«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Бейбіт Қойшыбаев: . . Азаттық құрбандары
Бейбіт Қойшыбаев: . . Азаттық құрбандары
Дайындаған: 2 ай бұрын

(Саяси репрессияға ұшыраған азаматтар туралы кітап)

                          Қоңырқожа Қожықов

Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының белсенді қатысушысы, Түркістан (Қоқан) автономиясы ұлттық кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері, ағартушы, ғалым Қоңырқожа Қожықұлы Қожықов 1880 жылы Ресей империясына қарап тұрған Түркістан өлкесі, Перовск қаласы, Қоғалыкөл маңындағы Хан ауылында (қазіргі ҚР, Қызылорда облысының  Сырдария ауданында) мал бағып күнелткен орта шаруа отбасында туып-өскен. Сауатын мұсылманша ашып, 1992 жылдан Перовск қаласындағы қазақ-орыс мектебінде, сосын қалалық училищеде оқыған. 2000 жылы Ташкент мұғалімдер семинариясына түсіп, оны 1904 жылы бітіргенді. Қоңырқожа Қожықұлы сол жылдың күзінен еңбек жолын бастап, ұстаздық қызметпен түбегейлі шұғылданады. Самарқан облысындағы Үргіт ауылында, Перовск қаласындағы теміржол жұмысшылары мектебінде сабақ берген. Теміржолшылар мектебіндегі тыңдаушыларына Бірінші орыс революциясы оқиғалары жөнінде еркін пікір айтып, полиция қадағалауына іліккен. ІІ Николайдың 1907 жылғы  3 маусымдағы манифесімен ІІ Мемлекеттік думаны тарқатып, сайлау заңына өзгеріс енгізу арқылы қазақтар мен Түркістан өлкесінің өзге де жергілікті халықтарын парламентке депутат сайлау құқтарынан айыруын  нағыз әділетсіздік деп бағалап, оған қарсы ұйымдастырылған іс-шараларға қатысты. Біраз уақыт Қоғалыкөлде ашылған жеке мектепте бала оқытты (осында болашақ жары Ләтипа Мұңайтпасқызын кездестіріп, үйленген). Сосын Түркістан қаласы түбіндегі Қарнақта, одан, қазіргі Өзбекстандағы Әндижанда империя мүддесі үшін ашылған орыс-тузем оқу орындарында мұғалім, мектеп меңгерушісі болған. Педагогикалық қызметті Ақпан революциясына дейін атқарды, әрі оған білікті маман ретінде үлкен жауапкершілікпен қарады.  

Қожықұлы патшалық заманда өзін жаңашыл педагог ретінде танытқан. Мектеп-медреселерде, ауылдардағы мешіттер мен мектептерде құранды үйретуге негізделген бағдарламаны қарастырып, қазақ балаларының сауат ашу тәжірибесін зерттей келе, ағарту ісіндегі көп кемістіктің қазақ тілінде арнайы жазылған сауат ашу кітабы жоқтығына байланысты екеніне оның көзі әбден жетеді. Сондықтан да алғашқы қазақ әліппесін жасап, араб-парсы әліпбиіндегі әріптермен әр қазақы дыбысты жеке әріппен белгілеу жолын ұсынады. Бір дыбысты бір әріппен таңбалау әдістерін мысалдармен, жүйелеп көрсетеді.  Өзі мұғалімдердің пайдалануына ұсынып отырған осы «қазақ әліппесінен соң құран әліппесін оқыса», балалардың «басылымдар жазуын тану» мүмкіндігі артатынын айтып, әліппенің хрестоматиялық бөліміне әркім білуге тиіс түрлі мағлұматтар, әңгімелер, өлеңдерді оқуға лайықтап топтап ұсынған.

Ағартушы Қоңырқожа Қожықовтың қазақ мектептеріне арналған «Әліппе» кітабы Түркістан генерал-губернаторлығының оқу бөлімінде қаралып, бастыруға рұқсат берілді. «Әліппе» Орынборда белгілі қаламгер, саяси қайраткер және баспагер Фатих Каримидің баспасынан 1912 жылы басылып  шықты. «Әліппемен» қатар Қоңырқожаның Шәді Жәңгірұлымен және Қалиасқар Қасымовпен бірігіп дайындаған «Русие патшалығында Романов нәсілінен хукимранлик қылған патшалардың тарихлары» (орысшасы – «Историческая поэма царствования Дома Романовых на киргизском языке») атты дастаны жарық көрді. Каримов баспасы содан екі жыл бұрын Қоңырқожа Қожықұлы Қожықовтың жәдид үлгісімен жазылған «Романов нәсілінен хұкімранлық қылған падишаһлардың тарихлары һәм Ақтабан шұбырынды заманынан бері қарай қазақ халқының ахуалы» деген рисәләсін басқан-тын. 

Оқулығын Орынбор қаласында бастыруға барғанында Қоңырқожа Қожықов 1912 жылы Ахмет Байтұрсыновпен бірге ІV Думаға депутат сайлау науқанына байланысты татар зиялыларымен келіссөз жүргізіп, оларға бөлінген орындардың біреуін қазақ өкілі үшін беруге келісімдерін алған. (Бұл мүмкіндік қазақ арасынан лайық деп саналған азаматтың сайлауға түсуден бастартуы себепті пайдаланылмай қалды). Патшаның 1916 жылғы 25 маусымдағы әйгілі жарлығы туғызған көтеріліс пен оны басып-жаншу кезінде жазалаушылар жол берген қылмысты қатыгездіктер мен заңсыздықтар жайынан материалдар жинап, өлкеге арнайы келген ІV Мемдума делегациясының жетекшісі А.Ф. Керенскийге 1916 жылдың тамыз айында Мемдуманың Мұсылман фракциясы ұйымдастыру бюросының хатшысы Мұстафа Шоқайдың көзінше, Әндижандағы «Түркістан үні» газетінің қызметкері эсер Вадим Чайкиннің үйінде тапсырған.

1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Қоңырқожа Қожықұлы Ферғана өңіріндегі қазақтардың мүддесін қорғайтын «Көшпенді» атты ұйым құрып, оған жетекшілік етті. Ташкенттегі мұсылман ұйымдары жұмыстарына белсене қатысты. 1917 жылғы тамызда өткен Түркістан өлкесі қазақтарының съезінде Бүкілресейлік Құрылтайшы жиналысқа депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Ферғана аудандарының бірінде Уақытша үкімет комиссары болды. Қожықов өлке билігін советтердің озбырлықпен басып алып, үкімет құрамына жергілікті халық өкілдерін кіргізбеуіне шамдану нәтижесінде шұғыл түрде Қоқанда өткізілген ІV Төтенше мұсылмандар съезінде жарияланған автономияның белсенді қайраткерлері қатарынан табылды. Түркістан (Қоқан) автономиясы Ұлттық кеңесінің хатшысы болып сайланды.

Автономия құлатылғаннан кейін Қоңырқожа Қожықұлы советтік оқу орындарында, мекемелерде түрлі қызметтер атқарды. 1921 жылы Түркреспублика Жер халкоматының мүшесі, содан соң  Жер халкомының орынбасары болды, 1922 жылы Әулиеатада үйездік жер басқармасында істеді, Жетісу облысында жер-су реформасын басқарды. Оның қызметі жөнінде Бас хатшы И.В. Сталин мен ГПУ-ге 1924 жылы құпия жолданған  хатта былай делінген: Қожықов «...жұрттың бәріне орыстарды «оңды соғудамыз» деп айтып жүрді. 1922 жылы жерге орналастыруды басқарды, қазір Жерге орналастыру басқармасында істейді. Қожықов Қожановпен бір пәтерде тұрады. Осы Қожықов, Қожанов, Асфендиаров, Тоқтыбаев – белгілі Лапиннің қыздарына үйленген, сөйтіп олар қазақ халқын ең алдымен осы туысқандық белгілері бойынша бірлесіп билеуде. Қожықов әлденеше рет ТүркЦИК мүшелігіне сайланды және «Қосшы» Орталық Комитеті басшыларының бірі болып табылады. 1921 жылы Қожановтың және Асфендиаровтың кепілдігімен, тіпті, партияға да кірді, алайда кейін шығарып жіберілді. Қазір тап осы Қожықов Қожановты билеп тұр. (Ол өте тәжірибелі адам). Қожановқа қызметкерлер келгенде, оларды ең алдымен осы Қожықовқа мәселелерді келісу үшін жіберіп алады, түрлі үкіметтік және тіпті партиялық хаттамалар да оған пікірін білу үшін жіберіліп жатады».

Бұл құпия жазбадан анық байқалатыны сол, Қоңырқожа Қожықұлы кеңес өкіметі тұсында да ұлт коммунистерінің бірқатары ақыл-кеңес сұрап тұратын беделді қайраткер болған. Мұны  Дінмұхамед Әділовтің 1928 жылғы 27 желтоқсанда ОГПУ тергеушісіне 1925 жылы сәуірде өткен Қазақстан Кеңестерінің V съезі кезінен берген мына көрсетуі де растайды: «...Қожанов, мен, Есполов... Табынбаевтың үйінде түстендік. Съезд аяқталуға тақалған. Үкіметтің Ақмешіт қаласына көшіп келуіне байланысты, оның атын өзгерту мәселесі көтерілді. Ат ойластыра бастадық. Қызылорда деген атауды әуелі Қожықов ойлап тапты... қос есім, екі жақты да қанағаттандырады деді. «Қызыл»... большевиктерге ұнайды, ал «орда» –  ұлттық атау. Осылай атағанда екі жақтан да талас тумауға керек. Бұндай дәйектемеге бәріміз келістік... Содан кейін Қожанов пен біз съезге кеттік. Қожанов президиумға шықты да, өзіне кезектен тыс сөз алып, ұсыныстар енгізді: бірінші ұсынысы – «Киргиз Республикасына» «Қазақ Республикасы» деп қайта ат қою, екіншісі – Ақмешіт қаласының атын Қызылордаға алмастыру. Съезд екі ұсынысты да бірауыздан қабылдады».

Қоңырқожа Қожықұлы 30-шы жылдары өзін қудалау күшейгендіктен, мемлекеттік қызметтен қол үзіп, бірыңғай ғылыми жұмыстармен шұғылдана бастаған. Профессор Санжар Асфендияровпен бірге КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалында қызмет етіп, Ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институтының негізін қалаушылардың бірі болды. Жетісу өңіріне жиі экспедицияға шығып, көне қорғандар мен ескерткіштерді зерттеумен айналысты. Орхон жазуы, Қозы Көрпеш–Баян сұлу, Келіншектас, Ақтас мазарлары туралы ғылыми еңбектер жариялады, оларды мемлекет тарапынан қорғауға алу туралы мәселе көтерді. Ал  Қазақ КСР-і мемлекеттік көпшілік кітапханасының (қазіргі ҚР Ұлттық кітапханасы) сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қоры бөлімінде қызмет атқарған кезінде, 1936 жылы Сүлеймен Бақырғанидің «Хикмет Хазірет Сұлтан әл-ғарифин» атты қолжазбасын Сайрамнан тауып әкеліп, қорға тапсырды. Проф. С. Асфендиаровтың басшылығымен 1935–1936 жылдары жарық көрген екі томдық «Қазақстанның өткендегі тарихы туралы деректер мен материалдар» атты жинақты құрастырушылардың бірі болды. Қожықұлы араб, парсы, шағатай тілдерін жете меңгергендіктен, осы тілдердегі жинаққа кіретін тарихи және әдеби шығармаларды қазақшаға аударды.

Қоңырқожа Қожықұлы 1938 жылғы 27 қаңтарда тұтқындалып, НКВД-ның Алматы облысы бойынша Басқармасы «үштігінің» 1938 жылғы 15 ақпандағы үкімімен жазаның жоғарғы шарасына кесілді. Түркістан Әскери округінің Әскери трибуналы 1957 жылғы 23 желтоқсанда, қылмыс құрамы дәлелденбегендіктен, Қожықовты  ақтап шығарды. Тәуелсіздік дәуірінде Қоңырқожа Қожықұлы Қожықовтың өмірі мен қызметі жөнінен еске алу жиындары, дөңгелек үстелдер, конференциялар өткізілуде, еңбектері қайта басылуда. Қожықов ғалым және мәдениет қайраткері ретінде тұтас бір өнер қайраткерлері әулетінің басында тұр: жұбайы Ләтипа – қазақ кәсіби театрының тұңғыш сахна жасақтаушысы, 1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнері декадасында өнер көрсеткен жетекші әртистер үшін ұлттық киімдер тіккен ісмер, қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш КСРО Суретшілер одағының мүшесі, үлкен ұлы Қоңырқожа – алғашқы суретші-график (ол да репрессияға ұшыраған), ортаншы ұлы Құлахмет – алғашқы театр және кино суретшісі, үшінші ұлы Нұрахмет – монументалист-мүсінші, кенже ұлы  Сұлтанахмет – әйгілі кинорежиссер. Отағасының «халық жауы» атануы отбасы мүшелерінің еңбек жолында көп қиындыққа душар еткені белгілі, дегенмен олар барша кедергіні жеңіп, қазақ мәдениеті тарихында Қожықовтар әулеті атанған өзіндік мәртебелі орынға ие болды.

 

 

 

               Сұлтанбек Қожанов

 

         Алаш ұлт-азаттық қозғалысына қатысушы, мемлекет және қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым, публицист Сұлтанбек Қожанұлы Қожанов (Ходжанов) 1894 жылғы 10 қыркүйекте  қазіргі Түркістан облысының Созақ ауданындағы  Ақсүмбе ауылында туып-өскен.  Қаратау баурайындағы көне Ақсүмбе (Ақбикеш) мұнарасы маңында  мал бағып күнелтіп жүрген орта шаруа Қожан Қоңқақбаласының үлкен ұлы. Патша өкіметі белгілі мақсатпен жаппай ашып жатқан орыс-тузем мектептеріне бала жіберу талап етілгенде, болыстағы ұлық әмірін орындаушылардың таңдауына ілігеді. Әкесі жеткіншек ұлын Түркістанға алып барады. Сол жәйт ауыл баласының өмірін күрт өзгертеді. Орысша үйренеді, оқуға құмарлығы артады. Төрт  сыныптық орыс-тузем бастауыш мектебін (1910), одан кейін үш сыныптық қалалық мектепті (1913) бітіреді. Сабақ оқи жүріп, етікші мамандығын қоса үйренеді де, бос уақыттарында етікшінің көмекшісі болып жұмыс істейді. Аймақтағы байырғы мұғалімдер мен зиялылар Садық Өтегенов, Қоңырқожа Қожықов, Әзімхан Кенесарин, «Қазақ» газетіне жазылушылар тарту мақсатымен Түркістанға келген Міржақып Дулатов, өзге де зиялылардың мәслихаттарына қатысып, естігендерін құлағына құйып өседі.  Білім алуға айрықша ынта қоюының арқасында Ташкент мұғалімдер семинариясына түсіп, 1916 жылы аяқтаған. Семинария қабырғасында сол шақтағы озық саяси-қоғамдық ойлармен танысады. Қазақ зиялыларының негізінен доғарыстағы генерал Сейітжаппар Асфендияровтың үйінде бас қосып өткізіп тұрған «Кеңес» атты жасырын үйірмесінің жұмысын ұйымдастырып тұруға атсалысады.

       Семинарияны бітіргеннен кейін, 1916–1917 жылдары Сұлтанбек Қожанов Әндижан орыс-тузем мектебінде өзінің ұстазы іспетті Қ. Қожықовпен қатар сабақ берген. Монархия құлаған соң Ташкентке келіп, құрылуына өзі қатысқан жастар бірлестігі атынан «Бірлік туы» газетін ашудың нақты істерімен шұғылданды. Газеттің бас редакторлығын Петроградтан келген Мұстафа Шоқаевқа беріп, Қайреддин Болғанбаев екеуі газет шығарудың  практикалық  шаруаларымен  айналысты, Қ. Қожықов, С. Ақаевтармен бірге авторы болды. Сұлтанбек Қожанұлы 1917 жылғы шілдеде тиісті өкілеттілікпен Орынбордағы қазақ мұғалімдерінің жиналысына және 1-ші жалпықазақ құрылтайына қатысып қайтты. Күзге қарай Ташкентте өлкелік қазақ-қырғыз және орыс комитеттері бірлескен ұйым құрып, атқару комитетін сайлады. Комитет төрағасы М. Шоқаев, хатшысы С. Қожанов болды. М. Шоқаевтың қоғамдық-саяси жұмыстары мен міндеттері көбейгендіктен, газетті С. Қожанов пен Қ. Болғанбаев екеуі жүргізді. 24 қарашада Қоқанда ашылған IV Мұсылман (төтенше) съезін даярлауға атсалысты. Түркістан (Қоқан) автономиясына қызу қолдаушылық танытқан «Бірлік туы» газетінде   1918 жылдың  29 қаңтарындағы Қоқан қырғынына дейін  жария еткен мақаласында Сұлтанбек өлкедегі мүдде қайшылықтарын танытқан съездерді шолып, болжам жасады: аймақ билігін большевиктер партиясы зорлықпен қолға алғанда, келісіммен іс қыла алмайтындарына көздері жеткен мұсылман ұйымдары «Қоқан шаһарында сиез жасап, автономия ығлан етіп еді», алайда большевиктер «бұл автономияны танымаймыз, өйткені ол Түркістанның байлары һәм моллалары жасаған іс, оған кедейлердің қатысы жоқ» деген желеу айтты. Сонда автономия үкіметі 25-ші желтоқсанда «жұмыскері бар, егіншілері бар, тағы сиез жасады, сиезде Түркістан автономиясын жақтап, болшеуиктерге қарсы қаулы» алынды. Бұған большевиктер: «бұл – кедейлердің байлардан қорқып, жалтақтағаны», «шын кедейлер бұл сөзді айтпайды», «мұның үстіне Түркістан аймағында... қазақ-қырғыз автономиясы туралы бір сөз де айтылған жоқ. Соның үшін де бүтін Түркістан атынан ығлан етілген деуге болмайды. Байлардың етіп жүрген қулығы екені осыдан білініп тұр» дегенде,  жауап ретінде  «...бүтін Сырдария облысы қазақ-қырғызы ғинуардың 6-сында Түркістан шаһарында сиез жасап, бұл сиезде Түркістан автономиясын жақтап, болшеуиктерге қарсы қаулы жасады. ...Енді болшеуиктердің сөзі таусылды ғой деп едік, тағы: «болған сиездердің барлығы да байлардікі. Ішінше кедейлер болса, көбі – байлардың қасы мен қабағына қарағандар.  ...біз өзіміз шын мұсылман кедейлерінің басын қосып, «мұсылман советін» ашамыз. Солар автономия керек десе, шын қаулы солардікі болады. Соларға  ғана береміз» ...деп жалтарып шыға келді». ...23-ғинуарда: «Автономияны жоғалту тиіс. Мұсылмандар өздерін басқарып жүретін шекке жеткен жоқ», – деп қаулы жасады. Он миллионнан астам мұсылмандарды, ...бүтін Түркістанды 5-6 болшеуик билеуге бел байлап отыр. ...жүре-бара түзеліп кетер деген автономиямыз... бұған қол көтерілейін деп тұр, қарсы іс істелейін деп тұр...»

       Күдігі расқа айналды, жорымалы зұлымдық Қожанов мақаласының артынша, 31 қаңтарда аныққа шықты. Түркістан автономиясын кеңес өкіметінің әскер күшімен құлатуын Сұлтанбек Қожанұлы жергілікті халықтың өзін-өзі билеу құқын аяқ асты етушілік деп бағалады. Ол өлкеде кеңестік билік тұсында 1917–1918 жылдары орын алған ашаршылыққа қарсы күресте белсенділік танытты. Қалаға сүйретіліп әрең жеткен аштар үшін «Бірлік туы» газетінің редакциясы атынан қоғамдық асхана, Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Қызылқұм, Шиелі өңірлерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашуды ұйымдастырды. Өлкелік партия комитетінің мұсылмандар бюросы жұмысына қатысты. Ташкентте орыс пед. уч-щесі жанынан ашылған мүғалімдерді қайта даярлайтын қазақ курсында оқытушы, курс училищеге айналғанда педагогикалық кеңестің хатшысы болды. Ұзамай кеңес жұмысына таратылып, 1919 жылғы қыркүйекте Түркістан үйездік-қалалық атком төрағасының орынбасары, төрағасы, 1920 жылғы наурызда Сырдария облыстық ревкомның төрағасы болып істеді, большевиктер партиясына мүшелікке кірді.

        Сол 1920 жылғы шілдеде С. Қожанұлы Түркістан Компартиясы (ТКП) уақытша орталық комитетінің құрамына енді, қыркүйекте ТүркОАК (Түркатком, Турцик) төралқасының мүшелігіне сайланды. Осы қызметтерінде жүріп Түркреспубликаның қазақша бас басылымы «Ақ жол» газетін шығаруды ұйымдастырды және оның алғашқы редакторы болды. Содан Түркістан Советтік Республикасы тарқағанға дейін Ішкі істер халкомы (1920–1921), Ағарту халкомы (1921–1922), Жер шаруашылығы халкомы (1922–1924), сондай-ақ 1922–1924 жылдары ТКП орталық комитетінің хатшысы, Түркатком төрағасының орынбасары, төрағасы, РК(б)П ОК Орта Азия Бюросының (Средазбюро) мүшесі болды. Ол осы қызметтерді атқару барысында БРОАК (ВЦИК) пен РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Түркістан ісі бойынша құрған комиссиясы – Түрккомиссияның Ресейде іске асырылып жатқан коммунистік шараларды Түркістан өміріне күштеп енгізуіне, таптық күресті шиеленістіре түсуіне, сөйтіп ұлттық мәселені кейінге ығыстырып тастауға бағытталған әрекеттеріне қарсы тұрды. Отаршылдық іздерін жоюға, көшпенді халықтың тіршілігін жақсартуға белсене араласты. Ауыл шаруашылығының ахуалына ерекше көңіл бөліп, өлкедегі жер-су реформасына тек таптық қана емес,  сонымен бірге ұлттық сипат беру бағытын ұстанды. Халық ағарту саласында білім беруді жергілікті халықтар тілінде жүргізу мәселесін көтеріп, оны жүзеге асыруды талап етті. Мәскеу, Ленинград секілді ірі қалаларда жоғары оқу орындарында білім алып жатқан түркістандық жастарға материалдық көмек көрсетуде бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Түркістанда баспасөздің және ұлттық театрдың өркендеуіне елеулі үлес қосты. 

        Сұлтанбек Қожанұлы мемлекеттік қайраткер ретінде 1924 жылғы Орта Азиядағы ұлттық-мемлекеттік межелеу науқаны кезінде айрықша танылды. Ол жіктеліп-межеленіп жатқан ұлттық республикалардағы ежелден қоян-қолтық өмір сүріп келе жатқан халықтардың тұтастығын, олардың ертеден-ақ тарихи жағдайларға орай қалыптасқан экономикалық байланысының бұзылмауына зор мән берді. Советтік Республикалар Одағын құрайтын құрылтайшы мемлекеттер қатарына Ортаазиялық Федерация құрып барып енуді, жеке дербес республикаларға бөлінуді содан кейін, Орта Азия Федерациясы құрамында әр ұлттық бірлік тыныс-тіршілігін теңестіріп алғаннан кейін ғана жүзеге асыруды ұсынды. Ташкенттің қазақ елінің астанасы болуын жақтаған топтың басында тұрды. Жеке тәжік мемлекеттік бірлігінің құрылуына, қарақалпақ автономиялық облысын Қазақстан құрамына қосуға ықпал етті. Алайда Орта Азия республикаларын жаңаша жіктеп, ұлттық-аумақтық межелерге бөлу және Ташкенттің қандай әкімшілік бағынысқа қарайтындығы Мәскеу ұсынған үлгімен жасалды.

       Ұлттық межелеу аяқталғаннан кейін, 1924 жылғы қарашада, С. Қожанұлы РК(б)П Қазақ обкомының (1925 жылғы ақпаннан – Қазақ өлкекомының) екінші хатшысы қызметіне жіберілді. Ол Қазақстанға келген бойда республика партия ұйымы мәртебесінің жоғарылатылуы мәселесін көтерді (Қазақ облпарткомына 1925 жылғы ақпаннан өлкелік комитет дәрежесі берілді). Республика астанасын орыс пролетариатының ошағы іспетті Орынбор қаласынан қалың қазақ ортасына ауыстыру үшін күресті. Жаңа орталық ретінде белгіленген Ақмешіт қаласында 1925 жылғы  16 сәуірде ашылатын съезді даярлауға идеялық жетекшілік жасады. Өлкекомның сәуір пленумындағы «Кеңестер съезі мәселелері» атты кеңейтілген хабарламасында: «Кирреспублика орталығын жаңа астанаға ауыстыру арқылы біз Ұлт Республикасы жолындағы күресімізді аяқтағанымызды атап өтеміз. Біз, баяғыда жарияланғанына қарамастан, ұдайы Ұлттық Республика үшін күресуге мәжбүр болдық. Ұлттық Республика үшін күрестің соңы – оның біткені ғана емес, сонымен ірге, осы Республиканы жасау мақсатындағы жұмыстың басталғаны», – деп,   Кеңестер съезінде шешімін табуға тиіс жұмыс бағыттарын түйіндеп алға тартты.

       Съездің соңғы күндерінде ұстазы Қоңырқожа Қожықовтың айтқан ақылына құлақ асқан Сұлтанбек Қожанов мінбеден тікелей ұсыныс білдіріп,  Советтердің (Кеңестердің) 5-ші съезі (жер-суы, халқы біріккен Қазақстан Кеңестерінің 1-ші съезі) халықтың тарихи дұрыс аталымын (патшалық тұсынан бұрмаланып қалыптасқан «киргиз» деген атты төл атауына  «қазақ» деп түзетіп) қайтарып, Ақмешітті кіндік қалаға лайық, заманауи өзгеріске және ұлттық сипатқа сай есім ретінде Қызылорда деп өзгертті. Қазөлкекомның 1-ші хатшысы В. Нанейшвили орталыққа қызметке ауыстырылғанда, С. Қожанов бірнеше ай бойы іс жүзінде бірінші басшы болып, қазақ елі өмірінде Алаш идеяларына сәйкес маңызы бар шешімдер қабылдануына мұрындық боп  отырды.  «Қожанов крайкомның екінші хатшысы боп тұрғанда Сәдуақасов Бюро мүшесі және сонымен бір мезгілде Ағарту жөніндегі халық комиссары еді. Қазақ қызметкерлері ішінде   Сәдуақасов пен Қожановты екі зор тұлға, екі кит деген пікір жүретін-ді. ...Ұлтшылдар олардың келісімге келіп, Қазақстанды бірлесіп басқаруларын қалап еді. Олардың тілектері орындалмады, Қожанов мұндағы қызметінен орталыққа шақыртып алынды. Қожановты Қазақстаннан шақыртып әкету ісіне Сәдуақасов зор үлес қосты десетін жұрт» (Д. Әділов). «Жұрттың айтуынша (расы да солай)   Қазақстанды ендігі билеуші   екі   адам ғана. Сұлтанбек Қожанов, Смағұл Садуақасов. Бұл екеуі де Өлкелік    партия    комитетінің    бюро    мүшесі. ...Садуақасовтың өзі қазір күшейді... Голощекин бұған дейін тұтасып келген Садуақасов пен Қожанов арасына жік түсіріп, Сәдуақасовты қарсы қою арқылы, Қожановты қызметінен   қуды.   Голощекиннің қазақ қызметкерінен қазіргі   сүйенері – Смағұл Сәдуақасов деседі. ...Одан кейін, Голощекин   Сәдуақасовтың   өзін    де қолға   алып, крайкомның   көктемде    өткен    пленумында   біраз сілкіледі» (С. Мұқанов). 1925 жылғы 30 тамызда ОК шифрланған құпия жеделхатпен Қазөлкекомға жауапты хатшы болып Ф. Голощекин келетінін, хатшылық құрылымы өзгертілетінін хабарлайды. Осы жәйт бойынша  Бюро қаулысы қабылданғаннан кейін, Сұлтанбек Қожанұлы арнайы мәлімдеме жасап, өзіне бұдан былай атқаратын нақты міндет жүктеуді, ең дұрысы – «Еңбекші қазақ» газетінің редакторы қызметінде пайдалануды сұрайды. Бұған С. Садуақасов үзілді-кесілді қарсы шығады, бұл мәселе тек Голощекин қызметіне кіріскеннен соң ғана шешілсін дейді. Бюро мүшелерінің пікірі екі жарылады... «Есімде, бірде маған Қожанов Садуақасовпен сөйлесіп, ойын білуді тапсырды, – деп еске алды Д. Әділов 1928 жылы ОГПУ тергеушісіне берген көрсетуінде. – Қызметтен соң мен Садуақасовпен Энгельс көшесіндегі «Арарат» ресторанына кірдім. Жеке бөлме алып отырдық. Мен оның Қожановқа қандай айып тағатынын, көзқарастарында қандай айырмашылық, келіспеушілік бар екенін сұрастыруға кірістім. Садуақасов маған бәрін егжей-тегжейіне шейін әңгімелеп берді». Оның жауаптарын келтіре отырып, екі көрнекті қайраткердің арасында «принципті кереғарлық жоқ», тек «таза мансапқорлық тайталас» бар деп қорытады.

       1925 жылғы қарашада С. Қожанов БК(б)П Орталық Комитетінің ұлт республикалары бойынша жауапты нұсқаушы қызметіне бекітіліп, сол лауазымымен Кавказда (Әзірбайжан КСР-інде) саяси жұмыстар жүргізді (қайта құру жылдары әзірбайжан халық майданы демонстрацияларында жұрт Қожановтың (Ходжанов) ұлт мәселесіне қатысты сөзі жазылған ұрандар көтеріп шыққан).  1927 жылы Сұлтанбек Қожанұлы Мәскеуде БК(б)П ОК-нің Марксизм-ленинизм курсын бітірді. Бас хатшы И. Сталин Өлкеком хатшысы Ф. Голощекиннен Қожановты Қазақстанда пайдалану жайында пікірін сұрайды, сонда ол Қожановты тек төменгі буында ғана пайдалану мүмкін болмағын хабарлайды. Голощекин Қожанов хақында ел ішінде «ол топшылдық күреске жол берген» деген мағынада үлкен насихаттық шу туғызған, алайда онысын жұртшылық қолдамаған-тын (С. Мұқановтың «Есею жылдарында» атты деректі романында Сырдария облысындағы қатардағы кеңес қызметкері жиналыста «Голощекин көкемнің өзі группировщик» деп сөйлегенін келтірген). С. Қожанов өзіне Голощекиннің таққан айыптарына байланысты 1927 жылы оған және Сталинге екі үлкен хат берген. 

        1928 жылы Сұлтанбек Қожанов Ташкентке, БК(б)П ОК Орта Азия Бюросы (Средазбюро) аппаратында қызмет істеуге жіберіліп, онда үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, сосын хатшы болды. Бүкілодақтық ауылшаруашылық ғылымдары академиясының (ВАСХНИЛ) Ташкент бөлімшесін ұйымдастырды. 1929 жылы Орта Азия мақта-ирригациялық политехника институтын (САХИПИ) құрып, алғашқы директоры, сонымен қатар 1929–1931 жылдары Орта Азия мақта комитетінің директоры қызметін атқарды. 1931–1932 жылдары БК(б)П ОК аппаратыңда істеді. 1932–1933 жылдары Орталық Бақылау комитеті-Жұмысшы-шаруа инспекциясында техникалық дақылдар тобы жетекшісінің орынбасары болды. 1934 жылы КСРО ХКК (СНК) жанындағы Кеңестік бақылау комиссиясының мақта жөніндегі бақылаушысы, одан – КСРО Жер шаруашылығы халкоматының Орта Азиядағы уәкілі, сол жылдың ортасынан аса – Кеңестік Бақылау комиссиясының Өзбекстандағы уәкілі, ал 1934 жылғы қазаннан 1937 жылы ұсталғанға дейін Кеңестік Бақылау комиссиясы уәкілінің Өзбекстан бойынша орынбасары қызметтерін атқарды.

        Өзінің осындай жауапты лауазымдары жүктейтін негізгі міндеттерін С. Қожанов үнемі қоғамдық, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен ұштастырып отырды. Түркреспубликадағы қызметі кезінде «Ақ жол» газетін құрып, редакциялаумен қатар, «Шолпан» журналын ашуға атсалысты, орыс тілінде шығып тұрған партиялық басылымдардың алқа мүшесі болды. Мектепке арналған «Есеп тану құралы» атты оқулығы (1924), «Түркістанның Кеңестік Автономиясының он жылдығына» атты орыс тіліндегі зерттеуі (1928) жеке кітап болып шыққан. Мерзімді басылымдарға тұрақты түрде мақалалар жазып тұрды. «Мағжанның өлеңдері туралы бір-екі ауыз сөз» деген тақырыппен алғысөз беріп, 1923 жылы Ташкентте М. Жұмабаевтың жинағын бастырды. Қазақстанда 1924–2925 жылдары «Еңбекші қазақ» газетіне саяси басшылық жасады. Сұлтанбек Қожанұлының саяси көзқарастары РК(б)П ОК-нің ұлт қызметкерлерімен өткізген Төртінші кеңесінде (1923), РКФСР ХКК төрағасының орынбасары Т. Рысқұловтың басқаруымен өткен жеке кеңесте (1926) сөйлеген сөздерінде, соңдай-ақ өзінің И.В. Сталинге 1927 жылы жазған екі хатында мейлінше айқын тұжырымдалған.

        Сұлтанбек Қожанов 1937 жылғы 16 шілдеде Ташкентте тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды (1938 жылғы 10 ақпанда Мәскеуде атылып, «Коммунарка» қорымына көмілген). 1957 жылы ақталды. Алайда оның өмірі мен қызметі жайындағы алғашқы объективті зерттеулер Қайта құру өріс алған 1988 жылы ғана жазыла бастады. Тәуелсіздік жылдары оның қоғамдық-саяси қызметін әр қырынан қарастырған бірнеше кандидаттық диссертация қорғалды. Алматы, Шымкент қалаларында бір-бір көшеге, Созақ аудандық мұражайына есімі берілген. Түркістанда ескерткіш қойылған, мұражайда бөлім арналған. Шығармалары, естеліктер, қызметін танытатын құжаттар мен материалдар жинастырылып, жеке жинақтар түрінде басып шығарылуда. Мерейтойларына орай мемлекеттік шаралар өткізіліп жүр.

 

(Жалғасы бар)

 

Бейбіт Қойшыбаев,    белгілі тарихшы, ғалым – жазушы

 

Aqsaqaldar.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер