезде ол бар болғаны 16 жаста еді. Алып-ұшқан көңілмен сол 1920 жылғы қыркүйекте Челябі губерниясының Полтавск поселкесінде жасақталған ЧОН-ның жауынгері болып, осы Ерекше міндет жүктелген бөлім құрамында екі жылдай қызмет етті. Содан соң 1922 жылғы шілдеде Қостанай губерниясына қайтып оралып, Денисов үйезінде әртүрлі қызметтер атқарды. «Қосшы» одағы мен кеңестер жағына жастарды тарту жұмысына араласты. Халық ағарту саласы бойынша жүргізілген жұмыстарда және қыздар мен жігіттерді ұйыстырып, көркемөнерпаздар театрын құруда үлкен белсенділік көрсетті.

Жаңа құрылыстың сенімді күрескері боп келе жатқан Садық Нұрпейісов 1923 жылы Ресей комсомолы (РКСМ) Денисов үйездік комитетінде хатшысының орынбасары және Денисов үйездік жұмысшы-шаруа милициясының бастығы болып істеді. Алғырлығы, ұйымдастырушылық қабілеті, жастар ұйымының мақсатын айқын түсініп, белсенді де іскерлігімен танылғандығы арқасында ол республикалық деңгейдегі қызметке  көтерілді. 1924–1925 жылдары ол Бүкілодақтық Лениншіл Коммунистік жастар одағы (БЛКЖО) Қазақ облыстық комитеті Ұйымдық бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметіне бекітілді және Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелеу науқанының барысы мен нәтижелеріне орай,  БЛКЖО Қазақ обкомы Ұйымдастыру бюросының Жетісу және Сырдария облыстарындағы  комсомол ұйымдарына басшылық жасау жөніндегі хатшысы болып істеді. Ал  1925–1927 жылдары, таратылған Түркістан Республикасындағы қазақ (Жетісу және Сырдария) облыстары және Орта Азияда шаңырақ көтерген Қарақалпақ облысы Қазақ Республикасы құрамына қосылғаннан кейін, облыстық ұйымнан Үлкен Қазақстанда  өлкелік ұйым болып қайта құрылған  БЛКЖО Қазөлкекомы Ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

1927 жылы Қазақстан комсомолының кезекті съезінде Садық Нұрпейісов БЛКЖО Қазақ өлкекомының бірінші хатшысы болып сайланды. Екі жылдан кейін, астана Қызылордадан Алматыға көшкенде, КСРО Орталық Атқару Комитетінің Қызыл профессура институтына түсіп, 1929–1931 жылдары Мәскеуде оқыды. Арнайы білімін көтеріп оралғаннан соң Садық Нұрпейісұлы 1931 жылы қазіргі Жамбыл облысындағы Меркі аудандық партия комитетінің жауапты хатшысы болып істеді. Ал советтік солақай реформа салдарынан халық алапат ашаршылыққа ұшырап, қынадай қырылған 1932 жылғы маусымда, сол жылғы көктемде Петропавл қаласы орталығы болып құрылған Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне жіберілді. Ол бар ынтасымен адал атқаруға тырысқан қызметтерінің бәрінде, өкінішке қарай, тек қана жоғарыдан түскен нұсқауды орындаушы мәртебесінен аса алмады. БК(б)П Орталық Комитетінің 1932 жылғы 17 қыркүйектегі Қазақстандағы мал шаруашылығын өркендетуге байланысты қаулысын орындауда да Қазөлкеком сілтеген бағыттан ауытқымай жүрді. Тек республикадағы саяси басшылық ауысқан кезде өткенде жол берілген қателіктерді терең түсініп, содан кейінгі асыра сілтеу зардаптарын жоюға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруда  белсенді де білікті басқарушылық қабілетін таныта білді. Өзі саяси басшылық жасауға атсалысқан Қарағанды облысындағы аса маңызды өнеркәсіп ошағы болып табылатын көмір бассейні жұмысының ырғақты жұмыс істеуіне атсалысумен қатар, Арқадағы күйзелген мал шаруашылығын қайта өркендетуді көздеген жауапты кезеңде дұрыс партиялық бағыт ұстанып, жан-жаққа босқан жұртты қаңырап қалған ауылдардағы орындарына қайтару, аштық қырғынынан аман қалған халықтың тыныс-тіршілігін жақсарту жөнінде едәуір жұмыс жүргізгендігінен болар, 1934 жылғы маусымда БК(б)П Қазақ өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы лауазымына жоғарылатылды.

Қазақ автономиялық республикасы 1936 жылғы 5 желтоқсанда қабылданған сталиндік конституция негізінде одақтас республика мәртебесіне көтерілгеннен кейін, тиісінше өлкелік ұйым республикалық дәрежеде алғашқы құрылтайын өткізгенде, Нұрпейісов оның бас штабының құрамына еніп, қызмет атқаруын 1937 жылғы 1 маусымнан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің  екінші хатшысы лауазымында жалғастырды. Ұзамай Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД) әйгілі № 000447 бұйрығына сәйкес Үлкен террор науқаны басталып, С. Нұрпейісов республика партия ұйымына екінші басшы болып қызмет істеген кезде жаппай саяси қуғын-сүргін өрістей бастады. Қазақстанның жауапты қызметтегі мемлекет қайраткерлері абақтығы жабылды. Осындай қасіретті ахуалда Мәскеуде, 1937 жылғы 12 желтоқсанда, КСРО Жоғарғы Советінің бірінші шақырылымында Садық Нұрпейісов Ұлттар Кеңесіне мүше болып сайланды. Ол палатаның Мандат комиссиясының төрағасы болды.

Ал республикада саяси қуғын-сүргін жалғасып жатты. 1938 жылдың басында КСРО Жоғарғы соты Әскери алқасының Көшпелі сессиясы Алматыда жұмыс істеді. 25 ақпаннан бастап, НКВД абақтысында жатқан Қазақ Республикасының түрлі буындағы жауапты қызметкерлерінің істерін 30-40 адамнан топтап қарап,  күніне ату үкімін шығарып жатты. Ал 1938 жылғы мамырда Садық Нұрпейісов БК(б)П ОК қарамағына шақыртып алынған. Мәскеуде «Москва» қонақүйінде тұрып, КСРО Жоғарғы Советі Ұлттар кеңесінің депутаты ретінде Төралқада қызмет  істеп жүргенінде, 1938 жылғы 1 қарашада тұтқындалды. КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасы оны контрреволюциялық террорлық ұйымға қатысқан деп айыптап, 1939 жылғы 25 ақпанда жазаның биік шарасын қолдануға үкім шығарды. Сол күні атылды. Мәскеудің Жаңа Дон зиратына көмілген.  1956 жылғы 28 шілдеде ақталды. Қостанай облысы Денисов ауданының орталығындағы көшеге және Ақсу сегізжылдық мектебіне қатардағы революцияшыл жастан республикалық деңгейдегі мансап биігіне жетіп, 34 жасында саяси қуғын-сүргін құрбаны болған жерлестері Садық Нұрпейісұлы Нұрпейісовтің есімі берілген.

 

СҰЛТАН СЕГІЗБАЕВ

 

Кеңестік дәуір өсірген 30-шы жылдарғы мемлекет қайраткері Сұлтан Сегізбайұлы Сегізбаев Ташкент қаласы түбіндегі (Ресей империясы кезіндегі Ташкент үйезінің Аққорған болысы, қазіргі Өзбекстанның  Аққорған ауданы); Жағалбайлы қыстағында (кишлак Джагал-Байлы) 1899 жылдың қазан айында қарапайым диқан отбасында дүниеге келген екен. Ауыр тұрмыс тауқыметін тартып жүрген диқан Сегізбай баласының атын биік дәрежеге жетуді меңзейтіндей ырымдап, жақсы үмітпен қойса керек. Кішкентайынан ұлын қыстақтағы Нәдір қожаның мектебіне мұсылманша оқуға береді. Ұзамай ауылдарына мұғалім болып келген Бекболат Салиев деген кісі Сұлтанның зейінділігіне, алғырлығына назар аударып, орысша оқыту үшін өзімен бірге үлкен қалаға әкетуге ниет білдіргенде, онысын қуана қолдайды. Бекболат мұғалім Сұлтанды өзімен бірге Қазанға ертіп әкетіп, бір жылдан астам сонда оқытады. Содан қайтып оралған соң Ташкенттегі гимназияға түсуіне жәрдемдеседі. Алайда, Сұлтан оқуға кірісер-кіріспестен оның тегіне күдік келтірген, әкесінің кедей диқан екенін айтқан арыз түседі. Сонда Аққорған болысына жіберілген комиссиямен Бекболат мүғалім де барып, Жағалбайлы қыстағындағы күллі ағайындарының мал-мүлкін Сегізбайдың атына есептетеді. Осындай жолмен әкесінің байлығы екі мың ділдәға баланған Сұлтан гимназияда оқи беруге пұрсат алады да, ұстаз бен әке, ағайын-туыстар сенімін ақтап, гимназияны 1917 жылы алтын медальмен бітіріп шығады.

Он алтыншы жылғы Маусым жарлығынан туған көтеріліс, он жетінші жылғы Ақпан революциясы, монархия құлағаннан кейінгі саяси оқиғалар зерек жастың дүниетанымын қалыптастыруда елеулі орын алғаны сөзсіз. Ол ауылына оралып, Жағалбайлы қыстағындағы аса дәулетті Қыдырбайдың кеңсесіне қызметке кіргенінде, ескі режим қалдығы әлі жойылып бітпеген кезеңдегі әлеуметтік теңсіздіктердің сан түрін көреді. Түркістан (Қоқан) автономиясы құлатылып, Советтік Түркістан автономиясы жариялануына орай өлке халқы қабыл алған өзгеріс жолын орнықтыруға атсалысады. 1918–1919 жылдары Сұлтан Сегізбаев Аққорған болыстық партия комитетінің хатшысы және сонымен бірге Піскент аудандық революциялық комитетінің төрағасы әрі әскери комиссары болып істеді. Большевиктердің Қоқанды қанға бояуына қарсылық нәтижесінде ұйысқан көтерілісшілер жаңа билікке қарсылық көрсетуден асып, құрбашыларының басшылығымен елді талан-таражға ұшырата бастағанда, оларға қарсы күресті үйымдастырды. Осы істе өзінің жеке басының ерлігімен де көзге түсіп, жұртшылық құрметіне бөленді. Күресте тәжірибе жинақтап қалған Сұлтанға басмашыларға қарсы жорық жасау тапсырылады. Оның өзбек, қазақ, қырғыз жігіттерінен құрылған үлкен жасағы Сырдария мен Ферғана алқаптарындағы басмашылар қозғалысын басуда көп еңбек сіңіреді.

Сегізбаев 1920 жылы Бакуде өткен Шығыс халықтарының 1-ші съезіне делегат болып барды. 1921 жылы Ресей большевиктер партиясының 10-шы съезіне барғанында, Кронштадтағы кеңес өкіметіне қарсы бүлікті басуға қатысты. Сол жылы Сұлтан Сегізбаев «Қосшы» одағының Орталық Комитетінің жауапты хатшысы қызметіне жіберілді. Ұзамай Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитеті Төралқасының мүшесі болып сайланды. 1923 жылдың басында ол Ферғана облыстық партия комитетінің хатшысы қызметіне тағайындалды. Мұнда ол «Ферғана» газетінің редакторы міндетін қоса атқарды. Партия, кеңес, шаруашылық, насихат мәселелерімен шұғылдана жүріп, оған тағы да басмашыларға қарсы күреске атсалысуға тура келді. Ферғанадағы қызметі кезінде жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапатталды.

Сұлтан Сегізбайұлы 1924 жылдан Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінде үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып істеді. Ұлттық-территориялық межелеу комиссиясының жұмысына басшылық жасайды. Ұзамай Ташкент үйездік партия комитетінің хатшысы болады. Сол жылдың ақырында оны большевиктер партиясының Орталық Комитеті Мәскеуге, қарамағына шақырып алып, Украинаға, Донбасс облыстық партия комитетінің хатшысы қызметіне бекітеді. 1925 жылдың күзінде Сұлтан Украина Компартиясы Орталық Комитетінің жолдамасымен Мәскеудегі Қызыл профессура институтына оқуға келеді. Институтта ол партия бюросының мүшесі болып сайланады. Оқи жүріп, «Правда» атындағы журналистика институтында саяси экономия пәнінен сабақ береді, 1928–1930 жылдары Қызыл профессор институтының құзырындағы кешкі коммунистік университеттің деканы болып істейді. Осы жылдары ол өзінің ғылыми еңбектері мен мақалаларын да өндірте жазып, Мәскеу басылымдарында жарияланып тұрды.

Қызыл профессура институтын тәмамдаған соң, Сегізбаев 1930 жылы Ташкентке оралады. Тұңғыш ұлттық экономист, отыз бір жасар профессор Бүкілодақтық ауылшаруашылық академиясы Орта Азия филиалының директоры және мақта ғылыми-зерттеу институтының директоры лауазымдарына тағайындалады. Қазақ, өзбек, орыс тілдерінен тысқары французша, ағылшынша, немісше еркін білген Сұлтан Сегізбайұлы ғылыми-зерттеу және оқытушылық жұмыстарында ұлан-ғайыр іс тындырса керек еді, алайда оны мұнда көп істетпей, қайтадан Мәскеу шақыртып алдырады. Мұнда Орталық Бақылау комиссиясы мен Шаруа-диқан инспекциясы халық комиссариатының мақта шаруашылығы – суландыру істері тобына басшылық жасайды.

Бұрынғы кеңес республикаларының бәрінде «ұлы бетбұрыс» жасалып жатқан ауыр жылдарда Қазақстанда алапат ашаршылық болды. Жергілікті халықтың жартысы қырылды, шамасы жеткендер басқа өңірлерге көшіп кетті. 1932 жылдың күзінде (17 қыркүйекте) Мәскеу мұндағы мал шаруашылығының құлдырауына байланысты оны дамытуды көздеген қаулы қабылдады. 1933 жылдың басында аса дабыралатпай, басшылықты  ауыстырды. Күйзелген  Қазақстанды көтеру үшін жан-жақтан сауатты, іскер ұлттық кадрлар қызметке   шақырылды. Сұлтан Сегізбаев та осы орайда   Мәскеуден   Алматыға қоныс аударды.

Ол әуелі Қазақстан өлкелік партия комитетінің  ұйымдық-нұсқаушылық   бөліміне, кейін ауыл шаруашылығы бөліміне меңгеруші болып тағайындалды. Өлкелік комитеттің бюро мүшесі және Қазақстан Кеңестері Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болып сайланды. Қазақстанның он бес жылдығына арналған салтанатта баяндалған табыстарда Сегізбаевтың да үлесі, сіңірген елеулі еңбегі бар.

1937 жылдың басында Сегізбаев Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде істеді. Сол жылғы маусымда өткен Қазақстан коммунистерінің бірінші съезінде Орталық Комитеттің мүшелігіне сайланды. Артынша қорқынышты жыл ылаңы басталды. Үлкен террор үдеп,  Қазақстан Компартиясының алғашқы сайланған Орталық Комитетінің мүшелері бірінен соң бірі «халық жауы» жаманатымен таңбаланып жатты. Сұлтан Сегізбаевтың Түркістан Республикасы тұсында қоғамдық-саяси жұмыстарда жалындап қатар жүрген үзеңгілестері Тәшкенде де, Мәскеуде де, Алматыда да адам түсініп болмайтын айып тағылып ұсталып кетуде. Енді оның да кезегі келіп тұрғандай-тын. Алайда тағдыр ол үшін тамұқ есігін сәл кейінірек ашпақ екен...

Үрей жайлаған отыз жетінші жылдың екінші жартысында құдіреті күшті Мәскеу Сегізбаевты Қазақстаннан шақырып алып, Өзбекстанға жаңа жауапты қызметке жібереді. Оны қазан айында Өзбек Кеңестік Социалистік Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы лауазымына бекітті. Өзіне артылған зор сенімді ақтауды парызы деп ұққан Сұлтан Сегізбайұлы республиканың экономикасы мен мәдениетін көтеруте білікті мемлекет қайраткері ретінде бар қажыр-қайратын жұмылдыра кірісті. Бірақ жазалағыш машина сергек – 1938 жылдың жазында өткен республикалық партия активі үстінде предсовнарком Сегізбаев қамауға алынды. Мәскеу түрмесіне әкетілді. КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасы 1939 жылғы 25 ақпанда жазаның биік шарасына кесті. Үкім сол күні орындалып, атып тасталады. Жиырма шақты жылдан кейін, елуінші жылдарғы «жылымық» кезінде, нақақтан күйгені анықталып, ақталды...

1967 жылғы шілдеде Өзбекстан Компартиясының Орталық Комитеті мен Өзбек КСР Министрлер Кеңесі отызыншы жылдардағы заңсыздықтар салдарынан жазықсыз жазаланған мемлекет қайраткері Сұлтан Сегізбаев есімін есте қалдыру хақында қаулы қабылдады. Содан бері Аққорған мен Мырзашөл аудандарында бір-бір кеңшарға Сегізбаев аты беріліп, кеңшар орталығына ескерткіш қойылды. Гүлистандағы медициналық оқу орны, Ташкенттің бір көшесі осы ардақты халық ұлының есімімен аталды. Туған жерінде музей ашылды.

Сұлтан Сегізбайұлы Сегізбаев өзбек пен қазаққа бірдей қымбат перзент, оның есіміне Қазақстан Республикасында да лайықты құрмет көрсетілгені жөн болар еді. Ол 1918 жылғы 1 мамырда жарияланған Кеңестік Түркістан автономиясының үкіметі қанаттандырып, шыңдаған тамаша ұлттық қайраткерлердің бірі. Сұлтан Сегізбайұлы өзінің өмір жолымен бүгінгі күнге де – халықтарымыздың туысқандық қарым-қатынастарын арттыра түсуге, азаматтарымызды тарихпен тәрбиелеуге, жұмхұрияттарымыздың егемендіктерін нығайта беруге қызмет ететін болады.

    (Жалғасы бар)

 

Бейбіт Қойшыбаев,    белгілі тарихшы, ғалым – жазушы

 

Aqsaqaldar.kz

 

 

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер