«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Сөзі мірдің оғындай
Сөзі мірдің оғындай
Дайындаған: 10 ай бұрын

Қанапия  Басықарабаласы

 

Басықарабаласы Қанапия дегенде, көз алдымызға көзі көмір шоғындай, сөзі мірдің оғындай, екі иығына екі кісі мінгендей батыр тұлғалы жігіт елестейді. Шынында ол қандай кісі болды екен?! Өткен күннен қалған суреттер жоқ. Бірақ, ел аузында сақталған деректер бар.

Сарыарқаның атақты сал-серілері Біржан сал, Жаяу Мұса, Ақан сері, Сегіз сері, Құлтумалардың қатарында қостанайлық әнші-сазгер Қанапияның да болғанын көне көз қариялар күні бүгінге дейін айтып отырады. Қанапия Қостанай облысының Әулиекөл өңірінде, Қазанбасы орманының Бесағаш деген жерінде туып-өскен. Арғынның ішінде құлқай руына жатады. Атасы Бердібайдан: Медет, Шедет, Басықара туған. Қанапияның өзі төрт ағайынды: Есқожа, Арыстан, Әлекеш деген інілері болған. Өз кіндігінен ұл болмаған.

«Қанапия жүріс-тұрысы шапшаң, қызыл шырайлы, қою қара қасты, қыр мұрынды, кең маңдайлы, ажарлы кісі екен. Ақ шапан, үкілі құндыз бөрік киеді екен. Үкілі домбырасына моншақ тізіп алады екен», – дейді кезінде Қанапияның інісі Әлекешпен сөйлесіп, жас кезінде өзі де ол кісіні көрген Қойшыбайұлы Тәңірберген ақсақал. Көзі ашық, көкірегі ояу Қанапияның Біржан салға жазған достық хатынан оның сауатты болғанын байқаймыз.

«Мінсе берік, шапса жүйрік қазанатым,

Құлақ сал Телқоңырға, жамағатым!

Баласы Қожағұлдың Біржан салға,

Жіберген хатпен бұл бір аманатым», – деп дәстүрлі жыр үлгісінде басталған өлеңмен жазылған хат осыдан кейін Қанапияның өзіне ғана тән адуынды, өр кеуделі сөздерге кезек береді:.

«Мінуші ем кер бестіні, жылқы жия,

Біржанға арнап ақ  қағаз, алдым сия.

Сібір мен Орынборға атым шыққан,

Баласы Басықара Қанапия...

Тас бітер тау басына қия-қия,

Қолыма қалам менен алдым сия.

Әдейі бір-екі ауыз Біржанға арнап,

Сөз жазған осылайша Қанапия...»

деген Қанапия жыры көпшілікке ой салары анық.

Оның бізге жеткен туындылары қасқалдақтың қанындай ғана. Бірақ, аз да болса саз екенін айтуымыз керек.

Қанапия атақты ақын Нұрхан Ахметбековтың анасы, ақын қыз Әбішпен де айтысқа түскен. Бәлкім, ел ішінен табылып қалуы.

Е. Исмайылов «Ақындар» деп аталатын  халық ақындары творчествосына арналған монографиясында  Қостанай өңірінде туып-өскен халық ақындары Нұржан Наушабаев, Омар Шипин, Нұрхан Ахметбеков, Сәт Есенбаев шығармашылығына тоқталады. Нұрхан ақынның сөзіне сүйеніп, оның шешесі Әбіш 19 жасында Басықарабаласы Қанапиямен айтысып, жеңіп шыққан екен, – дейді.

Ақынның көп сөздері шешендік сөздер қатарына жатады: «Батырмен жолдас болсаң, халқын жауға бермегенін айтады, шешенмен жолдас болсаң, сөз өнерінің өрнегін айтады, мырзамен жолдас болсаң, көңілге жақпайтын қылықты айтады, ұрымен жолдас болсаң, қаныпезер бұзықты айтады, баймен жолдас болсаң, мыңғырған малын айтады, шалдуармен жолдас болсаң, қайдағы мен жайдағыны айтады, шаруамен жолдас болсаң, ботасы мен тайлағын айтады, шебермен жолдас болсаң, ұстарасы мен қайрағын айтады», – дейді.

Ауызекі айтқан сөздерінің бірінде: «Бір мәстекті әкеліп қораға байлап көр, алдына сұлы төгіп, көк шөп салып, бағып-қағып, сылап-сипап күткеніңді ұмытып, жал біткен соң тойынып, алдына барсаң, тістеп, артына барсаң, теуіп, жаман малды асырасаң, шоқтығына қол апартпас, жаман адамды сыйласаң, жанына қоңсы қондырмас. Білімсізді мырза десең, құлына санар, жалына жал бітсе, едірейіп шыға келер. Тектіге қызмет етіп, сыйлас болсаң, тарыққанында шапағаты тиер», – дейді.

Енді бір сөзінде: «Жігіт үйленбей кетпейді, қыздай алғанға жетпейді, қонақасы ішілмей кетпейді, шақырып бергенге жетпейді, дау бітпей кетпейді, би алдына жүгініп, әділдік болмай жығылсаң, өлгеніңше есіңнен кетпейді», – деп көсіледі. Қартайған шағында бір жиында отырып жастарға айтқаны:

«Құстай едім бір күнде,

Айдың көлден қу алған.

Біз қу алған ол көлдер,

Осы күнде суалған.

Батыр да болдық бір кезде,

Жігіт жиып, ту алған.

Мырза да болдық бір кезде,

Елдің сыйлап кәрісін,

Бай мен кедей, бәрісін,

Алғыс пенен бата алған.

Жастық дәурен өткен соң,

Күш пен қуат кеткен соң,

Бір сұмырай шал болдық,

Аузы-басымыз қуарған...»

Серінің інісі Әлекештің айтуы бойынша, Қанапия 1840 жылы туып, 1917 жылы наурызда 77 жасында сүзекпен ауырып, қайтыс болған. Ата мекенінде жерленген.

Бізбен әңгімесінде ақынның Қостанай қаласында тұратын жиеншары Үміт Аймұхамбетова  жасында құлағында қалған біраз жайдан сыр тиегін ағытқан еді.

Қанапия ақынның әкесі Басықара үлкен бай, әрі молда, әрі бақсы кісі болса керек. Ол кісінің бірнеше әйелі болған. Байлығы сонша, суаруға әкелгенде жылқыларының шеті көрінбейді екен, сонда да бәйбішесі су ішкен жылқыға қарап: «Шал-ау, біздің жылқы осы-ақ па?» – дейді екен.

Ұлдарының бірі Арыстан аса күшті болса керек. Табан тіреп тұра қалғанда, пар өгіз орнынан қозғалта алмайды екен. Жалғыз ұлы бір салып қалғанынан жан тапсыра жаздапты, содан былай ешкімді ешқашан жәбірлемеуге, қол тигізбеуге ант берген екен.

«Сол Арыстаннан Мұстафа деген ұл, Зейнеп деген қыз туған. Зейнеп менің әкемнің шешесі. Мұстафадан Смағұл, Ахметбек деген екі ұл туған. Бұл кісілер де әрі ақын, әрі домбырашы. Смағұл нағашым әрі үлкен молда болған кісі, Меккеге барған, жылан жұтқан бақсы болған деседі. Оның шындығын білмеймін. Облысымызда белгілі молда болды. Ол кісі «Атеист» деген журнал  жаздырып алатын. Үшкіргені ем болатын», – дейді Үміт.

Қанапия байдың баласы бола тұра, бар малын кедейге бөліп беріп, өзінікі біткеннен кейін басқа байлардың үйір-үйір жылқысын айдап әкеліп бір түнде сойып, қақтап, терісін далаға таң ата жайып қояды екен, қуғыншы көрсін деп. Келгендерге «Байекеңе айт, Қанапия айдап, сойып алды!» – деп қоя береді екен. Ал бірде қуғыншының бірі бой бермей, қол жұмсай бастағанда, оны даладағы бақанға байлап қояды. Шешесі шығып: «Босат, обал болады, ана сүтімді аспанға сауамын, жібермесең», – деген соң барып қоя береді.

Қыруар етті кедей-кепшікке бөліп берген сері өзі сол еттен ауыз да тимейді екен. Бұған налыған әкесі Басықара баласына теріс батасын беріп, теріс қарапты. Басықара айтқаны қалт кетпейтін бақсы  екен, бірде бір ағайын келіндерінің бірі Басықара әулетін балағаттап көкіп келеді екен, оны естіген Басықара шыдай алмай: «Ой, Құдай, қақ басынан қондырғыр!» – деген екен, әлгі әйел кіре бере табалдырықта екі қолымен басын ұстап, жан тапсырыпты. Ел сөзіне сенер болсақ, теріс бата алған Қанапия әрқилы кезеңді бастан өткізсе керек. Жолда тоқтаған ауылдары бірі сыйлап қарсы алса, бірі қорыққанынан асын береді екен.

Бірде мынадай жағдай болыпты. Қыс күні бір ауылға байдың үйіне келіп тоқтайды. Далада бөркін шешіп, қамшымен екі құлағын, екі аяғын тартып-тартып жіберіп (әдеті екен), атқосшысына: «Барып, Қанапия келіп тұр деп айт!» – дейді.

Қайтып келген оған: «Не деді?» – депті.

Ол: «Үндемеді», – дейді.

«Ендеше кірелік!»

Кіріп келсе, екі кісі төрде көсіліп, жастыққа жантайған, алдына ас қойып жатыр екен.

«Былай шығыңыз!» – деген үй иесінің сөзінен кейін барып дастарханға отырады, ана кісілер орын бермейді, сөйлеспей, менсінбей отырғанын білген соң, көзін қысып қалып, атқосшысына белгі береді, ол байқамағансып шамды сөндіріп тастайды. Шырпы іздеп әуре болып, шамды жақса, табақта дым жоқ. Қонақтар бірі қазы, бірі қарта руынан екен.

«Сіз кімсіз?» – деген сөзге Қанапия: «Сендер бірің қазы, бірің қарта болсаң, мен жаямын», – деп дүрсе қоя беріпті.

Қазақтың шешендік өнеріне таңдай қаққан зерттеушілердің бірі П.Мелиоранский: «Қазақтар шешен әрі әдемі сөйлеудің үлкен шебері. Сөз өнерінің құдіретті иелері – ертекші-әңгімешілерді, импровизаторлар мен жырауларды олар қадір тұтып, ерекше құрметтейді», –  деп жазған болатын. Осы сөзді Қанапия ақынға байланысты айтуға да болады. Қанапия ақынның бүгінде ел жиі айтатын әні біреу ғана. Бірақ біреу де болса, бірегей ән екендігінде ешкімнің дауы жоқ.

«Жасымнан көп салдырдым қаршығаны,

Аққан тер маңдайымнан тамшылады.

Ныспымыз Қанапия болғаннан соң,

Жиылып өңшең қашқын жамшылады.

Жасымнан қарсы болдым ханзадаға,

Жүйрік ат жараспай ма бозбалаға.

Баласы Басықара Қанапия,

Жем болдым ала қыстай қандалаға» –

деп ақындығына батырлығын серік қылған азамат ақын ешкімге есесін жібермегенге ұқсайды.

Ел аузындағы әңгімелердің бірінде Қанапияға жергілікті дүмше молдалардың бірі жала жабады. Айдай жөнелген жандармдардан қапысын тауып, қашып шыққан Қанапия ауылына келсе екі әйелі де тойда жүрсе керек, молда да сонда болса керек. Қанапия жанына ерген серіктерінің бірі арқылы хабар бергізіп: «Мені жандарммен шайқасып, оққа ұшты, қайтыс болып кетті деген хабар беріңдер», – дейді. Әйелдеріне қалай жоқтау айту керек екенін де үйретіп қойған болу керек, олар екі бүйірін таянып сұңқылдағанда, естіген елдің етегі жасқа толады. Өлімді жерге пайда іздеп келген дүмше молда Қанапияның үстіне кіріп, қолын ұстай бергенде, бос жатқан екінші қолымен молданы жағынан тартып жібереді. Не болып, не қойғанын аңғара алмай, есеңгіреп қалған молдекең «өліктің»  бетіне үңілсе, ол бір көзін бақырайтып ашып қарағанда, молданың есі шығып, бөлмеден тұра қашып, есік алдына барып талып жығылады.

Қанапияның қалың жұртшылыққа әлі кең тарай қоймаған екінші әнін Науырзым ауданындағы Қайғы ауылында тұрған қадірлі ақсақал, белгілі әнші Байқоныс Мұхамеджанов жақсы білетін еді. Өкінішке орай, бұл ән әлі күнге дейін ән жинақтарында жарияланбай келеді.

Аталған әннің мәтіні мынандай:

«Кербесті атқа мінемін жылқы жия,

Абзал қыздар тартады гармония.

Құйқылжытып осы әнге басатұғын,

Басықара баласы Қанапия.

Аяғыма кигенім қажол кебіс,

Сілекейі қалқаның бал мен жеміс.

«Елде сері жалғыз мен» –  деп жүргенде,

Сұлу қыздың өсегі шығады еміс».

Қанапияның үзік-үзік өлеңдерін ел аузынан жазып алып, осы уақытқа дейін сақтап келген ұрпақтарының бірі Мұстафаның немересі, Ахметбектің қызы – Қаншайым Карменова. Оның айтуына қарағанда, атақты «Қанапия» жырының соңғы шумағы:

«Сары маса біздің елді шағып жатыр,

Қапажан оны білмей не қып жатыр?!

Қызғанған қызыл итке жем болады,

Саумалы сабасынан ағып жатыр», – деген жолдар түсіп қалған.

Ал:

«Өтенің өзі жақсы, бала жаман,

Өтіпті бізден бұрын талай заман,

Жүн-жыбыр, қыл-қыбырға үстім толды,

Иә, Алла, құтқар деймін есен-аман.

Өтеке, үйің суық, қораң-дағы,

Суы жоқ дәрет алар құмандағы.

Атыма шөп, астыма төсек те жоқ,

Қосқа қонсам болмай ма мұнан-дағы», – деген сөзін Өте деген кісіге айтқан екен.

«Қолыма ақ қағаз бен алдым сия,

Баласы Басықара Қанапия.

Би-ти деп айтқан сөзге түсінерсің,

Сүйгенім, осы хатым бір құпия» – деген өлең де, мазмұнынан көрініп тұрғандай, Қанапия жыры екендігі күмән туғызбайды. Жалпы, Қанапия ақын ежелгі шығыс шайырлары секілді өз есімін шығарған өлеңдеріне жиі қосып отырған. Жасы ұлғайған шағында мынандай өлең шығарған:

«Аспанда ұшып жүрген ақша құрлар,

Мылтықтың білте басса оғы зырлар.

Өлеңді жас күнімде айтушы едім,

Келмейді ұлғайған соң дауыс-мұңдар.

Үлкен жоқ  Мұхамедтен, Құдайдан соң,

Қатты жоқ тобылғыдан, ырғайдан соң,

Өлеңді жас күнімде айтушы едім,

Келмейді дауыс шіркін ұлғайған соң.

Ұшады бозша торғай көдені ықтап,

Сөйлейді жақсы жігіт сөзін мықтап.

Жүргенде мұртқа өкпелеп, сақал шықты,

Үстіне жығылғанның жұдырықтап».

Ақын жырлары Біржан сал, Ақан сері, үкілі Ыбырай секілді сал-серілер өлеңдерімен мазмұндас:

«Деуші едім кәрілік келмес маңайыма,

Орта жүз, атым шықты талайына,

Бұл күнде қыз-келіншек қырын тартты,

Кірген соң ақ-нысана самайыма.

Біздерге елу деген танылды өсек,

Халықтікі рас екен, есептесек,

Қырық асып, елу жасқа кіргеннен соң,

Кісіге жарамайды бөтен төсек».

Қанапия ақын сол тұстағы көп ақындар жоралғысымен әйелдер туралы да өлең жазады. Әйелдің ұстамдысы, ақылдысы ғана ер жігітке бақ әкелетінін айта келіп:

«Қатының жаман болса, басың қатар,

Демей-ақ үлкен кісі, атыңды атар.

Кәпірден құтылатын еш хайла жоқ,

Кеш болса, сүйретіліп бірге жатар.

Естисің қатыныңның ақырғанын,

Артынан «мұнда кел!» – деп шақырғанын.

Уақытың бар болса да, кемшілік көп,

Тізесін оңаша үйде батырғанын».

Осындай мәнді сөздері, сәнді әуендері қалған саңлақ ақын ел жадынан шығуы мүмкін емес.

 

Ақылбек  Шаяхмет,

Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, Махмұт Қашқари атындағы түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін халықаралық сыйлығы мен «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты және Мұхаммед Хайдар  Дулати атындағы  халықаралық әдеби сыйлықтың иегері.

 

Aqsaqaldar.kz

 

 

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер