«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Арқада Наушабайдың . Нұржаны өткен
Арқада Наушабайдың . Нұржаны өткен
Дайындаған: 2 апта бұрын

Ақын «Алаш еді ұранымыз, дін-ислам құранымыз, дүния-ақірет жайынан қолда жоқ еш құралымыз, ата қоныс кетті қолдан, бұған бар ма қыларымыз?!» – деп өмірді мағыналы өткізуге шақырады. «Жайлау, қыстау, жерді алып, көңілді қылды жаралы.Ұйықтама, оян, Алашым! Қолыңда жоқ заманның амал қылар құралы» – деп қамығады.

       Нұржан 1918 жылы «Қазақ» газетіне «Алашордаға» деген өлеңін бастыртады.

«Бірлік қылсаң, Алашым,

Ілгері қарай басасың.

Қол ұстасып ұмтылсаң,

Қатар жұрттан асасың.

Атағың мәңгі қалдырып,

       Жасасын Алаш, жасасын!» – деген жолдардан оның «Ұйықтама, оян, Алашым!» жырының жалғасын тапқанын аңғарамыз.

       «Ескіден қалған есті сөз» кітабында басылған Серғали Досовтың жазуымен қағазға түскен Нұржанның жаңадан табылған термесі:

«Бісімілла, рахман-рахим!

Болмады төмен назарым,

Жер жүзіне жайылды

Насихат болып ғазалым,

Дүнияның мен көрдім

Неше қызық базарын.

Құрбымен қатар жүргенде,

Кейін қалып, шіреттеп,

Кемімеді ажарым.

Қалам алсам қолыма,

Сынаушы елім Нұржанның

Білуші еді жазарын», – деген жолдармен басталады

       Бұл термеден де анық көзге түсетін бір жай, Нұржан өз атын жиі айтатыны рас. Бірақ, оны Нұржанның мақтанқұмарлығы деп ойлау асылық. Тасқа басылмай, ауыздан ауызға айтылып жүрген жырдың иесі өзі екенін айғақтайтын сөз жырдың ішінде тұруы шығыс шайырларының көбінде кездескен дәстүр. Нұржан да осы үрдістің үдесінен шығып отыр.

       Тұрсынбек Кәкішев «Айқап» журналында басылған сын пікірлер туралы айта келіп, Нұржанның өз есімін өлеңге қосып жазуы туралы әртүрлі пікірлер болғанын атап көрсетеді. «Ендігі өлең жазушы жастар Нұржанша өзін мақтамай, жұрт үшін қайғырып, халықтың пайдасына айтып, үгіт қыла жазсын» дегені де ілтипатққа аларлық құнды пікір екені аян», – дейді.

Нұржан туралы кезінде талай ғалымдар, қайраткерлдер өз пікірлерін білдірген, жырларын мысалға келтірген. Ахмет Байтұрсынов «Әдебиет танытқыш кітабында: «Сөз мағынасын ауыстыру түрліше болады: көбінесе ұшырайтын түрлері мыналар:

а) бейнелеу бір нәрседе болмайтын күйді, екінші нәрседе болатын күйді, екінші нәрседе болатын күйді сөзбен айту бейнелеу болады.

          Бұл күнде сөйлей берсем сөз жетерлік,

          Білгендер тағылым бар үлгі етерлік.

          Кеңестің көзі ашылған бұлағымен,

          Ағызып шұқанақты көл етерлік. (Наушабайдың Нұржаны) деген мысалды келтіреді.

Міржақып Дулатов «Оян, қазақ!» кітабында:

«Оралдан Әбубәкір молда шықты,

Омбыдан Қыпшақбайдай жорға шықты.

Торғайда Ақмолла мен Нұржан жатыр,

         Шөже, Орынбай, Мәшһүр Жүсіп – ол да шықты.

Бұлардың әрбір сөзі пайдаға асқан,

Өнерін хатқа жазып, халыққа шашқан.

Мақтап өлең айтпаған нәрсе алуға,

Ғажайып хикмәттің кілтін ашқан» –  дейді.

Нұрхан Ахметбеков Нұржан туралы:

«Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен,

Селдетіп ән тұқымын сол еді еккен.

Тобылдан көтерілген бір зор айқай

Сібір мен Сыр суына балын төккен» – деп жырлаған.  Бұл арадағы «айқай» Абай айтқан «құр айқай бақырған құлаққа ән бе екен» емес, Нұржан ақынның өзіндік айту мәнері, мақамы туралы.  Шынында да Нұржан көптеген толғау, тақпақ, термелерін өзі орындаған кезде тыңдаушылардың делебесін қоздыру үшін қиқу қосып отырған. А.Затаевичтің «Қазақтың 1000 әні» жинағында «Нұржанның әні»            және «Арарай» деген атпен (дұрысы Ара-ай)  берілген әндері бар. Ел аузында айтылып жүрген «Көкен-ай»,«Асылым», т.б. әндері де халық арасында кең тараған.

       Нұржан өлеңдері қазақ әдебиетінің тарихына, «Бес ғасыр жырлайды» антологиясына  ішінара болса да енгізілді. Оның есімі энциклопедиялар мен әдеби анықтамалықтардан орын алды. Алайда, ақын шығармашылығы әлі де аз зерттелді, өзінің тиісті бағасын алып үлгерген жоқ. Бұлақ көзін ашу, Нұржан жырларын көпшілікке етене таныстыру – келер күндер шаруасы. «Сынап білер тыңдаушы, білгенім бүтін, жарты ма?!» – деген ақын сөзі бүгінгі ойлы оқырманға арнап айтылғандай. Қызыл тілін шалқытқан, халқына мирас қалдырған, аз сөйлеп, көп тыңдаған, елінің мұңын жырлаған, қапалы көңілін аша алмай, зіл-наласын баса алмай, жалғаннан аһ  ұрып өткен Нұржан ақын  қандай құрметке де лайықты. «Әркімдер оқып ғибрат алмақ үшін, кетемін жүрген жерге сөз қалдырып» – деген ақын аманатын орындар шақ енді туды.

Қазіргі уақытта ақын басы қарайтылып, құлпытас орнатылды. Онда: «Қазақтың біртуар ақыны Нұржан Наушабайұлы» деген бір-ақ ауыз сөз жазылған. Ақынның туған ауылында ескерткіш белгі  қойылды. Қостанай ауданындағы қазақ орта мектебіне ақын есімі берілді.

Нұржанның алғашқы жарық көрген кітаптарында автор ретінде Нұржан Наушабаев деп көрсетілгенімен, ол туралы көптеген деректерде Наушабайдың Нұржаны, Наушабайұлы деген тіркестер жиі қолданылғандықтан, ақынның өзі де: «Мұны жазған Наушабайдың баласы» немесе «Наушабайдың Нұржаны ақын атанып» деп атап көрсеткеніндей, автордың аты-жөнін Нұржан Наушабайұлы деп бергенді жөн көрдік.

Ақынның «Ұйықтама, оян, алашым» атты жыр жинағы 2014 жылы /өлеңдер, толғаулар, ғазалдар, назымдар, термелер, нақылдар, айтыстар, әндер, мысалдар және жыр-шежіре/ Құраст. А.Шаяхмет. - Астана: Фолиант, 2014.- 344 б. Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» бағдарламасы бойынша жарық көрді.

       Қазіргі уақытта ақын басы қарайтылып, құлпытас орнатылды. Онда: «Қазақтың біртуар ақыны Нұржан Наушабайұлы» деген бір-ақ ауыз сөз жазылған. Ақынның туған ауылында да ескерткіш белгі  қойылды.

       Нұржан Наушабайұлының «Алаш» кітабында  «МәшҺүр Жүсіп атына Нұржаннан бір-екі сөз» деген тақырыппен 36 шумақтан тұратын ұзақ өлеңі жарық көрген. (Нұржан Наушабайұлы. «Алаш», Қостанай: «Баспа үйі», 1997 жыл). Мәшһүр Жүсіп есімін білетіндер өлеңнің мазмұнына үңілмей, атына қараса, оны М.Көпеев деп қабылдайтыны анық. Өйткені, Мәшһүр аты мойындалған бірден бір ақын осы М.Көпеев. Алайда, одан басқа да Жүсіп бар екенін әдебиет зерттеушілері болмаса, оқырмандардың біразы біле бермейді. Біздің айтып отырғанымыз Жүсіпбек қожа.

             Нұржанның аталмыш өлеңі де осы Жүсіпбеке арналып жазылған.

    «Кім өндір жүйеменен сөйлегенге,

    Ләззат, қадірі жоқ білмегенге,

    Тауыққа көзі соқыр бәрі бидай,

    Мысалы, сөзді өлшеп, білмегенге.

    Нақылсыз, ғибратсыз өлең бе екен,

    Өтірік ертегі айту өнер ме екен?!

    МәшҺүр Жүсіп қожа деп зорайғанға

Ойлап ек: бүтін жөнін білер ме екен?» – деп басталатын хатта Нұржан сөзінің қожаға арнап айтылғаны айдай анық емес пе?! Ал МәшҺүр Жүсіп Көпеев Арғын руына жатады. Сондықтан да бұл өлеңді Көпеевке байланысты айтылған деп ойлау қисынға келмейді.

       Кейбір оқырмандар тарапынан осы кітапты құрастырған маған: «осы өлең Мәшһүр Жүсіп Көпеевке арналған ба?» – деген сұрақтар да болған еді. Оларға айтар жауабым біреу-ақ. Нұржан өлеңінің Жүсіпбекке арналғаны осы өлеңнің мәтінінен  анық көрінеді. Нұржан:

             «Мәшһүр ісін шығарған Жүсіпбекке

             Тұрарымды сатпаймын аз деп көпке.

             Қадірін шешендіктің зайғы қылып,

             Мағынасыз жауҺарыңды төкпе текке» – деп айыбын бетіне басады.

Жүсіпбек қожаның да әдебиет тарихында өзіндік орны бар. Ел арасынан көптеген аңыз, қисса, айтыстар, өлеңдерді жинап, кезінде Қазан қаласындағы ағайынды Каримовтердің баспаханасында кітаптарын бастырған. Ол 1857 жылы туып, 1937 жылы қайтыс болды деген деректер «Бабалар сөзі» көп томдығында келтірілген. («Фолиант» баспасы, Астана: 2002 жыл).

Жүсіпбек Шайхисламұлы осы көп томдықтың 2-ші томына енген «Мансұр әл-халаж» атты қиссасында Абайға да жиендік жасайды. Дастан соңында:

    «Өлең – сөздің артығы, сөз сарасы,

    Қиыннан қиыстырар ер данасы.

    Тілге жұмсақ, жүрекке жылы тиіп,

    Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.

    Болғанда қиюы жоқ сөз арасы,

    Ол зейінсіз ақынның бейшарасы,

    Айтушы, тыңдаушының көбі надан,

    Халықтың сөз танымас бір парасы», –  деп жазады.

       Әрине, «патшасы» сөзін «артығы», «білімсіз» сөзін «зейінсіз» деп өзгертіп, басқа да сөздерді ойынан қосқанымен Абай сөзінің өзгертілген нұсқасы тайға таңба басқандай көрініп тұр.

       Жүсіпбек  осы дастанында: «мұсылмандар, дұғаңнан үміт қылам» – дейді.

         Нұржан осыған орай:

             «Жоқ іске ақыл-миды бітіресің,

             Әуелден керек емес, бекер осың.

             Өтірік хикаятты жазып-жазып,

             Қалайша дұға қыл деп өтінесің?» –  деп сын садағын  бағыттайды.

Нұржан ақын  «не айтсам өз қалыбыма бәрі лайық, мақтаншақ өлеңші емен тарқылдаған», –  дей келіп:

             «Айтқаным өтірік емес жала қылып,

             Сөйлесең не қыламын шама қылып.

             Емессің дін иесі ишан, хазірет,

             Сөзді қой мәшһүр деген тоба қылып.

             Ібілістің бір есімі ғазиз еді,

             Екі есімді жүрмісің жора қылып?» – деген сауал тастайды.

        Тақтақ ақынның түйдек-түйдек сөздері сол тұстағы Жүсіпбек секілді жалған атаққа құмар өлеңшілер шығармашылығына берілген әділ баға екені даусыз. «Беріде неше тазды емдегенмін, даруым дайын менің себетұғын, осыдан ғибрат алып тоқтамасаң, желкеңнен сөзім дайын мінетұғын, мен болдым өз ойымен дегендердің нешеуі ақырында бүлетұғын» – деген шымыр жолдар Нұржан ақынның қаншалықты талғампаз болғанын да дәлелдейді.

Асылдың сынығы жерде қалмас деген сөз рас. Таяуда маған революцияға дейін кітап шығарған авторлардың бірі Байбатыр Ержанұлының немересі Қайыржан Едігеұлы хабарласты. Оның қолында атасының кітабы бар екен. Сол кітапта Нұржан ақынның екі өлеңі беріліпті.

Байбатыр Ержановтың Қазан қаласында Орталық баспаханада Шәмсәддин Хұсайыновтың редакторлығымен 1914 жылы басылып шыққан кітабы (екінші мәрте басылуы)  «Тұр, Қазақ!» деп аталған. Кітаптың алғысөзінде:

«Қазағым, халің жаздым бұл кітапқа,

Алыңыз оқуменен ілтипатқа.

Жер кетіп, халің нашар болып қалды,

Аянып, мәз болмаңыз құр атаққа»  - деп оқырманға жыр арнаған автордың ойы мен мақсаты Алаш арыстарының жазғандарымен үндес. Нұржан Наушабайұлы: «Ұйықтама, олян Алашым!» десе, Міржақып Дулатов «Оян, Қазақ!» деп жар салды. Байбатыр ақын болса «Тұр,Қазақ!»- деп ұран тастайды.

Шығыс Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің  ақпараттық-аналитикалық орталығының  арнайы мемлекеттік мұрағатының архивтік анықтамасына қарағанда, Байбатыр Ержанов Қарағанды облысының № 14 ауылының тумасы, руы Керей. 1935 жылы Алашорда қозғалысына қатысқанын жасырды деген желеумен абақтыға қамалған. Сегіз жылға сотталған. 1961 жылы ақталды.

«Тәсірлі махтуб» (Әсерлі хат) деп ат қойылған бұл жырдың алғысөзінде автор «Қостанай уезінің Арақарағай болысында, руы қыпшақ, Құттық тайпасынан Нұржан Наушабаев деген бір мәшһүр  ақын бар. Сол әпендеміз хазіретлінің бек ғибратты тәсірлі (әсерлі) сөзі еді. 1904 жылында  «Манзумат қазақия» деген рисаласы (тарихи шығарма) да шыққан еді. Менде сол рисаласының бір данасы бар еді. Сол рисаласында жазылған адресімен хат жіберген едім, маған қайтадан өлеңменен хат жазып жіберіпті» дей келе, хатты түгел келтіріпті.

Сатуы жоқ жігітке шыққан тердің,

Бағасы артық қадірін білген ердің.

Тісті шұқып, кетсе де жара салып,

Ынтық бар сұңқарына әрбір елдің.

Тасындай магниттің леппен тартып,

Көп көрдік пайдасын да қызыл тілдің.

Жүзе алмас нәһан балық өрге найқап,

Толқыған суы бітсе шалқар көлдің.

Биіктен еңкейіске қадам басып,

Осы күнде үшіндеміз біз елудің.

Болған іс мәңгі-бақи болып тұрмас,

Өлшеулі уақыты бар әрбір гүлдің.

Аңқытып бетімізбен біз келеміз,

Бір сарын ортасымен даңғыл жолдың.

Бұл күнде елу асып, шықтым белге,

Өмірді  зая  өткізіп бекер желге.

Жан тәнде сау-сәламат тұрғанында,

Ешбір сөз айтқан жоқты әркім бізге.

Бізге сізсөз жазыпсыз кеңес сұрап,

Азырақ білгенімше жаздым құрап.

Өзіңіз өтінген, соң, Байбатырым,

Бір ғазал сөз жібердім сіздерге арнап.

Сауыттың тозыңқырап тұрған кезі,

Нұржанның да тоқталып тұрған кезі.

Зейініміз бұрынғыдан кеткен  тарап,

Бұрынғы көп жарыстан қалған кезі.

Бар еді жігіттікте әрбір  түрлі,

Дүниені таң-тамаша қылған кезі.

Бар еді неше сөзді жазған кезі,

Қатар жүрген құрбыдан озған кезі.

Ықыласпен айтсақ та тыңдаушыға,

Сөздің де құны кетіп тұрған кезі.

Төр мен есік орнында парық болмай,

Лашын мен қарға қатар қонған кезі.

Пәлен солай дегенді көтере алмай,

Бұл күнде болмағанның болған кезі.

Ағайын бір біріне дұшпан болып,

Көңіліне кәкір-шүкір толған кезі.

Қадірін білмегенге харам астай,

Жатамын көңіл сырын қалай ашпай?

Сөйлеген сөзден сөз де туады екен,

Шығар ма еккен егін тұқым шашпай?!

Ешкім теріс деген жоқ әлі күнге,

Келемін бала жастан қалам ұстай.

Қырымнан көздеп бір күн желіп жүрдік,

Баулыған саятшылар алғыр құстай.

Отбасында шешендік көптен озып,

Білінбес жүйріктігі белден аспай.

Жақсылық, жамандық ет өз басына,

Кез келіп дүниеге, елден қашпай.

Өлшеуліден көп ұзап кете алмассың,

Шүкірлік қыл әр іске асып-таспай.

Бұл күнде ор киіктей орғып-орғып,

Болдырған атша тұрмыз аяқ баспай.

Жігіттік, балалықта тіпті арман жоқ,

Жарамас кете беру артты қыспай.

Қайтадан жігіттігім келсең енді,

Ақырын ойға салып білсем енді.

Ғайыпта сырттан ғашық әпендемсің,

Нәсіп боп сіздерді де көрсем енді.

Қостанай атырабынан табылармыз,

Құттық Нұржан Наушабай дерсің енді.

Бұл   хаттың сыртында  Байбатыр Ержанов Нұржанның  «Тағдырдан кім құтылар қашқанменен» деген шумақтан басталатын төрт шумақтан тұратын жырын «Мұхтарам (Құрметті) Нұржан ақынның сөзі» деген атпен осы жинақта бастырыпты. Бұл шумақтар Нұржан Наушабайұлының 2011 жылы Астанада «Фолиант» баспасынан жарық көрген «Ұйықтама, оян, Алашым!» (құрастырған Ақылбек Шаяхмет) деген кітабында «Әй, Нұржан, қалам алдың сөз жазарға» деп басталатын назымында түгел келтірілген соң оны қайталап жатуды жөн санамадық.

Аталған жыр, сөз жоқ, Нұржан ақын қаламына тән. Оны ақынның сөз саптасынан, келтірген теңеулерінен де айқын аңғаруға болады.

         Сүйтіп, Нұржан ақынның кейінгі кітаптарында жарық көрмеген жырымен қауыштық. Сөз түсінген оқырманға мұның өзі үлкен олжа.      Нұржанның тағы бір жырын Ғаббас Баталов «Өзімді өзім тани білсем» деген кітабында келиіріпті (Алматы: «Дәуір». 2011,  90 бет). Ол «Жастарға» деп аталады.

         Менің айтқан сөзіме

         Құлағың сал, жастарым!

         Кәрілікке жетесің,

         Талайды көрер бастарың.

         Заманымда өзімнің

         Жасанып келген жау көрдім,

         Белсеніп келген дау көрдім.

         Бірі өтірік болмасын,

         Бұл қалай деп саспадым.

         Қандай едік ол кезде,

         Тілектес болған достарым.

         Сол ерлердің тұсында

         Күш пен бақыт, дәулетке

         Аспадым да таспадым.

         Табанымды тайғызбай,

         Кір жұқтырмай денеме,

         Береке, дәулет, бақытты

         Ортаңа әкеп тастадым.

         Сол уақытта жүрмедім

         Бөлек тігіп қосымды.

         Жолға жанды құрбан қып,

         Тастамаушы ем досымды.

         Айтыңдаршы, жастарым,

         Өтірік деп осымды.

         Бұл жырда буын мен ырғақ сақталмаған бірер жол біздің тарапымыздан жөнделді. «Табанымды тайғызып» деген жолды «Табанымды тайғызбай» деп өндеуге тура келді. Өйткені жырдың мағынасына қарасақ, бұл жолдың біз ұсынған алғашқы нұсқасы  дұрыс секілді.

Қостанай ауданындағы орта мектеп бұл күндері ақын есіміне ие болды. Ал осыдан бірнеше жыл бұрын облыс орталығындағы Николай Островский атындағы қалалық кітапханаға Нұржан есімін беру туралы ұсыныс түсіп, ол қолдау тапқан болатын. Алайда, кезінде сол кездегі Мәдениет министрі Е.Ертісбаев қол қойған шешім орындалмай қалды.(Суретте құжатар көрсетілген). Мораторий жарияланған деген сылтау айтылды. Осы бір игі бастама аяқсыз қалды.

Нұржан шынында да біртуар ақын. Оған ешкімнің таласы болмас.

 

                                                                                                             (Соңы)

Ақылбек Шаяхмет -

Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, Махмұт Қашқари атындағы түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін халықаралық сыйлықтың, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, Мұхаммед Хайдар  Дулати атындағы  халықаралық әдеби сыйлықтың иегері.

 

 

Aqsaqaldar.kz

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер