«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Тарих жазған алашқа . жырыменен…
Тарих жазған алашқа . жырыменен…
Дайындаған: 4 ай бұрын

(Жалғасы)

Aқын Ығылман Шөрекұлы   өз заманының айтулы сөз зергері


        Қазір Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы жайлы сөз етілсе, олар жетекшілік еткен ұлт-азаттық көтеріліс турасында әңгіме қозғалса болды, Ығылман Шөрекұлының дастанына жүгіну, оны мысалға алу берік дәстүрге айналды. Сонымен қатар дастанда:
…Тап сол жылы Махамбет,
Отыз тоғыз жасында.
Есенғұл, Үбі, Таңатар,
Есенгелді, Қосқара,
Есенаман, Шекшекей,
Балуан Тәни қасында.
Алман, Тоғай, Ерсары,
Қожахмет, Қалдыбай,
Әскердің түсті алдына-ай!
Қамалға барып соқтығып,
Ойранды жауға салдың-ай, – деп айтылғанындай, еңселі ерлердің, басқа да қыруар адамдардың аты-жөндері көп кезігеді. Бәрі де өмірде болған, көтерілісте ерлік көрсеткен, болмаса қатысы бар тұлғалар. Орайы келгенде олар туралы жақсылы-жаманды бірдеңе айтыла қалған күнде де Ығылман дастанын айналып өтпеушілік тағы бар. Әйтеуір, ол жыл өткен сайын аруақтанып, беделге бедел үстемелеп келеді. Әзірге соны шүкіршілік етеміз.
Ығылман Шөрекұлына айрықша құрметпен қарауға негіз болатын келесі бір жайт – оның өткен ғасырлардың інжу-маржан жыр қазыналарын өңін өзгертпей жаттап, бүгінге жеткізуі. «Ығылман өзі үлгі алған әдеби ортаны әркез қадірлеп, оның көрнекті туындыларын халық кәдесіне жаратуға қызмет етті» («Ақын-жыраулар». Алматы, 1974, 167-бетте) деп зерттеуші, ғалым Қабиболла Сыдиықов айтқандай, егер Ығылман болмаса Махамбет Өтемісұлының, Мұрат Мөңкеұлының, Шернияз Жарылғасұлының, Есет Қараұлының, Нұрым Шыршығұлұлының және басқа да ақындардың өлеңдері, толғаулары мен термелері, дастандары бізге осы күнгі бояуы қанық күйінде жетер-жетпесі беймәлім. Ол асқан зерделілігі, қабілеттілігі арқасында көне мұраларды жадында сақтап, оқымысты Халел Досмұхамедұлына табыс етті. Зиялы ғалым қолына түскен рухани қазынаны шашау шығармай, «Исатай-Махамбет», «Мұрат ақын сөздері», «Аламан» жинақтарға топтастырып, Ташкентте баспадан кітап етіп бастырып шығарды.
Енді бірер сөз ақынның артында қалған ұрпағы хақында. Ығылман ақынның Қызылқоғадағы Миялы селосында тұратын туған балдызы, сөз ұстасы Төлеп Жұмағалиұлы ақын жездесінің мүрдесі жатқан қауымның басына барып, дұға оқып отырып, мынадай әзіл өлеңді жанынан суырып салып айтады:
Ей, Шөректің ұлы Ығылман,
Белгілі атың бұрыннан.
Тарихқа жайдың батырды,
Ханға қарсы ұрынған.
Исатай мен Махамбет
Танылды сенің жырыңнан.
Елу бір жыл табылмай,
Тайсойғанның құмынан.
Жарып шықтың қабірді,
Жер астынан суынған.
Бұйырмады-ау топырақ
Қабдол, Жәлел ұлыңнан.
Хабар да жоқ ешқандай,
Шәрипа атты қызыңнан…
Халық арасына кеңінен тарап кеткен бұл уытты әзіл өлеңнің бір үзіндісін ғана келтіріп отырмыз. Мұндағы тілге тиек етілгеннің бәрі ащы шындық. Адымымызды аштырмай тұсаған бойкүйездігіміз бен асылымызды ардақтамайтын салғырттығымызды сынап-мінеген нағыз оспақ. Сонымен қатар оның жарты ғасырдан астам бұрын көз жұмып, қара жердің қойнына кірген жездесінің естімесін біле тұрып, жарық дүниеде жүргендерге қарата айтқан ескертпесі, өкпе-назы.
Басқасын былай қойғанның өзінде, ақынның қызы Шәрипа күні кешеге дейін қайда болып еді? Ығылман Шөрекұлының 1976 жылы жарық көрген кітабына ақын, әдебиет зерттеушісі Берқайыр Аманшин жазған алғы сөзде: «…Балалары – Халық, Гүлбаһрам, Қабдолғазиз, Қабдыжәлел, Шәрипа (Шаһарман). Бұлардың алдыңғы екеуі елде, Балабейітте жастай қайтыс болған. 1923-1924 жылдар шамасында туған Қабдолғазиз (Қабдол) бен 1925 жылы туған Қабдыжәлел (Жәлел) Тайпақ ауданынан екеуі де майданға кеткен, нағашысы Бекбосынов Кәдірбайдың қолынан аттанған. Екеуі де майданда қаза тапқан. Балаларынан бары тек Шәрипа ғана, ол 1928 жылы туған, қазірде Гурьев облысы, Ембі ауданындағы Байшо­нас мұнай кәсіпшілігінде тұрады» делінген жолдарды оқығалы бір облыстың аймағында тұрғанымызбен Байшонасқа жол түспей жүрген еді. Келімді-кетімді адамдардан сұрастырып қарағанымызда білмей шыққан. Тіпті Шәрипаның онда тұрмайтынын дәлелдеушілер де табылды. Сөйтіп жүргенде, 1990 жылғы ақпан айын­да облыстық «Атырау» газетінің редакциясына Төлеген Дүйсенов ақсақал келе қалды. Әуелден баспасөзбен байланыс жасап тұратын ол құлағы түрік жүретін, көп жайттан хабардар, көреген жан болатын. Төлеген қарт әңгіме арасында өзінің таяуда Байшонасқа баратынын сөз қылды. Бұрын сонда тұрыпты. Біз оған жата қалып жабысып:
– Сол сіз баратын Байшонаста Шәрипа деген апай тұратын көрінеді. Мүмкін тани­­тын боларсыз, егер білмесеңіз осы сапа­рың­ызда сұрастырып, біліп кел­сеңіз екен. Ол атақты ақын Ығылман Шөрекұлы­ның көзі тірі тұяғы, туған қызы,– дегенімізде Төкең ақсақал:
– Шәрипа дейсіз бе?– деп өзіме қарсы сұрақ қойып алды да, аз-кем ойланып қалды.– Ондай кісі Байшонаста бар сияқты. Бірақ, дәлдеп айта алмаймын, осы жолы барғанымда, іздестіріп, анықтайын.
Төлеген қарт осыдан кейін біразға дейін хабарсыз кетті. Мен наурыз айында кезекті демалысыма кетіп, сәуірде қайта оралсам, Төкең жазып қалдырған бір жапырақ қағаз жатыр. Онда: «Шәрипа Ығылманова бұрын Байшонаста тұрған, Доссорда әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде жұмыс істеген. Байшонастың тұрғыны Қанат Ахметжановқа тұрмысқа шыққан. Байшонаста балалар бақшасында қызметте болыпты. Жетпісінші жылдардың аяқ шенінде болуы керек, Гурьевтің қасындағы Алғабасқа көшіп кетіпті. Қазір сонда тұрады. Мұны маған Байшонас поселкелік кеңесінің бұрынғы хатшысы Самиан Рахметова деген кісі айтты.
Төлеген Дүйсенов, бұрынғы Байшонас тұрғыны, мұғалім» деп жазыпты.
Міне, қызық! «Көктен іздегенім жерден табылды» деген осы-дағы. Жыраққа жете алмай жүргенімде іргеден шықты ғой. Қуанып кеттім. Іштей: «Рахмет, Төлеген аға! Осындай абзал адамдар көбірек болса ғой, шіркін!» деймін. Алайда сол бір асыл азаматты тағдыр бізге қайта жүздестіруді жазбады. Көп ұзамай фәни дүниемен қоштасыпты. Арнаулы алғысым айтусыз қалды.
Шәрипа апайдың Алғабаста тұратынын естіген соң кездесуге асығып дегбірім қаша бастады. Алғабастан келіп-кеткендерден суыртпақтап сұрастырып көргенім нәтиже бермеді, ешкім білмейді. Аң-таңмын. Тағы бір жаққа көшіп кетпесе не қылсын? Көңілге күдік ұялады. «Өзім барып қайтармын» деп жүргенде бір күні редакцияға газеттің белсенді тілшісі Шора Ериманов (кейін ақционерлік қоғамның кәсіподақ комитетінің төрағасы болды) қызмет бабымен келе қалды. Одан:
– Ауылдарыңызда Қанат Ахметжанов деген азамат бар ма?– деп сұрадым.
– Қанат есімді адам болуы тиіс. Алға­басқа басқа жақтан көшіп келген, – деп сайрап тұр ол.
Үміт шоғы қайта қоздады. Көмескілене бастаған із тағы да айқынданып, ілгері жетеледі. Шора келесі келгенінде Қанаттың да, Шәрипа апайдың да дін аман өмір сүріп жатқанын хабарлады. Сол 1990 жылғы маусымның 16-сы күні Шәрипа апайға барып жүздесіп, тіл қатысудың сәті түсті. Сөйтіп, ақын Ығылман Шөрекұлының ұрпағы табылды.
Шәрипа апайдың (төлқұжатындағы аты – Шаһарман) айтуына қарағанда, ол Қызылқоға ауданындағы Тайсойған құмында, Сорқуыс ауылында 1928 жылы туған. Әкесі Ығылман жарық дүниемен қоштасқанда небәрі төрт-ақ жаста көрінеді. 1934 жылы көлденең кеселден анасы Алтын да қайтыс болған. Әке-шешеден ерте айырылып, жетім қалған Шәрипаның содан кейінгі балалық дәурені Ордадағы балалар үйінде өтіпті. Ересектеу екі ағасы Қабдолғазиз бен Қабдыжәлел ауылда, нағашысы, Кәдірбай Бекбосыновтың қолында қалған, кейін соғысқа кеткен. Белгілі журналист, марқұм Тасқали Құрманғазиевтің зайыбы ­Бияда Шәрипаға тумалас екен. Сол кісі бертін келе іздеп ­тауып, елге әкелген, техникум бітірген. 1951 жылдан бастап Мақат ауданында тұрыпты. Алпысыншы жылдардың басында Қанатқа тұрмысқа шығыпты. Үлкен қызы Гүлжайна Атырау қаласындағы нан комбинатында (кейін балалар бақшасында) жұмыс істеді, ал Мақтанбайы мектепте оқиды (бер жағында әскер қатарына барып оралған) екен. 1908 жылы туған енесі Әмина Қадырбекова әжейді мәпелеп, бағып-күтіп отыр.
Әрине, ата-анасынан тым жас қалған Шәрипа апайдың әкесінің өмір жолы, шығармалары туралы баспа жүзінде жарық көрген дүниелерден артып, қосымша дерек бере алмауы – табиғи заңдылық. Оны сөгуге болмайды. Ол бірнеше ағайын-тумаларын, нағашыларының аттарын, мекенжайларын атады. Сөз арасында:
– «Бияда апайдан «Орынбор жақта Ығылманов деген біреу бар» деп естідім. Елді сұрапты. Ақынның баласы едім депті. Сірә, Ығылман ағамның балаларының бірі болар, майданнан келіп, сол жақты мекендеп қалған» дегені мазалайды да жүреді, – деді ол.
Ақын қызының бұл айтқаны бізге де үлкен ой салды. Шынында, ол кім? Елді сұрауы тегін болмас. Бәлкім, Ығылман ақынның екі баласының бірінің тірі болуы мүмкін бе? Анықтауды, іздеуді қажет ететін тағы бір жайт бұл.
Біздің ақын қызымен алғаш тілдескенде білгеніміз осы ғана. Тауық жылғы қараша айында Шәрипа апай облыстық тарихи-өлкетану мұражайында әкесі Ығылманның мұрасын жинап, кітап етіп бастырған белгілі ғалым, қоғам қайраткері Халел Досмұхамедұлының туғанына 110 жыл толуына орай өткізілген дөңгелек үстел басындағы кездесуге қатысты. Көненің көзі, асылдың сынығы айтар сырын ақтарды. Атырау халқы облыстық теледидар арқылы ақын қызының дидарын тұңғыш көрді. Радиодан сөзі берілді, аудандық, облыстық газеттерге суреттері жарияланды.
Ақын Ығылман Шөрекұлы орта бойлы, аққұба жүзді, тікшіл келген сұлу мұрынды, қой көзді кісі болыпты. Сол жақ көзінің алдында жара шыққаннан кейін қалған болар-болмас тыртық бар екен. Оны көздері көрген, бірге жүрген ақсақалдар Шыңғыс Көжеков, Мұқанбет Қожақметұлы, Сарман Ғапурин өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ішінде кездескендерімде осылайша суреттеп берген еді. Бірақ ақынның бейнесі ауыз­ша айтылғандары айтылған күйінде қалып, ешқашан да қағазға түспепті, қылқалам шеберлеріне сөз сүлейінің кескін-келбетін салу сәті келмепті.
Мен Алматы қаласынан Жағыпар Машақұлы Сыйқытовтан хат алған едім. Қызылқоға ауданындағы Тайсой­ған құмының төл баласы. Халел Досмұха­мед­ұлымен бел немере, яғни Досмұхамедтің әкесі Машақпен бірге туған, Сыйқыттан тарай­тын ұрпақ. 1916 жылы туған ол он үш жасында Ығылман ақынның өз аузынан айтқан жырларын тыңдаған адам. Ақын туралы деректер жинап, өлеңдерін қайта бастырып шығарғысы келетінін, бұрынғы жарық көріп жүргендерінің түгел еместігін айтып жазыпты.
Сол Жағыпар ақсақал ақынның қызы Шәрипа апайдың мекенжайын сұрастырып тауып, бірінен соң бірі үш хат салыпты. Соңғы хатында Ығылман Шөрекұлының қолдан долбарлап салған суретінің сұлбасын жіберіпті. Алматыға Тайсойған өресінен ертеде көшкен, ақынды көріп, білген үш ақсақал бірігіп, айтып отырып әуесқой суретшіге салдырыпты. Бұл күйінде тым жұпыны болғанмен бірге жүріп, бірге тұрған қызылқоғалық қарттардың сипаттауларына жақындайды. Тек әлде де жетілдіре түсуді, білікті, шеберлігі жетік кәсіпқой суретшінің қолынан өткізуді қалап тұрған бейне.
Қашан да қазақ ақынын қадірлеген. Ақынын ардақтамаған елдің асуы аласа. Туғанына ғасырдан баяғыда асқан ақиық ақын Ығылман Шөрекұлының бояуы қанық, ұнамды бір суретін күні бүгінге дейін жасап шықпауымыз ұят-ақ, тіпті бойымызға мін.                         .
Осы пікірімізді Атырау аймағына танымал қылқалам шебері Жанәбіл Рахметовке айтқанымызда ол:                                  .
– Жаны бар әңгіме екен. Ақын туралы қолда қандай деректер бар? Балалары, немере, шөберелері бар ма? Ығылманға түр-түсі ұқсас кісіні білмейсіз бе? – деп сұрастыра бастады.                    .
Суретші Жанәбіл Рахметовтің беті бері бұрылып, назар аударғанына қуанып, білетініміздің бәрін ортаға салдық. Ығылман Шөрекұлының кітаптарын, ол туралы жазған профессор Халел Досмұхамедұлының, ақын Берқайыр Аманшиннің және басқа да зерттеушілердің еңбектерін тауып, қолына ұстаттық.
Атағы алысқа тараған, кітаптары 1925 жылдан бері қарай шығып келе жатқан ақынымызды, шежірешімізді, яғни Ығылман Шөрекұлының атын дәріптеуге назар аудармай, барымызды базарлай алмай келе жатқанымыз өкінішті-ақ. Оның туғанына 100 жыл толуы, басқа да мерейтойлары аталып өтілген жоқ. Есімін ел есінде қалдыру жайы тіпті де көңіл көншітпейді. Аты Атырау қаласындағы, Миялы, Жасқайрат ауылындағы бір-бір көшеге берілген. Болғаны осы ғана. Бұдан бірнеше жыл бұрын Атырау қаласындағы Марина Раскова атындағы көшені өзгертіп, қалалық әкімшіліктің қаулысымен Ығылман Шөрекұлы атын беру туралы шешім алынған еді. Оның өзі де бас-аяғы шоп-шолақ келте, көзден қағас қалған, ми батпақ, елеусіз көше болатын.Қалада, Қызылқоға ауданының орталығында, Жангелдин ауылында аты жоқ мектептер бар. Солардың бірін неге Ығылман Шөрекұлы атына қимасқа? Ақынның туғанына 140 жыл толуымен сәйкес ­Миялы селосындағы №1 мектеп-гимназияға Ығылман Шөрекұлының атын беру туралы мәселе көтеріліп отыр. Құптарлық іс. Тек аяқсыз қалмаса игі. Ақынның кіндік қаны тамған жеріндегі Жасқайрат елді мекені де оның атын иеленуге сұранып тұр. Себебі бүгінде Жасқайрат деген сөзде қандай мағына қалды?! Әрі ол ежелден келе жатқан тарихи атау да емес.               .
Алпысыншы жылдарда мектеп оқулығында Ығылманның «Исатай-Махамбет» дастаны кіргізілді. Оқушылар қызыға оқып, талдайтын, талқылайтын. Не себепті екені белгісіз, кейін ол «Қазақ әдебиеті» оқулығынан алынып тасталды. Әрине, бұл үлкен қиянат еді. Жас ұрпақты ерлік рухына тәрбиелейтін тарихи дастанның негізсіз шет қақпай көруі кім-кімді де қынжылтпай қоймаған. Бір кезде жіберілген осынау жөнсіздіктерді уақыт оздырмай қайта жөнге салар кез жетті.                      .
ХХІ ғасырдың бастапқы жылында ақынның туған жері – Қызылқоға ауданы еседе кеткен сол кемшіліктердің орнын толтыруға бағыт ұстап, дүйім жұртты жинап, Ығылманын аялап, оның туғанына 125 жыл толуына арналған кең көлемде ғылыми-теориялық конференция өткізіп, тамаша бастама жасады. Қызылқоғалықтарды облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қолдап, «Заманының озық ойлы ақыны» атты ауқымды мәдени шарамен одан әрі жалғастырып кетті. Бұларға ілесе «Атырау-ақпарат» коммуналдық-мемлекеттік кәсіпорны қаржыландырып, шығаруды қолға алған атыраулық қаламгерлердің көптомдық шығармаларының ілкі алтауының қатарында Ығылман Шөрекұлының мұралары тұруы ерекше қуаныш. Осы жан жадыратар игі істердің ұйытқысы болғандарға халық атынан айтар алғыс мол. Бастама баянды өріс тапқай!                                              (Соңы)

Төлеген Жаңабайұлы,   Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті, Қазақстанның Құрметті журналисі,
Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы.

 

Aqsaqaldar.kz

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер