«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Қаракерей Қабанбай батыр . қайда туып, қайда . жерленген?
Қаракерей Қабанбай батыр . қайда туып, қайда . жерленген?
Дайындаған: 1 ай бұрын

Әлсін-әлсін ФБ-да Қаракерей Қабанбай батырдың туған және жерленген орны туралы әртүрлі пікір айтылып тұрады. Ешқандай пайым-логикаға симайтын ойлар ортаға салынады. Мұндайда жігіттер білгендерін сарықсын, Ата ғұмырнамасынан маған беймәлім тарихи оқиғалар, соны айғақтар шығар ма екен деп тосып отырамын. Алайда азаматтардың негізі нақтылы тарихи дерек көрсетпейді. Біршамасы батырды қайтсе де шығыста тудырып, шығыста жерлеуге жанын салады. Бүгін осы жағдай тағы қайталанды. Бір досымыз Қабдеш ағаның он бес жыл ұрынғы мақаласын салыпты. Бірақ менің жауабымды бермепті. Өз басым мұны түсінбедім. Екі мақаланы қатар салу керек қой. Жұрт көзі ашық, салыстырып оқысын. Досымыздікі не қылық екенін ұқпадым. Осы мәселелер жөнінде тарих, құжаттар, ұрпақтары, ғалымдар не дейді? Қаракерей Қабанбай батыр қайда туып, қайда жерленген?
Бұл сұраққа жауап беру үшін мынадай мәселелер қамтылуы тиіс. 
1. Көнеден жеткен аңыз, дастандар не дейді? 
2. Шежірелер мәліметі қандай? Ол ғылыми деректерге сай ма?
3. Тарихи құжаттар бар ма?
4. Топономика.
5. Осы мәселелер тұрғысындағы ғалымдар, ата ұрпақтарының пікірі.
Сонымен сөзді дастандардан өргізейік. Жырлардың негізінде, (Қазақстан Ғылым Академиясының М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер Иниститутының Қолжазбалар бөлімінде 18 дастан, Омбыдағы Потанин құжаттарында бір дастан, Қазандағы Университеттің сирек қолжазбалар бөлімінде бір дастан бар екенін Қабанбай батырдың кіндік ұрпағы, Филология ғылымдарының докторы Болатжан Абылқасымов 1979 жылы «Қазақ тарихи жырларының мәселелері» атты кітапта жазды). Дүние жалғанның өтерін түсінген Қаракерей Қабанбай батыр:
...Дүйсенбі, қарашаның, 
Он үшінде өтпекпін. – 
деп жан тапсырар күнін атайды. Сонан соң: 
Жиылып тегіс, ас беріп,
Ту биені сойыңдар.
Арқаға арнап бейіт соғып, 
От орныма қойыңдар, – деп табыстайды. 
Демек, бабамыз от орны – өскен, өнген, мына жалғанман қоштасып жатқан жері – Арқа екенін қадап тұрып, нақтылап көрсетеді. Өзін Арқаға жерлеуді аманаттайды. Өзге өлке, шығыс өңірі туралы жарым ауыз сөз жоқ. Батыр өсиеті көңіл сұрай келген дала аталығы Бұхар жыраудың, Абылай хан, Қанжығалы Бөгенбай бастаған қазақтың игі- жақсыларының, Алаштың сөз ұстар азаматтарының, Гауһар- Майсарыдай батыр қосағының, «сен тұр, мен атайын» жеті ұлының, Назымдай батыр қызының алдында айтылады. Бұған дәлел Бұқар дананың: 
– Кеше түсте естідім,
Қабанбай ауру дегенді, – 
деп, бүгін кешке қарай келуі.
Үйсін Сарышуаш жыраудың: 
– Албанға келді бір хабар, 
Үйсінге түсті бір шабар,
Дулаттың жиып жақсысын,
Арыздасып қалсын деп, 
Арқаға тарттық бір сапар, – деуі. (Абайкз)
Сол заманның адамдары көңіл сұрауларын осылай бастайды. Хан Батырды науқас меңдегені, әл үстінде жатқаны жөнінде төрт тарапқа ат шаптырылған. Ғалымдар осы жылдары Бұхар жырау Асақарлыда (бүгінгі Осакаровка) отырғанын айтып жүр. Екі орта 60- 70 шақырым. Ендеше, қыс көзі қырауда Бұхар жырау келген жерге көрші қонысты Абылай хан, Қанжығалы Бөгенбай батыр неге келмесін? Ол жылдары Абылай мен Дарабоздың қатар көшіп жүргені бесенеден белгілі. Бұған алдыда соғамыз. Енді ойланайық. Осындай алқалы топтың ортасында айтылған аманат орындала ма, жоқ па? «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейтін қазақ, намысшыл жұрт қайтсе де Хан Батырдың соңғы тапсырмасын, сөз жоқ, бұлжытпай орындайды. Орындамаса, сол күні қалың найманның тірідей өлгені. Бұл – даланың жазылмаған заңы. 
Дастандардың біршамасында Хан Батырдың келіні, Дәулетбай батырдың келіншегі үзілуге беталған қайынағасының басын сүйеп, бүй дейді: 
Мағрип пен машриқтан
Асыл қоймай жинаған,
Есіл мен Нұраның 
Арасына сыймаған, 
Қайран менің қайнағам! 
Әне, Хан батырдың көз жұмар тұстағы мекені қай жер екенін тап басып айтады. Мойын бұрғызбайды. Есіл мен Нұраның арасы. Осы дастандарда мынадай жолдар бар:
«Айнала жел соғады Алакөлге,
Алакөл сусын болған талай елге.
Әркімнің өз тілеуі өзіне деп, 
Қабекең көшіп кетті Сарыбелге.
Бұл қай Алакөл, қай Сарыбел?
1. Семей, Талдықорғанның Алакөлінде айнала жел соқпайды. Не оңтүстік шығыстан ебі, не батыстан сайқан (қыбыла) соғады. 
2. Алакөлдің ол тұстағы тарихи атауы- Итішпес. Себебі, суы ащы. Сусын болмайды. Алакөл атануы орыстың келуімен 1830 жылдарға қарай.
3.Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесінің шығысындағы, 60 шақырымда әмісе айнала жел соғатын Арқаның Алакөлі бар. Малға жайлы, ірілі- ұсақты хайуанның бәрі су ішеді. Жалпы, бұл өңірде үш Алакөл бар.
4. Сарыбелге келейік. Иманжүсіп «Абылай аспас Арқаның Сарыбелі» Ерейментаумен басталып, Есілді басып өтіп, Нұрамен аяқталатынын ту заманда жырлап кеткен. Арқаның тең ортасы. Дәулетбайдың келіншегі айтатын Есіл мен Нұра, қатар ағып жатыр. Қайталап айтамыз, он сегіз дастанның бірде- бірінде Барлық, Тарбағатай, Зайсан, Алакөл, Қоңырала саз, Жоңғар қақпасы айтылмайды.
Рас, аңыз, шежіре, роман, пьесса, әдеби шығармалар тарихи дерек болмайды. Себебі, көркем дүниеде уақыт сапырылысып, ойдан көп оқиға қосыла береді. Себебі бұлар оқиға өткен соң елу, жүз, үш жүз жылдан кейін де шығады. Сол себепті жаңылыс жиі кедеседі. Сондықтан аңыз, дастан, көркем туындыларды тарихи тұлғаларды зерттеуде қосымша айғақ ретінде пайдаланғаны жөн. Алайда қазақта өлген адамды жоқтау салты бар. Міне, бұл дәстүрде қате болмауы тиіс. Жоқтау кісі дүниеден өткен күндері айтылады. Батырдың тікелей ұрпағы Үйгентастық Қасымхан Әубәкіров аталасы, батырдың және бір тікелей ұрпағы Ұрыжар-Мұханшылық Мұстақымнан Назым қыздың әкесі-Хан Батырды жоқтауын жазып алған екен. Қасымхан аға Назымның: 
«Жиылып, тегіс ас беріп,
Қайтқан жерін айтайын-
Есіл-Нұра арасы. 
Ақ атанын шөгеріп,
Жатқан жерін айтайын-
Сарыбелдің сағасы» дегені есіне сақтапты. 
Назым да Тарбағатай, Зайсан, Алакөл деген топонимдерді ауызға алмайды. Сарарқының қақ ортасын нұсқайды.
Қазір кесене тұрғызылған жерді маңайдағы жұрт «Найман қорым» және «Қаракерей Қабанбайдың ақ моласы», «Қабанбай тауы» дейді. Кесене маңына архелогиялық сараптама жасалып, елуге тарта мола анықталды. Мұнда 1931 жылы Қабанбай атамыздың тағы бір тікелей ұрпағы Қыдырмолда жырау, өз қолымен жазып кеткен дерегінде, молаға үш түнеп, шырақшы болып отырған Досан ағадан көп әңгіме естиді. Байжігіттер шығысқа, Жетісуға көш түзегенде батырдың немересі Садырбай бір баласын шырақшылыққа тастап кетіпті. Қабанбай ұрпақтарының соңы Арқадан 1857 жылы қозғалыпты. Досан аға сол ұрпақтан. Осы адамды танитын сан адаммен өзім кездестім. Қыдырмолда жыраудың жазған дерегін маған Несіппек Айт әкеліп берді.
Тасқа басылған дерек бар ма дегенге келейік. Бар. Тарих ғылымдарының докторы Н. Апполова «Қазақстанның ХVІІ- ХҮІІІ ғасырдағы Россиямен экономикалық және саяси байланыстары» атты еңбегінде: «ХVІІІ ғасырдың қырқыншы- алпысыншы жылдары қауымдық жерлерді иелену аяқталды. Мысалы, Қабанбай батыр Есіл мен Нұрада көшіп жүрді» дегенді алдыға тартады. 1760 жылдардың аяғындағы нақ осындай деректі мәскеулік туысымыз, тарих ғылымының докторы Н. Бекмаханова «Легенда о невидимке» деген кітабында «Қабанбай батыр Есіл-Нұра арасында көшіп, Көкшеге дейін жайлайтын. Қабанбай батырмен қатар керей Құлсары батыр көшті» деп атап жазады. Айтып отырған кезеңі 1762-1768 жыл. Ар жағындағы бірер жылда Қаракерей Қабанбай батыр «от орнында»- Арқадағы Нұра өзенінің жағасында дүниеден өтті. 
Бері таман түссек, тарих ғылымдарының докторы, профессор, семейлік Мұхтарбек Кәрімов 1991 жыл мынадай деректі жазыпты: «Профессор, тарих ғылымдарының докторы Нәби Дауылбаевтан дәріс алдым. Ол кісі Ақмолалық. «Қаракерей Қабанбай батырдың сүйегі Ақмоладан отыз шақырым жердегі «Октябрь совхозының территориясында жатыр» деп үйрететін. Бұл бүгін кесене тұрған орын.»
Тура осындай деректі Қазақ Мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы Байтұрсын Дәрішев те үнемі шәкірттеріне сіңіріп отырады екен. Тарих ғылымының докторы Едіге Уәлиханов соны бір дерек келтірді. Біз тарихи деректеріне сүйеніп отырған ғалымдар архивте жылдап отырған, бұра тарту дегенді кәперге алмаған азаматтар. Олар, тіпті, Ақмоланың-Астана болатынын ойлады ма екен?
Күні кеше кеңес үкіметі құлағанша Семей, Өскемен, Талдықорған өңірінде Қаракерей Қабанбай, оның аталастары, ата- бабалары, ұрпағы, замандастарына байланыстырыла қойылған топономикалық атау бар ма еді? Ал Арқада ше? Арқаның картасында ғана Байжігіт, Жанжігіт, Мәмбет, Қожақұл, Шүңет, Шахаман, Әлі, Мырзакелді, Садырбай, Жангөбек, Байгөбек, Кешу, Жолымбет, Еспенбет, Есенгелді, Ағанас, Қалытон, Ақымбет, Шағалақ, Жапақ, Жайнақ, Шоқай атаулары кезігеді. Бұл орыс әбден басып кеткеннен кейін қалғаны ғой. Егер орыс алғаш келген 1830 жылғы картаны таба алсақ, тіпті кенелер едік. 
Әңгіме арасында айта кетейік. Қытайдағы қазақ ғалымдарының ағасы, қазақ тарихының аса білгірі Нығмет ата Мыңжан қазақ хандығы шаңырақ көтергенде наймандар негізінен, Сыр бойында, Ұлытаудан тартып, солтүстікке қарай Есіл- Нұрада, одан әрі мекендегенін отыз жыл бұрын «Қазақтың қысқаша тарихы» атты кітабында жазып қалдырған. Осы деректі Қабдеш Жұмаділов ағамыз да құптапты. О кісі «Егемен Қазақстандағы» «Ұрпағы ұлықтаған Төлегетай» атты мақаласында 2003 жылы «ХҮІІІ ғасырдағы жоңғар шапқыншылығына дейін қазақ көші Арқа мен Сыр арасындағы айшылық алыс жолды қамтитын болған. Ендеше Қазақ хандығы құрылардың алды-артында наймандар осы өлкені мекендеген, сол қатарлы Төлегетай әулеті Сыр бойын қоныс еткен деп қарауымыз керек» деп жазады. Бұл тарихи факт. Өкіреш шал-Төлегетай ұрпақтары Қазақ Хандығы құрылғаннан бастап Сыр бойын мекендеп, одан Арқаға қоныстанып, шығысқа 1800 жылдарға қарай қозғалады. 
Қабанбай батырдың шығыста тууы мүмкін емес. Ол өңірге Төлегетай ұрпағы енді жүз жыл аса ғана қонады. Ал, профессор, Қабанбай батырдың аталасы Тұрсын Жұртбай «Наймандардың Сыр бойына, одан Арқаға қоныстанып, одан шығысқа оралуы алты ғасырды алып жатқан ұзақ оқиға» дейді. Дәл айтады. 1204 жылы Күшілік ханға ілесіп, Шуға, одан Тәжікстанның Таулы Бадахшанына дейін жеткен, Самарқанға Өкіреш Шалды жерлеп, Сыр бойын қоныс еткен, бүгін Төлегетай ұрпағы аталатын төрт ата және дүрмен наймандар Арқаны бір уақ мекендеп, шығысқа бет алуына 600 жылдай уақыт өтті. Бұл оқиғаны Мұхаметжан Тынышбаев тәпіштеп жазып Арқадан көтерілген «Наймандар Қарқаралы, Қазылық, тауларына, Шыңғыстауға қоныстанды. Бұл өңірлерден 1810 жылдары шығысқа қозғалды» деп деректеп кеткеніне де 100 жылдан асты. Тура осы тақылеттес айғақты Құрбанғали Халиди да жазады. Күні бүгінге дейін аты аталып отырған ғалымдардың нақтылы тарихи деректеріне күмән келтірген бір де, бір кәсіби тарихшы шыға қойған жоқ. Бұл тарихшы ғалымдар мойындаған факт.
Қытайда танылған және бір дара тұлға Кәрібай Таңатарұлының «Мұрын және Байжігіт» атты дастаны бар. Оқиғаны Қаракерей Қабанбайдың тікелей ұрпағы, төбе би Сүлейменнің, Байжігіт шежірешісі Маусымбайдың айтуымен 1916 жылы жыр жолдарына түсіріпті. Дастан «Отырар» кітапханасында сақтаулы. Осы дастанда Байжігітке қалыңдық іздеген Мақта Матай ішіндегі Қаптағайдың Бақберді деген азаматының үйіне жолай түседі, Бүрлен деген қызын ұнатқаны айтылады. Содан ағасы Сармырзаға құда түсуді өтінеді. Екі жақ келісіп, той өткен жер туралы осы дастан былай дейді:
Жайлауы Дәулеткерей, Есіл, Нұра,
Құдалық бұрынғыдан қалған мұра.
Аттанды ел жайланып, отырған соң,
Жолымбет көп жолдаспен бас боп құда. 
Міне, Қабанбайдың арғы түп атасы Байжігіт Ерасыл туардан 50 жыл бұрын Арқада-Есіл, Нұра бойында отыр. Сол жердегі матайдан қыз алмақ. «Қабанбайдың ата- бабаларының мекені шығыс» деу түбірімен жалған. Н. Мыңжанның, профессор М. Кәрімовтің деректерінде Ерасыл дүние есігін ашардан ең кемі елу жыл бұрын шығыстағы Ергенекті найман-Көкжарлы, Бура, Саржомарт қазақтың ата жауының тепкісімен ол жақтан батысқа жөңкеріліп кеткен. Алтай, Тарбағатай, Зайсан, Итішпес (Алакөл) маңында Ерасылдың, қазақтың Қабанбай батырының тууы мүмкін емес. 
Үшінші. Қаракерей Қабанбай батыр қайтыс болған 1770 жылы Алакөлде кім отырды? 1785 жылғы 13 шілдеде, Қабанбай батыр дүниеден өткен соң 15 жылдан кейін Аягөздің оң жағалауын мекендеген Шанышқылы Бердіқожа батыр Семей бекінісінің комендантына мынадай жағдайды жеткізіпті: «Аягөз өзенінің сол жағалауына қазақтарды өткізбейді. Қарақолға қарай өтіп едік, қуып тастады». Нақ осы кезде Аягөздің оң жағалауында Андреев пен Аристовтың деректерінде Жаңаби бастаған 700 үй байсуандар, Долы, Дәулет бастаған 400 шаңырақ албан- қоңырбөрік, Әжібай, Алтай бастаған 300 шаңырақ қызылбөрік (ол да албан), Қойсоймас, Қараша бастаған 1500 шаңырақ шапырашты, Атанбай бастаған 700 шаңырақ найман- қызай, Итемгенге ерген 600 шаңырақ ақбарақ, ақболат, Садық бастаған 120 үй қаңлы, Игілік бастаған 500 шаңырақ қашқарау, Жолдыбай, Шымырбайлар бастаған 600 шаңырақ жалайыр, Байғабыл, Өтеп бастаған 100 шаңырақ жаныс (дулат), Тайлақ батыр бастаған қайнардың 600 шаңырағы отыр. Олар 1758- 1762 жылғы Қандыжап- Мамырсу келісімдеріне сәйкес Аягөздің сол жақ жағалауына өте алмаған.
Осыдан сәл ертерек, 1772 жылы (Атамыздың өмірден өткеніне екі жыл толған) Алакөл, Тарбағатай, Барлық, Барқытбелді, Ақсу, Сарқанды кім мекендегенінен де хабар бере кетейік. 1772 жылы Н.Г.Андреев Сарқан, Ақсу бойында хойттар; Алакөл, Ұрыжар, Барлық, Тарбағатай Шәуешекте шаталақ, аладой, бугунут, тунгут, орат, ардахинь, жахауин, кумирен тайпаларының қалмақтары көшіп жүргенін, олар қытайға бағынышты екенін тайға таңба басқандай етіп жазып қалдырған. Нақ осындай деректі Н.Аристов да ұстанады. Сөз түгел болсын, айта кетейік. Сол мезетте цаган, харацин, нарцин рулары күнгей Алатаудан, Шелектен, Ұлыңғыр көлінен, Бош- Шагансудан (Ақсу секілді), Көксу, Қаратал өзендерінің бойынан, Қопалыдан (қазір Қапал аталып кетті) көрінеді. Осыдан қытайлар 40- тай әскери топ құрыпты.
Бұл деректерге күні бүгінге дейін бірде- бір сауатты қазақ тарихшысы талас тудырған жоқ. Осындай нақтылы тарихи деректердің ең болмаса оншақтысын білмей тұрып, Қабанбай батырдың туған және жерленген жері туралы сөз шығарғысы келетіндерге таң қаламын. Ал А. Г.Андреев кейіннен қазақпен қоян- қолтық араласып, тілімізді жетік меңгереді. Орыс пен екі ортадағы туындаған шаруаны қазақ жағы осы адам арқылы шешіп отырыпты. Қазақтар Андреевке үлкен сеніммен, сыйласыммен қарапты. «Семейтау» – қазіргі Семейдің жанындағы жер атауы екенін сол тұста жазып кетті. Бұған да рахмет. Кейбіреулер «Семей» – «Семипалатинск» деп жаңылдырып келді ғой. 
Қазақ пен қытай-қалмақтың шекарасын 1810 жылға дейін Аягөз бөліп тұр. 
Ш. Уәлиханов, М. Тынышбаев, Х. Қалиди, Н. А. Аристов, А. Г. Андреев, Н. Мыңжан, Қ. Жанұзақов әлем таныған тарихшылар. Бұлардың тарихи деректерін жоққа шығарған әзірше бірде- бір ғалым кезікпейді. Сол ғұламалардың барлығы бірауыздан «Наймандардың Аягөзден өтіп, сол жағалауға қоныстануы 1810 жылдан басталады» деп жазып кеткен. Ол тұста Қаракерей Қабанбай батырдың дүниеден өткеніне – аттай қырық жыл. 
Ал Дарабоз елінің, Қабанбай батырдың тікелей аталастары мен ұрпағының-байжігіттердің шығысқа қай уақытта келіп қоныстанғаны нақтылы жазылып қалыпты. Көкірек әулие-Қабанбай батыр түбі талас-тартыс шыға қалса өз көздерімен оқысын дегендей орыс, қытай деректеріне байжігіттердің Тарбағатай, Зайсан маңына келуін сол тұста құжаттапты. Аристовтың жазуынша 1816 жылы Тарбағатай маңына байжігіттер дегендер келі қоныстана бастады» деп уақытты дәл көрсетеді. Н. Мыңжан қытай деректерінен мына жолдарды атап көрсетеді «1816 жылы Мәңшің үкіметінің солтүстік-батыс өлкелеріндегі Зайсан, Тарбағатай қатарлы жерлерге байжігіттеркеліп, орныға бастады. Олар малды және жанды». Бұл кезде атамыз жерленгені 47 жыл толған. Ұрпағы енді жеткен жерге Қабанбай батыр қырық жылдан астам уақыт бұрын қалай жерленеді? 
Байжігіттердің Алакөлге жете қонуы тіпті бері. Мөлшері 1850 жылдардың аяғына дейін Итішпестің терістігін қызайлар мекендеген. Мұны сол өлкелердің түлектері филиология ғылымдарының докторы, Батырдың ұрпағы Болатжан Абылқасымов, тарих ғылымының докторы М. Кәрімов нақтылы дәлелдеген. Осы мөлшерде Тазабек би бастаған қызайлар ағайын арасындағы өкпемен жер ауыстырады. Босаған өлкеге қаракерейлер орналасады. Мұнда Дарабоз елі- Байжігіттер Хан Батыр көз жұмған соң, 80- 90 жылдан соң жетті. Ендеше, атамыз мұнда қалай жерленбек? 
Енді, Арқаға айнала соғайық. Жоғарыда топономикаға тоқталдық. Самсаған Қаракерей, оның ішінде Сыбан мен Мұрындар. Оған қоса М.Тынышбаев: «Матайдың ұраны- Бөрібай. Бөрібай батыр ұлдарымен бірге 1740- 1745 жылдары Сарысу бойында, Атбасар өңірінде жерленген» дегенді жазып кеткен. Осы маңнан терістікке жүрсек, Омбы мен Қызылжардың ортасына төтелей түсесің. М. Кәрімов: «Тоқтарқожа Байыс бидің жылқысын баққанда би ата Қазаншұқыр, Қараағаш, Жалтыркөл деген жерді мекендепті. Бұл Мұрын шежіресінде айтылады. Ол тұста Байжігіттер Мұрынның құрамында болып, Мұрын – Байжігіт аталыпты. Кейін тез өскен соң, Байжігіт өз алдына шығады», – дейді. Осы Қазаншұқыр, Қараағаш, Жалтыркөл атаулары сол күйі әлі тұр. Ұмытылмапты. 
Арқадағы жоғарыда келтірген найман атауы кездейсоқ па? Жоқ, бұл – наймандардың от орны. 3. Сәнік ағамыз- Дарабоздың тікелей ұрпағы: «1824 жылы Нұра өзенінің бойындағы Ақымбет ауылында Үсенбай бидің ауылында барлық наймандарың түселі өтті» дегенді Бейсенғали Садықанның жазба деректеріне сүйеніп жазады. Нақ осы деректі Омбының мұрағатынан таптық. Онда «В году 1824, по реке Нура, прошел съезд всех найманов» делінеді. Осы түселде наймандар ақ патшаға жеті талап қойған хат жолдапты. Соның біріншісі: «1. Бұл жаққа келсеңдер, жер наймандікі екенін мойындайсыңдар». Бұл не деген сөз? Демек, сол тұста Ақмола наймандар мекені ғой. Сондай- ақ, ең соңында: «7. Біз тек патшаға бағынамыз. Бізді 3 жыл сайын патша өзі қабылдасын». Мұндай сөзді кім айтады? Патшаға кім доңайбат көрсетеді? Өзіне, жан басының молдығына сенген ру ғана сөй дейді. Түсел өткізу үшін қалың найман Тоқты, Барлық, Өскемен, Жетісудан сойыс малын айдап, үйлерін көтеріп, ит арқасы қиянға сабылып келмейтінін түсінетін шығарсыздар. Найман түселі найманның қақ ортасында өткен. Ал екінші найман түселі бір айтуларда 1897 жылы, екіншілерде 1916 жылы Көктұмада өткен деген мағлұмат бар. 
Келесі бір дерек- 1830 жылғы 13 маусымда подполковник Шубин бастаған экспедиция Ақмолаға келіп тоқтады. Осы жердегі халықтың жан санын алады. Сонда тек Ақмола маңында 21 000 шаңырақ найман отыр. Арғын 7 000-ның үстінде. Жиырма бір мың найманның 17 000 қаракерейлер. Бұл мөлшері 75- 80 мың жан. Үш мың шаңырақтай матай, бір мың шаңырақтай төртуыл түседі есепке. Ал Ақмола маңынан ары отырған наймандардың тізімі алынбаған. Бүгін Астанадан батысқа қарай, Есіл қаласына дейін наймандар мол отыр. Тұрсын Жұртбай, Қаржаубай Сартқожа, осы өлкеде туып- өскен тарихшы профессор Баянғали Құсайынов және бірнеше адам ол жақты екі күн аралап көрдік.
М.Тынышбаев 1917 жылы 830 мың найман барын патша санағына сүйене мәлімдейді. Ал, 1830 жылы ше? Ары дегенде 400- 450 мың. Қазақ наймандары ол кезде де, бүгін де – Балталы, Бағаналы, Көкжарлы, Бура, Сарыжомарт, Қаракерей, Садыр, Матай, Төртуыл, Терістаңбалы болып, он атаға өрбиді. Не себебі барын түсінбейміз Түркістан, Шымкент, Қызылорда, Ақмола маңайындағы Дүрмен наймандар шежіреге кірмепті. Ендеше, 1830 жылы қаракерей қанша өсті десеңіз де, 100- мыңнан аспайды. Олай болса, 1830 жылы барлық қаракерейдің қанша пайызы әлі Арқада, Қабанбай батырдың Ақмоласы маңында отырғанын мөлшерлей беріңіз. Ендеше, Батыр осында, өз жұртыңың ортасына жерленбесе, енді қайда жерленеді?
Сөз реті келген соң айта кетейік. Ақмола өңірінің өткеніне аса жетік адам Клара Әмірқызы еді. Ақмолада 21 мың шаңырақ найман отырғанын, оның 17- мыңы қаракерей екенін «Егемен Қазақстан» газетіне 1991 жылы Омбыдан алған деректерін көрсетіп, алғаш жазған осы апайымыз:
– Бұл жақта екі Ақмола болған. Бірі – Қаракерей Қабанбай батырдікі. Оны үлкен Ақмола дейтін. Екіншісі – Қыпшақ Нияз бидікі. Оны кіші Ақмола дейтін. Расында да Нияз атанікі Қабанбай атанікінен әлдеқайда кіші еді. Ертерек құлапты. Үйіндісі бар. Ал Қаракерей Қабанбай батырдың моласы 1950 жылдардың аяғына дейін тұрды, – дейтін.
Кереметі – бұл сөздің де тарихи құжатын таптық. 1851 жылы Омбының коллегиялық секретары Уфимцев Ақмолаға жасаған инспекциялық сапарынан соң, былай деп жазыпты: «Город Акмолинск при основании своем в 1832 году назван по белому памятнику, находящиемуся над киргизской (қазақ дегені) могилой, от города в 28 верстах, на сопке лежащей вдоль берега реки Нуры. Слова «Акмола» на языке туземцев выражает буквально «белую могилу». Между туземцами есть предание о могиле большого размера (улькун) сложенных из квадратного кирпича...» Аңдадыңыз ғой, әңгіме үлкен Ақмола жайында. «Ақмола» атауы қайдан шыққаны жөніндегі жалғыз нақтылы тарихи құжат әзірше осы ғана. Ал қалған айтуларға сенім жоқ. Дерексіз. Уфимцевтің осы дерегін тауып, баспасөзге бергеніме он бес жылдай болды. Биылға дейін не қолдаған, не жоққа шығарған кәсіби тарихшының, тарих ғылымы мамандарының пікірі болған жоқ еді. Биылғы көктемде проессор Жамбыл Артықбаев «Ақмола атауы қаланың оңтүстік шығысындағы, Нұра өзенінің оң жағалауындағы жота үстіндегі моладан шыққан» деген пікірін ғаламторға салыпты.
Мына бір пайымға назар аударайық. Ақмола бекінісінің негізі 1832 қаланды. Демек, 1851 жылға дейін бар- жоғы 19 жыл өткен. Ендеше, Ақмола бекінісінің тұсау кесер тойында болып, 7 зеңбіректен оқ атылғанын, Қоңырқұлжа Құдаймендіұлының дуан басы болғанын, Ақмоланың жебе тартып тұрған салт атты қазақ бейнеленген Гербісі қабылданғанын, Ақмола атауының қайдан шыққанын нақтылы білетін адамдардың көзі тірі. Уфимцев деректері осы себептен күдік туғызбайды. Ол нақ сол қазақтардан, патша шенеуіктерінен алғанын жазып қалдырған. 
Ақмола жайлы сөз қозғаған соң мына бір деректерге соқпай кетуге болмайды. Жоғарыда Ақмоланың астана болатыны құдайға ғана аян екенін айтқан едік. Десе де, 1846 жылғы 31 мамырда Адольф Янушкевич «Даланың болашақ астанасы- Ақмола» деп жазып кетіпті. Бұған не дерсіз? Одан әрі Янушкеевич Құнанбай Өсербаевты жер-көкке сиғызбай мақтай келе, оның алты айлық Ибрагим деген баласы бар екенін айта кетеді. Абай ғой!
Қазақ жұртының қайда, қашан орналасқанын білудің бір жолы – ата-бабалардың моласы. Мысалы, ХІV- ғасырда найманның үлкен бөлігінің Самарқанда отырғанын Өкіреш Шалдың, одан бері Төлегетай бабамыздың Сыр бойында тұрғанын, Арқада, Есіл- Нұрада мекендегенін Қаракерей Қабанбайдың молаларынан білуге болады
Осы тұста Күдеріқожа Көмекұлы бабамыздың «Найманда елдің ағасы, алтынды тонның жағасы» деп басталатын «Қарқаралы, Қазалық» атты толғауындағы: 
«...Қайран Есіл- Нұрамыз,
Қайда барып сиямыз...
Есіл-Нұра екі су, 
Еңкейіп одан бетің жу...
Бұ барғаннан келмесек,
Өз еркіммен жүрмесек,
Жебеп-желеп жүре гөр,
Арқада қалған аруақ!»
деген жолдарды да еске сала кеткен артық болмас. Күдеріқожа толғауын Есіл мен Нұрадан қозғалып, Қарқаралыға тоқтаған, өзі болған көш үстінде айтыпты. 
Қазақ тарихының білгірі, тарихшы, Академик Манаш Қозыбаев Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесіне үш рет келді. Үнемі адам көп кезде ат басын тірейді. Сол ғалымның былай дегені бар: 
– Сен, Камал, айналайын, мына кесене салынбай тұрып - ақ маған келгенсің. Сонда не айттым? Негізінде, әрбір тарихи оқиға, тарихи факті, тарихи тұлға үш фактор арқылы мойындалады, сөйтіп қана тарихи шындық ретінде қабылданады. Ол, бірінші – халықтың мойындауы, екінші – тарихи дәлелдердің сәйкестігі, үшінші – мемлекет тұрғысынан мойындау. Ара- тұра, бірінші фактор қазақ жағдайында жазба дерек емес, шежіреге сүйенетіндіктен тура болмайды. Оны қосымша дәлелдеу қажет. 
Енді, нақтылы Қаракерей Қабанбай батырға келсек, дастандарда айтылатыны – Арқа, оның ішінде Нұра бойы. Қабанбай атамыздың жағдайында бұл фактор халықтық тұрғыдан толық мойындалған. Ал тарихи дәлелді өзің айттың. Оның үстіне мен де көзім жеткен соң келемін. Мұны мен саған кесене салынбай тұрып жолыққаныңда Алматыда айтқанмын. (Бұл жөнінде 2000 жылғы 14 қарашадағы «Қазақ әдебиеті» газетінде, Манаш ағаның көзі тірісінде жазған мақаламды оқыған боларсыздар.) Мемлекеттің мойындауына келсек, мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаевтың кесенені ашуы – үшінші фактор болып табылады. Әрі Әбіш бауырымыз мен басқаратын Тарих және этнология институтымен, менімен ақылдасты. Бұл – Қаракерей Қабанбай батырдың моласы. Кім не десе де, шындық осы. Қалғандары, әсіресе жазушылар, айта береді. Сенікі дұрыс. 
Манадан бергі деректерді, дәлелдерді жинақтасақ, мынадай түйінге жетеміз: 
1. Қаракерей Қабанбай батыр Арқада туып, Нұра өзенінің жағасындағы Сарыбелге жерленген; 
2. Наймандардың топтала Аягөздің сол жағалауына өтуі 1810 жылдан бері. 
3. Байжігіттердің бір тобының Зайсан, Тарбағайға жете қоныстануы 1816-1817 жылдары. Аристов 1816 жылды атап, «Байжігіттер дегендер келіп қоныстана бастады.» десе, Н. Мыңжан «1817 жылы Мәңшің мемлекетінің солтүстік батыр өлкелеріндегі Тарбағатай, Зайсан қатарлы өңірлеріне Байжігіттер келіп қоныстанды. Олар жанды және малды» деп жазады. Бұл Қабанбай батырдың дүниеден өткеніне 46 жыл болған уақыт. 
Қаракерей Қабанбайдың замандастары мен балалары Арқада, Аягөздің оң жағалауына қойылған. Мысалы, Әлі батыр атамыздың кенжесі. Дарабоздың қырық жеті жасында туған деседі. Әлі батыр ұзақ жасапты, сексеннен мол асып, қайтыс болыпты. Сонда Әлекең мөлшері 1735 жылдан бері туса, 1820 жылдары өмірден өткен. 
Нарбота мен Қасабай батырлар 1757 жылы Әмірсананы қуып келген Фу Денің әскерімен соғыста ерекше көзге түседі. Нарбота соның алдында Әмірсананың таңдаулы бес жүз жанкештілерін қырып салады. Бұл екі атамыздың да бейіттері белгілі. Жасырған түгі жоқ. Қалмақ қорлайды десе, шекараның тап үстінде отырған осы батырларды тығып, жасырып қойса керек еді. Жоқ. Қасабай батырдың бейіті Аягөзден 3- ақ шақырымда, ол кездегі қалмақ күнде көріп жүретін жерде. Қалмаққа әбден тізесі батқан би Боранбай, Шақантай батырлардың молалары да Аягөздің оң жағалауында. Сондықтан Қабанбай батырды жаудан тығып қойды деу қисынсыз әңгіме. Жау-қалмақ бұл кезде елдігінен қалып, қытайдың табанына біржола түсіп, таяқ шошайтатын қалден кеткеніне он бес жылдан асқан. Қазаққа шаппақ тұрсын, тұқымымен құрып кетпеуге жанталасып жатқан. Қабанбай батырдың тұсында қазақ Аягөздің сол жағалауына шыға алмағаны анық. Оның себебін арыда, алды 250 жыл, арты 100 жыл бұрын Андреев, Аристов, Шоқан Уәлиханов, Мыңжан, Халиди, Тыншыбаевтар жіліктеп талдап жазып кеткен. Бергі кезеңде жүздеген мақала және жазылды. Интернеттен менің қолымнан шыққан «Қандыжап-Мамырсу бітімдері» атты мақаланы тауып, оқысаңыздар себебін білесіздер. 
Енді Қабанбай батырдың қашан, қайда туғаны жөнінде. Аңыздарда:
«...Қаңтарда туған екен шешесінен,
Үлгі алып батырлықтың есесінен» 
делінеді. Қаңтардың жуан ортасы екен. Демек-мал қыстауда. Шежірешілер екі түрлі дерек ұсынады. Бірі- «Арқадағы Қорғалжын көлінің маңын сол кезде Байжігіттер мекендеген. Арғы атасы Тоқтарқожаның Омбының етегінен Байыс бидің жылқысын қыстатуға кеткен жағы осы көл маңы болыпты» деседі. Мүмкін. Екіншілер «Ұлытау мен Қаратаудың арасында Ұғырық деген өзен бар. Байжігіттер сол қыста осы өзенді бойлай отырыпты» деген пікір айтады. Бұл да мүмкін. Алайда қанша іздесек те осы өзенді таба алмадық. Мүмкін Сіздер көздерсіздер. Әзірше тап басып айтар қосымша дерек таба алған жоқпыз. Тек батырдың 
«Арқаға арнап, бейіт соғып,
От орныма қойыңдар»
Деген өз сөзін ұстанып жүрміз. Көріп отырсыздар бұл мәселе әлі де зерттеуді, талдауды қажет етеді.
Сонымен мақаламызды түйіндейік.
1.Қаракерей Қабанбай батыр, сөз жоқ, Арқада жерленген.
2. Моласы Есіл мен Нұра арасындағы Астана қаласынан отыз шақырым жердегі Қабанбай тауының үстінде.
3.Ерасылдың шығыс өлкелерде тууы мүмкін емес. Атамызды шығыста туды деу сол тұстағы тарихи оқиғаларды, қаракерейлердің ХҮІІ-ХІХ ғасырдағы қонысын білмеуден немесе аталастарының Дарбозды өзге жерде тууға қимаудан туған қателік. 
Мақаланың кемшін тұстары болса толтыра жатарсыздар. Тек сабырлы, салихалы, нақты деректі пікірлер айтсаңыздар екен. Дау-шардан түк те шықпайды. Шын дауласқыңыз келсе мен атап отырған Қаракерей Қабанбай батырдың тікелей ұрпақтарының, әлем таныған тарихшылардың нақтылы құжатталған деректерін терістейтін нақтылы бірнеше айғақтар көрсетіңіз. Қуана қабылдаймыз. Қабанбай батыр нақтылы тарихи Тұлға. Ертөстік, Ер Сайын, Керқұла атты Кендебай секілді ертегінің батыры емес. Сондықтан тарихи деректермен сөйлейік. Өйтпесек Қаракерей Қабанбай батыр бабамызды да ертегінің кейіпкеріне айналдырып аламыз. Бұл аса үлкен ағаттық. Шама келгенше Дарабозды ауызекі-шежіре, аңыздан, әдеби шығарма- роман, поэма, пьессадан аршып, ажыратып, нақтылы тарихи деректермен зерттеп-зерделейік. «Атам айтқан, естіп едім» деген сөзден аулақ болайық.
Ең соңында кейбір азаматтардың Тарбағатай, Итішпес (Алакөл) әлімсақтан наймандардың мекені дегені шындыққа қаншалықты сәйкес келетінін айта кетейік. Алдыда келтіретін деректерім үшін түте жөнелмей, түсініп оқып, сабырмен ойланып алыңыз. Шыңғысханға дейінгісін бір Құдай білер, одан бері бұл өлкелерді кім мекендегені тарихи деректерге толы. 1246 жылы Карпини бүгінгі Алакөл мен Тарбағатайды қарақытайлар мекендеп отырғанын атап көрсетеді. Ол Жоңғар қақпасынан соғатын алапат жел-Ебіні де суреттейді. Еміл өзенінің бойындағы құлаған қаланың қайта салынғанын жазады. Бұл өлкеден аттанған соң көп жүргендерін, таулы, суық аймаққа жеткенін, онда жазық жер жоқ, наймандар отырғанын айтады. «Путешествие в Евразиские степи. ИД «Кочевник» Алматы. 2003 г. 95 стр) Бұл-Алтай, осы өңірде найман отырғанын ұққан шығарсыздар. 
1389 жылы Итішпестің жағасына, Еміл өзенінің бойына Омаршаһ шатыр тігіп, жеттерді қуып келе жатқан әкесі Әмір Темірді қарсы алады. Біз Жоңғар қақпасы атап жүрген шатты «Тышқан қақпа» атайды. Осы уақта да бұл маңда бір де, бір найман жоқ. Әмір Темір өзі де дүрмен найман ішіндегі барлас табынан екенін өзбек ғалымдары кейінгі оншақты жылда анық жазып жүр. Самарқандағы, Пәкістандағы ұрпақтарымен өзім таныспын. 
1630 жылдардан 1755 жылдарға дейін бұл аймақты дербес қалмақ Мемлекеті басып отырды. 1757 жылдардан бастап қалмақты ұлт ретінде жоюға бет бұрған қытай келді. 1762 жылы Ұрыжардың жанындағы қазіргі Ақжар ауылына қытайдың шекара генералы келіп орналасып, 1810 жылға дейін тапжылмай отырды. 1810 жылы ғана қытай генералы резиденциясын патшасының жарлығына сәйкес Чугунчакқа (Шәуешекке) ауыстырады. Мұның себебін 250 жыл бұрын Андреев, 150 жыл бұрын Уәлиханов, Аристов, 100 жыл бұрын Тынышбаев, Халиди жазып кеткен. Қарсы пікір айтқан бір де, бір кәсіби тарихшы болған емес. Бұл тарихи факт. 
Келесі бір жағдай. Найманның Шыңғысханға дейінгі Атамекені бүгінгі терістік мыңғұл жері. Сол уақыттарда Тарбағатай мен Итішпесте найман отырғаны жөнінде бір дерек көзіме түскен емес. Өз басым Карпини мен Рубруктың Алтайдан кездестірген наймандары қай найман екенін де анықтау қажет деп санаймын. Бүгін шығыстағы тыва, алтай, мыңғұл жұртында да наймандар бар. 1204 жылы одақтастарының сатқындығынан найман Шыңғыстан тас-талқан жеңілді. Күшілік сұлтан жұртымен батысқа өтіп, Шу бойындағы қарақытай ханы Жылғуға келді. 1211 жылы Қарақытай тағын иеленді. 1218 жылы Таулы Бадахшанда-Тәжікстанда өлді. Өкіреш Шал-Самарқанда, Төлегетай-Сыр бойында, Байыс, Байсиық Омбының етегінде, Байжігіт Арқада туып, өмір сүргені анық. 
Ендеше сонау Шыңғысханнан тартсақ, Қабанбай батыр туардан 450 жыл бері найман тұрмаған жерде, бабамыз туар мезгілде қалмақ отырған жерде Ерасыл туды деген қай меселеге сияды? Қабанбай батыр дүниеден өткенде қытай генералы басқарып отырған аймаққа Хан Батыр жерленді дегенді қалай айтуға болады. Бұл өлкелер 1800 жылдарға дейін найманға тиесілі болмаған. Осы жағдайларды, шын сөзім, жазғым да, айтқым да келмейді. Амал жоқ жаздым. Әлі де жаза алмай отырғаным жетіп, артылады. Осы мақаладағы нақтылы тарихи шындықты айтамын деп талайыңызға жеккөрінішті болып отырғанымды түсінемін. Бірақ Қаракерей Қабанбай батыр нақтылы тарихи тұлға, Қазақ халқының бас Батыры, бас Сардары. Ендеше Бамызды ұрпаққа аңыздан, өтірік сөзден, жалған патриотизмнен арылтып, тарихи тұлғасымен жеткізіп беруіміз керек. 
Кеудесінде «қазақпын» деген сәулесі бар азаматтар Қаракерей Қабанбай батырды, барлық бабаларымызды тарихи тұрғыдан зерттеуге, ат салысып жатыр. Біз Қазақтың Хан батырының, Ұлы Сардардың әрбір ісін, әрбір сөзін, өзі ұстаған дүниесін тірнектеп жинап жүрміз. Мұнда саясат жоқ. Тап- таза қазақы патриотизм, ата- баба мұрасына деген адалдық қана бар. Ойымыз қазақтың ата тарихын байыту, бабамызды кейінгі ұрпаққа нақтылы тарихи бейнесімен табыстау. Шындыққа жету. Жалғаннан арылту.

 

Камал Әбдірахман,  ғаламтордағы жазба

 

Aqsaqaldar.kz

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер