«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Бейбіт Қойшыбаев: АЗАТТЫҚ ҚҰРБАНДАРЫ
Бейбіт Қойшыбаев: АЗАТТЫҚ ҚҰРБАНДАРЫ
Дайындаған: 3 ай бұрын

                                                                        (Саяси репрессияға ұшыраған азаматтар туралы кітап)           

 

                                                                                                                                                                                              «Есімі мәңгі ұрпақ жадында сақталады»

 

                                                                                Нәзір  Төреқұлов

 

Көрнекті мемлекет қайраткері, алғашқы қазақ дипломаты, шығыстанушы, ғалым, публицист, ақын, Кеңес одағындағы ұлттық республикалар үшін жұмыс істеген Орталық баспаның (Центриздат) ұйымдастырушысы әрі басшысы Нәзір Төреқұлұлы Төреқұлов 1892 жылы Түркістан шаһары өңіріндегі Қандоз деген жерде дүниеге келген. (Бұрынғы дереккөздерінде Қоқанда туған деп көрсетілгенмен, Нәзірдің өзі жеке парақшаларында әлеуметтік тегін «шаруадан» деп, жақша ішіне «көшпенділерден» деген анықтауыш қосқанына қарап, туыстарының естеліктерін, өзге де құжаттарды қарастыра келе, зерттеушілер осылай нақтылаған). Әкесі Төреқұл Қоқанға юристік білім алып барып қоныстанған тәрізді. Қаланың Байбутта көпірі маһалласынан меншігінде үй ұстаған. Мақта комиссионері болып істеген. Ол уақытта Қоқан ондаған мешіт, медреселері, көптеген керуен сарайлары мен базарлары, банкілері бар, 65 мыңдай халық тұратын, өз заманы үшін едәуір үлкен қала болатын. Міне осы шаһарда Нәзір 7-8 жасында мұсылман мектебіне бара бастаған. Сосын әкесі оны уақыт ағымына бейімдеп, сауда саласына бағыттаған көрінеді.

 Нәзір Төреқұлұлы 1913 жылы Қоқан коммерция училищесін бітіріп, Мәскеудегі коммерция институтының экономика факультетіне оқуға түседі. Бірақ аяқтамайды – тағдыр оны мүлдем басқа сүрлеуге бастап кетеді. Бізге оның оқушы, студент шақтарында саяси-қоғамдық тыныс-тіршілікке қалай қатысқаны беймәлім, есесіне, халқына қызмет етуінің алғашқы үлкен белесі 1916 жылға дөп келгенін білеміз. Бұл жылы ол Бүкілроссиялық Земство Одағының («Земгорсоюздың»)  Өзге тектілер бөліміне (Инородческий отдел) соғыстың қара жұмыстарына алынған түркістандықтармен жұмыс істейтін нұсқаушы болып орналасты. Сөйтіп, Батыс майданның Минск, Барановичи аудандарында үлкен саяси  күреске әзірлік мектебінен өтті.  Бөлімді басқарып жүрген көрнекті қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың қоластында істеп, онымен қызметтес болды. Көзі ашық азаматтардың басын құрап, «Еркін дала» атты жасырын ұйым құрды, қорғаныс шебінде түрлі әскери құрылыс салушы жігіттер арасында насихат жұмыстарын жүргізді. «Еркін дала» мүшелерінің озық ойлы болғандарына, Ақпан революциясынан кейін, 15 наурызда, ішінде Нәзір де бар 15 зиялының Минскіден қазақ еліндегі 25 қалада тұратын  36 азаматқа жеделхатпен жолдаған хат-хабары куә. «Россияның барлық халықтары үшін бостандық, теңдік, туысқандық күні туды, – деп жазды олар. – Қазақтарға жаңа үкімет құрылысын қолдау үшін ұйымдасу қажет. Барлық ұлттармен байланысып жұмыс істеу керек. Жаңа құрылысты қолдай отырып, қазақтар лайықты кандидаттар таңдау арқылы, Құрылтайшы жиналысқа дайындалуға тиіс. Ескі қазақ дауын, үй-іші кикілжіңін тастауға шақырамыз. Иман мен әділдікті ұран етейік. Аталған мәселені тездетіп талқылаңыздар. Біздің ұранымыз – демократиялық республика. Жер – мал бағып, егін салу арқылы табыс түсіретіндерге  берілуге  тиіс. Құдайдан  басқа  ешкімнен  қорықпаңыздар. Әділ әрекет етіңіздер. Үкіметті қолдаңыздар. Министрліктің азық-түлік жөніндегі өкіліне және біздің майдандағы жұмысшыларымызға көмек көрсетіңіздер. Халықтың пікірін хабарлаңыздар. Әлихан, Міржақып Петроградқа барады. 25 наурызға дейінгі адресі Петроград, Соколдагер, Бөкейхановқа, сосын «Қазақ» редакциясына...»

 Революцияның берген мүмкіндіктеріне сай елге қызмет етуді мақсат еткен  Нәзір Төреқұлов саясатшылармен тығыз араласа жүре, өз бетін айқындап, солшыл социалист-революционерлер партиясына кірді. Уақытша үкіметтің шешіміне сәйкес, жұмысшыларды пойызбен елге қайтарғаннан соң Орынборға келіп, «Еркін дала» ұйымының алғашқы құрылтайын ұйымдастырды. Қазақ қауымына пайдалы земство мекемелерін құруға атсалысты. 1918 жылдың басында совет өкіметі Торғай облысының комиссары етіп тағайындаған Әліби Жангелдинге көмектесіп, Торғай облысы кеңестерінің бірінші съезін дайындауға қатысты. Съезд ашылар қарсаңда, кеңес өкіметі баспаханасын тәркілеген «Қазақ» газетінің орнына Торғай облыстық атқару комитетінің органы болатын «Қазақ мұңы» газетін редактор ретінде шығаруды қолға алған екен. Төреқұлұлының кәсіби журналист ретіндегі қызметі осы кезеңнен басталса керек.  Газеттің 21 наурызда шыққан алғашқы санында «Торғай съезі» атты бас мақала берді. Бұл оның  саяси публицистикадағы баспасөз бетін көрген  тұңғыш  туындысы  болар. Мұнда ол халық бастан кешіп отырған тарихи бетбұрысты талдап, көпшілікке түсінікті етіп қорытады. Нәзір 23 наурыз – 3 көкек арасында өткен осы съездің мандат комиссиясына мүше боп сайланды. 

Сосын ұзамай Қоқанға оралады. Әйгілі Қазан төңкерісінен кейін Ташкентте саяси күштер бірігіп, өлке өкіметін құрған. Үкімет құрамына жергілікті халық өкілдері енгізілмегендіктен, ұлт зиялылары мұсылман халықтары депутаттарының IV Төтенше съезін шақыруға мәжбүр болады. Қоқанда өткен бұл съезд Түркістан халықтарының өзін-өзі баскаратынын жария етіп, автономия үкіметін сайлайды. Алайда 1918 жылғы ақпанда Қоқанға кызыләскерлер басып кіріп, Қоқан автономиясы кұрдымға жіберіледі де, өлкені большевиктік үлгіде құру жұмысы қолға алынады. Қоқанға осы шақта келген Нәзір Төреқұлұлы қалалық кеңестің хатшысы болады. Қарулы дружинаға еніп, қаланы басмашылардан қорғасады. Үгіт-насихат жұмысымен айналысады. «Халық газеті» атты мерзімді басылым шығаруға көмектеседі, газеттің алқа мүшесі болады. 1918 жылғы 1 мамырда жарияланған Түркістан Кеңес Автономиясының мән-жайын ұғындыратын  публицистикалық  мақалалар  жазады.

1918 жылғы қыркүйекте Нәзір большевиктер партиясы қатарына кіреді. Ферғана облыстық революциялық комитеттің мүшесі болып, қышлақтарды, ауылдарды аралайды. Бұқараға кеңес өкіметінің, автономияның мән-жайын  түсіндіреді. Нақты ұйымдастыру істерімен жаңа қоғамдық құрылысты нығайтуға үлес қосады. Ферғанадағы халық ағарту саласына басшы боп тағайындалып, еңбекшілер арасындағы сауатсыздықты жоюды қолға алады. Алқаптың елді мекендерінде мектептер мен көркемөнерпаздар жұмысын ұйымдастырады. 1919 жылғы ақпаннан Түркістан өлкелік партия комитетінің «Инқилап» («Революция») деп аталатын өзбек тіліндегі  журналына  алқа  мүшесі болады. 1920 жылдың басында ол Түркреспубликаның қазақ тіліндегі «Жаңа өріс», «Ақ жол» деген газеттерін шығаруға қамқорлық көрсетті. Ал 1922 жылы бірнеше ай – сәуір мен тамыз айлары арасында «Ақ жол» газетінің редакторы болды. Жалпы бұл жылдары Түркістан Республикасында жарық көріп тұрған қазақ, өзбек, тәжік, орыс тілдеріндегі мерзімді басылымдар беттерінде Нәзірдің дарынды да қарымды қаламы саясат, ғылым, әдебиет тақырыптарында тербеген түрлі жанрдағы материалдар жиі көрініп тұрды.

1920 жылдың  жазында   РК(б)П   Орталық  Комитетінің   «Түркістандағы   міндеттеріміз»   дейтін   қаулысынан кейін орталықтың Түркістан жөніндегі комиссиясы өлкелік партия комитетін, мұсылмандар мен шетел коммунистері бюроларын тарқатып, біртұтас Түркістан Коммунистік партиясын құруды қош көрді, Уақытша Орталық Комитет тағайындады. Түрккомиссияның 1920 жылғы 15–31 шілде күндеріндегі қызметін  қамтитын  информациялық  ақпарында Түркістан Коммунистік партиясының Уақытша Орталық Комитетіне кірген коммунистер тізімі бар. Құрамы  жағынан  ішіне  4 қазақ,  2 өзбек,  2 татар, 1 түркмен, 6 еуропалық – барлығы 15 адам кірген. Түрккомиссия Түркістан Компартиясы Уақытша Орталық Комитеті Атқару бюросының төрағасы Нәзір Төреқұлұлы жайында Москваға: «Жаңа Орталық Комитеттің мүшелері ішінде жергілікті халықтан шыққан аса көрнекті табиғи дарындар (самородки) бар, мәселен, Төреқұлов, интеллигент, бұрынғы студент, кедей, қазақ семьясынан шыққан, марксшыл тұрғыдан ойлайтын адам», – деп хабарлады. Содан V және VI съездерде Төреқұлов Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің төрағасы болып сайланды. 1921 жылы VIII Түркістан өлкелік Кеңестер съезі Нәзір Төреқұлұлын Түркістан Республикасы Орталық Атқару Комитетінің Төрағасы етіп сайлады.

Төреқұлов 1921 жылғы қаңтарда Әулиеатада қазақ, қырғыз кедейлерінің съезінде ауылды кеңестендіру, жер-су реформасын жүргізу, саяси-көпшілік жұмыстарын нығайту жөнінде баяндама жасады. Осы тақырыптарды жан-жақты қозғайтын мақалаларын және «Қосшы одағының міндеттері туралы» тезистерін баспасөзде жариялады. 1921 жылғы 29 наурызда Лениннің төрағалығымен РСФСР Совнаркомы Төреқұловты Түркістан жөніндегі комиссияға мүше етіп бекітті. Түрккомиссияның, одан Түркістан майданы революциялық әскери кеңесінің мүшесі ретінде ол басмашыларға қарсы күресті ұйымдастырып, өзі де майдан аудандарын тынбай аралап жүрді.

Нәзірдің тіл білімімен терең шұғылдануы да 1921 жылдан басталған сияқты. Осы жылы Мәскеу оны бұрынғы бұратана аталған халықтардың жазуын латын алфавитіне көшіру жөніндегі Орталық Комиссияға мүше етеді. Ал 1922 жылғы қазанда оны орталыққа қызметке шақырып, біржола Мәскеуге көшіртіп алады. Нәзір содан алты жыл бойы КСРО халықтарының орталық баспасы басқармасына төраға болды. Бұл баспаға еңбекшілердің саяси-қоғамдық және мәдени дамуына жәрдем беру, бұрынғы империяда жазу-сызулары жоқ болып келген халықтарға алфавит, әліппе, оқулық жасап беру, шығыстағы автономиялы республикалар мен облыстардың бүкіл баспа жұмыстарын басқарып, бағыттап отыру секілді маңызды міндеттер жүктелгені тарихтан мәлім.

Осынау ауқымды істі басқара жүріп, Нәзір Төреқұлұлы озық ойлы ғалым, ұйымдастырушы, журналист, азамат ретінде еңселене көрінді. Ол Қазақстанда әсіреқызыл, солақай большевиктер күн көрсетпеген ірі ғалым-публицист Әлихан Бөкейхановты КСРО халықтары баспасының қазақ бөліміне бастық етіп қойды. Мағжан Жұмабаев секілді «алаш» деп түртпектелген талай ақын-жазушыларды баспаның авторы етті, оқулық жазғызды, аударма жасатты. Әдебиет, тіл білімі, эстетика, тарих, философияны терең оқыған, ізденуден, зерттеуден жалықпаған Төреқұлұлы Мәскеу жоғары оқу орындарында шығыс тілдерінен сабақ берді, ғылыми еңбектер жазды. «Бұхара инқилапшылары» дсген Садриддин Айнидің монографиясына тарихи және саяси баға берген үлкен сыни алғысөз, «Бұхара Советтік Халық Республикасы», «Қоқан автономиясы», «Ферғана мәселесі» деген тарихи еңбектер, көптеген кітаптарға беташар, сөз басы, өзбек мектептері үшін оқулықтар жазды, Абай шығармаларын тұңғыш рет Ташкентте бастыру ісін ұйымдастырды. Қазақтар үшін «Темірқазық» атты саясат, шаруашылық, білім, әдебиет журналын ашып, оның әрі бас редакторы, әрі белсенді авторы болды. Кеңес өкіметі ауқымындағы еркіндікке қолы жетіп жатқан халықтардың біразының жазу-сызуын, әліппесін, оқу кітабын жасауға Нәзекең жәрдемдесті.

1923 жылғы ақпанда Ұлт істері жөніндегі халық комиссариаты жанындағы араб әрпін өзгерту комиссиясы Мәскеуде мәжіліс өткізді. Орта Азияға бірыңғай әліппе жасау жайында шешім қабылданып, соны жүзеге асыруға тиіс арнайы топ құрылды, төрағалыққа Нәзір Төреқұлов бекітілді. Енді ол «шығыстағы революция» атанған іске тікелей басшылық етті. Бүгінде алфавит ауыстыру науқандарына көзқарасымыз әрқилы, әйтсе  де араб жазуы орнына латыницаны қолдану қажеттігін ғылыми дәйектеген Нәзекеңнің еңбегіне лайықты бағасын беру ләзім. Ол 1924 жылы Мәскеуден «Жаңа әліппе. Үлкендер үшін» деген кітапша шығарды. Бұл еңбегінде ол араб әріптерінің орнына қазақ дыбыстарын дәл қамтитындай етіп жөнделген латын алфавиті негізіндегі жаңа әріптерді ұсына отырып, жазудағы бұл жаңалықтың қазақ мәдениетін озық елдермен жақындастыра дамытуға мүмкіндік беретінін дәлелдейді. 1924 жылдың жазында Мәскеу, Ташкент, Бұхара, Орынбор қалаларының білімпаздары жаңа әліппеге байланысты жиын өткізген екен, сонда жаңа әліппені жақтаған Нәзекең Төреқұлов 9 дауыс, ескі әліппені қорғаған Ахаң Байтұрсынов 8 дауыс алыпты. Тыңдаушы  жастар жаңа әліппе жағында болыпты. Бұл реттегі ғылыми айтыстардың бірнеше жылға созылғаны мәлім. Ақырында латын өмірге енгізілгенде, Төреқұлұлы Кеңес Одағының Сауд Арабиясындағы елшісі болатын. Ал  «шығыстағы революцияның» жаңа сатысы жүзеге асырылып, бәрін кирилица ығыстырғанда, ол өмірде жоқ-ты – талай боздақ қатарында Үлкен террор құрбандығына шалынған болатын.

Ағартушы-ғалым ретінде Нәзір Төреқұлұлы одақ көлеміндегі оқу-ағарту ісіне өзіндік үлес қосқан-ды. 1925 жылғы қаңтарда Мәскеу Үлкен театрында I Бүкілодақтық мұғалімдер съезі ашылды. Төреқұлов «Ұлт мәселесі және мектеп» деген тақырыпта баяндама жасады. Сонда Кеңес өкіметі орнағалы бергі ұлт мектептерінің даму жай-күйін талдай келе, Нәзір: «Мен мынаны атап айтқым келеді: ұлт тілдері жергілікті жерлерде мойындалып, жергілікті мемлекеттік тілдер ретінде декретпен бекітілген қазіргі кезеңде, ұлттық ұстаздарға да, күллі кеңес ұстаздарына да әлемдік тарихи маңызы бар міндеттер жүктеліп отырған кезде, ұлттық мектеп тек қана кеңес мемлекеті мен ұлттық мұғалімдік қауымның күш-жігерін бірлестіру жолымен ғана жасала алады», – деп, шешімін табуға тиіс мәселелерді жүйелеп алға тартты. Баяндаманың қазақшаға аударылған нұсқасы жеке кітап болып, Мәскеуден сол 1926 жылы жарық көрді. Осы жылы Нәзірдің оқытушылар кәдесіне асатын тағы бір кітабы жарияланды. «Жат сөздер туралы» деп аталатын бұл кітапшада ол «баяғы заманнан бері қазақ Еділ-Тарбағатай, Сырдария-Ертіс арасында жүрген» кезде «жан-жағынан қытай, монғол, араб, парсы, Европа (орыс) мәдениеттері қазақтың тіліне, әдетіне, шаруасына» қалай әсер еткенін талдай келе, жат сөздердің қазақшаға айналғандағы өзгеру заңдылықтарын қарастырып, интернационал сөздерді пайдаланудың нақты жолдарын ұсынды. Тақырып  ауқымы кең, авторлары сан-алуан «Темірқазықты» зерттеу арқылы Нәзірді редактор және сыншы-публицист ретінде толығырақ тануға болары кәміл.

Советтер елімен екі арада дипломатиялық және сауда қатынастарының орнауына байланысты, қасиетті Мекке аймағындағы  жаңа корольдіктің халықаралық жағдайы едәуір дәрежеде нығайғаны белгілі. Онда дипломат Төреқұловтың де өзіндік үлесі бар. Сол орайда оның араб елінде сегіз жыл бойы атқарған қызметіне байыпты баға беруді  республикамыздың Сыртқы істер министрлігі жүзеге асырып келеді.  Жұмысшылар мен шаруалар мемлекетінің сыртқы саясатын шетелде жүргізушілердің бірі болған осынау тамаша қайраткердің өмірі мен қызметін, совет дипломатиясы тарихында еншілер орнын анықтап,  оның есімін мәңгі есте қалдыру шарасы аталған дипломатиялық аппарат тарапынан жасалды. (Нәзір қазақ, өзбек, татар, түрік, орыс, араб, парсы, француз, неміс тілдерін білген, 1931 жылы анкеталық сұрақтарға қайтарған жауаптарында ол ең басты түркі тілдерін, соның ішінде түрік тілін әдеби, 3-дәрежеде меңгергенін,  араб тілін орта 2-дәрежеде, парсы тілін орта 2-дәрежеде, француз тілін орта 2-дәрежеде, неміс тілін орта 1-дәрежеде білетінін, араб және француз тілдерімен шұғылданып жүргенін айтқан көрінеді. Дипломаттың көп тіл білгені таңырқатпайды, әйтсе де оның қалыптасу жылдарындағы дүрбелеңді оқиғаларды еске алсақ, солардың қызу ортасында Нәзірдің де жүргенін ойласақ – талантына, еңбекқорлығына еріксіз қайран қаламыз). Мәселені Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Евгений Примаковтың жәрдемі арқасында,   1997–1998 жылдары қазақ елінің Ресейдегі сол кездегі елшісі Тайыр Мансұров терең зерттеді. Ол 2000 жылы Нәзір Төреқұлұлының Сауд Арабиясындағы елшілік қызметі кезінде жазған хаттарын, күнделіктерін, есептерін біріктірген құжаттар жинағын шығарды – «Назир Тюрякулов – полпред СССР в Королевстве Саудовская Аравия (письма, дневники, отчеты) (1928–1935 гг.)». Под редакцией Т.А. Мансурова, А.М. Сыздыкова,  2000 г. Содан бері ол жайында небір тамаша еңбектер жариялады, бұлардың бәрі баршаға белгілі. Осы орайда оның әр жылда шығарған мына кітаптарын атаған орынды: «Аравийская эпопея полпреда Назира Тюрякулова»,  2001 ж.; «Полпред Назир Тюрякулов. Дипломат, политик, гражданин», 2003 ж.; «Назир Тюрякулов», 2004 ж.; «Нәзір Төреқұлов», 2005 ж.;  «Нәзір Төреқұлов – Кеңес Одағының Сауд Арабиясындағы елшісі», 2011 ж.

Бұл еңбектерінде Т. Мансұров қатардағы зерттеушілер қол жеткізе алмайтын мұрағаттардан маңызды құжаттар тауып, ғылыми айналымға қосты. Сауд Арабиясы мен КСРО арасындағы байланыстың қалай орнығып, дамығанын, ондағы кеңес елшісі Төреқұловтың беделін, биік мәртебесін дәлелді түрде көрсетті.  Осындай зерттеулердің нәтижесінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 20 қаңтардағы Қаулысымен  Нәзір Төреқұлов атындағы «ҚР сыртқы саясатын дамытуда сіңірген еңбегі үшін» медалі тағайындалды.

Тәуелсіздік жылдары Нәзір есімі Оңтүстік Қазақстан облысында (Шымкент, Түркістан қалалары мен Созақ ауданындағы) және  Ташкентте – мектептерге, Алматы, Шымкент, Қызылорда, Түркістан қалаларында – көшелерге берілді. Түркістанда ескерткіш қойылып, мешіт салынды. Мұражайы да бар. Нәзірдің мұралары жинастырылап, төрт том  болып жарық көрді. Оның қызметі мен өмірін арқау еткен зерттеулер, түрлі еңбектер, деректі фильм шығып жатыр. Көптен бері Нәзір Төреқұлов атындағы қоғамдық қор жұмыс істейді. Нәзірдің елге сіңірген қызметін   насихаттау жұмыстарын ұйымдастыруда оның алғашқы басшысы Ыбырай Ысмайыл көп еңбектенді, қордың одан кейінгі төрағасы, белгілі суретші, сәулетші Аманжол Найманбай да үлкен жұмыс атқарды. Қайраткердің туғанына 120 жыл толуына  орай Ақтаудағы Ш. Есенов атындағы Каспий университетінде үлкен конференция өткізілді. Одан бергі кездерде жасалып келе жатқан ғылыми-тәжірибелік жиындар да Нәзір Төреқұлұлы сынды аса көрнекті қайраткерді тани түсуге игі қызмет етуде.

Төреқұлов 1936 жылдың басында Мәскеуге шақырып алынған болатын. КСРО ОАК Ұлттар кеңесі жанындағы Тіл және жазу институтында қызмет істеді. Кандидатурасы Сыртқы істер министрлігі мен Б(б)КП Орталық Комитетінде резервте тұрды. Алайда Қауіпсіздік Комитетінің Бас басқармасы оны 1937 жылғы 15 шілдеде тұтқындады. Содан Нәзір Төреқұлұлы атылуға жатқызылғандардың сталиндік тізіміне 1937 жылғы 1 қарашада 104-ші болып кіргізілген де, 3 қарашада Мәскеуде атылып, НКВД-ның  (ІІХК) «Коммунарка» деп аталатын арнайы объектіне жерленген. Бұл қаралы хабар Нәзір Төреқұлұлын өте қадірлеп, жақсы көрген Сауд Арабиясының королі Абдул-Азиза Аль Саудты қатты ренжіткені сондай, ол Совет Одағынан өз еліне басқа елші келуін қаламайды. Сондықтан КСРО Джиддадағы миссиясын 1938 жылғы 13 сәуірде жабуға мәжбүр болды.  Тәуелсіздік дәуірінде Нәзір Төреқұлұлы жайында көптеген зерттеулер жасалды, деректі фильмдер шықты, мешіт салынып, ескерткіштер қойылды, Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық қызмет адамдарын марапаттау үшін  оның атымен аталатын арнайы медаль тағайындады.

 

    (Жалғасы бар)

 

Бейбіт Қойшыбаев,    белгілі тарихшы, ғалым – жазушы

 

Aqsaqaldar.kz

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер