«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Қонақтар
Қонақтар
Дайындаған: 2 ай бұрын

        Курорттан қайтып бара жатқан сапарларында жолай үйге соқпақ болған балаларын күтіп, Ерғабыл шал түн ортасы ауғанда жатса да, ертеңіне күн шықпай оянды. Алагеуімде үндемей жүріп киініп алды. Мәсісін де, шұлғауын да ешкімнен сұраған жоқ. Кенет әжептәуір қатқыл дауыспен:

— Әй, шақшам қайда? - деді ұйқылы-ояу жатқан кемпіріне.Кемпір естіді ме, естімеді ме — мізбақпады.

    Ерғабыл оның үстіне сәл төне түсіп:

— Кемпір, шақша көрмедің бе? — деді жұмсарып

    — Байғұс, «қайдалайды» да жүреді екенсің! Қойған жеріңді ұмытып қаласың ба?!. Мә. Ерекең ләм-мим демей, алдымен бір атым насыбайды ерніне тастап, шақшасын қалтасына салды. Кемпірі басын ұстап, қайтадан төсегіне жантайды.

— Басым сынып, өлейін деп жатырмын, мазалай бермеші.

    — Өлсең, Бағила кемпірді алып келемін, — деді шал бағанағыдай емес, көңілденіп.

    — Иә, жетісерсің! Бала бір жақта, біз бір жақта. Мына қу моладан сүйегімізді табар бір күні. Осы Қаратүбектің басында жұмақ тұрғандай екі елі қия баспайсың... Бүгін келсін балалар, көрерсің, еріп кетемін. Қал жалғыз өзің, омалып.

— Кеше ноқтаның сағағын байламапсың ғой, кер құлын ағытылып кетті.

— Иә, бұған бірдеңе айтсаң, бұл бірдеңе айтады.

— Е, неғыл дейсің маған. Бала... ыһ... тартып жіберші мына шетін, көтерсейші басыңды... мықтап ұста... ешқайда кетпес, оралар... Туып-өскен жері, елі... Ұста деймін, қаттырақ ұста. Қарайған малды тастап, қайда барасың?

— Сен шал алжисың. Осы ғой міне, алжыған деген осы шығар. Екі бие сенің басыңа көктас қоя ма? А-а-а, осыны алмаған құдайдың тамағы тоқ.

    Ерекең ыңырана әндетіп, таяғына сүйенді.

— Ойпыр-ау, белім шойырылып қалғаны несі?!  Осы мен таң намазын оқыдым ба?

— Намазды оқитын болсаң оқы да, оқымайтын болсаң қой, не ол, бір күн тастап, бір күн оқып.

— Құдайдың өзі кешірер, мен бір әдейі істейді деймісің соны. Жүрегім басында жел тұрғанын қарашы... Қой, сен кемпір мылжыңдай бересің. Намазымды оқып, биеге кетейін.

      Ерекең сыртқа шықты. Күншығыс аппақ. Ауа сәл-пәл дымқыл екен. Қолын көлегейлеп, маңайына қарады. Көкжиек шыңылтыр ашық болатын. Бірақ шалға тұманытып көрінді. «Кеше кер құлынды бостау қосақтап едім, оралып қалмады ма екен, — деп ойлады ол.

— Анау Қарабидайдықтың табанында жүрген солар шығар. Тұсауымен сонша жерге кетеді. Бұл иттерді байлап қоямын ба, не істеймін?».

     Бір қолымен белін ұстап, шық басқан көк шөптерді таяғымен анда-санда қағып қойып, шабылған бидайдықтың жиегімен келе жатты. Лезде белі ұйып, шаршап қалды. Таяғына сүйеніп аз тұрды да, буындары сытырлап, сүрлеу жиегіндегі төмпешікке келіп отырды.

—Кәрілік! Е-е, жарықтық-ай! Уһ!

— Орамалын алып, терін сүртті. Күн жылынған шығар деп жұқа барқыт пешпентін шешіп, қолына алды. Уқаланған өңірін жазып жатып: «Ертең сүйегіме шапан жетпей қалса, - деді ішінен,

– Бектемірден қалған жалғыз Ерғабылдың басында түк болмады деген атаққа қалармын».

     Әлдеқалай шалдың көз алдына өлгеннен кейін мұны жұрттың қалай шығарып салатыны елестеді. Елестегенде «құданың құдіретімен» өткендегі Айтыбай шалдың сүйегін шығарғандағыдан бір айнымайды. Бірақ мұның жұртқа үлестіретін киімі одан көп екен. Аққұдық пен Сарыөзек тегіс келген секілді. Бата оқырын бергеннен кейін атпен жарысып, мүше алып қашқандар да бар. Жұрттың бәрі:

— Е-е, қайран дүние кімге опа берген, бұл кісілер де кетті-ау дүниеден. Мұндай кісілер енді тумайды, тумайды, – деп аза тұтып, енді біреулер:— Шіркін бала деген осы ғой! Сапабек әкесін қандай қып жөнелтті, ә! Ойпырмай, мұндай ұлы дүбірмен біздің елде әлі ешбір шал аттанбаған шығар, — десіп, таң қалысып бара жатқанға ұқсайды.      Шал күлімсіреп, таяғын ұстады. «Айдалада өлген кәрі қасқырға ұқсамай, ел-жұрттың алдында абыроймен өту – осыдан артықтың енді керегі жоқ». Орнынан тұра беріп:

— Сапабекжандар кеше келмегені несі, — деді күшене сөйлеп, — телеграмда кеше еді ғой.     Әлсін-әлсін дамылдаумен Қарабидайдықтың табанына келді. Бағанағы ой бекер екен. Жылқылар әріде — Шайтанкөңнің маңында жүр.    Ерекең зираттардың тұсына келгенде ішінен бірдеңелерді күбірлеп, көп созбай, қолымен бетін сипай салды. Көп төмпешіктердің ішінен жақында өлген Айтыбайдың қабірін көрді. Қызылкүрең, жас топырақ дымқыл күйі. Құрғамапты. Шіміркеніп, тезірек жүрді. Салқын тер өне-бойын шымырлатып, жылқыға жеткенше дем алған жоқ.

     «Ғаріп пенде... Әруағы риза болсын. Жасаған қай кезде дәм-тұзды тауысамын десе өзі біледі... Өзі менен бірер жас кіші болу керек. Жылым ұлу дегендей болып еді...» 

    Ерекең қайтып жаяу жетпесін білді де, кер құлынды ағытып, биені тұсауымен ноқталап алды. Арықтың ішіне енгізіп, жиектен асылып мінді. Әрең дегенде түзеліп отырды.

— А-а-а, жетпіс бес, — деді дауыстап, көзге көрінбейтін тап сондай біреумен сөйлесіп тұрғандай,

— сен болар ма екенсің мені алып кететін, жоқ сексен бес пе екен. Түсімде айырып ести алмағанымды қарашы. Фью-фью, әй, жетер түнімен оттағаның.     Ерекең енді байқады.

 

Төлен  Әбдіков

mtdi.kz

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер