«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Күй – Ғұмыр
Күй – Ғұмыр
Дайындаған: 2 апта бұрын

Біз бұл мақаламызда қазақтың белгілі күйші-композиторлары Ерғали Есжанов пен Сейтек туралы әңгіме қозғамақпыз. Әңгіменің әлқиссасын, солардың бейітінің басына бару сапардан бастасақ.Құрманғазының шәкірті Ерғали Есжановтың сүйегі Астрахан облысы, Құмөзек ауданы, Лебяжі (Аққулы) ауылында жерленген.                                         .
Бізді ол жерге ардагер ақсақал, астрахандық «Жолдастық» атты қазақ мәдениеті  қоғамының мүшесі, бүгінде арамызда жоқ ағамыз  Құбаш Батырашев жол бастап апарды. Ол кісі сол елдің тумасы, ақын. Өзі қазақша-орысшаға жетік. Үш кітаптың авторы. Абайдың өлеңдерін орыс тіліне, Расул Гамзатовтың туындыларын қазақ тіліне аударған қаламгер.                     .                                                                
Лебяжі ауылы Каспий теңізіне бір табан жа­қын жатқан елді мекен екен. Жолда Иванчук ауы­лынан әрі асқан соң жиі-жиі кездесіп отыратын төбе-жоталар да аяқталып, алдымыздан кең жа­­зықтық көрінді. Бұл сөзсіз теңіздің бұрынғы табаны.                                     .
Лебяжі бізге үлкен ауыл боп көрінді. Кездес­кен ағайындардан Ерғали Есжановтың әулетін сұрастыра бастадық.                                  .
Күйші ұрпақтарынан бүгінде немерелері бар екен. Солардың бірі – Бақыт Халелұлы Ерғалиев. Ол 1943 жылы туған. Зейнеткер. Бақыт үш ағайынды екенін айтты. Кезінде колхозда балықшы болып еңбек етіпті.
Оның айтуынша, Есжан атасының Үбіш, Жұмағали, Нұр­ғали, Ерғали есімді төрт ұлы болған екен. Бақыт Ерғали атасынан тарайтынын айтты.
– Атамыз 1864-1949 жылдар аралығында өмір сүрген. Сүйегі осы ауылдың зиратына жерленген. Ерғали атамыздың сегіз ұлы, үш қызы болған. Ұлдары – Сапиолла, Хабиболла, Шарапи, Халел, Әди, Қамал, Ғаббас, Ғани. Ал қыздары – Гүлмай, Гүләф, Гүләй. Атамыз жасынан домбыра тартып, атақты күйші Құрманғазының жанына еріп, күй тартуды үйреніп, беріректе ұлы күйшіге де өз көмегін аямаған. Ерғали атамыздың күйшілік өнерін жалғастырған Есжан атамыздың ұлы Үбіштен туған Қайроштың баласы Ғилыман Қайрошев болған. Ал өз ауылымызда атамның өнерін жалғастырып, ептеп домбыра тартатын ағамыз Қатим Халелұлы Ерғалиев 1937 жылы туған, мектепте тарих пәнінен сабақ береді, – деді.
Бақыттың айтуынша, 1937 жылы Ерғалиға Алматыдан Ахмет Жұбанов келіп, өзімен бірге алып кетпекші болған. Бірақ күйші бұл ұсыныстан бас тартқан. Өйткені 1930 жылы үкімет оның малын тартып алыпты. Соған наразылығы болса керек, күйші Ахмет Жұбановтың шақыртуын қабыл алмаған. Ерғали: «Маған ренжіме, мен Алматыға бармаймын, жолыңнан қалма» деп көнбеген. Менің білуімше, ол ұсынысты айтқан күйші  С.Көшекбаев.                         .
Күйші ұрпағымен жүздесуден соң біз Ерғали Есжановтың зиратына бардық. Зират біз келген жолдың бойында тегіс жерде орналасқан екен. Моланың көбі тақтаймен қоршалған. Өкінішке орай, жақында мұнда белгісіз себеппен өрт болып, көптеген мола жанып кетіп, тек орындары ғана қалыпты. Ерғали Есжановтың тақтайдан салынған жұ­пыны моласына өрт оншалықты зиян келтіре қой­маған. Мұның себебі қаулаған өрт күйші атаның бейітіне жақындағанда желдің бағыты өзгерген.                                       .
Осы жерде Ерғалидың Ғаббас есімді ұлынан туған Зібайыр атты немересінің мына әңгімесін естідік.                                                     .
Ол былай болған екен. Кезінде Ұлы Отан соғысына Ерғалидың бірнеше балалары, немерелері аттаныпты. Солардың бірі ­­ Зібайыр атасына хат жазып, өздерінің елге бір табан жақын жер – Қалмақ қыры мен Сталинградқа шекаралас аймаққа келгендерін хабарлаған. Содан біраз күн кейінірек – ұрыстың саябырлаған сәті болса керек, осы кезде бұлардың алдарынан, яғни немістер тығылып жатқан жақтан, қара түтін арасынан бір ағарған бейне көрініпті. Үстінде аппақ шапан, тура әулиеден аумайтын бір бейне, аяңдап келеді екен. «Не деген жүрек жұтқан жан» деп шошып кеттік. Тіпті оған екі жақтан да оқ атылмайды. Әлгінің қолында бір түйіншек дүниесі бар. Тура оққағары бар жан дерсіз. Ол жақындап келеді. Бір түрлі жүзі таныс қария. Қарасам атам келе жатыр… «Аталап» жүгіріп барып құшақтай алдым. Қолында домбыра, сосын қапшыққа салған елдің дәмі бар. Сөйтіп, атам бізде бірнеше күн болып, біраз күйлерін тартты. Ол келгенде, күллі ауыл көшіп келгендей күйде болдық. Бір кезде Құрманғазы ата ұстатқан қасиетті домбыра жауынгерлердің жанына жігер берді, қайрат қосты. Біз жауды жеңдік…» деген Зібайыр.                                            .
Күйші Ерғали Есжановтың туғанына биыл 150 жыл толды. Қазақтың белгілі ақыны Хамит Ерғалиев күйші туралы естелігінде былай деп жазған: «Белгілі күйші Ерғали Есжанов сәби шағында үйіне түстеніп, күй тартқан Құрманғазыға есі кете елтіп, ақырында «Өзіңмен бірге мені ала кет» деп жалбарынған. Сонда күйші үйрек басты шанасына мінерде қасқыр ішігінің шалғайына тығылған баланың сағын сындырмай, ел аралағанда апта бойы ала жүріпті. «Періштеге көрсеткен құлшылық қызметімнен ата-анасы құлағдар болсын, алаңдамасын, баласын апарып саламын» деп хабаршы жіберіпті.
Жалпы, Ерғали Есжа­новтың өміріне қатысты әртүрлі деректер бар. Сол деректердің бірі – Ерғали өмірінің көбін Астрахан айналасындағы балық кәсібінде әкесімен бірге өткеріп, қалаға жақын болғандықтан орыс тілін де үйреніп, кезінде Жәңгір оқыған гимназияда дәріс алғанын айтады. Тек өкініштісі жас балалардың арасында болып тұратын төбелестің кесірінен гимназиядағы оқудан шеттетілген. Содан кейін ол әке қасында біржола балық кәсіпшілігінде еңбек етіпті.                                           .
Ерғали Есжанов домбырашы­лық­пен қатар біраз күйлердің авторы. Күйлерінің тілі өткір, әуенді, сазды болып келеді. Ал күйшінің әйгілі «Қоштасу» күйі туған жерімен қоштасу сәтінде туған. Бұл өте нәзік, лирикалық үнді, көркем ырғақты күй. Ол тағдырдың тәлкегімен туған жерден жырақтап, алдымен Каспий теңізінің бір саласы Еділ өзенінің тап теңізге құяр сағасын мекендеп, одан әрі тіпті Маңғыстауға 1905 жылы көшіп барған. Күйшінің «Маңғыстау» деп аталатын күйі де бар.                                   .
Осындай  қазақтың күйшілік өнеріне сүбелі үлес қосқан атақты домбырашы, композитор Ерғали Есжановтың бейіті бүгінде қараусыз күйде. Осыған мемлекет тарапынан тиісті көңіл бөлініп, күйшінің сүйегі жерленген жерге кесене тұрғызылса. Өйткені бұл ұрпақ үшін керек.                                 .
Е.Есжановтың бейітін суретке түсірген соң Лебяжі ауылынан аттанып кеттік. Мақсатымыз тезірек Астархан шаһарына жетіп, түс ауа Сейтек күйшінің басына бару.                                             .
2007 жылы «Қазақ әдебиеті» және «Алматы ақшамы» газет­те­рінде Сейтек күйшінің зиратына барғанымызды, бейіттің сол кездегі жағдайы туралы айтып мақала жазған едім. Соңынан Батыс Қазақстан облысы мәдениет басқармасының бастығы А.Батырхановтан көңілді жадыратар жауап та алғанбыз.
Өзіміз барған жолы бізге Сейтектің бейітін ­тауып берген ауыл ақсақалы Манат Аманғалиев Сейтек күйшінің есімін бүгінгі ұрпақ біле бермейтініне қынжылған болатын. Ақсақалдың айтуынша, Ерғали мен Сейтектің күйшілік мектептерін, есімдерін жадымыздан шығармай, олардың жерленген жерлерін ұмыт қалдырмай, барынша қамқорлыққа алуымыз керек. Ақсақалдың сөзі орынды. Біз ұлтымыздың шет жақтағы мәдени мұраларын сақтауға, дамытуға, оны зерттеуге мүдделі болуымыз керек. Сол сапарымыздың нәтижесі болса керек,  2013 жылы сәуір айында Сейтекке кірпіштен жаңа кесене тұрғызылды. Ендігі басты тілек күйші Ерғали Есжановтың басына да өзіне лайықты кесене тұрғызу.

Ләтифолла Қапашев,   жазушы

«Ана тілі» газеті

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны
Соңғы пікірлер