«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Арқада Наушабайдың . Нұржаны өткен
Арқада Наушабайдың . Нұржаны өткен
Дайындаған: 3 апта бұрын

Әдебиет тарихында лайықты бағасын алса да, шығармалары соңғы уақытқа дейін көпшілікке тұтас жетпей жатқан ақынның бірі  Нұржан Наушабайұлы. Оның өлеңдері кезінде аз да болса жарық көріп, белгілі әдебиетшілер пікірлерін білдірді, бірақ, көп уақытқа дейін ақын шығармашылығы толық зерттелмеді. Ақынның «Алаш» деп аталатын кітабы Қостанай қаласында 1996 ж. жарық көрді.

       Нұржан  дегенде жалғанда ор киіктей заулаған, ат құлағында ойнаған, әуелетіп ән шырқап, термелетіп жыр төккен, кесек мінезді, нар тұлғалы, ел қамын ерте ойлаған, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт көз алдымызға келеді. Ия, кешегі төңкеріс қарсаңында онымен иық теңестіріп тұра алатын тұлғалар бүкіл қазақ даласында некен-саяқ болған шығар. Айтқан сөзі – мақал, қайтарған жауабы – мәтел, жазған жыры ғибрат – өнеге, шырқаған әні әсем сазға толы азаматтың бір басынан мін табудың өзі қиын еді. Міне, осындай асылынан ұзақ уақыт бойы көз жазып қалған қазекем әлі де оның жырын түгендеп, орнын тауып, сағынып қауышып жататын тұста жайбарақаттық көрсете, іш қазандай қайнап, бармағыңды шайнамағанда қайтерсің?!

       Ақын жырлары негізінен толғау, терме, өсиет, тақпақ болса, оны елі де тақтақ деп атаған. Тақтақ сөйлесе сөзге бөгелмейтін, тау суындай сарқыраған, таңдайы тақылдаған, ылдидан шапса, төске озған, ертемен шапса кешке озған жүйрік жыршы.

         Нұржанның өзі де:

«Сөздері топқа салынған,

Бұрынғы шешен тақтақтың,

Керегі көп заманға,

Ескі мақал, тақпақтың.

Лайығы кем деп ойлаймын,

Босқа қарап жатпақтың,

Әр жерден жинап, сөз қылдым,

Реттеп басын қоса алмай,

Сарыны осы деп соқпақтың,

Жастықпен жүріп әуре боп,

Әр білімнен хабарсыз,

Ісін істеп ақымақтың.

Бұл күнгіше бос жүрдік,

Өмірді зайғы өткізіп,

Көзін ашпай бұлақтың», –  дейді.

       Нұржан туралы Бейсенбай Кенжебаев «ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындары шығармалары» кітабында мол мағлұмат беріп: «Нұржанның бір өзгешелігі – ол өлеңдерінің көбін бұрынғы араб, парсы, шағатай ақындарының үлгі, стилінде жазады: діни сөздерді, араб, парсы, ескі кітаби сөздерді көп қолданады. Бірсыпыра өлеңдерінде Нұржан заман жайын, қазақтың бұрынғы, өз заманындағы тұрмысын, ел билеген адамдардың іс-әрекеттерін, оқу, өнер, білім, дәулет, бақыт, мінез-құлық мәселелерін сөз етеді. Солар жөнінде бірталай орынды, маңызды, келісті өсиеттер, мақал-мәтел, нақыл сөздер айтады. Оның шығармалары ойлы, мағыналы болып келеді», – деп баға береді.

       Нұржан ақынның көзі тірісінде жарық көрген кітабы үшеу: «Манзұмат қазақия» (Қазан,1903 жыл), «Жұмбақ. Нұржан мен Сапарғалидың жұмбақ айтысы» (1908 жыл) және «Алаш» (1910 жыл).

       Ақынның тақпақ, терме, толғауларының барлығында дерлік бүгінде қанатты сөздерге айналып кеткен фразеологиялық сөз тіркестерін жиі ұшыратамыз. Өйткені,  Жиреншені үлгі тұтқан ақынның өзі де ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен болған. Ол өзі өмір сүріп отырған заманның қабағынан шошиды, «адамның жақсысы кетіп, жаманы қалған, жылқының жүйрігі кетіп, шабаны қалған, бидайдың дәні кетіп, сабаны қалған» тұрақсыз жалғаннан түңіледі, қайырсыз байларды, еріншек жандарды сынайды. Нұржанның «Ғалымдық дариясынан іштім қанып» – деген сөзіне қарағанда, жан-жақты білім алғаны аңғарылады.

       Нұржан өнеріне жазушы Сәбит Мұқанов «Халық мұрасы» кітабында кең тоқталып, академик жазушы оны дарынды ақын деп бағалайды.

       «Нұржан жасынан пысық, әрі ақын, әрі шешен, әнші, күйші, балуан жігіт болып өседі де, Троицк медіресесінен жақсы білім алып, ер жете «орта» аталатын дәулет құрады. Содан кейін «игі жақсы» дейтіндермен, әсіресе Ыбырай Алтынсаринмен жақындасып, күндерінің көбін солармен бірге өткізеді. Ыбырай Нұржанды жоғары бағалайды. Ол өзінің құдасы Қауменнің үйіне Нұржанды ертіп барғанда: «Құда, көп кісімен неге келмедің?», – десе керек, сонда Ыбырай Нұржанның өнерлерін атай келіп, «осыдан артық көп бола ма?!» – деп жауап берген екен.

       Спандияр Көбеев «Орындалған арман» кітабында Нұржанды былайша суреттейді:«Бірақ жиын екі адамның аузына қарап отырған сияқты. Мұның бірі – орысша киінген, ақ құба, шоқша қара сақалы бар, орта бойлы адам. Бұл Ыбырай Алтынсарин екен. Екіншісі – дембелшелеу келген, толық денелі, сирек біткен сары сақалды,басына тақия, үстіне мақпал бешпет киген адам. Бұл Нұржан Наушабаев екен.

       Біз келіп отырғанда, балаларды орысша оқыту, мектеп салу туралы әңгіме болып жатыр екен. Әңгімені қозғап, осы ауылдың «адам қараларына»  ауыр-ауыр сөз тастап отырған Нұржан еді. Сөзінің ұзын-ырғасын түйе келіп, Наушабаев былай деді:

      – Сауытбай, тойыңның үстіне келіппіз. Енді осы жақсылықтың ақырын баянды етуді көздеуіміз керек. Бұл сенің өз қолыңда сияқты. «Бітер істің басына жақсы келер қасына» дегендей,  ауылыңа еліміздің бірегей ардагері Ыбырай келіпті. Бұл кісінің бұйымтайын естідік. Өзі үшін емес, елі үшін қолқа салып отыр. Обаған болысының әлді бай-мырзалары бірігіп, бір мектеп салатын болсын. Сөйтіп, ауыл ортасынан екі жылдық мектеп ашып, балалар орысша оқытылатын болсын дейді бұл кісі». Бұл әңгіменің түбі баянды болып, мектеп салынғаны тарихтан белгілі.

      Башқұрт жазушысы Сайфи Құдаш (Мәскеудің «Советский писатель» бапасынан жарық көрген «Навстречу весне.Незабываемые минуты. По следаи юности» деп аталған естеліктер кітабында, 1974 ж.) 1915 жылы Қостанайға келген сапары туралы баяндап, Бейімбет Майлинмен кездескенін, оған башқұрт мұғалімі Сайи Бадриевты  жұмысқа орналастыруды тапсырғанын, ал ол мұғалімді Би-ағаң Нұржан ауылына жібергенін жазады. Кейін Сайфи Бадриев Сайфи Құдашты Нұржан ақынмен Петров жәрмеңкесі кезінде Қостанайдағы «Прогресс» кітап дүкенінде жолықтырып, таныстырады. Нұржан Сайфи Құдаштан Ақмолла ақын туралы сұрастырады. Сол кезде Нұржан есімі башқұрт елінде де белгілі болған екен.

       Нұржанның әйелі Бибісара ақын болып, екеуі хат арқылы айтысумен қосылған. «Олардан туған жалғыз ұл Сұлтанғазы 1911 ж. өліп, артында ұрпақ қалмаған», – деп Сәбит Мұқанов ақын өміріне де шолу жасап кетеді. Нұржан  Құттық ауылында туып-өскенін айтады.

       Нұржанмен әңгіме-дүкен құрып отырып бір замандасы: «ұл текірек, қыз кекірек, келін кекиген, ағайын ала, ісінің бәрі шала, жақсыны күндейміз, дананы жүндейміз, осы қалай, Нұржеке!», – дегенде, ақын: «алысқа бармай-ақ қояйық, осы өзіміздің қыпшақтың өзінде бір атаның балалары сиыса алмайды.

Жарбасты, Кішік, Құттық – үш атамыз,

Ежелден туыстықта жоқ қатамыз.

Арадан қанаттанып шықса біреу,

Біз оған жерден алып тас атамыз», – деп жауап беріпті.

       С.Мұқанов «Халық мұрасы» кітабында: «Нұржанның әкесі кедей болғандықтан, Троицк қаласы тұрғындарының малын баққан. Шешесі қазақтың XIX ғасырдағы күшті ақыны Шалдың қызы», – дейді.

       Бейсенбай Кенжебаев «Қазақ халқының XX ғасыр басындағы демократ жазушылары» кітабында: «Нұржан ауқатты кісінің баласы болады. Жасынан діни оқуды оқып жетіледі», – дегенді айтады.

       Мұхтар Мағауинның деректерінде: «Шал ақын қартайыңқыраған шағында Мәлімбай, Мәлике деген екі перзент көрген... Мәликені қалың қыпшақ ішінде Нұрым дегенге ұзатқан екен. Нұрымнан Айтбай, Айтбайдан Наушабай, Наушабайдан белгілі ақын Нұржан Наушабаев туған», – деген жолдар бар. Бұл деректердің қайсысы анық екенін айту қиын. Дегенмен, Нұржанның нағашы жұрты да осал болмағаны анық.

Марат Қасымовтың шежіресіне (Ақылбек Шаяхмет. «Есте қалар ел тарихы») жүгінсек, бес таңбалы қыпшақ ХҮ ғасырдан бастау алған. Торғай, Тобыл өзендерінің бойында осы өлкені атақоңыс қылған. Шежіре бойынша қыпшақтың ұзын атасынан өрбіген ұрпақтар ішінде Кеделден Сығай, Сығайдан Келімбет, Келімбеттен Жарбасты, Бердікей туады. Бердікейден: Тілеулі, Құттық. Құттықтан Сейіт. Сейіттен Тәтімбет. Тәтімбеттен Бостан. Бостаннан Айтбай. Айтбайдан Сансызбай. Сансызбайдан Наушабай. Наушабайдан Нұржан туады. Нұржанның азан айтып қойған шын есімі Нұрмұхамбет. Кейін ел-жұрты еркелетіп Нұржан атап кеткен.

Нұржанның жырмен жазып шыққан шежіресі де халық жадында. Оған кезінде Сәбит Мұқанов жоғары баға берген. Кейбір үзінділері «Дала қоңырауы» газетінде жарық көрді. Бұл шежіре толық қалпында жариялана қалса, танымдық-тағылымдық мәні зор еңбек екендігі дау туғызбайды. Әлкей Марғұлан: «Нұржан данышпан ақын ғана емес, сонымен бірге қазақ шежіресін жазған ғалым» – деп оның еңбегіне үлкен баға береді.

       Нұржан бай да, би де болмаған деген пікірлер де бар. Қостанай өңірін мекен еткен Нұржан би деген кісі туралы ел аузында айтылатын әңгімелердің Нұржан ақынға қатысы жоқ болуы да мүмкін. Мәселен, Серікбай Оспанов Ғылым академиясының орталық кітапханасынан Нұржан мен Жұмабай Шалабайұлының айтысын тауып алғанын айтып, «Ана тілі» газетінде жариялады.

       Жазушы Қойшығара Салғаринның «Көмбе» кітабында (Алматы: «Жалын», 1989, 414 бет) Досбол датқа Нұржан деген кісіден жеңіліпті деген сөз бар деген әңгіме мысалға келтіріледі. Автор:«бұл өңірде Нұржан атаулыдан сөз ұстаған Наушабайдың Нұржаны еді. Бірақ, Досекем заманында ол дүниеге де келген жоқ» дейді. Кітаптағы деректерге қарағанда, Нұржан би Ырғыз жағының адамы. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин Нұржан бидің сөзін «Қазақ хрестоматиясына» кіргізген. Ондағы Нұржан би айтты деген сөздер Нұржан ақыннан алынған жағдайда Ы.Алтынсарин Нұржан Наушабайұлының аты-жөнін толық келтірсе керек еді.

       Ақындық қағысуда Жұмабай айтатын «Бай болсаң, Нұржан, қайтейін, би болсаң, Нұржан, қайтейін» деген сөздерге үңілсек, бұл жерде онымен айтысып отырған Нұржан би деген қорытындыға келеміз. Яғни, бұл ақын Нұржан емес, онымен аттас басқа Нұржан. «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деп аталған жинақта (Алматы: «Жазушы», 1988 ж.) «Нұржан шешен сөздері» деген тақырыппен жыр үлгісінде жазылған шумақтар  берілген. Оны да стилистикалық жағынан дәлелдеп алмайынша Нұржан ақынға телуге болмайды. Алайда, Нұржан Наушабайұлы тақтақ атанған, айтқан сөзі билер мен шешендерден артық болмаса, кем болмаған.

       Жылқыда өт, құста сүт, таста тамыр болмайтыны секілді, елін емірене сүйген ақында туған халқына деген өкпе де болмайды. Онда ет-бауыры елжіреген жүрек қана болады. Аяқтан шалған, етектен тартқан, балақтан тежеген әлдекімдерге ренжісе де, тұтас халқына келгенде ашу-ызаға орын қалмайды. Бірақ, қапалы көңілін ашу үшін, көкіректегі шерін басу үшін жыр толғайды.

       Жастары Қыдыр жасы-қырықтан асса да, бұл күндері жаспын деп қызыққа мас болып жүргендер жеткілікті.

Нұржан болса:

«Болмайды жылқы тарғыл, сиыр сары,

Кемиді уақыты асса гүл ажары.

Дариға, баяғыда мұндай ма едім,

Бұл күнде қырықтан асып, болдым кәрі», – десе, оның оркиіктей орғытып, арғымақтай қарғытып өткен жастық шағын аңсаумен қатар даналардан ғибрат алуға шақырып отырғанын аңғарамыз.

«Қадірін білмей жүрміз тіршіліктің,

Жігітке пайдасы жоқ іріліктің.

Аяғын шеңгел қағып, қолаулатып,

Тоқтағаны орғып-орғып ор киіктің.

Хаққа құлсың тисе де төбең көкке,

Қадаусыз іс болад деп жүрме текке.

Ажал уақыты жетпесе сақтар Алла,

Төсіңді ашып шапсаң да зеңбірекке», – деп пәтуаға келеді.

«Рабымсың, ырыздықты өзің беруші,

Не халімде екенімді білуші,

Бір өзіңе зар илеген мен ғаріп,

Әрбір іске разы болып, көнуші!», – деп Аллаға мінәжат қылады.

Ақынның ғибратты сөздері ешқашан мағынасын жоймақ емес.

«Кім білер тұлпар жайын шаба алмаса,

Ер сарсаң іздеп мақсат таба алмаса,

Бұл күнде сөз өтірік, іс жаңылыс,

Дос достың қадірін біліп, баға алмаса...»

деген жолдарды ақындық өнердің озық үлгісі, маржан сөздің мәйегі деп айтуға толық хақымыз бар.

Кейінгі жастарға:

«Ер жігіт дүнияны көргені артық,

Жалғанда не бар-жоғын білгені артық.

Түскендей аспан жерге іс болса да,

Бел байлап, «Тәуекел!» деп төзгені артық», – деп сабырға шақырған қаламгер кей-кейде:

«Кедейлік, атың жаман, түсің суық,

Дәулетке жете алмайды пенде қуып.

Ер жігіт тоны келте, қолы қысқа,

Қажып жүр кейбіреулер әлі құрып.

Үйіңе құрбың келсе қонақ  болып,

Кеңесіп отырасың ойнап-күліп,

Беруге қонақасың болмай қалса,

Ылажсыз отырасың дымың құрып», – деп күйінеді.

       «Ойға салсаң, Нұржанның көп ақыннан сөзі артық», – деп ақынның өзі айтқандай, «іші алтын, сырты күміс сөз сарасын» саралай білген ақын көзіне көрсетіп, қолына ұстатқандай бейнеленген:

«Бұлт шалып мұнартқан,

Асқар биік тауларың,

Төбе болған заман-ай,

Асфаһани қылыштар,

Қынабынан суырылмай,

Көне болған заман-ай.

Аққу қалып қатардан,

Айқай салып тырналар,

Төре болған заман-ай...»

секілді жыр жолдары бүгінгі күн бейнесін де дәлме-дәл бедерлеп, тамырын тап басып тұрған жоқ па?!

       Нұржан ақынның Қуаныштың баласы Сапарғалимен айтысы бұл күндері көптеген жинақтарға еніп, жұмбақ айтыстың озық үлгісі есебінде ұсынылып жүр. Айтыс табан астында суырып шығарылмаған, ұзақ дайындықтан кейін барып қағазға түскен деп топшылауға болады. Ақындар қазақ тұрмысында жиі кездесетін үйреншікті заттармен қатар сол кезде енді ғана тұрмыста қолданыла бастаған безбен, қолшатыр, тігін машинасы секілді бұйымдарды да жұмбақ қылып, шешуін бейнелі тілмен айтып береді. Ал тағы бір Сапарғали деген ұлты татар ақын болған.Сапарғали Нұрымұлымен де Нұржан жұмбақ айтысқан.

       Ақынның Бибісарамен (Сәбит Мұқанов Бибізара деп жазады) хат арқылы айтысуы да айтыс өнерінің кейде эпистолярлық жанрда дамығанын, қазақ даласындағы өткен айтыстардың бәрі бірдей табан астында шығарылмағанын, көптеген айтыс түрлерін жазба ақындар да жанр есебінде өз шығармашылығында шебер пайдаланғанын көрсетеді.

       Ақынның туған жылы туралы кейінгі кезде алып-қашпа әңгімелер көп айтылып жүр. «Егемен Қазақстан» газетінде Нұржанның бейіті табылғаны туралы хабар жарық көрді. Осы хабарда газет тілшісі: «Ерзақұлы Тұрлығұл біздерге «Нұржаннан қалған өлеңдер еді» деп тағы қырық көшірме ұсынды. Оны ол өз архивінен алыпты. Бұл 1919 жылы Нұржан ауырып жатқанда көңілін сұрап хат жолдаған Жақанның Қалиы деген ақынның өлеңіне жауабы болып шықты.

«Қой жылы заказной жазған хатым

Жолықты он бірінде желтоқсанның.

Биіктен еңкейіске қадам басып,

Жыл ұлу, үшеуінде мен алпыстың», – деген жолдар бар Нұржанның жауап хатында. Қазақ Совет Энциклопедиясында Нұржан Наушабайұлы 1959 жылы туды делінген. Кейбір зерттеушілер оны 1857 жылы туған дейді. Мына өлеңіне қарасақ, ол 1856 жылы туған болып шығады» деген болжам жасайды.

       Біріншіден, Нұржан ақын шығармаларын ең алдымен Ғылым академиясына тапсырған Қазақстанның халық жазушысы Мәриям Хакімжанова деректеріне күмән келтіру қиын. Ол кісі өз жерлесі Нұржан ақын өмірін зерттегені белгілі. «XX ғасырдағы қазақ ақындары» кітабында  («Ғылым» баспасы, 1988 жыл), ғалым М. Жармұхамедовтың мақаласында ақын 1859 жылы туған деп көрсетілген.

       Екіншіден, жоғарыда келтірген шумақты Нұржанға телу ағаттық. Ақын өлеңдерінің ұйқасы мен ырғағына, әрбір буын-бунақтағы салмағына зер салған көзі қарақты оқырман бұл өлеңнің поэзия ауылына қоңсы қона алмайтынын бір қарағанда-ақ аңғарар еді. Осы өлеңсымақтан Нұржанның балталаса бұзылмайтын ұйқастарын тауып беріңізші! Таба алмайсыз. Сондықтан да әр дерекке абай болайық, ағайын, біздің бүгінгі қатеміз ертең орнымызды басатын ұрпақты жаңылыстырмасын дегіміз келеді. Нұржан мұрасын жинап-жинақтау, елге ұсыну туралы сөз болса, әңгіме басқа.

       Жазушы Дінәш Нұрмұхамбетовтың Нұржан ақын туралы осы жолдар авторы және Мәриям Хәкімжанованың қатысуымен өткен сұхбаты «Қазақ радиосының» алтын қорында сақтаулы. Онда Мәриям апай Нұржанның алпыстан асып барып қайтқанын айтқан.

       Дінәш Нұрмұхамбетов («Қостанай таңы» газеті,1996 ж,25 маусым) «Алтын көмбенің ақиқаты немесе ақын ана Мәриям Хакімжанова айтқан сыр» деп аталған мақаласында: «Айтпақшы, – деді Мәриям апай қоштасып тұрып, – Мен 1935 жылы Нұрекемнің жалғыз түскен бір суретін, қара былғарымен қапталған қалың қолжазбасын Биағаңа, Бейімбет Майлинге тапсырғанмын. Ол кісі қалың қолжазбаны аялай ұстап тұрып, қатты толқығаны күні бүгінге дейін көз алдымда. «Нұржан дейтін үлкен ақын. Халқымыз үшін керек. Әдебиеттің тарихы үшін керек. Қазақ әдебиетін кешегі күннен, бізден бастаса ел-жұрттан ұят-ты», – деген толқып тұрып. Менің көзімше-ақ оқып, қуанып қалған. Бірақ кейіннен із-түссіз жоғалды. Биағаңды ұстап әкеткендер, жазушының өз қолжазбаларымен бірге оны да құртса керек. Көзден ғайып болды. Ішінде көптеген айтыстары бар еді. Өлеңдері де мол-тын. Қайтейін, аумалы-төкпелі заманда кімнен, неден айрылдық. Үйіміздегі араб әрпімен жазылған қолжазбаларды, өлең-жырларды, қисса-дастандарды өртеген кезіміз болған» – деген ақын сөздерін баяндайды. «Нұржан ақынның фотосуреті болған, әттең, әлі табылмай жатқаны өкінішті» – деген сөздерін де келтіреді.

Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында Нұржанның суреті деп қостанайлық орыс суретшісі Иван Торшин ойдан салған сурет жарық көрді. Бұл сурет Нұржанның портреті бола алмайды. Ақынның суреті осы уақытқа дейін табылмай жатыр.

       Зерттеушілер Нұржанның соңғы жазған жыры деп жүрген оның қатты ауырып жатқанда жазған өлеңінде ақын:

«Кемітті хал-бағамды

Кешегі тауық өткен жыл.

Сөз бағасын білгенге,

Өзім арзан, сөзім пұл.

Сөз иесі азайып,

Әйелдей жесір қалдым тұл.

Тыңдаушы мұны азамат

Дұғагөйі қалмады,

Иманы нәсіп болсын деп,

Нұржан ерге дұға қыл!» – дейді.

       Бұл деректерге күмән келтірудің қисыны жоқ. Ал ақынның соңғы өлеңін куәға тартсақ, тауық жылы 1920 жылға келеді. Бірақ, бұл жылдың басы, соның ішінде қаңтар, ақпан, наурыз айлары қазақша жыл санаумен 1919 жылға да сәйкес келетінін естен шығармау керек. Нұржан сол жылы қатты ауырып жатып қайтқан болса, алпыстан асып барып қайтқан, яғни, мүшелге кірген жасында фәниден бақиға аттанған. Оған оның «алпыстан асып жасымыз, қолға алдым таяқты» деген жолдары да дәлел бола алады. Ал 1956, яғни, ұлу жылы туды дейтін болсақ, тауық жылына дейін тағы бес жыл қосылуы керек.Тілшінің болжамы бойынша онда ақын 64 жасқа келген болып шығады. Пайғамбар жасынан асқан болса, Нұржан сынды діндар ақын бұл туралы жыр толғаса керек еді.

       Ғалым Ә. Қоңыратбаевтың «Қазақ әдебиетінің тарихы» деп аталатын оқулығында Нұржанның екі мысалына қысқаша талдау жасалған.

       «Түлкі мен әтеш» мысалында түлкі әтешке келіп: «Патша жаңа заң шығарыпты, бұдан былай қарай қасқыр мен қой, түлкі мен ит дос болатын болады. Екуміз де дос болайық, жерге түс!», – дейді. Сонда әтеш алысқа көз тастап: «Бір қамшы құйрық, шашақ құлақ келеді», – дегенде түлкі: «Ойбай-ау, ол тазы болып жүрмесін?!» – деп тұра қашады. «Неге қорқасың, патша заңы бар емес пе?» – деген сөзге түлкі: «Кім білген, мүмкін, патша жарлығы әлі тазының құлағына жетпеген шығар» – деп жауап береді. Ал екінші мысалда («Өгіз бен есек») есектің ақылымен өтірік ауырып, ауыр жұмыстан құтылған өгіздің орнына қожайын есекті жұмысқа жегеді. Күн бата шаршап-шалдығып келген есек: «Қожайын өгіз бүгін жем жемесе, оны сойып тастаймын деп отыр» – деп, өзі бейнеттен құтылуды ойлайды.

       Ғалым осы мысалдарды келтіре отырып, Нұржан ақынның заман қайшылығын адамның азғындауынан іздегенін тап басып көрсетеді.

       Нұржан ақын заманның қалпына қарап немесе таршылық таянған заманда деп жазған жырларында өзіне дейін айтылған қанатты сөздер мен мақал-мәтелдері де шеберлікпен пайдаланады. Сегіз ешкіге сексен теке қойған, топтан озған жүйріктен жұртқа қайтқан ит озған заманға қарғыс таңбасын басып:

«Шығысы жаман қамысты,

Су ішінде өрт алады,

Тумысы жаман баланы,

Анасының құрсағында дерт алады», – деп тақпақтайды.

       Жүйрік мініп, жар құшқан, алқалы топта сөйлеген ақын өткен күндерін аңсайды:

«Кең құрсақ билер қайда сөз бастайтын,

Баяғы ерлер қайда қол бастайтын?

Ел күйігін, халық намысын жібермейтін

Ақылмен адам  қайда ел ұстайтын?

Дәріс айтып, шәкірт жиып уағыздатқан,

Шарғилы ғалым қайда дінді ұстайтын?

Үлгілі тақтақ, шешен жүйріктер жоқ,

Адасқан сөз ия кеміс мінді ұстайтын,

Атақты шынжыр балақ хандар қайда,

Өзіне лайықты теңді ұстайтын?

Қалтақтаған ұшпалы заман болды,

Қайдағы бір нәсіліз құлды ұстайтын,

Атақтарын зорайтып мәнісі жоқ,

Бақсыларға ұқсадық жынды ұстайтын», – деп балдай тәтті, тәртібі қатты, жүрісі сәтті дәуренін жырға қосады.

 

(Жалғасы бар)

 

Ақылбек Шаяхмет -

Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры, Махмұт Қашқари атындағы түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін халықаралық сыйлықтың, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, Мұхаммед Хайдар  Дулати атындағы  халықаралық әдеби сыйлықтың иегері.

 

 

Aqsaqaldar.kz

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер