«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Ақынның мұңы мен жыры
Ақынның мұңы мен жыры
Дайындаған: 2 ай бұрын

Қасиетті халқымыздың жадында әрдайым сақталғанымен, кезінде атақ-жөнін атаудың өзіне мүмкіндік болмаған, жырлары шежіреге толы жырау Мұрат Мөңкеұлының есімі еліміз егемендік алғаннан кейінгі дәуірде кеңінен атала бастады. Ертеректе Мұраттың өлең-толғаулары мектеп оқулықтарынан шығарылып тасталған кезде Қажым Жұмалиев: «Мұрат Мөңкеұлы – өз дәуіріндегі тілі бай, күшті ақындардың бірі. Әлеумет өмірінде болған әртүрлі қайшылықтарды көрсетуі, елін сүюшілігі, халықтың ісі үшін күрескен батыр ұлдарын жыр етіп, ерлік өмірі мен ісін кейінгі ұрпаққа үлгі етуі, өнегелі тіл байлығы біздер үшін керек», – деп жазған болатын. Алайда, 1959 жылы Алматыда өткен, әдеби мұраны зерттеп, бағалауға арналған ғылыми конференцияда Мұрат, Шортанбай, Дулат шығармалары халыққа жат деп танылды. Олар тек жоғары оқу орындарында шолу түрінде оқытылуы қажет деген тұжырым жасалды. Ал шындығында Мұрат шығармаларының көркемдік дәрежесі өте жоғары еді. Ол ел басындағы елеулі оқиғаларды, басқыншыларға қарсы жанқиярлық күресті, атақты адамдарды дәріптеп, әдет-ғұрыптардың қалың топқа әсерін білуге ерекше назар аударған ақын болды.

       Мұрат ақын – Кіші жүздегі он екі ата Байұлынан тарайды. Байұлының Байсейіт деген баласынан Қитас, Тілес туса, Тілестен – Бөкен, Қаратоқай тарайды. Қаратоқай атамыздан Аққұлы, Айтболат, Андықожа, Шындыке, Бердіке деген бес бала бар. Мұрат Аққұлыдан өрбиді. Аққұлының Қарабие, Жиенбай, Өтеғұл, Маман, Құлсары, Жарылқасын деген алты баласы болған. Ал Жиенбайдан Рақпан, одан Аман, Аманнан Мөңке туады. Мұрат – Мөңкенің екінші ұлы. Мөңке­нің үлкен баласы Матай да кезінде күшті ақын болған.
      Ақын өмірін зерттеген Х.Сүйіншәлиев «ХІХ ғасыр әде­биеті» деген кітабында «Әкесі Мөңке өз еліне аты мәлім дәулетті адам. Тайсойған, Қа­ра­бау жерлерін мекендеген Қаратоқай ұлыстарының беделді биі», – деп жазған. Ал жазушы Сәбит Мұқанов пен академик Қажым Жұмалиев еңбектерінде «Мұраттың әкесі, Мөңке кедей шаруа, әрі момын адам болған» деп көрсетіледі. Қазірде «Мұратың әкесі бай, сөзін өткізе алатын би болған екен» деген мағлұматтар жиі айтылады. Дегенмен, ақын әкесі қайтыс болғаннан кейін жетім қалып қой баққаны, жеті жасынан өлең шығарғаны шындыққа жанасымды сияқты.
       Мұрат шығармалары туралы айтылғанда жұртшылық оның айтыстарына елеңдеп, әсерлене тыңдайды. Оның жасынан елдік мазмұндағы мағлұматтарды жетік білуіне жақын атасы Есеттің ықпалы болған. Оның ақылы жас ақынға қатты әсер еткен. «Сен айтысқа қатыссаң, сөзді бірінші бастауға тырыспа. Содан соң қарсы ақынның жеке бас кемшілігіне тиісе берме. Қайта еліңе елеулі тұлғаларды, батырларды, халық сыйлайтын адамдарды үлгі тұтып айтуға тырыс», – деп келелі кеңесін берген.
Мұрат кезінде Жаскелең, Бала Ораз, Жантолы, Тыныш­тық, Ізім шайырлармен айтысқан. Тіл қағысуы, дидарласу сөздері жақсы сақталған. Мұраттың айтыстары негізінен қайымдасу түрінде келеді. Ол қайым өлеңдердің жолдарын қайыра қолданады.Ал Жылқышы деген ақынмен айтысы оның жасырақ кезінде болған. Ақын айтыстың соңғы жағында ел қорғаған ерлерді, мырзалылығымен белгілі болған азаматтарды, қайырымды дәулет иелерін кеңірек айтады.

         Жалпы,Сыпыра, Асан, Қазтуған, Шалкиіз, Жиембет, Доспамбет, Махамбет, Шернияз, тағы басқалардың бірталай шығармалары бізге осы Мұрат секілді ақындардың айтуымен жеткен. Мұратты өз көзімен көрген маңғыстаулық Мұрын жыраудың айтқан естеліктерін құнды дерек ретінде қарастыруға болады. Ол өзіне бала кезінде алғаш жыр үйреткен Мұрат екендігін мақтан еткен. Ол Мұрат­тан «Едіге» жырын, кейін «Қырымның қырық батыры» цикліне қарасты барлық жырлар шоғырын үйренген.
Мұрын жырау «Мұрат мен көрген ақындардың ішін­дегі ең күштісі еді», – деп баға­ла­ған. Ақынның «Үш қиян», «Са­рыарқа», «Қазтуған», «Әттең, бір қапы дүние-ай» атты толғау­лары өзара байланысты, сарындас шығармалар екендігі белгілі. Мысалы, «Үш қиян» мен «Қазтуғанда» отаршылдар қысы­мынан қиналған елдің жайын өрнектелсе, «Сарыарқа» мен «Әттең, бір қапы дүние-айда» қоян жұтының ауыр зардаптары баяндлады.
Мұнда ақын Атырау аңғары, Жайық, Ойыл, Қиыл, Жем, Сағыз ойпаты туралы толғанып, олардың қолдан шығып кетіп, елдің мейірімсіз жаудан жәбір көргендігін, барар жер, басар тау қалмай бара жатқандығын айтып торығады. Дәулеттіден бақ таяды, ақыл ақшаға жүгінеді, пәле-жәле көбейеді, арамзалар болыс болып, ел билейді. Заман түзелмеске бет бұрады. Міне, Мұрат жырларының негізгі сарыны – осы.
Замана қайтып түзелсін,
Қоңсыдан туған би болды.
Ақылсыздың баласы,
Ақшасына сүйеніп,
Айтқан сөзі пұл болды.
Заманың мұндай сұм болды.
Осылайша ел арасындағы келеңсіз жайларды санамалап жырға қосқан ақын келешекке күдікпен қарайды.Батпандап кірген кеселдің мысқалдап шыға қоймайтынына налиды. Ұлтқа зиянын тигізетін әрбір нәрсеге қарсы көзқарасын білдіреді. Бұл кезде біз оның ақындықтың дейгейінен шығып, қай­раткерліктің бигіне көтерілгеніне куә боламыз. Алайда бұл – жалғыз Мұратқа ғана емес, сол тұстағы барлық ақын-жырауларға тән нәрсе. Олар жекелеген жұртқа елеулі ескертпе айтып қана қоймай, тұтас халықтың тағдырына алаңдады.
Мен қауіп еткеннен айтамын,
Ақ борықтай иілген,
Кейінгі туған баланың,
Ұстай ма деп білегін,
Шаяма деп жүрегін,
Шашын, мұртын қойдырып,
Ащы суға тойдырып,
Бұза ма деп іреңін.
Адыра қалғыр заманның
Мен жаратпаймын сүреңін, – деген Мұрат ақынның тол­ғамдарын осы тұрғыдан ұғы­нуымыз керек.

         Қазақ еліне тұтқа болған Асан Қайғы, Қазтуған, Орақ, Мамай, Телағыстар өздерінің жанына жаққан ата қоныстарынан амалсыз үдере көшуге мәжбүр болыпты. Сондықтан, Мұрат «Олардан қалған қоныстың енді кімге жақсылығы бұйырар екен?» деп жан жүрегі езіліп, кеңсірігі аши отырып, күйзеледі.
Мұраттың «Қазтуғанын» «Үш қиян» толғауының логикалық жалғасы деуге әбден болады. Оның негізгі қаһарманы – тарихи адам. ХV ғасырда өмір сүрген батыр, әрі шешен тұлға. Ол Еділ мен Жайық арасын мекен еткен жампоз жырау. Қабыршақтыны қыстаған Сүйінішұлы Қазтуған. Ақын осы Қазтуған арқылы өз ойын мәнерлеп, терең оймен толғанады. Шығарма әрқашан оқуға да, тыңдауға да ұнамды, жүрекке жылы тиетін туынды екені анық.
        Мұрат ақынның ең көлемді туындысы – «Қарасай-Қази» жыры. Ол Орақ батырдың және оның балалары Қарасай мен Қазидың ерліктері туралы шығарма. Ноғай-қазақтың даңқты батыры Орақ күншіл ағайындардың кесірінен қаза болады. Орақтың досы Ақмырзаның қоштасуы, кәрі шешесінің жоқтауы, әйелінің азалы зары ерекше әсерге толы.

        Мұраттың «Айжарыққа», «Есенғали болысқа», «Есентемір Тұрабай болысқа», «Қарақожа болысқа», т.б. өлеңдері елдегі болыстық билікке таласуға, сайлауға наразылық білдірген туындылар екендігі анық. Мұрат – сұлулықты, көркемдікті бағалай білген ақын. Оның «Қыз» деген өлеңінде сұлудың сырт көрінісі, елге үлгі болар арудың ақылы мен мінезі, іскерлігі, жүріс-тұрысы, киім киісі түгел дерлік қамтылып, бір адамның бойына жинақтап, жырланады. Жалпы «Айдан сұлу болар ма?», «Жігітті көркем көрсеткен», «Асқар, асқар, асқар тау», «Мен белгілі жүйрікпін», «Ер өлмейді демеңіз», «Дүниенің төрт бұрышы», тағы басқа түрленген тіркестер жұрттың жүрегінде әбден жатталған.


        Мұрат ескіше хат таныған. Өлең­дерінің көбі жазбаға түскен. Сұңғыла ақынның көп­теген өлеңдерін Ығылман Шөрекұлы жадында сақтап,біздің заманымызға жеткізген. Мұрат ақын туралы кезінде Халел Досмұхамедов былай деп жазды: «Мұрат – мақтау өлең айтып мал таппаған адам, заманындағы ұлықтарға шығарған сықақ сөзі көп. Сондай-ақ, Мұрат орынды жерде ешкімнің бет-ажарына қа­рамай, тиісе сөйлеуден тайын­баған».

        Жалпы, Мұратты сал демейді, бірыңғай ақындықпен айналысқан адам деп білеміз. Ол 1843 жылы Қарабау ауылында туған, 1906 жылы Мәмбет құмындағы қаратоқай ағайындарына барып келе жатып, Өрлік тұсында шеркеш Шалда деген жолдасының үйінде қайтыс болады. Оның сүйегін тілеулестері казактардан жасырып өткізіп, қазіргі Жарсуаттың іргесіндегі қорымға қояды. Ақынның осындағы жерленген жерін тауып, белгі қойған осы ауылдағы аталастары Жөкес Кенжеғалиев пен Бердеш Есбосыновтың есімдерін құрметпен атауға тиіспіз.

         Мұраттың нағашысы адай руынан екен. Ақын аштық жылдарында Маңғыстауға барып, нағашылары Азамат, Саламат, Сәмет деген кісілерді паналаған. Ақын Қараша деген кісінің Қырықжылқы деген қызынан туған дейді. Қайын жұрты есен беріш Иман деген кісі екен. Ақынның Сары, Дәулетқали деген екі баласы, Сәбила атты қызы болған. Сары өмірден ерте кеткен. Ол алты жасар кезінде ауырғанда іші кеуіп, домбыра тартқанда тәуір болып, іші басылады екен дейді.

          Мұраттың ұлы Дәулетқали да біршама танымал ақын болған. Ол Орал қаласында өткен Жазушылар одағының съезіне барған. Оған Дәулетқалимен бірге Хамит Ерғалиев, Жәрдем Тілеков, Уәли Жайықов, Сағат Төлебаев, Құлмағанбет Бөріқұлақұлы, Сұраубай Үтібаев, Жанаш Нұрмұқанов сияқты қаламгерлер қатысқан. Осы жиында түскен суретті кезінде Ембіде тұрған Жанашаға бізге арнайы жолдаған еді. Онда топтың бір жақ шетінде Дәулетқали отыр. Дәулетқали «Сөйлемеймін мен неге, төрт аяғым тең жорға, Мен Мұрат ақын баласы» деген ырғақпен жырлайды екен. Қазіргі ғылыми айналысқа түскен суретті атақты суретші, жерлесіміз Мұхит Қалимов салған. Онда ақынның қараңғы түнектен жарық дүниеге үмітпен, жігермен қарап тұрғаны бейнеленген.

         Қай кезде де Мұрат ақынның жоқ­шылары табылып, ол туралы дүркіндеп жазылып тұрды. Өз дәуірінде Халел Досмұхамедов, Қажым Жұмалиев, Ханғали Сүйінішәлиев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқановтар түрлі зерттеулерін, танымдық мақалаларын жариялады. Ал ғалым-зерттеуші, осы Мұрат ақын туралы кесек-кесек ғылыми еңбектерін жариялап жүрген Бауыржан Омарұлы ініміздің еңбегі ерекше атап өтуге лайық. Жалпы, мұраттанушылар туралы өз алдына бір мақала жазуға болады. Оны алдағы күндердің еншісінде қалдырдық.
Ақынның биылғы 175 жыл­дығы жерлестеріне де үлкен абыройлы мін­деттер жүктейтіні айқын. Баршамыз ақын рухын аялап, оның шығармаларын бүгінгі ұрпақ арасында кеңінен насихат­тауға тиіспіз. Әрбір оқушы кемінде Мұрат­тың екі-үш өлеңін жатқа білуге тиіс­ті десек, оның несі мін?! Мұрат ақын­ның ескерткіші де ойда болу керек дейміз.
…Тайсойған, Орал бойы
жүрген жерім,
Қызығын дәулетінің
көрген жерім.
Ат мініп мырзалардан,
нар жетектеп,
Қиғаш қас, оймақ ауыз,
бал тамақты
Күнінде асаулықтың
сүйген жерім,
– деп жырлаған Мұрат ақын есімі енді ұмытылмай, жылдар жылжыған сайын жаңғыра бермек деп ойлаймыз.

Сансызбай Базарбаев,  Қазақстанның «Құрметті журналисі»,           .                                              

Индер ауданының Құрметті азаматы.
 (22. Х. 2018ж)


Атырау облысы

 

qazaquni.kz

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер