«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Дәурен Қуат. . Көрдемше
Дәурен Қуат. . Көрдемше
Дайындаған: 3 апта бұрын

Қалай жек көрмейсің: оның Жолбасарға қылмағаны жоқ екен: ұрған, соққан, әлімжеттік жасаған. Өзі құралпы балаларға мазақ етіп, таяққа жыққан. «Мен әлсіз болдым. Тырбаңдап ешкімге шамам жетпейтін. Қалай әлсіз болмайын, екі үш жасымнан көк жөтел тиіп, одан қышыма қотырға ұрынып, ақыр соңында сары ауруға шалдығып, көрмегенді көрсем. Ауру баладан ата-ана да бойын аулаққа салады, білемін, мен әйтеуір, өлместің күнімен жүріп өстім ғой», – деп көкөзек кезін еске түсіре сөйлейтін Жөкеңе жаным ашитын. «Дінас, – деуші еді Жолбасар ызадан булығып, – Дінас, сен білмейсің, бұл жазушы, ақын дегендерің тасбауыр, сұмпайы адамдар шетінен. Дүниеде тек өзім ғана болсам дейді».

Жолбасар ғана емес, бұл кезде жазушыларды үкімет басшысынан бастап, газет, журнал тегіс іске алғысыз етіп бастаған. Бір кеште, Балым жеңгейдің кешкі асына қол салып отырғанымызда, ақшам жаңалықтарынан тұрақты көрінетін үкімет басшысы: «Менің саяси-экономикалық реформаларыма мына жазушы ағайындар қасарысып, қарсылық танытуда. Мен көп векторлы, көп ұлтты қоғам жағындамын, ал, жазушы ағайын, «ұлттық мемлекет» деп ұрандайды. Мен ауылшаруашылығынан бастап, ауыр өнеркәсіпке дейін жекеменшіктің иелігіне өтуін қалаймын, жазушы ағайындар баяғы ортақ қазан, ортақ игілік дегенді көлденең тартып, жолымды бөгейді. Қоғамдық пікір тудырып, елді кері тартуда. Менің жазушыларға айтарым: «Жазуыңды жаз да жат. Үкіметтен ештеңе сұрама. Американың жазушылары күндіз көше сыпырып, түнде жазады. Сендер де сөйтіңдер!» – деді ызбарланып. Үкімет басшысының сөзін естіген Жөкең үкі көзденіп маған қарады да күліп жіберді:

– Әне, көрдің бе, үкімет адамы да бізбен бірге екен. Жазушылар – жатып ішер арам тамақтар ғой. Дұрыс, оларға көше сыпырту керек. Әсіресе, біздің Ерқабатқа! Шіркін, Ерқабаттың емпеңдеп көше сыпырып жүргенін көрер ме едім бір!

Атқарушы биліктің төріндегі алдияр анадай деген соң баспасөзде жан қала ма – олар да ақын, жазушыларды сынап-мінеп баққан. Ерқабат та сынға ілікті. Сынға іліккенде сұмдық: жазушы халықаралық ұйымдармен астыртын байланыс жасап, билікке қарсы топ құрып жүр екен-міс. «Жаңа қоғамдық формацияда өмір сүруге бет түзеген мемлекетімізге қауіпті элементтердің бірі – жазушы Ерқабат Байғызұлы» деп жазды көп тиражды аға газет. Бұл мақаланы оқыған Жолбасар:

– Қой, ата-тегімізді өзгертпесек болмас, – деді.

«Құрсауда». «Қауіпті элемент» Байғызұлының әйгілі романы осылай аталатын. Ұмытпасам, романның бас кейіпкері түрмеге түсіп, азап шегеді. Жендеттер ұлт мұраты жолында жанынан кешкен қаһарманның мұртын жұлып, істік темірге отырғызып, әбден қорлайды. Ең соңында, кешірім жасаған болып сыйлайды да, баласының етін жегізеді. Кейіпкерінің тағдыры қайран Ерқабаттың басына ауғаны ма? Түршігіп кеттім. Жолбасар болса, ырқ-ырқ күліп отырды.

VII

Тәуліктің қай шамаға ауғанын білмеймін, түн ғой деймін, бір таныс дауыс:

– Дінасыл, далаға шығып кетші, – деді. Шықтым. Төңірек сүттеніп тұр. Ыңыранып жататын қаладан ыңыл естілмейді. Аспан астын кернеген ызы-қиқуды әлдебір құдыретті күш жұтып қойған сияқты. Астапыралла! Ауланың бақшаға жалғасатын шетінде тұрмын... Мен. Жоқ, маған бет әлпеті, түр тұрпаты сойып қаптап қойғандай ұқсайтын біреу. Мен – ол екенмін де, ол – мен секілді. Ептеп басып, қасына таядым. Күлімсірей қарайды... менің өзім. Жүзіне күлкі үйіргенімен өңі солғын, жүдеу. Жақ жүні үрпиіп, көзін жаутаң-жаутаң еткізді. Сосын сәлем-сауқатсыз:

– Сен кімсің? – деп сұрағаны.

– Дінасылмын.

– Жоқ, Дінасыл менмін.

– Екеуміз, рас, егіздің сыңарындай екенбіз, алайда, Дінасыл мына біз болсақ керек-ті. Нанбасаң үйден төлқұжатымды әкеліп көрсетейін.

– Кешіріңіз, ол құжат менікі. Ммм, қалай десем екен, менікі болған. Бірақ, алабай төбеттің аяғындағы арыққа түнеп шыққан күннің ертеңінде сенің қалтаңда кетіпті. Соны өзіме қайтарсаң деймін. Құжатсыз адам, – ол зорлана күлді, – жоққа есеп екен.

– Мен, мен, – дедім ауа қарманып, – ешкімнің құжатын ұрлап, қалтама басқан емеспін. Кәмілеттік жасқа қашан толғанымды, төлқұжатымды қай күні алғанымды, туған күнім мен ай, жылымның қалай жазылғанын жатқа білемін.

– Ұрлық дүниесін де адам өзіне сіңіріп кете береді. Сіңген дүниені әу бастағы иесіне ешкім оңай оспақпен қайтармайтыны анық. Оны білемін. Мысалы, сен, Жолбасар екеуің, қайбір жылы ұраға тығып тастаған қара сөмекені ақшасымен қосып иесіне қайтарар ма едіңдер?

Мен ішкі дірілімді сездірмеуге тырысып:

– Қайдағы қара сөмке, қайдағы ақшаны айтасың? – деп сұрадым. Ол:

– Мен бәрін білемін, сені сырттай бағып жүргеніме көп болды, – деді.

«Құрыған жерім осы екен. Мынау жалған бетперде киіп келген ізкесер болды ғой?..».

– Жоқ, – деді ол. – Сірә, адамның ішкі ойын оқып қоятын зәндем болса керек. – Мен ізкесер де, сенің көлеңкең де, сыңарыңда емеспін. Мен – менмін: Дінасылмын. Ал сен, менің кейіпіме еніп, адасып жүрген пендесің. Сен тіпті, өзіңнің қай уақыттан, қай кеңістіктен келгеніңді де білмейсің. Бәлкім, сен менің ана құрсағында жатқанымда пешенеме жазыла жаздаған тағдырым шығарсың. Бірақ, есіңде болсын, мен сен болып, сен секілді қарақшы болып, күнәға батып өмір сүре алмаймын.

– Жалғыз рет, Жолбасармен бірге жортып, қоймашының қара сөмкесін қақшып қашқаным болмаса, басқа қиянтақта барғаным жоқ, – деп мен мойындай сөйледім. – Ал, қоймашы – тірі. Кіндігінің басына тырнақтай тыртық жамағаны – жанына сауға: қазір ол дүрілдеген бай, біздің досымыз. Қоймасының кілтін керек десең маған тапсырып қойған. Иә, таршылық бізге қылмыс жасауды талап етті. Біз жасадық. Бірақ нәпақаң қылмыстан бұйырса, оны қалай жерге тастайсаң? Қалай ғана көлденең көк аттының қанжығасына бөктеріп жібере саласың?

– Одан кейін ше? Одан кейін адам баласы бір уақ ойланып, опық жейтін іс қылмадың ба?

– Жоқ.

– Соқпа өтірікті. Әйгілі ақынның есім-сойымен аталатын кең көшені тәнін саудалаған жезөкшеге толтырған кім? Жолбасар екеуің! Есіңде ме, сол көшені қиып өте бермек болған бір боздақты машина қағып мерт қылғанын?

– Оған, оның өліміне біздің не қатысымыз бар?

– Рас, ол өз жөнімен жүрген жан болатын. Сендердің түнгі көбелектеріңе бұрылып та қарамаған, бірақ, бағдаршамның жанып өшкен жарығына алданып, ғаизиз жанын қиды. Өйткені сендер жайлаған көшеде тап сол кезде Ажал кетіп бара жатыр еді. Ажал – періште. Ажал – періште жаны жайсаң жігітті әбілет басқан көшеден алды да ұшты. Ажал оның дегдар болмысын сендердің қара түнек мекендеріңде қор еткісі келмеді. Жаны жәннатта болсын!

– Иә, ол жігіт солай бақиға аттанған.

– Шімірікпейсің-ау, шімірікпейсің! Еш қиналмай: «Иә, ол жігіт солай бақиға аттанған», – дейсің. Содан кейін де не істемедіңдер жанторсығың Жолбасар екеуің? Қолдан арақ жасап, елді улаған кім? Тағы да Жолбасар екеуің! Есіңді жый, ей, пенде! Кет Жолбасардың қасынан!

– Кете алмаймын, өйткені екеуміздің кіндігіміз байланған. Сыбайласпыз.

– Сыбайлас болғандықтан да ол сенен құтылғысы кеп жүр.

– Жоқ, сен мені айнытып, азғыра алмайсың. Менің үлесім бар. Екеуміз ортақ үлесімізді бөліскен күні ғана бөлінетін шығармыз. Оған дейін мен Жолбасардың жанынан қалмаймын.

– Сорлы-ау, ортақ үлесің қара сөмкедегі ақша ма? Оны баяғады-ақ Жолбасар жаратып үлгерген. Сен білмейсің, ол қазір Балым екеуі «Ғажайыптар алаңынан» жардай үй салып жатыр. Сендер ұраға тыққан ақшаны Балым білмейді деп пе едің? Жақсы білетін. Жолбасардың нағыз сыбайласы – Балым. Ол ұрадағы ақшаны ертеңінде-ақ аршып алып, қос қабатты үй салудың қамына кірісіп кеткен. Таяуда үйдің құрылысы бітеді, сол күні сенен Жолбасар құтылады. Мәңгіге құтылады. Қоймашының кіндік тұсына қадалған қанжар Жолбасардың жанында қайраулы жүр, байқа, бала!

– Қайдағы жоқты тантыма, ол мүмкін емес!

– Әбден мүмкін. Сен, әрине, Жолбасарға сенесің, сенгендіктен де оның соңына көзің байланып түскен сорлысың. Ал енді айта қойшы, Ерқабатты неге «мемлекетімізге қауіпті элементтердің бірі» деп газетке жаздың?

– Жаппа жалаңды! Мен жазған емеспін. Мен қазір жазу дегенді ұмытқанмын.

– Жазасың. Жазғанда қандай?!. Сенің қаламыңнан болашақта адамзат баласына қауіпті дүниелер жазылатынын ойлап жаным түршігеді.

– Ха-ха-ха!

– Күлесің, ә, найсап, күл, күл, күле түс. Бірақ сенің тұтқыныңнан мен қайткенде өзімді алып шығамын.

VIII

Қағаз қалталарға қара ала ұнды қаптап тастап, сатушыларға: «Қарғыс алсаң өзің ал», – деп үлестіріп тұрғам, ол көлденеңдеп өте берді. Өңі тым жүдеу, сіңірі шығып, әбден арыған. Шалбарының ышқыры беліне оралып кетіпті. Қара қайыстай болып күнге қақталған байқұсқа базарда әркім қожа екенін байқау қиын емес. Қол арбасының жетек сабына сүйеніп, аз-кем аялдай беріп еді, кеудесіне нан піскен саудагердің бірі құйрығынан бір теуіп: «Былай жүр», – деді оған. Сөйтті де, дікеңдеп әлденені бұйыра бастады. Ол, әне, мықшыңдап дүм кеуде саудагердің тауарын тасуға кірісті. Абажадай қол арбаға тиелген заттарды әй, бар ғой, ат тарта алмас. «Аяқ-аяқ, – деп шырылдайды ол, – қол-қол!». Сірә, базарда сабылған жұрттың аяғын басып, қолын қағып кетпейін дегені шығар. Амал кем, басып кетті. Кәріс жігіті екен. «Аяқ-аяқ» деген айқайды әлде естімеді, әлде түсінбеді, арбакештің арбасына жылт қара туфлиінің басын соғып алған ол менің, менің деймін-ау, кешелі бері пайда бола кеткен менің елес-сыңарымның бет-ауызын қан жалатты. «Извините, я виноват, не бейте, пожалыста, не бейте!» – деп қорғалақтаған сорлыны ешкім арашалаған жоқ. Кәрістің таяғына жығылған бейшараның қол арбасынан бірер зат түсіп қалып еді, енді оны саудагер келіп түйгіштеді.

Түс әлетінде ол менің қоймамның көлеңкесінде қара нан талмап, қара су ішіп отырды. Шырқау көктен шаншылған күннің отты шапағы қара базарды қуырып барады. Мен елес-сыңарыма салқын қойманың ішіне кір деп ымдадағам, ол басын шайқады. Сосын: «Сенің күнәңа ортақтасып, қарғыс арқалағым келмейді», – деді.

Кешке, әйдік көшені бойлай тізілген бағаналардың басындағы шам жамырай бере қалтарыс-бұлтарыстан өріп шығатын «көбелектерімізді» түгендеп жүргенімізде, мен оны тағы көрдім. «Жанна» деген жанама есімді жезөкшенің қасында жылап тұр екен. «Жайдары, – дейді ол жалынып, – кеттік, қалмашы мұнда. Өмірдің қиындығын жеңеміз, жаным. Күн көріп, өмір сүрудің бұдан да басқа жолы бар. Қол ұстасып, көз көрмес, құлақ естімес бір жаққа тартып кетейік. Алыстан атқан таңымыздың нұрына шомылып, жанымыз күнәдан жуылып, тазарғанда сән-салатанатымызбен қайтып ораламыз Алматыға».

Жайдары – Жанна Жолбасар екеуміздің ең өтімді – «тауарымыз». Бірақ, мен қазір Жайдарының елес-сыңарымның етегінен ұстап, ере кетуін қалағам. Ал ол маған қарап сайқалдана күлді: «Данди, бүгін мені қойныңа алшы, жаным, қалағаныңды қыласың». Кенет, елес-сыңарымның қасынан баяғыда өлген жігіттің пайда бола кеткені. Кең маңдайлы, жауырыны қақпақтай, нұр сипатты сабаз екен. «Оу, – деді ол елес-сыңарыма, – мен сені іздеп Алматыға келіп едім ғой. Мен саған әлдебір нәу етекпен сәтсіз неке құрғанымды баяндап бермек едім. Соны сенің жазғаныңды қалағам».

– Жаза алар емеспін, – деді елес-сыңарым мұңайып, – мен осы жаза алмайтын шығармын...

– Жұлдызың жанып тұр, – деді бақилық болған жігіт тірі адамша самбырлай сөйлеп, – сенің бағың да, байлығың да – жазуда, жаз, жаза ғой, жарқыным. «Байлық» десе басы айналып, құлап қала жаздайтын мен байқұс елес-сыңарымының тәлейіне бұйырған жазушылықты қызғанып, сол түні ала қағазды алдыма өңгердім де, таңды көзбен атырдым. Сосын, қолжазбамды Жолбасардан мұқият жасырып, төсегіме кеп құлағам.

Ертеңінде құпиялап бастаған қолжазбамның бетін ашып жазуға отырдым. Сұмдық! Торкөз дәптердің бетіне түнеу күні түсірген жазуым түгел сүртіліп қалыпты. Оның орнында: «Дінасыл, мен сенің шығармашылыққа оралар күніңді сарыла күткен едім», – деген жалқы сөйлемге көзім сүрінді. Міне, қызық, жалқы сөйлемді тізген әріп таңбалары менің өз жазуым. Мен әдетте сөйлем ортасында келетін «д» әріпінің басын домалақтап, құйрығын төбесіне қайырып, айдарлап, әдемі етіп жазамын. Сөз жоқ, мынау – менің жазуым, өзімнің қолтаңбам. Бірақ, мен сүттей ұйыған берекелі шаңыраққа келін боп түскен кесір қатын туралы хикаяттың кіріспесін бастап кеткен едім ғой, бұл қалай болғаны? Аз-кем тосылып отырдым да, хикаятымды жалғастыруға кіріскем. Иә, жазу менен алыстап кетіпті, оқиғаны баяндау мен суреттеуге келгенде қаламымнан төгіліп, төгіліп түсетін сөз бен сөйлемнің басын құрай алмай ұзақ қиналдым. Жазудағы тілімді қара базар жұтатып кетсе керек, ойлы, көркем сөздердің көлеңкесін де таба алмай таусылып, тағы да таң атырып, төсегіме талықсып барып жығылдым. Әйтсе де, торкөз дәптердің екі бетіне түнде жыланға айналып кететін әйелдің тұтас бір әулетті ойрандау әрекетіне кіріскенін баяндап, сөйлемнің соңына нүкте қойғам.

Қоймадағы қызметімді қол көрмей, кештің батуын тағатсыздана күтетін халге душар болғанымды бір күні елес-сыңарыма білдірген едім: оның жанары жарқ ете қалды. Содан кейін маған былай деп ескертті:

– Сен енді Жолбасардың жанынан кет, ол саған алаңсыз жазуға мүмкіндік бермейді.

Ерінің басын жұтып, тұтас әулетті ойрандамақ болған жылан – әйелдің кеселді ісін өрбітерлік шым-шытырық оқиғаны жанымнан тудырып жазған қолжазбамның бетін ашқам: масқара! Жаңа басталған хикаятым тағы да жым-жылас жоғалыпты. Жоғалған жолдардың орнына: «Дінасыл, бет алысың дұрыс, тоқтама, тез жаз! Сен сұлу сөз іздеп, сөйлемнен әуен аулап қиналасың. Оның жөн. Бірақ, бұлай жазу машығы сенің меншігің емес, оны да ойла!» – деп түйіндеппін. Бұл неғылғаным сонда? Мен не, өз жазғанымды өзім ұрлап, жоқ қылып, өзімді өзім мазақ етіп жүрмін бе? Түсінбедім.

... Келесі түнде кіріспесінен өтіп, орта тұсына дейін қамтылғанымен із-түссіз жоғалған «Жылан – әйел» хикаятының шарықтау шегін әдейі қалдырыдым да, түйініне бір-ақ түстім.

... Жылан – әйел бауырымен жорғалап, алып шаһарға кірді.

Хикаят осылай аяқталған. Таңертең асығып, қобдишамды ақтарсам, тор көз дәптерім жоқ, түбінде бір жапырақ қағаз жатыр. Қағазға былай деп жазып қойыппын: «Дінасыл, сен менен хикаятыңды қызғандың ба? Бұнын қате. Алайда, хикаят осы күйінде де жаман емес. Сен жазудан қол үзбе. Жаза түс».

«Жылан – әйелден» кейін де бірнеше хикаят, әңгіменің басын қайырдым. Бұл кезде мен жазбаларымының жоғалып кете беретініне де, өзіме өзім хат жазып отыруға да, әбден көніп болғанмын. Өйткені: шығарма жазу тағдырыма телініп, күнделікті дағдыма ұласқан еді. Жазушылығымды Жолбасардан жасыруды да қойдым. Екеуміздің арамыздағы бұрынғы жарастықтың ізі де қалмай суынып кеткенбіз. Бір күні ол: «Қараңды батыр!» деп бұйырды. Күткенім сол еді, жарты күнде боқшамды жинап алып, еліміздің батыс аймағында ашылып жатқан кен орындарының біріне тайып тұрдым. Мені теміржол вокзалынан тоқ, жарау елес-сыңарым шығарып салған. Бойы биік, еңселі, су сабынмен жақсылап жуған қап-қара, қайратты шашы мақпал қара құлынның жалындай күлтеленіп иығына төгіліп тұр. Соңғы үлгімен бойына сәндеп киген киімі өзіне құп жарасып, қыз-келіншектердің көзін арбайды.

– Міне, сен менің тұтқынымнан босап, өзіңе оралдың, өзіңді қайта таптың. Ал енді төлқұжатыңды қайтармасам болмас, – деді ол күліп, – жолың ашық! Қолыңа қайла ұстап жарытпайтыныңды білемін, шамасы сен кен қазуға емес, шығарма жазуға асығып барасың-ау... – Ал, мен, – деген содан соң білегіндегі алтын баулы сағатына үңіліп, – Жөкеңнің қасында қаламын. Жазудың құдыретімен орнымыз ауысып кеткен елес-сыңарымнан:

– Шыныңды айтшы, менің қолжазабаларымды ұрлаған сен емессің бе? – деп сұрадым. Ол тіксініп басын шайқады.

IX

Купеде қолыма Ерқабатқа жала жапқан «аға» газеттің түсе кеткені. Газеттің бірінші бетіне үкімет басышысының айғыр алған ат терісіндей көлемді мақаласы жарияланыпты. Әлгі мақаласында үкімет басшысы кезекті кітабын жазып біткенін, кітапты жазу үстінде тарихымыздың терең қатпарларына бойлағанын, сол тарихты көркемдеп жазатын жазушы ағайынның осы күні азайып, бұл тақырыпты жалғыз өзі қаузап жүргенін қынжыла баяндапты. Менің үкімет басшысына жаным ашыды. Сосын ішімнен: қолжазбаларым жоғала бермесе екен деп тіледім.

Кеншілер қаласында бүкіл аймаққа тарайтын беделді журнал бар екен. Журналға қара табан, күс білек жұмысшылар қауымының өмірінен көркем очерк ұсынғам: редактор сиясын кептірмей жариялап жіберді. «Әңгіме, хикаят жазуға да икемің бар сияқты, ондай дүниелерің болса, әкел, саржамбас қылып жатқызып қоймаспын», – деді редактор арқамнан қағып.

Редактор сөзінде тұрып менің бұрын жоғалып кетіп, қайта жазылған «Жылан – әйел» туралы хикаятыма сынық сөйлем араластырмай журналына басқан. Алайда, пәленің бәрі осы хикаяттан басталды...

– Қарағым, бұның қалай, – деген редактор мені кеңсесіне шақырып алып, – «Жылан – әйелің» ұрлықы дүние екен ғой? «Аға» газет солай деп айқай шығарып жатыр. Өткендегі очеркің тәп-тәуір шығарма болған соң сеніп қалып едім, масқара қылдың бізді. Түп нұсқадағы хикаят ықшам, жинақы жазылған, сен болсаң «жиендік» жасағаныңды жасырып, оқиғаны біраз созыпсың, бірақ, шығарманың алтын өзегінен алыстап кете алмағансың. Сөздің турасына көшсек, сен автордың туындысын ұрлағансың да, оны өзіңше жазуға талпынғансың. Алайда, ұрлықтың аты – ұрлық. Ұрлығың жекелеген сөйлемдерден-ақ көзге ұрады. Былайынша, екеуіңнің жазу стильдерің ұқсайтын сияқты. «Ұқсайды» дегенім қате, сен ұқсауға тырысқансың. Әлде талантты жазушыға еліктеген түрің бе бұл?..

Алаңсыз жұмыс істеп жүрген жерімнен журнал редакторы шұғыл шақырып жатыр деген соң алып ұшып жеткем. Көңілімде: «Алтын қалам» журналы қызметке алып қалар ма екен?» – деген дәме бар еді. Өйткені талантты редактор, оның өзі де кемеліне келіп, толысқан ақын болатын, бірде маған қоңырау шалып: « Журналға сен секілді ішкі бұрауы мықты жігіттер қажет», – деген-ді. Менің ішкі бұрауым ащы дауысты тенордың ең жоғарғы нотаны үзіп алар шегіне көтеріліп кетсе керек:

Жо-оқ! – деп айқай салдым, – жоқ, ұры мен емес, ол! Оның кім екенінін білем мен! Алайда, айқайымның журнал басшысына дарымасын сол сәтте түсіндім де, бәрін басынан бастап баян еткем. Сөзімінің соңына жеткенде редактор басын шайқады:

– Психологиялық шығармаларда кездесетін қисынға сала берме, інім, өмірде бұлай болуы неғайбыл. Сен, сонда қалай, біресе қара базарда сауда жасап, біресе жазушы әлеміне еніп, екі бейнеде, екіұдай хал кешкенсің бе? Жоқ, өмірде бұлай болуы неғайбыл, інім.

Редактор – Ұлағат аға, «осының өзі дені түзік пе?» дегендей маған үңіле қарап, үнсіз отырды да, ақырында былай деді:

– Әйтсе де, көрейік, уақыт беремін, осында отырып жаз, әңгіме ме, хикаят па, қалауың білсін. Сосын, әрине, туы биік туынды жаза алсаң, тағы да жариялаймын.

Мен «Күзгі бақтағы екеу» деген эллегиялық әңгімемді жазып аяқтағанша, күнделікті шығатын «аға» газет белгісіз автордың кезекті бір дүниесін басып, соңына мынандай бір ескерту беріп үлгерді:

«Біздің жазушымыздың қолжазбалары кезінде қолды болған көрінеді. Сол қолжазбаларды «Алтын қалам» журналына жабысқан Дінасыл Сұңғатов деген біреу өз атынан жариялап жүр. Егер ол жазушымыздың шығарамаларына «жиендік» жасап, сыртынан меншіктеуден тиылмаса, авторлық құқық туралы заңға сүйеніп, онымен заң жүзінде сөйлесуіміз мүмкін. Оқырман алданып қалмас үшін жазушымыздың сканерге көшірілген қолжазбасын қоса жариялап отырмыз».

Қолжазбасының соңына «Жортарұлы» деп қол қоятын белгісіз автордың арбиған түйе өркеш жазуына көз жүгірте күлдім де, әңгімемді аяқтадым. Ғашықтардың құпия сырын қос қайыңның тілінде сөйлеген «Күзгі бақтағы екеуді» оқыған Ұлағат аға мені бауырына басып: «Құттықтаймын!, – деді, – «Жылан – әйелдің» де, басқасының да авторы сен екенсің, енді көзім жетті».

X

«Алтын қаламнан» атағым дүркіреп шыққан. Бұл кезде менің әңгімелерім мен хикаяттарымды астанадағы әдеби газет-журналдар жарыса жариялап, қайсыбірі алдағы нөмірлеріне тапсырыс беріп қоятын. Шығармаларым әдеби ортада жоғары бағаланып, барақат тапқан күндеріме шүкіршілік еткен мен асып-тасудан бойымды аулақ салып, қоңырқай қалпымнан аумадым. Ал «аға» газеттегі белгісіз бәсекелесім – «Жортарұлының» қазір қайда жортып жүргенін де білмеймін.

Бір күні редакцияға мені іздеп Ерқабат Байғызұлы келді. Жазушыны жүзбе-жүз алғаш көруім: сымбатты кісі екен. Жоталы маңдайынан асырып, жауырынына жайып тастаған шашы сәл сұйыла бастағанымен, бітім болмысындағы бекзаттығын әйгілеп тұр. Бүркіт қабағына тік түскен таспадай сыңар сызықтан жазушының ойқамаулы болмысы байқалады.

– Күнә мен өтіріктің де өмір сүруге қақысы бар, – деп бастады Ерекең екеуара әңгімеміздің мәнісін алыстан қайырып, – ұят пен кешірім бар жерде күнәға да, өтірікке де орын табылады. Сосын күнә мен өтірік біздің қалыпты тірлігімізге көшеді де ұмытылады, кешіріледі.

Менің әпкем бір жігітке өлердей ғашық еді. Жігіт те әпкемді сүйетін. Ғашықтарға сырттай тілеулестігімізді білдіріп, махаббаттың оты маздар тойды күттік. Үлкендер жағы әне-міне болатын құдалықтың қамына кіріскен. Бірақ, аяқ астынан жігіт айныған ба, әлде көлденең бір азғырынды араласқан ба, екеуінің жолы айырылып тынды. Амал кем, неке түніне дейін тән құмарлығынан жеңілген апайым жүкті болып қалыпты. Солай, бауырым... Жолбасар дүниеге келген...

Естуің бар шығар, қазақ жолдан туған баланы – «жолдыбай» дейді. Жолдыбайлардың біреуге жиен, біреуге бала, біреуге бауыр болып сіңіп кететіні де бар. Қазақта түкпірлеп түбін қусаң қайсыбір жақсы атаның, «елім» деп еңіреген ерлердің сойы қыздың құрсағына барып табылады. Соноу бағзыда, жоңғармен болған жойқын ұрыстарда әулет қамын ойлаған кемеңгер әжелер немере қыздарын ат беліне қондырып, батырлар тіккен қосқа кіргізіп жібереді екен. Жолбарыс жүректі жолдыбайлардың дені күндей күркіреген батырлардың белінен туған дейді, әлқисса. Бірақ сол жолдыбайлармен қатар көрдемшелер де дүниеге келіп қалатын көрінеді. Мен саған көрдемшелер жайында айтпақпын.

Жарық жалғанға келгені үшін кінәсіз десек те, әйел мен ердің күнәсін арқалап туатын көрдемшелер өсе келе әркімнің орынына таласып, адасқақ тағдыр кешеді екен. Олардың бойында мені мен саған бұйырғанның бәріне қарсылық пен қызғаныш қабат өмір сүреді. Маза таптырмайды. Өртейді. Ол қандай көрдемше десең, айтайын, ол – әдебиеттегі көрдемше. Әдебиет дейтін әлемге аяқ басқан көрдемшелер тым қатыгез, тым қорқау болады. Олардың қорқаулығы сол – қаламгер атаулыны жек көре тұрып, қаламгер бейнесінде өмір сүріп, қаламгер бейнесінде өлгенді армандайды. Сондықтан да ештеңеден тайынбайды.

– Міне, қара, – деп сөзін жалғады жазушы езуіне шылым қыстырып: – Мынау – сенің қолжазбаларың. Сенің қолжазбаларыңды Жолбасар ұрлап алған да күнде сен болып саған хат жазып отырған. О, ол деген сұмдық каллиграфист. Біреудің қолын айнытпай қойып, жазуын да аудармай түсіреді. Ол сенің жазуыңды мұқият зерттеп болған соң, қай әріпті қалай жазатыныңа дейін меңгерген. Сөйтіп, «д» әріпінің басын домалақтап, құйрығын жоғары қайырып, айдарлап жазуды үйренген. Ал «д»-ны бұлай етіп әркім-ақ жаза алса керек. Ол сенің шығарма жазуыңа қарсы болған жоқ, жазуыңды іштей тіледі. Білесің бе, сен құлшына жазған сайын ол шексіз қуанып жүрді. «Жаз, жаза түс», – деп торкөз дәптерге хат қалдырып қоюды да ұмытқан жоқ. Ол сөйтіп сені құлдануды, шығарма жазуға құлша жұмсауды ойлап, жан таппады. Бірақ, жайшылықта жазуыңды жақтырмайтын адамсып жүретін. Ол сенің қорыққаныңды, тығылып жазғаныңды қалады. Сені, тіпті, жынды қылып, ес-ақылыңнан адастыру үшін жасырын хат жазып отырды. Жазуға жан-тәнімен беріліп кеткен кейбір қаламгерді әдебиеттегі көрдемшелер есалаң етіп пайдаланатын сұмдық баяғыдан бар. Есі ауысқан жазушы көрдемшеге бойындағы бар нәрін қалай сығып бере салғанын білмей өмірден өтетін. Алайда, сен күйкі тірліктен кетіп, жазуға шындап бет қойғаныңда, елес-сыңарыңның ешкім емес, өзің екенін білген кезіңде саған: «Қараңды батыр», – деп бұйырды. Ол сөйтіп сенен ұрлаған шығармаларын газеттерге жариялап көрді, сені «ұрлықшы» деп қаралады.

– Апыр-ау, – дедім мен таң қалып, – Жолбасар сөзге ұста болғанымен жазуға жоқ жан еді ғой? Мен оның қолына қалам алып, қара түрткенін көрмеппін.

– Алматыдағы газет, журналдармен байланысың болмады. Оны білемін. Ал, Жолбасар редакцияларға жиі бас сұғып тұратын. Бүркеншек атпен пәлелі, жалалы мақалалар жазатын. Бірақ, жазғанын саған еш көрсеткен емес.

Жолбасар қазір жаңа жемтік іздеп жүр. Мені де ол кезінде жемтік қылмақ болып, шығармаларыма «жиендік» жасаған. Онысынан түк шықпады. Орталықтағы үлкен, басалқы газеттің бетінде маған жала жауып, мемлекетке қарсы етіп те көрсетті. Одан да ештеңе өндіре алмады. Мен әубастан-ақ, Жолбасардың көрдемше екенін сезгем. Өйткені, менің бойымдағы жазушылық қабілет оған да дарыған еді. Амал қанша, кем дарыған екен. Ол сол кемдігінің орнын әлгіндей сұмдық, қиямпұырыс әрекетімен толтырмақ болып әуреленіп жүр.

– Айтпақшы, – деген Байғызов менің көне қолжазбамды қолыма ұстатып тұрып, – мен бұны Жолбасардың қобдишасынан тауып алдым.

Қолжазбамды қолыма алып қарағам: бір кезде ұшты-күйлі жоғалтқан хикаяттарымның соңын ала Жолбасар қалың торкөз дәптердің бар бетін толтырып: «Менікі, менікі, менікі, менікі ...» деп жаза беріпті.

 

(Соңы)

 

Дәурен Қуат

25.05. – 02.06. 2019 жыл. Сағат: 06 00

 

adebiportal.kz
 

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер