«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Бейбіт Қойшыбаев: АЗАТТЫҚ ҚҰРБАНДАРЫ
Бейбіт Қойшыбаев: АЗАТТЫҚ ҚҰРБАНДАРЫ
Дайындаған: 4 ай бұрын

(Саяси репрессияға ұшыраған азаматтар туралы кітап)           

 

                                 Жанайдар Сәдуоқасов

 

Қазақ ұлт-азаттық қозғалысына қатысушы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Жанайдар Сәдуақасұлы Сәдуақасов 1898 жылы Ресей империясы, Ақмола облысы, Ақмола үйезіндегі Сарысу болысында, Төссаз деген жерде, қазіргі әкімшілік бөлініс бойынша ҚР, Қарағанды облысы, Жаңарқа ауданы, Түгіскен ауылында  көшпенді  малшы отбасында дүниеге келген. Ауыл молдасынан сауат ашқан. Әкесі оны 1912 жылы орысша білім алып, жағымды істерімен ел аузына ілігіп жүрген ауылдас ағайыны, болашақ қоғам қайраткері  Байсейіт Әділовтің ықпалымен Ақмолаға (қазіргі Нұр-Сұлтан) оқуға жібереді. Осында Жанайдар  1913–1915 жылдары  шіркеу жанындағы мектепте, 1915–1916 жылдары  жоғары бастауыш мектепте оқиды. Омбы гимназиясында жерлесі әрі туысы,  болашақ Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің алғашқы құрамының мүшесі, Ұлт театрының (қазіргі М. Әуезов атындағы мемлекеттік академиялық қазақ драма театры) тұңғыш директоры және бас режиссері Дінмұхамед Әділов оқитын.  (Бала Діншені патшалық кезінде Міржақып Дулатов «Қазақ» газетінің өкілі ретінде Ақмолаға келгенінде көріп-біліп, оған білімін қыр  өлкесінің астанасында көтеруіне кеңес берген әрі қамқорлығын көрсеткен). Жанайдар 1916 жылы Діншемен бірге Омбыға барып, ересектерге арналған гимназияға түседі. Омбыдағы оқушы жастардың «Бірлік» атты мәдени-ағарту және саяси ұйымы жұмысына белсене араласады. Монархияның тарих сахнасынан кетуіне байланысты халықтың саяси белсенділігі ерекше артқаны мәлім. 1917 жылғы көктемде Омбыда өткен Ақмола обл. қазақтарының съезінде сайланған қазақ атқару комитеті сібірлік астанада оқып жүрген жастарды («Бірлік» ұйымының мүшелерін) қоғамдық жұмысқа көптеп тартты. Дінше мен Қошке Кемеңгеров (болашақ драматург, жазушы, публицист) Ақмола қаласына комиссар ретінде іссапарға жіберілді, онда олар мұғалім, ақын Сәкен Сейфуллинмен бірге үйез қазақтарының жиындарын өткізді, сондай-ақ   жастардың арасында революциялық ұйымдар құрумен шұғылданды. Ал Жанайдар  орталықта – Омбыда – қазақ комитетінің  ауылдық және болыстық ұйымдар жөніндегі нұсқаушысы болып істеді. Осылай ол қазақ ұлт-азаттық қозғалысының өрістей түсуіне өзіндік  үлес қосуға кірісті.

1917 жылғы желтоқсанда Орынборда ІІ Жалпықазақ құрылтайы болып, Алаш (Қазақ) автономиясын құрды, автономияның үкіметін («Алаш-Орда» Халық Кеңесін) сайлады. Алайда большевизм, тиісінше кеңестік тұғырдағы қазақ белсенділері оны мойындамады. Мәселен, Ақмоладағы Сәкен Сейфуллин, Байсейіт Әділов бастаған топ «байлардың автономиясын қабылдамайтындарын, автономияны өз  іштерінен оқығандар көбейген соң алатындарын» мәлімдеп, орталыққа жеделхат жолдады. Осындай идеялық көзқарастардағы қайшылықтарға байланысты Омбыдағы жастар ұйымы да алауыздыққа ұшырады.  Сонда, 1918 жылдың басында, «Бірлік» екі жарылғанда, оның солшыл қанатын Жанайдар Сәдуақасұлы да қолдап, омбылық оқушылар ішінде Демократияшыл қазақ жастары кеңесін құруға қатысты және оны басқарды. 1918 жылдың күзінде, Сібірде Колчак билігі орнаған шақта, көктемнен бері Қиыр Шығыста халықаралық партизандар жасағы қатарында ақтармен шайқасқан Дінше Әділов Омбыға оралды да, Жанайдар Сәдуақасов онымен бірге солшыл көзқарастағы жазушы-қайраткер Ф.А. Березовскиймен, сол  арқылы жұмысшылардың саяси ұйымдарымен байланысып,   кеңес өкіметі идеяларын насихаттаған астыртын жұмыс жүргізді. Дінше екеуі 1918 жылы 22 желтоқсандағы ақтарға қарсы көтерілген қарулы көтеріліске қатысты. Көтеріліс сәтсіздікке ұшырағанда Жанайдар  бой тасалап, қалада қалады да, тұтқындалу қаупі төнген Діншеге қажет құжат жасап беріп, «Бірлік» ұйымындағы үзеңгілесі, болашақ партия-кеңес және кәсіподақ қызметкері, әдебиетші Әбдірахман Байділдинмен бірге Омбыдан астыртын шығып кетуіне жәрдемдеседі. Сол қыста, халық ағарту саласының қазақ бөлімінде іс жүргізуші қызметін атқара жүріп, Жанайдар Омбы түрмесінен С. Сейфуллин мен басқа да жігіттердің қашып шығуына қажет құжаттар дайындайды. 1919 жылғы шілдеде Жанайдар Сәдуақасовтың өзі де ақтар қолындағы Омбыдан кетуге мәжбүр болады. Ақмолаға (қазіргі Нұр-Сұлтанға) оралады.

Кеңес өкіметі орнағанда, Сәдуақасов осында үйездік халық соты комитетінің мүшесі ретінде қызмет істей бастады. Сосын 1920–1922 жылдары кеңестердің Ақмола үйездік комитетінің   мүшесі, оқу бөліміндегі саяси ағарту саласының меңгерушісі, үйездік аткомның іс басқарушысы және төралқа мүшесі, Ақмола губерниялық  атқару комитетінің хатшысы, Черлок үйездік ревкомының төрағасы (Петропавл қаласында) болды. Жанайдар Сәдуақасов өзін жауапты жұмыстарда тез танытты. Революцияның идеяларына құлай сеніп, халыққа қызмет ету ісіне жан-жүрегімен жегілгендігі тиісті нәтижелер  берді.

Республика Кеңестерінің 1922 жылы Орынбор қаласында өткен кезекті ІІІ съезінде Жанайдар Сәдуақасов Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетінің (Қазатком) жауапты хатшысы болып сайланды. Осы 1922 жылы Қазақ АКСР ОАК Төралқасы құрған Аудармашылар алқасының мүшесі ретінде тәржіме ісін жөнге қоюға үлес қосты. 1923 жылы Қазатком жанынан «Қазақ тілін іс жүргізуге енгізу жөніндегі Орталық Комиссияны» құруға мұрындық боп, оның алғашқы төрағасы ретінде мекемелердің іс-қағаздарын қазақыландыру хақында нақты жұмыстар жүргізді. Комиссия төрағасы Жанайдар Сәдуақасұлы халық комиссариаттарында (халкоматтарда) және өлкелік мекемелерде істеуге қазақ қызметкерлерін көптеп тарту, бұл үшін орталықта және губернияларда қазақ қызметкерлерін даярлау курстарын ашу, жауапты және техникалық орыс қызметкерлері үшін қазақ тілін оқытуға арналған курстар ұйымдастыру мәселелерімен айналысты. Оның басшылығымен аймақтардағы нақты жағдай зерттелді, содан соң «Қазақ тілін іс жүргізуге енгізу жоспары», «Қазақ тілін іс жүргізуге енгізу жөніндегі Декреттің жобасы» мен «Қазақ тілін іс жүргізуге енгізу жөніндегі Орталық Комиссия туралы ереже» әзірленді. Жанайдар Сәдуақасов елдегі мемлекеттік органдарды қазақ қызметкерлерімен жасақтау жөнінен бірқатар өткір же өзекті мәселелер көтерді. Қазақ тілінде іс жүргізу Ақмола губерниясының кейбір аймақтарында, Семей губерниясының Зайсан үйезінде 1921 жылы басталғанын еске сала отырып, қазақ тілін басқа өңірлерде де іс жүргізуге енгізу жөніндегі  барлық іс-шараларды жоспарлы түрде, мемлекеттің тікелей қолдауымен және заңды құжаттар негізінде жүзеге асыруды талап етті.

Ал 1924–1925 жылдары Жанайдар Сәдуақасов Адай үйездік ревкомының төрағасы, 1925–1926 жылдары Қазақ АКСР Қаржы халық комиссарының орынбасары (Қызылорда қаласында), 1926–1928 жылдары Сырдария губерниялық аткомының төрағасы (Шымкент қаласында) болып істеді. Еліміздегі ұлы өзгерістер толқынында үлкен шыңдалу мектебінен өтіп, ірі қайраткер ретінде  сомдалған Жанайдар Сәдуақасұлы 1928 жылы Әділет халық комиссары және Республика Прокуроры болып тағайындалды. Бұл қызметінде ол Қазаткомның 1928 жылы тамызда шығарған қазақтың ірі бай-феодалдарын тәркілеу туралы декретінің орындалуын тексеру жұмыстарын тікелей бақылады. Осы жерде атап  айта кету ләзім: сол жылдарда Ресей Федерациясының құрамында тұрған Қазақ автономиялық республикасы  мен оның  үкіметі іс жүзінде бар болғаны қуыршақ мемлекеттің өз еркі өзінде жоқ қуыршақ үкіметі ғана болғаны  белгілі, соған сәйкес, тиісінше – осынау аталған құқық қорғау органдарының да құқтары шектеулі-тін. Республикада пәрменді билікті бас саяси басқарма (ГПУ) деп аталатын құпия полиция астыртын түрде, орталықтың атынан және, әрине, орталық эмиссары Ф. Голощекиннің  нұсқауымен жүргізетін. Сондықтан да тәркілеу науқанының соңына қарай, 1928–1929 жылдары  қазақ  зиялыларының үлкен тобына бүгінде «Алаш ісі» атымен кең мәлім болған жасанды саяси айып тағу науқаны басталғанда, сол кезде республика прокуроры болып отырған Жанайдар Сәдуақасов тұтқындалғандардың ешқайсысына, тіпті өзінің Омбыдағы оқушылық шағынан басталған  саяси күрестегі үзеңгілесі, жан-дүниесін жасынан жақсы білетін жолдасы Д. Әділовке «тәркілеуге қарсылық көрсеткені», «банда құрғаны» хақында нахақ жала жабылғанда да ара тұра алмады. Себебі «автономия»  алған қазақ республикасының прокуроры   түгіл, күллі  үкіметі орталықтың осындағы партиялық эмиссары мен ГПУ агенттерінің қырағы бақылауында тұрған-ды.

Жанайдар Сәдуақасов барша  кеңестік Қазақстанның қазақ қызметкерлері тәрізді, өз қызметін пұрсат берілген шекте ғана жүргізуге қақылы болатын, дегенмен соның өзінде оның бастамасымен тәуір нәтижелерге қол жеткізілді: республика соттарындағы халық заседательдерінің қатарында қазақтардың үлесі 1929 жылдың соңына қарай  50,5 пайызға көтерілді. Ол республиканың  басбұзарлық (қылмыстық) кодексі нормаларын үкіметте қайта қарап, талқылауға, жекелеген бөлімінің бабтарын қайта тұжырымдауға мұрындық болды.  Әділет  халкомы және прокурор  лауазымында ол 1930 жылғы сәуірге дейін істеді. Бұдан соң 1936 жылға дейін БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінде мәдениет-насихат бөлімінің меңгерушісі, көлік жөніндегі хатшы, кеңестік сауда бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Сосын 1936 жылы Халкомкеңес төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Осы қызметімен бірге ол  республикалық партия газетінің («Еңбекші қазақ», одан «Социалистік Қазақстан» аталған, қазіргі «Егемен Қазақстан») бас  редакторы болды.

Жанайдар Сәдуақасов мәдениет саласын басқарып, ұлт театрына қолдау көрсетіп тұрды, одақтық ғылым академиясының қазақстандық базасы, ауылшаруашылық академиясы секілді ғылыми орталықтар ұйымдастыруға, жоғары және орта кәсіптік білім беру оқу орындары жүйесін құрып, дамытуға  атсалысты. Тікелей баспасөз мәселелерімен шұғылданды, халықты мәдени және саяси ағартудың негізгі құралы ретінде, республикада «Қазақ әдебиеті» басылымынан бастап, қазақ тілінде шығатын газеттер санын және баспалар  өнімдерін көбейтуді назарда ұстады.  Жазушылармен  ұлт  әдебиетінің ахуалы  және болашағы жайында жиі пікірлесіп, әрдайым өз ойын білдіріп отырды. Жаңа шығармаларға пікір жазды, жас  әдебиетшілердің ұлттық  рухты жоғалтпауына назар аударды. Әр кезде ағымдағы сәтке байланысты мақалалар жазып тұрды. Ол Қазақстан партия ұйымы тарихына байланысты баяндама жасап, осы орайдағы көптеген істердің басында көрінді. Қабылданған маңызды қаулы-қарарларды жинастырып, маңызды құжаттар жинағын шығарды, републикадағы кеңестерді ұйымдастыру тарихы жөніндегі материалдар жинағының жауапты редакторы болды, басшы қызметкерлердің баяндамалары мен сөздері жинақтарын редакциялады, өлкелік «Весь Казакстан» («Барша Қазақстан») анықтамалық кітабын дайындап шығарудың басында болды. 1937 жылы Қазақстан К(б)П Алматы облыстық комитеті мен Алматы қалалық комитетінің бірінші хатшысы болып сайланып, сол қызметінде 1937 жылы 17 қыркүйекте тұтқындалғанға дейін істеді.

Жанайдар Сәдуақасов 1938 жылғы 25 ақпанда КСРО Жоғарғы Соты Әскери алқасы көшпелі сессиясының үкімімен атылған. Сол күні оққа ұшқан 39 боздақпен бірге Алматы түбіндегі Әли ауылына (қазіргі Жаңалық) құпия көмілген (бірнеше мың жазықсыз жазаланған жан жатқан бұл қорымға 2002 жылы мемориалдық ескерткіш қойылды).  Жеке басқа табынуды әшкерелеген СОКП ХХ съезінен кейін, 1957 жылғы 16 сәуірде ақталды.

Оның өмір жолының монархия құлағаннан кейінгі алғашқы кезеңі Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» тарихи романында суреттелген. ХХ ғасырдың 30-шы жылдарындағы алапат ашаршылықта ел ішінде жүргізген жұмысының бір кезеңін жазушы-зерттеуші Дулат Шалқарбаев «Ақиықтар» (Тараз, 1998) деген кітабында баян еткен. Өмірі мен қызметі жайында Перизат Сәдуақас зерттеу еңбек жазып, ғылыми диссертация қорғады, проф. Х. Әбжановпен бірге Жанайдар Сәдуақасовтың шығармаларының жинағын шығарды. Қайраткердің туғанына 120 жыл толуына орай Жаңаарқа ауданындағы іргесін 30-шы жылдары өзі қаласқан, кезінде жұрт «Қызыл отау» деп атаған мектепке аты беріліп, ескерткіші қойылды, Алматыда жауапты басшы қызметте істеп жүргенінде тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылып, қаланың бір көшесіне есімі берілді.

 

 

                                     Мұратбек Сейітов

 

Алаш  қозғалысына қатысушы, дәрігер Мұратбек Жұманұлы Сейітов 1899 жылы Омбы қаласында дүниеге келген.  Асылбек Сейітовтің інісі. Жоғары медициналық білім алған. Азаттық қозғалысына атсалысып, Алаш-Орда қызметін қолдаған. Кеңес өкіметі тұсында мамандығымен жұмыс істеп, білікті дәрігер ретінде танылған. Степняк қаласында аурухана меңгерушісі әрі хирург болған.

Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданы, Казгородок (Үлгі) ауылындағы  үйінде 1937 жылғы 29 шілдеде Солтүстік Қазақстан облысы НКВД басқармасы тарапынан тұтқындалған. КСРО Жоғарғы соты Әскери алқасының Көшпелі сессиясы 1938 жылғы 9 наурызда жазаның жоғарғы шарасын қолдануға үкім етіп, сол күні атылған. Алматы түбіндегі Жаңалық қорымына жерленген. 1958 жылғы 20 мамырда КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасы ақтаған.

 

Ғазымбек Бірімжанов

 

Ұлт-азаттық қозғалысқа қатысушы, кеңес өкіметінің жолдамасымен Германияда арнайы білім алған, «Алаш ісі» бойынша жүргізілген қуғын-сүргін пауқанында Қазақстаннан Ресейге жер аударылған, жазасын мамандығымен еңбек етіп өтеп жүргенінде Үлкен террор құрбаны  болған Ғазымбек Қорғанбекұлы Бірімжанов 1896 жылы бұрынғы Ресей империясының Қостанай округі, Торғай үйезінің Тосын болысындағы  № 1 ауылдың (Бестоғай ауылының) дәулетті тұрғыны отбасында дүниеге келген. 

Ғазымбектің әкесі Қорғанбек XVIII ғасырда Әбілқайыр ханның сенімді үзеңгілестерінің бірі болған атақты Шақшақ Жәнібек батырдың ұрпағы, әйгілі Шеген бидің немересі екен. 1870-ші жылдары Орынбор бекінісіндегі қазақ балалары үшін ашылған орыс мектебінде оқыпты. Өлкедегі патша өкіметімен белгілі дәрежеде ынтымақтас боп, болыс басқарушысы лауазымымен атқарған қызметі үшін түрлі ретте марапатталып тұрған. Халық ауыз әдебиетінің білгірі, шешен, аймағында беделі зор би де болған көрінеді. 

Қазақ азаттық қозғалысы қайраткерлерінің бірі  Бақытжан Қаратаев жазбаларының біріндегі мына жолдар бұл кісінің ақылды да батыл азаматтығына куәлік етеді: «...киргиз-қайсақтар (қазақтар) неліктен орыс чиновниктері мен мекемелеріне келгенде жалған сөйлеуге және алдауға бейім деген сұраққа Арғын руындағы Кішкене Шекті бұтағының беделді қазағы, Шеген батырдың немересі Қорғанбек Бірімжанов 1886 жылы, менің Петербург университетінің студенті кезімде, Торғай облысының әскери губернаторы генерал-лейтенант Барабашқа менің көз алдымда былай деді: «Қазақ халқының даналығы айтады – егер сен орыс чиновнигіне шын көңілден, жүрегіңмен ақтарылып шындықты айтсаң – ол саған сенбейді, ал егер сен оған қиыстырып тұрып, шебер тілмен өтірік айтсаң – құлай сенеді». Қорғанбек Бірімжановтың бұл сөздері ақиқат болғандықтан да, царизм чиновнигінің бетіне түкірілген терең де ащы әжуаға толы қақырық еді...»

Заманына сай беделге ие, еліне абыройлы қызмет етіп жүрген Қорғанбек Бірімжанұлы балаларына уақыт талабына лайық білім мен тәрбие бере білген кісі көрінеді. Оның үлкен ұлы Ахмет Бірімжанов елге танымал заңгер, Торғай облысы қазақтары атынан Ресей Мемлекеттік думасының алғашқы екі шақырылымына да депутат болып сайланған, қазақтың ұлттық мүддесін қорғауға әрдайым белсене атсалысып жүрген қайраткер-тін. ІІ Николайдың 1907 жылғы 3 маусымда жария еткен, қоғамда «З маусым төңкерісі» деп бағаланған Манифесімен ІІ Дума тарқатылып, сайлау заңына (қазақтарды Думаға сайлану құқынан айырған) өзгеріс енгізілгеннен кейін, ол Самара губерниясындағы Бузулук қаласында заң қызметінде болды. Сол шақта жеткіншек інісі  Ғазымбекті қолына алған, оны өзі қызмет істеген қалалардағы тиісті оқу орындарына оқуға орналастырып, білім алуына, заманауи тәрбие мектебінен өтуіне тікелей атсалысқан.

 Білімді де білікті, байсалды ұлт қайраткерінің үйінде қаршадайынан отбасы мүшесі ретінде тұрып тәрбиеленген Ғазымбек Бузулук, Орынбор қалаларында оқи жүріп, қоғамдық-саяси тыныс-тіршілікке араласып жүрді. «Қазақ» газетінің редакциясына емін-еркін кіріп-шығып, жұмысына тікелей қатысып тұрды. Орынбор реальды училищесін бітірді. Патшаның 1916 жылғы 25 маусым жарлығы тұтандырған көтеріліс басып-жаншылған соң, майданның қара жұмысына қазақ даласынан алынып, Киев жағындағы соғыс құрылыстарына  салынған жұмысшыларға көзі ашық зиялы қауым өкілі ретінде көмектесуге аттанды.

Ақпан революциясы езілген халықтар алдына айқара ашқан саяси мүмкіндіктер жөнінде Ғазымбектің айқын түсінігі болды. 1917 жыл бойы Орынборда өтіп жатқан саяси оқиғаларға құлағы түрік жүріп, ағасы Ахметпен бірге Алаш азаттық қозғалысына, қозғалыс барысында ұйымдастырылған жалпықазақ съездеріне белсене қатысты. 1918 жылы Алаш-Орданың Башқұрт автономиясы үкіметіндегі өкілі болған. 1918–1919 жылдары Алаш милициясын қару-жарақпен жасақтау шаруаларына атсалысқан. 1920 жылғы көктемде Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери-революциялық комитет Алаш автономиясын ресми таратқаннан кейін, Советтік Түркістан Республикасының астанасына келді. Ташкентте Түркатком Қазақ бөлімі тапсырмаларын орындап тұрді. 1921–1922 жылдары «Ақжол» газетінде істеген. Мақалаларын арғы атасының атынан «Шеген» деген псевдониммен жариялап тұрған.

Түркреспублика үкіметі 1922 жылғы күзде бір топ Орта Азия жастарын Германияға оқуға жіберген-тін. Осы топпен бірге неміс еліне барған Ғазымбек Бірімжанов Берлин университетінің ауыл шаруашылығы факультетіне түсті. Сонда оқып жүрген кезінде азаттық қозғалысының көсемдері Мұстафа Шоқай, Зәки Валидовпен кездесіп тұрды. Оқудағы жастардың хал-жағдайын білу үшін Берлинге арнайы барып қайтқан Түркістан Республикасы Халкомкеңесінің төрағасы Тұрар Рысқұлов ол жайында жақсы әсерде болды.

 Ғазымбек Бірімжанов Берлин университетін 1928 жылы бітірді. Сол жылы қамауға алынып, «Алаш ісі» бойынша тұтқындалғандармен бірге Мәскеуде тергелген. Совет үкіметі 1930 жылы Беломор-Балтық каналы құрылысы жөнінде шешім қабылдаған-ды. Карелиядағы осы құрылыстың және оны салатын негізгі жұмыс күші шоғырланған Беломор-Балтық еңбекпен түзеу лагерінің (Белбалтлагерь) орталығы болып Медвежья Гора стансасы мен сондағы поселке белгіленген болатын. 1931 жылы ОГПУ алқасының шешімімен 10 жылға кесілген Ғазымбек осы Белбалтлагерьге жіберілді. Құрылыс тұтқындар күшімен екпіндете жүргізіліп, канал 1933 жылғы тамыздың басында ашылды. Ал сол айдың ортасында үкіметтің Беломор-Балтық комбинатын құру жайындағы қаулысы жарық көрді. Комбинат салудағы мақсат канал мен оның айналасындағы аудандарды игеруді көздейтін жұмыстар кешенін жүргізу еді. Ғазымбек Бірімжанов осы мақсатта Карелияда ашылған Беломорканал колонизациялық бюросының агрономы болып Үлкен террор науқаны басталғанға дейін істеген. Осы қызметінде жүргенінде, Медвежья гора қаласы жанындағы Беломор-Балтық қалашығында тұрған үйінен 1937 жылғы 9 қазанда қамауға алынып, Мәскеуге әкетілді.

КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасы контрреволюциялық-террорлық ұйымға қатысты деген айыппен 1938 жылғы 18 наурызда Ғазымбек  Бірімжановқа жазаның ең жоғары шарасын қолдануға үкім етті. Үкім сол күні орындалып, Ғазымбек  Мәскеуде атылды. Тәуелсіздік жылдары оның «Коммунарка» зиратына жерленгені анықталды.

Қазақ КСР Жоғарғы соты 1988 жылы 4 қарашада «Алаш ісі» бойынша репрессияланғандардың алғашқы тобының ісін қарап, Ғазымбекті ақтаған. Оған байланысты Үлкен террор уақытында ашылған істі КСРО Прокуратурасы қайта қарады. Қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, 1991 жылғы 11 маусымда Ғазымбек Бірімжанов толық реабилитацияланды.

    (Жалғасы бар)

 

Бейбіт Қойшыбаев,    белгілі тарихшы, ғалым – жазушы

 

Aqsaqaldar.kz

 

 

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер