«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Бейбіт Қойшыбаев: АЗАТТЫҚ ҚҰРБАНДАРЫ
Бейбіт Қойшыбаев: АЗАТТЫҚ ҚҰРБАНДАРЫ
Дайындаған: 2 ай бұрын

                                                                 (Саяси репрессияға ұшыраған азаматтар туралы кітап)           

                                                                                                                                                                                                              «Есімі мәңгі ұрпақ жадында сақталады»

 

 

                                                                                   ҚАЙРЕТДИН БОЛҒАНБАЕВ

Алаш қозғалысына қатысушы, мұғалім, қоғам қайраткері, журналист Қайретдин Әбдірахманұлы Болғанбаев 1894 жылы Ақмола облысы, Ақмола үйезі, № 2 ауылда (қазіргі Қорғалжын ауданында)  туып өскен.  Сауатын ауыл мектебінде ашып, 1909–1912 жылдары Петропавлда татар медресесінде оқыған. Жаз айларында ауыл балаларына сабақ беріп жүрген. 1912 жылы Орынбордағы «Құсайыния» («Хусаиния», «Хасение») медресесіне түсіп, алты сыныбын бітірген. Осында жаңадан шаңырақ көтеріп жатқан «Қазақ» газетіне келіп, жұмысына тұрақты түрде  атсалысып тұрды, оның шығарушылары Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовты ақылшы ағаларындай жақын тартып кетті.

Қайретдин жаз айларында 1913–1914 жылдары Түркістан өлкесі, Торғай өңірлерінде, 1915 жылы Түркістан қаласында, одан отбасылық мұғалім ретінде Атбасар үйезінде, сосын қайтадан Түркістан аймағында  бала оқытты. Ел аралап, түрлі аймақта  жұмыс істей жүріп танысқан халықтың тыныс-тіршілігі, 1916 жылғы 25 маусым жарлығы туғызған дүрбелең, ашынған жұрттың көңіл-күйі Қайретдин Болғанбаев үшін терең ойға қалдырып, қоғамдық позициясын айқындауға септескен зор мектеп болды. Ол Түркістан өлкесінен Орынборға оралды. «Қазақ» газетіндегі ағаларының ақылымен тиісті рұқсат қағаз алып, Мәскеуге аттанды. Мұнда майданның қара жұмыстарына әкелінген қазақтарға қамқорлық көрсетуді күйттеп жүрген атақты ұлт қайраткері Әлихан Бөкейхановтың  көмегімен «Земгорсоюздың» батыс комитетінен тапсырма алып, 9-шы инженерлік-құрылыс дружинасы орналасқан Ганцевич стансасына барды.  Осында соғыс құрылыстарында (тікенекті сымтемірден қорғаныс нысандарын жасау, ағаш кесіп әкеп, блиндаж салу, т.с.с.) еңбек етіп жүрген бірнеше мың жұмысшы қазақтың хал-жағдайымен таныса бастады.

Алайда көп ұзамай, оның паспорты жоқ екені белгілі болып, Мәскеуге қайтарылды. Паспортты тек туған жерінен ғана алуға болатын. Сондықтан Қайретдин Болғанбаев 1916 жылғы желтоқсанда Омбыға келді. Осында оған елгезек гимназист  Дінмұхамед Әділов жолыққан да, ұдайы қасында жүріп, шаруасын бітіруіне көмектескен. Қайретдин паспорт алғаннан кейін, қайтадан алғаш барған жұмысшы партиясына жіберілді. Сонда жүргенінде патша тақтан құлады. Минскіден 1917 жылы 15 наурызда Қазақ еліндегі 25 қалада тұратын  36 азаматқа «барша халыққа ағайындық, теңдік, бостандық күні туды» деп жар салып, соған орай қазақ халқы алдындағы міндеттерді белгілеп жіберілген жеделхатқа сондағы Ә. Бөкейханов бастаған 15 қызметкермен қатар Қайретдин Болғанбаев та қол қойды. 

Ә. Бөкейханов Уақытша үкіметтің Торғай облысындағы комиссары боп тағайындалды.  Жаңа билік тыл жұмыстарына алынған өзге тектілерді босату туралы әмір берген, соған байланысты Земгордың Өзге тектілер бөлімін басқарып отырған Асфендияр Кенжиннің басшылығымен жұмысшыларды елге қайтару жүргізіле бастады. Қайретдин Болғанбаев жұмысшылардың бір бөлігін Оралға дейін алып келіп, Минскіге оралды. Алайда бұл кезде Өзге тектілер бөлімі таратылған-тын, сондықтан ол Петроград, Мәскеу, Орынбор арқылы 1917 жылғы жаз соңында Ташкентке келді де, Сұлтанбек Қожанов редакторы болып отырған «Бірлік туы» газетіне орналасты. Қоқан (Түркістан) автономиясын жария еткен ІV Төтенше мұсылман съезіне газет атынан қатынасты. Одан Орынборға келіп, 1917 жылғы желтоқсандағы ІІ Жалпықазақ съезіне, 1918 жылдың басында Сырдария қазақтарының Түркістан және Алаш автономияларына көзқарасын талқылаған Түркістан қаласындағы съезге қатысы. Ой-пікірлерін «Бірлік туы», «Қазақ» газеттерінде жариялап тұрды.

Қайретдин Болғанбаев қоғамдық өмірмен бірге тыныстап тұрған «Бірлік туы» газеті бетінде большевиктер армиясының сұрапыл шабуыл барысында ғұмыры бар болғаны 64 күнге созылған Түркістан (Қоқан) автономиясының үкіметі қуылып, Қоқан халқы бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген қырғынға ұшыратылғаны, шаһардың жермен жексен етілгені жайында 1918 жылғы 15 наурызда нақты куәгер естелігін қалдырды. Бұл күндер Түркістан өлкесі халқының есінен өмірінде шықпас деп жазды. Өйткені осы он күнде «адам пішінді жыртқыштар»  зеңбірек, оқшашар отымен Қоқан көшелерінде кәріні, жасты, еркекті, әйелді талғамай, құтырған қасқырдай қырды. Неше мыңдаған бейбіт халықты қамыстай жапырып, шаһардың күлін көкке ұшырды. Бейкүнә мұсылман халқының қаны судай шашылды. «Бұршақтай жауған пулемет оқтары астында тұла бойлары қалш-қалш етіп,  екі көздері білеудей болып, құлындағы даусы құраққа шығып шыңғырған жас сәбилердің», «құшағына баласын қысып, екі көзі ұясынан шығып қайда тығыларын біле алмай, дуалдан дуалға секіріп жүрген мұсылман әйелдерінің», «аяқ-қолдары тәлтіректеген, аппақ бастары селкілдеген сорлы кемпір-шалдардың» көрген қорлықтары, «тірідей отқа тасталғаны» ешқашан ұмытылмас. «Адам-хайуан» есепсіз мұсылман халқының қанын судай шашып, «өсіп келе жатқан бостандық гүлін» табанына таптады. Бұл он күн «Түркістан тарихында сиямен емес, қанмен жазылатын күндерге айналды». Сол күндергі масқаралықтарды жүрегі жылай отырып жазған Қайретдин Болғанбаев «Русияның үлкен өзгерісінің буына желігіп», «қашанғы жоғалтқан еркіндігіне талпынған»  «сорлы Түркістанды»  алдандың дейді. Ақылға шақырады. Өлген теңдіктің шеттен келген бумен  тірілмейтінін айтып, шын теңдікті аңсасаң – «өзгеріс буы өзіңнен шықсын» дейді. «Адам пішінді жыртқыштардың тұла бойлары қан сасиды», солардың хайуандығынан «көз алдыңда судай аққан кінәсіз қандар» бойыңа жылу жүгіртіп, «баяғы айбыны күшті Темірің мен ақылы дана Бабырларыңды» есіңе салуға тиіс дейді. «Ұлтын сатып, дінінен безген бұралқылар», біліңдер, «достарыңның қолдарындағы жосадай қызыл бояу» – өз «бауырларыңның қаны» дейді, діни кітаптағы Әбіл мен Қабыл аңызын еске салып, «әлде сендер Қабылдың сарқытын ішіп, өз бауырын өзі бауыздаған, өз ұлтынан өзі безген шоқындысыңдар ма?!» деген ауыр сұрақ қояды.

Алайда осы қылмысын тез ұмыттыруға тырысқан совет өкіметі Түркістан еңбекшілерінің көңілін аулап, 1918 жылғы сәуірде өлкенің кеңестер съезін шақырады. Түркістан Советтік Автономиясы жарияланып, өкіметі құрылады. Мәскеу үлгісімен өлкепартком  жанынан  Мұсылман бюросы ашылады да, Қайретдин Болғанбаев оның жұмысына қатысып тұрады. Советтік Түркістан Республикасы өкіметінің шешімімен күзде қазақтар үшін мұғалімдер даярлайтын курстар ашылып, өлкедегі белгілі ұстаздармен қатар Қайретдин де сонда қызметке орналасады. Даярлық курстарының негізінде 1919 жылы педагогикалық училище құрылады. Жазда Ташкентке келген Д. Әділовті Қ. Болғанбаев сонда қызметке тартады.

Сол жылдың соңында Қайретдин Болғанбаев С. Қожановпен, өзге де түркістандық өкілдермен бірге  пойызбен Ақтөбеге шықты.  1921 жыл басында Кирревком (Қазревком) ұйымдастырған жалпықазақ конференциясына қатысты да, одан әрі Орынборға барып, «Ұшқын» газетіне қызметке орналасты. Содан соң Әскери комиссариаттың Саяси басқармасы жанындағы курстарда оқытушы болып істеді. 1921 жылғы көктемде Ағарту халкоматының оқулықтар бастыру жөніндегі тапсырмасымен Ташкентке келді. Ал маусым айында Қайретдин Болғанбаев Ташкенттегі Қазақ өкілдігінің іс-сапарымен  Бұхар Республикасы қазақтарының арасындағы ағарту ісімен танысу үшін Бұхараға барады. Ол жақта астыртын жағдайда саяси (басмашыларға идеялық жетекшілік жасау, Түркістан Ұлттық Бірлігін құру үшін арнайы бағдарлама жасау, т.с.с.)  жұмыспен шұғылданып жүрген Зәки Валидовке Д. Әділовпен бірге барып жолығады.

Ташкентке оралғаннан кейін, сол 1921 жылғы күзде Қайретдин Болғанбаев Түркатком мүшесі болып сайланады. 1922–1923 жылдары Ақмолада халыққа білім беру бөлімінде істеді, 1924–1928 жылдары Петропавлда халыққа білім беру бөлімі меңгерушісінің орынбасары, педагогикалық техникумның мұғалімі, совет-партия мектебінің (совпартшколдың) оқытушысы, оқу бөлімінің меңгерушісі болды.

Қайретдин Болғанбаев 1928 жылғы 17 желтоқсанда тұтқынға алынды. «Алаш ісі» бойынша алғаш ұсталған 43 адаммен бірге Мәскеудің ең көне және ең ірі Бутыр түрмесіне әкелінді де, 1930 жылғы 4 сәуірде 13 «алашшы» қатарында ату жазасына кесілді. Үкім 1931 жылғы 8 қаңтарда қайта қаралып, Болғанбаев лагерьге айдалған. 1934 жылы босатылады. Алматыға келеді, бірақ мұнда тұруға рұқсат берілмегендіктен, Оңтүстік Қазақстан облысының Қапланбек ауылына кетеді. Сонда зоотехникалық-малдәрігерлік техникумда оқытушы болады. Осы қызметінде жүргенінде, Қазақ КСР ІІХК (НКВД) Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасы тарапынан 1937 жылғы 21 сәуірде қайта тұтқындалды. Алматыға әкеліп тергелді. НКВД-ның Алматы облысы бойынша басқармасы жанындағы үштіктің үкімімен қылмыстық жазаның  жоғарғы шарасына кесіліп, 1937 жылғы 21 қарашада атылды. Алматы облыстық сотының төралқасы  Қайретдин Болғанбаевты Б.-ты қылмыс құрамы дәлелденбегендіктен, 1957 жылғы 24 тамызды ақтады. 1988 жылғы 4 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қылмыстық істер бойынша алқасы ОГПУ алқасының 1930 және 1931 жыдарғы қаулыларының күшін жойды, істері қайта қаралғандар қатарында Қайретдин Болғанбаевты да ақтады. Тәуелсіздік орнағаннан кейін оның өмір жолы, қызметі, шығармашылығы жан-жақты зерттелді, еңбектері жинастырылып, жеке кітап болып шықты.

 

АЙДАРХАН ТҰРЛЫБАЕВ

Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, «Алаш-Орда»  Халық Кеңесінің мүшесі, заңгер Айдархан Тұрлыбайұлы Тұрлыбаев 1877 жылы Ресей империясының Омбы губерниясы, Көкшетау үйезіндегі Мезгіл болысында, қазіргі ҚР-дің әкімшілік бөлінісі бойынша Солтүстік Қазақстан облысының Тайыншы ауданындағы Талап ауылында дүниеге келген. 1897 жылы Омбы гимназиясын,  1902 жылы Императорлық Санкт-Петербург университетінің (ИСПУ) заң факультетін бітірген.

Империя астанасынан жоғары білім алып оралғаннан кейін Айдархан Тұрлыбаев 1902 жылы Омбы адвокаттық кеңсесінде қызмет істеді, сот палатасында присяжный поверенный (мемлекеттік қызметтегі адвокат) болды. 1903 жылы Омбыда сот палатасының азаматтық департамент бойынша хатшысының көмекшісі, 1905 жылы  Тобыл округтік сотына қарасты Ишим (Есіл) үйезінің мировой судьясы (империяның сот жүйесіндегі бірінші буынның соты), 1909 жылы Том  округтік  сотына қарасты Каинск қаласы 2-ші учаскесінің  мировой судьясы, 1911 жылы Омбы қаласы 3-ші учаскесінің  мировой судьясы қызметтерін атқарды. Присяжный поверенныйлар кеңесінің қаулысымен  1915 жылы  Омбы сот палатасы округінің  мемлекеттік қызметтегі адвокаттары қатарына қабылданды. 1908 жылы коллежский асессор (әскери қызметтегі капитан шеніне тең), 1912 жылы надворный советник (бірінші инстанция органының кеңесшісі, армиядағы подполковник деңгейіндегі) азаматтық шендер берілген.

Ақпан революциясынан кейін Айдархан Тұрлыбаев белсенді түрде  қоғамдық жұмыстарға қатысты. 1917 жылғы наурызда Омбыда қалалық дума мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің бірлескен мәжілінде жаңа өкімет органын құру мәселесін талқылауға атсалысып, құрылған Омбы коалициялық комитетіне мүше, сондағы қазақ бөлімінің меңгерушісі болды. Қазақ даласында ерекше қарқын алған ұлттық қозғалысқа белсене араласып,  Ақмола облысы қазақтарының құрылтайын дайындауды қолға алды.  Облыс үйездерінен құрылтайға 150 делегат сайланып келді. 1917 жылғы 25 сәуір – 5 мамыр аралығында Омбыда өткен Ақмола облыстық қазақ съезінде қазақ тұрмысының өзекті мәселелері қаралды, қабылданған қарарлардың орындалуын қамтамасыз ету үшін қазақ атқару комитеті жасақталды. Тұрлыбайұлы Ақмола облыстық қазақ комитетінің төрағасы лауазымына сайланды.

Орынборда 1917 жылғы 21–28 шілдеде өткен Бірінші жалпықазақ съезінде Айдархан Тұрлыбайұлы Бүкілресейлік Құрылтайшы жиналысқа депутаттыққа кандидат және Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне депутат болды. 1917 жылғы 31 қазанда Омбыда Әлихан Бөкейхановтың қатысуымен өткен Алаш партиясының Ақмола облыстық комитетін құрған жиналыста обком (мүшелері: А. Сейітов, М. Жұмабаев, М. Саматов, Б. Серкебаев, Е. Мұқышев, Е. Итпаев, Д. Әділов, К. Кемеңгеров, М. Сейітов, Ж. Тілеулин, О. Ахметов, Х. Қожамберлин, К. Кәкенов) төрағасы болып сайланды. Сол жылғы 5–13 (18–26) желтоқсанда болған Екінші жалпықазақ съезінде «Алаш-Орда» Халық Кеңесіне мүше болды. Төрағалыққа үміткер ретінде ұсынылып, дауыс беру нәтижесінде екінші орын алған.

Айдархан Тұрлыбаев ІІ Жалпықазақ съезі шешімдеріне сәйкес Алаш милициясын құру жолында белсенді жұмыс жүргізді.   Х. Ғаббасов, М. Тынышбаев, Б. Мәметовпен бірге Семейде Алаш полкін ұйымдастырысты. Ә. Бөкейханов, У. Танашевпен бірге  Колчак үкіметінде қазақ халқының әкімшілік-шаруашылық құрылымы жайындағы мәселе қаралған мәжіліске қатысты.

Совет өкіметі алашордашыларға кешірім жариялағаннан кейін, Тұрлыбаев 1920–1923 жылдары  Қазақ АКСР-нің Омбы облысындағы Толық өкілетті өкілі болып істеді. Омбы өкілдігі Сібірдегі қазақ аймақтарын Қазақ республикасы аумағына қосуда белсенді қызмет атқарды, 1921–1922 жылдары ашаршылыққа ұшырағандарға жәрдем беруді ұйымдастырды. Өкілдік тарағаннан кейін Айдархан Тұрлыбайұлы Омбының, Ақмоланың түрлі мекемелері мен заң орындарында адвокат, заң жөніндегі кеңесші, сот жүргізушісі қызметтерін атқарды.

Жасанды жаламен 1934 жылы қамалып, алты ай түрмеде жатып шықты. 1937 жылғы 3 қыркүйекте «кеңес өкіметіне қарсы саяси-төңкерістік әрекет жасағаны үшін» қайта ұсталып, НКВД-ның Омбы облысы бойынша басқармасы жанындағы «үштік» ұйғарымымен жазаның жоғары шарасына кесілді. Үкім 1937 жылғы 17 қарашада орындалып, Айдархан Тұрлыбаев атылды. Омбыда жерленген. Сібір Әскери округінің әскери трибуналы істі қайта қарап, қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, 1957 жылғы 13 тамызда толық ақтады. Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласында Тұрлыбаев атында көше бар.

 

АСЫЛБЕК СЕЙІТОВ

Қазақ ұлт-азаттық  қозғалысының  қайраткері, республикадағы денсаулық ісін ұйымдастырушылардың бірі, дәрігер Асылбек Жұманұлы Сейітов 1894 жылғы 22 қаңтарда Омбы қаласында Батыc Сібір генерал-губернаторы кеңсесінің аудармашысы Сейітов Жұманның отбасында дүниеге келген.

Ері өмірден ерте өтіп, бір қыз бес ұлмен 26 жасында жесір қалған Қадиша (туған бауыры  Мұқан Айтпенов «Үш жүз» партиясын құрушылардың бірі болған) балаларының оқуы мен тәрбиесіне бар күш-жігерін жұмсайды. Балаларының ішіндегі аса талапты да дарынды Асылбек 1911 жылы Омбы гимназиясын бітіріп, Том мемлекеттік университетінің медицина факультетіне оқуға түскен. Оны 1916 жылы бітіріп, Асылбек Павлодар облысының Баянауыл бекетінде дәрігер болып жұмыс істеді. Халық арасында жиі кездесетін сүзек, безгек, тырысқақ ауруларына қарсы медициналық көмек ісін ұйымдастырды. 1916 жылы Дала өлкесіндегі ауыл шаруашылығы бойынша санақ жұмыстары жүргізілгенде, Асылбек Сейітов оның оңтүстік бөлігі комиссиясын басқарды. Баспасөзде мақалалар жариялап, қоғамдық-саяси өмірге белсенді түрде араласып тұрды.

Ақпан революциясынан кейін  Омбыда 1917 жылғы сәуірде ашылған Ақмола облыстық қазақ съезінде хатшылық жасады, съезд құрған қазақ атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланды. Жалпықазақ съезін дайындауға атсалысты. Асылбектің Ақмолада атқарған қоғамдық-саяси қызметі жайында Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешуде» жазған. Орынборда 1917 жылы 21–26 шілдеде өткен бірінші жалпықазақ съезінде Асылбек Сейітов Міржақып Дулатовпен бірге съездің хатшысы болды. Жалпыресей Құрылтайы жиналысына депутаттыққа кандидаттар тізіміне кіргізілді. Алаш қозғалысының белсенді күрескерлері қатарында жүрді. Екінші жалпықазақ съезіне қатысып, Алаш автономиясын құрушылардың бел ортасынан табылды.

Алашордашыларға кешірім жарияланғаннан кейін Асылбек Жұманұлы Совет өкіметі тұғырында мамандығы бойынша жауапты жұмыстар атқарды. Қазақстан Кеңестері съезіне және дәрігерлер съезіне қатысып, 1922–1937 жылдары Семейде губерниялық денсаулық сақтау басқармасының бастығы болып істеді. Осы қызметінде жүріп, облыстағы туберкулезден емдейтін «Ауыл», «Березовка» санаторийлерін ашуға атсалысты. Содан 1937 жылы Қазақ КСР Денсаулық сақтау халық комиссариаты жоспарлау-қаржылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Осы жылы Алматы қаласындағы №5 емхананың ашылуын ұйымдастырып, оның алғашқы бас дәрігері болды.

Алматы  облыстық  НКВД  басқармасы  Асылбек  Сейітовті 1937 жылғы  1 желтоқсанда қамауға алды. Артынша, басқарма «үштігінің» 1937 жылғы 4 желтоқсандағы үкімімен ату жазасына кесілді. Алматы түбіндегі Жаңалық қорымына жерленген. СОКП ХХ съезінен кейінгі «жылымықта» Алматы облыстық соты Асылбек Сейітовтің ісін қайта қарап, қылмыс құрамы болмағандықтан, 1957 жылы 8 маусымда толық ақтады. Жазықсыз саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Асылбек Жұманұлының адал есімін қоғамға қайтаруда әкесі атылғаннан кейін туған Клара Асылбекқызы көп еңбек сіңірді. Тәуелсіздік жылдары Алматыдағы № 5 емханаға мемориал тақта орнатылды, Алматы мен Семей қалаларында көше аты берілді. Асылбек Сейітовтің өмірі мен қызметі жайындағы зерттеушілердің жұмыстары мерзімдік баспасөзде,  жинақтарда жарияланып жүр, жеке  кітап та шықты.

 

МҰСЫЛМАНБЕК СЕЙІТОВ

 Алаш  қозғалысына қатысушы, экономист Мұсылманбек Жұманұлы Сейітов 1887 жылы 1894 жылғы 22 қаңтарда Омбы қаласында Батыc Сібір генерал-губернаторы кеңсесінің аудармашысы Сейітов Жұманның отбасында туып-өскен. Асылбек Сейітовтің ағасы. Омбы  мұғалімдер семинариясында оқыған. Жастардың «Бірлік» ұйымының мүшесі болған. Ақпан революциясынан кейін  Ақмола облыстық қазақ комитетінің жұмысына белсене араласты. Алаш партиясының мүшесі болды.

Совет өкіметі орнаған соң Омбы қаласында мектеп мұғалімі боп істеді. Содан соң мамандығын ауыстырып, Павлодар облысы Ертіс ауданындағы «Северный» кеңшарында экономист болып қызмет атқарды.

Мұсылманбек Сейітовті Шығыс Қазақстан облысы НКВД басқармасының Павлодар аудандық бөлімшесі 1937 жылғы 16 қазанда тұтқындаған. Шығыс Қазақстан облысындағы НКВД басқармасы «үштігінің» 1937 жылғы 7 желтоқсандағы үкімімен 8 жылға сотталған. Одан кейінгі тағдыры белгісіз, айдауда атылғанға ұқсайды.  1957 жылы 10 тамызда ақталған.

 

 

ЫДЫРЫС МҰСТАМБАЕВ

 

Алаш-Орда атты әскерін құруға қатысушы, әдебиет сыншысы, публицист, қоғам қайраткері Ыдырыс Мұстамбайұлы Мұстамбаев 1898 жылы 8 қарашада Семей қаласында жұмысшының отбасында туған. Әкесі бұрын ауылдарда жалдамалы батрақ болған, қалаға келіп қара жұмыс істеп жүрген қарапайым еңбек адамы екен. Баласының заманына сай білім алғанын қалап, оқуға беріпті. Ыдырыс әуелі Тыныбай медресесін бітіреді, одан соң екі кластық орыс-қазақ училищесінде,  сосын 1918–1919 жылдары гимназияда оқыған. Оқи жүріп, бауырларымен бірге Семейдің тері-былғары зауытында, жүн жуатын және басқа да кәсіпорындарында істеген.

1916 жылы Ыдырыс Мұстамбаев практикант-шәкірт болып телеграф қызметіне кіреді, бірақ 1918 жылы Семейді ақтар алған кезде, кеңес өкіметіне іш тартады деген желеумен, оны істеп жүрген қызметінен босатады. Сол жылы Ыдырыс Алаш-Орда үкіметінің атты әскер қосынын құру ісіне атсалысты. Одан кейін 1918 жылғы тамыздан 1919 жылғы қарашаға дейін Семей ерлер гимназиясында оқыды. Содан соң совет қызметіне кірді.

Ыдырыс Мұстамбайұлы 1919 жылдан Семей губревкомы мен губаткомы мүшесі ретінде Семейде, Өскеменде,  Аягөз,  Зайсан үйездерінде басшы қызметтерде болды. Қазақстан Кеңестерінің 1920 жылғы қазанда өткен  Құрылтайшы съезінде Орталық Атқару Комитетінің мүшесі болып  сайланды. Содан соң 1921–1923 жылдары Орал губаткомы төрағасының орынбасары, Орал губерниялық прокурорының орынбасары, 1924–1925 жылдары Ақмола  губерниялық прокуроры болып істеді.

1925 жылы Ыдырыс Мұстамбайұлы Сырдария губерниялық атқару комитетінің төрағасы болып тағайындалды. Осы лауазымында істеп жүргенінде, Қазөлкекомның 1-ші хатшысы Ф. Голощекиннің жеке билігін күшейте түсуге бағытталған іс-әрекетіне қатты сын айтып, диктатор деп әшкереледі. Мұстамбаевтың «Қазақстанда Голощекинмен бірге коммунизм құра алмайсың!» деп ашына айтқан сөзі  жұртшылық арасына кең тарап кетті.  Өлкеком басшысына қарсы келуінің салдарынан Ыдырыс Мұстамбайұлы губатком төрағасы лауазымынан босатылып, түрлі қыспаққа түсірілді. 1928–1929 жылдары «Союзмясо» өлкелік кеңсесінің меңгерушісі, Қазақ АКСР Жұмысшы-шаруа инспекциясының аға инспекторы, 1929–1930 жылдары Байланыс халкомының орынбасары, Халкомкеңес мүшесі болып істеді. 1932 жылы Өлкелік ұжымшародақ басқармасының мүшесі, сол 1932 жылы Қазмемжоспар жанындағы Стандарттандыру жөніндегі бюро меңгерушісінің орынбасары, одан Қазақстан геологиялық барлау институты оқу комбинатының директоры болды.

Мұстамбайұлы негізгі жұмыстарымен қатар әдебиет зерттеушісі ретінде қалам тербеп, газет-журнал беттерінде Абай шығармашылығына арналған «Ұлы ақын Абай» (1924), «Абай» (1928), «Ақын Абай және оның философиясы», «Ақын Абайдың қазақ әдебиеті тарихында алатын орыны», орыс тілінде (1928), Мағжан жайындағы мәселеге байланысты орыс тілінде «Жұмабаев және «Тоқсан», сондай-ақ, әдебиеттегі пікірталасқа үн қату ретімен «Көркем әдебиет туралы», «Біздің таластарымыз» деген мақалалар жазып жариялаған. Мақалаларында Абай мұрасымен қатар Ахмет Байтұрсыновтың, Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығын партия, идеология органдарының тұрпайы шабуылдарынан қорғаған.  Бірқатар зерттеулері мен публицистикалық жұмыстары 2006 жылы шыққан «Алаш ақиықтары» жинағында басылды.

1933 жылдың 17 қаңтарында, қызмет бабымен Мәскеуде жүргенінде, Ыдырыс Мұстамбаев тұтқынға алынды.  жарты жылдай түрмеде жатып, ОГПУ алқасының 1933 жылғы 4 шілдедегі қаулысымен «контрреволюциялық қызметі үшін» 5 жылға еңбекпен түзеу лагеріне (ИТЛ) жөнелтілді. Ал 1937 жылғы 15 қараша күні НКВД-нің Алматы облысы бойынша басқармасындағы «үштік» Ыдырыс Мұстамбайұлын «антикеңестік ұлтшылдық террорлық-көтерілісшілдік және шпиондық-диверсиялық ұйымға белсенді түрде қатысқаны үшін» ату жазасынакесілсін деген үкім шығарды.  Қазақ КСР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер бойынша Сот алқасы Ыдырыс Мұстамбаевтың ісін қайта қарап, қылмыстық құрамы жоқ болған себепті тоқтатты, Ыдырыс Мұстамбайұлы Мұстамбаев 1991 жылғы 18 ақпанда ақталды.

    (Жалғасы бар)

 

Бейбіт Қойшыбаев,    белгілі тарихшы, ғалым – жазушы

 

Aqsaqaldar.kz

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер