«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Бейбіт Қойшыбаев: АЗАТТЫҚ ҚҰРБАНДАРЫ
Бейбіт Қойшыбаев: АЗАТТЫҚ ҚҰРБАНДАРЫ
Дайындаған: 3 ай бұрын

(Саяси репрессияға ұшыраған азаматтар туралы кітап)           

 «Есімі мәңгі ұрпақ жадында сақталады»

 

1934 жыл

ЖАҚЫП АҚБАЕВ

 

 

     Қазақ ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысушы, «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің мүшесі, заңгер, құқықтану магистрі Жақып Ақбайұлы Ақбаев 1876 жылғы 25 қазанда бұрынғы Семей облысының Қарқаралы үйезі, Берікқара болысындағы №3 ауы­лда, Төңіректас деген жерде, аймағына белгілі дәулетті отбасында дүниеге келген.

Жандерке қажының ұлдарының үлкені Ақбайдың 1872 жылы туған баласы Ыбырай  он жеті жыл болыс басқарушысы лауазымымен билік құрыпты. Ескіше оқыған, қолы ашық, жоқ-жітік, жетім-жесірге көп көмектескен,  қазақтың талай белгілі тұлғаларымен, Қарқаралы орыс-қазақ мектебін басқарып, бала оқытып  жүрген құрдасы Ахмет Байтұрсыновпен бірін бірі қатты құрметтеп, жақын жүрген кісі екен. Ал одан төрт жас кіші інісі Жақып оқу соңына түскен екен. Жақып бастауыш білімді Қарқаралы қаласындағы қазақ интернатында алған. 1889 жылы Омбы гимназиясына қабылданып, онда жеті жыл оқығаннан кейін Томск қаласындағы гимназияға ауысқан да, соны 1898 жылы тамамдап, толық орта білім алуын аяқтаған.

Сол жылы  Императорлық Санкт-Петербург университетінің (ИСПУ) заң факультетіне түсіп, оны 1903 жылы 1-ші дәрежелі дипломмен бітіріп шыққан.  Қарқаралы өңіріндегі елге  сыйлы құрметті кісілердің бірі (Қарқаралыдағы «Көк төбелі үй» атанып елге әйгілі болған ғимараттың иесі) Халиулла Бекметевтің қызы Гүлбахорға үйленген.  Жоғары білім алып елге оралғаннан кейін Жақып Ақбайұлы 1903–1905 жылдары Омбы сот палатасының қызметкері (1904 жылдан палата хатшысы), 1905 жылдың тамыз айынан Омбы қаласы 2-ші учаскесінің мировой судьясы (төменгі инстанциядағы юристік органның қызметтерін атқаруға өкілеттілік берілген тұлға) болып істейді.

Бірінші орыс революциясы кезінде ол белсенді саяси көзқарасымен ерекшеленген. 1905 жылғы маусымда Қоянды жәрмеңкесінде қабылданған әйгілі Қарқаралы петициясын жазуға атсалысты. Дала өлкесінің генерал-губернаторы Н.Н. Сухотин басшылық еткен әкімшілік мәжілісінде қазақтарды заң шығару мекемесіне қатыстыруға болмайтыны жайында пікір қорытылғанда, Қарқаралы үйезі қазақтары атынан 1905 жылғы 22 шілдеде патшаға жіберілген қарсылық жеделхатының мәтінін жазды.  Революциялық қозғалыстарды басу ниетімен ІІ Николай 1917 жылғы 17 қазанда мемлекеттік тәртіпті жетілдіру жөніндегі манифесін жария етті. Жұртшылық «17 октябрь манифесі», «Бостандық манифесі» деп атап кеткен бұл құжатта самодержавиенің конституциялық монархия тұрпатына ауысатынына, елде маңызды демократиялық  бостандық бастаулары жүзеге асырылатынына кепілдік берілетіні көрсетілген болатын. Осыған орай Омбы қаласында да өтіп жатқан митингілер мен шерулерге Жақып Ақбайұлы белсене араласты, өкіметте қалыптасқан ескі тәжірибені сын садағына алып, жалынды сөздер сөйледі. Соның салдарынан 1905 жылғы қарашада қызметінен босатылды.

Оған мойымаған Жақып Ақбайұлы еліне қарай өзіндік насихаттық сапарға шығып, жол бойы – Павлодар қаласында, Баянауыл станицасында өткізілген жиналыстарда революцияшыл сөздер сөйлеп,  самодержавиелік режимді әр қырынан шенеді. 1905 жылғы 15 қарашада Қарқаралы үйездік кеңсесі ғимараты алдындағы алаңға жиналған қалың халықтың қатысуымен өткен митингіде императордың өзі қол қойған «Бостандық манифесінің» шындығын жасырған әкімшілік хақында сыни-әшкереге құрылған өткір сөз сөйледі.  Жандармерияның қатаң бақылауына алынған Жақып Ақбайұлы  ақыры 1906 жылғы 11 қаңтарда тұтқындалып, Семей түрмесіне жөнелтілді.

Сот оны Жетісу облысының Қапал үйезіне екі жылға жер аударды. Қапалда тұрған кезінде Жақып Ақбайұлы сонда  айдауда жүрген Көлбай Төгісовпен бірге отаршылдардан қиянат көрген қазақтардың мүдделерін сотта қорғап, әділ шешім шығарылуына ықпал етіп жүрген. Жалпы, саяси  қызметі үшін мемлекеттік қызметтен шығарылып, бірнеше рет жер аударылып, ұдайы полициялық бақылауда болғанымен, Жақып Ақбайұлы халық мүддесін көздеген қызметтерінен бастартпады.  Шаруа бстықтарының да, басқалардың да парақорлықтарын әшкереледі, адвокаттық жұмыстар  атқарды, қоғамдық-саяси және ғылыми тақырыптарда мақалалар жазып, баспасөзде жариялап тұрды. Патша өзінің 1908 жылғы 19 наурыздағы жарлығымен сенатор, граф К.К. Паленге Түркістан өлкесіне сенаторлық ревизия жасауды, анықталған жағдайлар негізінде өлкені басқаруды жақсарту жөнінде ұсыныстар  беруді тапсырған. Комиссия мүшелері 1908–1909 жылдары топ-топ боп облыстарда жұмыс істеген кезде, Жақып Ақбаев гр. Паленнің атына шағым-хат беріп, өзінің билік тарапынан жазықсыз жапа шегіп жүргенін айтумен қатар, озбыр әкімшілік қызметкерлерінің әдетке айналып кеткен зорлық-зомбылығы, парақорлығы мәселелерін де көтереді.

1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Жақып Ақбайұлы ұлттық қозғалысқа ерекше жігермен, белсенді түрде қатысты. Семей облысы қазақтарының 1917 жылғы 27 сәуірде ашылып, 7 мамырға дейін жүрген съезін даярлап, өткізуге белсене араласты. Съезд құрған облыстық қазақ атқару комитетінің мүшесі болды, сол қазақ комитетінің мәжілістеріне, шараларына атсалысып тұрды. 1917 жылғы шілдеде Орынборда өткен Бірінші Жалпықазақ съезінде ресейлік мемлекет құрылымын айқындауға тиіс Құрылтайшы Жиналыс депутаттығына кандидат ретінде ұсынылды. Желтоқсанда өткен Екінші Жалпықазақ съезінде құрылған Алаш автономиясы Үкіметінің мүшесі болып сайланды.

Ақбайұлы совет өкіметі орнағаннан кейін  Семей губревкомының заң бөлімінде қызмет атқарды. Губернияда  сот-тергеу учаскелерінің  құрылуына атсалысты. Семей халық сотында, адвокаттар алқасында, Қарқаралы үйездік халыққа білім беру бөлімінде әртүрлі қызметтер атқарды. Зерттеу жұмыстарымен шұғылданған. Оның қазақтың әдет-ғұрып заңдарын, соның ішінде отбасы-неке құқығын зерттеп, баспасөз бетінде осы мәселелер бойынша публицистикалық мақалалар жариялағаны мәлім. «Қазақстандағы семья-неке қатынастары»,  «Қазақтың шығу тегі туралы», т.б. ғылыми еңбектері шыққан. 1928–1930  жылдары Сырдария округтік адвокаттар алқасының мүшесі боп істеді.

Ұлт   қайраткерлеріне қарсы жүргізілген саяси науқан (алғашқы «Алаш ісі») барысында 1930 жылғы 14 қыркүйекте Жақып Ақбаев түрмеге жабылды.  1932 жылы Воронежге жер аударылды. Науқасы асқынуына байланысты ол жақтан 1934 жылы елге қайтарылып, 1934 жылғы 4 шілдеде Алматыда қайтыс болды. Саяси қуғын-сүргін жылдары Жақып Ақбаевтан басқа, оның  ағасы Ыбырай, немере інілері Абдулхамит, Мерғазы Ақбаевтар да жазықсыз репрессияланған. Тәуелсіздік жылдары оның өмірі мен қызметі ғылыми зерттеуге алынды, туған жерінде ескерткіш қойылды.

 

 

 

 

 

1937 жыл

 

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВ

 

Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті жетекшісі, «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов 1866 жылы 5 наурызда Қарқаралы өңірінде дүниеге келген. Жергілікті молданың қолынан сауат ашып,  Қарқаралы қаласындағы мектепте, Омбыдағы техникалық училищеде  білім алды.

Омбыда оқып жүрген жылдарында ол «Дала уәлаяты газетіне», орыс басылымдарына мақалалар жазып, публицистикалық қаламын ұштай бастайды. Училищені бітірген соң, 1890–1894 жылдары Әлихан Санкт-Петербургтегі Орман институтының экономика факультетінде білім алды.

Питерде оқыған кезеңінде озық қоғамдық-саяси ой үлгілерімен танысты. Студенттік толқуларға қатысып, күрес жолдарының алғашқы соқпақтарында шыңдалды. Ресей жандармериясы назарына алғаш рет сол шақтарда ілігіп, саяси сенімсіздер тізіміне енгізілді.

Оқу бітіргеннен кейін ол Омбыға оралып, сондағы орман шаруашылығы училищесіне оқытушы болып орналасады. Математика пәнінен сабақ береді. Одан түрлі  статистикалық басқармаларда, аймақты аралаған зерттеуші экспедицияларда  еңбек ете бастайды. Отар қамытын киген қазақ өміріндегі қайшылықтарды жіті ажыратып, баспасөзде өзіндік үнімен мәселелер көтеріп тұрады. 1896–1903 жылдары қазақ жер-су жағдайын зерттеуге келген Щербина экспедициясының жұмысына атсалысқан. 

Бөкейханов Бірінші орыс революциясы жылдары империядағы азаттық қозғалысы жағына батыл шығып, қазақтың ұлттық қозғалысының бастауында тұрған белсенді шоғыр ішінен көрінді. Ол 1905 жылғы маусымда Қоянды жәрмеңкесінде жұрт жаппай қол қойған петицияны ұйымдастырушылардың басында болды. Ал сол жылдың қарашасында Мәскеуде өткен земство және қала қайраткерлерінің съезіне қатысып, қазақ халқының жоғын жоқтап сөз сөйледі. Сол шамада – елге бостандық берудің алғышарттарын уәде еткен 1905 жылғы 17 қарашадағы патша манифесі дүниеге келген тұста ұйысқан конституцияшыл-демократтар партиясының қазақ бөлімшесін ашу хақында ұлт зиялылары Орал қаласында өткізген басқосуға қатысты. Одан көп ұзамай, кадеттер партиясының 1906 жылғы қаңтарда Питерде өтпек құрылтайына шақыру алды. Алайда оны, Семей облысы қазақтарының жиналысына бара жатқан жолында, патшалықтың әкімшілік орындары еш себепсіз тұтқындап, Павлодар түрмесіне қамап қойды. Содан, ешқандай айып тақпастан, I Мемлекеттік думаға депутат сайлау науқаны басталғанша, абақтыда ұстады.

Әлекең Семей облысы қазақтары атынан Думаға депутат болып сайланып, астанаға келгенінде, жұмысында тым солшыл бағыт көрсеткен Мемдуманы тарқату жөніндегі патша пәрмені шыққан-ды. Бұған  наразы Дума мүшелерінің бірқатары Выборг қаласына жиналып, халықты империя үкіметіне пассивті қарсылық жасауға шақырды.  Сонау әйгілі үндеуге кадеттер, трудовиктер, мұсылман фракциясы мүшелерімен бірге Әлихан Бөкейханов та қол қойды. Сонысы үшін өзгелер қатарында сотқа тартылды. Жазасын 1908 жылы Семей түрмесіне жатып өтеді.

Отарланған қазақ елінің монарх биліктен кетпейінше азаттық ала алмайтынына Әлиханның көзі әбден жетті. Сондықтан да сол кездегі ең солшыл Халық бостандығы (кадеттер) партиясына мүше болды.  1908 жылы түрмеден шығып Санкт-Петербургке келгенінде, түпкі мақсаттары Ресейдегі самодержавиені құлату болып табылатын құпия ұйымға – алғашқы революция жылдары Петербургте ұйысқан «Темірқазық» («Полярная звезда») масондар ложасына мүше боп кірді. Түрмеден  босатылысымен  ол Қазақ елінен де аласталған болатын.  1908–1917  жылдары  Самарада  тұрып,   Дон  банкінің  қызметкері ретінде жұмыс істеді. Сонда бірер жыл социалист-революционерлер ұйымы құрамында болды. Сосын эсерлерден кетіп,  1912 жылдан конституцияшыл-демократтар  партиясының  Самара облыстық комитетінің төрағасы, ал 1917 жылы кадеттер партиясы Орталық комитетінің мүшелігіне сайланды. Ол 1913 жылдан ұлт-азаттық қозғалысының үні іспеттенген «Қазақ» газетін шығарушылардың рухани жетекшісі әрі газеттің тұрақты авторы болған-ды.

Әлихан Нұрмұхамедұлының орыс демократиясы істеріне белсене араласуы 1916–1917 жылдары батыс майдан аймағына орналасқан «Земгор» одағы комитетінде соғыстың қара жұмысына алынған бұратаналар арасында жұмыс істейтін Тегі өзгелер бөлімін ашуына мүмкіндік туғызды. Патша тақтан құлап, билікке негізінен кадеттер, іштерінде құпия масондық ұйымның мүшелері де бар демократ-революционерлер көтерілген. Солардың қамқорлығымен  Әлихан Бөкейханов 1917 жылғы көктемде Ресей Уақытша үкіметінің Торғай облыстық комиссары болып тағайындалды.

Сол шақта ол белгілі бір дәрежеде көзқарас эволюциясын бастан кешті.  Әуелі  кадеттер ұстанымына сай, Ресейде біртұтас демократиялық республика құру жағында жүрді. Кадеттер алғашқы Уақытша үкімет  құрамынан кетуге мәжбүр болған шақта қазақ елінің автономиялық басқаруға жету жолын көбірек ойлай бастады. 1917 жылы күзге салым Сібір автономияшыларының Томда өткен съезіне қазақ делегациясын бастап барып, Қазақ елінің Сібір автономиясының құрамында болуын қалады. Одан, күзде, Алаш партиясын құруға кірісті, партияның бағдарламасын жасаған топқа басшылық етті. Желтоқсан айында Орынборда өткен ІІ Жалпықазақ съезін шақырушылардың басында тұрды. Съезде 1917 жылғы 12 (25) желтоқсанда «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің төрағасы болып сайланды. 

Кеңес өкіметі орнап, алашордашыларға кешірім жариялағаннан кейін, 1920 жылы Қазақ АКСР Жер өңдеу халық комиссариатының техникалық қызметкері, 1922 жылы Мәскеудегі КСРО халықтары орталық баспасы қазақ бөлімінің әдеби қызметкері, 1926–1927 жылдары Ресей Ғылым академиясының ғылыми қызметкері боп істеді.

Әлихан Бөкейханов 1896 жылдан Ресей императорлық география қоғамы Батыс-Сібір бөлімінің мүшесі болып, 1901 жылы оның басқару комитетіне сайланған-ды. Әлекеңнің  «Қазақ өлкесінің тарихи тағдырлары және оның мәдени табыстары» («Исторические судьбы Киргизского края и культурные его успехи») атты алғашқы еңбегі 1903 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген «Россия. Полное географическое описание нашего отечества» деген көптомдықтың 17-ші томына енген болатын. Шығармада қазақ өлкесінің тас дәуірінен бергі және соңғы ғасырлардағы тарихы сипатталған. 1910 жылы шыққан «Қазіргі заманғы мемлекеттердегі ұлттық қозғалыстың түрлері» («Формы национального движения в современных государствах») атты жинаққа Бөкейхановтың «Қазақтар» («Киргизы») деген еңбегі шыққан. Мұнда оның отаршылдық саясатқа көзқарасы, қазақ ішіндегі азаттық қозғалысының бағыттары ашып көрсетіледі.

Сондай-ақ, Әлекеңнің осы еңбегінде «киргиз» аталып жүрген халықтың өзін «қазақ» дейтіні, оны орыс транскрипциясымен «казах» деп  жазу арқылы атаудың түпнұсқалық дыбысталуын біршама дәл беруге болатыны тұңғыш рет айтылады. Баршамызға мәлім, қазақ атауын орыс әріптерімен бұлайша транскрипциялау 1936 жылғы сталиндік конституциядан кейін қолданыла бастады. Халықты «киргиз» деп атауды ресми түрде «қазаққа» алмастыру Кеңестердің 1925 жылғы сәуірде өткен  Ақмешіт  съезінде Сұлтанбек Қожановтың ұсынысымен жүзеге асқаны мәлім. Бірақ онда  «қазақ» («Қазақ республикасы») – «казак» («Казакская республика») деп таңбаланған еді...

Әлекең қазақ мемлекетінің пайда болуының тарихи кезеңдерін, даму заңдылықтарын да терең зерттеп, Ресей императорлық география қоғамы Батыс-Сібір бөліміне қарасты Семей бөлімшесінің басылымдарында әр жылдары ғылыми жарияланымдар шығарған. Оның жер-су, шаруашылық жайындағы ғылыми мақалалары Санкт-Петербургтегі «Сибирские вопросы», «Биржевые ведомости», «Новая жизнь»  секілді басылымдарда жиі шығып тұрған. Омбыдағы орысша, қазақша газеттерге автор болуы өз алдына, ол сондағы бірнеше орыс тілді басылымға өзі редактор болған.

Әлихан Нұрмұхамедұлы қазақтың ауыз әдебиеті туындыларын жинауға көп күш салды. 1905 жылы ұлы Абайды орыс оқырмандарына таныстырып, тұңғыш абайтанушы да болды. Абай шығармаларын жаңа заманның тынысы, қалыптасып келе жатқан қазақ ұлттық әдебиетінің  басы  деп  бағалады.  Абайдың өлеңдері мен нақыл сөздерін

жинақтауға атсалысты. Абайдың өлеңдері жинағының Санкт-Петербургтегі Ильяс Борағанлы баспасынан 1909 жылы басылып шығуына жәрдем етті. Кенесары хан  бастаған ұлт-азаттық көтерілісі тақырыбына зерттеу жазған, сол тақырыпқа арнайы дайындаған кітапшасы кеңес өкіметі тұсында 1923 жылы Ташкентте шыққан болатын.

Бөкейхановтың әдеби мұрасының көлемді бөлігі көркем аудармадан тұрады. Ол  орыс  жазушылары Л.Толстой, А.Чехов, В.Короленко, Д.Мамин-Сибиряктармен қатар, Еуропаның қаламгерлерін, сондай-ақ, үнді, түркі тектес халықтардың әдеби шығармаларын қазақ тіліне тәржімәлаған.  Көркем аудармаларының басым көпшілігін 20–30-шы жылдар аралығында, КСРО халықтары орталық баспасындағы Қазақ секциясының әдеби қызметкері болып қызмет істеп жүрген кезінде жасаған.

Ұлт мүддесі жолындағы күресінде Бөкейханов ұдайы қуғын көрумен болды. Жоғарыда атап айтқанымыздай, патша өкіметі тұсында ол 1906 жылдың басында Павлодар маңында алғаш рет түрмеге қамалды. Сол жылғы жазда І Мемлекеттік дума мүшелерінің әйгілі Выборг үндеуіне қол қойғаны үшін Санкт-Петербург сот палатасының үкімімен сотталып, түрме жазасын 1908 жылы Семейде өтеді. Ал 1922 жылы оны сенімсіз адам ретінде Қазақстан большевиктері абақтыға жапты. Сонда Мәскеуге, Ұлт істері жөніндегі халық комиссары Сталинге Ташкенттен Түркістан Орталық Аткомы төрағасының орынбасары Сұлтанбек Қожанов пен Түркістан Халкомкеңесі төрағасы Рысқұлов  мынандай жеделхат салған болатын: «Қазреспублика өкіметінің жарлығымен 14 қазанда Қарқаралыда Әлихан Бөкейханов тұтқынға алынды. Алашордашыларға амнистия жарияланған декретті еске ала отырып, Советтің жергілікті  қазақ халқы бұқарасымен байланысының әлсіздігін және Қазақия Советтерінің соңғы съезі жұмысының нәтижесінде орнаған ахуалды, сондай-ақ бұл оқиғаның қазақ халқы бұқарасына қолайсыз әсер етуі ықтималдығын ескере келе, Сізден осы іске араласуыңызды өтіну қажет деп есептейміз, негізі жоқ болған жағдайда Бөкейханов абақтыдан шапшаң босатылсын».

Осы жеделхаттан соң Сталин Әлихан Нұрмұхамедұлының Қарқаралы түрмесінен босануына,  одан Мәскеуге аттануына, сосын астана төрінен пәтер алуына көмектескен тәрізді. Жалпы, бірер жылда «халықтар әкесі» атанған күн көсем Иосиф Сталиннің  «қамқорлығы» арқасында Әлихан Бөкейханов он жеті жыл бойы Қазақ еліне қайтарылмай, «үлкен террор» құрбаны болғанға дейін сонда (Үлкен Кисловский шолақ көшесі, 4-үй, 15-пәтерде) тұрды.

Жоғарыда аталған телеграмма мәтінін Қазақстандағы «жарты құдай» Филипп Голощекин «ұлтшылдарды» ауыздықтап ұстап отыру ісінде кеңінен пайдаланды. Ұлтшыл Бөкейхановқа 1922 жылы совет коммунистері – Түратком төрағасының орынбасары және Түркістан халық комиссарлары кеңесінің төрағасы болған Қожанов пен Рысқұловтың араша түсуге әркекеттенуі олардың, сондай-ақ соларға еліктейтін қазақ коммунистерінің түгелімен  ұлтшылдық дертімен ауырғанын көрсетеді-міс...

Бөкейханов бастаған азаттық күрескерлері қазақ халқы империяның темір құрсауынан азат болғаннан кейін тұңғыш құрған ұлттық мемлекеті екі жылдай ғана өмір сүргенімен, ғұмыры бойында сол кезгі саясат ыңғайымен қилы қиын-қыстау кезеңдерді бастан кешіп, ақыры тарих сахнасынан ығысқанымен, халық санасынан өшкен жоқ. Алаш идеясының жасампаздығы қазақтың большевизм туы астына шыққан советтік қайраткерлерін де жігерлендіріп, қазақ елінде социалистік ұлттық республика құру үшін күрес жүргізуге жетеледі. Бұл идея бүгінгі тәуелсіз мемлекетімізде де өзекті. Қазіргі таңдағы жаңа тұрпатты күрескерлерге қазақ айналасына елдегі өзге халықтардың өкілдерін топтастыра отырып, мықты саяси ұлт ретінде мемлекетімізді мәңгілік елге айналдыру бағдарламасын жүзеге асыруда нәрлі тамыр қызметін атқаратыны кәміл.

Бұл орайда автономдық Алаш (Қазақ) Ордасының бірінші әм соңғы жетекшісі  Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың өмір жолын біліп жүрудің де мол рухани азық беретіні анық. Біз оның 20-шы ғасыр басында заманауи өркениетке сай туып, дамыған ұлт-азаттық қозғалыс басында өткерген жолына шамалы шолу жасадық. Кеңес өкіметі оны мемлекеттік құрылыс ісіне араластырмады, қазақ елінен оқшаулап, Мәскеуде ұстады. Сонда да  Бөкейханов өзінің білім-білігін қайткенде ел қызметіне қою жолынан айныған жоқ.

1923 жылы өзінен ақыл сұрап хат жазған жас қайраткер Дінше Әділұлына: «...Не балаларға сабақ беріп, не жорналға, газетке мақала жазып Алашқа қызмет қылмасақ, не қазақ тілінде кітап жазбасақ, өзге жол бізге бөгеулі ғой!» – деп жауап берген еді.  Өзіне шектеулі мүмкіндік берілген жолда ол, өзінің осы ақыл-кеңесіне сәйкес, халқына мейлінше пайдалы болуға тырысты.

Мәскеуде 1922 жылы Нәзір Төреқұлов іргесін қалап, басқарып тұрған  Орталық Шығыс баспасында (1924 жылдан оған Орталық Батыс баспасы біріктіріліп, КСРО халықтарының Орталық баспасы атанған) қазақ бөлімінің меңгерушісі болды. Маркс, Ленин шығармаларын, марксистік әдебиеттерді, орыс классиктерінің әдеби шығармаларын қазақ тіліне аударумен шұғылданды, қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін зерттеді, ғылыммен айналысты, баспа ішінен ашылған «Темірқазық» журналына шаруашылық, оқу-білім мәселелері бойынша мақалалар жариялап тұрды. Мәскеудегі орталық комиссариаттар мен ғылыми мекемелер қызметкерлеріне сұрауларына орай Қазақстанның экономикасы жөнінде кеңестер беріп тұрды. Өзі де Қазақ республикасына ғылыми экспедиялармен келіп жүрді.

Бірақ сол кезгі большевиктік солақай саясат оның туған еліне толық мәнінде қызмет етуіне мүмкіндік бермеді. Ақыры 1937 жылы өріс алған «Үлкен террордың» құрбаны етті...

 Көп жыл үй қамағында болып, ақыры, «үлкен террор» науқаны басталғанда Әлихан Нұрмұхамедұлы қайта ұсталды. Оның кеңестік тергеуші-жендеттерге берген жауабындағы: «Кеңес өкіметін ұнатпадым, бірақ мойындадым», – деген жүрекжарды сөзі бүгінде көпке мәлім. 1937 жылғы 27 қыркүйекте атылды. Сүйегі Мәскеу зираттарының біріндегі репрессия құрбандары көмілген қорымда. Тәуелсіздік жылдары бауырластар бейіті басына бәріне ортақ бір құлпытас қойылған.

2015 жылғы 2–18 қарашада Парижде өткен Біріккен Ұлттар Ұйымының оқу, ғылым және мәдениет жөніндегі мамандандырылған мекемесі Бас конференциясының 38-ші сессиясы мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Әлихан Бөкейханның туғанына 150 жыл толуына арналған мерекелік іс-шараларға  қатысатыны жайында  шешім қабылдады. Содан қазақтың ардақты перзенті, «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің төрағасы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойы беделді халықаралық ұйым ЮНЕСКО аясында кеңінен атап өтілді.

 

    (Жалғасы бар)

 

Бейбіт Қойшыбаев,    белгілі тарихшы, ғалым – жазушы

 

Aqsaqaldar.kz

 

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер