Аты жөні | Статус | Лауазымы | Э-почта | Телефон |
Алдамжаров Ғазиз | Қоғам қайраткері, саясаткер | Алқа төрағасы | ||
Дүйсембі Болат | Қоғам қайраткері, ақын, публицист | Алқа төрағасының орынбасары | ||
Қойшыбаев Бейбіт | Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы | Алқа төрағасының орынбасары | ||
Бәкірұлы Әбдірашит | Қоғам қайраткері, философ-публицист | Алқа мүшесі | ||
Аңсатов Сәдуақас | Саясаттанушы | Алқа мүшесі | ||
Шаяхмет Ақылбек | Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі | Алқа мүшесі | ||
Арман Қани | Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері | Алқа мүшесі |
![]() |
(USD) | //-// | ![]() |
(EUR) | //-// |
![]() |
(RUB) | //-// | ![]() |
(CNY) | //-// |
САЙТТЫҢ РЕДАКЦИЯЛЫҚ АЛҚАСЫ
![]() |
|
Үш қиян мен үш таған
Дайындаған: 3 апта бұрын
![]() Адыра қалғыр, Үш қиян Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, әйгілі ақын Мұрат Мөңкеұлының шығармаларын зерттеп-зерделеу барысында оның мұрасына тән белгілі бір ерекшеліктерді анық аңғарамыз. Мәселен, ақынның барлық дерлік жыр-толғауларына туған өлкесінің елдімекендері, жотасы мен жартасы, сайы мен жазығы, өзені мен көлі, қыраты мен құдығы арқау болған. Бұл турасында Хамит Ерғалиев: «Мұрат керемет топограф, географ, геолог іспетті. Ол Маңғыстаудан мұнай шығатынын да айтқан», – дейді. Сонымен қатар жыр жүйрігі қатысқан айтыстардың бәрі Мұраттың жеңуімен аяқталады. Соңғы сөзді ақынның өзі айтады. Тағы бір ерекшелігі, ол өз өлеңдерінде Махамбет ақынның өршіл рухын жалғастырып, қайраткерлік биіктен көрінеді. Сол Махамбет ақынның жырлары ел-жұртқа Мұрат арқылы жеткені баршаға мәлім. Ақын мұрасын жан-жақты саралаған сәтте оның шығармашылығында «үш» санымен өрнектелген тіркестер жеткілікті екенін бірден байқайсың. Мұрат Мөңкеұлының басты шығармасы – атақты «Үш қиян» толғауы десек, мұнда туған жер ұғымы үштағандық тұтастық («Еділдің бойы – қанды қиян, Жайықтың бойы – майлы қиян, Маңғыстаудың бойы – шаңды қиян») арқылы аңғартылады. Ол ел мен жердің ахуалына үш тұғырдың үйлесімі арқылы зер салады. Ақын айтар ойын осы үштіктің бірлігіне орайластыруға бейім тұрады. Мысалы: – Адыра қалғыр, Үш қиян, Үш қиянның ара бойынан, Жеті жұрт кетіп жол салған, – деп толғап, уақыт пен кеңістіктің арпалысындағы талай оқиғаларға куә болған батыс өңіріндегі әйгілі үш мекенді үштағандық үрдіс тұрғысынан танытады. Үш бидің үлгісіне, үш жүздің бірлігіне лайықталған қазақ тұрмысы ақынның санасына әбден сіңген сыңайлы. Сондықтан ол өмірдің қай құбылысын да «үш» саны арқылы зерделеуге бейім. Мұраттың үйлесімді «үштіктері» осы «Үш қиянның» ішінен де көптеп табылады. «Адыра қалғыр, Үш қиян, Қол ұстасып жүрген жер» деп үлкен үштіктің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, зар илеген Мұрат жалпыдан жалқыға қарай ойысып, майлы қиянға (негізгі мәтінде мұнайлы өлке кейде «шаңды қиян» делінеді) тоқталғанда «Маңғыстаудың үш түбек, Үш жүз алпыс әулие» немесе «Маңғыстаудың үш түбек, Оны-дағы алғаны» деп тағы да үйреншікті ұғымына сүйенеді. Ақын өзгеге қимайтын байырғы жер-су аттарын атап, жыр төккен сәтте де өз дәстүрінен айнымайды. Қанды қиын, шаңды қиян, майлы қиянды немесе Еділ, Жайық, Ойылды даралап алатыны секілді дәстүрлі жыр үлгісімен оларды да үшеуден топтап, елдің жадына жаттатады: – Өлеңтінің аяғы, Шідертінің қоспасы, Аңқатының басы – тас оба. * * * Аққұмдының сағасы, Есенбайдың құмасы, Қос Қобданың арғысы. «Ақтөбе, Бозан – данды су, Үш өзен, Самар – жанды су» деп өзендер өрнектелген өлкені жырлаған Мұрат «Үш қияндағы» кейбір адам аттарын да үшеуден топтайды. «Асан Қайғы, Қазтуған, Орақ, Мамай, Телағыс, Шораның шұбап кеткен жер» немесе «Қазақтағы Қалқаман, Ноғайдағы Мүлкаман, Еламан деген биінен» деп термелетіп, игі жақсылардың текті тұлғасын ел мен жер тағдырымен тығыз байланыстырады. Үш бұлдыр тау, маң дала Ақынның үш қиян туралы толғамдары «Сарыарқа» толғауында да жалғасады. Мұраттың танымындағы үштік бұл шығарманың қай тұсынан да айқын аңғарылады. «Үш қиянмен» тақырыптық-мазмұндық тұрғыдан сабақтасып тұратын «Сарыарқа» кейде алдыңғы шығарманың мақсат-мұратын егжей-тегжейлі түсіндіретін қосымша толғау секілді әсер қалдырады. Он бір буынды өлең үлгісімен той бастау жыры түрінде айтылған «Сарыарқада» жеті-сегіз буынды жыр ағыны сипатындағы «Үш қиянның» рухы берік сақталған. Сондықтан бұл толғауда «Үш қиян» ұғымы бірнеше рет тілге тиек болады: – Ойды алды үш Оймауыт, тоғыз тарау, Кең қоныс мұсылманға қалынбады. Үш қиян – жеті жұртты тоздырған жер, Жер үшін қайыры жоқ тарылмалы. Бұл жерге сонан қайтып қазақ қонған, Әдіре талай жұртқа азап болған. Бас қосып Кіші жүздің ақсақалы Бойынан Үш қиянның қарап қонған. Ел тағдыры арқау болған сол «Сарыарқада» тек «Үш қиян» атауы ғана дәріптелмейді, «үш» санымен өрнектелетін басқа ұғымдар да жиі қолданылады. Мәселен, ол көшіп-қонған жұртты санамалап жырлайтын тұста «Мақтанса үш алшынның салмағындай, Сырттағы тілеу, қабақ, қалың шекті» деп үштағандық үйлесімге тағы да жүгінеді. Мұраттың үштағаны қалың елге белгілі осы екі толғауынан ғана емес, басқа шығармаларынан да айқын танылады. Кәне, саралап көрейік. «Жанарыстан, Үшқамыс, Алшағыр ханның қонысы ед!» («Әттең, бір қапы дүние-ай!»), «Балуан, байлық, батырлық, Үшеуі қолдан келмей жүр» («Топқа түскендегі толғауы»), «Басында әулиенің үш күн түнеп, Бір тілек алған екен Алладан да» («Бегалыға айтқаны»), «Қу төңкерсе аспаннан, Үш түлеген баппенен» («Жалғаншы фәни жалғанды»), «Бір таңға үш шошынған ата-бабаң, Астана, қарындастың қамын ойлап» («Оқудан қайтқан жігітке»), «Қара қазан, сары бала, Үш бұлдыр тау, маң дала» («Қарасай-Қази»)… Соған орай, Хамит Ерғалиев ақын шығармаларын тақырыптық-мазмұндық тұрғыдан талдай келе, «Балуандық, батырлық, байлық, осы үшеуіне аса мән бере толғайды» деп ой түйеді. Ол сөйтіп, ақын термелеріне өзек болған үш арнаны айқындап көрсетеді. Шекелігі үш елі Ақынның үштағандық ұстанымы «Байұлы Байбақты Ғұмар Қазы ұғлына Мұрат ақынның айтқаны» деп аталатын өлеңде көбірек байқалады. Ғұмар – қазаққа танымал Сырым батырдың немересі. Ғұмардың әкесі – Қазы. Шайыр Ғұмардың абырой-беделін асырып, келістіре мақтаған кезде де «үш» саны ойына жиі оралады. Түрлі теңеулері мен сырлы сипаттамалары сол үйреншікті үштіктің төңірегінен ұзамайды. «Баласын үш ананың шырқ үйірдің, Сүлеймен уақытында дәуге мінген», «Күлгенің – қоңыр салқын, қысқаның – қыс, Қаңтардың үш ай тоқсан қысымындай», «Ақылмен үш ананың басын қостың, Құдайым дәрежеңді артық жасап», «Дәм қосты тәңір айдап бізіңменен, Үш ана бірігіп тұр сізіңменен» деп термелетіп жыр төгеді. Мұрат Мөңкеұлының «Жалғаншы фәни жалғанды» атты термесінде назар аударарлық ерекше тіркес бар. Ол Махамбет жырларында кездесетін «Еңселігі екі елі, Егіз қоян шекелі» деген жолдарға «Шекелігі үш елі» деп қосады. Бұл – Мұрат поэзиясындағы жақұттың бірі. Осыған орай, ілгеріде бізге сұхбат берген Хамит Ерғалиев: «Әсіресе, Мұрат жылқыны керемет жырлайды. Арғымақ аттың нағыз бейнесін суреттейді… Атты әскерде кавалерист болдым. Сондықтан мұның жай-жапсарын жақсы білемін», – деген-ді. Мұраттың айтыстары да «үштіктен» кенде емес. Мысалы, таз руының атақты ақыны Бала Оразбен сөз сайысына түскенде оған «Үш арыс таздың баласы, Соларыңның өлгенін, Қолыңнан бар ма көмгенің» деп шүйлігеді. Ал кете Жаскелең ақынға «Қойымды баққан сен едің, Үш қошқардың баласы» деп тиіседі. Шеркештің ақыны Тыныштыққа «Үш арыс Алдабергенде жауғашты бар, Санап ал, басы Айжарық, адамыңды-ай» деп талап қояды. Ал ысықтың жыр жүйрігі Жылқышымен айтыста «Баласы Есболайдың ер Итемген, Борсықта үш жыл қыстап, мұра салған» деп өз жұртының байрақты батырларын дәріптейді. Кердері Әбубәкірдің «жеті» санын көбірек тілге тиек ететіні секілді («Топ көрсем жеті мүшем құрыстаған», «Жеті мүше әскер-дүр», «Жеткен соң жеті жасқа хайла білдім») Мұрат өлеңдеріндегі «үш» санымен байланыстырылған, үштік өлшемге байланған тіркестер кездейсоқтықтан түзілген болмаса керек. «Үштік бірлікке негізделген қазақ қауымының құрылым жүйесі өз-өзінен шыға салмаған… Бұл жүйе – халқымыздың жаңа мемлекеттік тірлік жасау жолындағы саяси ізденістерінің нәтижесі», – деп Әбіш Кекілбаев айтқандай, осы ұғымға Мұрат ақын көбіне-көп елдік, халықтық тұрғыдан мән берген. Ол отарлаушылардың алдында кесе-көлденең жатқан үш өзенді (Еділ, Жайық, Ойыл) жайлаған үш мекенді жауды жақындатпайтын қалқан көреді. Бұл үштіктің іргесі сөгілсе елдің күйі қашқаны деп санайды: («Еділді тартып алғаны – Етекке қолды салғаны. Жайықты тартып алғаны – Жағаға қолды салғаны. Ойылды тартып алғаны – Ойдағысы болғаны»). Үштік және үйлесім «Үш» санымен әдіптелетін көріністер әлемдік әдебиетте де байқалады. Көптеген халықтардың ертегілері «Бір байдың үш ұлы» немесе «үш қызы болыпты» деп басталады. Сүрініп жығылып, жарақат алып қалған адамға «үш рет ұшықтап жібер» деп кеңес береміз. «Ер кезегі үшке дейін» деген қағида бірқатар елдің танымына ортақ. Ежелгі түсінік бойынша жерді мұхитта жүзіп жүрген үш кит көтеріп тұрады. Біздің үш биіміз елдіктің Үш қиянына төрелік етті. Орыстардың үш батыры да баршаға танымал. Үш ат жеккен пәуескенің бейнесі талайдың санасында қалды. Адам үш мезгіл тамақ ішеді. Жігіттің үш жұрты болады, және тағы басқалары. Мұрат мұрасына қатысты үштіктің үйлесімі мұнымен де шектелмейді. Ақынның «Оқудан қайтқан жігітке», «Еліне жазғаны», «Бір досқа» деген үш хат-өлеңі сақталған. «Үш қиян» толғауы орыс тіліне үш рет аударылды. Алғашқысы 1940 жылы Мәскеудегі «Художественная литература» баспасы әзірлеген «Песни степей» деген жинақта Павел Шубиннің аудармасымен, екіншісі 1978 жылы Ленинградтағы «Советский писатель» баспасы шығарған «Поэты Казахстана» деген жинақта Владимир Цыбиннің аудармасымен, үшіншісі 2007 жылы «Таймас» баспа үйі ұсынған «Антология казахской литературы» деген жинақта Әуезхан Қодардың аудармасымен жарияланды. Мұрат Мөңкеұлының әр қырынан бейнеленген үш портреті бар. Үшеуі де танымал қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан. Бүгінде ғылыми айналымда жүрген, осы мақалаға қоса жарияланып отырған портретті Санкт-Петербордағы И.Репин атындағы көркемсурет институтының түлегі, профессор Мұхит Қалимов салған. Екінші портреттің авто- ры – Алматыдағы Н.Гоголь атындағы көркемсурет училищесінің түлегі, атыраулық суретші Әділқайыр Жантасов. Үшінші портретті А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетінің түлегі, Атыраудың перзенті Темірбек Мұхтаров кескіндеген. Сөйтіп, Мұрат Мөңкеұлының үштағандық тұтастыққа табан тірейтін тағылымды өлең-толғаулары қазақ жұртының санасына әлі күнге дейін сәуле шашып келеді.
Бауыржан Омарұлы
ТАҚЫРЫП БОЙЫНША СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР
|
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
![]()
Соңғы пікірлер
|