«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
1Біз күткен бақыт
1Біз күткен бақыт
Дайындаған: 3 ай бұрын

                                                                                                (Жалғасы)

Біздің қаладағы тіршілік

Біздің көше. Ұлт мақтанышының атымен аталатын көше. Сол көшенің ­бойында екі тілді жарнама. Орысшасы – таза, қазақшасы – шала.

Біздің аялдама. Өңкей өзіміз: темекі тұтатқан ер адам, бала жетектеген әйел, телефон ұстаған қыз, бір-бірімен қалжыңдасқан жастар. Бірақ бәрі басқа тілде сөйлейді.

Біздің кинотеатр. Көрсетілімде шетелдік фильмдер. Өз тілімізде сөйлеп жатқан кино жоқ. Өзіміздің режиссер түсірген бір ғана фильм бар екен. Рөлді сомдаған да қазақтар. Алайда тілдері – аралас, дүбәра.

Біздің мейрамхана. Ас мәзірі келді. Екі тілде – орыс және француз. Даяшы – өзіміздің азамат. Бірақ ана тілін білмейді.

Біздің кітап дүкеніміз. Жүздеген-мыңдаған кітап – орыс тілінде, онға жетер-жетпесі ғана – қазақ тілінде. Оқымайтын, жазбайтын, ойланбайтын ел сияқтымыз. Ұлтымыз оянбаған, жаңармаған, дамыма­ған сияқты боп көрінеді.

Біздің телеарна. Ойын-күлкі, ән мен би. Орысша бұлбұлдай сайраған, ал қазақшаны ежелеп оқыған ақ жағалылар. Ана тілін менсінбеген бейбақтар. Кино. Сериал. Айтыс-тартыс. Сосын қайтадан ойын-күлкі, ән мен би.

Біздің тұрмысымыз. Шетелдік бұйым­дар. Өзге тілде сайраған заттар. Жат жұрт­тық киім-кешек. Жеген асымыз ғана, онда да…

Біздің алқалы жиын. Өзге ұлт өкілде­рімен өткен басқосу. Қазақ тілін жақсы білетін өрендер. Бек ырзамыз. Бірақ өз ағайынымыз разы емес. Бір тырнағымыздың астына кір тұрып қалған екен. Соны іздеп, тауып алған көрінеді…

 

Кім жауапты?

Адамзат тарихында болған түрлі дерт пен індеттің қайдан шыққанын шығыс ойшылдары анық кесіп айтқан: «Елге жайылған індет, жер-жерге таралған дерт көпшіліктің қателігі мен адасқандығының нәтижесі».

Сондықтан Қожа Ахмет Ясауи сынды бабаларымыз, Абай сияқты даналарымыз әуелі өз-өздерін есепке тартқан. Өздерін жауапты сезінген. Қайта-қайта тәубеге келген. Жаратқаннан кешірім тілеген. Індеттен құтылу үшін таңды-таңға ұрып, мінәжат етіп, жалынып-жалбарынған.

Осы тұста Мұса пайғамбар туралы әңгіме еске түседі.

Құрғақшылық кезі. Пайғамбар қауымын жинайды. Тасаттық береді. Дұға оқиды. Бірақ жаңбыр жауар емес.

– О, Құдай тағала! Жаңбыр тілеңдер деп едің… Бірақ жаңбыр жаумай қойды? – дейді.

– Араларыңда адасқан, күнәһар біреу бар, – деген дауыс жетеді сонда.

Күнәһардың кім екенін сұрағанда, әлгі дауыс:

– Мен құлдарымның күнәларын паш етпеймін. Барлығы тәубеге келсін, сонда әлгі күнәһар құлым да тәубеге келетін ­болады, – деген екен.

 

Жыламаған бала

– Білесің ғой, «Жыламаған балаға емшек жоқ» деді бір мекеменің ­басшысы. – Өзіміз осы дәрежеге жылап жүріп жеттік қой. Біз солай тәрбиелендік. Енді сендер де жылауды үйреніңдер! – деп қалжыңдағандай болып, ащы шындықтың бетін ашты.

– Жылап жүру, сұрай беру ұят емес пе? Қашанғы жылай береміз? Бұрын орыстан сұрадық, енді егемен ел болғанда өз-өзімізге жалынамыз ба? – деді бұл.

– Жылаған ұят емес, қайта, жыламаған ұят! О заман мен бұ заман ештеңе өзгерген жоқ. Сол үшін жылай беру керек. Сен ­жылап, мына менің алдыма келмесең, саған ешуақытта ештеңе бұйырмайды.

– Сонда менің алған білімім, жиған тәжірибем, бойымдағы талантым, барлығы жайына қала ма? Сіздің алдыңызға келмесем, сіз мүлде байқамайсыз ба? Таланты бар, талабы бар азаматтарды іздемейсіз бе? Қашанға дейін жылатып отырасыз?

– Айналайын-ау, талантты болсаң – бір жерден көрінерсің. Талабың болса – жетерсің. Есікті қақпасаң, кім ашады? Сендей жыламайтын бала кімге керек? Әй, сен оны айтасың, анау ағаларың үлкен додаға түскенде, «ағайынның аты озсын» деп, жыл он екі ай, күндіз-түні бір-біріне телефон соғып, жоғары жаққа сұранып, жалынып, жылап сұрап алады ғой.

– Талантқа есік қағып кірудің керегі бар ма? Ол үшін әрдайым есік ашық болу керек. «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген. ­Сонда таланты жоқтар жылап сұраса қолдайсыздар да, жыламаған таланттыларды қолдамайсыздар ма?! Бұл не қылған түсінік, не қылған жүйе?! Талай таланттыларымыз сіздердің кесірлеріңізден құрып кеткен жоқ па? Обалсынбайсыздар ма? Елдігіміз қайда? Бірлігіміз, жарқын болашағымыз қайда?

– Саясатты түсінбесең, басыңды қатырмай-ақ қой, шырағым. «Жыламаған балаға емшек жоқ» деген аталы сөзге қарсы екенсің. Бұл түріңмен сен өспейсің. Өзіңмен-өзің жетім құсап қала бересің. Қазір тоқшылық заман. Сенің анау-­мынау деп айтқаныңның – көк тиындық құны жоқ, – деп мекеме басшысы ашуға булығып сөйледі.

– Ол сөзді аталарымыз емес, сіздің замандастарыңыз шығарған. Өмір бойы жылап өткен, жылап жүріп өскен адамның сөзі. Өзінен кейінгілердің барлығын жылатып жүрген сіздерге жаным ашиды. Өйткені сіздің өміріңіз – мына қызметтегі жылдарыңыз. Осымен доғарайық. Қош! – деді бұл.

 

Зиялы көрші

Бүгінгі жаңалықтардан Зәкия Рахшан Арал қайтыс болды дегенді оқып қалдым. Иманы салауат болсын! Анкарада ол кісімен көрші болып едік. Өзі суретші әрі суреткер еді. «Пүлүмердегі махаббат» атты романның авторы. Қоғам және мемлекет қайраткері, ақын әрі аудармашы, қалың ел «Қара бала» деп атап кеткен Бүлент Ежевиттің зайыбы болатын.

Мамыр айы еді. Есік алдындағы жиде ағашы гүлдеген. Жұпар иісі бала кезді еске түсіреді. Жиделері піскен бұтақты сындырып алып жеуші едік-ау…

Енді, міне, жиденің иісіне рақаттанып тұрмын. Қарасам, көрші Рахшан әже сіңлісімен бірге үйінен шығып, көшенің шетінде тұрған қызыл түсті ескі көлікке қарай беттеп барады. Мен қастарына ­жа­қындап, сәлем бердім. Қартайса да бойын тік ұстайтын аққұба өңді әже менің қайдан келгенімді, кім екенімді, қайда қызмет істейтінімді сұрады.

Сіңлісі: «Біздің бауырымыз екен ғой» деді.

– Түрік тілін өте жақсы меңгеріпсің. Сені тыңдаған адам түрік екен ғой деп қалады, – деді әже езу тартып.

Мен лицейде оқып үйренгенімді, кейін университетте жалғастырғанымды және түрік тілінде шамам келгенше көркем шығарма жазатынымды айттым.

– Е, әлгі біздің атышулы зиялымыздың идеясымен ашылған мектепте оқыдым десеңші. Бәрекелді! Ол кісі кезінде біздің үйде қонақ болған. Орталық Азияда мектептер ашылды дегенде, күйеуім марқұм Бүлент Бей: «Рахшан! Кел, тыңда, біздің бауырлас елдерде де мектеп ашылған екен» деп қуанып еді. Күйеуім ол кісіні құрметтейтін, кітабын оқитын. Расында, түркі әлеміне ғана емес, күллі әлемге еңбегі сіңген кісі ғой. Міне, нәтижесін қара! Сәлем бергеніңе көп рақмет! Бар бол, аман бол балам! – деп әже көлікке мінді.

Сіңлісі көлікті оталдырып, бірден жүріп кетті. Мен қол бұлғап тұрдым. Сол кезде қасыма тағы бір көрші келді. Менімен амандасып:

– Заман-ай! «Қара бала» премьер-­министр болған кезде ішкі мәдениет, жан тазалығы дегенді білуші едік. Кипрді де осы кісі алып қалды. Әйтпесе, гректерге түгелімен кетіп қалар еді. Рахшан ханым да өте мәдениетті кісі. Өнегелі отбасы ғой, – деді.

Мен олар мінген көліктің ескі екендігіне таңғалдым. Оны көршім айтып берді:

– Бұл біздің «Тофаш» қой. 1988 жылы өндірістен алғаш шыққанда «Қара балаға» сыйлаған. Басқа көлікке мінген емес, тек осыны жүргізіп жүрді. Қазір де, көрдің бе, зайыбы мініп жүр. Айтып отырмын ғой, осындай таза, адал кісілер қазір жер бетінде жоқ. Тұрғыт Өзал, Сулейман ­Демирел, Бүлент Ежевит – бәрі бір-бір дәуір, аңыз болып қалды ғой.

Үйінен көп шыға бермейтін ­Рахшан әжемен соңғы рет кітап көрмесінде кездестім. Естелік жазып, оқырманға қолтаңба қойып беріп отырған. Бірақ ол кезде сөйлесе алмадық. Оқырмандары мұрша бермеді.

 

Ұұстаздың жолы

Білетіндер ол кісіні Салық деп атайтын. Білімдар, тәлімгер, табиғатына сай кішіпейіл мектеп мұғалімі еді. ­Ширек ғасырда еліміздің бірталай жерінде қызмет етті. Өзі сияқты Отанын, елін сүйетін бірталай шәкірт тәрбиеледі. ­Кейде «Ататүріктің елінен Мағжанның туған жеріне келдік» деп әзілдейтін. Абайдың, Мағжанның, Мұқағалидың өлеңдерін жатқа оқитын. Біздің тілде мақалдап-мәтелдеп сөйлейтін. Біреудің ала жібін аттағанын көрген емеспіз. Қайта жүрген жерінде сәулелі сөз ­айтып, шуақ шашатын. Оны танитындар үнемі есіне алып отырады. Жақсылығын көргендер күні бүгінге дейін алғыстарын айтады.

Бір күні Салықтың туған елінде, ­Дулат Бабатайұлының сөзімен айтқанда, «судай сапырып, белшесінен батырып, шілдеде мұзды қатырған, толыны төгіп шайқаған ылаңға тізгін беріледі». Сол кезде ол да, өзі сияқты оның достары да оттың ішінде қалады. Ол, тұқымы құрғыр ылаң, індет болып бүкіл әлемге жайылады. Бізге де әсер етпей қоймайды, әрине. ­Отанына оралайын десе, отқа күйеді. Бізде қалайын десе, дос болып жүргендер оған қабағын түйіп, салқын қарап, жақтырмай қалады.

Сөйтіп жүргенде, ол бала-шағасын осында тастап, батыс жақты көріп қайтайын деп, ұшып кетеді. Абырой болғанда, Гетенің туған елі босқындар қатарында оны да қабылдайды. Бала-шағасын ала кетейін деп қайтып келгенде, әуежайдың табалдырығынан аттай алмайды. Кіргізбей қояды. Амал нешік, ұстаздың жолы осы болса керек деп, алдында келісілген босқындар лагеріне ­орналасады. Уақыт өте келе бала-шағасын шақыртып алады. Неміс тілін үйрене бастайды. Сол елдің азаматтығына құжат тапсырады.

Содан бір күні азаматтықты тапсыру бойынша комиссия жиналып, Салықты шақыртады. Өзін тыңдап, жағдайымен танысып болған соң, комиссия төрағасы оған бүй дейді:

– Басыңызды көтеріңіз, еңсеңізді түсірмеңіз! Сіз шетелде білім алып, ғылыми дәрежеге ие болып, білім ­саласына ширек ғасырдай уақыт жұмсап, жүздеген шәкірт тәрбиеледіңіз. Туған жеріңіз сізге – қас, ендеше, біз сізге – доспыз. Сіздей тұлғаны алақанға ­салып, қадірлеуіміз керек. Басқа елмен ­шаруамыз жоқ, бірақ сіз бізге керексіз. Біздің қоғамға пайдаңыз тисе, біз сізді үнемі қолдаймыз. Азаматтық береміз, уайымдамаңыз. Сізге арнайы үй бөлеміз, қаржылай көмегімізді де көрсетеміз. Гетенің еліне қош келдіңіз!

Салық өзі ұстаз емес пе, Наурыз мерекесімен құттықтап хабарласқанда, «егерде Атажұртқа бармағанымда, жат жұрттан осындай жақсылық көрер ме едім» деді. Кейін көзіне жас алып:

– Бәрінен бұрын шәкірттерімді сағындым. Бізді қолдап жүрген ағайлар мен апайларды сағындым. Әрине, әке-шешеміздің орны бөлек қой. Бірақ жастық шағым Атажұртта өтті. Сол жерде жүріп шаңырақ көтердім. Қонақжайлықты, кеңдікті, ізгілікті сіздерден үйрендім. Менің халімді сіздер сұрап тұрасыздар. Сол үшін мен де Алла Тағаладан сіздердің амандықтарыңызды тілеймін, – деп еді.

Осындай жаны таза, рухы биік Салық сияқты ағайын-бауырларды, әрине, біз де сағындық. Қайда жүрсеңіздер де, аман болыңыздар!

 

                                                                                                                 (Соңы)                                                                                               

 

Мәлік Отарбаев

 

Ana tili.кz

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер