«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Бейбіт Қойшыбаев: АЗАТТЫҚ ҚҰРБАНДАРЫ
Бейбіт Қойшыбаев: АЗАТТЫҚ ҚҰРБАНДАРЫ
Дайындаған: 2 ай бұрын

      (Саяси репрессияға ұшыраған азаматтар туралы кітап)           

 

                                           ЖАНША ДОСМҰХАМЕДОВ

 

Ұлт-азаттық қозғалысының, Алаш автономиясының аса ірі қайраткерлерінің бірі Жанша (Жаhанша, Жаhаншаh) Досмұхамедов патша өкіметі тұсында бұратанадан шығып Россия империясы округының орынбасар-прокуроры (прокурорының жолдасы) дәрежесіне дейін көтерілген-ді.  Тиісінше – юстиция (әділет) генералы мәртебесіне жетті. Уақытша үкімет тұсында шақырылған Бүкілресей мұсылман съезінде мұсылмандар одағы атқару комитеті төрағасының орынбасары лауазымына сайланды. Ресей Республикасы Уақытша кеңесінің – Предпарламентінің мүшесі болды.  Большевизм төңкерісінен кейін өткен Екінші Жалпықазақ съезінде «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің мүшесі, Орал облысы қазақтарының Үшінші съезінде «Ойыл уәлаяты» үкіметінің (кейінірек – Батыс Алаш-Орданың) төрағасы лауазымдарына сайланды. Сонымен, Екінші Жалпықазақ съезінің шешімдері сол кезгі шиеленіскен саяси ахуалға байланысты жүзеге асырыла алмай тұрған уақытта – 1918 жылғы мамырда  қазақ елінің бір пұшпағында тұңғыш шаңырақ көтерген бірінші тәуелсіз аймақтық ұлт мемлекеті үкіметінің басшысы болды. Республикалық режимде жұмыс атқарған аталған автономиялық дербес құрылым (1918 жылғы қыркүйектен – «Алаш-Орданың» Батыс бөлімшесі, Батыс Алаш-Орда) Жанша Досмұхамедұлының басқаруымен екі жылдай өмір сүрді. 

Ол 1887 жылы патша кезіндегі Орал округінің Жымпиты ауданында, шаруасы орташа малшы шаңырағында туып-өскен. Әуелі  Бұлдыртыда ауыл молдасынан  мұсылманша сауат ашып, одан Жымпиты қалашығындағы орыс-қазақ мектебі мен Орал реальды училищесінде білім  алды. Оқуға қабілеттілігімен  көзге түскен.  Сондықтан  да  жоғары мектепте облыстық басқарма қаржысымен оқу құрметіне  ие болса керек.  Мәскеу университетінің заң факультетін 1910 жылы бітіріп келген жоғары білімді жас маман губернияның Орал облыстық басқармасында қызмет атқаруға тиіс еді, алайда оны губернатор бұл құқығынан айырады. Өйткені Жанша ішкі Ресейден қазақ жеріне шаруаларды жүйесіз қоныс аудартуға қарсылық білдіріп, «Уральский листок» газетіне бірнеше мақала шығарған болатын. Осы жылды ол өзінің қоғамдық-саяси қызметінің алғаш рет жұртшылық назарын аударған кезеңі ретінде санайтынын өмірбаянында атап көрсеткен.

Бұл кезде Жанша Досмұхамедұлы саяси көзқарасын қоғамдық   белсенділігі зор мазасыз да білімқұмар студенттік шақ қалыптастырған, туған еліне қызмет етуге құлшынған жиырма үш жасар жас заңгер-маман еді. Ол Сібірге кетті, сондағы сот мекемелерінде ақпан революциясына дейін қызмет атқарды. Адвокат болып, өзінің кәсіби іскерлігімен, адалдығымен,  әділдігімен, шешендігімен   көзге түсті. Сот қараған әлденеше қиын істе қорғаушы ретінде жеңіске жетіп, азаматтарға құқықтық жәрдем берудегі біліктілігімен беделі артты. 1914 жылы Том округтік соты Каин учаскесі прокурорының жолдасы (орынбасары) лауазымына тағайындалды. Өмірлік серігі болған Ольга (Янга) Константиновна  Колоссовскаямен  осында бас қосты. (Балдызы Надежда 1922  жылы көктемде Түркістан Республикасы Халкомкеңесінің төрағасы Тұрар Рысқұловқа тұрмысқа шыққан). Осында Ақпан революциясын қарсы алып,  буырқанған қоғамдық өмір толқынына қызу қойып кетті. Каин үйезі халқының  монархия құлағаннан соңғы бостандық арайында ұрандатқан жиналыстарының бел ортасында жүрді. Жұмысшы және солдат депутаттары кеңесі құрған  үйездік атқару комитеті төрағасының орынбасары болып сайланды. Одан бір айдай уақыт өте, қазақ революциялық ұйымдарынан шақыру алып, Орал қаласына қайтты.

1917 жылғы 19 көкекте Орал облысының барлық болыстарынан сайланып келген 800 делегаттың қатысуымен Орал қаласының цирк үйінде ашылып, төрт күн бойы өткен бірінші облыстық қазақ съезінің төрағасы Жаhанша Досмұхамедұлы болды. Оның ұсынуымен съезд алғашқы күні мемлекеттік басқарудың түрі туралы және уақытша үкімет пен соғысқа көзқарасты айқындау жайында мәселелер қарады. Съезде: «Монархизм – демократияны құлдықта ұстаудың символы, бір халықты екіншісіне айдап салудың қайнар көзі – мәңгі жойылуға тиіс», – деген тұжырым түйінделеді. Делегаттар: «Қазақ халқы демократиялық Республика идеясын қолдайды, ұлттық-территориялық федерация туралы мәселені әзірге ашық қалдырады», – деген шешімге келеді.  Сосын: «...қазақ халқы соғыстан басқа халықтармен бірдей зардап шегуде, оның ұлдары да отан қорғау үшін шақырып алынған; ...қазақ халқы бастан кешіп отырған ауыр экономикалық жағдайға қарамастан, съезд мынаны мойындайды: күллі әлем тыныштығына қауіп төндіріп тұрған герман милитаризмі жойылғанға шейін соғысу қажет; жұмысшы және солдат депутаттары кеңесі жария еткен жоғары адамгершілікті принципте, яғни аннекциясыз, контрибуциясыз бітім жасалуға тиіс, алайда бұл бітім қиратылған елдердің тәуелсіздігін қайта қалпына келтіру, ұсақ халықтарға өз тағдырын өзі айқындау хұқығын беру және артынша барша мемлекеттердің қарусыздануын ескеріп жасалуға керек», «қызметі жария етілген бағдарламасын жүзеге асыруға және демократия мүддесін қорғауға бағытталып тұрған шақта – уақытша үкіметке жан-жақты жәрдем көрсетілcін», – деген қарарлар қабылдайды. Қалған күндері съезд ішкі тыныс-тіршіліктің ағымдағы ахуалы мен болашағын қызу талқылап, маңызды қаулылар алды.

Жанша съезде Орал облыстық қазақ комитетінің төрағасы лауазымына таңдалды, Мәскеуде шақырылған бүкілресейлік мұсылмандар съезіне делегат болып сайланды. 21–28 шілдеде Орынборда өткен алғашқы күлліқазақ съезі Жаншаның Орал облысынан мұсылмандар құрылтайына делегаттығын қуаттап, Киевте өтпек федерацияшылдар съезіне де делегат етіп сайлады.

1917 жылғы мамырда Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылмандар съезінде Жанша Досмұхамедұлы бүкілресейлік «Шора-и-Ислам» комитеті (Исполнительный комитет мусулман, Икомус) төрағасының орынбасары лауазымына  сайланды. Одан кейін Жаhаншаh 1917 жылғы қыркүйекте Уақытша үкіметтің жанынан құрылған Россия республикасының Уақытша кеңесі – Предпарламентке мүше болып сайланады, құрылтай жиналысы туралы заң жасау жөніндегі ерекше мәжіліске – комиссия мүшелігіне енгізіледі.

Ол 1917 жылғы қараша айының ортасына дейін Петербургте тұрып, осы қызметтермен шұғылданған. Жанша – қазан төңкерісіне тікелей куә болған, буырқанып-толқыған Петербург оқиғаларын көзбен көріп, тікелей түйсінген саясаткер.

Екінші жалпықазақ съезінде (Орынбор, 5–13 (18–26) желтоқсан 1917 ж.) Жаhаншаh Досмұхамедов «Алаш-Орда» Халық Кеңесінің мүшесі болып сайланады. Алаш (Қазақ)  автономиясының Үкіметі (Алаштың Ордасы) тұрақты жұмыс істемекке  орнығу үшін құрылтай шешіміне сәйкес Алаш қаласына (Семей) көшетін болды.  «Бұл съездің артынша Орал қазақтарының екінші облыстық съезі шақырылды, – деп көрсетті Жанша ОГПУ тергеушісіне 1930 жылы. – Съезд мені жоғарыда көрсетілген аумақтағы «Алаш-Орда» билігін мойындау жөнінде РСФСР Халкомкеңесімен келіссөздер жүргізу үшін Мәскеу қаласына іссапарға жіберді». Орал облысы қазақтарының екінші съезі 1918 жылғы ақпанда өткен, Жаhаншаh Алаш автономиясының үкіметі  атынан Халкомкеңеспен алғашқы келіссөз жүргізу үшін құрамына Орал облыстық земство басшылары енген делегацияны бастап шықты. Досмұхамедов – совет үкіметімен «Алаш-Орда» Халық Кеңесі атынан алғашқы келіссөз жүргізген қайраткер. Мәскеуде ол Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы Халық Комиссарлары Кеңесіндегі бірқатар басшы қызметкерлерінің қолдауына ие болады. Тиісті орындарда қажетті баяндамалар жасап, тиісті құжаттарды тапсырады, кеңес типімен қайта құрылғанға дейін Алашорданың әдеттегі қызметін атқара беретіні жайында келіседі. 1918 жылғы 1 көкекте Халкомкеңес (Совнарком) Жайық сырты земстволарының қызметін жалғастыра беруіне пұрсат еткен қаулы шығарады. Делегация мүшесі, облземство басқармасының бастығы  Халел Досмұхамедовпен бірге Кіші Совнаркомда жұмыс істеп, Алаш-Орданы советтік рельске ауыстыру жобасын жасайды.

Қайтар жолда, 17 көкекте, делегацияны тоқтатқан Саратов совдепінің атқару комитеті мәжілісінде Жанша (Джиганша Дос-Мухамедов) бірнеше мәрте сөйлеп, Алашорданың кеңес жолына ауыстырылуының жобасын баян қылады. Орал облысы қазақтарына, земстволық және қоғамдық ұйымдарына, лауазымды адамдары мен барлық азаматтарына үндеу текстін жариялайды. Үндеу ұшақпен қазақтар тұратын аймақтарға тасталады. Онда Халкомкеңестің қазақ істері жөнінде комиссариат құруға, көп ұзатпай қазақ өлкесінің автономиясы туралы декрет шығаруға келісім бергенін айтып, халықты кеңес өкіметіне қарсы ешқандай әрекет жасамауға шақырады. «Естеріңізде болсын, қазақ бауырлар, сіздердің ұлттық тағдырларыңызды өздеріңіз айқындауға деген табиғи хұқықтарыңызды еңбекшілердің кеңес өкіметі тұңғыш рет ресми түрде мойындап отыр, орыс пролетариатының осынау саяси тектілік-кеңпейілдігін бағалай біліңіздер.  Күлліқазақтық  «Алашорда» Халық  Кеңесінің  мүшесі Дос-Мұхамедов», – деп аяқтайды ол үндеуін...

Орал қаласына келген соң оны казактардың Әскери үкіметі тұтқынға алады. Себеп – Жаншаның кеңес өкіметімен қарым-қатынас орнатып қайтқанында-тын. Алайда, ұзамай, Мәскеудің тек таптық негізде құрылған автономияларды танитыны Сталиннің баспасөзде басылған хаты арқылы мәлім болып, кімнің кім екенін нұсқап көрсеткендіктен, Жанша Досмұхамедұлы тұтқыннан босатылады. Ол серіктерімен Жымпитыға кетеді. Сонда кезекті облыстық съезді шақырады. 1918 жылғы 18–24 мамырда өткен Орал қазақтарының Жымпитыдағы съезі өзіндік Республика – Ойыл уәлаятын құрды. Уәлаятқа бес уезд енді: бұрынғы Орал үйезінің орнына Шыңғырлау, бұрынғы Ілбішіннің орнына Жымпиты, бұрынғы Гурьевтің орнына Сағыз, жаңадан Темір және Ойыл үйездері құрылып, уәлаят үкіметінің қаулы-қарарларына сәйкес, жұмысқа кірісті. Орыс офицерлерінің оқытуымен жігіттер әскери өнерге жаттықтырыла бастады. Ойыл  уәлаяты  үкіметінің төрағасы ретінде Жаhаншаh халық милициясын құру, әскери мектеп ашу, салық жинау жұмыстарын уәлаяттың басқару құрылымын ретке келтірумен қатар қолға алды.

1918 жылғы қыркүйектің 11-інде көктемде түзілген Ойыл уәлаяты негізінде Алаш-Орданың Батыс бөлімшесі құрылды. Бұған себеп болған – соғыс жағдайы, Алаш-Орданың орталық үкіметімен жедел байланыстың нашарлауы, Алаш автономиясының жалпақ территориясын басқаруды жетілдіру мүддесі еді. Жанша мен оның серіктері Халық Кеңесі алдына бұл мәселені табанды түрде қойып, төтенше жағдайларда немесе хабарласу мүмкіндігі болмай қалған кездерде Бөлімшенің Орталық Алашорда құқтарын пайдалана алатынына дейінгі пұрсат берілген шешімге қол жеткізеді.

Бұл тарихи құжат алаш қайраткерлерінің Бүкілроссиялық құрылтайшы жиналысқа мүше ретінде Уфада барып, сонда өткен мемлекеттік мәжіліске қатысқан уақыттарында қабылданған болатын. Алашорданың Батыс Бөлімшесіне Ойыл уәлаяты, Бөкей ордасы, Каспий сырты облысының Маңқыстау үйезі, Торғай облысының Ақтөбе және Қазақ үйездері қаратылды.

1919 жылдың соңына қарай Батыс Алашорда мен кеңес өкіметі арасында келіссөздер жүргізіледі, желтоқсан айында ақтардың Елек корпусын талқандау арқылы Жанша Досмұхамедұлы басқарған үкімет күллі билік құрылымымен, әскери жасағымен бірге кеңес өкіметі жағынан ашықтан ашық шығады. 1920 жылғы 11 қаңтарда Қазревком мен І-ші армия ревәскеркеңесінің (реввоенсовет) өкілдері қатысқан Алашорда Батыс бөлімшесінің мәжілісінде Алашорда мен Қазақ өлкесін басқару жөніндегі әскери-революциялық комитеттің бірігіп-қосылатыны туралы шешім қабылданады.

«1920 жылдың ақпан айының соңында Алашорда Батыс бөлімшесінің мүшелерімен бірге, Кирревкомның жазбаша ұсынысы бойынша Орынборға келдім, – деп жазады Жанша 1930 жылы өзінің ОГПУ тергеушісіне берген көрсетуінде. – Бізді Кирревком құрамына енгізілесіздер деп хабарлаған еді. Алайда, Орынборға келген соң, Кирревкомда, бізді телеграфпен ВЦИК Москваға шақыртып жатқанын айтты». Наурыздың 20-сына қарай олар Мәскеуге жетеді. Мұнда Досмұхамедұлы серіктерімен бірге Алашорда қызметі жайында баяндама жазып, бір-бір данасын «тікелей Ленин, Сталин, Троцкий жолдастарға» тапсырады. «Осыдан кейін, 3 шілдеде, ВЦИК біздер – алашордашылар жөнінде № 18 қаулы шығарды, онда біздердің Алашордадағы бұрынғы жұмысымыз үшін ешқандай қуғын-сүргінге түсірілмейтініміз және бізге кез келген кеңес, тіпті партия жұмысын істеуге мүмкіндік берілетіні туралы айтылды»...

Жанша Досмұхамедов кеңес мекемелеріндегі қызметін Мәскеуде Главтекстил инспекторы болып бастады. Осы орыннан 1920 жылғы қыркүйектің соңында Түркреспублика Орталық халық шаруашылығы кеңесінің бөлімін басқаруға жіберіледі. Қазанның ортасынан кіріскен бұл жұмысында бір айдай істегеннен соң Түркістан республикасы Орталық Атқару Комитеті қазақ бөлімінің хатшылығына тағайындалады. Одан кейін әділет халық комиссариатының кеңесшісі, юристік курстардың оқытушысы, халық комиссарлары кеңесінің заң шығару комиссиясының мүшесі, Орта Азия ауыл шаруашылығы банкінің юрисконсульті болып, 1927 жылға дейін Ташкентте тұрады.

Өзі қызмет атқарып жүрген үкімет мекемелерімен бірге 1927 жылдың қараша айында Қызылордаға, одан, астананың ауысуына орай Алматыға көшеді. 1930 жылғы ақпанда Мәскеуге ауысып, «Скотовод» басқармасында экономист болып істейді. Сол жылы күзде, алдағы қысқа әзірлік мәселесіне байланысты Қызылордаға командировкаға келгенінде, тұтқынға алынады. «Мен СССР-де совет өкіметін құлатуға қауқары жетер күш бар деп ешқашан ойыма алған емеспін, – дейді ол тергеушіге, – қазір де олай ойлай алмаймын. Ешқашан совет өкіметіне қарсы шыққан емеспін, міне қазір 10 жыл бойы өз мамандығым бойынша адал және лояльды түрде қызметімді атқарудамын». Мұнысы шын еді, бірақ бәрібір өзге әріптестерімен бірге репрессияланды. «Контреволюциялық қызметі үшін» «үштік» үкімімен  5 жылға Воронежге жер аударылды. 1938 жылғы 1 маусымда Мәскеуде төсек тартып жатқанында  қайта тұтқындалып, 1938 жылғы 16 шілдеде НКВД-нің Мәскеу облыстық басқармасы жанындағы «үштіктің» үкімімен ату жазасына кесілді. Осынау жазаның жоғарғы шарасы жайындағы үкім негіздемесінде Жанша Досмұхамедұлы «жер аударудан 1935 жылы Мәскеуге оралған бойда» «контрреволюциялық ұйым» мүшелерімен байланысын қалыпқа келтірді, «халық жауы Рысқұловпен тығыз байланыста болды» деп айыпталды. 1938 жылғы 3 тамызда «қазақ контрреволюциялық ұлтшыл ұйымы лидерлерінің бірі, «халық жауларымен» тығыз байланысты Джаганша Дос-Мухамедов»  Мәскеудегі Бутово полигонында атып тасталды. Содан – жеке басқа табыну әшкереленгеннен кейін орын алған әйгілі саяси «жылымық» жылдары – 1957 жылғы 2 желтоқсанда реабилитацияланды.

Әйтсе де, тұңғыш та соңғы аймақтық мемлекеттік құрылымның басшысы болған Жанша Досмұхамедұлының адал есімі еліне оңайшылықпен қайтарылмады. Уақытында оның атылғаны жайында ашық  айтылмаған-ды.  Хабар-ошарсыз  кетуін  отбасына  «хат жазысу хұқынан  айрылып он  жылға  жер  аударылды»  деп  түсіндірген. Зайыбының «жылымық» жылдарғы ізденісіне КСРО Бас прокуратурасы 1957 жылдың 25 мамырында «Жаһанша Досмұхамедов еңбекпен түзеу лагерінде жазасын өтеп жүргенінде 1942 жылғы 13 қарашада жүрек талмасынан қайтыс болған» деп хабарлаған-ды. Сол хабардан жарты жыл өткенде,  жоғарыдағы айтылғандай, 1957 жылғы 2 желтоқсанда Мәскеу қалалық сотының Төралқасы оны ақтады. Сот  Төралқасы 1938 жылғы 16 шілдедегі «үштік» үкімінің күшін жоя отырып,  Жанша  Досмұхамедұлының 20-шы жылдарғы «контрреволюциялық қызметі» үшін бұрын сотталып, жазасын 1930–1935 жылдары өтегенін, одан кейінгі «контрреволюциялық қызметі» хақында 1938 жылғы іс материалдарында ешқандай дерек жоқтығын атап айтты. Үлкен террордан жиырма жыл өткенде, Қазақ КСР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер бойынша арнайы комиссиясы 1958 жылғы 28 ақпандағы ұйғарымымен Жаһаншаһ Досмұхамедовті өзге де алашордашылармен бірге ақтап шықты. Алайда оның адал есімі қоғам өміріне қайтарыла қоймады. Тағы отыз жылдан кейін, 1988 жылғы 4 қарашада оны Қазақ КСР Жоғарғы соты басқа алашордашылар қатарында қайта ақтады. 

 

 

 

 

ЗИЯДА ӘБЕНОВ

 

Мәскеудегі Бүкілодақтық теміржол көлігі академиясының тыңдаушысы кезінде Үлкен террор құрбаны болған Зияда Әбенұлы Әбенов 1901 жылы Қарағанды облысының Ұлытау өңіріндегі көшпенді малшы отбасында дүниеге келген.  Зерттеушілер анықтаған деректерге қарағанда, арғы атасы әйгілі Ерден Сандыбайұлы екен (ел қорғаған батыр, көреген, шешен, саяси танымы жоғары, өзімен үзеңгілес ірі тұлғалармен сыйлас, орыс билеушілерімен де, ұлт-азаттық қозғалыс көсемі Кенесары ханмен де мәмілегерлікпен тіл табысып, жақсы қарым-қатынаста болған, Шоқан Уәлихановпен бірге аға сұлтан лауазымы үшін сайлауға түскен, он тоғыз жыл болыс басқарған, кесенесі Жошы хан кесенесі  маңында). Ерденнен –Есенкелді, одан – Қоржынбай, ал Қор­жынбайдың Әбен деген баласынан Зияда туған көрінеді, яғни ол Ерден Сандыбайұлының  тікелей ұрпағы, шөпшегі (төртінші буыны) болып келеді.

Сауатын Зияда ағылшын кәсіпкерлері қожалық еткен  мыс балқыту зауыты жұмысшыларының балалары үшін Қарсақпайда жұмыс істеп тұрған мектепте ашып, орысша хат таныған көрінеді. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін біраз уақыт милицияда қызмет етеді. Содан соң Зияда Әбенұлы Қызылжардағы кеңестік-партиялық мектепке (совпартшкол) қабылданады. Бұл мектепті бітіргеннен кейін кеңес мекемелерінде, партия ұйымдарында түрлі қызметтер атқарады. Ал 1927 жылы,  Түркістан–Сібір (Турксиб, Түрксіб) темір жол құрылысы салына бастағанда, сондағы құрылыс басында еңбек етіп жатқан жұ­мысшылардың мұң-мұқтажын қадағалап, туындаған мәселелерін шешіп тұру үшін кәсіпшілер одағын құрып, жұмысын ұйымдастыруға жіберіледі. Мұнда Зияда жұмысшыларды тиісті құрал-жабдықтармен жабдықтау, әлеуметтік-тұрмыстық сұраныстарына жедел көңіл бөлу,  ішіп-жейтін ас-сумен, киетін киім­мен,  жататын ыңғайлы орындармен қамтамасыз ету, денсаулықтарына қарап, қажет ем-дом шараларын қолжетімді ету секілді жұмыстарды құрылыс басшылығымен бірге уақтылы шешуге тырысып, тыным таппай еңбек етеді.

Еңбегі еленгендіктен, 1930 жылы Зия­да Әбенов Мәскеуге оқуға жіберіледі. Сондағы теміржол қызметкерлері кәсіподағы орталық комитетінің алты айлық білім жетілдіру курсында оқиды. Курсты бітіріп оралғаннан кейін бұрынғы қызметін жалғастыра береді. Кәсіподақ мүшелері арасында адал да әділ қызетімен кең танылып,  басшы орындардың да сеніміне ие болғандықтан, 1935 жылы Түркістан–Сібір темір жолы кәсіп­ода­ғының төрағасы болып сайланады. Совет мемлекетінің қалыптасып, қаз тұру дәуіріндегі көрнекті тұлғалар – КСРО Қатынас жолдары халық комиссары Л. Каганович, Түрксіб теміржолшылары кәсіподағының Орталық комитеті ұйымдастыру бюросының төрағасы Ф. Рузаев секілді қайраткерлердің басшылығымен  Түрксіб жол кәсіподағының төрағасы ретінде жемісті жұмыстар атқарады.  Осы лауазымымен білікті маман теміржолшыға тән тиісті міндетін атқарып жүргенінде, жол қызметіндегі кәсіби инженерлік мамандық алу мақсатымен, 1937 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық теміржол көлігі акаде­миясына оқуға түседі. Бірақ бұл жоғары оқуды бітіру оның маңдайына жазылмаған болып шықты...

1938 жылғы 25 қыркүйекте Сталин, Молотов, Каганович, Ворошилов «за» деп қол қойып бекіткен КСР Одағы Жоғарғы сотының Әскер алқасы соттауға тиіс тізімнің басында бірінші категорияға (яғни атылуға) жататындардың  (21 адам) біріншісі болып Зияда Әбенұлы Әбеновтің аты-жөні жазылған. КСРО Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) Зияда Әбеновті № 3523 ордеріне сәйкес,  Мәскеуде 1938 жылдың 10 маусымында ұстайды. Үш айдан кейін, 1938 жылғы 27 қыркүйекте, антисоветтік террорлық ұйымға қатысқан деген айыппен, Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасы (РСФСР) Қылмыстық кодексі 58-ші бабының 2, 8, 9, 11 тармақтарына сәйкес, КСРО Жоғарғы сотының Әскери алқасы оны ату жазасына кесуге үкі­м етеді. Үкім сол күні орын­далып, атылған Әбеновтің мәйіті Мәскеу облысының Ком­мунарка поселкесіндегі зиратқа көмілген.

 

Билеуші партияның ХХ съезінен кейін, 1958 жылғы 10 мамырда, жиырма жыл ілгеріде атуға үкім шығарған Жоғарғы соттың Әскери алқасы Зияда Әбенұлы Әбеновтің ісін қайта қарап, қылмыс құрамы жоқ болғандықтан, толық ақтайды.

(Жалғасы бар)

 

Бейбіт Қойшыбаев,    белгілі тарихшы, ғалым – жазушы

 

Aqsaqaldar.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер