«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Тарих жазған алашқа . жырыменен…
Тарих жазған алашқа . жырыменен…
Дайындаған: 5 күн бұрын

Aқын Ығылман Шөрекұлы   өз заманының айтулы сөз зергері

Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі, көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, профессор Халел Досмұхамедұлы «Қазақ халық әдебиеті» атты еңбегінде соңғы екі ғасыр беделінде өмір сүріп, есімдері ел есінде қалған қазақ ақындарының ілегін атаған кезде Ығылман Шөрекұлы атын нағыз орта белде келтіріпті. Ал Қазақстанның халық жазушысы, атақты ақын Хамит Ерғалиев өзінің «Өмір өрнегі» атты кітабында туған өңірі хақында тебіренген сәтте: «…Әр уақыт сенің даңқыңды паш қылатын жыршыларың ше? Ығылман Шөреков, Досы Тілегенов, Әбу Сәрсенбаев, Зейнолла Қабдолов, Ғабдол Сланов, Берқайыр Аманшин, Нұрмұқан Жантөрин, Зарифа Сүлейменова, Сейілхан Құсайынов, Берік Қорқытов, Шәміл Әбілтаев, Дмитрий Арсентьев – бұлар секілді жыршыларың көп қой сенің» (Алматы, 1986 ж. 205-бетте) деп Атыраудан шыққан ардақтылардың ішінен ойып алып, Ығылман ақынды ең бірінші етіп қалам ұшына іліктіріпті. Демек, оның есімінің ХХ ғасырдың ілкі кезеңінен бастап қазақ зиялыларының көңіл түкпірінде қонақтауы, заман көшіне ілесіп, ардақталуы тегін болмағаны.

Қай ақынның болса да, әсіресе, ауыз әдебиеті өкілдерінің өткен өмір жолдары, ғұмырнамалары өлең-жырларында өрнектеліп, іздері сайрап жатады. Түсініп болмайтын қилы кезеңнің перзенті, айтулы ақын Ығылман Шөрекұлы да өзінің ұзақ өмірбаяндық толғауын былай бастаған:
Пендеге зор, дәреже ғылым, білім,
Бір Алла дана қылар сүйген құлын.
Болғанда мың сегіз жүз жетпіс алты,
Сол екен дүниеге келген жылым.

Дүниеге келген жылым тышқан екен,
Сол жылдың жазға салым тұстары екен.
Қамалдан үш күн бұрын жерге түсіп,
Доңыздан сол себепті тысқары екем…
Өкінішке қарай, мен 1975 жылы Мия­лы селосында Сарман Ғапурин қарттан жазып алған осы жолдардың ары қарайғы жалғасы ол кісінің жадында жөнді сақталмапты. «Көлемді толғау еді, әттең-ай, көп жыл үзеңгілес жүргенде дұрыстап зер салып, толықтай жаттап алмаппын ғой. Білетінімнің өзін, жасымның ұлғайғандығы ма, ұмытып қалыппын» деп қынжылып еді ол. Бірақ қос шумақтың өзінде Ығылман Шөрекұлының қай жылы туғаны, айы, күніне дейін айна-қатесіз айқын жырланған. Демек, ақынның дүниеге келген кезі – 1876 жыл. Оған талас жоқ. Ескіше жыл қайырғанда да ол ақынның өзі айтқандай, тышқан жылына тұспа-тұс келеді. Ал жерге шыр етіп түсіп, кіндігі кесілген мезгілі қамалдан үш күн бұрын екен. Тоғыс есебінде қамал қазіргі наурыздың 22-сінен басталады. Одан үш күнді шегергенде наурыздың 19-ына сәйкеседі. Атырау аймағының Тайсойған-Бүйрек өңіріндегілер наурыздың 14-ін қазақтың жыл басы деп ерте бас­тан бері төс қағысып, көрісуді бастайды. Сонда ақынның туу сәтінің доңыз жылынан тысқары қалу себебі де анықталады. Сөйтіп, осы деректерге сүйеніп, қорытынды жасағанда Ығылман Шөрекұлы 1876 жылғы наурыздың 19-ында туған.
Енді бір қуанышты жайт бар. Ол – Ығыл­ман ақынның өмірбаяндық толғауы­ның жалғасының табылғандығы. 1996 жылғы мамырдың 6-сында Атырау облысындағы Балықшы ауданының Теңдік ауылының тұрғыны, ҚР халық ағарту ісінің озық қызметкері Рахметжан Бақтияров маған жоғарыда келтірілген алғашқы шумақтарға қоса тағы алпыс алты жолын жазып берді. Бірақ ақынның баяндау желісінен аңғарғанымыз – бұл әлі бастау тұсы. Толғаудың әрі қарайғы жалғасы біршама ұзақ болуға тиіс. Өйткені, біздің қолымыздағы нұсқада Ығылман ақын өзінің төрт жасқа шыққанға дейінгі өмірін, сол кездегі ел ішіндегі хал-ахуалды баяндаған. Бір қызығы, әрбір жылға жеке-жеке тоқтап, табиғатты, жұт әкелген тарымшылдықты, одан кейінгі құдайдың несібені қалай төккенін дәлме-дәл кестелеп отырған. Осы бағытпен жырлауды жалғастырған болса бұл, сөз жоқ, көлемді дүние.
Ақын толғаудың кіріспе бөлігінде өзінің қайда туғанын, қай жерде мекен еткенін айқындап айтып берген. Оның:
Тайсойған сонда менің туған жерім,
Кіндік кесіп, кірімді жуған жерім.
Сары май пысысын деп тұзға салып,
Құндақтап қол-аяқты буған жерім.

Қаракөл сонда менің мекен жерім,
Ғұмырға дәурен сүріп кешкен жерім.
Бөбектеп, балапандай ақ сүт беріп,
Құндақтап қол-аяқты шешкен жерім, – деуі ел арасынан біздің жинаған бұрын­ғы деректерімізбен толық үйлесім табады. Демек, оның дүниеге келген жері – Тайсойғанның қалың құмының ортасында, Жыңғылды көл алқабындағы Қаракөл қыстауы. Ғұмырының дені сол мекенде өткен. Жаз жайлауы – Шыбынды, Сорқуыс маңы. Дәл осы арада ескере кететін бір нәрсе – Қызылқоға ауданында тағы бір Қаракөл деген жер атауы бар. Ол Ойыл өзенінің аяқ тұсында орналасқан ірі елді мекен.
Ақынның өмірбаяндық толғауының жалғасының Жайық бойындағы Рахметжан Бақтияровтан табылуының сыры неде? Оның мәнісі – біріншіден, негізінен Рахметжанның өзі сол Тайсойған-Бүйрек өңірінде туып, сөзге қонақ беретін, озық ойлы, жергілікті адамдармен аралас-құралас өскен көзі қарақты кісі. Екіншіден, ел аузындағы ескілікті жыр-қиссаларды, шешендік сөздерді, тарихи әңгімелерді жинастыруға әуелден әуес, құлағы түрік жүретін зиялы азамат.
– Бұл толғау, – деді Рахметжан Бақтияров,- 1950 жылғы мамырда Қамыскөл деген жерде Сарман Ғапуриннен жазып алынды. Оған себеп болған – сол жылы Ығылманның туған жылы, шығармалары жайлы дерек ізделуде деген хабардың естілуі еді. Содан кейін Ығылман Шөрекұлына «Исатай-Махамбет» дастанын жазғызуға бірден-бір дәнекер болушы ғалым, қоғам қайраткері Халел Досмұхамедұлының туған жиені, ақынмен жақын таныс, әрі қосшы баласы болған Сарман Ғапуринге бардым. Ол кісі менің жездем еді, Ығылманның өлеңдерін жатқа соғатынын білетінмін. Сарман жездемнен сол жолы осы үзіндіні жазып алдым да «Лениншіл жас» газетіне жібердім. Одан өзге де жырларын ести тұра қағазға түсіріп алмағаныма өкінемін.
Ақынның қайтыс болған уақыты, мүрдесі жатқан орын да күні кешеге дейін оның кітаптарында, ғалымдардың зерттеу еңбектерінде әртүрлі жазылып келді. Мәселен, Ығылман Шөрекұлының 1976 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Исатай-Махамбет» атты дастаны мен өлеңдер кітабының кіріспе мақаласында «Ығылман Шөреков 1931 не 1932 жылы қысқа қарай қайтыс болған. Бейітін біреулер Тайсойғандағы Сорқуыс деген жерде, енді біреулер сол құмдағы өзінің қыстауының қасында деседі, қайсысында екені әзір анықталған жоқ» делініпті. Сірә, кітапты құрастырушы (кіріспені де өзі жазған) белгілі ақын, әдебиет зерттеушісі, марқұм Берқайыр Аманшиннің мұны жазғандағы түпкі мақсаты көпшілікке ой тастау, белгісіз жайттарды тиянақтап, анықтауға шақыру болғанға ұқсайды.
Сол өңірде өсіп, қолға қалам ұстап, әдебиет әлеміне жақын жүргеннен соң жыр сүлейі атанған Ығылманға байланысты біраз мағлұматтарды шамам жеткенінше жинастырғаным бар. Әр жылдарда көптеген көнекөз қарияларға жолығып, әңгімелестім. Солардың ішінде Қарабауда тұрған, жасы ақыннан жиырма жас кіші Шыңғыс Көжекұлы деген ақсақалдың Ығылман Шөрекұлының дүниеден озған жылы, айы, күні жайлы айтқан бұлтартпас дерегі көкейге қонымды болды. «Мен,– деді ол, – 1928 жылы тәркілеу кезінде әлділер қатарына жатқызылып, Орынбор жаққа жер аударылған едім, содан кеңес үкіметінен арнайы рұқсат болғаннан кейін 1933 жылы Тайсойғанға қайта оралдым. Келсем жақсы көретін ағам, елдің бетке ұстар сөз ұстасы Ығылман қайтыс болыпты. Қабырғам қатты қайысып, оны қолынан қара жер қойнына тапсырған адамдардың бірі Ерғали Құлманиязұлына барып, қашан өлгенін, қайда жерленгенін сұрадым. Сонда ол: «Өткен жылы (1932 жыл – Т.Ж.) әсет айы­ның 15-і күні (осы күнгі күн санау реті бойын­ша тамыздың 3-і) қайтыс болды. Бейіті Сорқуыстың қасындағы төбенің басында» деді. Мені бастап апарып бата етті».
Шыңғыс Көжекұлының бұл айтқанын Ығылманды қолдарынан жерлеген қарттар Мұқамбет Қожақметұлы, Сарман Ғапурин, әкесі қасына ертіп барған Теңелбай Әбілғазыұлы және басқалар да растап, сендіре түсті. Жыр жампозын жер қойнауына тапсыруға, сондай-ақ Нұрғали, Атамұрат, Нұржау, Жақсығұл, Төремұрат сынды ауыл адамдары қатынасқан.
Ақынға ру жағынан алғанда туыс, жақын адамдар Тайсойған құмында, Балабейіт, Жасқайрат елді мекендерінде, жалпы Қызылқоға аймағында көп-ақ. Солардың ішінде елді аузына қаратқан шежіре, 1986 жылы 108 жасқа келіп о дүниелік болған Жәлеке Зұлқанұлы сынды қария болып еді. Ол Таймастан өрбіген екі баланың бірі Дәріден тараған ұрпаққа жатады. «Исатай-Махамбет» дастанында айтылған:
…Өтіп кеткен бабамыз
Сыралы мен Дәріге
Қарын бөле секілді –
Бірге туған анасы, – делінген батыр Исатай Тайманұлына бөле, кәдімгі Дәрінің шөбересі. Дәріден – Тасыр, одан Зұлқан, оның баласы Жәлеке болып жалғасады. Жәлекенің ұлы шебер домбырашы, бір кезде Дина Нұрпейісова атындағы ұлт аспаптар оркестрінің құрамында дүбірлі байқауларға қатысқан Әлдеш, оның балалары ата-баба жұртында өсіп-өніп келеді (Осы тұста ескерерлік бір нәрсе бар, ол дастанның соңғы басылымдарында Дәрінің аты Дәріке деп қате басылып жүргендігі).
Ығылманнан бар болғаны екі жас кіші Жәлеке қарт жүзге таяған шағында немересі Аманжолды әдейілеп Сорқуысқа ертіп апарып, қалың қауымның ішінен бір орынды көрсетіп, осы жерде қазақтың ақыны Ығылман Шөрекұлының мүрдесі жатқанын, оның қашан да болса ізделінетінін айтып, мұқияттап көрсетіп, белгі қағып, сұрағандарға тауып беруін аманаттаған еді. Кейін ақынның қайда жерленгенін айқындау қажеттігі туындағанда Жәлеке қарт бізге де, Қызылқоға ауданының басшылары Аташ Досалиев, Мыңбай Жарылғағанов, кеңшар директоры Мырзабай Айшуақов және басқаларға көзі тірісінде Ығылманның бейітін өзі аяқтай барып, өз қолымен көрсетіп беріп үлгерді. Ақыры, оның басына ескерткіш белгі қойылды.
Қорыта келгенде түйін мынау: Ығылман ақын 1932 жылғы тамыздың 3-інде қайтыс болды. Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Жасқайрат деп атап жүрген бұрынғы Халел Досмұхамедұлы атындағы асыл тұқымды қаракөл қой зауытының Сорқуыс ауылының іргесіндегі қауымда жерленген. Сол жерде Халелдің ата-бабаларының да мүрделері жатыр.
Ығылман ақынның руы – Беріш. Оның екі баласының кенжесі Байсейіттен тарамдалады. Одан Қитас туған, Қитастан Жайық жаралған. Міне, өздерін «Жайық Берішпіз» деп атайтын бір тайпа ел ежелден Тайсойған құмын, Ойыл өзенінің төменгі сағасын мекен етеді. Сол Жайықтың үш ұлының бірі Дәулеттің Тумаш атты баласынан Ерназар, Жаубасар, Сейіт, Нияз деген төрт перзент болған. Алдыңғы үшеуінің ұрпақтары негізінен Атырау облысының Қызылқоға, Индер аудандарын қоныс етіп келеді. Батыс Қазақстан облысының осы аудандармен шектес жерлерінде де тұратындары бар. Ерназардан Алдар, Абдан, Көшім, Мәнтай болып өрбиді. Алдар – алты Алашқа аты мәлім, беделді би, оны әйгілейтін ауызша жеткен де, жазбаша сақталған да деректер баршылық. Солардың бірі атақты ақпа ақын Мұрат Мөңкеұлының өлең жолдарында өрнектеулі. Ақын Орынбор шаһарында оқыған зиялы азамат Дәулетүмбет Машақұлына жыр жолдауында:
…Ерназар беріш құтпаны – атаң Алдар,
Белгісі қас жақсының халқын қамдар.
Дос болған атаңменен Әбілқайыр,
Әуелден беріште озған бір белгің бар.
Асылдың азбай жүрген тұқымы едің,
Шырағым адаспас деп үмітім бар,– деп арғы бабасы Ерназармен қатар атасы Алдарға да жоғары баға береді. Оның Әбілқайыр ханмен дос болғанын ерекшелеп атап көрсетеді. Шындығы да солай. Алдар небір марқасқалар санасқан, атағы жер жарған би, төрелердің өздері тоқтап, ақылдасқан дана адам. Оған тағы бір дәлел ақын Шынияз Шанайұлының «Жаңа низам» атты толғауындағы мына жолдар:
…Хан болған одан кейін Нұралы еді,
Төренің «Арқар» деген ұраны еді.
Хан ауылын Сырым шауып тоздырғанда,
Ақылды Алдар биден сұрап еді.
Демек, алдына жан салмайтын сұңғыла шешен, байламды би, белгілі батыр Сырым Датұлының өзі ақыл сұраған Алдар қандай ардақтауға да лайық ірі тұлға.
Сол Алдар бидің алты баласының бірі Таймас – ақын Ығылманның арғы атасы. Ұғынықты болуы үшін айқындап талдасақ, Таймастан Сыралы мен Дәрі тарайды, Сыралыдан Шолық, одан Шөрек туады. Шөрек біз сөз етіп отырған Ығылманның әкесі. Ел аузындағы деректерге қарағанда, Алдар ұрпақтарына тән қасиет дарыған Шөрек те өз заманының сауатты, білікті азаматтарының сапында болған.
Тарихшы-этнограф Нәумет Көшекбаев­тың сөзіне жүгінсек:
– Иә, салақтық ғалымдарда да, қарапайым адамдарда да, астанада да, ауылда да жетіп жатыр, Исатайдың жанында екі хатшысы болған. Олар – Төлек пен Шөрек. Бар көрген-білгендерін жазып қалдырған ғой. Ол орыстың жылнамасы сияқты өте құнды мұра. Бірақ тек Шөректің жазбалары ғана бізге белгілі. Ығылманға жеткен сол атасының архиві. Осы архивті Ығылманнан Халел Досмұхамедов сұраған сияқты. Бірақ Ығылман екі жыл уақыт бер, дастан жазып жатырмын, соны бітірген соң берем» десе керек. Ығылманның «Аламаны» 1925 жылы Ташкентте басылды. Ал Шөректің архиві қайда? Белгісіз («Исатайды іздеп келемін, іздей беремін»/ «Атырау» газеті, 1991 ж. Қазанның 15-і).
Бұған қарағанда, Шөрек ­тарихи оқиғаның бояуын өзгертпей қағазға түсіріп, хаттауға қатысқан, оның шындық күйінде бүгінге жетуіне дәнекер болған санаулы адамдардың бірі болып шығады. Мұның ақиқатпен әділ қабысатын тұстары да мол. Себебі, ақын Ығылман өзі қатыспаған көтерілістің бүкіл жүрісін, өрбуін, адамдардың аты-жөндерін, мекенжайларын дәлме-дәл білген. Бәрі тарихи деректермен сәйкес келеді. Әсіресе, көтерілістің екінші кезеңі, Тайсойған, Ойыл, Сағыз, Жем, Маңғыстау, Хиуа өңірлерінде болғанда Исатай-Махамбет қолдарын халықтың қабылдауы, Ақбұлақ бойындағы қанды қырғын қисынды суреттеледі.
Осы күнге дейін бұл дастанда айтылған­дарды бұрмаланған, жалған деушілер болған емес. Бірен-саран адамның аттарында, жасқа байланысты анықтауды, дәлелдеуді қажет ететін жайттар болмаса, бәрі де болған оқиғалар ізінен алшақ кетпеген. Сайып келгенде, дастан нақты құжаттарға сүйеніп жазылған. Бұл – бір.
Екіншіден, ғалым Халел Досмұ­хамедұлы өзінің «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат» атты еңбегін қағазға түсіргенде белгілі бір құжаттарды, мәліметтерді негіз етіп алғаны көрініп тұр. Сол құжаттардың бірі Шөректің архиві болуы ықтимал. Сондай-ақ Х.Досмұхамедұлы осы еңбегінде «Құлманұлы Бақтыгерейдің айтуынша, Оралдағы уақытша сәбеттің архивінде Исатай-Махамбет туралы 27-том іс бар» депті («Исатай-Махамбет». Алматы, 1991, 43-бетте). Ол қандай іс? Көтеріліс жайлы қолданылып жүрген архивтік құжаттардың ішінде сол істер бар ма? Бар болса оған Төлек пен Шөректің жазбалары кірген бе? Зерттеп, нақтылауды, дәлелдеуді талап ететін жайттар.
– Малдың жазғы қонысына ыңғайлы болған соң, – деп еді Тайсойғанда отырған бақташы Амангелді Жайкин, – Халел ставкасының (штаб мағынасында – Т.Ж.) маңынан, Қаржау талының қасынан жаздық шағын тас үй салып алдым. Шағыл ішінде ескілікті құмыра көп болды. Осы араны ұзақ жылдар бойы мекен еткен қарт Мұса Жантөрин: «Ставканың жарын бұзғанда тастың арасынан көп кітап, қағаздар шықты. Оны қорқып, сол маңға бір дөңгелектің астына қайта көміп тастадық» деген болатын. Бүгінде Мұса ақсақал бұ дүниеде жоқ. Көміндінің қайда екені бізге таптырмады.
Амангелді Жайкин әңгімелеген кітап, құжаттар алашордашылар қуғын-сүргін күй кешкен кезеңде тығылған емес пе екен? Ішінде Ығылман ақын пайдаланған Шөректің жазбалары болуы ғажап емес-ау? Қазір олар табылған күнде де сақталу тәртібі бұзылғандықтан кәдеге аспайтын күйге ұшырағаны кәміл. Өкінішті-ақ.

        «Исатай-Махамбет» дастанының тарихи шындық тұрғысынан орамды жазылуына ілкі ұйытқы Шөрек жазбалары болса, ал шығарманың өмірге келуіне түрткі болған, оның жарасты желі тартуына келісті кеңес берген, алыс шаһарда кітап етіп басылып, жалпыға жария етілуіне бірден-бір себепкер ақынның жерлесі, ғалым Халел Досмұхамедұлы. Оны Ығылманның өзі де:
Тәржіме халін ерлердің
Жырлап жазсаң нетеді деп,
Ел үшін еткен еңбегі
Жарыққа шықпай кетеді деп.
Көз жұмып дария кешпесең,
Ұяда жаның барында
Сөз түйінін шешпесең,
Жалғанда жазым дүние боқ
Сенен де бір күн өтеді деп,
Үйренген бастан бір мінез –
Шабан едім бой күйез,
Ұйқымнан жатқан оятып,
Тұрғызды сөзбен жетектеп,
Немесе:

…Ел қамын жеген ерлердің,
Сөз білген жанда хақы бар.
Жоқтаған күнде арымды,
Халдерін тарих етпесек,
Сөз қалдырып кетпесек,
Кейінгіден кім айтар,
Сөз білгендер арылды, – деп ашып айтып кеткен.
Ығылман ақынның ең үлкен бітірген шаруасы – «Исатай-Махамбет» дастанын бірегей туынды деңгейінде тудырып, келер ұрпақтар еншісіне қалдырып кетуі. Оны ғалымдар Қажым Жұмалиев, Есмағамбет Ысмайылов, Қабиболла Сыдиықов, Берқайыр Аманшин және басқалар аса жоғары бағалап, дастанның құндылығын, шебер өрілген шежіре дүние екендігін зерттеу еңбектерінде заңды зерделеді. Ақиқатында бұл дастан қазақ даласын дүр сілкінткен көтерілістің, отаршылдыққа қарсы күрестің нағыз әдеби жылнамасы, тарихи оқиғаны көркем кестелеген мәңгілік мәнін жоймас мұра. Өкінішке қарай, саяси ағымға, кеңестік саясатқа орайлас 1925 жылғыдан кейінгі басылымдарда «орыс» деген сөз «патша» деп өзгертіліп, бірқатар жері өңделіп, жонылып, бірсыпыра жолдары қысқартылып басылды. Әйтсе де, сүйегі шымыр шығарма одан онша ақсаған емес. Қайта ғұмырын жоймай бүгінге аман-есен жетті.                                                                 (Жалғасы бар)

Төлеген Жаңабайұлы,   Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің доценті, Қазақстанның Құрметті журналисі,
Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы.

 

Aqsaqaldar.kz

 

 

 

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер