«Ақсақалдар сайтының» ұйымдастыру алқасы:
Аты жөні Статус Лауазымы Э-почта Телефон
Алдамжаров Ғазиз Қоғам қайраткері, саясаткер Алқа төрағасы
Дүйсембі Болат Қоғам қайраткері, ақын, публицист Алқа төрағасының орынбасары
Қойшыбаев Бейбіт Қоғам қайраткері, ғалым-жазушы Алқа төрағасының орынбасары
Бәкірұлы Әбдірашит Қоғам қайраткері, философ-публицист Алқа мүшесі
Аңсатов Сәдуақас Саясаттанушы Алқа мүшесі
Шаяхмет Ақылбек Ақын, Халықаралық шығармашылық Академиясының академигі Алқа мүшесі
Арман Қани Ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Алқа мүшесі


Тақырыбы   
Э-почта   
Пікіріңіз   
   
Жарнама
Құт дарыған қазыналы Қостанай
Құт дарыған қазыналы Қостанай
Дайындаған: 1 ай бұрын

 

Қостанай – Қостанай облысының әкімшілік, экономикалық, мәдени Қостанай облысы 1936 жылы 29 шілдеде бұрынғы Қостанай мен Торғай губернияларының негізінде құрылған. Облыс орталығы –Қостанай қаласы 1879 жылы құрылған. Жер аумағы 196 мың км².Қостанай облысы солтүстік-батысы мен солтүстігінде Ресейдің ОрынборЧелябі, Қорған облыстарымен, шығысында және оңтүстік-шығысында Қазақстанның СолтүстікҚазақстанАқмола және Қарағанды облыстарымен, оңтүстік-батысында Ақтөбе облысымен шектеседі.

      Қазақстандағы аса ірі темір, әуе және автомобиль жолдары тораптарының бірі. Батыс Сібір ойпатының дала белдемі алып жатқан оңтүстік-батыс шетін құрайтын Қостанай жазығының орталық бөлігінде орналасқан. Тобыл өзенінің, оған Әбілсай мен Қостанай деген салалары құятын биік жарқабақты жағада орналасқан. Қостанай – осы атыраптағы байырғы елді мекендердің бірі. Оның іргесін 1897 ж. Ресей патшасының жарлығына байланысты қазақтың жергілікті руларынан тартып алынған «Қостанай» атты қоныста, Еділ бойы мен Орынбор губерниясынан көшіп келген орыс шаруалары қалаған. Алғашқыда «Николаевка» деп аталды. 1893 ж. Қазақстанның құрамында болған бұрынғы Торғай жаңадан ендірілген уездік аумақтық-әкімшілік бөлінісіне сәйкес оған «Қостанай» атауы берілді де, Қостанай уезінің орталығына айналды. 1912-1913 ж. Оңтүстік Сібір теміржолы магистралінің Челябинск-Троицк-Қостанай тармағының салынуына байланысты Қостанай Ресейде өнеркәсіптік дамуы бойынша біршама ілгері тұрған Орталық Ресей аудандарымен тікелей сауда-саттық байланыстар жасауға мүмкіндік алды. Соның нәтижесінде Қостанай Солтүстік Қазақстандағы ірі сауда орталықтарының біріне айналды.    Қостанайдың іргесіндегі Затобол кентінің атауы туралы кей деректерде «Солтүстік Қазақстанда тұрақтамақ болған шаруалардың бір шоғыры асау Тобыл өзенінің оң жақ жағалауына аз-аздан қоныстанады. Алғашында алты отбасы тұрақтаған шағын қоныс ХІХ ғасырдың аяғы, XX ғасырдың басына қарай сегіз жүз түтінге дейін жетеді. Ол Қостанайға және Тройцкіге балық, нан, ет керуенін және қара малды жеткізу бөлімшесіне айналады. Алыс жолдан шаршаған жолаушылар мұнда пана мен жылу табады. Елді мекеннің айналасындағы жерлер құнарлы болғандықтан, оған шаруалар бидай, картоп, қара бидай өсіреді. Жергілікті жерлерге қоныстану жоспарсыз жүріп, жер бөліп алуды әрбір жаңа қоныстанушы өз бетімен жүзеге асырғандықтан, қоныс аударушылар алғашында өз қонысын Самодуровка деп атайды. Қоныстанушылардың таңданарлық еңбекқорлығы мен табандылығына тәнті болған уез басшылығы Қостанайдағы жаңа кенттің пайда болу фактісімен келісіп, өзін-өзі басқару жүйесіндегі елді мекен ретінде тіркейді» – делінеді.

 «Затобол – Тобылдың арғы бетіндегі елді мекен» деген сөзден туып отыр. Ал шынтуайтына келсек, бұл құнарлы, шөбі шүйгін, шабындығы қалың жерді ата-бабамыз «Құтты алап» деп атаған.

Бұл туралы классик жазушы Бейімбет Майлиннің «Жалбыр» повесінде мынадай дерек кездеседі. «Тобыл өзенін төмен қуалай жүріп отырсаң, бір ауылдан кейін екінші ауыл кездесіп, Қостанай қаласына жеткенше екі болыс елдің басынан кіріп, аяғынан шыққандай боласың. Әсіресе жерін айтсайшы. Ат шаптырым жерді алып жатқан кең алаптар Тобыл өзені тасыған кезде теңіздей боп кетеді. Май ішінде тасыған су қайтып, июнь ішінде сол алаптар мың түрлі-түсті жоңышқамен безенеді, июль ішінде қыбырлаған адаммен толып, жарқылдаған орақты көресің. Үй орнындай жерден бір кебен шөп беретін «Тобылдың құтты алабы» атанған жер – осы. Алаптың шөбі байдың малына сұлыдан да жұғымды. Кедейдің малына мұның шөбі бұйырған емес: кедейдің байға қарызданбай жүрген күні бар ма, алаптан алған 10 шөбі сол қарызын өтеуге кетеді...» (Б.Майлин. «Ел сыры». Алматы: Жазушы, 1994 ж.) Бұл екі дерекке қарап отырсақ, құнарлы жерге қызыққан шаруалар жергілікті халықтың шабындық алқабына қоныстанып, оған бау-бақша егіп, там салып қана қоймай, өздерінің ат қою рәсімімен Тобыл өзенінің арғы жағындағы елді мекен, яғни Затобол деп атап кеткені ап-айқын көрінеді. Ал бұл өлкенің Самодуровка аталуы туралы жазушы Жайсаңбек Молдағалиев («Жомарт жүрек» Алматы: Өнер, 1990 ж.) былай дейді: «Самодуровка Тобылдың шығыс бетіне орналасқан, уездік қаланың қалқаны секілді, ылғи аннан, мұннан қашқан, не адамның, не Құдайдың есебінде жоқ жатақтар мекені болатын. Қыр елінен қалаға келушілер ол мекенді айналып өтіп, Тобыл өзенінің паромына басқа жақтан келіп мінетін. Өйткені мұндағы жатақ бұзақылары көлденең көк аттыны өткізбей, не тонап жіберетін, не сабап жіберетін. Сол мінезіне лайық ресми Затоболовка аты өзгеріп, Самодуровка болып кеткен».

Жазушы Ыбырай Алтынсаринға арналған «Алғашқы қоңырау» атты кітабында: «Кедей-кепшіктің, жетім-жесірдің қара сирақ жетімектерін тышқан аңдыған қара жапалақтай қағып алып, Тобылдың суына бір батырып алады да, православиеге кіргізе салады. Тіпті, осы Қыпшақ жұртында Тобылдың Әбілсай аталатын иіріміне және бір форпостың қалана бастаған кезі еді. Өзеннің күншығыс бетіне көшкен бейбастақ әскерлердің мекенін орыстар «Самодуровка», қазақтар «Дорақ қала» деп атай бастаған. Ашытпа араққа тойып алған әскерлер атты қазақ кездессе, анадайдан мылтық атып, тымағын түсіріп, сабап жібереді, әйел жолықса, абыройын төгеді» – деп жазады. Патша әскерлері жергілікті халыққа қырғидай тиюмен бірге, қоныстанушы шаруаларды да мүсіркей қоймаған. Халықтың жаздайғы жиған өнімдерін тартып алу, зорлық-зомбылық көрсету үйреншікті іске айналған. «Самодуровка» атауы осы шындықты сипаттап-ақ тұр. Қарап тұрсақ, «Затоболовка» атауының мағынасы бұлдыр. Орыс тілінде де мәні аз. Егер «тобол» сөзінің түп төркінін Тобыл өзенімен байланыстырсақ, атаудың о бастан бұрмаланғанын байқаймыз. «Құтты алап» деген тамаша жер атауының тәрбиелік мәні де зор, тарихи маңызы да жоғары.

       Біз «Абай» порталында жарық көрген «Тарихи атаулар қайта оралу керек» атты мақаламызда жер-су атаулары төңірегінде ғылыми және тарихи деректерге сүйене отырып зерек жандар көкейіне түйсін деген оймен пікірімізді ортаға салғанбыз. «Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы» – деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, осы екі заманға дәнекер болатын бүгінгі күн біздің алдымызға ауыр да абыройлы міндет қойып отыр. Өткен заманнан қалған қоқыс көп. Батпандап кірген аурудың мысқалдап шығатыны рас болса, кешегі отаршылдықтан басталып, бүгінгі күнге жалғасқан орыстану саясатын тоқтатып, жөнсіз өзгертілген жер-су аттарын қалпына келтіру оңай шаруа емес. Бұқаралық ақпарат құралдары бетінде кейінгі кезде жер-су атауларына байланысты «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей неше түрлі қисынсыз болжамдар жазылып жүр... Облыстағы 4 қаланың екеуінің атауы орысша. Рудныйдың байырғы атауы – Сарыбай. Лисаков қаласының орнында бұрын Наурызбай деген елді мекен болған...

Қостанай облысының картасына көз салсаңыз, зорлықпен таңылған атаулар аяқ аттаған сайын жолығады. Никитинка, Степановка, Михайловка, Суриковка, Костряковка, Рязановка, Давыденовка, Константиновка, Татьяневка, Янушевка, Докучаевка, Малороссийка, Варваровка, Нечаевка, Крыловка, Свердловка, Ливановка, Успеновка, Диевка, Москалевка, Тимофеевка, Анновка, Буденновка, Маковка, Славянка, Каменка, Лютинка, 24 Белояровка, Харьковка, Тимирязевка, Барвиновка, Новониколаевка, Новопокровка, Новонежинка, Новошумновка, Воскресеновка, Ершовка, Миролюбовка, Святогорка, Милютинка, Валерьяновка, Банновка, Костряковка, Подгородка, Тавриченка, Затоболовка...

Не мағынасы жоқ, не жер тарихына қатысы жоқ осындай атаулар құмырсқадай құжынап жүр. Қазақ ұғымына сай деген кейбір атаулардың өзі Шакировка, Шадыксаевка болып бұрмаланған. Бұл жалғауы «скаға» біткендердің бір парасы ғана. Ал Александровский, Владимирский, Бауманский, Ленинский, Приуральский секілді жалғауы «скийларға» көшсек, оны айтып тауысудың өзіне едәуір уақыт керек. Жер-су және ауыл атауларына бір кездегі көзқарасқа кісінің күлкісі келеді. Мәселен, Әулиекөл ауданында әлгінде аталған Шакировка деген ауыл болды. Шәкір деген сол ауылда озат шопан болған, ауыл болса сол кісінің көзі тірісінде-ақ Шакировка аталған. Бұл ол кісінің беделіне байланысты емес, сол тұстағы ұлты орыс басшының бірі: «озат шопан Шәкірдің ауылын Шакировка деп жаза салыңдар» деген бір ауыз сөзден қойылып кеткен. Қазақ даласында осы күні Затобол, Заречный, Притобольский, Приреченский секілді зорлап жапсырылған жер атаулары көбейіп кетті. Бұл сөздердің мағынасы Тобылдың жағасы, сырты, өзеннің жағасы немесе маңайы деген ұғымды білдіретіні аттарынан-ақ көрініп тұр. Қасиетті жер атауын қайтарып беруді талап ететін мезгіл жеткен тұста жеткен жерімізді салмақтап, асылдарымызды ардақтап жатсақ, бұл – елдіктің белгісі. Тәні өртке шарпылған, санасы дертпен уланған, жанары жаспен суланған халықтың тілі әлі күнге тоқалдан туған баланың күйін кешіп келеді.

      Атамекенімізді бірлігіміздің айғағы, ана тілімізді тірлігіміздің қайнары деп есептейтін болсақ, жеріміздің төбе құйқасы сыпырылып, жайылымға жаманы ғана қалғанын, суымыздың балығы мен бақасы таусылып, табаны ғана қалғанын, жағалаудың жекені мен борығы таусылып, келімсектердің бос қалбыры мен арағы ғана қалғанын, ал қазақ тілінің бұлтылдаған бұлшық еті бар білегі емес, сүйегінде жілік майы бар, тепсе темір үзетін аяғы да емес, жәудіреген жанары ғана қалғанын мойындауымыз керек.

         Қостанай – ежелден қалыптасқан жер атауы. Алайда, осы Қостанай атауының қашан, қалай қойылғаны туралы алып қашпа әңгіме көп те, жүйеге түсірілген зерттеу жоқтың қасы. Осыған орай, әсіресе, орыс тілінде сөйлейтін ағайындар, білместіктің кесірінен Қостанай атауын орыстың «кусты», ягни бұта сөзімен  шатыстырады, немесе толып жатқан ақылға қонбайтын қисын айтады. «Танай деген кісі болған екен, соның Тобыл жағасында жыртық қосы болған екен... Қостанай – Танайдың қосы деген сөз болу керек» – деген «ертегіні» және айтады. Қостан деген жігіт болған, жер аты соның есімімен аталған деген «қиялға» негізделген әңгіме тағы бар.

Қостанай Орынбор және Торғай облыстары губернаторының жоспарында Ордабай қаласы деп көрсетілсе, 1879 жылдан бастап Қостанай деп аталады. 1893 жылы қаланың аты Ново-Николаевск болып өзгертілген. 1895 жылы Қостанай атауы қайтарылған. Бірақ, орыс тіліндегі нұсқасы Кустанай тек 1997 жылдан бастап Қостанай деген қазақша атаумен дұрыс жазылатын болды.

Қостанай – ғасырлар бойы қалыптасқан, ана тіліміздегі мән-мағынасы сақталған төл атау. Сондықтан да оны ең алдымен туған жер тарихымен байланыстыра қарау керек екенін естен шығаруға   болмайды.

    Жазушы Ақселеу Сейдімбек «Күмбір-күмбір күмбездер» атты кітабында («Жалын» баспасы,1985 жыл) Асан-қайғы есімін осы өңірмен байланыстыра қарайды. Торғайдың шығыс бөлігінде орналасқан Ұлытаудың басында Асан-атаның бәйбішесі Тана-әже жерленген. Оның басындағы ескерткішті халық Ақ мешіт деп атайды. Автор Қостанай қаласының аталуын да осы Тана-әженің құрметіне койылған Тана және Танай деген есімге ие болған   егіз   қыздың   есімінен   іздейді.

       Өнер зерттеушісі, сазгер Қайыржан Мақанов «Бізге беймәлім баян немесе Қайғы атауы қайдан шыққан?» деген мақаласында («Қостанай таңы»,17.11.2009 жыл): «Ауылдың жанында Қайғы деген шағын көл бар. Одан әрі Күйік деген сулы қопа бар. Асан қайғының бір баласы өліп, Асанның көз жасынан Қайғы көлі, ал екінші баласы өлгенде Күйік қопасы пайда болыпты дейді ел ішінде» – деп жазады. Данабике Байқадамова («Аңыздың айғағы бар»,«Лениншіл жас», 16.08.1984 жыл) мақаласында әкесі Байқадам Қаралдыұлының «Қайғы Қарасуы бұрын Асан қайғы Қарасуы делінетін. Қазір Қайғысы ғана қалды. Қоңыс іздеген ел данасы Асан желмаямен жүріп осы Қарасудың басына түнеді деген әңгіме бар. Асан саналы, көреген адам болған. Одан ел билеген хандар да ақыл сұраған.  Қайғыдағы ауылдың «Асан келді, Абат жерленді» деген сөздері құлаққа әбден сіңген» деген сөздерін келтіреді.

      Филология ғылымдарының кандидаты Бақыткүл Мамиева «Асан қайғы туралы аңыздар» деп аталатын әдістемелік құралында (Қостанай, «Шапақ» баспасы, 2009 жыл,75 бет) «Мұндай аңыздың бірі Қостанай қаласының аталуына байланысты да айтылады. Аңыз мазмұны бойынша, Қостанай маңын жайлайтын қыпшақ руына жау шапқанда, егіз қыз батырлық көрсетіп, ерлікпен қаза табады.  Асан ата қыздарды жоқтап: «қос танам-ай!» – деп жылайды. Содан қаланың аты Қостанай аталып кетеді» деп жазады.

      Осы автор Қостанай өңірінен жазып алынған аңыздың бірінде Асан Науырзым маңындағы Бестарау деген жерде жыланмен достасады. Бір күні Асанның баласы аңға шығып, әкесіне дос жыланның баласын абайсызда өлтіреді. Қайғы шеккен Асан дос жыланына келеді. Жылан Асанның баласы екенін білмей қалғанын айтып, қатты өкініп, бірге қайғырады.Осы жер кейін Бестарау деп аталады, Ол жер кейін Қайғы деп аталған деген дерек келтіреді. (ҚР ҰҒА сирек қолжазбалар қоры.  № 910 бума, № 5 дәптер).

      Асанның Тана-әжеден туған батыр ұлы Абат туралы аңызда айтылатын Жыланды, Қызбел таулары осы күні Қостанай облысына қарасты Науырзым ауданының аумағында орналасқан. Осы уақытқа дейін Қайғы атын сақтап отырған ауыл тұрғындары күні кешеге дейін қара суға зар болғаны рас. Ауыз судың тапшылығынан әбден таршылық көріп қалған ел ауыл үстімен өткен көлденең көк атты жолаушыға сусын да бермеген кездері  болса керек, «Қайғыға қайырылма, кара жолдан айырылма» – деген әзіл де болса шын айтылған сөз сол жылдардан қалған. Ал осы маңайдағы тағы бір тарихи жер атауы Бестамақ. Жазып алушы Бестарау деп қате жазып алған болуы мүмкін.

      Аңызға сенер болсақ, желдей ескен желмаясымен жер түбіне келген Асан ата түгін тартсаң майы шығатын құйқалы жерді көріп: «Шіркін, шөбі мол екен, әттең, суы жоқ екен!» – деп аса таяғымен қара жерді бір соғып қалғанда, жер астынан су атып шыкқан екен дейді. Қызбел тауының бауырында осы күні де Қарасу аталатын көл бар. Бұл көлдің пайда болу тарихы Асан атаның батыр ұлының   есімімен   байланысты.

      Ел аузындағы тағы бір аңызда ертеде өмір сүрген хан ел-жұртына: «кім қорықпайды, кім қызғанбайды, кім өкпелемейді???» – деген үш сауал тастағаны айтылады.

      Оған жиналғандар:«Абат ешкімнен қорықпайды, Абат ешкімді қызғанбайды, Абат ешкімге өкпелемейді» – деген жауап қайтарады. Мұны естіген хан Абатты үш сыннан өткізеді.

       Алғашқыда өзінің қырық жігітін жұмсап, Абатты оңашада қоршап алып,  шайқасуды    бұйырады.

      Бұл сыннан батыр мүдірмей өтеді. Тосыннан тиген жауға қаймықпай қарсы шауып, бетін қайтарады. Оның қайсарлығын көрген қолбасшы жігіттеріне тоқтау салып, кері қайтады. Көргендерін ханға  келіп жыр қылып   айтады.

       Екінші жолы хан өзінің жырынды қуын қиянат қылмаса да Абаттың әйелінің қойнына барып жатуға жұмсап, ол болса батырды сынағысы келген ханның ұйғарымы бар екенін айтып, Абаттың келіншегін көндіреді. Жорықтан оралған батыр үйіне кіріп келсе, әйелінің қасында бейтаныс жігіт жатқанын көреді. Жігіттің бір қолы әйелінің мойнының астында қалса керек. Сонда Абат: «Шіркін-ай, ер жігіт әйелдің астына қолын сала ма екен», – деп ұйқыларын бұзбай, ақырын әйелінің басын көтеріп, жігіттің қолын үстіне салып қойып, алаңсыз ұйықтай береді. Ертеңіне аман-есен ханға оралған жігіт болған жайды айтады.

       Үшінші рет хан Абатты асқа шақырып, қонақасы кезінде оны көзге де ілмейді, қараша үйлердің біріне кіргізіп, кәделі табақ тартқызбай, алдына ішек-қарын салынған табақ қойғызады. Абат алдына қойған тамақты жеп алып, рахметін айтып, жүріп кетеді.

       Мұның бәріне қатты қайран қалған хан батырды шақыртып алып, жөнін айтып, аталған үш қасиетке ие болуының себебін сұрайды.   Сонда Абат   былай   деп жауап   қайтарады:

       Қорықпайтын себебім, бірде жортуылда жүргенде бір қоян кездесті. Қоянды бір атпен қусақ та ұстайтын едік, 300 адам қамалап ұстаймыз деп тұрғанда, сол қоян бізден есебін тауып, құтылып кетті. Япыр-ай, тағдыр қырын қарамаса, ажал жоқ екен ғой, – деп қорықпайтын   болдым,  – дейді,

      Асқа өкпелемейтінім, бірде бір жеті жол жүріп, оралып келсем, шешем күнде ішетін үш мезгіл тамағымды дайындай берген екен, сол сақтап қойғанынан бір мезгілге есепетелген асты зорға тауыстым, бұл тамақ деген де жай көңіл екен ғой, бұған өкпелеу-пенделік екен, – деп тоқтадым, – дейді.

      Әйелді қызғанбайтыным, бір жылы сапарға шықтық, жиырма бес жігіт едік, ортамызда екі әйел бар еді, бір күні екеуі ұрысып жатыр екен, не деп жатыр, – деп құлақ қойсам, біреуі екіншісіне: «мен он екі еркекке ас қамдаймын, сен он үш еркекке ас дайындайсың, маған бір байыңның артықтығын сес қыласың ба?» – депті. Сонда қанағатсыз жандарды бір еркек болып қорғап үлгірудің өзі мүмкін емес екен, – деп ойладым,» – дейді.

      Абат батыр туралы айтылған әңгіменің осыдан сәл өзгертілген нұсқасы «Жалын» баспасынан 1985 жылы жарық көрген, филология ғылымының кандидаты Көбей Сейдаханов құрастырған «Өлген қазан» жинағында   жарияланды.

Қалай болған күнде де Абат басы деп аталатын жер де, аңыздарда айтылатын басқа географиялық атаулар да бар.  Қостанай атауы Тана-әженің құрметіне қойылған  қыздардың   есімдерімен   аталуы   әбден   мүмкін.

Тарихқа ақын көзімен  қарайтын болсақ, ендігі ойымызды жыр тілімен   жалғайық:

Бұл жердің ежелгі аты Қайғы деген,

Өзінің түп негізін әйгілеген.

Қайғыда  қасірет  жоқ, қуаныш  көп,

Өскен  ел өркендерін  жайды  дер ем.

 

Бұл   Қайғы өткен күннің   шежіресі,

Көп   сырға,  араласаң,  кезігесің.

Бел  шешіп, шалғынына  аунап    жатып,

Қадірлеп  басыңды иер жерің осы.

Әрине,   жоқтан бар зат   жасалмайды,

        Өзендер су жоқ жерден бас алмайды.

Жүйткітіп   желден   жүйрік   желмаямен,

Жүріпті   саяхаттап  Асан-қайғы.

 

Қызбел мен Жылаңдының арасында,

Дейтін жер Абат басы бар осында.

Асанның   сүйікті   ұлы   Абат   батыр,

Қазақтың   жерленген бе даласында?

 

Қазаға   аңғал    батыр   ұшырайды,

Аңыз   қып ел айтады осы   жайды,

Ағыпты   тау басынан  Үлкен қайғы,

Сәл төмен және ағыпты Кіші қайғы.

Міні жоқ бұл мекеннің өз басында,

Тұр,   бірақ,   қайғы  деген сөз басылмай.

Мына көл «Асан, Абат, қайдасың?»- деп,

Жоқтаған   қалың елдің  көз жасындай.

 

Көзіндей  кешегі  өткен  Тана-әженің,

Сабырмен ағып жатқан жоқ өзенім.

Тек  қана Қайғы деген көл қалыпты,

Ал оған қажеті жоқ дәреженің.

 

Кеткен  соң өзен  орнын мың із көміп,

Сөз теріп, ел аузынан  сыр іздедік.

Қайғыда көптен бері жөнелтеді

Адамды су  сұраған қымыз  беріп.

 

Сәл тоқта! Қайда тартып барады өлең?

Мен оның түйініне жаңа келем,

Ұл да көп содан  бері  Асан  деген,

Қыз да көп кең даламда Тана деген.

 

Бұлдырап көз алдымнан бала кезім,

Елжіреп ет-жүрегім барам өзім.

Шұрқырап құлын-тайдай  бірге  ойнаған,

Білмеймін,  қайда   жүрсің, Тана-көзім?!

 

Бағатын қонағының қас-қабағын,

Қалмайтын   құрақ   ұшқан  досқа  жаны,

Арудың сыңғыр  қаққан сырғасындай,

Ел  қалай ұмытады  қос Тананы?!

 

 

Құшағы  содан  бері  досқа  дайын,

Жемейтін  ел аманда  босқа уайым,

Тіп-тік боп қарағайдай тұр асқақтап,

Тобылдың  жағасында  Қостанайым.

 

                                                                                                                                                                                                                                   (Жалғасы бар)

Ақылбек Шаяхмет

 

Aqsaqaldar/.kz

 

 

 

0 ПІКІРЛЕР
AQSAQALDAR.KZ сайтындағы жаңалықтарға өз ой пікіріңізді жазғаныңызға рахмет.
Cіздің жарнамаңыз орналасады.
  • Соңғы жаңалық
  • Ең көп оқылғаны