«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Жынды жел
Жынды жел
Дайындаған: 2 ай бұрын

Мен бұл аңыз-әңгімені бұдан елу жыл бұрын ел кезіп жүретін әлдебір емші шалдан естігем. Естігенде де жәйбір жағдайда емес, көлденең жабысқан кеселден есімді енді жия бастаған кезімде. Сол сәттегі аурумен арпалысқан жай-күйім мен жанымда сақалын сипап қойып, есте жоқ ескі заманнан сөз қозғап отырған ақ шапанды ақсары шал есіме түссе, қазірге дейін қарадай денем тітіркенеді. Рас, сондағы менің жайым да мәз емес, шалдың әңгімесі де тым ауыр еді.

Жә, бәрін де басынан... Алтыншы класта оқитын кезім. Көктемгі каникулда Алтайдың бір қойнауында қой бағып отырған әке-шешемнің жанына барғанмын. «Оқудан шаршап келген» мені қой соңына салып, қотыр тай мінгізген ешкім жоқ. Мектеп кітапханасынан көтеріп келген бір құшақ кітабымды күні бойы оқимын да жатамын. Күндіз бес жасар інімнен басқа жанымда жан баласы болмайды. Оның да менде шаруасы аз, бір бұрышта күбір-күбір сөйлеп асығын ойнайды да отырады. Кейде шешеммен бірге қозы бағып кетеді. Әкем болса таңертеңнен кешке дейін өрісте. Ал менікі тек үйде жатып кітап оқу. Үйдің де үй дейтіндей сиқы жоқ. Қарағайдан қиып салған жалғыз бөлме. Есік жақтағы бұрышта ­– бүйірі жыртық темір пеш. Төрде – қабат-қабат етіп жинап қойған жүк: көрпе-жастық, матрас. Оң жақтағы қабырғада – төрт шынылы кішкентай терезе. Оның бір көзі ылғи ашық тұрады. Есікті біреу ашып қалса болды терезеден ұрған жел өңменіңнен өтеді. Ең тамашасы сол, менің мектеп кітапханасынан алып келген кітаптарымның бірінен бірі қызық болып шыққан. Қайсысын бастасам да аяғына жеткенше асығамын. Қайсысын оқысам да сиқырлы-сырлы таңғажайып әлемге тап боламын. Иә, қай жағыма қарасам да... қызылды-жасылды, айшықты-өрнекті, құпиялы-жұмбақты бір керемет дүние! Осынау сан түсті, сан бояулы, тағдырлы-тартысты өмірдің ішіне кірген сайын өзімнің жалғыз бөлмелі жаман қараша үйде жатқанымды мүлде ұмытып кетемін. Ұмытқаным сондай, бірде Капитан Гранттың балаларымен бірге көк теңізді көктей жүзіп, алыс аралдарға аттанып бара жатамын; енді бірде Том Соэр мен Гекльбериге жолдас болып, қайдағы бір қазынаны іздеп жүремін; одан соң жүк кемелерін тонап жүрген теңіз қарақшыларына ілесемін. Олар біреулерді атса – атуға, шапса – шабуға дайын екенімді сеземін. Ал осы «достарым» әлдебір сәтсіз жағдайға ұшырай қалса, «ой, әттеген-ай!» деп орнымнан атып тұратын да кездерім болады.       1

Сонда ғана мен байқұс жаңағы көк теңізде де, қазына аралында да емес, қойшының қоңыр үйінде жатқанымды біліп, біртүрлі көңілсіз күйге түсемін. Сосын шалқамнан жатқан күйі үйдің көптен бері әктелмеген кір-кір төбесіне қадала қарап, ұзақ-ұзақ қиялға батамын. Кластас достарымды таңқалдыратындай не істеуге болады деп ойлаймын. Жасым болса да он бірге келді. Бірақ осы уақытқа дейін біреуді елең еткізетіндей ештеме істемеген екенмін. Сабаққа үнсіз барып, үнсіз қайтқанымнан басқа бітіріп жүрген түгім жоқ. Ал мендей анау Том Соэрді қарашы! Қандай тапқыр да табанды бала. Сол мінезінің арқасында әне, бар мақсатына жетті, тынбай іздеп жүріп тығулы жатқан көмбенің көзін ашты. Сөйтіп бір-ақ күнде бүкіл жұртты таңқалдырып, шылқыған бай боп шыға келді. Ал менің... жыртық шұлықтан башпайым шығып жатқан түрі мынау. Не істеймін? Қалай ба-ай адам болуға болады? Шіркін-ай, бір ғажайыптың күшімен әлдебір жерде көмулі жатқан дорба-дорба алтын-күмісті тауып алсам ғой... Алтын-күміс! Жарқ-жарқ еткен асыл тастар! Әншейінде әншілер «Алтын Алтай» деп ән салады. Сол алтыны қайда оның? Соны қалай табуға болады?.. Тоқта. Баяғыда біздің елдің байлары Қытайға қашқан кезде бар байлығын осы жаққа тығып кеткен деуші еді. Мүмкін соларды іздесем қайтеді? Ойым сан-саққа кетіп дөмбекши беремін. Ақыры бұл ойымнан түк шықпайтынына да көзім жеткен. Қоржын-қоржын алтынын оп-оңай жерге жасырып кететін сол байлар ақымақ дейсің бе. Жоқ, басқа, басқадай қазына іздеуім керек.

Өстіп миымды мың-сан ойлар шырмап жатқанда... кенет тарих-мұғалімнің бір сөзі есіме түсе қалған да, қуанғаннан орнымнан ұшып тұрғанмын. Бірде ол ауыл шетінде ұзыннан ұзақ созылып жатқан обалар тізбегін бізге көрсетіп тұрып: «Бұлар – мыңдаған жыл бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың зираты ғой. Сол кездегі діни ұғым бойынша адам бұ дүниеде жиған-тергенінің қызығын О дүниеде де көрсін деп өлгеннің мүлкін өзімен бірге көмген. Оның ішінде, әрине алтын-күміс, асыл зат та болады. Соны білген өзге жұрттың ұры-қарылары бұларды көп тонаған. Бірақ сау қалғандары да болуы мүмкін» деген. Сондай обалардың бір-екеуі ауылдағы біздің үйдің огородында да бар еді. Әкем картоп егетін жер жыртқан кезде, оларды ылғи айналып өтетін. Неге соны қазбасқа? Қазу керек! Қазамын. Дәл сол екі обаға ешкімнің қолы тимеген шығар... Көзіме жалт-жұлт еткен алтын бұйымдар, небір асыл тастармен безендірілген әдемі әшекейлер елестейді. Сол ғажайып бұйымдар қолыма қазір тиетіндей денем бір ысып, бір суиды. Жүрегім лүп-лүп соғады... Өстіп жатып қалай ұйықтап кеткенімді білмеймін. Және қанша ұйықтағанымды да білмеймін. Әйтеуір, тұяқ серіппей екі-үш сағат қатып қалсам керек. Оянған сәтте дір-дір етіп тоңып жатқанымды сездім. Есік айқара ашық қалыпты. Терезе де ашық. Сырттан соққан суық жел үй ішінде гүлеп тұр. Мана төменгі бұрышта асықтарын мәшін етіп ойнап отырған боқмұрын інім көрінбейді. Есікті ашып кеткен сол екені анық. Байқаймын, мұрным бітеліп қалған сияқты, пыр-пыр етіп әзер дем аламын. Басым мең-зең. Шекем шың-шың етеді. Орнымнан тұра беріп етбетімнен құладым. Қисалаңдап қайта тұрдым. Тізем дір-дір етеді. Тәлтіректеп сыртқа шықтым. Таң атып қалған екен деймін. Күн қып-қызыл болып желке тұсымнан шығып келеді. Батыс жақтан. Бұнысы несі, күн шығыстан шығушы еді ғой деймін. Үйдегілер қайда? Неге бүгін бәрі ерте тұрып кеткен? Бір мезет құсқым келген. Бірақ лоқсып-лоқсыдым да қойдым, аузыма қара судан басқа ештеме келмеген. Сосын басым айналып біраз тұрдым да, тәй-тәй басып келіп үй бұрышында тұрған ағаш шөркеге отырдым. Көзім боталап сонау шығыс белдеудегі таулардың шоғыр-шоғыр қыр арқасына қараймын. Жоқ, таулар емес, жал-жал болып төңкеріліп жатқан көк теңіздің көкдолы толқындары сияқты. Сол толқындарды қақ жарып, әне, Алтайдың Ақсөре шыңы ақ желкенді кемедей әлдеқайда асыға жүйткіп барады. Капитан Гранттың кемесі. Онда ешкімнен, ешнәрседен қорықпайтын теңізші балалар бар. Шіркін-ай, солармен бірге адам аяғы баспаған алыс-алыс аралдарға аттанып кетсем ғой... Күтпеген жерде сол жақ тұсымнан секіре жүгірген аяқ дыбысы естілгендей болды. Жалт қарасам... маған қарай арсалаңдай ұмтылған өзіміздің сабалақ жүнді ақтөс ит екен. Ес жиғанымша үстіме міне түсті де, бетімді жалап алды. «Кет-ей!» деп тұмсықтан бір ұрдым. Жалт бұрылған екі-үш қадам жерге бүлкектеп барып, шоқия отырды. Көзі маған мұңая қадалған. Құдды «бұл адам деген мақұлықты сүйіп алсаң да жақпайсың» деп тұрғандай. Артынша желке жағымнан... сұр шекпені сөлбірейіп, қара бөркі мыжырайып, торы атына миқия мінген әкемді, оның соңынан... інімді қолынан жетелеп, кирзі етігі салпылдап келе жатқан шешемді көрдім. Неге екені белгісіз, олардың осы түрі маған соншама көңілсіз, соншама жүдеу көрінді. Басыма бірінші рет «менің әкем неге қойшы болды екен?» деген ой келген.

– Өй, сен неге сыртта отырсың? – деді әкем атынан түсе беріп.

Үндемедім.

– Балам-ау,мына отырысың не? Үстіңе бірдеме іліп шықпадың ба? – деді шешем жаныма жақын келіп.

– Үндемедім.

– Аға, мен қозылармен ойнап келдім, – деп інім мойныма асыла түскенде ғана селт еттім.

Жүрегім елжіреп кетті. Інімді өте жақсы көруші едім. Томпиған бетінен сүйейін деп орнымнан тұра бергенде... шайқалақтап барып тізерлей құладым. Шекеммен жер сүздім.

– Ойбай, көтек! Мынау ауырып қалған ба?! – деп, шешем де аңырай үстіме құлаған.

– Өй-өй мынаған не болған-ей! – деп әкемнің шошына дауыстағанын естимін.

Шешемнің ып-ыстық құшағы... Бірдеме дегім келеді. Бірақ дей алмаймын. Кеудемді бір нәрсе ашыта түскендей. Басым айналып... жоқ, жер төңкеріле бергендей... Бұдан кейін... әкемнің мені құшақтай көтеріп үйге ала жөнелгені, төр басына жатқызып, маңдайыма суық су басқаны, шешемнің жылап жүріп бір-екі түйір дәрі ішкізгені – бұлдыр-бұлдыр есімде.

...Күндіз бе,түн бе... түсім бе – білмеймін... Менің оқып жатқан кітабымды інім қолымнан жұла қашып, сыртқа қарай зыта жөнелгенін көремін. «Тоқта! Таста кітапты!» деп соңынан қуып беремін. Ол тоқтамайды, сақ-сақ күліп тауға қарай қашады. Мен жанұшыра қуа түсемін. Қолымда теңіз қарақшыларының кольт пистолеті. «Тоқта! Тоқта! атамын!» деймін айқайлап. Ол тоқтамайды, жүгірген бойда жолай кезіккен биік қарағайдың басына өрмелей жөнеледі. Жоқ, қарағай емес, желкенді кеменің биік діңгегі. Інім соның басына шығып алып, қолындағы кітап беттерін жыртып-жыртып желге ұшырады. Мен кольт пистолетімен оны атып жіберемін. Ол шыңғыра құлай береді.

– Әке-е, әке-е! Мен оны аттым, – деймін булыға қыстығып. Әкем маңдайымнан сипайды. Алақаны сұп-суық. Үстінде аппақ шапан. Сақалы да аппақ. Әкемнің сақалы жоқ еді ғой деймін. Сосын... көз алдымда көлбеңдеген жаңағы көп елес біртіндеп алыстай түсті де, жалғыз ғана адамның бейнесі қалған... Сақалы кеудесіне түскен үлке-ен ақсары шал. Сұп-суық алақанымен маңдайымнан сипап қояды. Одан әріде тақыр басы салбырап әкем отыр. Түсім емес – өңім. Елес емес – кәдімгі әкем мен әлдебір шал.

– Батыр, қалайсың? – дейді шал, бадырайған алакөзін маған тік қадап. Денем дір ете қалды да, көзімді жұма қойдым. Бұл кім? Қайдан жүрген адам?

– Аш, балам, көзіңді, – дейді ол әмірлі дауыспен.

Ашпадым. Қорқып жатырмын. Бас бармағын батырып білезігімнен ұстағанын білдім. Қолымды одан жұлқи тартып едім, таскенеше жабысқан саусақтар жібермеді.

– Қорықпа, құлыным. Бұл кісі – емші атаң ғой. Тамырыңды ұстасын да. – (Әкемнің дауысы).

Шал ұстаған бас бармақтың басынан лүп-лүп соққан қантамырдың бүлкілін сеземін. Недәуір уақыттан кейін шал:

– Балаға жел тиген. Шайтан ұрған. Су әкеліңдерші, – дегенін естідім.

Төмен жақтан тырп-тырп басқан аяқ тықыры білінді.

– Ата, айтыңызшы, балаға не болған? Мына дерттен айыға ма, жоқ па? – (Шешемнің дауысы).

– Абыржыма, қарағым, ертең-ақ құр аттай шабады. Қатты жел тиген ғой. Үйде баланы жалғыз қалдыруға бола ма. Ескі-қыстау, иен жер. Жын бар, шайтан бар дегендей...

Бетіме бүркіп жіберген суық судан селк етіп, көзімді қалай ашып алғанымды білмей қалдым.

Шалдың еріні жыбырлап бірдеме оқып отыр. Оқып-оқып алып бетіме «суф» дейді ыстық демімен. Тағы оқиды. Тағы да – «суф, суф». Осыны бірнеше қайталады да:

– Басын көтеріп отырғыз, – деді әкеме.

Әкем желкемнен демеп кеудемді тіктеп отырғызды. Шал орнынан тұрды. Қолында қамшы. Кірпідей жиырыла қалдым. Қазір соғады.

– Кет, бәлекет, кет!

Арқамнан қамшы сипап өтті. Ауырған жоқ.

– Кет, бәлекет, кет! Ойға кет! Қырға! Суға кет! Суф! Суф!

Қамшы арқамнан және сипап өтті. Байқаймын, бойым шынында да жеңілдеп, сергіп қалғандай.

– Енді жылы бүркеніп жат, – деді шал бетіме күлімсірей қарап.

Жаттым. Шал жиюлы жүкке арқасын сүйей отырды. Жерге дастарқан жайылды. Артынша буы бұрқырап қуырдақ, шәй келді. Көрпенің бір бұрышынан сығалай қараймын. Маған көлденең жабысқан кесел-дерттің бірі ойға, бірі қырға кеткеніне сенгендей әкем мен шешем енді жайбарақат шәй ішуге кіріскен.

–Жел тигеннен адам өстіп ес-түсінен айырыла ма, – дейді әкем. – Түні бойы жын қаққандай сандырақтап шығады. Бұл өзі басқа бір дертке ұшыраған жоқ па осы?

Шал жымиып күлді. Сосын шәйын сораптай отырып:

– Қарағым, жел деген оңай жау емес. Баяғыда іргеден соққан жынды желдің кесірінен бір тайпа ел мүлде құрып та кеткен, – деді.

Мен елең еттім. «Жынды желі» несі? Бір тайпа елдің құрып кеткені қалай?

– Қызық екен, – деді әкем таңданып.

– Қызық емес, сұмдық де. Сол сұмдыққа жеткізген – мақтаншақ қатындардың даңғойлығы болған.

Шешем именшіктеп төмен қарады. Бұны байқап қалған шал:

– Шырағым, ол замандағы «қатын» сөзінің қазіргі әйел затына қатысы жоқ. Сонан кейін... мен ауызға алған тайпаның көсемі қоластындағы адамдардың еркегін де, әйелін де кейде «қатын» деп сөйлейтін әдеті болған.

–Ақсақал, сіз бір қызық әңгіменің ұшын шығарып отырсыз. Егер айып болмаса, осы әңгімені түп-түгел айтып беріңізші бізге. Мына бала да тыңдасын, – деп әкем қопаңдай түскен.

– Бала тыңдағанмен қазір бәрін түсінбейді. Тек сөздің ұзын-ырғасы ғана есінде қалады. Бірақ кейін, есейе келе мұндағы әрбір сөз жадында қайта жаңғырып, қатты ойланатына менің күмәнім жоқ.

– Ойпырмай, ішті кептірдіңіз-ау, ақсақал. Айтыңызшы. Бәрін басынан бастаңызшы.

Шал сақалын саумалап біраз ойланып отырды да, тамағын қырнап, бір-екі рет жөткірініп қойды. «Тезірек сөйлесе екен, айтса екен» деп мен жатырмын.

– Ел бар жерде ескіден қалған сөз болады. Ондай сөз атадан балаға, баладан немереге, немереден шөбереге жетіп, ұрпақтан ұрпаққа көшеді. Менің айтқалы ортырғаным да – сол ескілікті сөздің бірі ғой, – деді шал. – Ал енді тыңдай беріңдер...

...Сонау ерте дүниеде, осы Алтайдан айшылық алыс жерде өріс толы малы бар, шаңырақ толы жаны бар, ағаш уықты, киіз туырлықты Алас деген тайпа тіршілік етеді. Оған көршілес көшіп-қонып жүретін, найзасы көк, қылышы көп Мұндар деген тағы бір тайпа болады. Осы тайпа ешкіммен қақ-соғы жоқ Алас тайпасын қайта-қайта шауып, малын айдап әкетіп, жанын байлап әкетіп, әмсе тыныштық бермейді. Аластың алаөкпе жігіттері бірнеше рет өз көсемдерінің алдына келіп: «Алдияр тақсыр, мұндарлар әбден басынып бітті. Атқа қонайық, алдаспанды қыннан суырайық» дейді. Бірақ көсем: «Әлі де шыдайық. Кім не істесе де төзе тұрайық. Бірде болмаса бірде тәубаға келер, ес жияр. Олармен қазір айқасамыз деп онсыз да аз халқымызды қырып алмайық», – деп көпке басу айтып отыра береді. Алайда мұндарлар көсем күткендей «естерін жимайды». Ес жимақ түгіл күн өткен сайын есіре түседі. Есіргендері сондай, бірде бес-алты мұндар тапа-талтүсте көсем отырған орда алдына шаңдата шауып келіп, бұлғарымен оралған ұзынша бір затты есік аузына тастай бере шаба жөнеледі.

Көсем бұлғары орауын ашып қарағанда, ұзыннан қатар салынған екі затты көреді. Бірі – үшкір басына алтын сақина кигізген қара көсеу де, екіншісі – өрімі тарқатылған бұзаутіс қамшы екен.

– Бұл не? – деп көсем жанында отырған көпті көрген, көп жасаған тайпа ақсақалына қарайды.

– Бұл – мұндар тайпасының «бұрымдыңды күң етем, тұлымдыңды құл етем» дегені, – дейді ақсақал.

– Бұл – мұндарлардың өз күшіне әбден сенгені. Сенгені сол – тапа-талтүсте ордаңның алдын шаң қылды. Шаң қылғанды қан қылатын сенен бір адам шықпады. Бұл – тайпаңның намыс оты өшкені. Сен «шыдай тұр да төзе беріңмен» асыл текті Аласты осындай күйге түсірдің, – дейді ақсақал көсем көзіне тік қарап. Сосын тағы сөйлейді. Сөйлегенде бүй дейді:

– Жеріміз жәннат еді, мұндарлар тозақ қылды. Бұл жер енді бізге қоныс болмайды. Алтайдың арғы бетіне өтуіміз керек. Бірақ оған бізді мұндарлар оңай өткізбейді. Олармен жол бойы айқасып-шайқасатын жүректе от, бойда күш бар ма бізде? Әлде шынымен бәрі сөніп біткен бе?

Бастары салбырап үнсіз отырған нөкерлер көз астымен көсемге қарайды. Көсемнің қар жауардай қабағы түйіле түседі, түйілген қабақпен бірге бет-жүзі де түнере береді. Сосын бір сәт орнынан сілкіне тұрып, ту сыртында ілулі тұрған , көптен бері сабына қол тимеген алмас қылышты қынабынан суырып алады. Жарқ еткен қылыш жүзін көргенде, бүкіл орда іші қопарыла тік көтеріледі.

– Алас! Алас! – дейді қылыштарына қол салып.

– Алас! Алас! – дейді сырттағылар найзаларын көтеріп.

– Алас! Алас! – дейді өрістегі малшы менен жалшы да.

– Естідің бе, көрдің бе мынаны! – дейді ақсақал көсемге. – Іштегі алашұбарға, сырттағы қарашұбарға басыңды шұлғи берумен асыл текті қаныңды кеше маңыраған қой еттің, бүгін қылышыңның бір жарқылымен бәрін қайта арыстан қылдың ақырған. Атыңа мін енді!

Көсем атқа мінеді, Тайпа түгел қопарыла тұрады. Бұл – қара күздің аяғы, қақаған қыстың басы еді. Сөйтіп малды-жанды қалың көш шұбыра созылып, Алтайдың арғы бетін бетке алады.

(Емші шал сөйлеп отыр. Үй іші алакөлеңке. Жиюлы дастарқан шетінде білтелі шам өлеусірей жанады. Шешем мен кішкентай інім бір бұрышта пыр-пыр ұйқыға басқан. Шалдың екі жағына жаңбастай қисайып, әңгімені ұйып тыңдап жатқан әкем екеуіміз ғана. Шындығында, мен әңгіме тыңдап емес, бір қызық кино көріп жатқандаймын. Жоқ, қызық емес, үрейлі, қорқынышты кино. Көз алдымда... қым-қиғаш көріністер... Аппақ қарлы асулар... Асу үсті ақ тұман. Ақ тұманға бұлдырай сіңген салқар көш. Құлағыма сыңсыған ән келеді алыстан... «Ауылым көшіп барады таудан асып, таудан асқан бұлттармен араласып»... Бір бүйірден жалаңдаған қылышты, шошаңдаған найзаны көремін... Көшке қиқулай шапқан қалың қол... Азан-қазан айқай-шу... ысқырынған жебелер. Сартылдаған қалқандар. Шыңғырған дауыстар... шырылдаған балалар... Бір көріністен – бір көрініс... көз алдымнан көше береді көлбеңдеп... Көргенімнің бәрі сұмдықтар. Бірінен бірі өтеді. Енді міне... шың басында ауа етпей булыққан адамдар... Құз-қиядан құлдырай құлаған жылқылар... Жол бойы аштан өліп қырылып жатқан қой-ешкі. Құлағыма тағы да зарлай салған ән естіледі алыстан... «Қаратаудың басынан көш келеді, көшкен сайын бір тайлақ бос келеді...» Мен көрген кинолардың бірінен де мұндай төбе құйқаңды шымырлатар зарлы әнді естіген емеспін. Мен оқыған кітаптардан да дәл осындай жан түршігер көріністер кездеспеген. Шал әлі сөйлеп отыр...)

– Сонымен, не керек, анау қара күздің аяғында жолға шыққан көш бірде жаудың қылышынан, бірде қыстың суығынан, тағы бір жерде аштық пен індеттен қатары сирей-сирей келіп, келесі көктемнің басында ғана осы Алтайдың бергі бетіне жетеді. Жарым-жартысы ғана. Еркеккіндікті аз қалған. Бала атаулы көзге сирек түседі. Бас көтеріп, қара көбейтіп жүргендердің көбі – қатын-қалаш, қыз-қырқын. Бұны көрген көсем:

– Біз Тәңірдің қатал сынынан өттік. Көздеген жерге жеттік. Әр шаңырақтың уығы сиреді, бірақ қанаты бүтін. Бесігіміз қисайды, бірақ оны түзейтін қолымыз сау. Тәңірім ендігі жерде қатынның көзін бесіктен, құлағын еркектен айырмасын! Тайпаның басты ұраны да осы болсын», – дейді.

Сонда тайпа ақсақалы басын әнтек көтеріп:

– Бұл сөз тайпаның ұраны ғана емес, темірдей берік заңы да болсын! – дейді.

(«Мынау бір қызық ұран, қызық заң екен» деймін мен таңданып. Деймін де әңгімені одан әрі тыңдаймын).

– Жаңа жерге тайпа жақсы орнығады. Аз-ақ жылда өріс малға, қоныс жанға толады. Әр шаңырақтан он-онбестен өріп шыққан өрімдей жастар тайпаның сәніне айналады. Олардың мінгені құйрық-жалы төгілген кілең сәйгүлік, кигендері сусылдаған жібек пен жылтылдаған торқа болады. Кәріде қайғы, жаста уайым болмайды. Жалшы менен малшының жегені алдында, жемегені артында, ауыздарынан ақ май ағады.

(«Па, шіркін», – дейді қисая жатқан әкем тамсанып. Дейді де терең күрсінеді. Мен көрпемді желпіп-желпіп қоямын. Шал сөйлеп отыр).        

                                                                                                          (Жалғасы бар)

Дидахмет Әшімханұлы.          

 

Aqsaqaldar.kz     

 

          

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны