«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Дулат Иcабеков: «Зиянды қауымды ежелден мемлекет өзі жасайды»
Дулат Иcабеков: «Зиянды қауымды ежелден мемлекет өзі жасайды»
Дайындаған: 2 апта бұрын

                                                                                                                                        (Жалғасы)

      «Қарғынды» қазір жазсам өйтіп жазбас едім. Себебі, ол кездегі заман солай болды, жазушы саясатқа тереңдеп бара алмайтын. «Қарғынды» бұрын таласып оқитын. Ал, қазір бүгінгі әдебиет одан әлдеқайда ауқымды тақырыпты қажет етеді. Мен неге осы айтылғандардың барлығын ертерек, қолға ала алмадым?  Ол шақта  ұлттың басына мұндай қауіп төніп тұрмаған болатын. Қазақ өзін-өзі қорғау иммунитетінен айрылған кезі болды. Қазақстанды бұрын Мәскеу қорғайтын. Біздің қорғану иммунитетіміздің аздығы осыдан! Құдай бетін аулақ етсін, егер соғыс төне қалған жағдайда біз өзімізді қорғай аламыз ба, жоқ па? Білмеймін! Қорқамын! Өйткені, біз әлі ондай үлкен сыннан өткен жоқпыз. Шешенстан сияқты өзімізді қорғай алмауымыз мүмкін. Бір шешен әйелдің он баласы бар екен. Ресей журналисі одан сұрад: «Неге он бала тудыңыз?», «Соғыс үшін тудым!». Олар балам академик болсын, жазушы болсын, космонавт болсын демейді. Шешен жеріндегі менталитет, қатыгез психология осындай. «Оны бірдей өліп кетсе де мен қайғырмаймын, өйткені, мен соғыс үшін тудым» дейді. Ал, біз өліп кетсе де соғыс үшін тудым деп айта алмаймыз. Бізде өзімізді құрбандыққа шалғаннан гөрі өзімізді сақтау сезіміміз жоғары. Шешеннің ұлттық сана-сезімі мен қазақтың сана-сезімінде қарама-қарсы айырмашылықтар бар.

      Мен үлкен ақынымыз Олжасты ұлтының патриоты ретінде, талантын халыққа жұмсауы жөнінде мойындай  алмаймын. Мен тіпті қарсымын. Бізге еуразиялық идеяны тықпалауы, әлі күнге дейін орыс тілінің қамын ойлауы, әлі күнге дейін қазақшаны үйренбеуі – ұлтқа қарсылық. Бұлар Кэмбриджде жүрген, бұл жаққа тіпті келмеген ағылшын қыздарының деңгейінде неге қазақшаны үйреніп алмайды? Жарайды, қазақ тілін білмей-ақ ұлтшыл болуы мүмкін. Бірақ, Олжасша «мемлекеттік тіл – орыс тілі болсын» деу, бұл – агрессиялық пікір. Өйткені ол жай адам емес, ол - Олжас.

«Қашан сұрап қалады деп қорқып жүрдім...»                           

       – Осының бәрі ұлттық негіздегі жүйелі идеологияның жоқтығынан екенін 14 (он төрт!) жылдан бері айтып келе жатырмыз ғой...

      – Идеологияның моделін жасағанның өзінде біздің халық оны қабылдап алып, жүзеге асыруға дайын ба? Бұл – ұзақ процесс. Меніңше, біздің өзімізді-өзіміз тануға әлі он-он бес жыл қажет сияқты. Әуелі өзіңді сыйла, өзгені сосын құрметте. Өткен ғасырда қазақ жеріне келген, қазақтың ән-күйіне тәнті болған орыстың Львов деген революционер жазушысы: «Бұл қазақ қызық халық екен. Қай үйіне барсаң да моншағын, білезік-сырғасын көрсетіп «сіздерде осындай бар ма?» деп сұрайды. Ал, мен олар «сіздерде біздікіндей ән мен күй бар ма?» деп қашан сұрап қалады деп қорқып жүрдім. Сұраса жауап бере алмас едім» деп жазған сөзі бар. Сол қызық қазақ әлі сол қызық халық күйінде, өзінің барын бағалай алмай-ақ келеді.

      – Аға, «Кім кінәлі?», «Не істеу керек?» деген атақты екі сұрақ бар ғой. Жоғарыдағы әңгімелерді көкейге түйе келе елдік тұрғыда не істегеніміз абзал? Мемлекет не істеу керек? Шығармашылық қауым иелерінің қандай әрекеті бар?

      – Қалың жұрттың тыңдағаны болмаса, шығармашылық иелері өз пікірінің жүзеге айпайтынын біледі. Сондықтан қазір көбісі тіс жармайды. Бейтарап. Бұлай болмауы үшін Әбіш Кекілбай айтқандай, ел ішіндегі қоғамдық пікірлерді сұрыптап отыратын мемлекеттік комитет керек сияқты. Өткір деген мәселе алдымен мемлекеттік шешімін таппас бұрын қоғамдық шешімін табуы керек. Бүгінге ең керек нәрсенің бірі осы. Зиялы қауымның үні сол кезде естіледі. Өйткені, өзінің дауысы ешкімге керек емесін білетін зиялылар несіне айта береді? Билік болса бұл жобаны іске асыруға асығар емес...

      – Билік демекші, Сіз жерді сатуға қарсы болмадыңыз. Мұңыңызға көп жұрт таңғалып жатты. Сол пікіріңіз өзгерген жоқ па? Жалпы, жерді сатқанымыз қай жағынан тиімді? Болмаса Қытай, Голландия, Израиль сияқты жерді сатпай-ақ жалға беріп, жайнатуға күш салғанымыз дұрыс па еді?

      – Сату керек дегенде 9 пунктті атап айтқанмын. Осы жұрт соны неге оқымаған? Сол 9 пунктті орындайтын болсақ, ол кезде жерді сатуға болады. Өйткені, жерімізден айрылып қаламыз деп қорықпас едік. Ал, мемлекеттің саясаты жерді сатуға әкеп тіреп тұрса, Президенттің өзі екі күннің бірінде жерді сатпасақ болмайды деп сөйлеп жатса, мұндай сәтте не істеуіміз керек? Біз шуылдап жатқанда жер сатылып та жатты. Ендеше, дәл осы жағдайда, жерді сатпаймыз деген идеяның жеңіліс табатынын білгеннен кейін, болмайтын ойды айтып жер тоқпақтаудың қажеті жоқ. Жазушы 9-пункт жазыпты деп Президент те, Премьер-Министр де, басқалар да назар салып, үңіле қойған жоқ. Жер сатылу керек дегенде банкілік айналымға түсу керек дегенді айтқым келді. Банкілік айналымға түсу бір басқа, сатылу басқа. Жер – банкілік айналымға түспейінше жер болмайды. Сіз өзіңіздің 1 гектар жеріңізге қалай қарайсыз, жалға алған жерге қалай қарайсыз? Өзіңнің жеріңді керемет өңдейсің. Жекеменшік дейтініміз де осы. «Жерді сатуға қазақ дайын емес» дейді. Ал, қазақ қашан дайын болады? Қалтамыз жұқа. Күндердің күнінде халық Президентке келіп «біз дайын болдық, кәне, сатыңдар?» дей ме? Оны рынок күтпейді. Жерді құрдан-құр ұстап отыруға мемлекеттің шамасы жетпейді.

Біз жерімізге зауыт салуымыз керек. Астынан мұнай табылды. Шетелдік инвестицияның мұқтаждығынан ол жердің шетелдікке өтіп кетіп жатқаны көп. Бұл жер енді Қазақстанның еркінен шығып кетеді. Егер тез арада қазақ халқына жер сатылса, оны сізден мемлекет те, басқа мемлекет  те тартып ала алмайды. Қазақ даласы далиып жатыр. Қазақтың жерін қазақ игеру және ие болу үшін халқымыздың саны 60-70 миллионға жетуі тиіс. Бұған жетпей тұрып жерге қожалық ете алмайсың. Сондықтан жер жекеге сатылуы қажет.

      – Бір кездері «Ауыл» партиясында жүрдіңіз. Партияға кіргеніңіз үмітіңізді ақтады ма?

      – Ақтаған жоқ. Партиясыз-ақ ауыл жөнінде мәселе көтеріп жүрмін.

      Қытай осы күнге дейін жалғыз партиямен келе жатыр. Олар алдымен экономиканы көтерейік, көппартиялылық сосын деді. Біз болсақ, партияны дамытып алайық деп басқа жолды таңдап отырмыз.

      – Саяси партияны көбейту, не нығайту арқылы экономиканы көтере алмаймыз. Ол тек қана полемика, плюрализм, пікір алуандығы. Партияның көп болуы, аз болуы экономиканың өсуіне, төмендеуіне әсер етпейді. Ленин не деді? «Мемлекеттің түбіне бір партиялық жетеді» деген. Ол мемлекет құрып алғаннан кейін көппартиялық жүйеге көшеміз деген. Бірақ оған жеткізбеді.

      Адамзат әліге дейін қоғамның модельдік үлгісін ойлап таба алған жоқ. Бәрібір адам психологиясы, болмысы, менталитеті белгілі-бір заңдарға қатып қалып өмір сүре алмайды. Әйтеуір, ол бірнәрсені бұзып өмір сүріп отыруы керек. Ал, Қытайдың бірпартиялылығынан үлгі алатындай-ақ үлгі еді. Олар бір партияны ұстана отырып, экономикалық қақпаларды ашып тастаған.

       Біз неге осы жүйені кезінде қолдана алмадық?

       – Қорықтық. Бұрынғы тоталитарлық ізбен, партияда жоқтың бәрін жау көретін жолмен кетіп қаламыз деп қорықтық. Қытай секілді жалғыз партияны ұстанып, әрі қарай дами бермекті сараптауға уақыт болмады. Оның үстіне Қазақстан тәуелсіздік алып, демократия құрамыз деп жатқанда бірпартиялық жүйеде жүру – халықаралық қауымдастықта дұрыс бағаланбай қалатындай көрінді. Сөйтіп, көппартиялыққа жол ашып жібердік.

                                    Жастар романтик емес, прагматик

      – Қазіргі әдебиет қандай күйде? Тоқырауда деуге бола ма және әдебиет қайда бағыт алып барады?

      – Тоқырауда деуге болады. Шалажансар. Кеудесінде жаны бар дейтінім, тәуір-тәуір, «Заһирдан» асып түсетін шығармалар жарыққа шығып жатыр. Нұрпейісовтің «Соңғы парызы» бар. Төлен Әбдіковтің, Бексұлтан Нұржекеевтің жаңа шығармалары келіп жатыр. Бірақ, әр жерде бір жеке батыр жүр, әдеби майдан жоқ. Көркем әдебиеттің өзі нысанасын жоғалтып алды ма деп ойлаймын. Кім үшін жазу керек? Не үшін жазу керек? Қалай айту керек? Осы үшеуі қазақ жазушыларының алдында тұрған үлкен сұрақ. Осыны ажырата алмай жатырмыз. Мен өзім ажырата алмай жүрмін. Ажыраттым дейтін батыр табылса мен қуанамын. Қазір әдебиетте типтік бейне жоқ. Ауқымды роман жазу үшін кімді алуға болады? Саясаткерді ала алмаймын. Бизнесмен ме? Бас кейіпкер болуға, ұлтыңның салмағын алып жүруге ол дайын емес. Махаббатты қашанғы қаузайсың? Осыған қарағанда, жолайрықта тұрмыз. Не капитализмде емеспіз, ал, социализм санамыздан біржолата ұмытылған жоқ. Біз жабайы рыноктамыз, жабайы рынокта мәдениетті образ жасау қиын.

      – Кезінде «Оралхан драматургияға қорықпай қойып кетті, арқасынан қорқа-қорқа біз де кірдік» деп едіңіз. Тылсым, бейтаныс әлемге кірейін десе қорқып жүрген жастарға не кеңес берер едіңіз? Жас жазушыларға, драматургтерге демеу ретінде қолға алған әрекетіңіз бар ма?

      – Дәл қазір жоқ. Бұрындары жас драматургтер клубын ашқан да едік. Осыдан соң біраз талантты жігіттер көрінді. Ал, көбісі шыға алмады. Себебі, драма жанры өте қиын. Драматургияға тұмсық батыра алмағандары әңгіме жазып кетті.

      Қазір жастар маған жазған шығармасын әкеліп жатқан жоқ. Бірен-саран әкеліп көрсеткендері бар, кейде қарауға уақыт таппай қаласың, уақыт тапқаныма басылым бетінде пікірімді білдіріп жатамын. Осы күні ең жас драматург дегеннің өзі қырықта. Ертеңі не болады?  Драма тып-типыл болса, мына бізге сын ғой! Екі миллион (кәзір үш миллион – Ө.А.) халқы бар Оңтүстік өңірінен Нұрғали Орадан кейін жарып әлі ешкім шыға қойған жоқ. Жастардың жазып алып келген шығармалары көңілімнен шықпайды. Бәріміз де жас болдық, олардың жазуға деген көңілі қайтып қала ма деп көбінде қатты ескертпелер айта алмаймын. Өйткені, қазір әдебиетке келіп жатқан жастар аз.

      Жастар біздей романтик емес, прагматик. Ермек Аманшаев, Роза Мұқанова,  Дидар Амантайлар драматургияның қиын екенін екі пьеса жазумен түсінді. Бір пьеса жазып әкелсе қуанар едім. Одан драматург шыға ма, шықпай ма, мүмкіндігін таныр едім. Әрине, кеңес беру арқылы драматург тудыра алмайсың. Баяғыда бізді ешкім сүйреген жоқ, қайта аяқтан шалып кедергі келтірді. Драматургиядан безіп кеткен кезіміз болды. Оралхан Бөкей пьеса жазып апарды, сахнаға шығармады. Оның мінезі бірбеткей  еді ғой, «бәрібір алып шығамын» деді. Алып шықты. Мен «Әпкені» жазып апарғанда, «алдымен облыстан бастамай ма, бұлар танылмай жатып, Әуезов театрында қойғысы келеді» дегендер болды. Әуезов театрында сахналанбай тұрып, «Әпке» ең бірінші Өскеменде Жамбыл атындағы орыс драма театрында қойылды, режиссері Александр Пашов деген болатын. Қазақ тіліндегі жаңа пьесаны орыс театрының қойғаны сол болды. Одан кейін бұл шығарма Астраханьда, Тәжікстанда, Әзірбайжанда қойылды. Бірінші пьесаң осылай қойылып жатса, қалай шабыттанбайсың! Қазір драматургияның табалдырығынан осылай аттайтын жастар жоқ қой.

      Бір жылдары Мұқағали екеуміз бірге жұмыс істедік. Мен проза бөліміндемін, ол поэзия бөлімінде. Күн жауын еді, үстінде қара плащы бар, үшінші қабатқа көтеріліп келеді. Төменнен үш-төрт жігіт дауыстады: «Мұқағали аға! Тоқтай тұрыңызшы!» Мұқағали сол кезде ашулы ма, әлде қызулау ма: «Әй, не?» деді. «Сізге жолығайын деп едік?», «Неге?», «Ақын едік!», «Қайдан?», «Нарынқолдан!» «Нарынқолдан? Нарынқолға бір Мұқағали Мақатаев жетеді, әйда, марш!». Кабинетке келгеннен кейін: «Мұқа, қалай жастардың көңілін қалдырасың? Тым болмаса аға болып сөйлесіп жүрмейсің бе?» дедім. «Қызталақтар, ақын сөйтіп келе ме екен!». Өзі Мәскеуде жүргенде Андрей Вознесенскийдің үйін іздеп барған ғой. Танымайды. Есікті әйелі ашқан. «Вознесенский здесь живет?» «Да». «Можно» «А кто вы?» «Шақырыңыз, содан кейін сөйлесейін» дейді. Ақын арғы жағынан шығады. Сонда оған: «Андрюша, это ты?» деген екен, Андрей деген атын толық айтпапты. «Я!» « А я Мұқағали Мақатаев – казахский поэт, не хуже тебя!» депті. «Зайди!» дейді Вознесенский. Екеуі таң атқанша ішкен. Әңгімелескен. «Ақын болса, неге осындай мінезбен келмейді?» дейді Мұқағали. Мінезі жоқ адамнан ақын шықпайды деп отыратын...

      «Поэзия – мінез, проза - төзім» дейсіз ғой сіз де. Ендеше, ойларыңыздың жүзеге асуына, ол үшін төзіміңіздің көп, өміріңіздің ұзақ болуына тілектеспіз!                                                                            

                                                                                                                                    (Соңы)

Сұхбаттасқан Өмірзақ Ақжігіт,

«ЕВРАЗИЯ-KZ»                                                                                                

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны